Тақырыбы: Қазақ халқының рухани мәдениеті.2-сағат
Жоспары:
Рухани мәдениет туралы түсінік
Қазақ халқының салт-дәстүр мен әдет-ғұрпы
Наным-сенім мен ырым-жорамалары
Қоғамның рухани жаңғыру қажеттілігі
Дәріс тезисі: Адамзат баласы жасаған мәдениет екі түрге бөлінеді. Біріншісі – рухани мәдениет, екіншісі – материалдық мәдениет. Рухани мәдениетке музыка, әдебиет, сәулет өнері, сурет өнері, кескін өнері жатса, адам баласының шаруашылыққа байланысты күн көрісінен туған дүниелері материалдық мәдениетті құрайды. Зиялы қауым арасында, тіпті оқымысты ғалымдар арасында мәдениет және өркениет ұғымдарын шатастырушылық әлі де кездеседі. Осы арада олар шаруашылық жүргізу мәдениетінің, саяси мәдениеттің, экономика мәдениетінің тағы сол сияқты мәдениеттердің болатындығын ескермеді. Осыдан барып, мәселен, көптеген адамдар мәдениетті тек қана өнер туындылары құрайды деп ойлайды да, оны өркениетпен тең қойып, жаңсақ түсініктерге жол береді. Мәдениет тарихында күні кешеге дейін еуропалықтар Батыс дүниесінің ғана мәдениетін мойындап келді. Оларда мәдениет жасаушы тек еуропалықтар делінген кеудемсоқтық теория белең алды. Бірақ Шығыс өркениетін жасаған мәдени мұралардың ғажайып үлгілері оларды өздерінің менменсіген қисындарынан бас тартуға мәжбүр етті. "Мәдениет" деген ұғымның аясы өте кең. Сондықтан да болар, "мәдениет" ұғымының көптеген анықтамасы бар. Адам ой-санасы мен әрекетінің нәтижесінде туындаған құндылықтарды біз мәдениет дейміз. Мәдениетті кейде шартты түрде материалдық және рухани деп екіге бөледі. Қолмен ұстап, көзбен көруге болатын дүниелерді материалдық мәдениет үлгілері дейміз. Ал қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын, тек санамен, түйсікпен қабылданатын мәдениет жетістіктерін біз рухани мәдениет дейміз. Рухани және материалдық мәдениет үлгілерінің арасында тұйық шек жоқ. Кейде материалдық мәдениет үлгілері руханияттың үлгісі болып табылады. Мысалы, сәулет өнері ескерткіші, былай қарағанда, материалдық мәдениет, ал сол сәулет өнерінен халықтың немесе сәулетшінің дүниетанымы, мәдени дәстүрі көрінеді. Оның үстіне, сәулет өнері ескерткішінен көрермен рухани ләззат алады.
Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы. Халқымыз дәстүрге өте бай. Ал салт-дәстүрге бай болу - елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екендігінің айғағы.
Салт-дәстүр деген не, соған тоқталып өтейін. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық.
Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт - дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы дариды. Салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті.
Халқымызда үйлену салтына, жаңа туған сәбиге байланысты, қонақ күту мәдениеті туралы маңызы мен мәнін әлі күнге жоймаы келе жатқан салт-дәстүрлер өте көп. Кейбірі заман талабына сай өзгерістерге ұшыраған болса, кейбірі еш өзгеріссіз бүгінгі ұрпағына жетіп, ұлтымыздың тарапынан қолданысқа ие болып отыр. Тыйым деген – белгілі бір жағдайда ғана жасалуы тиісті әрекеттер, әдеттер. Оның қолданыстан шығып қалғаны болмайды.
Күнделікті тұрмыста, жайшылық кезде атқаруға тыйым салынатын дүниелер. Ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды. Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар тізбегі халықтың өмірінде, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс береді. Ырым мен тыйым адамды тәрбиелеп, жат әдеттерден тыюға бағыттайды. Ырым-тыйымның барлығы халықтың тұрмысына арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |