15-апта Инклюзивті білім беру жағдайында бағалау жүйесін жетілдіру
№29 лекция тақырыбы:1.Инклюзивті білім беру жағдайында бағалау жүйесін жетілдіру
Жоспар: Бағалау мақсаты, негізгі бөліктері.
Инклюзивті білім беру нәтижелі жүйесінің шеңберінде барлық оқушылардың оқу бағдарламасын меңгеру жетістіктерін бағалау үнемі жүргізіледі.
Баға – сыныптағы түрлі жұмыстар мен жағдайларды, көрініс табу барысында, талдау мен қорытындылаудан тұратын үздіксіз процесс.
Бағалаудың мақсаты: жіктеу (топтастыру), анықтау, оқыту мен тәрбиелеу бағдарламаларын құрастыру, оқыту мен тәрбиелеу бағдарламаларын мониторингтен өткізу, оқыту мен тәрбиелеу бағдарламаларын бағалау.
Инклюзивті білім беруде бағалау мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке
оқу жетістіктеріне және білім алу нәтижелеріне қатысты болуы тиіс. Білім алу нәтижелерін бағалау әдісі барлық балаларға өздерінің мықты жақтары мен мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасауы керек. Ата-аналар бағалау процесінің толыққанды қатысушылары болады, олар баланың мектептен тыс (мектепке дейінгі мекемеден тыс) жағдайдағы іс-әрекеті туралы, баланың оқу мекемесінде білім алуына дейінгі даму деңгейі жайлы мәлімет бере алады, ал бұл жағдай педагогтарға баламен жүргізілетін жұмысының нәтижелілігін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Бағалау процесінің маңызды бөлігі болып балалар кезігетін қиындықтарды ерте кезеңде анықтау табылады. Егер балалардың қиындықтары күрделі мінезді болса, онда педагог арнайы дағдылары бар мамандармен мектеп қабырғасында байланысып жұмыс атқара алады, сонымен бірге түрлі типті арнайы (түзету) ұйымдарында (реабилитациялық орталықтар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, арнайы мектепке дейінгі және мектеп ұйымдары және т.б.) жұмыс істейтін пәнаралық топтардың мамандарымен де бірігіп жұмыс жүргізе алады.
Ерте бағалау және уақытылы түзету-педагогикалық қолдау көрсету мектептік қиындықтардың, үлгермеушіліктің, жекетұлғалық мәселелер мен басқа да жағымсыз сәттердің пайда болу қаупін төмендетеді.
Ерте жаста және басқа мамандармен тығыз байланыстылықта нәтижелі ұйымдастырылған педагогикалық іс-әрекет мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпыға білім беру бағдарламалары бойынша нәтижелі оқуына әсер етіп, олардың жалпыға білім беру процестің шеңберінде білім алу қажеттіліктерін толық қамтиды.
Бақылау – дәлелдерді жүйелеу мен жалпы қорытындымен аяқталатын мақсаттандырылған және жоспарлы түрде мәліметтер жинақтау әдісі. Бақылау – психологиялық-педагогикалық анықтаудың ежелгі әдісі. Оның көмегімен бала туралы көлемді мәлімет алуға болады. Бақылау әдісі даму қиындықтары бар балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері мен дамуын зерттеуде маңызды орын алады, өйткені, үлкен адамға қарағанда, зерттеу объектісі ретінде баланы эксперименталды зерттеу өте қиын. Мүмкіндігі шектеулі баланы белсенді немесе енжар бақылау сабақтарда, ойындарда, еркін іс-әрекеттерде, ата-аналармен біріккен іс-әрекеттерде, яғни бала үшін үйреншікті жағдайда ұйымдастырылады. Бақылау әдісінің көмегімен бала іс-әрекетінің келесі ерекшеліктерін анықтап, бағалауға болады: стереотиптік әрекеттер, анық аффективті және эмоционалды кері жауаптар, үрейлік көріністері. Бақылау арқылы баланың өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларының қаншалықты дамығанын, тапсырмаларды орындауға дайындығын, көңіл-күйінің ерекшеліктерін, қозғалыстық даму ерекшеліктерін анықтауға болады. Мұндай мәліметтер баланы әрі қарай зерттеуге негіз жасайды.
Бақылау әдісі арнайы құрал-жабдықтарды қажет етпейді және балаға қосымша психоэмоционалдық ауыртпалық түсірмейді. Сонымен қатар, бұл әдісті қолдану педагогтан жоғары деңгейлі кәсіби дайындықты және ерекше қажеттіліктері бар балалардың педагогикалық ерекшеліктері жайлы білімдері болуын талап етеді.
Бақылау әдісіне қойылатын негізгі талаптар:
1. Бақылаудың нақты мақсаты болуы керек. Мақсаттың нақтылығы мен анықтығы нәтижелерді тіркеуді және шынайы қорытынды жасауды жеңілдетеді.
2. Бақылау алдын-ала құрастырылған жоспар бойынша жүргізілуі керек. Егер бақылаушының іс-әрекеті зерттелсе, онда алдын-ала сұрақтама дайындалуы қажет. Нәтижелер суреттер, аудиожазбалар және т.б. арқылы тіркеледі.
3. Зерттелетін көрсеткіштердің саны аз және олар нақты анықталуы керек. Зерттелетін көрсеткіштер туралы сұрақтардың анықтылығы және оларды бағалау критерийлерінің дәлдігі алынатын мәліметтердің ғылыми құндылығын арттырады.
4. Психологиялық-педагогикалық құбылыстарды табиғи жағдайда бақылау қажет. Егер мысалы, зерттеу объектісі баланың сабақтағы оқу жұмысы болса, онда екінші, үшінші және төртінші сабақтарды таңдаған дұрыс, өйткені соңғы сабақтарда бала шаршайды, ал бірінші сабақта әлі ұйқы-ояулы. Оқу іс-әрекетінің нәтижелілігін оқу тоқсанының соңында бақылау тиімді емес, өйткені оқушылардың шаршауы көрініс табуы мүмкін.
5. Түрлі бақылаулар арқылы алынған мәліметтер салыстыруға келуі керек: бірдей критерийлер, бірдей уақыт аралығында алынған мәліметтер, бірдей бағалау шкаласымен және т.б.
6. Бақылаушы алдын-ала бақылауды жіберілуі мүмкін деген қателіктерді біліп, оларды болдырмауы, алдын-алуы тиіс.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды бақылаудың мақсаты:
1) Әр баланың қызығушылықтарын, іскерліктері мен қажеттіліктерін анықтау. Бақылау арқылы педагогтар баланың жеке ерекшеліктері жайлы мәлімет алып, оларды дұрыс бағыттап, бағдарламаға толық қоса алады.
2) Бірнеше уақыт шеңберінде баланың өсу мен даму процесін бағалау. Бақылау арқылы педагогтар оқу жылы шеңберінде баланың когнитивтік, физикалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуындағы прогресті бағалай алады.
3) Қоршаған орта өзгерістерінің қажеттілігін анықтау. Балалардың ойын орындарын, материалдарын пайдалануын бақылау арқылы, педагогтар қоршаған ортаны ұйымдастыру мен материалдардың балалардың қажеттіліктеріне сай болуын анықтай алады.
4) Қиындықтарды (мәселелерді) анықтау.Бақылау арқылы балаларға арнайы көмектің қажеттілігін, қажет еместігін анықтауға болады. Бұл түрлі мәселелер болуы мүмкін – есту қиындықтарынан, қосымша көмек алу қажеттілігіне дейін. Мұндай мәселелер бар болса, балалармен жұмысқа мамандар қосылуы тиіс.
5) Қиын жағдайларды шешуде нәтижелі жолдарды анықтау. Бақылау арқылы педагогтар баланың түрлі жағдайдағы іс-әрекетін болжай алады. Мұндай білімдер қақтығыстар мен қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
6) Оқу жоспарын түзету қажеттілігін бағалау. Бақылау негізінде педагогтар оқу жоспарын модификациялау немесе балалардың қажеттіліктеріне сай күн тәртібін өзгерту қажеттілігіне байланысты қорытынды жасай алады.
7) Ата-аналар мен басқа мамандарға пайдалы бала туралы мәліметтер жинау. Бақылау арқылы балалардың қызығушылықтары, жетістіктері, әлеуметтік дағдылары және қарым-қатынас мәселелерін білуге болады. Жинақталған мәліметтер мамандарға да, ата-аналарға да пайдалы. Мәліметтермен алмасу біріккен нәтижелі іс-әрекетті ұйымдастыруға негіз болады.
8) Бақылау арқылы ата-аналарға өздерінің балалары туралы қосымша мәлімет алуға көмек беру. Педагогтар бақылау арқылы ата-аналарға баланың күшті жақтары, қажеттіліктері мен іс-әрекет ерекшеліктері туралы қосымша мәлімет бере алады.
9) Бақылауды жүргізу жолдары, бірқатар объективті және субъективті факторларға байланысты түрлі болады – бақыланушылар саны, зерттелетін құбылыстардың мінездемесі және т.б. Педагог бақыланушы балалардың тобына қосылуы мүмкін, мысалы, олармен ойнау (белсенді бақылау) немесе сырттай зерттеу (енжар бақылау).
Бақылаудың түрлері мен әдістері:
1) Ашық бақылау - бақыланушыларға олардың зерттелуі туралы мәлімет ету.
2) Жабық (жасырын) бақылау - бақыланушылар өздерінің зерттеу нысанасы екендігін білмейді. Бақылаудың бұл түрі нәтижелі, өйткені нақты қызығушылықтар мен ерекше қажеттіліктері бар баланың даму ерекшеліктері, құрдастарымен сыныптағы қарым-қатынас жүйесінің көрсеткіштері жайлы шынайы мәлімет береді.
3) Қосылған бақылау - үнемі (бақылаушы) жағдайларға тікелей қатысады. Зерттеуші бақылаушы ретінде көрінбеуі тиіс (жасырын (жабық) қосылған бақылау), ерекше қажеттіліктері бар бала «ішінен» зерттеледі, мұнда жасырын әлеуметтік құбылыстар анықталады.
4) Қосылмаған бақылау - шеттен жүргізіледі. Бақылаушы өтіп жатқан жағдайларға қатыспайды. Ол жасырын да, ашық та бола алады.
5) Жүйеленген бақылау - үнемі белгілі уақыт кезеңдерінде өткізіледі. Әдетте жоғары деңгейде нақтыланған жоспар бойынша жүргізіледі.
6) Кездейсоқтық бақылау - әдетте жоспарланбайды, бірақ көп мәлімет береді. Бақылаудың қиындығы кездейсоқ пайда болуында.
Бақылаудың мінезіне (ізденістік немесе зерттеушілік) қарамастан, бақылаушының нақты бағдарламасы, әрекеттер сызбасы болуы керек. Бақылау сызбасына бақылаудың бірліктері, бақыланатын құбылысты сипаттау түрі мен тәсілдері кіреді. Бақылауға дейін іс-әрекеттің жалпы бейнесінен тікелей бақылауға қолжетімді іс-әрекеттің бірліктерін, оның кейбір жақтарын, нақты әрекеттерін бөліп алу керек. Мұнда іс-әрекеттің бірліктері - бақылаудың бірліктері болып табылады. Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар баланың іс-әрекетін бақылауда педагог оны бірқатар бірліктерге бөледі: моторика, сөйлеу тілі, қарым-қатынас, эмоциялар және т.б. Егер бақылаудың пәні болып баланың сөйлеу тілі болып табылса, онда бірліктері – тілдің мазмұны, бағыттылығы, ұзақтылығы, экспрессивтілігі, лексикалық, грамматикалық және фонетикалық құрылымының ерекшеліктері және т.б. Сонымен, бақылаудың бірліктері көлемі мен бөлініп алынған іс-әрекет үзіндісінің күрделілігі, мазмұны бойынша ерекшеленуі мүмкін.
Бақылауды тіркеуге қойылатын жалпы талаптар:
1) бақыланған дәлел нақты жазылып, бақылаушының жекетұлғалық әсерлері, пікірлерімен алмастырылуы керек. Жалпы айтқанда, болған жағдай тіркелуі, қалай көрініс табылғаны жазылуы керек (фотографиялық жазба);
2) бақыланған жағдаймен қатар, оның қоршаған ортасы туралы да мәлімет керек;
3) зерттелетін мәселенің мақсатына сай бақыланған жағдай нақты сипатталуы керек.
Бақылаудың хаттамасы бақылау барысында жазылады, сондықтан, жазуды жылдамдату үшін, шартты белгілер немесе стенографияны қолдануға болады.
Күнделік ұзақ мерзім, кейде айлар мен ұзақ жылдар бойы жүргізілетін бақылауларда қолданылады. Күнделіктің парақтары нөмірленуі керек. Күнделік бақылауды жүргізу кезінде жазылуы тиіс, ал мүмкіндік болмағанда маңызды сәттер тіркеліп, соңынан, бақылау аяқталғансоң толық жазылуы керек.
Пайдалануға ұсынылатын, бақылауға жақын, бағалау әдісі болып «орындау процесін бағалау» болып табылады. Бұл әдіс өте күрделі, аудио және видеожазбалар, дәлелдерді жазбаша тіркеу көмегімен жүргізіледі. Бұл әдісті біріккен жұмыстың маңызды дағдыларының, зерттеу дағдыларының және т.б. қалыптасуын бағалауда пайдаланған тиімді. Эксперттік бағаға негізделген, субъективті әдіс болып табылатын бақылау әдісімен салыстырғанда, бұл әдіс объективті болып табылады. Жауапты таңдауға немесе қысқаша еркін жауапқа негізделген бағалау әдісі жағдаяттық, бір бағытты бағалау іс-әрекеті болып сипатталады. Әдетте ол тест немесе ауызша сұрау түрінде жүргізіледі.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды бақылауды жүргізу әдістері
Әдіс
|
Жетістіктері
|
Кемшіліктері
|
Жағдаяттар мен эпизодтарды сипаттау. Мақсаты: маңызды сәттерді және маңызды әрекет түрлерін тіркеу.
|
· Жағдаяттардан соң орындауға болады, көп уақыт қажет етпейді. · Арнайы дайындықты немесе жазбаша жұмыстарға қатысты жоғары деңгейлі дағдыларды қажет етпейді. · Ата-аналарда оңай орындай алады.
|
· Мәліметтердің сапасы бақылаушының қабілеттеріне тәуелді. · Сипатталған әрекеттер көрінісі алдамыш болуы мүмкін. · Жиі өткізілмесе аз мөлшерде мәлімет береді.
|
Жағдаяттардың жиілігі мен ұзақтылығы талданады. Мақсаты: нақты іс-әрекет түрлерінің көрініс табу жиілігі анықталады.
|
· Арнайы дайындық қажет емес. · Оқу іскерлігі қажет емес. · Әдіс қарапайым, мәліметті жинақтау процесіне балаларды қосуға болады. · Нақты іс-әрекет түрлерінің көрініс табу жиілігі туралы мәліметтер жинақталады.
|
· Мәліметтерді жинақтау процесі ұзақ болуы мүмкін. · Бақылаушы шыдамды, төзімді болуы керек. · Бақылаушыға стандартты құралдар алу қажеттілігі туындауы мүмкін.
|
Бақылау карточкаларын жүргізу. Мақсаты: прогресті қадағалау, іскерліктер мен дағдылардың меңгеруі туралы мәліметтерді құжаттау.
|
· Нәтижелер жеке пікірлерге тәуелді емесе, бақылаушы өзі щещім қабылдауы керек. · Әдіс қарапайым, жазу дағдыларын қажет етпейді. · Көп жағдайда арнайы дайындық керек емес. · Түрлі жағдайларда, түрлі мақсаттармен пайдаланылуы мүмкін.
|
· Мәліметтердің сапасы бақылау карточкаларының сапасына байланысты. · Әдістің пайдалығы бақылау карточкаларының «мазмұнының кеңдігіне» байланысты. · Әдіс арқылы нақты іс-әрекет түрлерінің көрініс табу жиілігі жайлы қорытынды жасауға болмайды.
|
Рейтингтер құру. Мақсаты: нақты іс-әрекет түрлері мен іскерліктердің көрініс табу деңгейін анықтау.
|
· Әдіс іскерліктерді бағалауда өте жақсы. · Түрлі жағдайларда қолдануға болады. · Баланы жағдайдан соң беруге болады. · Көп жағдайда арнайы дайындық керек емес. · Жазу іскерлігін қажет етпейді.
|
· Әдіс субъективті болып табылады, бақылаушының «өзіндік пікірін» жоққа шығару қиын. · Мәліметтің сапасы әдістің сапасына байланысты. · Бақылаушыларда, әдетте, орташа ұпай қойып, төмен ұпайлардан «қашу» бағыттылығы басым.
|
Тестілеу кеңінен қолданылатын мәліметтерді жинақтау стратегиясы болып табылады, бірақ бастауыш мектеп жасындағы балалармен жұмыс жүргізуде нәтижелі стратегиялар болып интервью мен бақылау болып табылады. Тесттерде балалардың нақты ақыл-ой және физикалық кемістіктерін ескере отырып бейімдеу механизмдері жиі қарастырылмайды, және де оқыту мен тәрбиелеу процесіне маңызды емес мәселелер енгізіледі.
Тесттерді келесі негізгі категорияларға бөлуге болады:
1. Белгіленген көрсеткіштерге негізделген тесттер келесі сұраққа жауап береді: «Топпен салыстырғанда бала қандай деңгейге жетті?» Жалпы топтың нәтижелеріне негізделе отырып талап етілетін көрсеткіш деңгейі анықталған. Мұндай тесттер балаларды анықтау мен жіктеуде (топтастыруда) жиі қолданылады. Тесттердің нәтижелері пайдалы болуы үшін оларды құрастырушылардың нұсқауларына сай жүргізу керек.
2. Белгіленген критерийлерге негізделген, жиі оқу бағдарламаларымен байланысты тесттер нақты критерийлерге сәйкес баланың жетістіктер деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тесттер «Нақты білім аймағында немесе іс-әрекетте бала қандай деңгейге жетті?» деген сұраққа жауап беруі тиіс.
3. Оқу бағдарламаларына негізделген тесттер, оқу бағдарламасының мақсаттарына сәйкес, баланың жетістіктер деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Олар баланың нақты бағыттардағы іскерліктері мен дағдыларының дамуын анықтауға арналуы мүмкін (когнитивтік, лингвистикалық, әлеуметтік және т.б.).
Тесттердің басқаша жіктелуі:
1) ресми;
2) ресми емес.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу нәтижелері арқылы дамуын анықтау және қадағалау түрлі арнайы әдістер мен тәсілдердің көмегімен, мамандардың ұсыныстарын ескеру мен қадағалау арқылы, балалар оқитын жалпыға білім беру мекемелерінің педагогтарының көмегімен іске асырылады.
Әңгімелесу – ерекше қажеттіліктері бар балалардың даму ерекшеліктері туралы мәліметті педагогқа ата-аналармен (педагогтармен) пікірлесу барысында алуға мүмкіндік беретін әдіс. Жиі ата-аналардың немесе педагогтардың өздері, педагогқа кеңес алу көмегіне жүгіну барысында, әңгімелесу инициативасын білдіреді.
Әңгімелесудің мақсаты – баланың дамуы жайлы, оны оқыту мен тәрбиелеу процесінде ата-аналар мен педагогтар кезігетін мәселелердің мінезін, деңгейін, себептерін талқылауда ой-пікірмен алмасу. Әңгімелесудің нәтижелері бойынша педагог баланы әрі қарай зерттеу жолдарын белгілейді.
Әңгімелесуді жүргізу барысында педагог келесі талаптарды ескеруі керек:
1) әңгімелесу ата-аналардың (педагогтардың) қызығушылығын оятып, арттыруы тиіс;
2) әңгімелесуді өткізу кеңістігі (орны) мен жүргізу уақытын белгілеп, ұйымдастыру керек;
3) әңгімелесудің нәтижелілігі ата-аналардың (педагогтардың) белсенділігіне тәуелді;
4) педагог ата-аналардың тәрбиелік әрекеттерін ашық сынамау керек;
5) әңгімелесуден күтілетін нәтижелердің жылдам орындалмайтыны /орындалатыны туралы айтылу керек;
6) әңгімелесуге ата-ананың екеуі де (мүмкін болғанда) қатысуы керек;
7) ата-аналарда (педагогтарда) баланың психофизиологиялық ерекшеліктері мен оның қиындықтары туралы нақты пікірлер қалыптастыруға ұмтылу қажет;
8) келесі кездесулерді жоспарлап, міндеттерін анықтау қажет.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Байтурсынова А.А. Организационно-педагогические условия включения детей с ограниченными возможностями в учебный процесс общеобразовательной школы: дис. канд. пед. наук: 13.00.03. – Алматы, 2010.
2.Битянова М.В центре внимания - мониторинг //Школьный психолог.-2011. -№4.
3.Инклюзивное образование. Выпуск 4. Методические рекомендации по организации инклюзивного образовательного процесса в детском саду. - М.: Центр «Школьная книга», 2010.
4.Постановление Правительства Республики Казахстан «Об утверждении Типовых правил деятельности организаций образования соответствующих типов, в том числе типовых правил организаций образования, реализующих дополнительные образовательные программы для детей» от 17.05.2013 года № 499.
5.Сулейменова Р.А. Система ранней коррекционной помощи детям с ограниченными возможностями в Казахстане: проблемы создания и развития, Алматы.
№
Достарыңызбен бөлісу: |