Жәрмеңкелерде сауда операциялары айырбас түрінде немесе ақша түрінде жүрді. Орыс көпестері жәрмеңкелерден ете үлкен пайда түсірді. Патша үкіметінің қазақ даласындағы сауда саясатының тонаушылық, отаршылдық сипаты болды. Дегенмен қазақтардың табиғи томаға-тұйық шаруашылығының ыдырауына жол ашты.
Жәрмеңкелер жылдың төрт мезгілінде өткізілді. Сондықтан оларды маусымдың жәрмеңкелер деп атайды. Қазақтар үшін, әсіресе жазда өтетін жәрмеңкелердің маңызы зор болды. Бұған алыс аудандардан жылқы, ірі қара, қой, ешкі және мал шаруашылығы өнімдері: тері, жүн, киіз, май, мүйіз, жылқының қылын әкеліп өткізіп, өздеріне қажетті заттарға, үн, шай, ыдыс-аяқ, т. б. айырбастады.
Бұлардың ішінен рынок үшін арнайы өндіретін ұлттық сауда буржуазиясы өсіп шықты. Қазақтардың арасынан шыққан саудагерлерді: ұсақ, орта және ірі деп үшке бөлуге болады. Мәселен, XIX ғасырда қазақ байларының, алыпсатарларының, саудагерлерінің, приказчиктерінің, делдалдардың ірілі-ұсақты жалпы саны 40 мыңға жеткен. Дегенмен ресейлік және ортаазиялық сауда буржуазиясының бәсекелестік әсерінен қазақ буржуазиясы әлсіз болды. Ұлттык капитал толығымен қалыптаса алмады.
Революцияға дейінгі Қазақстанда жергілікті рыноктардың бірігуі негізінде ұлттық рынок қалыптасып үлгермеді. Оған отарлық езгі, жекелеген аймақ арасындағы экономикалық байланыстардың әлсіздігі, ру қатынастарының сақталуы әсер етті.
Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аудандарында сауда-экономикалық ынтымақтастық ұлғайды. Қазақ-қытай сауда орталықтары ретінде Омбы, Петропавл, Семей, Көкшетау, Верный және т.б. калалар өсіп-көркейді. Қазақстан жері арқылы жүргізілетін орыс-қытай сауда қарым-қатынастары Құлжа, Айгүн, Пекин, Санкт-Петербург келісімдері негізінде жандана түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |