1. Әлеуметтанулық әдіс. Саяси шынайылықты зерттеудің мейлінше іргелі әдістерінің бірі болғандықтан ол белгілі бір жалпыәлеуметтік теорияларға сүйенеді. Бұған саяси шынайылықтың қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылысына қатаң тәуелділігін анықтайтын қоғамдық дамудың маркстік концепциясы; саяси дамуды көпфакторлы процессс ретінде қарастыратын әр түрлі позитивистік мектептер; әр түрлі елдердегі саяси процесерді салыстырмалы тұйық жүйе ретінде қарастыратын қоғамдық дамудың тарихи-мәдени концепциялары жатады.
Әлеуметтанулық әдіс саяси өзгерістердің терең негіздерін іздеумен және осы өзгерістердің бастауы болып табылатын адамдардың әлеуметтік жіктелуінен туындайтын мүдделердің әр түрлілігін қарастырумен құнды. Бұл әдіс дербес білімдер жүйесі мен өзінің жеке пәні бар ғылымға айналу процесінде тұрған саясаттанудың бір саласы – саяси әлеуметтануда негізгі әдістер қатарында қолданылады.
2. Тарихи әдіс. Қоғамдық құбылыстарды зерттеуде кең тараған жалпығылыми сипаттаушы әдіс. Бұл әдіс маңызды, тұрақты, қайталанбалы заңды байланыстарды анықтау мақсатында саяси өмірдің қандай да бір құбылыстарының пайда болуының, дамуының, қызмет етуінің шынайы бейнесін қайта жасау үшін тарихи ғылымдардың түсініктері мен ұғымдарының көмегіне жүгінеді.
Тарихи әдіс сипаттаушылығымен, фактілерді жүйелеуге ұмтылуымен және осының негізінде құбылыстардың дамуының ішкі қисынын табуымен құнды. Тарихи әдіс – саяси қатынас субъектілерінің барлық іс-әрекеттері өткен және саяси идеялары жүзеге асқан кеңістік пен уақыттағы өркениеттегі саяси тарихын зерттеудің негізгі әдісі.
3. Салыстырмалы-талдау әдісі. Бұл әдіс идеалдық моделді, белгілі бір теориялық конструкцияны жасақтау үшін саяси институттарды, процестерді, оқиғаларды салыстыру, теңгеру, сараптау және жалпылау тәсілдерін қамтиды. Бұл әдіс түрлі тарихи кезеңдердің, аймақтардың саяси тәжірибесін салыстыра қарауға, олардың арасындағы байланысты, ұқсастықты табуға, оларды түрлерге бөлуге мүмкіндік береді.
4. Функционалдық әдіс. Саяси институттардың, саяси қатынастар субъектілерінің қызметін сараптау жолымен саяси процестерді зерттеу әдісі. Аталмыш әдіс саяси шынайылықтың элементтерінің мәнін толық ашуға мүмкіндік береді, өйткені функция арқылы олардың әлеуметтік мәні, қоғамдық-саяси процестегі орны мен рөлі лайықты түрде анықталынады.
Достарыңызбен бөлісу: |