Жүрек-қан тамырлар жүйесі өсу және даму үрдісі барысында елеулі өзгерістерге ұшырайды. Жаңа туған нәрестелерде жүректің массасы үлкен емес (небәрі орташа есеппен 25г), сол жақ қарыншаның қалыңдығы оң жақ қарыншаның қалыңдығынан 1,4 есеге ғана артық болады. Бұлшық ет талшықтары жіңішке, ядролары көп, дәнекер тіні нашар дамыған. Жүрек бұлшық еті қан тамырларына бай, көп нерв бағаналары бар. Артериялар мен капиллярлардың саңылаулары кең, қан ағу жолы қысқа. Осы ерекшеліктері, жүректің жұмысын жеңілдете отырып, үлкен адамдарға қарағанда, 2 есе тез қан айналымын қамтамасыз етеді. . Өмірінің бірінші 2 жылында тіндердің дифференциялануы болмаса да, жүректің қарқынды өсуі байқалады. Жүрек массасы мен көлемінің өсуі бұрынғыдай қарқынды болмаса да, 3-10 жаста да басым жүре береді, Осы кезеңінің соңында жүректің жүйке аппаратының қалыптасуы аяқталады. Миокардты қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларының саңылауы ұлғаяды, ірі қан тамыры бағаналары түзіледі. Сонымен бірге, жүректің дәнекертіндік негізінің жеткіліксіздігі және бұлшықет тінінің бос болуы, сондай-ақ қан тамырлары мен лимфа тамырлары әлі де мол болып қала беруі, патогенді микрофлораның кедергісіз еніп, таралуына, инфекциялық-қабыну үрдістерінің дамуына жағдай жасайды.
Бала өмірінің алғашқы айларында жүректің соғу жиілігі минутына 120-140 реттен 7-10 жаста 85-90 дейін төмендейді, бірақ жиырылу ырғағы бұрынғысындай тұрақсыз болып қала береді. Жүректің өсуімен қатар, бірақ сәл кешуілдеп, қан тамырларының өсуі және олардың саңылауларының салыстырмалы түрде тарылуы жүреді. Систолалық артериялық қан қысымы өседі, 7-10 жаста ол 100-105 мм сынап бағанасын құрайды.
Пубертаттық кезеңде жүректің өсуі қайтадан күшее бастайды, бірақ, енді ол бұлшықет тіні құрылымының белсенді түрде өзгеріп жатқан фонында жүреді. Бұлшықет талшықтары диаметрінің өсе бастағандығы миокардтың қалындауы мен сол қарыншаның бозбалалық гипертрофиясының дамуынан байқалады. Жүректің қарқынды өсуі бозбалалық жас басталған кезде де жалғаса береді. Алайда, миокардтың қызмет атқару мүмкіншіліктері артериялық жүйенің өсуінен біршама артта қалады. Сонымен қатар, жыныстық жетілу кезеңіндегі белсенді эндокриндік өзгерістерге байланысты, жүрек-қан тамырлары жүйке орталықтарының қозғыштығы жоғарылайды. Осыған байланысты, артериялық қан қысымының жоғарылуы, жүрек жиырылуы ырғағының бұзылулары, функционалдық шудың пайда болуы сияқты, жүрек қызметінің бұзылыстары байқалуы мүмкін. Бұл бұзылыстар біраз уақыттан кейін жойылады, бірақ жүктемелерді шектеуді, жұмыс және демалыс режимін, дене шынықтыру тәрбиесін ұтымды ұйымдастыруды, спортпен шұғылдану түрлері мен болашақ кәсібін дұрыс таңдауды қажет етеді..
Жас балалардың тыныс мүшелері жүйесінің, үлкен адамдардың тыныс алу жүйесіне қарағанда, айтарлықтай айырмашылықтары бар. Жоғарғы тыныс жолдары, кеңірдек пен бронхтары тар, олардың шырышты қабықтары қан-тамырларымен мол қамтамасыздалған. Өкпе көпіршіктері жетілмеген, ацинусы бір ғана камерадан тұрады. Өкпе көпіршіктерінің жалпы беті, үлкендердікіне қарағанда, 30 есе аз. Өкпедегі қан ағысының қарқыны жоғарырақ.
Бірақ, тыныс алуының терең болмауы нәтижесінде өкпеде, әсіресе төменгі бөлігінде, ауа алмасуы жеткіліксіз. Тыныс алуының терең болмауы кеуде торының жоғарғы бөлігінің тарлығынан, қабырғаларының көлденең дерлік орналасуынан және диафрагманың биік тұруынан, өкпенің тыныс алу кезінде қозғалысының шектелеуіне байланысты. Өкпеде қажетті ауа алмасуы жиі тыныс алуымен қамтамасыз етіледі, ол жаңа туған нәрестелерде минутына 40-60 ретке дейін, 2-3 жастағы балаларда минутына 25-30 ретке дейін жетеді. Бұл жаста әлі де тыныс алудың ырғағы дұрыс емес. Жоғарыда аталған анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты, бұл жас кезеңінде дамитын өкпенің қабыну аурулары, өкпе тіндерінің көп бөліктеріне тез таралуымен сипатталады.
6-7 жаста өкпе тіндерінің қалыптасуы аяқталады, бұл тыныс алу тереңдігінің өсуіне және жиілігінің азаюына, өкпенің тіршілік сыйымдылығының біртіндеп ұлғаюына мүмкіндік тұғызады. Сонымен бірге, тыныс орталығының қозғыштығы жоғары қалпында қала береді, соған байланысты, дене еңбегі немесе эмоционалдық жүктемелер тыныс алу ырғағы мен жиілігінің айтарлықтай бұзылыстарына әкелуі мүмкін. Келесі жылдарда да өкпе тінінің өсуі жалғаса береді, тыныс алу тереңдігі мен тыныс алудың минуттық көлемі, өкпенің тіршілік сыйымдылығы біртіндеп ұлғая береді. Тыныс алу жиілігі минутына 18-22 дейін қысқарады.
Жеке мүшелер мен жүйелердің де, бүкіл ағзаның да бүтіндей дамуында маңызды орын алатын жүйке жүйесінің морфологиялық-функционалдық қалыптасуы бала өмірінің бірінші жылдарынан ақ басталады. Бала миының массасы қысқа мерзім ішінде – туған уақытынан 3 жасқа дейін - 360-390 грамнан 1100 г дейін өседі. 7 жаста ол 1250г жетіп, ересек адамның миының массасына (1400г) жақындайды. Келесі кезеңдерде ми массасының өсуі едәуір баяулайды. Олармен бір уақытта құрылымдық өзгерістер қарқынды түрде жүріп жатады. Жүйке жасушалары көбеймейтін болса да, аксондардың өсуі жәе олардың миелинденуі, дендриттердің өсуі мен тармақтануы белсенді жүреді, нейрон аралық байланыстарының саны артады. Бұл үрдістер, әсіресе мидың үлкен жарты шар қыртысында белсенді түрде өтеді, соның нәтижесінде ерте жастан-ақ өте маңызды шартты рефлекстер қалыптаса бастайды, одан кейін екінші сигналдық жүйе - сөйлеу дамиды. Пайда болатын шартты рефлекстер, қоршаған орта факторларының әсеріне бала ағзасының бейімделуін жеңілдететін стереотиптер түрінде бекітіледі. Сондықтан, бала өмірінің алғашқы күнінен бастап, күн тәртібін сақтаудың маңызы зор. Бала күнінде қалыптасқан стереотиптер өте мықты және оларды өзгерістерге ұшырату қиын болады.
Жас балалардың ми қызметінің жетілуі әлі жеткіліксіз болғандықтан, қозу үрдістері тежелу үрдістеріне, ал иррадиация үрдістері концентрация үрдістеріне қарағанда, басым болады. Жүйке жүйесі үрдістерінің осындай ара қатынасы және олардың тұрақсыздығы 8-9 жасқа дейін сақталады. Қозу үрдістерінің басым болуы мен ішкі тежелудің жеткіліксіздігі салдарынан, ми қыртысы жасушалары оңай әлсірейді де, қажу тез дамиды. Қозу мен тежелу үрдістерінің иррадиациясы басым болуы жетілмеген қимыл үйлесімділігінің, шыдамсыздықтың, бірдемеге белгілі бір уақыт бойына назар аударуы қиындығының және дамыған қажудың салдарынан тез ұйықтап қалудың себебі болып табылады. Бала ағзасының осы ерекшеліктері күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруды, ой еңбегі жүктемелерінің қарқындылығы мен ұзақтығын нормалауды, жеткілікті ұйқы мен демалуды қамтамасыз етуді талап етеді.
Жыныстық жетілу кезеңінде орталық жүйке жүйесінің қыртыс асты бөлімдерінің қозғыштығы едәуір артады және ішкі тежелудің барлық түрлері әлсізденеді. Сондықтан жасөспірімдерге эмоционалдық қозғыштық, психикалық ұшқалақтық, вегетативті дисфункциялар, жоғары деңгейде қажу тән. Осы өзгерістер денсаулық жағдайының ауырырақ бұзылыстары дамуының себептері болуы мүмкін, олардың алдын-алуға оңтайлы гигиеналық және қолайлы психологиялық жағдай жасау арқылы қол жеткізуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |