12 жылдық білім беруде бастауыш сыныптарда ана тілін оқытудың белсенді шығармашылық іс-әрекет негіздері



бет5/16
Дата16.06.2016
өлшемі1.38 Mb.
#139830
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Модульдік оқыту технологиясы. Модуль дегеніміз – қандайда бір жүйенің, ұғымның нақтылатын, біршама дербес бөлігі.

Оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу циклі ретінде үш құрылымды бөліктен тұрады. кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімнен тұрады. Әр оқушы оқу модулінде сағат саны әртүрлі болады. Бұл оқу бағдарламасы бойынша сол тақырыпқа, тақырыптар тобына  немесе тарауға бөлінген сағат санына байланысты.

Сонымен жалпылап айтқанда оқу үрдісінде оқушының тұлғасының дамуына, ықпал жасайтын жаңа технология түріндегі сабақтар үлгісінің бәріне жүктелетін міндеттер жүйесі төмендегідей:

Жаңа технологияны қолдануда оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, үлкен ізденіспен, шығармашылыққа жетелеуге де болады. Нәтижесінде оқушы:



  • Компьютерде еркін жұмыс жасайды;

  • Оқыту процесінде жаңа технологияларды қолдана отырып білімін шыңдайды;

  • Жаңа оқыту үрдісін қалыптастырады;

  • Өздігінен ізденімпаздық қабілеті артады;

  • Ақпараттық сауаттылығы мен ақпараттық мәдениеті қалыптасады.

ӘДЕБИЕТТЕР




  1. Қазақстан Республикасының білім мекемелерінде информатика пәнін оқыту. І том. Алматы, 2006.

  2. Қазақстан Республикасының білім мекемелерінде информатика пәнін оқыту. ІІ том. Алматы, 2006.

  3. С.Елубаев. Математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі. Жалпы бөлім. А., 2006.

  4. Д.Ш.Матрос, Д.М.Полев, Н.Н.Мельникова. Управление качеством образования на основе новых информационных технологий, М.,2001.

ТҮЙІНДЕМЕ


Мақалада жаңа технологиялардың түрлері және олардың ерекшеліктері мен мүмкіндіктері қарастырылған.
РЕЗЮМЕ
В данной статье рассматриваются виды, особенности новых технологий и их возможности.

ОӘК 378.146+371.26



СИНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКА
Ильясов Н.И. – доцент, Ақсақалова Б.Н.-ізденуші (Алматы қ., Қазмемқызпу)
Қазіргі кезде ашық күрделі жүйелерді зерттеуге, оны түсінуге мүмкіндік беретін әмбебап (универсал) заңдарды тұжырымдаудың ең тиімді жолы ретінде синергетика (материя және оның қозғалысының өзқауым теориясы) саналады. Термодинамика жылулық тепе-тең күйлердегі жүйелерді қарастыратыны белгілі, ал синергетика жылулық тепе-теңдіктен қашық жүйелерді зерттейді. Бірақ ашық жүйелерді, олардағы энергия немесе зат ағындары белгілі бір шектерде нөлге ұмтылады деп санап, тұйық жүйе ретінде қарастыра отырып, зерттеуге болады. Осылардан, термодинамиканың негізгі принциптері синергетика тағайындаған жалпы заңдар мен заңдылықтардың шекті жағдайлары болып табылады.

Синергетика (грекше sinergetikos – үйлесе, ұйымдаса әрекеттену деген мағынаны білдіреді) - физикалық, биологиялық, химиялық, әлеуметтік жүйелер мен құрылымдардың арасындағы байланыстарды, оларды тепе-тең емес процестерде, жүйенің өзін қоршаған ортамен зат, энергия және информация алмасуы тұрғысынан зерттейтін ғылымның жаңа әдіснамалық бағыты.

Ашық күрделі жүйелерді зерттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, өзқауым теориясының негізгі қағидалары мен одан шығатын салдарлар, маңызды қорытындылар атақты ғалымдар - М.Пригожин, Г.Хакен, Ю.Л.Климонтович, З.Ж.Жаңабаев және т.б. еңбектерінде тұжырымдалған. Олар әртүрлі тепе-теңсіз күйдегі табиғи физикалық, биологиялық және т.б. құбылыстарды зерттеулер арқылы ашық күрделі жүйелерде өздігінен даму процестері жүзеге асатынын анықтаған. Ғалымдардың пікірінше, мұның басты себебі, жүйені құрайтын элементтердің ұйымдаса әрекеттенуінің нәтижесі. Синергетиканың негізі – кездейсоқ процестер теориясында теп-тең емес процестер термодинамикасында, сызықты емес толқындар мен тербелістер теориясында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері және одан туындайтын қорытындылар.

Физик И.Пригожин күрделі физикалық және химиялық құбылыстар мен процестерді талдау негізінде, тепе-тең емес жүйелердегі энтропия өнімінің минимумы (ретсіздік, бейберекеттік өлшемінің өсу қарқынының баяулауы) жөніндегі теореманы дәлелдеді. Басқаша айтқанда, ол сыртқы әсерлердің нәтижесінде нақты процестерде үнемі орын алатын, бейберекеттіктен реттіліктің түзілу мүмкіндігі байқалатынын тағайындады.

Кеңістік - уақыт, функционалдық сипаттамалық құрылымдар түрінде түзілген реттілік сыртқы факторлар ғана емес, сонымен қатар, көп жағдайда, күрделі объектілердің ішкі қасиеттерінің сипатына байланысты болатыны анықталды және физика, биология және т.б. ғылым салаларындағы белсенді зерттеу жұмыстарының нәтижелері, аталған құбылыстың әмбебап сипатын айқындады.

Қоршаған ортамен, өзін құрайтын элементтердің өзара үйлескен іс-қимылдарының арқасында, қарқынды түрде зат, энергия және информация алмасу негізінде дами алатын ашық жүйелер мен объектілер үшін И.Пригожиннің энтропия өнімінің минимумы теоремасы мүлтіксіз орындалады /3/. Жүйеде тепе-тең күйдің орнауына кедергі жасалатын сыртқы шарттарда оның стационар күйі энтропияның ең кіші мәніне сәйкес келеді.

Қазіргі кезеңде, синергетиканың заңдылықтарын тағайындауда және оларды педагогикалық, әлеуметтік жүйелерді зерттеуде қомақты нәтижелерге қол жеткізіліп отыр. Осы бағытта жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарында синергетика - құралатын элементтері өздігінен үйлесімді іс-қимылдар жасау арқылы әсерлесетін, және соның негізінде дамитын, ашық жүйелерде түзілетін процестердің жүзеге асу заңдылықтарын тағайындайтын - комплексті пән және жаратылыстанудың әдіснамалық негізі бола алатын ғылыми бағыт ретінде тұжырымдалып жүр.

Әлемде, жүйені құрайтын элементтер мен бөлшектердің өзара ұйымдаса әрекет жасап, өзін қоршаған ортамен, энергия және информация асу арқылы жаңа, көп ретте, өзіне ұқсас құрылымдарды түзуі жиі кездеседі. Мұндай жалпы заңдылықтар микродүниелерде ғана емес, сонымен қатар, макроскопиялық жүйелерде жүретін процестерде әлемдік деңгейлерде де байқалады.

Жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерінен синергетикалық заңдылықтардың тек табиғи бейсызық процестерге ғана тән еместігін, оларды әлеуметтік, қоғамдық және экономикалық кұбылыстар мен процестерді зерттеуге, талдауға қолдана отырып, солардың негізінде әрі қарай дамытуға пайдалануға болатындығы көрінеді. Көптеген ғалымдар, ашық күрделі жүйелерді зерттеуді тиімді жүзеге асыруда, оны өздігінен дамуға әкелетін негізгі шарттар тағайындалатын басты факторлар айқындалуы тиіс деп санайды.

Қазіргі кезеңде, бұл бағыттағы ғылыми зерттеу жұмыстарының көбі синергетиканы экономикаға қолдану мүмкіндіктерін қарастырады. Бірақ, экономика дамуының негізгі белгілерін дәл анықтау көптеген объективті және субъективті қиындықтар тудырады, олар өндірістік, саяси қоғамдық өзгерістерге өте-мөте тәуелді. Көп жағдайда, бұл қиыншылықтар, экономиканың дамуына зор ықпалын тигізетін, жеке тұлғаның мінезін, психологиялық ерекшеліктерін, білімі мен біліктілігін ескерсек арта түседі. Дегенмен, материя мен оның қозғалысының өзқауым теориясының жалпы заңдылықтарын, саяси тұрақтылық орнаған, мақсаты, салыстырмалы тұрғыда, ұзақ уақыт өзгермейтін мемлекеттердің экономикасын дамыту үшін қолдануға, оны қандай үкімет басқармасын, толық мүмкіндік бар.

Гуманитарлық ғылымдардың ішінде синергетикалық заңдылықтарды қолдануға аса қолайлы күрделі жүйе ретінде педагогика ғылымын алуға болады. Педагогика жас ұрпақты қоғам талабына сай оқытуды, тәрбиелеу мен дамытуды жүзеге асыратын ғылым және ол арнайы ұйымдастырылатын білім беру жүйелерінде жүргізіледі. Соңғы жылдары, педагог - ғалымдардың еңбектерінде педагогикалық процесс ашық күрделі жүйе ретінде қарастырылып жүр. Олардың пікірі бойынша, педагогиканың жалпы заңдарын, дидактикалық принциптерін терең әрі саналы меңгерудің әдіс-тәсілдері мен білім беру процесі құралатын сан алуан ахуалдарды талдау арқылы, оқытудың синергетикаға негізделген, жаңа заңдылықтарын тағайындау мүмкіндігі бар /4,5/.

Әлемде күрделі жүйелер көп, бірақ ол қандай құрылымдар деген сұраққа бірмәнді жауап жоқ. Сонымен қатар, күрделі жүйені құрайтын элементтердің өзара әсерлесуі мен өздігінен реттелуі нәтижесінде даму процесі мен жолдары байқалатын құбылыстардың да нақты анықтамасы берілмеген. Бұларға, тепе-теңсіз күйдегі күрделі жүйенің функционалдық қаракетінің өзқауым процесін синергетикалық заңдылықтардың негізінде модельдеу жолымен ғана ғылыми негізделген жауап табуға болады. Оны күрделі жүйелерде орын алатын өзқауым


теориясының нақты тұжырымдалған анықтамасын емес, жүйелі түрде құрылған қасиеттерін пайдалану арқылы табуға болады. Табиғаты әртүрлі ашық күрделі жүйелердің атқаратын қызметтеріне, даму мүмкіндіктеріне талдау жасау, олардың өзқауым күйге көшуі төменде келтірілген қасиеттер, заңдылықтар мен процестер арқылы жүзеге асатынын көрсетті /6,7/.

Ашық өзқауым жүйе сызықты емес, динамикалы және стохасты (яғни, уақыт бойынша бейберекет). Аталмыш жүйенің бейсызықтығы, оны құрайтын бөліктердің өзара тұрақты түрде әсерлесетінін және олардың әрбірінің қасиеттерінің осы жүйеде жүретін процестердің сипатына тәуелділігін білдіреді. Реттеуші параметрлерінің ролі артқанда бейсызық динамикалық жүйе күйінің сипаты бірмәнді болмайтындықтан, ол уақыт бойынша бейберекет. Ескерте кетейік, бұл кезде, өдігінен реттелу процесінің нәтижесінде түзілетін динамикалық бейберекеттіктің өзіндік құрылымы, ішкі тәртіптілігі болады.

Сыртқы ортамен энергия және информация алмасатын күрделі ашық жүйе бейберекеттіктен реттелген күйге өтуі үшін, ол, біріншіден, бейсызық, екіншіден, тепе-теңсіз, ал, үшіншіден, тұйықталмаған болуы тиіс. Жаңадан түзілген құрылымдар статикалы емес, олар барлық уақытта үздіксіз қозғалыста және өзара ұжымды әсерлесу жағдайында болады. Осы жүйедегі бейберекеттіктен түзілген жаңа кұрылымдар қайсыбір мезеттерде бірігіп, ал кейбір жағдайларда, өзіне-өзі ұқсас (өзұқсас) элементтерге ыдырап жатады.

Сәйкес таңдалып алынған кеңістік - уақыт масштабында, тұтас жүйенің қасиеті, оны құрайтын бөліктердің қасиеттерімен сипатталады, яғни, бөліктердің толеранттығы орын алады. Құрылымның өз ұқсас элементтерге бөліну процестерінің жүру сатылары статистикалық, ықтималдық заңдылықтары арқылы өзара байланысқан және оларда информацияның берілуі иерархиялы (сатылы) түрде жүзеге асады. Өзқауым жүйе квазистационарлы - онда құрылымдардың түзілуі мен жоғалуының тепе-теңдігі кез келген уақыт мезеті үшін тұрақты сақталады.

Қазіргі кезеңде білім беру жүйесінде басты, маңызы жоғары мәселелері педагогикалық процесті басқарудың ғылыми негізіне тіреледі. Мысалы, педагогикалық жүйені басқару мүмкіндігі, онда белгілі функционалдық заңдылықтардың түзілуінен туындайды. Кез келген әлеуметтік жүйені басқару, оның міндеті мен мақсатын орындауға, оны дамыту мен жетілдіруге бағытталған іс-әрекеттерді білдіреді.

Ғылымға белгілі өзқауым жүйе мен педагогикалық процестің арасында мынадай құрылымдық сәйкестіктер орын алатыны тағайындаған макроскопиялық - педагогикалық жүйе элементтерден, бөліктерден құралады; бейсызықтық (сызықты еместік) - жүйенің барлық элементтері өзара әсерлесе алады; тепе-теңсіздік - жүйе элементтерінің даралық ерекшеліктері орын алады; ашықтық - күрделі жүйені құрайтын бөліктердің арасында информациямен алмасу процесі жүреді; стохастылық - педагогикалық заңдылықтардың статистикалық сипаты болады; құрылымдық - реттелген, түзілген жүйелер жаңа сапалық функционалды сипаттамалар иеленеді; иерархиялық - педагогикалық процестің көпдеңгейлілік, сатылық сипаты болады; квазистацонарлық (виртуальдық) - педагогикалық жүйе күйінің динамикалық сипатқа иелігі; өзара үйлесімділік - алынған нәтижелердің педагогикалық процестің өзін жетілдіруге, оқытудың теориясы мен әдістемесінде жаңа технологияларды қолдануға, оның тиімді әдіс-тәсілдерін дамытуға тигізетін әсерінің болатындығы.

Бұл кезде, педагогикалық басқарудың мақсаты аталған заңдылықтарды ескеріп, тұлғаны өзін-өзі дамыту мен тәрбиелеуге үйрету болып табылады. Ашық күрделі жүйені синергетикалық басқару, оны белгілі бағдармен дамытуды көздейтін, кибернетикалық басқарумен салыстырғанда әлдеқайда мазмұнды. Синергетикалық басқару, өзқауым процесінде тағайындалған, жүйенің өзіне тән қасиеттеріне тәуелді сипаттамалар мен көрсеткіштерге, яғни, демократиялық принциптер мен ынтымақтастық педагогикасына негізделген. Олай болса, оқытудың әртүрлі деңгейлерін, пәннің мазмұны мен көлемін айқындау және т.б., педагогикалық процесті синергетика идеяларының негізінде басқарудың жекелеген фрагменттері деп санауға болады.

Бірқатар педагог - ғалымдардың еңбектерінде /8,9/ ұстаздық қызметтің теориясы мен практикасын зерттеулер мен талдаулар, оны педагогикалық процесс түріндегі біртұтас жүйе ретінде қарастыру қажеттігі жөнінде қорытынды жасалған. Педагогикалық процесс – оқытушы - оқушы, оқушы - оқушы, сынып жетекшісі - оқушылар және т.б. микроқұрылымдардан тұратын күрделі жүйе және оның мынадай маңызды белгілері мен заңдылықтары тағайындалған:

- жүйенің әлеуметтік сипаты бар және ол өзара әсерлесе алатын бөліктерден құралады;

- жүйе - іс-әрекеттермен, информация алмасу есебінен жұмыс жасайды;

- жүйе - өзінің жұмысын атқаруды қамтамасыз ете алатын қорға ие;

- жүйенің ішкі құрылымы оның деңгейлерінің иерархиялық сипатын және қоршаған ортамен байланысын ашады;

- жүйе - информация берілуі, таратылуы арқылы басқарылады;

- педагогикалық процесс - элементтерінің ішкі байланыстары бар, өзқауым жүйе болғандықтан, оның дамуы аталған элементтердің күйіне, олардың араларында туындайтын өзара әсерлесулер мен қарама-қайшылықтарға тығыз байланысты.

Осы келтірілген негізгі белгілер мен заңдылықтар педагогикалық оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарын талдауға, ғылыми-әдістемелік нұсқамалар әзірлеуге мүмкіндік береді. Сонымен, синергетикалық жүйе мен педагогикалық процестің қасиеттерін салыстыру, олардың әдіснамалық негізінің бірлігін дәлелдейді.

Синергетикалық заңдылықтар педагогиканың жеке мәселелерін зерттеулерде де, әдіснамалық ұстанымдар (принциптер) ретінде де қызмет атқара алады. Мысалы, құрылымдық - логикалық сүлбелер, проблемалық ахуалдар, тірек белгілері түріндегі оқытудың әр түрлі жолдарымен әдістемелік тәсілдері педагогикалық жүйені, оқу мазмұнын синергетикалық тұрғыда талдауға, іріктеуге жатады. Студенттер мен оқушылардың білімін, біліктілігі мен дағдыларын бақылау мен бағалауда, статистикалық заңдылықтардың бейсызықтық сипаты орын алатындығы дәлелденген. Ізденімпаздық пен шығармашылық қабілеттерінің қалыптасуы тұлғаның өзін-өзі дамытуын, басқаруы мен тәрбиелеуін, оның өз бетінше даму процесі деп қарастыруға болады.

Педагогикалық процестің тұлғада әртүрлі қасиеттер мен қабілеттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін кейбір іргелі заңдылықтары, өзқауым жүйелердің жаңа теориялық модельдерін құруда аса зор пайдасын тигізуі мүмкін. Біздің ойымызша, бұл кезде, мұғалімнің ізденімпаздығын, оның оқу-тәрбиелеу процесін атқарудағы іс-әрекеттері мен оны басқарудағы ролін зерттеудің үлкен маңызы бар.

Кәсіпкерлік іс-әрекет «синергетикалық қасиеттерге ие динамикалы, полиқұрылымды, көпдеңгейлі, иерархиялы жүйелердің қатарына жатады. Ол барлық уақытта өзін дамытуға немесе керісінше, баяулатуға нақты жағдай тудыратын, белгілі қоғамдық қатынастағы жүйелерде жүзеге асады. Педагогикалық мамандықтардың негізгі ерекшеліктерінің бірі мынада – кез келген білім беру жүйесінің синергетикалык қасиеттері, педагогикалық процестің мушелері ретінде, ондағы жүретін динамикалық процестердің дамуы және қоршаған ортаның, яғни, қоғамдық қатынастардың әсерінен тұрақты өзгерістерге ұшырап отырады» /10/.

Білім беру жүйесіндегі, сонымен қатар, физиканы окыту әдістемесі саласындағы синергетикалық ағым тұлғаның танымдық іс-әрекетінің белсенділігін дамытудың жалпы заңдылықтарын ашумен тығыз байланысты. Барлық негізгі элементтерінің бірге орындалуы және олардың өзара байланысы оқу және тәрбиелеу процесін синергетикалық заңдылықтар мен әдіс-тәсілдердің негізінде ұйымдастыру туралы болжам жасауға мүмкіндік береді.

Ғылыми зерттеулердің жаңа әдіснамалық бағыты, яғни, синергетика ерекше статусқа ие. Біріккен іс-қимыл, үйлесе қарекеттену деген мағынаны білдіретін, Г.Хакен ұсынған бұл термин біртұтас құрылымдық түзелулерде, оның бөліктерінің бірлескен өзара әсерлесуіне айрықша назар аудартады, әр түрлі ашық жүйелерде түзілетін, пайда болатын және оларды қолдайтын өзқауым (тәрбиелейтін, дамытатын, басқаратын) процестердің аса маңызды ролін айқындайды.

И.Забузский еңбектерінде, әр түрлі мазмұнды есептерді шығаруда бірегей синергетикалық әдісті қолдану қажеттігі туралы қорытындыға келеді. Оның пікірінше, "Сызықты емес математикалық және физикалық есептерді шығаруға қолданатын синергетикалық әдісті, математикалық және физикалық мазмұнды теңдеулер жүйесінде қойылатын, ақылға сиятын сұрақтардың шешімін алу үшін, кәдімгі сараптау мен сандық машиналы математиканы бірге пайдалану деп анықтауға болады"/3/.

Жалпы тұрғыда синергетика материяның эволюциялық проблемаларын қарастырумен және соған сәйкес, оның өзіндік қозғалысымен дамуының, ұйымдастырушылық және функционалдық аспектілерін зерттеумен айналысады. Бұл ғылымның әдіснамалық бағытының негізгі міндеті, табиғаты сан-алуан әр түрлі жүйелерде: физикалық, биологиялық, экономикалық және т.б. жүретін өзқауым процестерінің негізін қалайтын, жалпы заңдылықтар мен ұстанымдарды танып - білу және оларды тағайындау болып табылады.

Аталған концепцияға сүйенетін оқытудың әдіс-тәсілдері, қазіргі білім беру процесінде қалыптасқан көзқарастар тұрғысынан қарағанда, өте бай мүмкіндіктерге ие. Өзқауым жүйелерді құрайтын элементтер жиынының, нәтижесінде макроскопиялық деңгейде құрылым және оның, соған сәйкес, атқаратын функциясы пайда болатын, бірлескен іс-қимылы, қаракеті зерттеледі. Екінші жағынан, мұндай жүйелерді басқарудың жалпы ұстанымдарын тағайындау үшін көптеген әртүрлі пәндердің бірлескен, үйлесімді іс-әрекеті қажет.

Синергетиканы зерттеуші ғалымдардың пікірінше, "синергетика идеяларын қолдану мүмкіндігінің үш варианты бар. Бірінші екеуі - классикалық, олар күрделі ашық термодинамикалық жүйелерді сипаттауда және синергетика қарастыратын, сызықты емес дифференциалдық теңдеулермен сипатталатын жүйелерді зерттеулерде пайдаланылады. Үшінші вариант - алдыңғы екі жағдайда сипатталған жүйелердің жалпы заңдылықтарын жаңа жүйені зерттеуге қолдануды жүзеге асырады. Жаңа жүйені зерттегенде алынған эмпирикалық материалдардың, алдыңғы екі жағдайда байқалған мінездік, сипаттамалық ерекшеліктерінің сәйкестігін ашып көрсету керек, себебі, бұл зерттелген жүйенің бұрынғы, синергетика сипаттаған жүйелермен бір топқа жататынын білдіреді.

Біздің жағдайда үшінші вариант орын алады деп санауға болады, өйткені, синергетика қарастыратын жүйелердің жалпы және негізгі қасиетінің бірі, олардың өздігінен реттелу қабілеті болып табылады. Өзқауым процесінің мәні мынада: жүйеге берілетін сыртқы әсер, қайсыбір шекті, критикалық мәннен артқан кезде, оның құрылымының күрделенуінде. Бұл кезде жүйеде жаңа құрылымдық элементтер пайда болады немесе ескі құрылымдар жаңа функциялар атқаратындай болып қайта түзіледі. Осыған байланысты, жүйенің атқаратын "жұмысының" тиімділігі, қоршаған ортаның өскелең талаптарын қанағаттандыратындай, жалпы түрде артады.

Өздігінен реттелу процесі жүйенің симметриялық дәрежесінің кемуімен органикалық байланыста болады. Басқаша сөзбен айтқанда, синергетика қарастыратын жүйелердің ең жалпы заңдылығы, шекті жағдайларда, критикалық нүктелерде оның құрылымының секірмелі сипатта күрделенуі болып табылады" /1/.

Кең мағынада, өзқауым теориясы - синергетика, қоршаған ортамен информациялар ағыны арқылы алмасатын жүйелерді зерттейді. Мұндай жүйелерге педагогика ғылымдарының зерттеу пәнін жатқызуға болады. Олай болса, бұл тұжырым, жоғарыда атап өтілгендей, синергетиканың жалпы заңдылықтарын педагогика мен оның салаларына көшірудің қажеттілігін сипаттайды және соның негізі болып табылады. Әрине, мұндай ауыстырулар синергетика идеялары тікелей қолданылған, классикалық ашық термодинамикалық жүйелерге жатпайтын ғылымдар мен объектілердегі (экономика, социология, экология), көшіру тәжірибелерін ескеруді қажет етеді. Сонымен, жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады: материя және оның қозғалысының өзқауым теориясы қарастыратын жүйелердің жалпы заңдылықтарын педагогикалық және дидактикалық зерттеулерде кеңінен қолдануға, оларды жалпы педагогика ғылымына ауыстыруға болады, себебі, бұл педагогика зерттейтін объектілердің ерекшеліктерін есепке алатын, меншікті абстракциялық модельдердің қалыптасуын ғылыми негізде әрі қарай дамытуды оңайлатуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезеңде, материя және оның қозғалысының өзқауым теориясының әдіснамалық идеялары физикада, химияда, биологияда, әлеуметтік ғылымдарда кеңінен қолданылуда және бірнеше ғылым салаларының араласуымен жүргізіліп жатқан көптеген зерттеу жұмыстарының арқауы болып отыр. Өзқауым процестері, жоғары деңгейлі күрделілікке ие, өте көп элементтерден тұратын және олардың араларындағы байланыстар қатаң емес, ықтималдық сипаты бар ашық жүйелерде байқалады.

Өз қауым жүйелер құралатын элементтердің күйі мен құрылымы, қоршаған ортадағы өзгерістерге сәйкес қайта түзілуімен және оларда жаңа қасиеттердің, байланыстардың пайда болуымен анықталады, бірақ, сонымен қатар, ондай процестер белгілі мөлшерде егеменді және салыстырмалы тұрғыда сыртқы ортаға тәуелсіз болады. Бұл, атқаратын қызметі күрделі ашық жүйелерде, тұтас құрылымда, оларды құрайтын жеке бөліктердің сипаты мен дамуына әсер ететін, ерекше сипатқа ие басқару механизмдерінің болатынын білдіреді.

Материя мен оның қозғалысының өзқауым теориясы оқу-тәрбиелеу және даму процестерінде аса маңызды роль атқарады, себебі, ол тұлға құрылымының қайта түзілуіне жағдай жасайды және оқу-танымдық іс-әрекеттің жаңа субъектісінің пайда болуын қамтамасыз етеді. Жалпы түрде, жаңа түзілімдердің қалыптасуы оқу процесін реттеуші жаңа күйді және соған сәйкес құрылымды, тұлғаның дамуына тән ішкі сұраныстарына байланысты көзқарастар тұрғысында тиімді, жетілдірілген басқа құрылымдармен алмастырушы қызметін атқарады.

Біздің ойымызша, оқушыларға білім беру міндеттерін шешуде, пайда болатын және даму үстіндегі жаңа құрылымдарды нақты өмірде кездесетін өзқауым процестерінің жеке түрлері ретінде қарастыру керек сияқты. Жаратылыстанудағы классикалық дәстүрлі аналитикамен салыстырғанда, синтез немесе бірігу процестері басты роль атқаратын, жүйелілік ұстанымы мен синергетикалық заңдылықтар болашақ мұғалімдердің кәсіби дайындығының сапасын аттыру мәселесін нақтылауға және оқытудың жаңа технологияларын қамтуға қатысты, оның мазмұнын сапалы тұрғыда өзгертуге мүмкіндік береді. Бұның өздігінен реттелу құбылысына сәйкес екендігі көрінеді, яғни, жүйеде бұрынғыдан өзгеше, оның жеке компоненттеріне тән емес, жаңа қасиеттер және қызмет атқару функциялары пайда болады.

А.А.Колесниковтың пікірінше, мәселені мұндай синергетикалық идеялардың негізінде қою толық тұрғыда "сыртқы күштердің әсерлеріне басты мән берілетін классикалық механика теориясына негізделмеген, керісінше, қазіргі физиканың, жүйені құрайтын элементтердің арасындағы өзара әсерлесуіне негізделген, іргелі идеяларымен сәйкес келеді, үйлеседі. Бұл өзара әсерлесулер динамикалық паттерндер - жүйе орналасқан барлық кеңістікті түгелдей тесіп өтетін, қоршаған өрістегі қайсыбір энергетикалық "топталулар" (аттракторлар) арқылы жүзеге асады. Осы паттерндер қарастырылған құбылыстардың динамикалық, өткінші табиғатын айқындайды. Жаңа паттерндер түзілу нәтижесінде таралатын энергия мөлшері неғұрлым көп болса, солғұрлым жүйені құрайтын компоненттердің арасындағы алмасу процестері тез және олардың өзара әсерлесуі күштірек жүреді" /9/.

Бүгінде, студенттердің қоршаған дүниені біртұтас эволюциялық процесс ретінде көруі және түсінуі аса көкейкесті мәселе. Бұл жөнінде Г.Хакен былай дейді: "синергетикалық әдістер, аса зор мөлшердегі жеке бөліктерден құралатын информацияны сығуға мүмкіндік береді, соңынан оны, сәйкес макроскопиялық жүйелердің қасиеттерін сипаттайтын және ашатын заңдар мен концепциялардың аз ғана санына айналдырады" /1/

Жоғары педагогикалық шеберліктің, авторлық әдістемелердің мысалдары "синергетикалық әдісті қолданудың ең ұтымды үлгілері болып табылады, бірақ, мәселе бірыңғай әдістеме құруда емес, мәселе оқытушыны, адам туралы ғылыми көзқарас негізінде, саналы түрде өзінің, тек қана өзіне тән әдістемесі мен стилін құруға үйрету болып табылады. Бұл жерде ең маңыздысы "білім берудегі жүйелілік ұстанымы емес, білім беру кеңістігіндегі субъектілердің өзін-өзі дамыту механизмдері мен динамикасын, демократия жағдайында білім беру ісін басқару мен білім беру кешендерінің инициативаларын, тұтас креативті жүйе ретіндегі білім беру мен тәрбиелеудің бірлігін есепке алу" болып табылады /11/.

Сондықтан, синергетикалық концепцияның "инженер, жаратылыс танушы және гуманитарлар үшін бір метатіл" деп аталғаны кездейсоқтық емес және соның негізінде, ғылыми танымдық процесінде жаңа қатынас орнатуға, жоғары білімнің, ғылымның және техниканың жеке салаларының арасында қалыптасқан, тағайындалған, арнайы және кәсіби терминдер түріндегі тосқауылдарды бұзуға болады /11/.

Педагогика теориясында, оқу-тәрбиелеу процесінде синергетикалық заңдылықтарды, оның әдіс-тәсілдерін қолданудың тиімділігіне қатысты жұмыстар жариялана бастады. Бірақ, бұл аса маңызы бар істің практикалық жағы, яғни, синергетикалық идеяларды нақты әдістері мен нәтижелерін оқу-танымдық процестерде (мысалы, физика курсын оқыту процесінде) қолданудың әдістемелік жүйесін жасау жеткілікті дәрежеде қолға алынбай жатыр. Мысалы, В.Г.Виненко синергетика идеяларын педагогикалық практикада қолданудың уақыты жетті және оған толық мүмкіндік бар деп санайды. Оның пікірінше "негізінде өзқауым процесі жатқан бейберекеттік пен реттіліктің алмасуына сәйкес дамудың бифуркациялық механизмі, жалпы түрдегі жүйелерге тән әлемдік құрылымның әмбебап ұстанымы болып табылады" /5/

Әлемнің қазіргі даму сатысында, яғни, информация ағынының қарқынды артуы мен компьютерлендіру, күрделі әлеуметтік және табиғи процестерді және компьютерлік есептеу экспериментін математикалық модельдеудің табысты өркендеуі заманында, сызықтық ойлау мен сызықтық жуықтау үлгілеріне негізделген бұрынғы ескі әдістерді, модельдерді пайдалану дұрыс нәтиже бермейді. Себебі, олар модельдерді еш қисыны жоқ күрделендіруге итереді, оны сипаттайтын параметрлердің санын көбейтуге және соның бәрін ескеруге тырысады. Сонымен қатар, күрделі әлеуметтік процестерді модельдеуге мүмкіндік беретін бұрынғы әдіснамалық бағыттар келешектің бірмәнді еместігін, ондағы эволюциялық процестердің бүліну (детерминациялық) факторларын, эволюциялық процестердегі бейберекеттіктің конструктивтік сипаты мен тез жүретін процестердің күрделілікті дамытудағы ролін және көптеген басқа мәселелерді ескермейді.

Синергетика әлемдегі күрделі жүйелердің өздігінен даму процесін зерттейді. Синергетика әлемдік эволюцияның қазіргі кездегі парадигмасы бола тұра, дүниеде нақты не болып жатқанын немесе кейін не болатынын айта алмайды, бірақ, ол табиғи және әлеуметтік күрделі жүйелерде түзілетін процестерді болжауды және модельдеуді жүзеге асыратын ғылыми бағыттарды айқындап бере алады.


ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Хакен Г. Информация и самоорганизация - М.: Мир, 1991.-240 с.

  2. Пригожин И, Стеигерс И. Порядок из хаоса - М.: Прогресс 1986.-256 с.

  3. Жаңабаев З.Ж, Ильясов Н, Темірқұлова Н.И. Бейсызық физика практикумы. Алматы: “Қазақ университеті”, 2003.-123 б.

  4. Жаңабаев З.Ж., Хмель Н.Д. Синергетическая сущность педагогического процесса. Поиск, 1996. №1. 61-64 с.

  5. Виненко В.Г Синергетика в школе. М.: Педагогика, 1997. №2 - 55-60 с.

  6. Жаңабаев З.Ж, Ильясов Н.И. Тынтаева Ш.Б. Физиканы оқыту теориясы және әдістемесі. Алматы, 2006. - 169 б.

  7. Зорина А.Я. Отражение идей синергетики в содержании образования. // Педагогика, 1996. №4 -105-109 с.

  8. Хмель Н.Д. Теоретические основы профессиональной подготовки учителя. Алматы: “Ғылым”, 1998-320 с.

  9. Жаңабаев З.Ж, Ильясов Н.И. Синергетические методы контроля педагогической деятельности. Материалы МНПК. Астана - 2006. 242-246 с.

  10. Шевелева С.С. К становлению синергетической модели оброзования. // Общественные науки и современность. 1997 125-133 c.Синергетика (сб. ст. Cост, Рязанов А.И . Суханов А.Д). – М.: Мир, 1984 – 248 с

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада қазіргі ғылымның жаңа әдіснамалық бағыты-синергетиканың педагогикалық процесте қолдану мүмкіндіктері қарастырылады
РЕЗЮМЕ

В настоящей статье рассматриваются возможности применения нового методологического направления науки – синергетики в педагогическом процессе.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет