Аударма жасаудың техникасы – қостілділік жағдайында аударма процесінде пайдаланылатын кәсіби тәсілдердің жиынтығы. Аудармашының мәтінді талдау негізінде оның морфологиялық құрылымын, бейресми сөздердің грамматикалық категориясын, олардың мағыналық байланысын тез қалпына келтіре білудегі кәсіби шеберлігі, сөздердің қолданылу ерекшеліктерін білу және онымен жұмыс істеу қабілеті.
Түпнұсқадағы ақпаратты «сіңіру» әдетте «мағынаны түсіну» деп аталады. Бірінші кезеңде аудармашы түпнұсқаның аудары- латын үзіндісіндегі ақпаратты, сондай-ақ лингвистикалық және жағдаяттық контекстегі ақпаратты да алып, осы ақпараттың негізінде өзі келесі кезеңде «жарыққа шығаратын» мазмұн туралы қажетті ой-түйін жасауы тиіс... бірінші кезеңде аудармашы не түсінсе, соны аударады... аударма процесінің екінші кезеңі аударма мәтінін жасауда тілдік таңбаларды таңдаудан тұрады. Бұл аудармашының кіріс тілдегі сөйлеу әрекетін көрсетеді. Аудармашының стратегиясын көрсететін бұл екінші принцип әдетте «түпнұсқаның таңбасын емес, мағынаны аудару» талабы делінеді және түпнұсқаның тұлғасын (формасын) көшіруге жол бермеу болып табылады. Аударма стратегиясының үшінші принципі аудармашы аударылған және аударған мәтініндегі қандай да бір маңызды мағыналық элементтерді анықтаудан тұрады. Аудармашының төртінші стартегиялық принципі тұтас мәтінді түсіну жекелеген бөліктердің мағынасынан маңызды болып, тұтас мәтіннің мағынасын дұрыс беруде жекелеген детальдарды «құрбандыққа шалуға» саяды. ... тағы бір ереже – аударма кіріс тілдің нормаларына сай болуы тиіс [4, 187-199-бб].
Аударма процесінде ең алдымен аударатын тілдегі лексикалық бірліктердің аударылатын тілдегі баламасын дәл қолдану маңызды. Сонымен қатар аудару процесінде баламалықтың төрт түрін атауға болады. Аударманың бірінші түрдегі баламалылығы түпнұсқаның коммуникацияның мақсатын құрайтын мазмұндық бөлігін ғана сақтаудан тұрады. Баламалылықтың екінші түрінде түпнұсқа мен аударма мазмұнының жалпы бөлігі коммуникацияның бірдей мақсатын ғана көрсетіп қоймайды, бірдей тілден тыс жағдаятты береді. Түпнұсқа мен аударманы салғастырудың үшінші түрінің төмендегідей ерекшеліктері болады: 1) лексикалық құрам мен синтаксистік құрылымында параллелизм болмайды; 2) түпнұсқа мен аударма құрылымын синтаксистік трансформация қатынасы арқылы байланыстыру мүмкін болмайды; 3) аудармада түпнұсқадағы коммуникациялық мақсат пен жағдаят бірдей сақталады; 4) аудармада жалпы ұғым сақталып, олар арқылы түпнұсқадағы жағдаят сипатталады. Баламалылықтың төртінші түрінде, жоғарыдағыларды қоса алғанда, аудармада түпнұсқаның синтаксистік құрылымының, мағынасының айтарлықтай бөлігі көрініс табады. Түпнұсқа мәтінінің құрылымдық ұйымдасуы аударылатын мәтіннің жалпы мазмұнына енетін белгілі бір ақпаратты айқындайды... Баламалылықтың соңғы бесінші түрінде түпнұсқа мен аударма мазмұнының барынша жуықтатылуына қол жеткізіледі [4, 52-78-бб.].
Ал дәл баламасы жоқ лексикалық бірлікті берудің төмендегідей жолдары кездеседі: а) транслитерация; б) калькалау; в) сипаттамалы (түсіндірмелі) аударма; г) жуықтатылған (ұқсас) аударма; д) антонимдік (қарама-қарсы) аударма [4, 104-121-бб.]. Баламасы жоқ сөзді аударуда аталған тәсілдер арқылы сәйкестік орнату болмаған жағдайда сипаттау тәсілі қолданылады.
Құрылымдары әртүрлі тілдердің грамматикалық өзіндік ерекшелігі болатындығы белгілі. Кез келген тілдің өзіндік тіндіктен, сол грамматикалық мағынаны аударылатын тілдегі сәйкес құрылымдармен беру қажет. Ал кейде грамматикалық бірліктің мағынасы артық деп саналған жағдайда (егер бұл мәтіннің жалпы мазмұнына әсер етпейтін болса) белгілі бір грамматикалық мағынаны тастап кету нөлдік аударма деп аталады [4, 150-бб.]. Алайда грамматикалық мағынаны ескермеу көп жағдайда сөйленім мазмұнының толық берілмеуіне алып келетінін есте ұстау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |