7-дәріс.Атмосфералық жауын шашын
Атмосфералық ауа құрамында әрқашан тұрақты су булары болады. Ауа құрамындағы су буы мөлшері 14 000 км3 шамасында. Атмосфераға су булары жер бетінен булану нәтижесінде барады. Су буларының көп мөлшерін ауа, мұхиттар мен теңіздер бетінен, аздаған мөлшерін көл мен өзен, өсімдік және топырақ беттерінен алады. Атмосферадағы су буының мөлшері, ауа температурасына байланысты, ауа температурасы неғұрлым жоғары болса, ауа да, соғұрлым өзінде мол ылғал ұстайды.
Су буларының булану қарқыны, булану пәрменділігі мен көлеміне байланысты. Оған негізінен бірнеше факторлар әсер етеді, ең негізгілері– ауа температурасы мен жел. Ауа температурасы неғұрлым жоғары болса, булану пәрменділігі де, соғұрлым қарқынды жүреді. Жел әрекеті де осындай, соғу екпіні неғұрлым күшті болса, булану пәрменділігі де, соғұрлым қарқынды жүреді. Булануға жер беті сипаты да ерекше әсер етеді, мәселен, тақыр жерге қарағанда, өсімдік жамылғысы қалың, шалғынды жер су буын 3 есе мол буландырады. Ал, орманды аймақтарда одан да мол буланады.
Ауадағы су буы мөлшері жыл мезгілдеріне қарай, тәулік ішінде және ауа райына байланысты өзгереді.
Белгілі уақыттағы 1м3 аудағы су буының мөлшері абсолют ылғалдық деп аталады. Абсолют ылғалдық 1м3 ауадағы грамм және мм. сынап бағанасымен есептелінеді.
Ауадағы абсолют ылғалдық мөлшері, ауа температурасымен тікелей байланысты, яғни ауа температурасы жоғары болса, абсолют ылғалдық мөлшері жоғары және керісінше, ауа температурасы төмен болса, абсолют ылғалдық мөлшері де мардымсыз болады.
Экватор белдеуінде абсолют ылғалдық мөлшері шамамен 25 мм-ге, тропиктік ендіктерде 20 мм-ге, қоңыржай ендіктерде 10 мм-ге, полярлық аймақтарда 2-3 мм-ге тең. Ауа температурасының тәуліктік, айлық және жылдық өзгерісіне сай, абсолют ылғалдық мөлшері де өзгереді.
Абсолют ылғалдықтың тәуліктік өзгерісі негізінен екі түрлі болып келеді:
а) қарапайым өзгерісі. Абсолют ылғалдықтың қарапайым өзгерісінде, бір абсолют минимум және бір абсолют максимум көрсеткіштері байқалады. Ол ауа температурасының тәуліктік өзгерісі көрсеткіштерін қайталайды. Абсолют минимум көрсеткіші күн шығар алдында, абсолют максимум көрсеткіші түс ауа (сағат 14-15) шамасында байқалады.
ә) температура өзгерісін қайталау. Мұнда екі абсолют максимум және екі абсолют минимум көрсеткіштері байқалады. Абсолют максимум көрсеткіштері – таңертеңгі сағат 900-ден, кешкі сағат 8-900 шамаларында байқалса, абсолют минимум көрсеткіштері – таңертең және түс ауа сағат 15-1600 шамасында байқалады. Абсолют ылғалдылықтың мұндай өзгерісі көктем мен жаз айларында байқалады.
Температураның таңертеңгі абсолют минимум көрсеткішінен кейін, буланудың артуына байланысты абсолют ылғалдылық артады да, сағат 9-дар шамасында бірінші абсолют максимум көрсеткіші байқалады.
Түске қарай, жер бетінің қызуына байланысты, ауаның вертикаль ағыны күшейеді. Конвекцияның қарқынды жүруі, жер бетінен көтерілген су буларын, ауаның жоғарға қабатына алып келеді. Булану күшті жүрсе де, ауаның жоғарғы қабатына кеткен су буының орнын толтыра алмайды. Сондықтан абсолют ылғалдық төмендейді, бұл түс ауғандағы абсолют минимум көрсеткіші. Кешке қарай, жер бетінде жүретін конвекция тоқтайды. Бірақ ауа температурасының жер бетінен буландыруға мүмкіншілігі әлі де жеткілікті болады да, ауаны су буларымен молайтады, бұл кешкі абсолют максимум көрсеткіші.
Түнде жер бетінен булану тоқтайды, бірақ су булары, ауаның турбуленттік алмасуы нәтижесінде жоғары қабатқа көтеріле береді. Сонымен бірге, су буларының біразы конденсацияланады да, күн шыққанға дейін, ауаның абсолют ылғалдылық шамасы төмендейді, бұл таңғы минимум көрсеткіші.
Абсолют ылғалдықтың жылдық өзгерісі, ауа температурасының жылдық өзгерісін қайталайды. Абсолют ылғалдықтың жыл ішіндегі абсолют максимум көрсеткіші – жаз, абсолют минимум көрсеткіші - қыс мезгілдерінде байқалады.
Ауадағы су буларының абсолют ылғалдығы үздіксіз арта бермейді, белгілі шегі бар. Ол ауа температурасына байланысты. Ауа нақты бір температурада ғана, белгілі мөлшердегі су буларын қабылдайды да, қанығады. Онан әрі су буларын қабылдай алмайды.
Белгілі бір температурада 1м3 ауаның ең көп мөлшерде ұстап тұра алатын су буларын қаныққан будың серпімділігі немесе максимум ылғалдылық деп атайды.
Максимум ылғалдылық ауа температурасымен байланысты. Егер қаныққан ауаны қыздырса, ол қанығу нүктесінен алыстайды да, тағы да су буларын қабылдайды. Ал, керісінше, қаныққан ауаны онан әрі салқындатса, оның қанығуы артып, су тамшыларын бөліп шығарады.
Егер қанықпаған ауаны салқындатса, ол бірте-бірте қанығуға жақындай түседі. Қанықпаған ауаның қаныққан ауаға айналу температурасы шық нүктесі деп аталады.
Ауаның қанығуға алыс, жақындығы салыстырмалы ылғалдылықпен сипатталынады.
Ауадағы су буларының, осы ауа қаныққанда ұстай алатын су булары мөлшеріне қатынасы ауаның салыстырмалы ылғалдығы деп аталады. Салыстырмалы ылғалдылық ауаның су буымен қанығу дәрежесін көрсетіп, % есебімен анықталады. Салыстырмалы ылғалдылық ауа температурасымен тікелей байланысты. Абсолют ылғалдылық тұрақты жағдайда, салыстырмалы ылғалдылық мөлшері ауа температурасы төмендесе, төмендейді және керісінше жағдайда, жоғарылайды. Себебі, ауа температурасының өзгеруіне байланысты, оның қанығу дәрежесі де өзгереді. Ауа температурасы жоғарыласа, ауа соғұрлым қанығудан алыстай түседі де, ал ауа температурасы төмендесе, соғұрлым қанығуға жақындай түседі.
Атмосфералық жауын-шашынды болжауда ауаның салыстырмалы ылғалдылығын білудің маңызы зор. Егер салыстырмалы ылғалдылық мөлшері 100%-ға жақын болса, жауын-шашын жауу мүмкіншілігі арта түседі және керісінше жағдайда кемиді.
Достарыңызбен бөлісу: |