— Сіз елім, жерім деп жүрген алаштың бір азаматысыз. Осы тұрғыдан келсек, еліңізге қандай да бір қолқабыс, жақсылық жасай алдым деп айта аласыз ба?



жүктеу 65.27 Kb.
Дата17.07.2016
өлшемі65.27 Kb.
БІЗДЕ РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОҚ
— Сіз елім, жерім деп жүрген алаштың бір азаматысыз. Осы тұрғыдан келсек, еліңізге қандай да бір қолқабыс, жақсылық жасай алдым деп айта аласыз ба?

— Әрине, жауға қарсы шаптым, жеңдім деп айта алмаспын. Бірақ жас мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайту үшін өзіндік бір кірпіш қаладым, бір уық қададым деп айта аламын.

Бірінші, Желтоқсан оқиғасына байланысты Жазушылар одағы жанындағы құқықтық комиссияның төрағасы ретінде. Ол бір сұрғылт, үрейлі күндер еді. Дегенмен, алға қойғанымызды толық ақтап шықтық. Сол Желтоқсан оқиғасы кезінде Қайрат, Ләззаттардан да басқа қайтыс болған жастар болды. Соларды тексердік, анықтадық, жарыққа шығардық. Бұл оңайға соққан жоқ. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жеті бірдей жауапты қызметкерімен одақта кездесу ұйымдастырылды. Желтоқсанға байланысты архивтерді тексеруге араластым. Әрине, жалғыз мен деуге болмас. Сафуан Шаймерденов, Смағұл Елубаев сияқты жазушыларымыз да жеке-жеке топ болып, осы іспен шұғылданып жатты. Жасырын құжаттар даярланды. Бұл кейіннен Олжас Сүлейменовтың қолдауымен КСРО Жоғарғы сессиясында Мұхтар Шахановтың аузымен айтылды.

Екінші, 1987 жылы Олжас Сүлейменов мені Т.Айтмұхаметовке (сол кездегі Жоғарғы Соттың төрағасы) жіберді. Репрессия жөнінде. Алаштың отызыншы-қырқыншы жылдар аралығында жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен бір топ зиялы көсемдерін ақтауға үлесімді қостым деп айта аламын. Мұнда да көп жұмыс жасалды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивтерін ақтаруға тура келді. Комиссия құрылды. Ақыры төккен тер ақталды ғой.

Үшінші, бұл полигон мәселесі. Сол Семей топырағының азаматы болғандықтан, елге барған сайын мезгілсіз бірінен кейін бірі өмірден өтіп жатқан жерлестерімді көремін. Көңілім қан жылайды. Осындай бір елден оралған бойда Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовке кіріп, жағдайды жылап отырып баяндап бердім. Содан "Семей — Невада" қозғалысы дүниеге келді. Ақыры полигон жабылды ғой. Осы бір өзім тікелей араласқан үш оқиға да қазақ халқының тарихында кеңінен орын алатын жағдайлар. Демек, еліме аз да болса жақсылығым тиді ғой деп ойлаймын.

Жақсы. "Мың өліп, мың тірілген" қазақпыз ғой. Талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткере жүріп, егемен атандық, көк байрағымызды



көтердік. Алайда даңғыл жолға түстік қой деп әлі де айта алмаймыз...

— Тәуелсіздік алдық. Енді ол қай жолмен дамиды? Қандай мүмкіншіліктер бар? Қандай идеология мен экономикалық негізді ұстауымыз қажет? Халыққа қандай психология керек? Біз осыны зерттеуге алғашқы сәтте мойынсұнбадық. Сондықтан болар, үлкен-үлкен қателіктерге ұрындық. Баяғы «Алашорда» үкіметінің бағдарламасын еске алмадық. Біз ұлттық мемлекет болғаннан кейін, ол Қазақстан коммунистік ұлттық мемлекеті бола ма, ол Қазақстан буржуазиялық ұлттық мемлекеті бола ма, ол Қазақстан "Отан" партиясының негізіндегі ұлттық мемлекеті бола ма, бәрібір. Сол «Алашорданың» бағдарламасын негізге алу қажет еді. Әрине, кешегі міндет пен бүгінгі міндет бірдей емес. Бірақ ниет ұлттық саясатта еді. Өкініштісі, мұны саясаткерлер де, жеке адамдар да, мемлекет қайраткерлері де қажетсінбеді. Сол мәселе бүгін алдымыздан шығып отыр.

Бірінші, Әлихан Бөкейхановтың өмір бойы күрескен шаруасы жер мәселесі еді. Жерсіз ол мемлекет өзінің идеологиялық, рухани, экономикалық негізін қалай алмайды. Жер сатылмауы керек. Мұны кезінде сол Әлихан Бөкейханов жеріне жеткізе айтқан еді. Қазір осы мәселе алдымыздан қайта шықты.

Екінші, экономикалық мәселе. Осы қазақ топырағындағы, қазақ мемлекетіндегі әрбір тиын сол ұлттың мүддесіне жұмсалуы керек, ұлттың мүддесіне қызмет етуі қажет.

Қазір біз Оңтүстік Африканың дәрежесіндеміз. Сол жерді мекендейтін зәңгілер саяси бостандығын алды. Сол сияқты біз де саяси бостандығымызды, тәуелсіздігімізді алдық. Оңтүстік Африкада тұратын халықтың 85 пайызы зәңгілер. Олардың қолында ұлттық байлықтың 9 пайызы ғана бар. Ал, қалған 85 пайызы сондағы 15 пайыз ақ адамдардың қолында. Бізде ше? Мен сонау 1991 жылдары айтып едім, "ұлттық мүддені, ұлттық экономиканы сақтайық, жаппай шетелге сатуды доғарайық" деп. Өкінішке орай, бәрі керісінше болды. Енді келіп билік басындағылар сол шетелдіктерге жәутең-жәутең етеді.

Үшінші мәселе. Рухани тәуелсіздік. Біздің ақыл-ой жүйеміз, бүкіл оқулықтарымыздың барлығы өзіміздің ұлтгық рухтан шығып тұрған жоқ. Уақытында Джавахарлал Неру айтыпты: "Менің қаным да, жаным да үнділік. 12 жасымнан бастап Үндістанның бостандығы үшін күрестім. Ақыры Үндістанға тәуелсіздік алып бердім. Сол үнді халқына және оның тарихына менің көзқарасым оған жақсы көзқараспен қарайтын бір шетелдікпен бірдей. Себебі, халқымның тарихы, менің бүкіл оқыған оқулықтарым ағылшындар көзімен жазылған". Сол тұсқа Мұхтар Әуезов "менің халқымның да" деп жазып қойыпты. Неге? Біздің бүгінгі ақыл-ойымыздың тоқырап жатқаны осы. Мысалы, оныншы сыныптың оқулықтарын алып қарашы. Онда біз ұлттық идеяны жаңаша қалыптастыра алмадық. Бәрі баяғы тұрғыда жазылған. Баяғы баяғы ма, ең қиын кезең енді келді. Бұрын коммунистік партияны айтсын, өзгені айтсын, әйтеуір радио кем дегенде 12 сағат қазақ тілінде сөйлейтін. Ал "Шалқар" дегеніміз 24 сағат қазақша беретін. Қазір соның бәрінен айырылып қалдық қой.

Қазақ жерінде, қазақ мемлекетінде отырып өз тіліңде тұшымды бір бағдарлама көріп, тыңдай алмайсың. Осыдан кейін қалай ғана біз рухани тәуелсізбіз деп айта аламыз! Мұның бәрі сонау 90 жылдың басында, жол айырығында тұрғанда, еске алып, жүзеге асырылатын мәселелер еді. Сол кездегі көрсоқырлығымыздың кесірін енді тартып отырмыз...

Айтып отырған пікіріңіз өте орынды. Амал қанша, сол көрсоқырлық әлі жалғасуда. Кім, қашан оны орнына қояры белгісіз... Ал, енді, Тұрсын аға, әлгінде бір сөзіңізде қазіргі көп партиялылықты, белді-белді тұлғалар жөніндегі көзқарасыңызды да айта кетіп едіңіз, соны нақтылай түссек...

— Республикалық Халық партиясының төбесінде Әкежан Қажыгелдин тұрса, онда ол ел экономикасына өзгеріс әкелетініне сенемін. Ол Әкежанның қолынан келеді. Бірақ жеке бір сөздерінде, әлде ол саясат үшін айтылды ма, білмеймін, "орыс тілін қорғайық" дегенді айтады. Мен бұған келісе алмай-мын.

Қазір бізде іс қағаздарының 95%-і орыс тілінде даярланады. Мұны Әкежан білуге тиіс. Орыс тілі мемлекеттік тілдің рөлін атқаруда. Бұл - ақиқат. Орыс тілі ешқандай қысым көріп тұрған жоқ. Бұл да ақиқат.

Осы тұрғыдан келгенде Әкежанның жекелеген пікірлеріне қарсымын. Егер Әкежан қозғап жүрген, айтып жүрген демократия, қазақтың ұлттық мүддесіне сай келсе, оған қызмет етсе, онда қосылуға болады.

Қазір бізде тұлғалар азайып кетті. Ешқандай мемлекет тұлғасыз болмайды. Біздегі бар тұлғалардың көпшілігі шетқақпай көреді, кері ысырылып тасталады. Бұл өкінішті... .

Мысалға, бір ғана Балташ Тұрсынбаевты алайық. Адал, ардың адамы. Нағыз халыққа қажетті жан. Сол Балташтың халыққа қызметі қандай қажет боп тұрғанымен, билік орындарына керек емес. Міне, Балташтай, бұдан да өзге тұлғаларды өсірудің орнына өшіріп жатырмыз.

Әкежан да, Балташ та істе сыналған, халыққа кеңінен танымал азаматтар ғой. Бәлкім, қазір билік басына олардан гөрі жастарды, жас тұлғаларды тарту керек шығар...

— Әй, қайдам. Мәселен, өткен ғасырдың басында Ресейдің бүкіл ішкі-сыртқы саясатын жүргізетін іс қағаздары былығып жатқан. Сонда тақ иесі императорлық мектепте оқыған он бір адамды сол Ресейдің ішкі істері министрлігіне жіберген. Әлгілер бір жылдың ішінде бүкіл қағазды ретке келтіріп, бес жыл ішінде ішкі-сыртқы саясатты тастай қып, экономикалық шұғыл өзгеріс жасап, қоғамдық ойды оятқан. Бұларды Ресейде "архив балалары" дейді. Ал, халықаралық деңгейден мысал келтірсек, 80-ші жылдары Чилиде де осындай жағдай болды. Пиночет билік басына келген уақытта Чили Латын Америкасындағы экономикасы жағынан ең артта қалған мешеу ел болатын. Арадағы 4-5 жыл ішінде Чили бәрін артына қалдырып, дамыған өркениетті елдердің қатарына қосылды... Осының бәрін жасаған небәрі бес-ақ адам. АҚШ-та оқып келген бес студент. Қысқа уақыт ішінде Чили экономикасын гүлдендіріп берді. Оларды "Чили жүгермектері" дейді.

Кезінде Назарбаев "Біз Чилидің жолымен жүреміз" дегенді айтты. Жастарды билікке тартты. Өкінішке орай, біздің жастардан ресейлік "архив балалары" да, "Чилидің жүгермектері" де шықпады. Экономика кері кеткеннің үстіне кері кетуде.

Ал, экономиканы батпақтан алып шығады деген жоғарыда аталған тұлғалар шетқақпай көруде. Өте түсініксіз...

Әңгіме арнасын әдебиетке қарай бұрсақ. Ұмытпасам «Дулыға», «Талқы», «Бесігіңді түзе» атты туындыларыңыз бір емес, екі рет мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Өкінішке орай, жолы болмады, кінә кімнен? Шығарма биік дәрежеден көрінбеді ме, әлде біреулер бөгет бол-ды ма?

— Біле бермейтін боларсың, жазушылар арасында жазылмаған мынадай бір қызық заң бар. "Алдыңғы толқын ағалар" деп жатамыз. Сол ағаларымыз алар сыйлығын, атақ-даңқтарын әлі алып болған жоқ. Олар болдым, толдым деу үшін, кем дегенде 10 жыл керек. Оған дейін иегіміздің қышымағаны жөн. Бұл - қазақ жазушылары арасында қапыптасқан жазылмаған заң. Екінші мәселе "топтар" мүддесі. Мұндай да "пәле" бар. Үшіншісі, мемлекеттік сыйлықты кімге беру женіндегі үлкен комиссия бар. Бәрін солар шешеді. Оның құрамында екі-үш қаламгер, қалғаны үкімет мүшелері. Ал, үкімет адамдарының қазақшасы кем, кітап оқымайтын жандар. Олардан не қайыр? Енді өзің түсініп отырсың ғой. Мынау жолыма көлденең тұрды деп айқайлап айта алмаймын. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатырмын, рахмет. Бірақ алмасам да, ешкімге өкпем жоқ.

Бір уақыт артыңызға көз салыңыз. Қолына қалам ұстап түрлі қолтаңбасымен таныла бастаған жастарды көрер едіңіз. Солардың ара-сында қалам алысы көңіл қуантатын жандар бар ма?

— Бір қызығы, қазір айқайшыл жастар пайда болды. Оларға салсаң, алдыңғылардың бәрін сызып тастау керек. Тек солардікі дұрыс, солардың жазғандары керемет. Бұған қосылуға болмайды. Сол айғайшылар не бітіріп, не қиратып жатыр? Іспен дәлелдеу керек емес пе? Тағы бір топ бар. Олар болашақта қазақ әдебиетін биік белеске алып шығатын тарландар болмақшы. Солардың бәрі болмаса да, бір-екеуінің аттарын атайын. Олар Тұрсынжан Шапай, Роза Мұқанова, Гүлнәр Салықбаева, Тыныштықбек Әбдікәрімов. Мен олардың бүгінгі қалам ұстастарына сенемін.

Әңгімеңізге рахмет!



Сұхбаттасқан Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ . «СолДАТ»,

2 қараша, 1999 ж.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет