Проактив болу моделі
2.2 Екінші дағды. Түпкі мақсатты жол басында елестетіп алу.
Екінші дағды – ойдағы туындыны біліреді. Ол қиялға – қазіргі сәтте көзбен көру мүмкін емес нәрсені ойыңда құрастыру, алдын ала болжау, елестету қабілетіне, сонымен қатар сана-сезімге – өзінің даралығың мен соған сүйене отырып, өзімізді толыққанды танытуға мұрша беретін дербес, моральдық және этикалық нормаларымызды анықтап алу қабілетімізге негізделген. Бұл дағдының арқасында біз негізгі парадигмаларымыз бен құндылықтарымызға терең бойлап, өзіміздің кім екенімізді, кім болатынымызды айқындай аламыз. Өміріміздің әр бөлігі – бүгінгі, ертеңгі, келесі аптадағы, тіпті келесі айдағы қам-қарекетіңіздің бәрі өзіміз үшін, шынында да, маңызға ие біртұтас дүние контексінде қаралуы мүмкін. Өзіңіздің түпкі мақсатыңыздың айқын бейнесін ойыңызда ұдайы сақтай отырып, кез келген әрекетіңіз өзіңіз ең маңызды деп санайтын талаптарға қайшы келмейтініне әрдайым есеп бере аласыз. Әр күніңіз, тұтас алғанда, өз өміріңіз жайында түсінігіңізге үстелген мәнге толы үлес екеніне сенімді боласыз.
Түпкі мақсатты жолдың басында елестетіп алу – бұл өмірге не үшін келгеніңді айқын ұғынудан бастау, неге ұмтылатыныңды түсіну деген сөз. Ал ол сізге дәл қазір қай жерде екеніңізді анық бағдарлауға және дұрыс бағытқа қарай қадам жасауға мүмкіндік береді. Түпкі мақсатты елестете отырып бастасаңыз, көзқарасыңыз өзгереді.
Шынында не маңызды екенін білсек, оны есімізден шығармасақ және соған сай күнделікті өмірде тек ең маңызды нәрсемен шұғылдансақ, өміріміз мүлдем өзгеше болар еді. Сатыны қателесіп қойсақ, баспалдақтағы әр қадамымыз бізді қажет жаққа жетелемейді. Біз өте жұмысбасты, жоғары өнімді болуымыз мүмкін. Алайда түпкі мақсатымызды елестете отырып бастаған кезде ғана ісіміз нәтижелі болмақ. Егер сіз өзіңіз үшін ең маңыздысы не екенін түсінсеңіз, ал одан кейін өзіңіз үшін шын мәнінде маңызды нәрсемен күн сайын айналысу үшін өз санаңызда сол бейнені үнемі сақтап қалсаңыз, сіздің өміріңіз өзгеше болады. Тиімділіктің негізі түпкілікті мақсатты анық түсіну болып табылады. Әйтпесе, сіз қанша күш жұмсасаңыз да, ештеңе өзгермейді.
«Түпкі мақсатты жол басында елестетіп алу» принципі барлық нәрсе екі рет жасалады деген идеяға негізделген. Ковидің айтуынша, барлығы екі рет жасалады. Бастапқыда адамның ойында, ал кейіннен физикалық түрде пайда болады. Егер зат әлі іске асырылмаған болса да, оны өзгертуге ұмтылу айқындаушы негіз болып табылады.
Мысал ретінде бизнес саласынан қарастырайық. Кәсіпорныңыз табысты болғанын қаласаңыз, әуелі неге қол жеткізгіңіз келетінін анықтап аласыз. Нарыққа ұсынғыңыз келетін қызметті немесе өнімді мұқият ойластырасыз. Осыдан кейін мақсатыңызға қол жеткізу үшін, қажет қаражатты іздеу, зерттеу және әзірлік жұмысы, менеджмент, маркетинг, қызметкер іріктеу, негізгі қорларды қалыптастыру т.б. істермен айналыса бастайсыз. Әдетте сіздің тиімді кәсіпорын құру қабілетіңіз түпкі мақсатты қаншалықты айқын елестете алғаныңызға байланысты. Бизнестегі сәтсіздіктің көбі нарықты білмегеннен немесе бизнесті дамыту жоспары жоғынан, өндірісті дамытуға құятын инвестицияның аздығынан, яғни алғашқы туындыны ойластыру кезеңінде кеткен салғырттық пен қатеден болады.
Достарыңызбен бөлісу: |