10 «В» класс оқушысы Балмұханова Айгерім Жетекшісі-қазақ тілі



Дата17.07.2016
өлшемі61.6 Kb.




32 мектеп-гимназия




10 «В» класс оқушысы

Балмұханова Айгерім

Жетекшісі-қазақ тілі

мен әдебиет пәні

мұғалімі Алдиярова К.О.

Ақтөбе 2010ж.

«Отан» төрт-ақ әріп.Ғаламның төрт бұрышы.Әріптен қарасақ: «О»-тіршілік дүниесі жер шарына ұқсамай ма, ал «Т»-тіршіліктің тірлігін білдірер арайлап атқан таңы ғой! «А»-құшағында тіршіліктің татулық бесігін тербеткен абзал ана, «Н»-бар жақсылықтың бастамасы, тіршілікке шуағын шашқан алтын күннің нұры емес пе!

Отан-бұл біздің ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы қасық қаны қалғанша сыртқы жаумен күресіп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап, келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырған қонысымыз, ең алғаш шыр етіп жарық дүние есігін ашып,көк майса шөбі мен ыстық құмында аунап, мөлдір өзеніне шомылып,құлын-таймен жарысып,құрбы-құрдаспен көбелек қуып, асыр салып ойнаған құтты мекеніміз.Кең байтақ Атамекен-Қазақстанымның о шеті мен бұ шетіне көз жетпейді.Батыста Каспий маңы ойпатынан шығыста өр Алтай тауларына дейін,солтүстікте Батыс Сібір жазығынан оңтүстікте Алатау жоталарына дейін ұлан-ғайыр.Көкте қалықтай ұщқан құстың қанаты талғандай, жерде жортқан аңның тұяғы тозғандай кең далада дүниеге келіп, бүгінгі таңда бейбітшілік пен татулық бесігін тербетіп өмір сүріп жатқан біз бақытты жандармыз.

Осындай кең байтақ өлкеде қоныс тепкен қазақ халқы даласы қандай кең болса, пейілі де сондай кең,жатты да бауырым деп жақын тартар қонақжай,досқа адал,дұшпанға қатал,Отан үшін от кешер батыр,ержүрек халық.Сонау XVIII ғасырда халқымызды «Ақтабан шұбырынды,Алқакөл сұламаға» шалдықтырып, «Елім-айлап» қорғансыздың күйін кештіріп,жан-жаққа бас сауғалап тарыдай шашылған қандастарымыздың көз жасын төккен «білтелі отты қарулы» Жоңғар шапқыншыларына қол бастаған көсем,сөз бастаған шешен халқымыз ойсырата соққы беріп,қазақтың кең сахарасына көз тігіп,қауіп төндірген жауды күйретіп,жеңіс туын желбіреткені тарихтан белгілі.Содан бері талай уақыт өтіп,халқымыз замана ағымымен өмірдің ыстығына да,суығына да төтеп беріп,құдіретті Кеңес Одағының құрамында күн кешіп жатты.

Бейбіт күннің тағы бір ақ таңы сібірлеп атып келе жатқан.Түн де түндігін түріп,жеті қат аспанда жымыңдап қол бұлғаған жарық жұлдыздар да көзден ғайып болып,әсем ай жүзін көкжиектен кербез арудай керілген күннің алтын сәулесі басқан.Айнала меңіреу тыныштық.Тек сылдырай аққан ерке судың сыңғыр күлкісі мен самал жел тербеген ағаш жапырағының сыбдыры естіледі.Бейбіт өмірдің арайлы таңы!

-Тыңдаңыздар... тыңдаңыздар...сөйлеп тұрған Мәскеу!Неміс фашистері Германия мен Кеңес Одағының арасындағы шабуыл жасамау туралы шартты опасыздықпен бұзып,біздің еліміздің шекарасына басып кірді...-деген диктордың суық хабары бұлтсыз күні төбеден жай түскендей болды.Үнінде діріл бар,сұсты бұл дауыс бейбіт өмірдің шырқын бұзып,еңселі елді есеңгіретіп,шырт ұйқыдан жаңа оянған жұртты даурықтырып,дүрбелеңге түсірді.

Бұл-1941 жылдың маусым айының 22-сі болатын.Еуропаның жартысын қанды көбікке тұншықтырып,күшіне кәміл сеніп,мұздай темір сауыт құрсанып алған неміс-фашист әскері қойға шапқан аш қасқырдай Кеңес жеріне тұтқиылдан баса-көктеп еніп кетті.Ә дегеннен-ақ жолындағы қалалар мен елді-мекендерді айуаңдықпен жайратып,мыңдаған жазықсыз тұрғындарды асып та,атып та жатты.Осы сәтте біздің Отанның тағдыры қыл үстінде тұрды-екінің бірі:не өмір,не өлім.Елдің елдігі,халықтың жарқын болашағы сынға түскен шақта «ереуіл атқа ер салған», «егеулі найза қолға алған» бабалардың жүріп өткен даңғыл жолын жалғастырушы ер-азаматтар қолға қару алып,Отан алдындағы абыройлы борышын өтеуге жанын салды.Мектеп қабырғасындағы оқуын енді ғана аяқтап,жаңа өмірге қадам басқалы тұрған жастардың арман-мұратының ойраны шықты.Жүрегінің түгі бар,ержүрек,көкірегінде туған жеріне деген сүйіспеншілігі алға жетелеп,жеңіске ұмтылған жігіттер мен қырдың қырмызы қызыл гүліндей жайқалып өскен нәзік те жүрек жұтқан аруларымыз жас өмірін жалау етіп әскер қатарына аттанды.Әскерлер мінген көлік артында келер күннен үміт күткен әке,көз жасын көлдеткен аяулы ана мен сүйікті жар,сұм тағдырдың ауыр сынынан бейхабар сәби қимастықпен қол бұлғап қала берді.

Халық қабырғасы қайысып,қатты қиналды.Елге жұмыс күші жетіспегендіктен жас балалар мен әйел адамдар еңбекке тартылды.Әскеріміздің қамын ойлап,ұрыс алаңына азық-түлік пен киім-кешек жеткізу үшін жұрт тыным таппай еңбек етті. «Бәрі майдан үшін,бәрі жеңіс үшін!» деген ұранмен тылда да жұмыс қызу жүрді.Ал майдан алаңында кеудесін оққа тосып,жаумен бетпе-бет ұшырасып,жан алысып,жан берісіп жатты.Жалынды жауынгерлер қайсар ақын Қасым Аманжоловша:

Қасиет-күші Ұлы Отанның

Қанатын бер қыран құстың,

Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың...

Жау жолына атам сені

Бомба бол да,жарыл жүрек!-

деп арыстандай айбатымен,жолбарыстай қайратымен қардай бораған оққа да,әп-сәтте бәрінің күлін көкке ұшыратын зеңбірекке де қарамай,қаскөй жаумен қасарыса шайқасты.Майдангерлерге дем беріп,жеңіске деген құлшынысын арттырған Отанға деген шексіз құрмет пен ел үміті болса,одан кейін жанына жалынды жырларын серік еткен от тілді,орақ ауызды ақындарымыз да ерлерді рухтандырып,намысын ұштап,жігерін қайрап отырды.

Адамдардың айуандығына,олардың су болып аққан қанына, майдан алаңында от кешкен ерлердің батыл іс-әрекеттеріне куә болған қаһарлы қыс,көкорайлы көктем,жайдары жаз,күңгірт күз еді.Жер жүзінің астан-кестеңін шығарған мылтық оғы мен зеңбірек даусынан мезі болған жан-жануар,көкте ұшқан құс тұрмақ,аспандағы күн мен қара түтінге булыққан бұлт,нұрлы ай мен жарық жұлдыздар да адамзат баласына қасірет әкелетін жойқын соғысты тоқтатқысы келгендей.Әттең,қолдан келер шара жоқ,қарлы боранға,аптап ыстыққа,ышқынған желге,күркіреп жауған жаңбырға қарамастан жаумен арпалысып жатқан Кеңес әскеріне демеу болып,үнсіз ғана күйзеледі.

Ұзақ жауған нөсерлі жаңбыр мен үйірілген қара бұлттан соң күн шығып алтын шуағын төгетіні секілді,төрт ғасырдай көрінген төрт жыл дегенде күндіз күлкіден,түнде ұйқыдан арылған,жатса-тұрса елінің ертеңі есінен кетпеген Кеңес әскері тұтқиылдан шабуыл жасаған фашистік неміс әскерінің қалың қолын күйретіп,Жеңіс туын желбіретіп,неміс жерінде Кеңес Одағының байрағын тікті.Баса-көктеп келіп,елді тыныштығынан айырған фашистер сөзсіз тізе бүкті.Еңсесі түсіп есеңгіреген ел қуанышты хабарды естігенде бөркін аспанға лақтырып,кеудесін мақтаныш сезімі билеп,көзіне қуаныштың көз жасын алды.Сонша жыл көріспеген ата-ана бауыр еті баласымен,бала әкесімен,іні-қарындас ағасымен,аяулы жар жан жолдасымен жаңа ағытқан қозыдай жамырасып,құшақтасып,көрісіп жатыр.Бірақ,кейбір ата-ананың көзінің нұры болған перзенттері қан майданнан оралмады.Бұл қаншалықты орны толмас қайғы,өлшеусіз өкініш болса,соншалықты мақтаныш.Себебі олар-Отанды қорғау жолында ерлікпен қаза болған өжет жандар.Сұм соғыста ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен қайсар батырларға түрлі дәрежедегі атақ берілді.Алайда,ешқандай атақ та,ешқандай марапат та Отан үшін жанын пида еткен жандарды қайтара алмайды,атақ пен марапат-неміс әскерін тас-талқан етіп,жеңісті қолдан бермеген жүрек жұтқан ер-азаматтарға деген шексіз құрметтің белгісі.Сондықтан ел үшін етігімен су кешіп,от басқан,ат ауыздығымен су ішкен,ақ қар,көк мұз жастанған батырлар ерлігі еш уақытта ұмытылмасы хақ.

Міне,сұм соғысты бастан өткіріп,жеңіс туын желбіретіп,бейбіт өмір сүріп жатқанымызға 65 жыл толыпты.Мен сұрапыл соғысты көрмесем де,тағдырдың тауқыметін тартпасам да соғыстың әкелген қайғы-қасіреті мен зардабын бар жаныммен түсінем.Осы шығарма төңірегінде қалам тербеп отырғаным да сол жан дүниемнен шыққан толғаныстарымның бір көрінісі.Көңіліме көңілсіздік ұялап,көзіме еріксіз жас келеді.Сұм соғыс талай қыршынның жанын қиды,талай жан мүгедек болып қалды.Ал бүгінгі таңда соғыс ардагерлерінің саны күн санап азайып барады.Сондықтан орайы келгенде ардагерлерімізге қолымыздан келгенше көмек көрсетіп,олардың ерліктерін құрметтеуіміз керек.Азаттық жолында қасық қаны қалғанша күрескен олар-шексіз құрметке әбден лайық жандар.

Ел басына күн туған сәтте бір ту астына жиылып,бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығара білген бабалар ерлігі кейінгі ұрпаққа өжеттік пен батырлықтың тамаша үлгісі болды.Мақтауға тұрарлық баба ерлігінен үлгі-өнеге алған жас ұрпақтың ержүрек,отансүйгіш болып өсетініне,елін жаудан қорғайтын ұлан болатынына сенімім мол.Өз кезегімде ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсап өткен еркіндікке қол жеткізген Тәуелсіз қазақ мемлекетінің перзенті ретінде келешек ұрпақтың жарқын болашағы мен елдің бүтіндігі үшін аянбай күрескен ата-баба есімін мәңгі ардақтап,олардың өшпес рухы мен ардагерлердің ерен ерлігі алдында бас иіп,тізе бүгіп тағзым етемін!

65жыл боп қалыпты біз жеңіске жеткелі,

Кейбіреулер оралмапты сұм майданға кеткелі.

Кейбіреулер көшеде тұр тасқа айналып мүсіп боп,

Көргенде тоқтаймыз да,еске аламыз өткенді.

Отанын қорғап қалған бабам батыр

Отан үшін жер астында үнсіз жатыр.

Бас ием ерлігіне бар бабамның,

Алып кетті оларды қатал тағдыр.

Ұлы Жеңіс күнімен мақтанамын,

Ардагер қарттарыммен шаттанамын.

Пір тұтып қаһарман батырларды,



Мәңгі өшпес рухына табынамын!


Каталог: Pobeda -> Aktobe
Pobeda -> Победа, память, патриотизм через призму наших героев земляков
Pobeda -> Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас аудыны, Тұраркент ауылының
Pobeda -> Шығарма «Жеңіс, ес, отаншылдық»
Pobeda -> Жеңіс деген жақсылықтың сыңары, Жігерленген құштарлықтың құрамы
Pobeda -> Солдаты Победы Новодугинский район Историческая справка
Pobeda -> Солдаты Победы Угранский район
Pobeda -> Более шестидесяти пяти лет назад наш народ подвергся вероломному нападению со стороны фашистской Германии. Черная тень легла на нашу землю
Aktobe -> Жеңіс. Естегілер. Отаншылдық


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет