16 сәуір. Құрметті «Абайдың» оқырмандары!



Дата16.06.2016
өлшемі304.34 Kb.
#139385
16 сәуір. Құрметті «Абайдың» оқырмандары!

Міне, бір апта болды Сіздермен сырттай сұхбаттасуға мүмкіндік алғаны. Мен сіздердің сұрақтарыңызға жинақтап жауап беріп ем, оны сығымдап оқып жатыр екенсіздер. Өкінішке орай, қазақтың этнографиясы мен этнологиясын үш томдығы арқылы 55 елге таныстырған Сейі Кенжеахметов ағмыз дүниеден өтіп, Торғай еліне бақилық сапарына аттандырып, көңілдің құлазып қалған жайы бар. Алашқа еңбек сіңіруді сол адамнан үйренсек, осында көтерілген көп өкініштің орыны толар еді. Өмірдің өзге де қарбаласы артық уақытқа мүмкіндік бермейтін болғандықтан да, барлықтарыңызға рахмет айта отырып, бүгінгі жауаппен мен өзімнің сіздермен әзірге қош айтатынымды мәлімдеймін. Өмір деген сол, бет көріспейтіндей боп бет жыртысып ап, бетімізді сипап қала береміз.

Сонымен, осы жауаптасу арқылы қазақтың бүгінгі мінезіндегі барлық артықшылық пен кемшілік, әдеп пен әдепсіздік, силасым мен кемсітуге ұмтылу, қалайда нұқып қалу, бос бопса, тіпті, «ұқпайды өз сөзінен басқа сөзді» деп Абай айтқан мінездеріміз екі жақтан да байқалып қалды. Менің аңғарғаным, біз ашық пікір алысу мәдениетін әлі де меңгермеген екенбіз. Тағы да сол Абай айтқандай, «тамырымызды адырайтып шыға келуге» дайын тұрған сыңайымыз бар.. Бұлай «қызылкеңірдектесе» берсек, исі қазақтың бетжыртысудан қолымыз тимейтіні анық.

Бұл «бетжыртысудың» ең қауіптісі сол, арандатуға бергісіз жойдаусыз айтылған жауапсыз сөздердің ел арасын араздыққа итермелеп тұрғаны, мысалы, осы жауаптасулардағы «түркістандық» пен «семейліктің» арсындағы шарпысуға - Түркістан мен Семей жұрты еліге қоймас деп ойлаймын. Бар қазақты біріктіре алмай отырғанда, мұндай патриоттық біздің қай теңіміз осы?

Сондай-ақ, «қайтсем адамның жанын жаралаймын» деп, тырнап алып, миығынан күліп отырған мысық пиғылдардың көрініс беруі, Әуезовтің әлдекімге берген жауабын қайталауға итермелейді екен. Үшінші байқағаным: өзінің көңіліндегі айтпасаң, өзгеге көнгісі келмейтін деңгейде талап қою, яғни, өзінің айтқанын мойындатуға тырысу.

Ащы да, тұщы да айтатын сөздің реті келіп тұрғанымен, көпшіліктің көз алды екенін ескеріп, әдептен озғым келмеді. Сонда да екі таңданысымды бәріңізге ортақ сыр ретінде айта кетейін. Бірінші, қазақтың ұлттық идеясының ұйтқыларына, алаш қайраткерлеріне ғана емес, жалпы әруақтарға осынашама жеккөріншпен қарауға не себеп? Ондай жеккөрініш бір адамның бойына қалай сияды? Ондай өшпенділікпен қалай өмір сүруге болады? Екінші, бір адам екінші адамның әке-шешесі мен жетпіс жеті атасына дейін сондай бір парықсыздықпен қазбалауындғы мақсаты не? Құрдасым Несіпбек пен Жүрсінге берілмеген мұндай еркіндік тпен басынуды ол адамға кім берген? Мен осы екі «құбылысты» түсінбедім. Ал, ағайын, Аман болыңыздар. Сонымен...



Сұрақ: Маралтай Райымбек деген ақын ініңіздің «нұрына» кешіріңіз, «жырына» қандай баға берер едіңіз?

Жауап: Жырында нұр бар.



Сұрақ: ТҮЛКІ БАСТЫҚТАР: Хазірет һәм Шейх әм Бас мүфти әрі ТҮЛКІБАСТЫҚ Әбсаттар Дербісәлі Қажының тағайындауларына қараңызшы, Тұрсын Аға! л кісінің қай жерде туылғанын білмеймін. Бірақ ы бұлай бөлуге бола ма: Астанадағы "Нұр Астана" мешітінің Бас имамы - найб мүфти - Түлкібастық Қалижан Заңқоев; Алматы облысының өкіл имамы - Түлкібастық Мұхтар Абсаматов; Оңтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы - Түлкібастық Бейбіт Мырзагелдиев; Солтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы - Түлкібастық Қасымхан Исаев; Батыс Қазақстан облысының өкіл имамы - Түлкібастық Смайыл Сейітбеков; Талдықорған облысының өкіл имамы - Түлкібастық Жұманалы Аманов; Қызылорда облысының өкіл имамы - Түлкібастық Мұсабек Ақтамберді;.

Сіздіңше бұл нені білдіреді? «Мүмкін кездейсоқтық шығар», - дейтін болсаңыз жауап бермей-ақ қойыңыз, Аға!

Жауап: Айналайын, өзің алланың жолын ұстап, өзің берілетін жауаптан бас тартып отырсаң, онда неге сұрақ қойдың? Діни қауымдастықтың ісінен мүлдем хабарсыз болғандықтан да, шындығында да бұл сұраққа бас мүфтидің өзі жауап бергені жөн екен. Бар айтарым:Алла ісіне алалық жүрмесе керек. Егер білімі мен иманы сай болса – жалақордың жазасын Алла береді. Ал, «неғылайыны» бар болса, мүфти өз кінәсін өзі көтермей ме?



Сұрақ: Қазіргі азғындықтан арылу үшін қазаққа соғыс керек емес пе осы? Қалай ойлайсыз? Назарбаев өзгереді, биліктегілер өзгереді деген бос сөз сияқты.

Жауап: Ешқашанда. Ешқандай соғыстың керегі жоқ. Онда қанға бататын тағы да біз боламыз. Үйімізде ши мылтығымыз да жоқ. Ал Қазақстанда бейресми казак жасақтары армиясының, оның атаманының барлығын, ол атаманның атаманы – Еділ мен Ертістің арғы бетінен қоршай орналасқанын


Сұрақ: Әлихан Бөкейханов кезінде Түркістандықтармен (қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз т.б) қосылу атқа есекті жеккенмен бірдей деген болатын. Сонда Алаш идеясын сіз Пайғамбар санап жүрген Әлекең тек ғана солтүстік батыс өңірдегі қазақтармен ғана шектегенбе?

Мұстафа Шоқай кезінде Түрік халықтарын бір қазанда қайнатып тұтас түркістан идеясын көтеріп, Түркістан мемлелетін құруды көздеген еді, сол кезде түрік халықтары біріге алатындай дәрежеде болды. Керек десеңіз, түркістан қоқан автономиясын құрды. Оны таратқан өзіңіз білесіз большвеиктердің қанды әрекеті еді. Сол кезде түркістан мемлекеті құрылғанда 6 милион қазақ демографиялық жағынан басымдық танытып, басты этнос ретінде көрінер еді, сондықтанда Шоқайдың көтерген түркістан идеясы Әлекеңнің алаш идеясын он орап алатын еді. Керек десеңіз, қытайдың өзінде 100 ден аса этнос бар...67 диалекті бар. Ал Орта Азиядағы Түркістанда 6 ғана этнос пен диалекті бар. Шоқай идеясы қазіргі кездеде өзектілігін жойған жоқ. Бір ғана қазақ боп жүре берсек қазіргі жаһандану заманында қытай, ресей сияқты империяларға сіңіп кетуіміз әбден мүмкін. Сондықтан түркістан мемлекеті түрік ұлты болу, алаш халқының басты мұраты болу керек деп ойлаймыз... Сізге қояр сұрағым: Шоқайға оның түркістан идеясына көзқарасыңыз қалай?

Жауап: Алаш идеясына осыншама жеккөрінішпен қарауыңның өзі жалпытүркілік идеяны түсінібегендігіңді аңғартады. Жалпытүркілік идея, «Түрік халықтарын бір қазанда қайнатып тұтас Түркістан идеясын көтеріп, Түркістан мемлелетін құру» одан елу жыл бұрын, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмірге келген. ХХ ғасырдың басындағы «Жас түріктер» қозғалысы есіңізде болар, бұл соның алғашқы саяси бұлқынысы. Біздің саяси кеңістігіміздегі идеологітар – Маржани мен Гаспаралы. Ал Орта Азияда Шолпан мен Фитрат және Жадидтік қозғалыстың Мінауар Қари сияқты көсемдері. Сол үшін Гаспаралы 1912 жылы Нобель силығына ұсынылған болатын. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін Әнуар паша бастаған түрік офицерлері Орта Азияда мұхаррамдық қозғалыс ұйымдастырған. 1917-1920 жылдар арасындағы Түркістан өлкесіндегі бір мезгілде бір біріне бағынбай әр деңгейде (ашық, астыртын, ашық әскери майданда, жартылай жасырын басмашылық – мұхаррамдық ұлттық қозғалыс деңгейінде) өмір сүрген төрт мемлекеттің ұстанған бағыттары туралы өткен жауабымда айтқан болатынмын. Шоқайдан бұрын Қоқан автономиясын құрып, оның үкімет төрағасы болған Мұхамеджан Тынышбаев...(Алдыңғы жауапты оқыңыз)

Жалпы түркі бірлігі, ынтымақтастығы идеясына бар рухыммен қосыламын. Студент кезімізде, 1969-1972 жылдары құрылған «ҚҰҚ» атты астыртын ұйымның үш мақсатының біреуі осы болатын. Мұны қазіргі Өзбекстанда тиым салынған «Ерік» партиясының шет елге ауған төрағасы Мұхаммед Салих, қырғызстандық Мұса Ғафаров ағамыз жақсы білетін. Ал тәжіктер: «Қозғалыстарың «Тұран» деп аталса ғана қосыламыз» – дейтін. Қазіргі қалыптасқан тәуелсіз мемлекеттер жағдайында, бір мемлекет, не түркі империясын құру идеясы – бар тараптан қолдау таппайды. Біз, жалпытүркілік рухани кеңістік орната алсақ, мұның өзі ұлы жетістік болар еді. Ал бұл идеяға Түрікменстан мен Өзбекстан таяу елу жылда қосылмайды. Азербайжан қазірдің өзінде бейтарап саясат ұстанып отыр. Тек Қарабах үшін ғана түркі тектестеріне қарайлап отыр. Ирандағы, Ауғанстандағы жиырма бес миллионға тарта түркі тектестердің ойына бұл идея кіріп-шықпайды. Шығыс Түркістан мен Солтүстік Түркістан империялардың құрсауында. Қырғыз елі қазір тек Ресейге иек сүйеп отыр. Түркия – Еуропалық қауымдастыққа кіруге бар саяси күшін жұмсауда. Кавказдағы ноғай, қарашай, балқар ағайындардың дәрмені белгілі. Тува, хахастар да оған ынталы емес. Сонда, Қазақстанға өз бетімен «жалпытүркілік» «Орталық Түркістан» мемлекетін құру ғана қалады. Бұл – дәл қазіргі жағдайдағы нақты шындық. Сондықтан да оған, қалайда өлмеуге тиісті аңсар ретінде қараймын.
Сұрақ: Сiз өзiңiз қатты ғашық болған адамыңызға үйлендiңiз бе? Егер адам ғашығына қол жеткiзе алмаса iшiндегi дерттi қалай емдеуге болады?Осыған ренжiмей жауап берiнiзшi.Мен ғой.

Жауап: Мұның барлығы менің «Ессіз ғашық болғым келеді» – деген өзіме-өзім мысқылдай берген мінездемеме орай қойылған сұрақ болуы керек. Сонда мен кімге ессіз ғашық болғым келді?Аллаға ма, әлде, әйелге ме? Емеуірін сонда. Осыған байланысты біраз қыз-жігіттер Мағжанның өлеңі арқылы «қайымдасыпты» ғой. Мен сол еркеліктеріңнің жарасыма жаным жадырап, «ессіз риза», жастықтарыңа «ессіз ғашық» болып қалдым. Құласа – беріле құлайтын ғашықтық дәуірлерді сағынып, бүгінгі «есепті махаббат» иелеріне көрсеткен «қырым» ғой! Шынын айтам, өзім ессіз ғашық бола алмасамда, ессіз ғашық болған адамды көргім келеді. Тіпті, «Несіпбек пен Жүрсін тоқсаннан асып алжығанда, ессіз ғашық болады» – деген әжептәуір үмітім бар. Солардың қасында Шеге мен Қаршыға, Айбас құсап жүрсем, арман не?



Сұрақ: Қазақтың бір ГауҺар деген қызы отандық және шетелдің миллиардерлерімен ірі қарамы-қатынас орнатып өзі де танымал байлардың қатарына кіріп алды. Өзінің аты-жөнін өзгертті. Қазіргі есімі - Гога Ашкенази. Баяғыда сіздің «Дулыға» деген 2 томдық кітбыңызды оқығанда қателеспесем "АШКЕНАЗИ" деген терминді кездестірген сияқтымын. Соның мәнін ұмытып отырмын, ол қандай мағына береді? Егер «АШКЕНАЗИ» сөзі «көшпенді» деген мағына білдірсе онда мен ол қызды жақсы көруге дайынмын. Сәлеммен, Айдеке.

Жауап: Бұл көне грек, ассирия жазулардағы сөздің алдына «а» қосып жазып, солай дыбысталуы арқылы өзгертілген ишкуздердің атауы екені рас. Алайда Ашкиназ – Қап тауы елінде жиі кезігетін тектік (фамилия) есім. Соның ішінде осетиндерде жиі ұшырасады. Айдеке! Сол қызды төркініне қайырып әкелсең, сан жағынан да, салық жағынан да өсіп қалар едік-ау! Жолың болсын.



Сұрақ:Ай, қазақтар-ай! Қиял қуған қыртыңбайлар! Сталинге Сұлтанбек айтыпты, Смағұл айтыпты, Тұрар айтыпты дейді!? Қашан айтыпты, қай жерде айтыпты, қай мәжілісте айтыпты, онда қыртыңбайлардың шаруасы жоқ?! Және «Сіз білесіз бе?», - деп Тұрсын ағамыздан сұрайды!!! Сталин – кеңес ипериясының императоры, революциядан кейінгі жылдардағы ол қатынасқан мәжілістердің барлығы ресми түрде хатталған. Тұрар Мәскеуге ең алғаш рет 1919 жылы желтоқсанда, Сұлтанбек пен Смағұл 1921 жылы наурызда барған. 1919-1937 жылдар аралығында Сталин қатынасқан жиындарға (сиездер, кеңестер, конференциялар, жиналыстар, мәжілістер) Тұрар 51 рет, Сұлтанбек 14 рет, Смағұл 6 рет қатынасқан. Сталинге айтыпты деген сөздердің барлығы қыртыңбайлардың ертегісі, ол ертекті ең алғаш таратқан қызылордалық Әуелбек ағамыз, дамытқан тараздық Шерхан ағамыз, көпірткен түркістандық Өзбекәлі ағамыз! Әрқайсысы көрпені өз ауылына қарай тартқан! Айналайын, қазақтарым-ау!

Жауап:. Шындығында да бұл өнбейтін сөздің нақ өзі.



Сұрақ: «Сіз өзіңіздің сұрақтарыңызға өзіңіз түгелдей жауап беріп қойыпсыз. Қазақстандық деген терминді тек қазақ елінің азаматы деген мағынада қабылдаймын».
Құрметті Тұрсын мырза!
Жауабыңызға қанағаттанбадым. Сонда Алаш пен Қазақстандық сөздері синоним деп түсінуіміз керек пе?! 1991 жылдан бері біз Қазақ мемлекетінде тұрып жатырмыз ба? Жоқ, біз 1991 жылдан бері Қазақстан деген мемлекетте тұрып жатырмыз.Қазақ мемлекеті мен Қазақстан мемлекеті деген сөз тіркестері синоним емес қой.Демек, Алаш пен Қазақстандық сөздері синоним емес. Қазақ мемлекеті 1991 жылға дейін болып, 1991 жылдан бастап Қазақ мемлекеті жойылды деген сөз емес пе.


Не істеу керек? Сізден осыны сұрап тұрмын.

Жауап: Сіз менің қандай жауап бергенімді ұнатар едіңіз? Қалай аталғанымен де, Қазақстан – қазақ мемлекеті. Мәселе, соның мазмұнында. Біз толық рухани, саяси, экономикалық тәуелсіздікке әлі жетпеген мемлекетпіз. Егер Кедендік келісім сияқты күштінің ырқын ықтай берсек, қайтадан «бауыр басып» кетеріміз анық. Енді кімнің де бауырына кірсек, қайта сытылып шығу қиын. Ендігі құрсау – темір не қайыс құрсау емес, бір күні үзіп кететін, атоммен арбалған құрсау. Ал оның «радиациясы» миды жаулайды.



Сұрақ: Тұрсын аға! Көп нәрселерге бұлтақтатып, өркөкіректеніп жауап беріпсіз. Сол Сізге лайық па? Мысалы: «Алашордашылар аштық кезінде қайда болған?» деген сұраққа әр нәрсенің басын бір шалып, тайғанақ жауап беріпсіз. Аштық кезінде алашордашылардың барлығы бірдей түрмеде отырған жоқ қой, ал хат жазу үшін қалам мен бес бет қағаз таппай қалып па? Бөкейхановта қағаз да, қалам да болды, бірақ жазуға жүрек болған жоқ, ол – тарихи факті.

Жауап: 1927-1932 жылдың аралығында барлық ашашордашылар түрмеде, не тергеуде болған, не жер аударылып кеткен. «Ұраным – Алаштың» жалғасын оқысаңыз, сонда кім, қай күні ұсталған, қандай үкім кесілген, қай күні атылған, қай жерге жер аударылған, Ә.Бөкейханов аштарға қалай көмектескен, соның барлығы айтылған. Ал «бұлтақтатып, өркөкіректеніп», «сұраққа әр нәрсенің басын бір шалып, тайғанақтап жауап беріпсіз» деген сөздерді қалай қолданып отырғаныңа таң қаламын. Осы екеуі де менің ең жек көретін мінезім. Ал алаш ардагерлеріне орай сіздің «өркөкіректеніп» жазғаныңызға мінез көрсетіп жауап берсем, онда өкінбеймін. Ыңғайыңызға қарағанда алаш қайраткерлеріне сондай бір жеккөрінішіңіз байқалады. Не үшін? Менің ойымша, сіз әлдебір идеяның құрсауынан шыға алмай, тұйықталып жүрген сияқтысыз. Тым болмаса, мұсылман ретінде, сол кісілердің әруағын силағаныңыз сауап болар. Онсыз «жалпытүркілік идеяға» қол жеткізуіңіз неғайбыл.



Сұрақ: Құрметті қонақ, ғалым ағамыз бәрін түсінікті етіп сұхбатында да, өз еңбектерінде де жазған. Тұрсын Жұртбайдың бір еңбегін оқып шықсаңыз, осыншалықты ерсі ой айтпаған болар едіңіз.

Сұрақ: Бөкейхановқа түрмеде «Халқың үшін бес бет арыз жаз» деп қағаз бен қалам ұсынған деп, шынымен ойлайсыз ба?

Сұрақ:Тұрсын аға,қазіргі замандағы Имам Ағзам мазһабының ғалымдары Фетхуллаһ Гүлен мен Осман Нұри Топбаш туралы пікіріңізді білгім келеді. Бекжан.

Жауап: Бекжан! Сен мені тұйыққа тірейтін сауал қойыпсың. Мәселе, сауалдың жауап беруге қиындығында емес, менің осы сұрақтарыңа жауап қайыруға білімімнің жетпей тұрғандығында. Мен Имам ағзамның жолын және сол тарихаттың «Құраннан» бастау алған тарихаттық тамырын, оның даму жолдарын қанағаттанарлық деңгейде түсінемін. Гүлденнің шығармаларын дерліктей оқып шықтым. Ал Нұри Осман менің естімеген атым. Бұл екеуі бірін бірі қостай ма, жоқ, қайшылықтары бар ма? Гүлденнің шығармалары «Шариғат» пен «Тарихаттан» көрі «Мағрифаттық» мақсатта жазылған еңбектер деп түсіндім, яғни, «ақ жүрек» ағымы, оқу-ағарту идеясы және оны оқытудың әдіс, тәсілдері (методикасы). Оқу орындарын көп ашқан екен. Менің бір түсінбейтінім, және «Да» диалогі қауымдастығынан жауап ала алмаған сұрағым, Гүлден неге Түркиядан тыс жерде өмір сүреді? Түркиядан шеттетілуінің түбірлі себебі не? Бекжан, мені де сол сұрақтар мазалайды.



Сұрақ:Ал, Тұрсын ағамызға айтарым, тек рахмет! Ғылым мен тарих тек шындықты жазуы керек. Тарих - еш бұрмалаусыз, болған кейпінде жазылса керемет.

Сұрақ: Қазіргілер жағыну үшін, жағу үшін ойларына келгенді жазады. Рушыл, жершіл тарихшыларды қойып, санасы қатпаған жастарды да жек көремін. Рушылдыққа деген құмарлықтары ұлтқа деген махаббаттай болса шіркін.

Жауап: Пах, шіркін! Айтқан-ақ екенсің. Рулық махаббатымыз қазақтық махаббатқа ауысқаннан кейін үш күннен соң қазақ елі «Мәңгілік ел» қатарына қосылып, түркі қағанаты тұсындағы арманына жетеді. Арманың орындалсын, бауырым!



Сұрақ: Семей татарланған деген сөз расқа жақын. Татардың бетін тырнасаң ар жағынан орыс шығады деген бар. Семейдің қазақтары өзара орысша сөйлескенді жөн көреді.

Жауап: Бауырым! Мен тоқсан пайыздан астамы қазақ Арқалық пен Қарқаралының, Баянауылдың, Атбасардың, Үржардың тең жартысы орысша сөйлесетінін көріп, жағамды ұстадым. Ал Шымкенттің, Атыраудың, Ақтөбенің, Талдықорғанның (дені менің жамағаттарым) қазақша білмейтін қазақтарымен әңгімелескенде, дымым шықпай қалды. Ал Өскемен, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар, Қостанай, Алматы, Астана, Қарағанды, Байқоңыр, Кереку туралы ауыз ашып қажеті жоқ. Сонда Семеймен жылап көрісеміз. Бірақ үш ауданында сексен пайыздан астам өзге ұлт мекендейтін бұл «атсыз облыстың» да жаға ұстататын жерлері бар.



Сұрақ:Семейді қалай тұншықтырам десеңдерде түк шықпайды, неше көсемдерді көріп келеміз, оның жері, топырағы киелі, әлі талай алыптарды тудырады. Семейдің көргенін сіздерге көрсетпесін! Ал тіл жағына келсек, кейбір аймақтардың «қысқартуға» («қаяқ» т.б. тіпті кейбіреулері батысқа қарай одан әрі қысқартқан «қаақ» деп) ұшыраған қазақ тілдеріне қарағанда ең таза қазақ тілі Семейліктердің тілі деп ойлаймын, Татарымызда неңіз бар, өзбегіңізді санап алыңыз! Ал орысша сөйлеу Семейдің ғана үрдісі емес, Сонда Өскемен, Кереку, Қостанай, Петропавл, Кокшетау, Астана қазақтары қалай сөйлейді екен?

Жауап: Семейің тұншықпайды! Ешкімде тұншықьтара алмайды. Тек бір-бірімізді қамшыласақ, сергек жүреміз бе деп айтып жатқаны болуы керек, бауырым. Әссабыр, рахым!



Сұрақ:Үкімет қазақша сөйлегенде татарың да, өзбегің де сөйлер.

Жауап: Бұл сөзсіз шешуші ықпал жасайды. Алайда ұлт ішіндегі қозғалыс тоқтамауы тиіс. Сол кезде тілдің тазалығы туралы мәселе туындайтын болады.



Сұрақ:Исматулла деген қазақтың арасына іріткі салушыны ғұлама дегені таңданарлық. Исматуллашылар енді Тұрсын ағамызды өздерінің теріс істеріне арашашы еткісі келе ме? Әй, зымиянсыңдар-ау.

Жауап: Осы Исматулла деген ғұлама кім өзі? Менің еш мағлұматым жоқ екен. Өзімнің осы сайтты оқу арқылы көп нәрседен хабарсыз екенімді анық аңғардым. Олардың тарихаты жөнінде толық мағлұматты қайдан білу керек. Енді ғылыми еңбектерді іздестіретін боламын.



Сұрақ: «Қазақ та өзге ұлт сияқты халық. Оларды қолына күрек беріп, окоп қаздыруға ғана пайдаланып, алдыңғы шептегі зеңбіректің оғына қасап мал ретінде құрбандыққа шалу - намысқа тиеді. Бізді де башқұрттар сияқты әскерге үйретіп, қолымызға қару беріңіз. «Өлсек те кегімізді жастанып өлейік» - деп талап қойды».

Кім үшін өледі, Патшалы Ресей үшін бе? Одан да туған жерінде сол Ресейге қарсы көтеріліп өлгені жақсы емес пе? Осыдан ақ белгілі Алаш атаның қаншалықты қазақ тәуелсіздігін көздегені.

Жауап: Осы алаш ардагерлері туралы жеккөрініші білініп тұратын сұрақтардың иесі бір ғана адам ба, жоқ, жеке-жеке адамдар ма? Осындай сұрақтарды шын түсінбей қоясыздар ма, жоқ, қасақана қоясыздар ма? Мылтықтың тілін білмей, сойылмен, шоқпармен – зеңбірек пен пулеметке қарсы шық дегеніңіз: қазаққа – жосадай боп қырыл, жусап қал – деп өлім тілегеніңіз емес пе. Мен «Қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы» атты көп томдықтың 7 томындағы «Бейуақ» атты құжаттар жинағынан Меркі мен Ақсуға, Жалаңашқа қатысты мынадай мәліметтерді ғана назарыңызға ұсынамын:

Жетісу губернаторы Фольбаумға жіберілген, Уақытша үкіметтің комиссарлары Ә.Бөкейханов пен М.Тынышбаев Керенскийді Ташкентке шақырып, сол арқылы құрылған тексеру комиссиясының төрағасы генерал Ерофеевтің рапортынан:

«Сырдариядан – 60. 000 , … Жетісудан – 43 000 адам қара жұмысқа алынсын»;

«12 тамыз күні Қарақолдағы түрмеде (Кеген, Нарынқол, Шелектен айдалып барған) 138 адам, Пішпекте (Меркі, Тарғаптан, Ақсудан, Многоводныйдан) барған 510 адам ешбір сотсыз атылды. Алатаудың ішін паналаған 153 адам, оның 96 бала пулеметтің оғынан қырылды»;

«Жетісуға құрамында 8 750 жасағы бар 35 рота, 3 900 қылышты 24 казак жүздігі, 16 зеңбірек, 47 пулемет жіберілді»; «Оқиғаның барысында 59 адам атып өлтірілді»; «Ақсуда тұтқынға түскен 500 қазақ, қырғызды таспен ұрып өлтірген»; «Өз еркімен келген қазақ, қырғыздарды мылтықпен, қамшымен қорқытып, жартастан құлатқан... Әскерлер көзіне көрінген мыңдаған қазақ, қырғыздың бәрін қырып салған.Жетісу облыстық ведомстволардың бұйрығы солай болған»; «Қазақ, қырғыздарды жаппай қыру туралы әкімшіліктің бұйрығы бар...Ол сөзді Фольбаум әскердің көңілін көтеру үшін айтқан. Генерал Ерофеев»;

Сотник Фон Бергтің рапортынан: «...ереуілшілерді қылыштауға кірістік...50-ге тарта адам өлді...Ұрыстың соңында 80 адамның өлі денесін,12 жаралыны санадық... тағы да 4 қазақты атып өлтірдім... Бір түннің ішінде екі ауылды тып-типыл еттік ... Құрбандыққа шалынғандардың саны 200-ден асып кетті... 11 тамыз күні ... 12 тамыз күні ... 13 тамыз күні ... 14 тамыз күні ... 15 тамыз күні 8 адамды атып сұлаттық... 27 адамды атып өлтірді... 50 адамнан айырылды...»; 25 тамыз күні крестьяндар 180 адамды қырып тастады»; «Өстіп 14 адам өлтірілді... Жол үстінде емшектен шықпаған балалар бесігімен, не жай ораулы күйінде жылап жатты... Бұталарды паналаған барлық қазақтарды аяусыз қырдым...»;

Сотник Волковтың рапортынан: «22 тамыз күні Меркі жазығындағы қазақтарды іздеуге шықтым ... 500-600 қазақтарды көрдік...жазық қазақтардан тазарды, тағы қазақтардың ... 70-80 қаза тапты, не жараланды... 20 тамыз күні 85 адамды өлтірдік... 30 тамыз күні Жалаңаш селосына 50 адамды жібердім... селоны тыныш (тып-типыл) еттім... 28 тамызда 40 адамды өлтірдік... 7 мынға тарта адам қыспаққа алды... Қазақ, қырғыздарды оңды-солды аяусыз қылыштадық...4 адамды қылышпен шауып түсірдім... Бұл жолы қазақ, қырғыздардың көпшілігі қашып құтыла алмады, өлгендердің санының көптігі сондай, шатқалдан кері қайтарда саймен жүруге мүмкіндік болмады, қабақты қиялап жүрдік...»;

Ә.Бөкейханов пен М.Тынышбаев ұйымдастыруымен құрылған генерал Ерофеевтің міліметінен: «...Көтерілістен соң 1 миллион 261 мың 200 адам шет елге ауып кетті» (өткен жауабымда айтылған 6 миллион сом осы елді қайтаруға, мал жанын қайтаруға жұмсалған).

Бауырым,бұл деректерде, әлгі сіз шақырған көтеріліске шыққандарды: тек Фон Берг пен Волковтың жүздігінің қолынан қаза тапқан Мерке мен Жалаңаштағы құрбандардың саны ғана ішінара көрсетілді. Бұдан да бетер деректі халықаралық сайт болған соң келтірмей отырмын.

Егер қарудың тілін білсе, осындай қасіретке ұшырар ма еді? Ал, Талдықорған, Семей, Өскемен, Қарағанды, Торғай, Әулиеата, Ақмешіт, Шымкент, Самарқан, Ташкент, Наманған (олардың құрамындағы қазақтарды қосыңыз), батыс өңірдегі көтерілісшілердің арасындағы құрбандардың саны осыдан кем бола қоймас. 1914 жылы 6 миллонға таяу қазақтың 1926 жылғы санақта 3,5 миллионға түсіп кетуі тек 1921-22 жылдың ашаршылығынан ғана емес екені осыдан байқалады.

Сіз кекетіп отырған «Алашатаның» ұлтты қандай қырғыннан сақтандырғанынына енді де көзіңіз жетпей ме, бауырым!

Мен бұл деректерді 1981-82 жылдары жазғанда жылап отырып жазғам. Қазір де тамағыма тас тығылып отыр!

Сұрақ: Төке, жазғанда күрделі тіркестерді тізбелей бермей, қазіргі түсінікті тілге жақындатып жазсаңыз. Сіздің мақалаларды асфальтный достарыма беріп, оқыңдар деймін. Көп сөздер түсініксіз болған соң, олар әрмен қарай оқымайтын болды. Сондықтан қарапайымдау жазсаңыз. Орыстың «Ком.правда»», «Известиясы» секілді. Онда бәріне түсінікті етіп, мықты русьтер жазады. Сосын осы сайтта редактор жоқ па, әріп қателері ойды адастырады екен. Сарман.

Жауап: Кеңес кезіндегі журналистикалық талдау бойынша тілдік қолданысы ең бай деп саналатын осы «Ком.правда» мен «Известияның» сөздік қоры, ұмытпасам, 700-1300 сөздің аралығында болатын. «Газеттік стиль» деген де содан туған. Ал сонымен шектелген жазушы қолына қалам алмауға тиісті. Егер газеттік мақала жазсам, онда ескеруге болар «ұсыныс». Тіл жұтаңдығы да содан басталмай ма?



Сұрақ: Мен де өзіңіз сияқты алыс жақындағы достарыма Тұрсын Жұртбайдың мақалаларын оқуға ұсынамын. Олардың да түсінбейтін жерлері кездеседі, бірақ мен Тұрсын ағаның ауыз екі тілмен жазғанын қаламас едім, одан да достарыма өзім талқылап түсіндіргенім артық. Ағаның жазу тілі ұлттық тіліміздің аса көрнекті үлгісі деп танимын.

Жауап: Ықыласыңа шын жүректен алғыс айтамын.



Сұрақ:Өзің түсіндіргенде өз ой-пікірлерінді қосып жібересін. Источник дұрыс жетуі керек. Төке қарапайым жазыңыз. Әйтпесе ешкім түсінбейді. Бәрі босқа кетеді.Енді қазақ сіздің жазуды түсінбейді. Бейімбетше қысқа түсінікті болса.

Жауап: Бейімбетше жазу қолдан келмес. Ойланып оқу үшін де жазатын бір «шимайшыл» қазаққа керек емес пе, екен осы.



Сұрақ:Тұрсын аға, сіздей ғалым ұлы бар қазақ елінің бағы бар.

Жауап: Тым әсіре, асыра айтылған болар. Рахмет. Осы сөзге: Қазақ елі және жазушылары сіздердей оқырманымен бақытты – дегенді қосар едім..



Сұрақ: Ұраным Алаш атты кітабыңызды 4 рет оқып шықтым, исі қазақ үшін табылмас құнды кітап.

Жауап: Рахмет.



Қаламыңыз талмасын, Сіз бар да қазақтың және Қазақстанның болашағы бар.

Жауап: Алла жар болсын. Қазақтың болашағы – барша қазақ.



Сұрақ: Өзіңіз айтпақшы «Жасасын мәңгілік тәуелсіз Қазақстан!», "»Жасасын мәңгілік Тұрсын Жұртбай!». Иманғали.

Жауап: Жасасын тәуелсіздік.



Сұрақ:Семейді ешкім де ешқашан тұншықтырмақ болған емес. Семей Өскемендегі орыс-казактардың құрбаны болып отыр. Қазақстан өтпелі заманнның басында тұрғанда Орыс көкелерің құқай көрсетіп солтүстік және шығыс Қазақстаннан 5 облысты бөлмекші болып митингілер өткізіп, дау-дамай туғызып қиын жағдай жасаған. Мүмкін сен ол кезде жас болған шығарсың. Халықтың жағдайы төмен болды, жұмыссыздық, анархия, тұмсығын белеген инфляция, бос тұрған дүкендер және т.с.с. Міне осындай жағдайда Өскеменді орталық етуге тура келген. Болмаса Елбасы да басқа да қазақ азаматтары Семейдің орны мен халқын білмейді, білмей қалыпты деген бос жала. Сәке.

Жауап: Сәке! Халық өлмейді. Атом бомбасы баса алмаған Семей елінің еңсесін әділетсіздік те баса алмайды. Жасымаңыздар. Мен кейінгі жастардан сондай бір немқұрайлықты байқап жүрмін. Үлкен-кішіге айтарым, сіздер бәрін көрдіңіздер, сондықтан төзесіздер, тек жасөспірімдердің жан отын өшіріп, үмітсіздендіріп алмаңыздаршы. Бұл өзі үлкен мәселе болып барады. Түсініп отырсыз ғой.



Сұрақ: Құрметті Абай сайты, Не болса соны жазып, ғалымның алтын уақытын алған сауалсымақтарды екшеп отырған жөн. Немесе ашық пікірталасқа шыққан адамның толық аты-жөні болуға керек. Әйтпесе, балақтағы биттің бәріне жауап қатам деп Тұрсекең қажып қалмай ма? Тіпті түңіліп те кетеді ғой. Белгісізбен бет жыртыстырып қою жөн емес. Семей, Бауыржан.

Жауап: Бауыржан! Сен «Белгісізбен бет жыртыстырып» денді қандай орынды айтқансың. Келісім беріп қойған соң амал жоқ.



Сұрақ: Ассаламуғалейкум, Тұрсын аға! Сұрағым жоқ. Аладан амандық тілеймін. От басыңыз, Еліміз аман болсын. Алла қазаққа Алаштың Арыстарындай ұлдар берсін. Әмин. Жаушы.

Жауап: Айтқаның келсін.



Сұрақ: Тұрсын ағамызды сыйлап өскен жастың бірі едік, қазір де сәлеміміз түзу, бірақ соңғы жылдарда ол кісіні түсіну қиындап бара жатыр. Сөзі сылдыр, не әдебиетші емес, не тарихшы емес, жауапсыздықпен бет алды сөйлей беретін болыпты. Мына конференциясы не ауырған, не алжыған адамды елестетеді екен. Бетпақтығы тағы бар! Қатені мойындау, кешірім сұрау, қысылу дегенді ұмытса керек?! Мейлі айта берсің ғой, бірақ тарихтан шала түсінік алып, сол шала түсінігін елге ең соңғы ақиқат ретінде таратқысы келетінін қайтерсің! «Айтулы еңбектерін» ақтармай-ақ, осы конференциядағы «толғауларын» сабырмен саралап көрелік, ағамыздың тарих пен оқырман алдындағы жауапсыздығын анық сезесіздер:

1). «Айқындағы» сұхбатында әлде бір «құпия», «сұмдық» құжаттар туралы «архивтерде қаттаулы тұр» деп өзі көргендей, қолмен ұстағандай лепіріп еді, енді тайқып шығып, былай дейді: «Ал ол деректерді ғылыми айналымға түсіру - сол саланы зерттеп жүрген және сол деректерді архивтен тапқан ғалымдардың еншісі. Оған менің кірігуім әдепсіздік. Ол оқымыстылар өзінің пікірін толық қорғай алатын толық ғалымдар».

Сонда қалай, Тұрсын Жұртбай – аузына келгенді айтатын, бірақ өз пікірін өзі қорғай алмайтын «шала ғалым» болғаны ма? Өзі осылай деп мойындап отыр ғой!

2). Тұрсын Жұртбайдың оқырман сұрағына жауабы: «Егерде сіздің бір ғалым ағаңыздың сізге: "Тұрар да, Сәкен де: «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деген емес, дәл сол сөзді 1919 жылы Ахмет Байтұрсынов Сталинге айтқан» - деп айтқаны рас болса, онда ол адамды ағаңыздың қатарында қалдырыңыз да, ғалымдардың есебінен сызып тастаңыз. Себебі, мектеп оқулығынан мәлім мына хрониканы есіңізге салайын. Қазақстан автономиясы қай жылы құрылды, қай жылы териториясы бекітілді, оны жүзеге асырған кім? - 1920 жылы, тамыз - қазан айларында Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың тікелей кеңесші дауысы арқылы Ә.Ермековтің баяндамасының негізінде бекітілді. А.Байтұрсынов - 1919 жылы Қазақ өлкелік әскери революциялық кеңесінің мүшесі, яғни, үкімет басында отырғанның бірі өзі. Егер Ленин солай сұрай қалса: «Бөкейханов!» - деп жауап беретіні сөзсіз. Бөкейханов тұрғанда және ол «Алашорда» үкіметін басқарып тұрғанда, сол үкіметтің атынан өзі Ленинмен уәкіл ретінде сөйлесуге барғанда, басқаша жауап беруі мүмкін бе? «Лениннің өмірінің хроникасында» әр сөзі қағазға түскен. Бір жылдан кейін Қазақ автономиясының териториясы мен мемлекеттік құқын Лениннің алдында жоғарыдағы үшеуі үкімет комиссиясының мүшесі және бас баяндамашы ретінде қорғады. Пестковский, Жанкелдин, Меңдешев, Сейфуллин т.б. жергілікті ревкомитеттің өкілдері ретінде шақырылып, мәжіліске қатысты. Оларға сөз де берілмеген (Пестковский анықтама ғана берген, оның өзінде Ә.Ермековтің «подсказкасына» сүйенген). Талқылауға да қатыспаған. Бөкейханов кеңестен соң Ленинмен он бес минут жасырын есік жағдайында кеңескен. Екі күннен соң қол қойылған. Сонда, әлгі ағаңыз, осылардан тыс Қазақстанды билейтін қандай адам туралы айтып отыр? Ол кездегі Қазақ өлкесі мен Алашорда үкіметіне қатысты қазақ даласындағы қайраткерлердің аты жоғарыда түгелдей аталды. Енді кім ұсынылуға тиіс еді?».

Сұрақ пен жауапты салыстыра оқыңыздар, бас десе, құлақ дейді? Сұрақта: «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деп Ахмет Байтұрсыновтың айтқаны рас па?» деп тұр. Әлде өтірік пе?

3). Тұрсын Жұртбайдың оқырман сұрағына жауабы: «Ал қатар жағдайда өмір сүрген Уақытша өкіметтің, соңынан Жұмысшы, солдаттар кеңесінің дәргейімен құрылған Түркістан өлкелік атқару комитеті мен «Мұсбюро», «Түріккомиссиясы», шартты түрде айтқанда, Ташкент үкіметі (Қоқан, Бұқара, Хиуа үкіметінен тыс) туралы мәселе басқа».

Не түсінуге болады? Тілі шықпаған бала сынды? «Қатар өмір сүрген үкіметтер» туралы түсінігі мол екен!

4) Тұрсын Жұртбайдың оқырман сұрағына жауабы: ««Алашорда» - қазақ мемлекетінің жауы, Бөкейханов - қазақтың дұшпаны; алаш идеясы - қазақтың тәуелсіздігі идеясына қайшы келеді. Тәуелсіздік мәселесі - 91 жылы ғана қозғалды. Сол жыл ғана Қазақстан орнады - деген сандырақтар белгілі бір «жандайсымақ» тарихшылардың авторлық оқулықтарына, жоғары оқу орындарының бағдарламаларына еніп кетті. Референдум тұсындағы өрекпулер сияқты жоғарыдағы сандырақтарды таратып жүргендер де сол өрекпіген «сымақтар». «Сымақ» демеске болмайды. Өйткені, оларда бет жоқ, сүлдер бар. Тек әлдеқайда кіріп бара жатқанда, не шығып келе жатып жалт бұрылғанда «құйрықтары ғана» шолтаң етіп көрініп қалады. Сол екі ортаның өзінде «пыс» еткізіп үлгереді. Егер бұл сұрақ Мұхтар Мағауинге берілсе, оларды «Сүмелектер!» - деп атар еді. Оған біздің дәтіміз барса да, кегежеміз жібермей тұр. Сүлік деген орынды шығар. Сүлік - арам қанды, сарысуды сорады. Ал жаңағы сүліктер де тарихи ойдың арам қанымен күнелтеді».

Аға, бұлтақтамай тура айтыңызшы, ол қай оқулық, авторы кім, қайда басылған? Авторы кім, айтыңыз аға, бәріміз жабыла оқып, жауап берейік. Әлде, әйтеуір сөйлей берейін, жүз кісінің бірі сеніп қалса да олжа деп отырсыз ба?

5) Тұрсын Жұртбайдың оқырман сұрағына жауабы: «(Бөкейхановтың) массондық партияға кіруі туралы: Конституциялық демократия партияның 1905 жылғы саяси мақсаты: патшаны құлату, конституциялық мемлекет орнату, барлық ұлттарға тең құқық беру, олардың өзін өзі басқаруына, автономия құруына мүмкіндік беру, сайлауға қатыстыру, Думаға депутаттыққа сайлану, дін, тіл еркіндігі, өз жазуын қолдану, оқу орындарын ашу, экономикалық дамуына еркіндік беру, жер реформасын жүргізу».

Бұл не туралы жауап! Бөкейхановтың масондық ұйымға кіруі туралы ма, әлде кадеттер партиясына кіруі туралы ма? «Массондық партия» деген не? «Массон» емес, «масон»!? Сауат ашу керек, аға! Кадеттер патшаны тақтан құлату үшін емес, оның билігін шектеу үшін күрескен, сондықтан да «конституциялық» деп аталған. Кадеттер ұлттарға автономия бермейміз деген. Қиын тарихи құжаттарды оқуға біліміңіз жетпейтін болар, бірақ Бөкейхановтың кадеттердің қатарынан не үшін шығатыны туралы жазған мақаласын оқуға болады ғой!

6) Тұрсын Жұртбайдың оқырман сұрағына жауабы: «Сондықтан да, Әлихан Бөкейханов саяси қуаты күшті сол партияның мүшесі болып кіріп, қазақтың мүддесін қорғады».

Автономия беруден бас тартқан партияға кіріп, қазақтың мүддесін қалай қорғамақ? Ал, масондардың ұйымына ант беріп кірген адамда «ұлттық мүдде» деген болушы ма еді? Масондық ұйым кіріп-шығып жүре беретін саяси партия емес, оған кірген адам тірідей шықпайды. Масондар – жаһаншылар, олар ұлттық атаулының қас-жауы. Соны да түсінбейсіз бе?

7) Тұрсын Жұртбайдың оқырман сұрағына жауабы: «1916 жылы ақпан айында қазақтардан қара жұмысқа адамдар алынатыны туралы жарлықтың дайындалып жатқанын біліп, Самодержавиенің әскери мекемелеріне барып: «Қазақ та өзге ұлт сияқты халық. Оларды қолына күрек беріп, окоп қаздыруға ғана пайдаланып, алдыңғы шептегі зеңбіректің оғына қасап малы ретінде құрбандыққа шалу - намысқа тиеді. Бізді де башқұрттар сияқты әскерге үйретіп, қолымызға қару беріңіз. Өлсек те кегімізді жастанып өлейік» - деп талап қойды».

Ол талабы – құлдың қожасына барып құйрығын бұлғандатуы емес пе! Қазақты ит құрлы көрмеген патшаға барып, «маған қару бер, мен сен үшін өлуге даярмын» дегені ерлік пе? Қара жұмысшыларға көмектеспекші болғандары - «ұялған тек тұрмастық», сөйтсем, ашынған қазақ алдында жаным қалама деген дәме ғана!

8) Тұрсын Жұртбайдың оқырман сұрағына жауабы: «Хиуаға дейінгі ашаршылыққа ұшырағандарға 6 миллион сом бөлдіріп, солтүстік облыстардан қаражат жиып, керуенмен астық, киім тасытқан алашорда үкіметінен басқа үкімет бар ма еді?».

Қандай алты миллион, ол қайдан шыққан қаржы? Бірде-бір тарихшы білмейтін деректі сіз қайдан тауып алдыңыз? Нақты дәлелдеп беріңізші? Біз солтүстіктен оңтүстікке босқан халықты білеміз, бірақ тамақ артқан керуен туралы естімеппіз? Нақты деректермен дәлелдеп беріңізші? Мүмкін, сіз алашордашылардың Колчак пен Анненковтың армияларын асыраймыз деп Сарыарқа қазақтарынан тартып алынған сансыз малды Сібірге айдаған керуендерімен шатастырып отырған шығарсыз?

Екіншіден, дүние жүзінің маман тарихшылардың барлығы Түркістандағы алапат аштық кезінде бел шеше күресіп, бір жарым миллион мұсылманды арашалап қалған Тұрар Рысқұловтың тарихи еңбегін бұлтартпас деректермен дәлелдеп, әділетті бағасын берген. Орыс большевиктерімен алысып жүріп Тұрар Рысқұлов мемлекеттік қазынадан 380 миллион рубль бөлдірткені – тарихи факт, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал сіз алашордашылардың түркістандықтарға бөлдірген «6 миллион сомын» құжатпен дәлелдеп беріңізші. Бос сөйлеуге әдеттеніп бара жатырсыз ба, қалай?

9) Тұрсын Жұртбайдың оқырман сұрағына жауабы: «Жайнақов кім? Өмірбаянын білетін шығарсыз».

Білеміз. Жайнақов – патшаның парақор тілмашы, дулат руының жаныс тайпасынан, 1916 жылы облыстық соттың шешімімен босанып шыққан жазықсыз 150 дулат жігіттерін жаламен қайта тұтқындатып, соттатқан, біразын өзі бас болып аттырған. Революциядан соң «ұлтшыл» болып, алашордашыл болып біраз уақыт белсенген еді, ақыры жан сауғалап Қытайға қашты. Қызыл чекистер ұстап, бажасы Мәрсековпен бірге тірідей көміп тастаған деген сөз бар, анығын бір Алла біледі!

10) Тұрсын аға! Өкпелемеңіз, артық сөз айтсам кешірерсіз! Бірақ сіз неге ақиқаттан қаша бересіз? Айтыңызшы, «Алаш қозғалысы» дейтін қозғалысқа шамамен қанша кісі қатысты, аштық жылдарында олардың қаншасы абақтыда отырды? Қалғаны қайда тығылып қалды, шетінен сауатты, ең болмаса хат жазып, мәселе қойса болар еді ғой? Сіз деректерді білмейсіз, сондықтан орағытып көп сөйлейсіз. Ашаршылыққа Голощекиннің айналасындағы билік жандайшаптары, ауыл белсендісі, сосын малы тәркіленген байлар арқылы сауатсыз халық ортасында қасақана үрей таратып, бір қыста 12 миллион малды бауыздатып жіберген алашордашылар кінәлі!

Тұрсын аға! Айтыңызшы, осы сіздер, өздерін елден бөлек «алашшылмыз», «ұлтшылмыз», «қазақтың қаймағымыз» деп жариялап алған белсенділер пікір-таласта неге қарғап сөйлейсіздер?! Басқа пікірдегілерді қарғап сөйлеуге сіздерге кім құқық берді? Әлде жалғыз ақиқат көзі сіздер ме? Осы сайтта бір пақыр өзің «алаш» ауруымен ауырдым депті. Шынымен де, «алаш» немесе «шала» деген жаңа аурудың түрі шыққан ба? Сіздер «ұлтшыл», басқа пікірдегілер «ұлт сатқындары» ма?

Тұрсын аға! Осы Сіз тарихқа қалам тартып, күлкілі болмай-ақ қойсаңыз қайтеді! Тарихты түсінбейсіз ғой! Ал, қазіргі замандағы азғындық, жемқор билік, рушылдықтың улы зардабы, қазақ тілі мен рухына төнген қауіп туралы сізбен толық қосылам. Осыларды ашына айтып жүргеніңіз үшін де мен сізді сыйлаймын және құрметтеймін.

Сізге деген құрметпен, түркістандық бір ініңіз!

Жауап: Ал, «Тұрсын ағасын сыйлап өскен», «қазір де сәлемі түзу жас» інім! Мен де бір саған сұрақ қояйыншы, соған өзің жауап берші. Егерде «сыйлап өскен, сәлемі түзу ағаң»:

1. « Сөзі сылдыр, не әдебиетші емес, не тарихшы емес, жауапсыздықпен бет алды сөйлей беретін болса»; «не ауырған, не алжыған адамды елестетсе»; «Бетпақтығы тағы бар!» болса, «Қатесін (қандай) мойындамаса, кешірім (кімнен, не үшін?) сұрамаса, қысылу дегенді ұмытса (неге, қай айыбы үшін);

2. «Тұрсын Жұртбай – аузына келгенді айтатын, бірақ өз пікірін өзі қорғай алмайтын «шала ғалым» болса»; «бас десе, құлақ десе»;

3. «Тілі шықпаған бала сынды болса», «Қатар өмір сүрген үкіметтер» туралы түсінігі жоқ болса»;

4. Әлде, әйтеуір сөйлей берейін, жүз кісінің бірі сеніп қалса да олжа деп отырса»;

5. «Массондық партия» дегенді түсінбей, оның «Массон» емес (қате кетсе де) «масон»!? екенін білмейтін, «сауат ашылмаған» болса,

6. «Қиын тарихи құжаттарды оқуға біліміміз жетпейтін» болса, бірақ, «сол «Бөкейхановтың кадеттердің қатарынан не үшін шығатыны туралы жазған мақаласын оқуға болатынын» (Жұртбайдың өзі мысалға келтіріп отырып) білмесе;

7. Алашордашылардың 1916 жылғы қазақтың қолына қару беру туралы «талабын – құлдың қожасына барып құйрығын бұлғандатуы» деп есептемейтін; «Қазақты ит құрлы көрмеген патшаға барып, «маған қару бер, мен сен үшін өлуге даярмын» дегенін ерлікке санаған;

8. «Қара жұмысшыларға көмектеспекші болғандары - «ұялған тек тұрмастық» деп есептеген,

9.Жоғарыда келтірілгеніндей қазақты жүздеп, мыңдап, Фон Берг пен Волковтың қылышының астынан өткізуге жол бермеуге ұмтылып, алдын ала халықты сақтандырған алашордашыларды жақтаған;

10.Cоларды аман сақтап қалуға ұмтылғаны үшін «ашынған қазақ алдында жаным қалама деп дәмеленген» (неден дәме етеді – Т.Ж.) алаш көсемдерін қорғаған;

11.Түрмеде жатып: «Ашаршылыққа Голощекиннің айналасындағы билік жандайшаптарын (олар кімдер – Т.Ж.), ауыл белсендісін, сосын малы тәркіленген байлар арқылы сауатсыз халықтың ортасында қасақана үрей таратып, бір қыста 12 миллион малды бауыздатып жіберген алашордашылардың кінәсін» ақтаған

мені, яғни, Тұрсын Жұртбайды, қайтып «сыйлап», «қалай түзу сәлем беріп жүрсің»?

12. «Тұрсын аға! Осы Сіз тарихқа қалам тартып, күлкілі болмай-ақ қойсаңыз қайтеді! Тарихты түсінбейсіз ғой!» – деп ақыл айтқан «түркістандық інім», сенің тарихты түсінгенің осы ма? Әлде, көңілсіз әңгімені күлкіге айналдырғың келді ме?

Осы сұрақтар арқылы қайсымыз «күлкіге» айналып отырмыз.

13.Сізді «қайтпас қайсар, доктордан да мықты кандидат» деп бағалап отырған осы сайттағы пікір қосқан адамның мәліметіне сүйеніп, дәл осы сауалдарыңыздың қайсысы ғылыми талап пен әдепке сай келетінін сізден сұрағым келеді.

14.Сіздің өзіңіз «айтыңызшы», ғылым кандидаты екенсіз, алаш «қозғалысына шамамен қанша кісі қатысты, аштық жылдарында олардың қаншасы абақтыда отырды? Қалғаны қайда тығылып қалған, шетінен сауатты, ең болмаса хат жазып, мәселе неге қоймаған»?;

15. «Біз олардың түрмедегі тергеулерінің негізінде үш томдық «Ұраным – Алаш!» атты еңбек жазсақ та, тізімдерін көрсетсек те, сол «деректерді білмейді екенбіз», сондықтан оны кітап етіп шығарып, осы сайтта жариялауға рұқсат беріп, «орағытып көп сөйлеген екенбіз», енді сіз айтыңызшы. Ол үшін осы сайттағы «Ұраным – Алашты» оқып алсаңыз, пайдасы тиюі мүмкін.

16. Ал «Айқындағы» деректер қолда бар, онымен тікелей тақырып ретінде зерттеген үш ғалымның біреуімен және Ресейдегі архив маманымен сөйлестім, бәрі де орынында тұр екен. Әйтпесе, осыдан үш-төрт жыл бұрын сол архивті іздеп тауып, жойып жіберуге, не «мәңгілік құпия» сақтауға ұмтылған бір бастамашы топ құрылды деп естіп ем. Путиннің 2001 жылдан бері архивке «құлып» салғанының бір септігі осы болыпты. Әрине, архивтің ашық болғанына не жетсін. Сіздің алып оқығаныңыз қандай жақсы болар еді, бауырым. Танысқыңыз келе ме? Онда алдыңғы жауапта көрсетілген әдебиеттерді оқыңыз.

Осы сұрақтардан басқа, сізге жалғыз-ақ жауабым бар: қаламыма жармаса көрмеңіз. Менің сізден басқа тағы бір жанашыр інім бар екен. Соған кезек берейін.

Сұрақ: Тұрсеке, Қазағым «тегін жасырған тексіз» дейді. Біз арғы аталарымызды руға бөліну үшін емес, тарих үшін білеміз. Мұнымен мақтануға да болады. Бірақ сіз неге бірде «тобықты», бірде «наймансыз»? Тегіңізді неге жасырасыз? Сондай-ақ Қытайда тусаңыз да, құжатыңызға Семейде туғанмын деп көрсетесіз. Сонда кімнен қорқасыз? Тегіңізден бе, жоқ «қытайда туған» деп шеттеткен совет өкіметінен бе? Абақ.

Жауап: Қадірлі оқырман! Төмендегі жауапты астарлы қалжыңның қатарында түсініңіздер. Әйтпесе, мұнда тұрған түк те құпия жоқ. Тек «тексіз» дегенге жауап бермегенім үшін әкемнің әруағы назаланбасын деп «жиенсымақтығымды» пайдаланып (егер «Абақ» екені рас болса) «сілкініп алып» отырғаным ғой.

1. «Абағым-оу!» Саған:

«Кеңестің келмеске кеткеніне де ширек ғасыр өткенін, сол кеңестің түбіне жетуіне дем қосқан адамға (оны осы сайттағы «Ұраным-Алаштың...» алғысөзінен білерсіз) бұл сөзді, білсең де, білмегенсіп, мысықтабандап қалай сұрап отырсың? Соншама өңешіңді созып, кеңірдектегенде, маған кеткен қандай кегің бар еді? Менің қай балдызым, қай жиенімсің өзің?

Ал менің әкемнің тағдыры жоғарыдағы кітаптың ішінде айтылады. Тура осы мәселені кеңестің КГБ-сі де он жыл қудалап, түбіне жете алмаған. Қытайдың қауіпсіздік мекемесі де біраз айналдырса керек (мен барған кезде). Солардың барлығы соңынан үнсіз қалған. Соларға «жұмыс тауып беріп жүрген» осы сен сияқты «тектілер» емес пе екен?

2.Мен кіммен немесе кімге: тобықтымын, найманмын деп танысуға тиіспін, аты-жөнімді, қазақ екнімді айтсам жетпей ме, немесе тегімді кімнен жасырыппын? Менің әкем мен шешемнің тағдырына кірісуің арқылы менің намысыма тиіп тұрмын-ау деп ойламайсың ба? Осы сенің ішіңді тырнап бара жатқан қандай мысық тілеу? Саған менің руым керек пе, әлде рухым керек пе? Өстіп өзіңді өзің сүйкімсіз ғып көрсетуден саған не пайда? Адамдардың арасына ши жүгіртіп жүрген сығырайкөздің біреуімісің, әлде?», деп қазбалай беруге болар еді.

Бірақ, осы сенің ер мінезді абаққа тән емес мына мінезіңе менің де кәдігім бар. Сенің өзің кімсің? Тасада тұрып тас атқанша, бетпе бет келсең, «бар бұлбұлды сайратып, гүл біткенді ашып», құмығыңды басып берер ем.

Бірақ, сұрақ қойылған екен, қалың елдің назарын аударған сауалды қалыс қалдырмайын. Оның үстіне, сонау Маңғыстаудың Тұщықұдығынан Аңшыбай (жаңылмасам, өйткені «Жоңғарын» өшіріп алдым) бауырымыз да емеуірін танытыпты. Сыйлағаннан жауап берейін.

Менің ойымша, тексіз қазақ жоқ. Өйткені қазақ құл ұстамаған. Мен де: «Ала балта суырысып... тебінісіп келгенде, тең атаның ұлылымын!» (Қазтуған). Ата-бабам қазақ тағдырына қатысты барлық жанкешті соғыстарға қатысып, бірде асыңқы, бірде басыңқы, ел қатарлы еңбек еткен. Датхалықтан бастап – ауылнайлыққа, Сенаттың төрағасына дейінгі ел ісіне араласқан, бас батырлықтан – қорғаныс министрі, қорғаныс мнистрінің орынбасына дейінгі аралықта отан қорғау міндетін өткерген аталастарым бар. Түпкі ата таңбам Елтеріс Құтлығ қаған қашатып жаздырған екінші түркі қағанатын құрған ұлыстардың 56 таңбасының басында тұр. Өзім білетін ең үлкен бабамның сүйегі Самарқандта, одан кейінгісінің сүйегі Сыр бойында – Өзгентте, Көшім ханның соңына ергендерінің зираты – Көлденең Есілдің бойында, «Ақтабан шұбырындының» тұсындағыларының зираты – Есіл мен Нұраның арасында, кейінгілерінің бәрі Семейдегі «Қоңырәулие» мен «Қарабұтадағы» ата қорымда, әкем Құдакелдінің басы – Шыңғыстаудың Машан тауының етегіндегі Айнабұлақта жатыр. Ал өз басымның қайда қаларын бір Алла біледі.

Түпкі жетпіс жеті атам туралы «Дулығада» жазғанмын. Ал бергісін «Өзімнен түп тұқиянға дейін» атты мүмкін он бес жылдан кейін, мүмкін көз жұмғаннан кейін жариялануға аманатталған қолжазбадан, не он жылдың ішінде баспаға ұсынылуы мүмкін «Өлгендермен өмір сүрем» атты әфсанадан оқырсыздар. Өміріміз жетсе, сонда оқырмандар конференциясына шақырсаңыздар, барамын.

Осы бір сөздерді жазып отырып, өзімнен өзім сескенген жайым бар. Мүмкін жауап бермеу керек пе еді. Онда тағы да пәлеге қалмаймын ба?..

Ойлы оқырман кешірім етіңіздер. Бар қазақ – бір қазақ! Ол Аллаға да аян!..

p.s.

Енді маған жолданбаған, алайда көзім шалып қалған сауалдарға қысқаша жауап бере кетейін.



1. «Ессіз ғашықтық» туралы жоғарыда айттым. Осылай әзілдерің жарасып, қайымдасып тұрғандарыңның өзі қандай жарасымды.

2. Б.Айнабкеовті де, Мүфтиді де танимын. Алайда арасындағы дауды білмейді екенмін. Сондықтан да қалыспын.

3. «Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла!». Абайдың өлеңдік ырғағы осылай болса керек. Енді осыны: «АллаҺ ішіңді айтқызбай біледі, ойла!» – дегенде ырғақ пен дыбыс үндестігі бұзылады. Бұл қадыми талап болса керек.

4. Үш рет өшірілген сұраққа мен жауапты емеспін. Кісі өлтіретін сауал болмаса керек. Мүмкін арға тиетін сөз шығар. Онда сайттағылардың сақалымды сыйлағаны шығар. Сабырға келіңіз, «Қазақ баласы».

5. Маңғыстаулық бауырым! Сіздің емеуірініңізді түсінген сияқты болып, «Абақтың» сауалына орай жауап бердім. Түсінбей қалсам айыпқа бұйырмаңыз.

6. Бекарыс бауырым! Саяттай саналы, ибалы да зиялы, оқымысты жігіттер қазақта сирек. «Ақылдың азабын тарттым» деген осы шығар. Таяуда қырық айтыс ақынын Жүрсін бастап қажылыққа кетті. Ендігі келіп те қалған шығар. Олардан асып ешкім халыққа да, билікке де жеткізе алмайды. Мен өзімше сұрастырып көріп едім, жақсы танитын ағаларының өзі: «Оған мені араластырма» – деді. Президенттің рахымаына еніп шықса да, шыққанын тілеймін. Ағам мен жеңгемнің қабырғасы қайысып кетті. Міне, жазықсыз жазалылар деп осыны айтады. Көзқарас үші адамды айықа тарту біздің конституциямызға тура келе ме өзі? Ал енді, Бекарыс, шынымды айтайыншы, мен осы Исматулла қаридің ілімін білмейді екенмін. Оның тарахияты қандай тарахият? Саятты білгеніммен, қариді білмедім. Тіпті Саят та ол туралы маған ештеңе айтқан жоқ. Ибалы жігіт қой. Зиялы ретінде біліп жүргенім дұрыс еді. Сен мені ұялтып тастадың. Ар-ождан бостандығы қатаң сақталуы тиіс. Алла жар болсын, оларға.

7. Қырғыздардың «қанды кезеңін» қазақтың басына бермесін. Құрбандық жағынан біз де қалыса қоймаған сияқтымыз. Біздің де қарақшылар ұсталмады. Банкирлер қайда кетті?

8. Ергүл айналайын! Сен туралы еркін айтты. Бақытты бол! Көрген балаларға сәлем айт.

9. «Бөкейхановта жүрек болған жоқ» – депсіз. Мұның жауабын арыңызға аманат етіп тапсырдым.

11. Бекайың (Қызылорда): Олжастың «Азиясы» да «әуесқой оқырманның жазбалары». Мұны, тарихқа деген жазушының көзқарасы деп түсінсеңіз, барынша шындыққа жақындайды. Ең бастысы, шындықты жеткізу. «Дулығаның» жарияланғанына жиырма жыл болды. Өзім де содан қате іздеп, әр сапарға шығып, жаңа дерекке қолым жеткен сайын шүйілемін, алайда отыздағы Тұрсынның бір сөйлеміне алпыстағы Тұрсын деректік тұрғыдан өзгеріс, не жаңалық қоса алмай келеді.

Ал енді ағайын, ел, жұрт! Үлкен, кіші! Ащы айттық, тұщы айттық. Әйтеуір білгенімді айтға тырыстым. Артық сөзге – кешу, кем сөзге – кеңдік өтінемін. Расында да алаш қайраткерлеріне жабылған жала сөздерді оқығанда жанымның күйіп кеткен тұстары бар екен. Ондайға төзімсіздік жасағаным орынсыз, алайда табиғатым сол. Ал «Түркістандық бауырымның» ойланғаны жөн болар.

Ел – аман, жұрт – тыныш, тәуелсіздік – мәңгілік болсын! Қалғаны «ақтабан шұбырындыдан қиын емес», көшімізді әлі-ақ түзеп аламыз! Сау болыңыздар.

Ілтипатпен – Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙ.

17 сәуір. 2011 жыл.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет