1 Қазіргі көркем прозадағы ішкі монологтың сипаттамасы 1 Көркем шығармадағы ішкі монологтың зерттеу нысандары



жүктеу 1.04 Mb.
бет1/4
Дата09.06.2016
өлшемі1.04 Mb.
  1   2   3   4
1 ҚАЗІРГІ КӨРКЕМ ПРОЗАДАҒЫ ІШКІ МОНОЛОГТЫҢ СИПАТТАМАСЫ
1.1 Көркем шығармадағы ішкі монологтың зерттеу нысандары

1.2 Ішкі монолог құрудағы тілдік тәсілдердің ерекшелігі

1.3 Көркем шығармадағы ішкі монологтың кейіпкер ойлауымен

берілуі

2 ІШКІ МОНОЛОГТЫҢ АВТОР БАЯНДАУЫНДАҒЫ ОРНЫ МЕН КӨРКЕМДІГІ
2.1 Ішкі монологтың автор бейнесін жасаудағы рөлі

2.2 Қос үнді сөздің ішкі монологты қалыптастырудағы қызметі

мен ерекшелігі
ҚОРЫТЫНДЫ

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілі: Көркем әдебиет тілі алғаш орыс тіл білімінде зерттеу нысаны болып, бұл бағытта В.В. Виноградов, В.Винокур, Л.В. Щерба, М.Н. Кожина, А.Н. Гвоздев, Р.А. Будагов, А.И. Ефимов т.б ғалымдар көркем шығарма тілін, стилистикасын жан –жақты қарастырған. Ал кейінгі жылдары қазақ тіл білімі де біршама еңбектермен толықтырылды. Бұл ретте Р.Сыздық, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Х. Кәрім, Б.Шалабай еңбектерін атауға болады. Зерттеулерде көркем шығарма тіліне қатысты құнды пікірлер айтылып, шығар өнер туындысы ретінде қаралды.

Көркем шығарма тілін зерттеу – жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігін қарастыру көркем әдебиет стилистикасы - әдебиеттану ғылымы мен лингвистиканы байланыстыратын ғылыми саласы, аралық пән. Көркем туындының табиғаты өте күрделі. Онда тілдік материал мен идеяның біртұтас бірлігі қалыптасқан. Шығармадағы композициялық тұтастық, образдар жүйесі тілдік құралдар арқылы беріледі.

Көркем шығарма тілінің бүгінгі даму мен шарықтауы арынды да тым асқақ. Әсірелеп айтқанда, ол бейне бір тау басынан нәр алып, сай – салалармен сарқырап құйылып жатқан бұлақ суларымен молығып, толықси аққан үлкен өзен арнасын көз алдыңа елестететін сияқты. Сондықтан болуы керек, оның айдынды ағысында лайы мен тұнығы араласқан иірімдері, тас домалатар ұрымтал тұстары, қалтарыста қалып қойған қойнау – қолтықтары да жоқ емес.

Әрине, көркем шығарма тілі – қыры да, сыры да мол дүние. Әрбір қалам қайраткерінің, табиғи талантын, дүниетанымын, қабілетін, білім дәрежесін былай қойғанда, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы, сөз қолданыс тәсілі, сөз саптау мәнері бар. Көркем сөздің жан дүниемізге рухани нәр беріп, әсерлі де әсем сезім ұялататын сиқырлы сыры оның эстетикалық қызметіне байланысты. Сөз қолданыстың сан алуан тәсілдері мен шынайы шеберліктің өнегесін біз, міне, осы тұста айқын көреміз. Басқаша айтқанда, әрбір жазушының әр қврвнан көрінер, өзгеден дараланар өзіндік сөз өнері, топ жарған таланты сарапқа салынар кезі тілдің осы қызметіне байланысты.

Кез – келген жаңа саланың ауқымы кең, қарымы құлаш болуы заңды. Көркем әдебиет тілі зерттеуге түскенімен, оның ашылмаған не жете зерттелмеген нысандары өте көп. Көркем шығарма тілін, стильдік ерекшелігін зерттеуде, ішкі монологтың берілу жолдарын талдап көрсету тек әдебиеттану ғылымы үшін ғана емес, лингвистика ғылымы саласы үшін де аса қажет. Сол себепті көркем шығарманың стилін, мәтін құрылымын тілдік тұрғыда зерттеу - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Көркем прозадағы бейнелеу тәсілдердің бірі – ішкі монолог (кейіпкердің ішінен айтылатын сөз, іштей сөйлесу, өзіңмен – өзіңнің сырласуың, өзіңді –өзің іштей саралау) көрінісі жан – жақты қарастырылып, арнайы зерттеу обьектісіне айнала қойған жоқ. Ал, ішкі монологсыз күрделі де көркемдік дәрежесі биік, нағыз танымды туындының дүниеге келуі мүмкін емес.

Классикалық биік деңгейге көтеріліп, әлемдік көркем - өнерге асыл қазыналар қосқан қазақ прозасында 70-80 жылдары халқымыздың өткен тарихына ден қою, ата – бабаларымыздың мұрат – мүддесін, мақсат – тілегін бейнелеу үрдіс сипат алып қадау – қадау қадамдар жасалынды. І Есенберлин, Ә. Әкімжанов, М. Мағауин, С. Сматаев, Ә. Кекілбаев сияқты таланты жазушылардың кесек бітімді, тарихи романдары дүниеге келді. Осы шығармаларының қатарына Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең - алаң» романдары да қосылды.

Жазушы халқымыздың тарихындағы ең бір тұлғалы кезеңді – Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының бастау сәтін шығармасына арқау еткен. Ел басына сын болған бұл кезең І. Есенберлиннің «Көшпенділер» триологиясында және Т. Ахтановтың «Ант» драмалық тарихи дастанында өте көркем бейнеленгені көпшілікке жақсы таныс. Бұл екі жазушы өз туындыларында «Үркер», «Елең- алаңның» басты кейіпкерлері болып табылатын – Жәнібек батыр мен Әбілқайыр ханды, Бопай ханымды қанды шайқастармен ел тағдыры талқыға түскен тар жол, тайғақ кешулерде халық қамын жеген кесек бейнелер ретінде көрсеткен болатын. Ал Әбіш Кекілбаев болса басқа ыңғайда, психологиялық талдау арқылы көрсетуге тырысады.

Әбіш Кекілбаев – қазақ көркем әдебиетіне үлкен үлес қосып жүрген жазушылардың бірі. Оның халық тарихын бейнелі түрде суреттеген шығармасының көкжиегі ретінде саналатын «Үркер» мен «Елең - алаң» романдары әдеби – сыни тұрғыдан зерделеніп жүрседе, тілдік, жазушының стилі жағынан аз зерттелгені белгілі жайт.

Әдебиеттанушы ғалымдар Г.Пірәлиева, Ж.Дүйсенбаевалар Ә.Кекілбаев шығармаларын әдеби тұрғыда зерттеп, әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан. Ал тілдік түзілімі жағынан қыры мен сырын ашуда тілші ғалымдар С.Ғубайдуллин, Ж. Ибрагимова, Ж.Абдрахмановалар көп ізденістер жасаған. Көркем шығарма стилі – жазушының мақсатты түрде пайдаланған тілдік құралдар жүйесі. Олар әдеби бағыт, шығарманың тақырыбы, образдар құрылысы, суреткердің шығармашылық ерекшелігіне бағындырылған.

Көркем шығарма тілінде сөз өзінің барлық бояу нақышымен, экспрессивтік-эмоционалдық реңкімен, астарлы мәнімен, образдылық әсерімен, эстетикалық, мүмкіншілігін аша қолданылмаса, ондай шығарманың құны да төмен, ондай жазушының суреткер ретінде беделі де төмен. Шығарма әдетте, өзінің тілімен көркем, – деп өзінің анық мінездемесін ғалым Рабиға Сыздық берген болатын.

Сөз қолданыс өнері әрбір жазушының творчестволық шеберханасында туып, дамып, шыңдалып, өз ерекшелігімен әдебиет үрдісінен орын алып отыратыны даусыз. Жазушы шеберлігінің, суреткер дарынының бір сыналар тұсы – кейіпкер образын жасауда. Шынында да жағымды, жағымсыз кейіпкердің бүкіл жан дүниесін, мінез-құлқын көркем сөз арқылы суреттеу, оны қайткен күнде де, дара тұлға, тектік бейне етіп көрсету – жазушы үшін үлкен сын.



Зерттеудің нысаны: Ә. Кекілбаевтың «Үркер», «Елең- алаң» романдарындағы ішкі монолог түзілімі мен стилистикасы

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеудің дереккөздері ретінде және ғылыми тұжырым жасау және стилистикалық талдау жасауға Ә. Кекілбаевтың «Үркер», «Елең- алаң» романдары пайдаланылды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Бүгінгі таңда тіл білімінде жазушы шығармаларының тілдік табиғатын толық тану үшін жазушы шеберлігін стилистикалық тұрғыдан зерттеуді қажет етуде.

Жұмыстың негізгі мақсаты Ә.Кекілбаевтың жоғарыдағы аталған шығармаларында кездесетін ішкі монолог түзілімін анықтап, жазушы қолданған стилистикалық тәсілдердің қызметін ашу болды. Осы мақсатқа орай жұмыста мынадай міндеттер қойылды:

- ішкі монологтың берілуіне, түрлеріне талдау жасау;

- ішкі монологтың автор баяндауында кездесетін жақтарын анықтау;

- кейіпкер ойлауындағы ішкі монологты айқындау;

- ішкі монологтың жақтық сипатын анықтау;

- ішкі монологты жасаудағы жағдайлардың стилистикалық түзілімін сараптау;



Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

Қорғауға ұсынатын негізгі тұжырымдар:

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні:

Зерттеудің әдістері: Жұмыстың әдістемелік негіздері ретінде психолингвистикалық, сипаттамалық, стилистикалық талдау, жинақтап топтау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысында көркем әдебиет стилистикасының мәселелері қарастырылған В.В. Виноградов, Г.О. Винокур, Р.Сыздық, Х.Кәрімов Б.Шалабай, М. Серғалиев,Е. Жанпейісов т.б. ғалымдарының тұжырымдары басшылыққа алынды.

Әдебиеттанушы ғалымдар Б.Майтанов, З.Қабдолов, Қ.Жұмалиевтің пікірлері де назардан тыс қалмады.

Зерттеу жұмысының жариялануы:

Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Ғалымдардың көпшілігі жазушы стилистикасын, яғни көркем әдебиет стилистикасын әдебиеттану мен лингвистика ғылымдарының аралығындағы жаңа ғылыми саласы деп таниды.



1 ҚАЗІРГІ КӨРКЕМ ПРОЗАДАҒЫ ІШКІ МОНОЛОГТЫҢ СИПАТТАМАСЫ

1.1 Көркем шығармадағы ішкі монологтың зерттеу нысандары

Тілдің қалыпты тірегі – сөз. Ол халқымыздың бағзы заман бергі тіршілігінің, елдігі мен ерлігінің сара жолының үлкен куәсі. Ал сол тіл сөз байлығын танытатын – көркем шығарма.

Белгілі бір жазушы шығармасының тілін ғылыми тұрғыда қарастырғанда, оны қалай зерттеу керек, ғылыми ізденіс неден басталып, немен аяқталуына тиіс, зерттеуші қандай мәселелерді қамтуға міндетті, тілдік фактілерді жүйелеу, түсіндіру, талдау принциптері қандай болмақ тағы сол сияқты толып жатқан сұрақтар көркем әдебиет тілін нақты зерттеумен шұғылданушының алдына тартылады. Өйткені бұл мәселелердің басы ашық деп айта қою қиын. Ал бұлар айқын болмаған жағдайда нақты ғылымиізденістердің обьективті қорытындысы болмайды.

Көркем шығарма тілін зерттеумен көп шұғылданған және елеулі табысқа ие болған ғалымдардың бірі Г.Винокурдың пайымдауынша, көркем шығармада тіл үш түрлі сапада көрініс табады (сөйлеу тілі, әдеби норма үлгісі және өнер туындысы тілі) соған сәйкес оны үш түрлі бағытта зерттеу мүмкіндігі туындайды.

Ал, академик В.Виноградов тілді бағалаудың үш түрін ұсынады. Олар жалпы тілдік стилистика немесе құрылымдық стилистика, екіншіден сөйлеу стилистикасы, үшіншіден, көркем әдебиет стилистикасы. Осылардың ішіндегі ең жасы – көркем әдебиет стилистикасы.

Көркем әдебиет тілін зерттеудің алғашқы қадамдары ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Еуропа тілші – ғалымдары тарапынан жасалғаны белгілі.

Көркем әдебиет стилистикасы – әдебиеттану ғылымынан да, лингвистикадан да тыс жатқан аралық ғылым саласы, аралық пән.Оның себебі мынада: көркем әдебиетті стилистикалық тұрғыдан зерттеудің әдіс – тәсілдері жөніндегі ғылыми көзқарастардың ала – құлалығы, ғалымдардың пайымдауынша, көркем әдебиеттің ерекшелігіне, оны толық ұғынып меңгерудің қиындығына байланысты. Әдеби көркем туындының табиғаты соншалықты күрделі – ол екі түрлі құбылыстың, тілдік материалдардың және сол арқылы көрінетін идеяның біртұтас диалектикалық бірлігі.

Көркем әдебиет стилистикасында кез келген жазушының кез келген туындысы емес, әдебиет алыптарының үздік туындыларының тілі зерттелуге лайық. Әдебиет тарихында белгілі орны бар, әдебиеттану, басқа қоғамдық ғылымдардың бағалауы бойынша, халықтың, қалың оқушы жұртшылықтың талғамы тұрғысынан өнер биігі жоғары деп танылған туындыларды ғана арнайы зерттеу қажет етілуде. Әдебиеттің алыптары, Г. Винокурдың сөзімен айтқанда: «Тілдің құлы болып қалмай, билеп-төстеушісіне айналады. Олар тілдегі тарихи және жалпыхалықтық құбылыстарды жақсы білгендіктен, шығармаларды мұқият зерттеп, әділ бағасын бере отырып тілдің өзі ілгері дамытады» (Х.Кәрімов «Қанатты тіл», Алматы, «Санат» 1995ж 12-13 беттер) Осындай алып тұлғалардың бірі емес, бірегейі Ә.Кекілбаев шығармаларының тілін зерттеу, ондағы стилистикалық ерекшеліктерді сұрыптау, жұмысымыздың басты мақсаты.

Қазіргі көркем прозадағы бейнелеу тәсілдерінің бірі - ішкі монолог (іштей ойлау, кейіпкердің ішінен айтатын сөзі, өзін-өзі іштей саралау, ойлау ағымы) көрінісі жан-жақты қарастыру және оны зерттеу бүгінгі күннің еншісі екені белгілі. Ал, ішкі монологты, жалпы психологиялық талдау өнерін жан-жақты зерттемейінше қазіргі әдеби даму үрдісінің заңдылықтарын түсіну мүмкін емес.

Көркем проза адам психологиясының ішкі иірімдері, күрделі де терең ойлау жүйесі, сана мен сезімдегі жанды қозғалыстарды ашу арқылы идеялық-эстетикалық ізденістердің жаңа жолдарын ашты. М.Әуезов «... Орыс жазушыларында анық сүйенетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын солрша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы»(Әуезов М Анкетаға жауап. «Жұлдыз»,№10, 1991,129 б.),-деп тегін атамаса керек.

Жалпы ішкі монологтың кейіпкер образын ашудағы қызметі орасан зор. Ішкі монолог пен ой ағысы тәсілдерінің көркемдік қызметі сөз жоқ, тың тақырып.

Сонау антикалық дәуірдегі мифтен қазіргі өскен, күрделенген үлкен жанр романға дейінгі кезеңді алып жатқан үлкен тарихи тәжірибені, даму эволюциясын бастан кешірген ішкі монолог тәсілі өзінің шын мәніндегі көркемдік қызметіне жазба әдебиетте, әсіресе прозада ғана ие болды. Ол көркем проза арқылы өзінің әдебиеттегі орнын белгіліп, ғылыми айналымға түсіп, ғылыми-теориялық анықтамаға ие болған ішкі монолог тәсілі қазақ әдебиетіндегі ХХ ғасыр басындағы прозада орын алды. Көбінде кейіпкердің ішкі ойын немесе кейіпкерді сөйлетудің бір тәсілі ретінде эпизодтық ретте қолданылып келген қарапайым, дәстүрлі монолог тап осы кезеңде өзінің сапалық өсу сатысын бастан кешірді. Ол енді тек көркем шығармадағы кейіпкерді сөйлету, оның ішкі ойын жүйелі түрде айтып шығу секілді қарапайымдылықтан біржола қол үзіп кетпесе де бөлектеніп, дербес тәсілге, яғни ішкі монологқа айналды.

Бір ғана адамдың ішкі көңіл-күйін білдіретін және кейіпкерді сөйлету тәсілі болып табылатын ішкі монолог көбіне көркем шығармаларда дәстүрлі, қарапайым монологтың қызметін атқарады және оның ішкі монологтан тағы бір айырмашылығы жүйелі сөз болып келеді.

Ал, ішкі монологта жүйелілік сақтала бермейді. Монолог түріндегі жүйелі сөзден ішкі монологтың айырмашылығы да осында, яғни бір ойды бір ой тірсектеп, логикалық байланысы үзіліп, қайта оралып, қайта жалғасып, көп жағдайда сезім құбылысының тұтастығы саналы түрде сақталмайды. Кейіпкерлердің ішкі сөзінің логикалық байланысын саналы түрде үзіп, ой мен сезім құбылысының тұтастығын сақтамауды ХХ ғасыр басындағы прозалардан кездестіру жат құбылыс емес.Сондықтанда кейіпкердің ішкі сезімін, ішкі толғанысын ішкі монолог түзілімдері арқылы талдау бүгінгі күннің басты мәселесі.

Жалпы ішкі монолог тәсілі - әлем әдебиеті мен фольклорында кеңінен дамыған, дәстүрі бай, әдебиеттің қай жанрында да атқарар көркемдік қызметі зор, дербес бейнелеу құралы.(Г.Пірәлиева Ішкі монолог,Алматы Ер-Дәулет 1994, 6 б )

Ішкі монологтың авторлық және персонаждық түрлері де (формалары) бар. Ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында берілуі мүмкін немесе тура кейіпкердің өз атынан айтылуы да ықтимал.

Жоғарыда аталған еңбек авторы Г.Пірәлиева ішкі монологтың екі түріне үлкен ғылыми тұрғыда талдау жасаған болатын. Оның біріншісі – шығарманың бейнелеу өрісіне монологқа айналған сана-сезімнің қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты көрінеді. Оның өзі үш түрлі жағдайда көрініс табады. Бірінші санадан, еркіңнен мүлдем тыс ішкі монолог (безсознательность), екінші жарым-жартылай саналы, кейде санадан тыс сәттегі ішкі монолог, ол көбінесе, «ой ағысы»(поток сознание) тәсіліне ұласып жатады. Ал үшінші өзін бақылай, қадағалай алатын, жүйелі түрде бағыты айқындалған, шын мәніндегі ойлау үрдісін білдіретін ішкі монолог. Оның қосалқы бір түрі автор өзі тікелей оқиғаға, әрекетке талдау жасайтын монолог.

Ал, екіншісі – оқиғаға қатысатын кейіпкер монологына автордың (әңгіме айтып отырған адамның) қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты. Ішкі монологтың бұл түрінен бірінші, екінші, үшінші жақпен баяндау түрлерінің қай-қайсы да тікелей сабақтас болып келеді.

Қазіргі көркем проза-күрделенген, жанрға бай, көркемдік тәсілдері мол үлкен бір әлем. Ол әрине, адам, оның рухани әлемі тіршілік еткен қым-қиғаш қайшылығы мол қазіргі өмір күрделігінен, жалпы өмір шындығымен тығыз байланысты.

Ішкі монолог – көркемдік бейнелеу тәсілі екенін көркем шығарманың кейіпкер образын танудағы жолдардан байқауға болады.

Көркем шығармадағы кез-келген көркемдік тәсіл – монолог, диалог, портрет, образдар жеке-дара тұрып көркем шығармада ешқандай роль, қызмет атқармасы белгілі. Сондықтан да жазушысы кейіпкерінің ішкі сезімдерін тек ішкі монологпен емес, өзге де бейнелеу құралдарымен өзара сабақтастыра суреттеу арқылы береді. Осы орайда қаламгер өзінің динамикалық психологизмге шеберлегін танытады.

Ал біздің алдағы уақытта зерттеуге алатын тәсіліміз ішкі монолог,оның автор баяндауында кездесетін, сонымен бірге кейіпкер ойлауындағы түрлерімен қатар көркем прозада ішкі монологтың қолдану жағы: бірінші және үшінші жақтарда. Автор көркем шығарма барысында қандай жағдайларға байланысты ішкі монологқа баратындығына талдау жасау.

Жалпы, ішкі монолог тәсілі – адам баласының ішкі ойы – үні, жан қойнауы, иірімдері, құпия сырлары, адам санасында, ойлау үрдісінде жүзеге асатын сан алуан құбылыстар бүгінгі таңда тек әдебиетшілердің ғана емес, жалпы адамзат тану ғылымдарының зерттеу нысаналарына айнала бастады.

Қай шығармасын да асықпай, баппен, қиналып жазатыны рас. Көп ізденіпғ көп ойланады, жазатынан сызатыны көп. Ақылдың артықтығы, кеңестің көптігінен қашқан оны көрмедік. Соның салдары шығар, әзірге ол тек жалпы адам нәсіліне ортақ мұраттарды ғана жырлап келеді. (Т.Сыздық Парасат безбені немесе Ә. Кекілбаевтың көркемдік әлемі. Қазақ тілі мен әдебиеті журналы 2002 жыл №1 саны 25-30 беттер).

«Үркер» мен «Елең - алаң» - қазақ әдебиетіне үлкен үлес болып қоылған шығарма. Біріншіден жазушының кең тынысты эпикалық қарымы, жазу шеберлігі өз шабысын енді ғана тапқандай сезіледі. Екіншіден, шығарманың бас кейіпкері - Әбілқайыр ханның жан күйзелісі, ішкі әлемінің арпалысы автордың да қиял қанатына кең тынысты өріс, оралым тартқан секілді. Үшіншіден, бұл романның жалпы құрылысына қолданылған көркемдіктің құралы мол. Шығарманың композициясында бір бунақтан келесі бунақ, бір көгеннен келесі желінің сипат алуы, оқиғаның жалаң баяндалмай – кейіпкер әрекетін даралауда, айқындауда өзара іштей үйлесіп жатуы әсірелеу машығы ой мен оқиғаның іштей жымдасып ұштасуы, ең керметтілігі - осылардың баршасын кібіртік қақпай, қайталамай төгілтіп, суреттеп жеткізе алған щұрайлы тіл байлығын тұшынта білді. Жоғарыда атап өткен ішкі монологтың авторлық және персонождық түрлерін зерттеуімізге арқау болған ХХ ғасырдың 80-ші жылдары қалың оқырман қауымға қазақ халқының өз бас бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі туралы үлкен еңбек ұсынған Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарына талдау арқылы көз жеткізуге болады.

Ішкі монологтың авторлық түрлері негізгі үш жағдайда байқалады.

Бірінші: ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында берілуі.

Мысалы: «Патша сарайының нұсқауы өз алдына, Тевкелевтің ойлап келе жатқаны осы. Осы жолы Бекович-Черкасский мен Бухпольцтің кебін кимей, ақ патшаға көкейін тескен ант қағазын алып барса, россияның шығыс дипломатиясындағы жарқыраған жарық жұлдызы бұл болмағанда кім болмақ!

Тевкелевтің көз алдына Петр патшаның қуанғанда жыбыр ете қалатын едірең мұрты елестейді. Бірақ, құдай мұның маңдайына ондай бақытты қимапты ғой. Патшаны қойып, әлгі індетке қарайтын Остерманның шүңірек көзінің қиығының бір қылп еткенін көрсе де осал болмас еді.

Осыны ойлағанда Тевкелев масаттанудың орнына қобалжып қалады. Бақса, Россияның болашаққа артқан үміттерінің басқа батыс елдерінің алдына шығаратын шығыстағы мүдделерінің кілті басқа ешкімде де емес, тек мұның өзінде. Сыртқы істер коллегиясының тілмашы Тевкелев мырзаның ақылы мен айласында,тілінің ебінде, осы жолғы сапарының сәтінің түсер-түспесінде екен...»(Әбіш Кекілбаев, Он екі томдық шығармалар жинағы, 3 том, Үркер романы, Елшілік бөлімі, Өлке баспасы 1999 ж, 62бет ) деген үзінді де ішкі монологтың кейіпкердің, яғни романдағы ірі тұлғалардың бірі Тевкелевтің патша алдына барғандағы ішкі-ой, сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында берілгені айқындалады.

Жалпы автор сөзі Әбіш Кекілбаевтың бір-бірінің жалғасы болып келетін «Үркер» мен «Елең-алаң» романдарында молынан кездеседі.

Романдағы басты кейіпкер Әбілқайыр ханның ішкі толғанысын, халқының қамын ойлаған хан тұрғысындағы ішкі сезімі туралы берілген жолдары да ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі ретінде көрінеді.

«... Кеше атына сергек қонған сияқты еді, бүгін бойы зіл тартып қалған ба қалай...

Мынау тағы да таусылуға таяу жаз күні көңілге жабыраңқы ой қашырғандй күні кеше қымыранның бетіндей көпіршіп шыға келген желбірек көңіл арада күн өтпей жатып баяғы кермек дәмін қайта тапқандай. «Әлгі Тайланның үйінде тым желпілдеңкіреп кеткен жоқпын ба осы?»-деп ойлады ол. Көптен ат ізін салмаған досының ықыласының буы ма, жоқ балының жақсыға көрінгені ме - әйтеуір алдына шаншылтып үйіп әкелген шара табақты әй-пәйға қаратпай еңсеріп тастапты. Қасындағыларға да шеңгелін толтырып үсті-үстіне асатып бағыпты...( Әбіш Кекілбаев, Он екі томдық шығармалар жинағы, 3 том, Үркер романы Тығырық бөлімі, Өлке баспасы 1999 ж, 236 бет). Мұнда автор кейіпкері Әбілқайырдың досы Тайланның үйінен қайтқандағы,оған өзінің ашқан балынын жорытқандағы ішкі толғанысы мен сезімін, автор сөзі арқылы береді. Жазушының ой шеберлігі тұрғысында айтар болсақ, жазушы өзінің кейіпкеін сомдауда тіл ғылымында кездесетін әртүрлі стильдік тәсілдерді қолдана білген.

Көркем шығарма тілін зерттеу - жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігін қарастыру болып табылады. Көркем шығарма тілі - көркем композицияның элементі. Көркем шығарма стилі - жазушының мақсатты түрде пайдаланған тілдік құралдар жүйесі. Олар әдеби бағыт, шығарманың тақырыбы, образдар құрылысы, суреткердің шығармашылық ерекшелігіне бағындырылған.

Кейіпкер болмысын айқын танытатын тілдік тәсілдер - диалог пен монологтар. Осы диалог пен монологтың айырмашылығы, олардың өзіндік сипаттамасы туралы Г.О. Винокур, Л.В. Щерба, В.В.Виноградов, Л.Г. Якубинский еңбектерінде алғаш сөз болды.

Ғалым Х. Кәрімов кейіпкердің төл сөзі көркем шығармада диалог және диалогтық дара реплика түрінде ғана емес, сонымен қатар монолог түрінде берілу мүмкіндігін академик В.В. Виноградовтың «Көркем әдебиетте сөйлеудің диалог қана емес, монологпен де байланысты және кейіпкердің өзіндік образын ашуға бағытталған субъективті - стильдік формалары жиі пайдаланылады», - деген ойын басшылыққа алады.

Рас диалог пен монологты бір-бірінен ажырату оңай бола бермейді. Өйткені диалогтық және монологтық репликалардың арасында үзілді-кесілді, дәлме-дәл, абсолюттік шекара жоқ. Мәселен «Жалған диалог» (мнимый диалог) деген де бар, яғни диалогтық формада айтылғанның бәрі бірдей диалог емес, кейбір репликалар монолог бола алады, басқаша айтқанда, монолог диалогтық формада келе береді. Бұл жағдайда диалогтық, монологтық, сөз кестелерінің алуан түрлі болып араласып, әрекеттесіп қолданылуын туғызады (Х.Кәрімов Қанатты тіл. Санат, 1994.30-31б).

Жалпы көркем прозадағы бейнелеу тәсілдерінің бірі - ішкі монолог. Ішкі монолог - кейіпкердің ішінен айтылатын сөз, «іштей сөйлету, өзіңді -өзің іштей саралау ішкі монолог кейіпкердің ой - сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында берілуі немесе тура кейіпкердің өз атынан айтылуы да ғажап емес.

.....«Таяқ жеген адамның жалқылдап ісіп кеткен көзінің алдындай боп көкжиекке көк мұнар көлкиді де тұрады. Ол аласа нәрсенің бәрін жермен жексен қып жерге сіңіріп жібереді де, дәл төбесі қылтиған нәрсенің бәрін серейтіп – серейтіп көкпен тайталастырып қояды. Сосын мына ұшан даладағы қай қарайғанның аласа, қай қарайғанның биік екенін біліп көр. Әне, анадайдағы қарауыл төбенің басындағы сақшының өзі қолындағы найзадан бетер жіңішкеріп, көзге еміс-еміс қана қылаңдатады. Қапелімде, сол бір сабақ жіптей жіңішке нәрсенің қашан қимылдағанын, не деп белгі бергенін аңғарудың өзі қиын.

Ашық іргеге оқтын-оқтын көз тастап отырған Әбілқайырға сол көк мұнардың ішінде теңселіп тұрған қылдырық қарауытқан қимылдап тұрғандай көрінеді.

Бірақ сол қозғалса, бер жағындағы әр жер, әр жерге топ-топ қып иіріп қойған сақшы қостары да қарап тұрмас еді ғой. Шапқылап шабармандар келмес пе еді! Бәрінің де аяғына жем түсе қалған. Ешбірі тырп етпейді. Көлкіген көк мұнар. Құбасұр кеңістік, тылсым тыныштық.

Хан іргеден көзін тайдырды. Бет - аузы ісіңкі. Көзінің алдында жалқаяқ көгіс бар. Онсыз да домалақ бас сүйегі одан сайын тарсиып ісіп кеткендей. Жанары еш нәрсеге тағаттамай айналасына есеңгірей қарайды. Ала көзіндегі ұшып - қонып тұрған қарашық сидиып-сидиып ұйып қалған аяқтары көптен көңілін құрсап тұрған шыдамның шар болат сауытының да сетіней бастағанын сездіргендей.

Иә, сабыр да қашанға сарқылмасын! Ойлаған ойыңнан шығып жатсаң, бұның бәрі әлі-ақ ұмыт болар-ау, ал....» (Ә.Кекілбайұлы он екі томдық шығармалар жинағы. 4т. «Үркер» романы. Елшілік тарауы Алматы, Өлке,1999. 63-64б).

Осы берілген мысалда кейіпкердің ішкі сезімі, яғни ішкі монолог автор баяндауы арқылы беріліп отыр. Автор кейіпкердің ішкі ойын, сезімін дала табиғатының сырымен астарластыра берген. Сонымен бірге кейіпкердің алдағы ойының, күткен хабарының халық тағдырымен сабақтас екенін көрсете білді.

Ішкі монологқа тікелей қатысты кейіпкер бойынан табылатын түс көру, оны жорыту, ішкі дауыс, ішкі диалог, ойағысы т.б. көркемдік бейнелеу тәсілдері Әбіш Кекілбаевты өзгелерден бөліп көрсететін жазушылық шеберлігі екені анық.

Адамның сезім-күйін, ой толғанысын, күйініш-сүйінішін барлық қайшылығымен асқан шеберлікпен шынайы әрі дәл де танымды нақышпен бейнелейтін психологиялық романның ерекшелігі жанрлық талап пен автордың кәсіби шеберлігінде жатыр.

Шығармада авторлық баяндау көп ретте кейіпкерлердің көзімен, ойымен беріледі. Сондықтан бұл баяндауда тосын сипаттамалар, астарлы атаулар аз кездеспейді(Р.Сыздық Сөз құдіреті. Алматы, Санат, 1997. 84б).

Мысалы: «...Мынау қарғыс атқан даланың шегі мен шетінің қапелімде, жеткізе қояр түрі көрінбейді. Зығырданың қайнағанда кімді боқтарыңды да білмейсің. Үйде қалған қатыныңды боқтайын десең, ол жазғанның да шұлғауыңды жуып бергеннен басқа жазығы шамалы. Астыңдағы атыңды боқтайын десең, о да ақ тер – көк тер боп барын салып келеді.

Ой, тоба-ай, патша сарайында отырғандар да ойына не келсе, соны істейді екен-ау! Ар жағындағы француз, ағылшын, неміс, шведтер жетпегендей, жер түбіндегі майтымақтармен келіссөз жүргізіп, елші сабылтқандары да еріккендіктің бір түрі шығар...» (Ә.Кекілбайұлы он екі томдық шығармалар жинағы. 4т. «Үркер» романы. Алматы, Өлке,1999. 7-9б).

Жоғарыдағы үзіндіде берілгеннің барлығы – авторлық баяндау. Бірақ автор бұл сөздердің барлығын романдағы кейіпкердің бірі елші Тевкелевтің ойы ретінде беріп отыр. Тевкелев елші болып келе жатқан ақ патшаның бір қолы. Ол романда қазақ халқының елі мен жерін бір кісідей білетін жан секілді, қазақ халқының ханы мен билеріне өз іш-сезімімен сипаттама бере отырады. Ен даланың қалай екенін, ондағы адамдардың өзін қалай қабылдайтына іштей болжам жасап отырады.

Көркем шығармада авторлық идеяның жазушы еркінен тыс, сәл өзгеше түрде жүзеге асуы жиі кездеседі. Мұндай үрдісте композициялық элементтер қарым-қатынасының ролі зор.

Монолог арқылы мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Шығарма идеясының не бір нәзік тұстары, кейде автор мақсатының басты дәні көп ретте ішкі сөздер ағымымен бейнеленеді. Ашық тілдесулердегі тәрізді үнсіз ой жүйелерінде де образдың даму логикасына сәйкес психологиялық дәлелдемелерді қажет ететін тұстары да кездесіп жатады.

В.Е.Хализев: «Кейіпкер монологтарында (әсіресе ішкі монологтарда), ортақ төл сөздерде лирикалық медитацияларда интеллект қызметімен байланысы жоқ және «ақыл-ес бақылауынан» тыс көңіл-күй әуендері қамтыла түседі. Айтылар ойлар адамның сол сәттегі толғанысынан көшірме емес, сөзсіз, пікірсіз жан қозғалыстарының шартты өрмегі ретінде көрінеді-дейді. (В.Хализев Речь как предмет художественного изображения. Мына кітапта «Литературные направления и стили». Москва, 1975. 105б).

Зерттеуші шығармашылық шабыттағы аса маңызды сәттерді, мәселен автордың кейіпкерді бейнелеудегі тікелей қарым-қатынасын, сонымен бірге автордағы ой тазалығын сұрыптайды. Ішкі монолог бір шарттылық түзіліммен құрылмай, автор мен кейіпкердің байланысы арқылы, ақыл-ес бақылаулары арқылы адамның ішкі ойы жарыққа шығады. Мұнда тілдік түзілімнің барлық тәсілдері көрініс табады. Автор өз ойын жеткізу үшін кейіпкердің белгілі бір нәрсе туралы ойына ішкі монологты кірістіреді. Сонымен бірге кейіпкерін ұзақ толғандырып, сұрыптап айтқызу ішкі монологтың ең негізгі тұсы болып табылады.

«Құдайға шүкір, түтіні тік ұшып, иті оңға жүгіре бастаған сияқты. Енді тек мына жаз жақсылығымен шығып, орыс ұлығы сөзінде тұрып, жаңа шаһарына шақырып, жарқыратып той жасаса, Әбілқайырдың қуғаны жетіп, қашқаны құтылды, айтқаны келіп, атқаны тиді дей беріңіз.

Құдайға шүкір, қазір өзі құлақдар жерде, ақ патшаны білмейді, қалған билеушілердің тап бұлай талабы жанып тұрғандары шамалы. Ине жұтқан тазыдай Ханбалық пен Петербордың арасында кезең қыңсылап қонтайшының жүрісі анау. Екі бүйірден күнде түртіп, екі тақымнан күнде шымшып кетіп отырған көп күндестен қорлық көріп торғауыт ханының отырысы мынау!

Ағалары келіп, алдары босағанмен тақтан күдерлерін тірідей үзіп шашылып ішіп, қақалып жұтып жәдік тұқымының отырысы анау...

«Тәуба, тәуба!»( (Ә.Кекілбайұлы он екі томдық шығармалар жинағы. 5т. «Елең -алаң» романы. Алматы, Өлке,1999. 142б).

Автор Әбілқайырдың атынан сөйлей отырып, автор баяндауының қызметін жоғарлата түсті. Әбілқайырдың ішкі тұтастық жағын әсем бейнелендіруде. Ішкі монологтың автор баяндауындағы тұрақтылығын көрсету үшін жазушы кейіпкердің ішкі толғаныс пен ой тосқанын көрсете білді.

Жазушы көркем шығармада кейіпкерлерін ұтымды сомдау арқылы қалың оқырманға бір елдің тарихи дәуірін бейнлеп берді. Шығармадағы кездесетін стилистикалық амал-тәсілдердің барлығы өз кейіпкерін айқын суреттеуді көздейді.

Көркем шығарма мәтіні мынадай субъективтік тұлғалардың күрделі, өзара әрекетшіл қарым-қатынастарынан тұрады: автор арнайы әңгімелеуші және кейіпкер. Автордың әрекет ету аймағы қатаң әдеби тіл нормаларына негізделген баяндауды жасайды. Кейіпкердің әрекет ету аймағына диалог жатады. Онда әдеби емес: қарапайым, ауызекі сөйлеуге тән элементтер де қатар қолдана береді. Ал арнайы әңгімелеушінің әрекет ету аймағы осы екі шектің (автор және кейіпкер) аралығын алып жатады, ол бірде авторға, бірде кейіпкерге жақындайды, кейде тіпті екеуінің біреуімен әредік немесе мүлде қосылып кетуі мүмкін.

Осылардың қарым-қатынастарында қайсысының басым болуына қарай негізгі екі композициялық-стилистикалық баяндау типі ажыратылады: 1) автор атынан жүргізілетін баяндау типі; 2) басқа біреудің (кейіпкер не әңгімелеуші) атынан жүргізілетін баяндау типі.

Автор атынан жүргізілетін баяндау типі өте күрделі және көп қырлы болады. Өйткені ондағы баяндау әдеби тіл үлгісіне құрылғандықтан, көптеген стильдік ерекшеліктер қолданылады. Мұнда автор мен кейіпкер тілінің өзара формалары туындайды.

Баяндауды субъективтентірудің екінші түрі кейіпкер тарапымен байланысты. Бұл жағдайда субъектінің «көрінуі» тікелей , анық және жабық, «жасырын» түрлерде болады. Кейіпкердің ашық көрінуі – диалог пен монологта жүзеге асады (Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы, 1999,42-43б).

«...Әбілқайыр басын көтеріп алып еді, қып- қызыл күн екі шошақ жақпар тастың арасына барып қыстырыла қапты. Сай табанда қимас бірдеңкесі бардай көзін сатып сығалай қарап тұр. Әбілқайырға ол бірдеңке елестеткендей болды. Немене еді сол?! Ойына ештеңе түсіре алмады. Қып – қызыл күн қылмың - қылмың күліп қяды. «Е, қан жалаған қызыл қаншық секілді екен ғой. Опасыз уақытқа қара жерде не болып жатса да, бәрібір екен ғой. Қан ағып жатыр ма, у ағып жатыр ма, адам өліп жатыр ма, шыбын қырылып жатыр ма, - оған бәрібір. Оған әйтеуір, мынау уылжыған дүниенің құлазып бос тұрмай, жым - жырт тыныш тұрмай, дүрлігіп жатқаны керек екен ғой! » (Ә.кекілбайұлы он екі томдық шығармалар жинағы. 4т. «Үркер» романы. Алматы, Өлке,1999. 83б).

Бұл үзіндіден ішкі монологтың автор баяндауындағы кейіпкерлердің ойын байқауға болады. Жазушының сөз саптауындағы сөздер арқылы көркем прозаның стилдік жағын байқауға болады.

Жазушы «Үркер» мен «Елең– алаң» романдарында авторлық баяндауды таңдағанымен, ол көбіне кейіпкер секілді сөйлейді, кейіпкер секілді ойлап, толғанады, яғни кейіпкер кейпіне енген, роліне көшкен автор оқырман алдына көп шығады. Кейде тоқтаусыз оқып келе жатып ішкі монологтың кімдікі (автордікі ме, әлде кейіпкердікі ме?) екенін айыра алмайтын жағдайлар да кездесіп жатады. Ол жазушылық шеберліктің айнасы іспеттес. Авторлық баяндаулар білінбей кейіпкерлердің ішкі ойына ұласып жатса, енді бірде кейіпкердің ішкі ойы, толғанысы автордың комментариіне үнсіз қосылып ұласып жатады (Пірәлиева Г. «Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі». Фил.ғыл.канд.ғылым дәрежесін алу үшін жазылған дисс. Жұмысы. Алматы, 1994ж89-90б).

Жалпы жазушының кейіпкерлерін сомдаудағы қолданылған стилистикалық тәсілдердің бір – бірімен ұласып сабақтасып жатуы, яғни ішкі монологтың автор баяндауында, кейіпкер ойлауындағы тәсілдері өте көп. Ішкі монолог арқылы бір ғана кейіпкермен барлық болмыс атауына сипаттама бергендей.

Көркем прозадағы диалог және оның түрлері жайында сөз қозғау үшін, ең алдымен төл сөздің айналасындағы айтылатын автор сөзіне тоқталған жөн. Өйткені көркем шығармада ол да белгілі стильдік қызмет атқарады. Ғылыми грамматика мен зерттеулерде бұл «автор сөзі» деп аталып жүр. Грамматика тұрғысынан бұл әбден орынды жәйт. Себебі кейіпкер сөзіне байланысты автор атынан айтылатындар авторлық баяндаудың бағытын жалғастырады, сөздік құрамы жағынан автор сөзінің бір бөлігі саналады. Ал стилистика ғылымы үшін бұлай атау жеткіліксіз. Неге десеңіз «автор сөзі» дегенде авторлық баяндау, суреттеу, мінездеу тілінде кейіпкер сөзіне байланысты айтылған авторлық түсініктеме сөздерді де бірдей ұғынуға болады. Стилистикада бұл екеуін көркемдік қызметі жағынан алғанда екі түрлі құбылыс деп танып, бір-бірінен ажыратып қарастырудың зор мәні бар.

Жалпы стилистика ғылымы тұрғысынан алғанда, сөйлеу формаларының заттық мазмұны мәтінді құрап, сол арқылы шығарманың көркемдігін аша алады.Сөйлеу формалары көркем прозаның композициялық- тілдік қабатының ішкі құрылымын құраса, оның сыртқы қабатын автор сөзі, төл сөз, ортақ төл сөздің әртүрлі типтері құрайды.

Автор сөзі өзі білдіретін затқа тура бағытталған, ол өзі бейнелейтін нәрсені тікелей түсіндіруге арналған.

Төл сөз- кейіпкер сөзі – бұл да өзі бейнелейтін затқа тура бағытталған, сонымен бір мезгілде оның өзі де автордың бейнелеу обьектісін құрайды. Автор сөзі кейіпкер сөзінің ешнәрсесін өзгертпейді, оны тек өзінің мақсатына ғана бағындырады.

Осындай автор сөзі арқылы берілген диалог, ішкі монолог тәсілдері Ә.Кекілбаевтың көркем шығармаларында көптеп кездеседі.

Жалпы қазақ прозасындағы ішкі монолог тәсілінің өзге де көркемдік компоненттермен өзара сабақтас бірегей қызмет атқаратыны шығарманы оқып отырғанда байқалады.

Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» «Елең-алаң» романдарының барлық

кейіпкерлері көбіне ой толғаныс, тебіреніс үстінде жүретін болғандықтан монолог тәсілі өте көп қолданылады.

Көркем әдебиетте өмір шындығын әрі сенімді, әрі айқын көрсетілуінің

бірі – кейіпкер сөздері. Кейіпкер сөздері диалог, монолог, ішкі монолог тәсілдері арқылы жүзеге асады. Жазушының көркем шығармада кейіпкерлерді сөйлете отырып, олардың мінезін, атқаратын қызметін, өмір сүрген ортасын және қарым-қатынас асайтын адамдарын әр қырынан ашуды тілдік- стильдік мақсат ете білген.

Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы басталғаннан романның басты кейіпкері Әбілқайырдың



  • Біссіміллә!

Көптен бері қару ұстамай балғын тартқан салалы саусақтар ақ шарқат

қалтадан ақ жаймаға саудырап төгілген қырық бір құмалақты, қырық бір жиде тасын, әуелі үшке бөлді.

Сол жақтағы шоғырды төрт-төрттен санап, артылып қалған бір құмалақты сәл жоғарыраққа оқшау апарып тікті. Ортадағы шоғырды санап, артылып қалған бір құмалақты әуелгі біреудің оң жақ қатарына әкеп шаншыды. Үшінші шоғырды да әлгіндей қып санап шықты. Үш тасартылды. Оған оқшау тастың оң жақ қатарынан орын алды.

Қалған құмалақтарды араластырып жіберіп қайта таратты. Бұл жолы сол жаққа-екі, ортаға – екі, оң қанатқа төрт құмалақ шықты. Олар алдыңғы қатардың астыңғы жағынан екінші қатар құрады. Үшінші қатарда сол жаққа бір, ортаға, оң жаққа үш тас түсті.

Дөң маңдайдың астындағы тостағандай томаға көз шашырап жатқан жиде тастарын сұп-суық ызғарымен шағып жіберетіндей шашыла қарайды.

Мөлт қара сақал-мұрт қыбырсыз. Бозарыңқы дүрдік еріндер бір-біріне жабысып қалғандай... (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы 3 том, Үркер, Тығырық тарауы, Алматы Өлке баспасы 1999 ж, 209 бет).

Жол күткен, сары уайым уақытта құмалақ тастап жол тосуын автор өзінің атынан баяндау арқылы ішкі монологтың автор баяндауындағы тәсілін ашқандығы байқалады.

Көркем прзада авторлық идеяның жазушы еркінен тыс, сәл өзгеше түрде жүзеге асуы жиі кездеседі. Мұндай үрдісте композициялық элементтер қарым-қатынасының ролі зор. Өйткені әдеби туынды жазылып біткенде ғана творчестволық еңбек стихиясы айқын көрініс ала бастайтыны мәлім.

Көркемдік интерпретациядан өтетін өмір шындығының сенімділігіне айқын кепілдердің бірі- кейіпкер сөздері. Қаһарманның тек өзіне хас дара характері оның сөйлеу мәнерінен көрінеді. Бұл, әрине, диалогтың эстетикалық мәнін анықтайды. Монолог арқылы да мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Басқадай көркемдік мәтін түрлерімен салыстырғанда ішкі монологтың даму тарихы тым ықшам. Дау жоқ, авторлық төл сөз әрдайым сүбелі үлеске ие. Оны ішкі монологта диалог сияқты идеялық-композициялық қажеттіліктерге байланысты әр эпизодтарда алмастырып отырады. (Б.Майтанов «Қазақ романы және психологиялық таладу» 289-291 бет)

Көркем шығармадағы ішкі монолог – бұл адамның көңіл-күйіндегі ішкі тербелісті, кейіпкердің ой ағысын бейнелеу және оны кейіпкер арқылы беру автордың асқан шеберлігінен туатын дүние. Ішкі монологты зерттеушілер «сана асқыны» принципін алғы шарт етіп қояды.

Ішкі монологтың авторлық түрінің екінші бір түрі – бұл тура автордың өз атынан айтылңан ішкі монолог.

Біз зерделеп отырған автордың екі романында да автордың өз атынан айтылған ішкі монологтар көптеп кездеседі.

Ғалым Г. Пірәлиева өзінің «Ішкі монолог» атты еңбегінде мысал арқылы Ақбілектің сорлылығын білдіруде автор өз атынан айтылғандығын кездестіруге болады. Ал Әбіш Кекілбаевтың, яғни автордың өз атынан айтылған ішкі монологтарына мысал келтіруге болады.

Мысалы: «... Ол – атақты Әйтеке би. Тұлға-тұрпаты, жүріс-тұрысы, жан-жағына көз тастасы елдің қас-қабағын баққан биден гөрі қасындағылардың бәрінен айдынын асырып асқақтай қарайтын батырға келіңкірейді. Бірақ, билік дегеннің де батырлықтың бір түрі ғой. Шырғалаңы мен шытырманы көп қыр тіршілігінде қырық құйқылжыған қырқылжың дауларда бір пәтуаға тұрақтау барымтаға барып қайтудан әлдеқайда қиын шаруа. Оған да тілдің ебімен қоса жүректің тәуекелі керек-ті. Ал, тәуекел қазақта бір кісіде жеткілікті болса, осы Әйтекеде жетклікті болар реті бар. Ол мынау далиған даланың төрдегі ақ сүйегі мен есіктегі қара сүйегіне бірдей қадірлі, бірдей батымды еді...» (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы 3 том, Үркер, Тығырық тарауы, Алматы Өлке баспасы 1999 ж, 294 бет)

Автор атынан айтылған ішкі монолог, романдағы кейіпкерлердің ішкі толғанысын, сонымен бірге олардың қоғам алдындағы беделі мен өз бойындағы мінездеріне талдау жасауға көмектесері хақ.

Ішкі монологтың автор атынан берілуі, автордың сөз саптауымен және қай қоғамдағы кейіпкерді бейнелей алуына ерекше мән беруі ішкі монолог тәсілдерін аша түсетіндей. Ішкі монологтың автор атынан берілуіне, оның стильдік-көркемдік бейнелері автордың өз қалауы мен алынып отырады. Бірақ мұнда автор мен кейіпкер арасы айқын байқалып тұрады.

Мысалы: «... Ендеше, Тевкелев мырза, алыс Уфа воеводасының қарауына жолың түсіп тұрса, оған да мың-мың шүкіршілік айт! Бұл заманда жендеттің қара балтасы мен дар ағаштың қыл тұзағынан басқаның бәрі жақсылық, бәрі шүкіршілік!

Ендеше, Тевкелев мырза, алдыңда қол арбада бөксесімен жоғарға жағының бәрін түбіт орамалмен орап алып, саған сығырая қарап отырған, түріне қарап ұлтын, жынысын, жасын, қызметін ешбір айырып болмас жұмбақ адамға, Россия тағдырын қолына ұстап отырған үшінші адамға, вице-канцлерге, шын мәніндеге канцлердің де өзі граф Андрей Иванович Остерманға кеш қалмай тұрғанда: «құп болады!» деп құлдық ұрып қал...» (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы 3 том, Үркер, Елшілік тарауы, Алматы Өлке баспасы 1999 ж, 18-бет).

Бұл үзінді де автор өз атынан кейіпкері – Тевкелевтің елшілікке жүрер алдындағы Россияны басқарып отырған үшінші адамның алдында тұрғандағы ішкі сезімі баяндалады. Автор өз атынан баяндау арқылы шығармадағы кейіпкер роліне кіреді. Келтірілген мысалдарды ғалымдардың пікірінше автор монологы немесе шығарма монологы деуге болады.

Ішкі монологтың авторлық түрінің үшінші түрі – кейіпкер рөліне көшкен автордың өзі, ішкі монологы ретінде келуі.

... Соны ойлағанда отырған жері өз-өзінен шөгіп бара жатқандай еңсесі түсіп кетеді. Жүрегінің басынан біреу сілті құйып жібергендей. Іші – бауырының бәрі ылжырап жидіп қоя береді. Кеше ғана аяғының астында нық жатқан қара жер бүгін асау аттың сауырындай, абай отырмаса, көзін ала беріп, аударып тастап кетердей.Қара жер... Қара жер... Қашан өз құшағына алып, өмірем қаптырғанша, жүрегіңнің басын май ішкендей қылшылдатады да отырады – ау... Осы жолы ол басқа бір елден келер бейтаныс мейманын күтіп жүрмегендей... Өлшеулі тағдырдың мерзімді шегін тосып отырғандай... Аяғын бір аттаса – ақ, аз күндік алдамшы болмыстың жеміріліп бара жатқан ақырғы жұрнағы да күрт опырылып, оны аз күндік қана үйреншікті фәниден беймәлім бақидың құрдымына біржола лақтырмақ секілді. Баяғыдан бері діңкесін құртып келген тыпыр – тыпыр тіршілік, өлермендікке салып ілгері өңмеңдеген есек дәме ертеңнен бастап көл-көсір шалқи жөнелетіндей көрінетін де тұратын келешекке артқан телегей-теңіз үміт-арман бәрі-бәрі мынау ай асты қимыл-қыбырдың қай-қайсысы сияқты пәтуасы жоқ, татуы жоқ тұрлаусыздыққа, мағынасыздыққа айналмақ секілді. Мағынасыздық... Мағынасыздық... Мағынасыздық... Қай жағына қараса да көретіні,табатыны тек сол ғана!...

Қақ төрде алшайта қондырған алтын тақ тұр.Ал, онда не мағына, не қадір-қасиет бар? Құлазыған қу тақты жағалай жайғасқан игі жақсы қайсы? Қасың мен қабағыңа қараған халқың қайсы? Аяғыңның астына етпеттей жығылып еңкілдеп жатқан айыптың қайсы?...(Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы 3 том, Үркер, Елшілік тарауы, Алматы Өлке баспасы 1999 ж, 65-бет).

Жоғарыдағы мысалдан кейіпкер роліне көшкен автор сөзін анық байқауға болады. Автор белгісіз бір кейіпкер, яғни жасырын бейне арқылы баяндап отыр. Автор баяндауындағы ішкі монолог, яғни Әбілқайырдың ішкі толғанысын автор өз атынан баяндап отыр.

Көркем шығармадағы баяндау стилін автордың тікелей өз атынан оқиғаны баяндауы, кейіпкерге мінездеме беруі, олардың іс - әрекеттеріне бағалауы, күйініш – сүйінішті, оқиға болып жатқан жағдайды суреттеуі, осының бәрін ол өзі құрайды. Сондықтан да қатысушыларды мінездеп – суреттейтін, оқиғаны баяндайтын автор сөзінің маңызы зор болады.

Романда автор баяндаушылық қызметін кейіпкер ретінде білдіре отырып, авторлық сана мен бас кейіпкер санасын тұтастырып отырады. Жазушы өзінің шеберлігін автор баяндауында көрсете отырып, кейіпкердің ішкі ой ағысын толық ашады.

«Сергелдең көңіл күніне қырық қайтара ойланып, қырық қайтара толғанса да, осы бір екі әзәзіл сұрақтың ындынын қандырар тұрлау, тоқтам таба алмайды. Екі ұдай сана бірде: «Бұның бәрі де әншейін лақап. Арманшыл көңілдің қайдағыны қайдан тауып ап жүргені. Сенбе, сенбе!»- деп азғырса, бірде: «Бәрі де рас әңгіме. Есіңнен қалай шығып кете қойды. Шайқас та, жиын да тап биыл, биыл болғанда да үш-төрт айлықта болған оқиға. Болмады десең, достарыңды қойып атарға оғы жоқ қастарыңнан барып сұрашы! Не дер екен? Түркістандағы Әбілмәмбет базарға барған кез-келген майтымақ биді ұстап ап: Әбілқайыр алтын тақтың иесі, әз Тәукенің баласы Болат хан өліп жатқанымен шаруасы жоқ, бір бес жүз жоңғар аман кетті екен деп талағы тарс айырылады,» - деп күстаналап жатпаса, қыдыра жалды қара атты тайпалта жорғалатып, жал-жалдың басындағы әр ауылдан бағылан жеп жүрген Барақ: «Ел болып қайрат қылып жеткен жеңісімізді Әбілқайыр тағы да бір өзі иемденіп кетпекші... Баяғы Жайық бойындағы қалмақтармен болған шайқастардағы азғантай абыройдың бәрін өз қанжығасына өңгеріп кетіп дәндеген. Бұл жолы қысылтаяң жерде Абылай айла таппағанда ұрыстың артының қойболды боп кетуі әбден мүмкін еді,»-деп кәукіп отырмаса, маған кел!...» (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы 3 том, Үркер, Елшілік тарауы, Алматы Өлке баспасы 1999 ж, 146-бет).

Бұл жолдарда автор баяндауы арқылы бас кейіпкердің ішкі монологы, яғни ішкі сана тасқыны беріліп отыр. Әбілқайыр айналасындағы адамдардың ойын білу үшін өзінің санасындағы екі ұдайылықтан сұрау арқылы, жеңстің қалай келгендігіне түсінік береді. Бұл шынтуайтқа келгенде – автор баяндауының үлкен жемісі.

Автор өзінің кейіпкерлерін жай ғана адам қалпында, яғни батырды батыр, ханды хан, биді би, халықты қарапайым ел тұрғысында бергісі келмей, олардың әрқайсысына бір ұлылықты дәріптей суреттейді. Қай кейіпкерін алсақта бір толғаныс, бір ой үстінде жүреді.

... Өзіне салса, мына керік немелерге өзінің жерде жатқан аяқ асты кісі емес екенін сездірудің бір-ақ жолы қалған сияқты. Ол – қазақтан тысқары бір пәрмендік патшаның шапағатына ие болу. Қазақтың маңында ондай патшалық та толып тұрған жоқ. Бірі – орыс та, бірі – жоңғар. Жоңғармен әмпейі боп не абырой табарсың! Ал, орыс патшасына қазақтың жүгіріткен қанша аты, жұмсаған қанша елшісі босқа арам тер болды. Патшамен әмпейі болам деп Тәуке ештеңе шығара алмағанда, Қайып ештеңе шығара алмағанда бұл не шеғарып көктетер дейсің! Тағы да шаптырған елшіні баяғы Қойбағар құсатып қайтарып жіберсе, не істейсің?! Онсыз да төбеңде ойнап отырған жұрт одан сайын төмпештің астына алмай ма?! Бірақ, бұл жолы: «Қол астыңа бодан болып кіремін, сен – басшы да, мен - қосшы», - деп басын ашып айтса, қайтеді... (Әбіш Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы 3 том, Үркер, Елшілік тарауы, Алматы Өлке баспасы 1999 ж, 149-бет).

Міне осындай үзінділерден автор баяндауындағы ішкі монологты байқауға болады. Әбілқайырды іштей сөйлете отырып, автордың өзі жасырын қатысып отырады.Кейіпкерлерін сөйлете отырып, олардың аузына түрлі сөз орамдарын салу арқылы, әрқайсысының мінезін қалыптастыру, қарым – қатынас жасайтын адамдарын әр қырынан стильдік мақсатта көрсету - Әбіш Кекілбаев шығармаларының ең ұтымды тұстары.

Кейіпкер сөзі – жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол кейіпкердің мінез-құлық, қыпрларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден-бір көркемдік амал.

Ішкі монологтың персонаждық түріне тоқталар болсақ, негізі ішкі монологтың бәрі кейіпкердің ой – санасы арқылы жүзеге асырылады. Ішкі монолог таза кейіпкердің төл сөзі – ойы болғандықтан ол тегінде жалқы. Бірақ олардың берілу формалары сан алуан, бейнелеу тәсілдері де әрқилы болып келеді. (Гүлзия Пірәлиева «Ішкі монолог» 1994 20бет)

Персонаж сөзі – кейіпкердің жан әлемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі.

Академик Б.М. Храпченко: «Толстой шығармаларында ішкі монолог ой ағымы түрінде жиі беріліп, ішкі сөздің стихиялы дамуын, ойлаудың ағысын, кейіпкердің қайғы – қасіретін көңіл-күйін, өзіне-өзі, өз эмоциясыына, айналаны қоршаған адамдарға берген бағасын білдіреді»,- деп бағамдайды. (Храпченко Б.М Горизонты художественного образа Изд-во «Худ. литература» Москва 1986г )

Осы берілген тұжырымға мысал ретінде мына үзіндіні айтуға болар еді. ....Бала ханзаданың көкірегіне тығылып отырған әлде бір бозторғай қанатын қомдап талпынып – талпынып қалғандай. Мынау әлі ызғары кеппеген сылпық көктемде, жан – жағы қалқып жатқан телегей су жатқан жерде құлағына бір тамыз айында туырлық арасынан шілделік шырылдағандай өте – мөте сүйкімді, өте – мөте таныс дыбыс келді. Ол өз көңілінен бейуақ оянған тылсым сағыныштың талықсы үні еді. Ол бұны алғаш сонау Найзакескеннен аттанып бара жатып аңғарған – ды. Айдалада жолдарына аңтарыла қарап қалған айғыр топ адамның қақ ортасында состиып тұрған әкесі әлә көз алдында. Кейінгі жылдары иығы жығылып еңкеш тарта бастаған тұла бойында сыр бермеген тек ырғайдай ұзын мойыны.Жанарын қайда салып, назарын кімге аударып тұрғанын сездіргісі келмегендей, томаға көзін енді кіреукеленіп келе жатқан көкжиектің әлдебір тұсына қадап, қазықтай шаншыла қалыпты. Жат елшінің соңында артына жалтақ – жалтақ қарап бара жатқан бұған да көзі жөндеп түсіп тұрмағандай. Түні бойы анасын тас қылып құшақтап, бауырына басын тығып, көрер таңды көзімен атқыып шыққан қаршадай баланың пәлен күннен бері қаралай қабынып кеудесіне симай келе жатқан жүрегі өмірінде алғаш рет сонда шаншыды. Әкесін ойлап шаншыды. Оның ырғайдай мойыны қаншалықты қақшия түссе, екі иығын соншалықты зілбатпан ауыр жүк басып тұрғанын да сонда сезгендей болды...(Ә.Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы, 5 том.Елең-алаң романы, Тәуекел бөлімі. Алматы Өлке баспасы 1999ж 13-14 беттер)

Мұндағы ой толғаныс кейіпкердің сөйлеуі арқылы емес, ішкі түсінігі арқылы жүзеге асып тұр. Жазушының сөз ұстанымы, кейіпкерлерін өмірдің барлық сәтсіздіктері мен қайшылықтарына төзе білетіндей етіп тудыруы, жазушы тілінің бір қыры деп білген жөн.

Ғалым М. Атымов «монологте көбінесе сөйлеуші адам өз өмірі мен өзінің ішкі жан-дүниесіне тереңдей еніп, өз психологиясынан хабар береді. Жазушы қаһарманның өзімен-өзін сөйлестіру арқылы оның өзінен басқа сездіргісі келмейтін жасырын сырларына дейін оқушыны жетектеп, ертіп апарады»,-деп ой тастайды. (М.Атымов Қазақ романдарының поэтикасы. Ғылым баспасы, Алматы, 1975ж, 125 бет)

Ішкі монолог арқылы кейіпкер психологиясы ашылып, мінез-құлық ерекшелігі, кейіпкердің өзіне ғана тән сипат белгілері, оның ішкі дүниесінің қыртыс-қабаттары ашылады.

Кейіпкер өз ойымен өзі, адам ішіндегі адаммен (человек в человеке), яғни санамен, оймен сырласу арқылы шындыққа жол ашады. Суреткер адамның осындай ойлау үрдісін тек монолог арқылы бере алады.

Ішкі монолог – адамның психологиялық құбылыстарын, ішкі жан дүниесін ашып, образ сомдауда сүбелі үлес қосатын бейнелеу құралы. Адам жанын жегідей жеген жан жарасының аузын, тәңір тек өзіне, адам ішіндегі адамға ғана бар сырын ақтарып, шерін тарқатады. Көркем шығармада ішкі монолог арқылы берілетін мұндай құбылысты Д.М. Урнов былай деп тұжырымдайды: «Одиночество-основное условие «внутренного монолога». Оставшись один или мысленно обращаясь к самому себе, человек «проговаривается». Таково исходное условие всякого, повествовательного самоанализа» (Д.М. Уринов «Процесс и результат»(Литературные произведения в оценке англо-американский «Новый критик» Изд. Наука 1982г )

Ой, ішкі ой – жалғыздықтың таптырмас серігі. Кейіпкер өз ойымен өзі, өзімен-өзі сөйлеуге ғана шешім қабылдайды, оны тек өзі шешеді. Жазушы кейіпкер тіршілігін қадір-қасиетіне , үміт-ынтасына, іс-әрекетіне қарай оқиға бойында бейнелейді. Суреткер өмірдің бұралаң жолындағы адам психологиясын, толқуын, тебіренісін сананыңүздіксіз күресін, сезім күйін нәзік шеберлікпен суреттейді. Кейіпкердің аузына сөз асла отырып, образ табиғатын, олардың ой-толғаныстары мен құпия сырларын ашу мақсатында ішкі монологке жүгінеді.

Жазушы өзінің суреткерлік шеберлігін кейіпкердің жан дүниесін ашу барысында қолданылған кейіпкер ойлауы, оның өмірге, қоғамға деген көзқарасы арқылы танылады. (Еңсебаева Күләш Кенжебекқызы «Қазіргі көркем әдебиеттегі кейіпкер тілінің стильдік қызметі» алматы, 1999ж фил.ғыл.канд.ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертация 67-70беттер)

... Пәлен уақыттан бері бола ма, болмай ма деген оқиға болып, келе ме, келмей ме деген қонағы келіп, дегеніне жетіп отырса да, осы өткен айдың ішінде көңілі бір селт еткен емес. Мана ақ патшаның жіберген сый-сияпатын киіп тұрғанда да, әншейінде өрекпіп, аузына келіп тығылатын жүрегі бүлк етпестен жатып алды. Қайта көңіліне қаяу түсті. Мына қазақ менің қай дәуірлегеніме де қуанбай, бәрінің артын қой болдыға айналдырып жіберді де отырды – ау деп ойлады. Ордабасындағы жиын көрген түстей, мәңгінің қиялындай болып ол өшті. Аңырақайдағы жеңіс арты төбелеске айналған тойдай тырым – тырағайлап бұл бітті. Енді, міне, ауылыма ақ патшадан елші түсіріп айбынымды асырам ба деп едім, бұ да жетім қыздың тойындай іри-тіри боп барады. (Ә.Кекілбаев. Он томдық шығармалар жинағы,4 том, «Үркер» «Елшілік» бөлімі. Алматы Өлке баспасы 1999 ж6 201бет)

Мұндағы Әбілқайырдың ішкі ойын, оның жан сезімін автор ішкі монолог арқылы әсем суреттей білген. Бұл суреттеу ішкі монологтың кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысынан берілген ішкі монолог.Ішкі монолог – көркемдік бейнелеу тәсілі. Көркем шығармадағы кейіпкер мен автордың арасындағы өзара сабақтастық шығарманың сюжетіне үлкен әсер етеді. Әрине кез-келген көркемдік тәсіл, бейнелеу құралдары жеке дара тұрғанда ешқандай көркемдік қызмет атқармайтыны белгілі. Шығарманың поэтикасының өзі сөз өнеріндегі түрлі көркемдік – тәсілдер мен бейнелеу құралдарының жиынтығы екендігін естен шығармағанымыз жөн.


  1   2   3   4


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет