1 Ұлттық білім беру моделі менің көзқарасыммен


МЕДИАСАУАТТЫЛЫҚ-АДАМНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ӘЛЕМДЕГІ НЕГІЗГІ ДАҒДЫСЫ



бет30/33
Дата07.02.2023
өлшемі258.9 Kb.
#469265
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33
Дайын эссе жинағы (2)

80 МЕДИАСАУАТТЫЛЫҚ-АДАМНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ӘЛЕМДЕГІ НЕГІЗГІ ДАҒДЫСЫ
Біз білетін сауатты адам әріп танып, қолына қалам ұстай алады. Әріп таныған адам мәтін оқып, оның мағынасын түсіне біледі. Оқыған адам өзі шимақтап, біртіндеп жазуды үйренеді. Бұл – мектеп табалдырығын аттаған кез келген бала машықтанатын қабілеттер. Баршаға аян нәрсені неге тәптіштеп айтып отыр дерсіздер? Сол оқып отырған мәтіннің түрі мен түпкі мағынасын түсіну қаншалықты қиын болуы мүмкін? Бір қарағанда, оп-оңай.

Ал мақаламызға арқау болған медиа сауаттылық тұрғысынан келгенде әріден бастауға тура келеді. Ең алдымен «медианың» не екенін анықтап алайық. Бірден газет-журнал, радио, телевизия, интернет дерсіз. Қолыңыздағы кітап пен смартфон, көше бойындағы жарнама тақтайшалары, дүкеннің маңдайшасы, фильм, көне ескерткіштер, видео ойындар, музыка, аңыз-ертегілер мен ауызекі сөзге дейін медиаға жатады дегенге не дейсіз? Медиа – ағылшынша medium сөзінің көпше түрі, ақпарат жеткізетін кез келген коммуникация құралын осылай атауға болады. Енді технологияның қарыштап дамуымен енген медиасауаттылық ұғымы нені білдіреді?


Біз жоғарыда айтқан ақпарат құралдары арқылы адам күніне қанша ақпарат алатынын білу үшін, 2020 жылы орташа есеппен күн сайын қанша дерек пайда болғанын қарап көрейік. Бұл сан күніне 2,5 квинтиллион байтты құраған. Квинтиллион деген сан мөлшерін бірінші рет көріп тұрсаңыз, жалғыз емессіз. Салыстырып көру үшін 18 нөлі бар екенін айта кетейік. Әрине, осы секілді адам күніне, секундына қанша ақпарат өңдейтінін көрсететін толып жатқан өзге де статистиканы келтіре беруге болады.
Десе де, үй мен жұмыстың арасының өзінде қанша нәрсе көріп, қанша ақпарат оқитыныңызды өзіңіз де біліп отырсыз. Ол мәліметтің барлығына зер салып қарау міндетті емес, миыңыз өзі қабылдап өңдей береді, ал жадыңыз сақтай береді. Бұл ақпараттарға ортақ бір нәрсе бар, ол – авторының болуы. Кез келген ақпаратты таратарда белгілі бір себептің болатынын есте ұстау керек. Ал сол себепті түсіне білу – медиасауаттылықтың негізі.
Бізді қоршаған дижитал заманда ақпараттың қайдан, қандай мақсатпен шыққанын, қаншалықты сенімді екенін анықтау одан сайын қиындай түсті. Дегенмен, мойындағымыз келсе де, келмесе де, бұл бүгінгі күннің ең маңызды қабілеттерінің біріне айналды. Қоршаған ортаны енді танып-біліп, дүниетанымы қалыптасып келе жатқан, болашақта толығымен технология дәуірінде өмір сүретін балаларға бұл, тіпті, өзекті. Медиасауаттылықты балаларды ақпараттан қорғау деп түсінуге әсте болмайды. «Баланың миын улайтын контент көрсетпеймін» деген желеумен теледидарды өшіріп, интернетті шектейтін ата-ананың әрекетімен ақпаратты айыра алатын ұрпақ тәрбиелеудің арасы жер мен көктей.
Медиасауаттылық анықтамаларында бірінші мән беретін нәрсе – адамның сыни ойлай білу қабілеті. Бұл шетінен барлығын сынау емес. Сыни ойлай білетін адам біржақты пікірден аулақ болады, кез келген ақпаратты түрлі ракурстан талдай біледі. Бұл – негізі мектеп жасында қалыптасатын машық. Батыс елдерінде білім алған отандастарымыз біздің білім беру бағдарламамыз осы жерде ақсайтынын жиі алға тартады. Ата-ананың, ұстаздың, не өзінен жасы үлкен адамның айтқанын өздігінен саралап, жеке пікірін білдіру – бұрыс не тәрбиесіздік емес. Кішкентайынан кез келген айтылған нәрсені сұраққа алып, шамасы келгенше талдай білетін балалардың уақыт өте келе сыни ойлау қабілеті қалыптасады. Міне, осы машықты бойына сіңірген бала медиасауаттылықтың негізін меңгерген десек артық емес.
Ақпарат көбейген сайын оның ақиқат не жалған екенін анықтау қиындап кетті. Оған пандемия кезінде толық көз жеткіздік. Коронавирус туралы бұрмаланған ақпараттар әр отбасында талқыланды. Бұған шүбә келтірмейтініміз анық. Вакцина салған жерді магнитпен тексерген талайды көрдік, әлі көретінімізге сенімдімін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолданысқа пандемиядан қаупі кем емес «инфодемия» терминін енгізді.
Жалған ақпараттың кең тарағаны соншалық, медиа және коммуникация саласында фактчекиң бағыты пайда болды. Ол бойынша деректерді тексеріп, хабарлардың рас-өтірігі анықталады. Былтыр пандемия кезінде індетпен қатар, ақпараттық вирустың кең тарағаны соншалық, Қазақстан үкіметі арнайы stopfake.kz жобасын іске қосуға мәжбүр болды. Бұл салада жалған ақпарат мәселесінің кезек күттірмейтінін көрсетті.
Қоғамда медиасауаттылықтың деңгейін көтермесек, салдары қандай болатыны туралы журналист, фактчекер, Factcheck.kz онлайн басылымының редакторы Павел Банниковпен әңгімелестік. Ол бұл мәселенің салдарын қазірдің өзінде байқауға болатынын айтады.
– Қоғамда медисауаттылықтың төмендігі үрейге, сенімсіздікке, денсаулық саласындағы жобалардың сәтсіз болуына, әлеуметтік поляризацияға, жек көрушілікке алып келетінін былтырдың өзінде анық көрдік. Бәрімізге айқын күнделікті көріністің бірі – халық алаяқтардың алдында қорғансыз қалады. Былтырғы статистиканың өзінен алаяқтардың арбауына түскен адамдардың қаншалықты көп екенін көруге болады. Алаяқтар келтірген залал 2019 жылмен салыстырғанда 180 млрд теңгеге артқан. Бұл құқық қорғау органдарына шағымданғандардың үлесі ғана, ақшаға алданғанын айтқысы келмейтіні қаншама. Қоғамда медиасауаттылықтың төмендігінен туындайтын ең қарапайым мысал осы. Ал болашақта ең қорқыныштысы – қоғамдағы поляризация дер едім. Халықтың біртұтастығы бұзылғанда, медиасауатсыз қоғамда үлкен ақпарат ағынын радикалды топтардың теріс ойлары оңай жаулап алады. Бұл – Қазақстан үшін де ең қауіпті мәселе, – дейді сарапшы.
Расымен, интернет алаяқтарды айыра алмау – қауіпсіздік саласындағы үлкен мәселелердің бірі. Жауапкершілік құқық қорғау органдарының мойнына артылғанмен, бұл да медиасауаттылыққа келіп тіреліп тұр. Осы секілді ақпаратты саралай алмай опық жеген жан қаншама. Бұл, әсіресе, әлеуметтік желі мен интернеттен оқыған кез келген мәліметке сене кететін орта жастан асқан адамдар арасында жиі кездеседі.
Мәселенің өзектілігін анықтадық. Оны шешу үшін не істей аламыз? Дамыған елдердің мысалына зер салсақ, бұл мәселе өткен ғасырдың соңында көтеріле бастаған. Сонда зерттеушілер мен сарапшылар медианың қоғамға теріс әсерін саралай келе, күнделікті тұтынатын ақпараттың қайдан, қалай, қандай мақсатпен тарағанын ажырата білу керек деген тоқтамға келген. Осылайша медиасауаттылық деп аталатын пән Батыста мектеп бағдарламасында оқытылатын болған. Қазір әлемдегі басқа да елдер бұл мәселенің өзекті екенін айтып, көбірек көңіл бөле бастаған. Осында бір қуанышты жаңалықты айтпай кетпеуге болмас. Жақында Қазақстандағы медиасауаттылық бойынша алғашқы оқу құралын мемлекеттік комиссия мақұлдап, білім беру мекемелерінде пайдалануға ұсынды. MediaNet халықаралық журналистика орталығы дайындаған оқу-әдістемелік кешенді еліміздегі оқу орындарында қосымша сабақ ретінде өтуге болады деген сөз. Су жаңа оқулық туралы жоба жетекшісі Алена Кошкинадан сұрастырып білдік.
– Біз алдымен сынап көру үшін оқулықты 2019 жылы орыс тілінде басып шығардық. Оқу құралы Қазақстанның төрт мектебінде, тіпті бір университетте сынақтан өтті. Сонымен қатар, Алматы мен Қарағандыда медиасауаттылық курсының бағдарламасы қабылданды. Мектеп және колледж мұғалімдеріне арналған медиа және ақпараттық сауаттылық бойынша тренингтер 2019 жылы басталып, әлі де өтіп жатыр. Енді Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мұғалімдерді оқу құралына негізделген бағдарлама бойынша оқытуды жоспарлап отырмыз. Оқуға тартылған мектептердің толық тізімі жақын арада келісілетін болады, – деді А.Кошкина.
Мақалаға арқау болған мәселенің осылайша іс жүзінде шешім тауып жатқаны қуантады. Енді тек мектеп басшылары бүгін білімді жас ұрпақ тәрбиелеуде олардың медиасауаттылығын көтеру қаншалықты маңызды екенін бірден түсінсе дейміз. Шетелден келген тағы бір «сәндегі» сөздердің бірі ғана деп қабылданбаса екен.
Жалпы, оқулық жоғары сынып оқушылары мен ересектерге де арналған. Бұл туралы жобаның қазақ тіліндегі редакторы Жұлдыз Әбділда айтып берді. Ол елімізде медиасауат деңгейі төмен екенін, тіпті әріптестерінің арасында кездесетінін алға тартты.
– Өкінішке қарай, бізде медиасауаттылық өте төмен деңгейде. Басқаны айтпағанда, әріптестеріміздің өзі ақпаратты тексеруді, оның рас-өтірігіне көз жеткізіп алмай тұрып жариялауға болмайтынын, оған қоса медиа этиканың бар екенін түсіне бермейді, – дейді Жұлдыз Әбділда. Маманның айтуынша, оқулық ақпарат алу, ақпаратпен жұмыс істеу, киберқауіпсіздік, әлеуметтік желілердің біздің өмірімізге ықпалы, қаупі, кибербуллинг бойынша жан-жақты ақпарат береді.
Балалардың сауатын арттыру мәселесі сәл де болса түсінікті болды. Ал дүниетанымы, белгілі бір көзқарасы қалыптасып қалған, өзгерісті оңай қабылдай қоймайтын, көбіне жалған ақпараттың қармағына ілінетін орта жастан асқан азаматтарға қалай көмектесуге болады. Дәл осы сұрақты журналист, фактчекер, Павел Банниковке қойдық. Ол балалардан гөрі ересек адамдарды үйретудің расында қиын екенін айта келе, жауапкершіліктің бір ұшын БАҚ-қа әкеліп тіреді.
– Адам жасы ұлғайған сайын қосымша білім алуға құштар бола бермейді. Сондықтан БАҚ пен басқа медианың міндеті медиа және ақпараттық сауаттылық туралы жиі айтып, қоғамда медиа сауатты адамның жағымды тұлғасын қалыптастыруы керек. Шешімдердің біреуі осы делік. Одан бөлек ойын түрінде немесе кәсіби тегін курстар ұйымдастыруға болады. Десе де, бұл Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдататын сауал, – дейді П.Банников.
Адамзатты басқа тіршілік иесінен ерекшелеп тұратын ақылы мен санасы десек, сол екеуінің ортақ жемісі – сөзге келіп түйіседі. «Ақпаратқа кім ие болса, сол әлемді билейді» деген қанатты сөздің бүгінгі шындыққа қаншалықты сай екеніне күнделікті өмірде көз жеткізіп келеміз. Ендеше осы тұрғыдан келгенде медиасауаттылықты арттыру заманның басты талабы екені сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет