ҚР-ның Конституцияның 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн ...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» делінген. Бұл ереже Негiзгi Заңның мынадай нормаларында ашылады: азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға, тынығу, заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы (24-бап); жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiне, әлеуметтiк қамсыздандырылуға кепiлдiк берiлуi және ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуi (28-бап); азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмек көлемiн тегiн алуға құқығы (29-бап); тегiн орта бiлiм алуға, конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiлуi (30-бап); адамның өмiр сүруi мен Денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттiк қорғау (31-бап); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттiк қорғау (27-бап); мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасауы, тұрғын үйді заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретiн ақыға беруi (25-бап).
Қазақстан Республикасында жүргізіліп отырған реформалардың негізгі мақсаттарының бірі - әлеуметтік мемлекет құру.
25. Саяси идеологиялар: түсінігі және түрлері. Саяси идеология деп үлкен әлеуметтік топтардың іс-әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат-мүдделерін білдіретін және қорғайтын идеялар мен көзқарастар жүйесін айтады.
Қазіргі кезеңде саяси идеологияныңнегізгі түрлері: либерализм, консерватизм, социал-демократизм, коммунизм, фашизм.
Либерализм – ең алғаш, XVII-XVIII ғғ. қалыптасқан идеология. Негізгі принциптері – адамның еркіндігі, тұлғаның табиғи құқықтары мен бостандықтарының қасиеттілігі мен ажырамастығы, олардың қоғам және мемлекет мүдделерінен жоғары тұруы. Экономикалық салада: адамның жеке меншікке құқығы, нарықтың, бәсекеліктің, кәсіпкерліктің еркіндігі, экономикалық іс-әрекеттің мемлекеттен тәуелсіздігі принциптері. Осыған сәйкес мемлекет бір ғана қызметті – меншікті қорғау, «түнгі сақшылық» қызметін атқарады.
«Консерватизм» ұғымы екі мағынада қолданылады: 1) адамға құнды нәрсені сақтау және қолдау; 2) бұрынғы дәуірдегі артықшылықтарды сақтауға бағытталған өткенді мадақтау. Консерваторлар революцияға қарсы, монархияны қалпына келтіруге және феодалдық-аристократиялық құрылыстың дәстүрлі құндылықтарын қайта түлетуге тырысты. Олар күшті мемлекетті, айқын саяси жіктелу, биліктің төбе топтың қолында болуы, ынтымақтастық, әдет-ғұрып, дәстүрді сақтауды, әлеуметтік теңсіздіктің болуын жақтайды. Консерватизмнің негізгі құндылықтары: тарих, өмір, заң, реттілік, тәртіп, қоғамдық тұрақтылық, дәстүр, отбасы, ұлт, мемлекет және қоғам, билік, сатылану, дін.
Достарыңызбен бөлісу: |