Тыныс алудың нервтік және гуморальдық реттелуі. Тыныс алу мүшелерінің қызметінің реттелуі әр дәрежедегі реттеу жолдарымен іске асады.
Төменгі дәрежелі тыныс орталығы сопақша мида орналасқан. Ол бір-бірімен тығыз байланыстағы дем алу мен дем шығаруға жауапты екі бөлімнен тұрады.
Тыныс орталығының нейрондарының қозғыштығы көмір қышқыл газының концентрациясына байланысты, яғни гуморальдық реттеу жолы. Оның қандағы концентрациясы артқанда тыныс орталығының нейрондарының қозғыштығы күшейеді де, тыныс мүшелерінің қызметіне қозғау салады. Көмір қышқыл газының тыныс орталығына әсері екі түрлі жолмен іске асады:
а) нейрондарды қоректендіретін қанның құрамының тікелей әсері;
б) рефлекторлы жолмен көмірқышқыл газының арнайы хеморецепторларға әсері.
Бұлардан басқа да рефлекторлы түрде болатын тыныс алу мүшелерінің қызметінің реттелуінің де маңызы үлкен. Айталық, дем алғанда өкпе керіледі де, оның қабырғасындағы және қабырға аралық еттер мен диафрагмада орналасқан арнайы барорецепторлар тітіркенеді. Оларда пайда болған импульстер орталыққа тепкіш жол арқылы сопақша миға барып, оның нейрондарының қызметін тежейді де, дем алу тоқтап, дем шығару басталады. Өкпенің керіліп созылуы тоқтасымен тыныс алу орталығына баратын импульстер тоқталады, нейрондардың қозғыштығы артады да, қайтадан дем алу басталады. Тыныс орталығы бұзылса, дем алу тоқталып, тіршілік те жойылады.
Дем алу мен дем шығаруды реттеуге ми жарты шарларының қыртыстары да қатысады. Адам жаттығу арқылы өз еркімен дем алуды тоқтата алады. Бірақ бұл организмнің жаттығу дәрежесіне байланысты. Мысалы, әдейі жаттыққан индиялық иогтар ұзақ уақыт тынысын тоқтата алады.
Спортпен шұғылданатын адамдардың тыныс алуының минөттік көлемі 200 литрге дейін болатыны мәлім, ал спортпен айналыспайтын адамда ол не бары 70-80 л ғана болады. Ми қыртыстарының тынысты реттеуге қатысуының дәлеліне спортшылардың жарыс алдында, студенттердің емтиханға кірерде тынысы жиіленетіні мысал бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |