Қ. Сартқожаұлы, Л. Н. Гумилев атындағы



Дата15.06.2016
өлшемі1.47 Mb.
#137228


Қ. Сартқожаұлы,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті
Ежелгі сақтар (скиф) мен байырғы түрік этномәдениетінің сабақтастығы (мәселенің қойылуы)
Сақтар (скиф) туралы соңғы екі жүз жыл бойы әлем ғалымдары қалам тербеп келеді. Зерттеушілер осы аралықта екі түрлі пікір қалыптастырды. Онда:

  • еуроцентрист зерттеушілер сақтарды (скиф) иран-парсылардың арғы бабалары деген ұстаным;

  • түркі текті халықтардың түп төркіні деген ұстаным.

Соңғы жылдары еуроцентрист зерттеушілердің ұстанымына сыни көзқараспен қарап, сараптама жасаған ғалымдар ғылыми негізі пәс, теориялық ұстанымнан ауытқыған тым қате тұжырым екенін дәлелдеп береді.

Демек, бұл жаңа тұжырымдардың бастау бұлағы ғана. Сақтардың этникалық тегін анықтау үшін олардың кейінгі ұрпақтары түркілердің тілі, рухани және этномәдениетінің сабақтастығын ғылыми тұрғыда, нақты деректермен дәлелдеген салмақты да салиқалы еңбектер әлі де жазылмай жатыр.

ХХІ ғасырдың биіктігінен қарағанда бүгінгі жағдайда ежелгі сақтардың тарихын, этномәдениетін, тілін, олардың этникалық тегін анықтауға қол жетім мағлұматтар аса мол жинақталған.


Әуелі аңыздан басталық. Бұл аңыздар б.з.б. 484-425 жылдар арасында өмір сүрген. Грек тарихшысы Геродоттың «Тарихында» сақталған. Бұл аңыздардың алғашқысын Геродот сақтардың (скиф) өздерінің ауызынан, екіншісін Понт (Қаратеңіз) теңізінің бойындағы эллиндердің айтуынан жазып алған.

Бірінші аңыз: Тарғытайдың1 Липоксай2, Арпоксай3, Колаксай4 атты үш ұлы болған. Колаксай осылардың кенжесі. Олар сақ (скиф) даласына билік жүргізіп тұрған кезде көктен алтыннан жасалған соқа, қамыт, айбалта және алтын тостаған түседі.

Екінші аңыз: Геракл5 жоғалтқан өгіздерін іздеп бара жатып үңгір ішінде жарты денесі қыз, жарты денесі жылан әйелге кездеседі. Бұған таң қалған Геракл одан өзінің жоғалтқан аттарын сұрайды. Жылан әйел: «Аттарың менде. Бірақ, сен еркектік парызыңды өтеп қатынасқа түспейінше, мен аттарыңды саған қайтармаймын»,- дейді. Геракл аттарына бола әйелмен бірге болады. Әйел Гераклдың аттарын бермей уақытты соза береді. Олар Агафирс (Агадирос)6, Гелон7, скиф (скид ~ скит)8 деген үш ұлды болады. Күндердің бір күні Жылан әйел: «Мен аттарды сен үшін жібермей ұстадым. Оның төлеуі қайтты. Сенен үш ұл таптым. Ертең бұлар өскен соң не істеуім керек соны айтып кет»,- дейді. Геракл оған: «Ұлдар жігіт болып өскен соң былай жаса. Балалардың қайсысы менің садағымды міне, қарап ал, мынандай қылып тарта алады, белбеуімді мынандай қылып буына алады, соны осы жерге ие етіп қалдыр. Ал менің көрсеткенімдей етіп істей алмағандарын басқа өлкеге қуып жібер»,- дейді. Сөйтіп, Геракл садағын тартып, белбеуін буынып, кісеге алтын тостағанын іліп береді де жолға шығады.

Б.з. ІХ-Х ғғ. жазылған Оғуз қаған дастанында: «Меn senlerge boldym qaɣan! Аlalyŋ jа tаqy qalqan tamɣa bizge bolsun bujan, kök böri bolsun uran» - Мен сендерге болдым қаған! Алалық садақ, тағы қалқан! Таңба бізге болсын буян (құт) көк бөрі болсын ұран (ЛОК. 116-9).

Герадоттың жазбасында сақталған садақ, қалқан, жады (найза) бұнда да ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұра ретінде сөз болады.

Ал Герадоттың жазбасында Тарғытайдан үш бала туса (Липоксой, Арпоксой, Колаксой), Оғуз қағанның алғашқы бәйбішесінен үш бала (Күн, Ай, Жұлдыз), Герадоттың жазбасында Гераклдың жылан денелі әйелінен үш бала туса (Агафирс, Гелон, Скиф), Оғуздың екінші әйелінен тағы үш бала (Көк, Тау, Теңіз) туады. Бұл кездейсоқтық емес. Бабадан ұрпаққа жалғасқан ұлттық дүниетаным, түсінік. Ұлт жадына сіңген ұғым.

Жоғарыдағы аңыздағы соқа, қамыт, айбалта, садақ, белбеу, тостаған және жарты денесі қыз, жарты денесі жылан әйел (кентавр) ұғымдарды ежелгі сақтардың (скиф), түркілердің мәдени құндылықтарынан қарастыралық.

1. Соқа. А.П. Окладников (1980), табл. 76; Г. Санжмятав (1993) табл. 38; Э.Г. Дэвлет, М.А. Дэвлэт (2005) табл. 176 т.т. с.с. ондаған деректерде толық сақталған (сурет №1).

2. Қамыт. А.П. Окладников (1980), табл. 47, 115, 152; Г. Санжмятав (1993) табл. 39, 44; Д. Дорж, Э.А. Новоградова (1975) табл. 6, 7, 8, 13, 21; В. Волков (1981, с. 226) петроглифтерде сақталған (сурет №2, 3, 4).

3. Айбалта. Монғолия, ҚХР, Ресей Федерациясы, Қазақстан жерінен табылған барлық бұғытастарда сақталған. Бір ғана В. Волковта (1981, с. 231) 120 дана бар екенін айтсақта жеткілікті (сурет №5).

4. Садақ. Монғолия, ҚХР, РФ, Қазақстан жерлерінен табылған барлық бұғы тастарда қашалған. В. Волков (1981, с. 132), А.П. Окладниковта (1980) табл. 148, 149, 150, 74 дана тас бетіне қашалған. Г. Санжмятавта табл. 46; Д. Дорж, Э.А. Новоградовада табл. VІ, 17 т.т. с.с. мол сақталған (сурет №6).

5. Белбеу. Монғолия, ҚХР, РФ, Қазақстан жерлерінен табылған барлық бұғытастарда сақталған. Бір ғана В. Волков (1981) еңбегінде 800-ге жуық белбеу нұсқасы сақталған (сурет №8).

6. Тостаған. Байырғы түрік мүсінтастарында оң қолымен кесе (көзе) ұстатып мүсінделген. Кесе ұстаған мүсіндер мыңдап саналады. Олармен қатар Есік қорғаны, Лоян, Крола молаларынан табылған тостағандарды атасақта жеткілікті (сурет №9).

7. Қанжар. Монғолия, ҚХР, РФ, Қазақстан жерлерінен табылған барлық бұғытастарда сақталған. Онымен қатар жоғарыдағы еуразия далалық аймағындағы петроглифтерде сызылған. Д. Цэвэндорж (1998. АС. Т. ХVІІІ) табл. 4, 12; В. Волков (1981, с. 230) (сурет №7).

8. Кентавр, сфинкстер (аң стилі). Монголия жеріндегі бұғытастарда (В. Волков (1981, с. 202, 213, 229), Оңтүстік Сібір (сурет №10), Пазырын қорғандарынан С.И. Руденко. 1952. Рис. 101), Берел қазбаларынан (З. Самашев) табылды (сурет №11).

Жоғарыдағы екінші аңызда жылан әйел (бас жағы әйел, төменгі жағы жылан) ретінде көрсетсе, пазырық қорғанында белуардан жоғарғы жағы еркектің төменгі жағы жылқының бейнесі мүсіндеген. Көріп отырсыздар бұл сақ дәуірінде әйел әулетінің нышаны – жылан, еркек нышаны – жылқы болғанын көрсетеді. Монғол жеріндегі бұғы тастарда басы еркек аяғы жағы бұғы мүсіндерімен әшекейленген.

Оның сыртында Пазырық қорғанында барыс, самұрық (грифон), таутеке, бұғы, бұлан сияқты аңдарға басқадай қаһарлы, айбынды жыртқыштардың детальдарын қосып сызып, онан әрмен қорқынышты қаһарлы етіп көрсеткен. Бұл сақтардың аң стилінің бір ерекшелігі болумен қатар олардың киетегін (тотем) бейнелеген (С.И. Руденко, 1952. Рис. 107, 108, 111, 112 (а, б), 113, 114, 115).

Ортағасырда түркілердің өздері өз қолымен жазып қалдырған жазба деректерге жүгінелік. Оғуз-наме жырында Оғуз қағанды былайша суреттейді. «Aɣyzy аtaš qyzyl erdi. Кözleri аl, sačlary, qašlary qara еrdilererdi = Аузы – оттай қызыл, көзі – ал қызыл, шаштары, қастары қара еді» (ЛОК. І. 6-7),- деп бет әлпетін қорқынышты суреттеген. Одан соң сыртқы тұрпатын былайша береді: «Аяғы сиырдың аяғы іспетті, белі – бөрінің беліндей, иығы – қырғидың иығындай, кеудесі – аюдың кеудесіндей барлық денесін түк басқан еді» (ЛОК.ІІ. 3-6) (Щербак А.М. 1959. –С.22-23).

Көріп отырсыздар мұнда Оғуз қағанның бейнесін сомдағанда біздің жыл санауымыздан бұрынғы (б.з.б.) ҮІІІ-Ү ғасырлардағы сақ (скиф) мүсіндерін, б.з. ҮІ-ҮІІІ ғғ. байырғы түріктердің ұстындарының (Күлтегін, Білге қаған, Бұғыты) басындағы ойма суреттердің (релеф) бір аналогы екені көрініп тұр. Олай болса, бұлайша суреттеу үрдісі Түркі этносының арасында ежелгі дәуірлерден (б.з.б. ХІҮ-ХІІ ғғ.) бастап б.з. ХҮІІ ғасырға дейін жалғасқан. Өйткені Оғуз-наме б.з. ІХ-Х ғғ. жазылып, ХІІІ-ХІ ғасырларда ұйғур алфавитімен, ХҮІІ ғасырда араб алфавитімен жазылған нұсқасы (Абулғазы бин Араб Мухаммедхан 1603-1664 жж.) көшіріліп қолданыста болған.

Осылайша, жоғарыда Геродоттың жазып алған аңызы, сақтардың мәдени-рухани құндылықтары болушы археологиялық заттық мұраларынан айна қатесіз қайталанып отыр. Олай болса, аңыз деп белгіленген бұл құндылық ежелгі скифтердің дүниетанымын анықтайтын этномәдениетінің таптырмас мұралары екеніне көзіміз жетеді. Аспаннан түскен не қылған соқа, қамыт, айбалта, садақ, белбеу, тостаған деп лақтырып тастауға, сызып тастауға болмайтын құндылықтар екеніне көз жеткіземіз.

Ежелгі сақтардың (скиф) осы құндылықтары байырғы түріктердің жазба мұралары болушы бітігінде (руна жазуында), мүсінтастарында көшіріп қойғандай қайталанады.

Бүгінгі күні археологтар соқа, қамыт (ат арба, сиыр арба, үй арба, пәуеске қамыттары), белбеу, қанжар, садақтарды тауып ғылыми айналымға енгізді. Қанжар, садақ, ақинақ, дәндәкү (қаптырғақ), торсық, тостаған, ілмектер – байырғы түрік заманының барлық мүсінтастарында кездеседі (сурет №9).

Сақтардың аң стиліндегі кентаврдың екінші түрі байырғы түріктердің мәтін қашап қалдырған ұстындардың басқы жағына ойып ойма жасап қалдырған. Оған Күлтегін, Білге қаған, Ордабалық ұстындарының бас жағындағы релефтер куә. Ұлы денесі ұлу, басы бөрі, аяғы барыстың деген сияқты жасаған. Бұл сонау ежелгі сақтардан жалғасқан бейнелеу өнерінің ерекшелігін көрсетумен қатар ежелгі сақтардың тұтқан киетектерін байырғы түріктер жалғастырып тұтынғанын көрсетеді. Бұл дегеніміз рухани құндылықтың негізгі өзегі болушы дүниетанымы бір болғанын көрсетеді. Дүниетанымы бірдей болса этнопсихологиясы, дәстүр-салты да бірдей болады. Олай болса, ежелгі сақтар мен байырғы түріктердің этномәдениетінің сабақтастығын көре аламыз.

Ежелгі сақтар бөрі барыс, қаблан, бұлан, ат, самұрық, әлем ағаш (жекен ағаш), тау ешкі (серке), бұғы, т.т.с.с. аңдарды киетек етсе, байырғы түріктер дәл сол қалпымен дәстүр жалғастығын сақтап тұтынғаны археологиялық мұралар арқылы дәлелденіп отыр. Бұл аң-құстарды тек қана киетек (тотем) ретінде ғана қолданып қана қоймаған. Оларды ұлыстың, тайпаның, қағанаттың нышан-рәмізі (символ) орнына қолданғаны бүгінгі күні анықталып отыр. Бұған жоғарыдағы аң-құстардың біразын қолданған. Бұл ретте барлығын қамтуға уақыт шектеулі болғандықтан бір екеуін ғана жолай айта кетуді жөн көрдік. Олар:



Тауешкі (серке). Бұл рәмізді сақтардың (скиф) бұғытастарында қашап қалдырған. Мысалы, Монғолияның Завхан аймағының Сонгин сұмынының шығыс жағындағы Шар-нуру тауының солтүстік батыс етегінде бұғытас орнатылған. Сақ дәуірі. Бұғы тастың бас жағына күн мен ай қашалған. Күн оңтүстік бетінде, ай солтүстік бетінде. Ай шеңберінің ішінде серке (тауешкі) рәмізін қашап қалдырған. Ұлыстың символы (рәміз) ретінде бізге бірінші рет кездесті (сурет №12). Тауешкі (серке) рәмізі алтыннан құйылған бейнесі ҚХР-дың Налиньгаотудан (сурет №13) табылған. Бұғытастарда қанжардың ұстайтын сабына (сурет №7), бұғытастардың бетіне (В. Волков, 1981, сурет №7) қашалған.

Демек, осы тауешкі (серке) рәмізі байырғы түрік қағанатының қаған нышаны (символы). Қараңыз Күлтегін, Ышбара-тархан ескерткіштерінің басына қашалған. Тек қана осы рәміздің өзі байырғы түріктер сақтардың (скиф) тікелей ұрпағы екенін әлемге айқайлап айтып тұрғандай. Байырғы түріктер мен сақтардың арасында туыстық, сабақтастық жоқ болса бұл нышанды алмайтын еді.



Барыс. Б.з.б. VІІІ-V ғасырлар аралығында тұрғызған бұғытастарда (В. Волков, 1981, с. 240) Пазырық қорғанында (С.И. Руденко, 1952, рис. 73, 84, 85, 94, 106, 111) нышан есебінде сақталған.

Осы барыс мүсіні Тұй-ұқұқ, Білге қаған ескерткіш кешендеріне қойылған.

Таңбалар, рәміздер ежелгі сақтар (скиф) мен байырғы түрік таңбаларын салыстыра қарастырған едік (Қ. Сартқожаұлы, 2007, 107-110 б.). Бұл салыстырмада ежелгі сақтардың 52 таңбасының 51-і байырғы түріктерге жалғасқан (Қараңыз, кесте 1).

Ежелгі сақ (қола, темір) дәуірінде тас бетіне сақталған 79 рәміздің 70 данасы байырғы түрік дәуіріне жеткені анықталды (Қараңыз, кесте 1).



Сақ (скиф) жазуы. Бүгінгі күнге дейін сақ (скиф) дәуірінің бірнеше жазу үлгісі табылды (кесте №2). Олар:

  • 1951 жылы Хорезм экспедициясының жетекшісі, атақты археолог С.П. Толстов Қойқырылған қала қирандысынан қыш құмыраның бүйрегіне сызып жазған 5 әріптен құралған жазу тапты. Жазу б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар мұрасы екенін С.П. Толстов анықтады.

  • Есік қорғанынан табылған тостағандағы жазу (К. Ақышев).

  • Монғолия Тэвш тауының петроглифтер арасынан табылған сақ (скиф) жазуы (А.П. Окладников, 1980, с. 256).

Шірік-рабат жазуы. 2005 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының археологы Ж. Құрманқұлов тапты. Қазір Қызыл-орда университетінің мұражайында сақтаулы тұр. Жазу барлығы 5 кескіннен тұрады. Алғашқы кескіннен кейін аралық бір нүкте қойылып отырған. Бұл жеке кескін, жеке дара сөз немесе буын дегенді білдіреді.

Бізге жеткен сақ жазуының 24 әріп кескінінің 16-ы байырғы түрік әліпби таңбаларымен бірдей. Қалған 8 кескін түрік дәуіріне жетпей жоғалған (қараңыз, кесте 2).



Түйін. Ежелгі сақтар (скиф) мен ертеорта ғасырлық байырғы түріктердің этномәдениетінің жалғастығын нақты тарихи-рухани деректермен салыстыра қарастырғанда үзілмеген сабақтастық бар екені осылайша белгілі болып отыр. Олай болса, ежелгі сақтар (скиф) кейінгі дәуірдегі байырғы түріктердің түптегі екенін, сақтардың мәдени-рухани мұралары көк түріктерге жалғасқанын, сол көк түріктер арқылы бүгінгі түркі тектес халықтардың болмыс бітімінде, дүниетанымында, этномәдениетінде ежелгі дәуірде пайда болған рухани құндылықтар үзілмей сабақтасып келе жатқанын тереңдете зерттеу мәселесі ғалымдар алдына қойылып отыр.
Әдебиеттер


  1. Закиев М.З. Татары: Проблемы истории и языка. -Казань, 1995.

  2. Закиев М.З. Проблемы языка и происхождения татар. -Казань, 1995.

  3. Абаев В.И. Осетинский язык и фольклор. -М-Л., 1949.

  4. Ельницкий Л.А. Скифия Евразийских степей. Историко-археологические очерки. -Новосибирск, 1977.

  5. Кононов А.Н. Родословная туркмен. -М-Л., 1958.

  6. Миллер Вс. Осетинские этюды. Исследования. -М., 1887.

  7. Дорж Д., Новоградова Э.А. Петроглифы Монголии. -УБ., 1975.

  8. Волков В.В. Оленные камни Монголии. -УБ., 1981.

  9. Руденко С.И. Горноалтайские находки и скифы. -М-Л., 1952.

  10. Дэвлет Е.Г., Дэвлет М.А. Мифы в камне: мир наскальных искусств России. -М., 2005.

  11. Окладников А.П. Петроглифы Центральной Азии. -Л., 1980.

  12. Санжмятов Т. Архангай аймагийн нутагдахь эртний туух соёлын дурсгал. -УБ., 1993.

  13. Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. -Астана, 2007.

  14. Цэвээндорж Д. Жаргалантханы хадны зураг.

  15. Щербак А.М. Огуз-наме, Мухаббат-наме. -М., 1959.


Кесте 1. Орта Азияда сақталған ежелгі және байырғы таңбалар мен рәміз нышандар салыстырмасы.



























Кесте 2. Сақтар (скиф) мен байырғы түрік әріп таңбаларының салыстырмасы







Сурет №1. Соқамен жер жырту. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғасырлар

(Т. Санжмятов, 1993, 38 кесте).



Сурет №2. Соқа қамыты. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ.

(Т. Санжмятов, 1975, 36 кесте).




Сурет №3. Қос доңғалақты атарба. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ.

(Т. Санжмятов, 1993, 44 кесте).




Сурет №4. Төрт доңғалақты ат арба. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ.

(Д. Дорж, Э.А. Новоградова, 1975, 184 бет, 13 кесте).



Сурет №5. Сақтардың (скиф=іч-оғуз) соғыс айбалталары. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ.

(В. Волков, 1981, с. 231).


Сурет №6. Сақтардың (скиф=іч-оғуз) садағы және қорамсағы. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ.

(В. Волков, 1981, с. 232).


Сурет №7. Сақтардың қанжары. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ.

(В. Волков, 1981, с. 230).










Сурет №8. Сақ (скиф) бұғытастарында сақталған белбеулер. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ.

(В. Волков, 1981, 237 бет).

Сурет №8. Түркі қағанат заманының тасмүсіндерінде сақталған белбеулер.

Б.з. ҮІ-ІХ ғғ. (Д. Баяр, 1997, с.56).




Сурет №9. ҚХР. Крола көнежұртынан табылған тостаған


(Аnсіеnt Lоulаn Сіtу).

Сурет №10. Сақ (скиф) дәуірінің бұғытасындағы басы адам, денесі бұғы оралған мүсіндер. Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ. (В. Волков, 1981, 202, 213, 229 бб.).



Сурет №10. Горноалтай сфиниксі. Пазырык қорғаны. Б.з.б. ҮІІІ-ҮІІ ғғ.

(С.И. Руденко, 1952, 191 бет).





Сурет №11. Берел қорғанынан табылған тауешкі мүйізімен сәндеген ат

(З. Самашев. Берел. Алматы, 2000).

а).

б).


Сурет №12. а). Күлтегін ұстынындағы қаған нышаны.

б). Ежелгі сақ (скиф) дәуірінің бұғытасында сақталған серке нышаны.



Б.з.б. ҮІІІ-Ү ғғ. (В. Волков, 1981, 234 бет).

Сурет №13. Ежелгі сақ (скиф) нышаны. ҚХР, Налиньгаоту. Б.з.б. ҮІІІ-ҮІІ ғғ.

1 taryɣ – б. түрік «егін», taryɣčy – «егінші». soj~toj – б. түрік «ру», «тайпа». Олай болса «егінші ру басы» деп оқуға болады (қараңыз Закиев М.З. 1995, с. 18. Салыстырыңыз Абаев В.И. 1949, с. 149; Миллер Вс. 1887, с. 127).

2 lip~lipo~lep (ilep – Қ.С.) – б. түрік «шекара», aqsoj – б. түрік «ақсүйек (благородный)», «алтын ұрпақ (святой род)». Олай болса, «шекара (отан) қорғаушы ақсүйектер (святой род, имеющий [защищающий] границы, т.е. свою страну)» (Закиев М.З. 1945, с. 19). Салыстырыңыз Абаев В.И. 1949, с. 189).

3 Аrpa – б. түрік «арпа (ячмень)», aqsoj – ақсүйек (святой род, благородный род). Arpaqsаj – арпа өсіруші қауымның басшысы (глава рада, владеющего пашней или род земледельцев) (Закиев М.З. 1995, с. 19). Салыстырыңыз Абаев В.И. 1949, с. 189.

4 kola~qala – б. түрік «қала (город, столица)». Aqsaj – ақсүйек (благородный, святой род). Qalaqsaj «благородный, святой род, имеющий (защищающий) столицу, страну» деп аударған М.З. Закиев (Закиев М.З. 1995, с. 19). Бұл атауды «Qolaqsaj» деп оқып qol – «қол бастаған ақсүйектер» деп аударуға болатын сияқты.

5 Геракл – б. түрікше žiraqyl~jeraqyl «жер құты (земной ум)». Грекше «атақты батыр, батыр» деп аударған (Закиев М.З. 19954, с. 22).

6 Агафирс ~ agadiros. Оs – грек тілінде атау қосымшасы. Байырғы түріктің «іr, еr» сөзіне дөп келеді. Agad ~ agač «ғаш (дерево, лес)». Олай болса, Агафирс ~ Агаgup «ағаш ері (лесные люди)» (Закиев М.З. 1995, с. 22).

7 Гелон ~ б. түрікше žylan~jylan «жылан (змея)» (Закиев М.З. 1995, с. 22).

8 Скиф ~ скид = скит. Скиф атауы б.з.б. VІІ ғ. ассириялық жазбаларда кездеседі. Онда скифтер елін Ишкуз (іčɣuz) деп атаған. Uш (іč) – ішкі (внутренний). Uz – оғуздардың түркі атауы. Олай болса, скиф емес «ič-ɣuz» деп оқуға болады (Закиев М.З. 1995, с. 40,41) салыстырыңыз Закиев М.З. 1986, с. 35-38; Смирнов О.И. 1981, с. 249-255; Кононов А.Н. 1958, с. 74; Ельницкий Л.А. 1977, с. 25; Абаев В.И. 1949, с. 184).



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет