1.Қазақ мемлекеттілігінің эволюциясының тарихи бастаулары, кезеңдері мен сабақтастығы. ХХ ғ. аяғындағы Қазақстандағы қоныстандыру саясаты. Экспедициялық зерттеу жұмыстары


Н.Хрущевтың «жылымығы» жылдарындағы Қазақстан және тың және тыңайған жерлерді игеру



бет49/61
Дата03.01.2022
өлшемі395.67 Kb.
#450828
түріСабақ
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   61
Қазіргі заман тарихы АБ 1

Н.Хрущевтың «жылымығы» жылдарындағы Қазақстан және тың және тыңайған жерлерді игеру.

Қоғамдық-саяси жүйеде 20- жылдардың ортасында орныққан қатаң әкімшіл-әміршілдік жүйе 40–50 жылдары шарықтай түсті. Бұл қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласынан көрініс тапты. Адамның табиғи құқығын шектеу, ұлттық мүддені ескермеу, мемлекеттік басқару жүйесіне ықпал жасау сияқты олқылықтардың шегі болмады. Қоғамдық-саяси және мәдени өмір орталықтан басқарып отырған Коммунистік партияның қатаң бақылауына алынды. Сталиннің жеке басына табыну қоғамдық өмірде берік орын алды. Е.Бекмаханов соғыс жылдары А.П.Кучкин, А.М. Панкратова, Б.Д. Греков, Н.М. Дружинин және тағы басқа кеңес тарихшыларымен бірлесіп Қазақ КСР тарихын даярлаған болатын. Кітап 1943 жылы баспадан жарық көрді. Алғашқыда еңбек жоғары бағаланғанына қарамастан, көп ұзамай сынға алынып, әсіресе, кітаптағы ұлт-азаттық көтерілістерге берілген баға қызу айтыс тудырды. Е.Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында” деген көлемді еңбегі де сынға ұшырады. 1950 жылы “Правда” газетіндегі “Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін” деген мақалада Е.Бекмаханов еңбегі айыпталды. 1951 жылы 10 сәуірде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті “Правда” газетіндегі мақала бойынша қаулы қабылдап, “Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасын айыптады”. Қаулыны жүзеге асыру барысында тарих ғылымдарының докторы Е.Бекмаханов Ғылым академиясындағы қызметінен босатылып, барлық ғылыми атақтарынан айырылып, 1952 жылы 4-желтоқсанда 25 жылға сотталды. Е.Бекмахановпен қатар республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А.Жұбанов, Х.Жұмалиев, Б.Шалабаев, Б.Сүлейменов, Е.Смайлов, жазушы Ю.Домбровский осындай жалған айыптармен жазаланып, сондай-ақ Ә.Марғұлан, Ә.Әбішев, С.Бегалин секілді ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталды. 1948 жылы “космополитизммен”, яғни шетел мемлекетерінің мәдениетіне көңіл бөлушілермен күрес науқаны басталды. Космополитизм науқанында Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ халқының мақтанышы болып келген Шортанбай, Шәңгерей, О.Қарашев феодалдық-реакцияшылдар деп танылып, ал кейінгі кеңес әдебиетшілері – Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов ұлтшылдар ретінде қудаланды. Ғылым Академиясының президенті Қ.Сәтбаев “Едіге батырға” алғысөз жазғаны үшін “ұлтшыл” атанса, М.Әуэзов 1945 ж. жарық көрген “Абай өмірінің және творчествосының биографиялық очеркі” еңбегінде Абайды “феодалдық ақындар Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев ортасында суреттегені үшін” қудаланады. Екі зиялыға да осындай орынсыз кінәлар тағылғаннан кейін, Москваға қоныс аударуға мәжбүр болды. “Космополиттер” қатарына белгілі шығыстанушы, академик В.В.Бартольд та енгізілді. Оған “араб, иран, қытай мәдениеттерін жоғары көтерген” деген мағынадағы кінә тағылды. Сонымен қатар 1946 жылы А.Маметованың “Абай Құнанбаев” атты әдеби еңбегіне де космополиттік деген кәні тағылып, басылымнан алынды. 1952 жылы баспадан С.Мұқановтың “Балуан Шолақ”, С.Мұқанов алғысөз жазған Қ.Аманжолов пен Х.Бекхожиннің “Батырлық эпосы”, Қ.Сатыбалдиннің “Әлия”, М.Хакимованың “Мәншүк” еңбектері қайтып алынды. Осылайша соғыстан кейінгі жылдарда пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамда өзгеріс қажет деген ұғымды әкімшіл-әміршілдік жүйе тұншықтырып тастады. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін қуғын-сүргін науқаны біраз баяулады. Сталиннің өз кезінде жоспарлаған Қазақ КСР Ғалым Академиясының тарих, археология, этнография институтын, тіл және мәдениет институтын, Кеңестік жазушылар Одағын “ұлтшылдардан” тазалау саясаты тоқтатылды. 1953 жылы мамыр айынан бастап социалистік қоғамдағы қайшылықтар, жеке тұлға мен халықтың тарихтағы рөлі, Сталиннің жеке басына табыну мәселелері төңірегінде алғашқы пікірлер айтыла бастады. Кезінде ОГПУ, НКВД-ні басқарып, әкімшіл-әміршіл жүйенің адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарын заңдастырған Берия ату жазасына кесілді. “Үштіктер”, “Бестіктер”, “Ерекше кеңес” жойылып, ГУЛАГ МҚК-не берілді. Л.П.Берияның қылмыстық іс-әрекетін үзілді-кесілді тоқтату қоғамдық өмірді демократияландыру жолындағы маңызды кезең болды. Бірақ бұл - әкімшіл-әміршіл жүйенің күйреуі емес болатын. Сотталған адамдар бұрынғыша лагерлерде отырды, ал адам құқығының аяққа басылуына Сталиннің өзі сияқты қатысы болған көптеген саяси қайраткерлер жоғарғы өкімет орындарында отыра берді. Он жылдың ішінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы алты рет өзгертілді. Бірінші хатшы Ж.Шаяхметовтің орнына КСРО мәдениет министрі П.Понаморенко тағайындалды. Ал үкімет басындағы Н.Оңдасынов орнына Д.Қонаев келді. 1955-1957 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Л.И.Брежнев П.Понаморенконың орнына көтерілді. Кейінгі басшылар: Н.И. Беляев (1957-1960), Д.А.Қонаев (1960-1962), И.Юсупов (1962-1964) болды. Бұл науқан барысында тағайындалған басшылардың көбі қазақ тарихын, ұлттық табиғи ерекшеліктерін білмейтін. Сондықтан науқан нәтижесі экологиялық, демографиялық, рухани зардаптар алып келді. 1956 жылы 14 ақпанда Москвада КОКП-ның ХХ съезі өтіп, онда Сталиннің жеке басына табыну айыпталды. КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев бастаған коммунистер партиясы сталиндік диктат үстемдігін әшкерелеп, талдау жасауға тырысты. “Жеке басқа табынушылық және оның салдары” туралы мәселе 25 ақпанда съездің жабық мәжілісінде көтеріліп, съезд өткен соң, жарты жылдан кейін, 30 маусымында “Жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою” жөнінде қаулы қабылданды. Н.С.Хрущевтің ХХ съездегі «Сталиннің жеке басына табынушылығын әшкерелеу” туралы баяндамасының толық мәтіні 33 жыл өткен соң ғана 1989 жылы жарық көрді. Тарихта “жылымық” деп аталып жүрген 1954-1964 жылдары біршама басшылықтың ұжымдық принциптері енгізіліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі босаңси бастады. Қоғамдағы кеңес және қоғамдық ұйымдардың рөлі біршама өсті. Қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар біршама ой еркіндігін тұғызды. Нәтижесінде мыңдаған кінәсіз сотталған адамдар лагерлерден босатылып, партияның кейбір көрнекті қайраткерлері ақталды. К.Бекхожин, С.Мұқанов, С.Кенебаев партия қатарына қайтадан алынды. Әйтсе де, Н.С.Хрушев пен оның төңірегіндегілердің Сталиндік тәртіпті сынға алуы үлкен ерлік болғанымен, олар әбден орныққан әміршіл-әкімшілдік жүйені толық жойған жоқ. Әлі де кінәсіз соталған адамдар түрмелерде қалды. Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатын ақтау мақсатында, Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталып, қазақтардан бірыңғай коммунистік ұлт шығаруға бағыт алынды. Тарихи шындық ақтандақ қалпында қалып, кеңестер жүргізген қанды қырғын біржақты көрсетілді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов және т.б. алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілген жоқ. Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылып, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау және тағы басқа көптеген мәселелер орталықтағы шағын топтың қолында қала берді. Қайта құрулар соңына дейін жеткізілмеді. Сталиннің өлімінен кейін жасалған іс-әрекеттің жартыкештігінің салдарынан бір жағынан депортацияға ұшыраған башқұрттар, қалмақтар, шешендер, ингуштар мен қарашайлықтардың автономиясы қалпына келтірілсе, ал, екінші жағынан қырым татарлары, немістер, месхет түріктеріне өз автономиясын қайта құруға әкімшіл-әміршілдік жүйе тиым салды. Әкімшіл-әміршіл жүйені мойындаған қазақ зиялыларына біраз кешірімдер жасалғанымен тоталитарлық тәртіп зиялыларды бақылауын тоқтатпады. Мысалы, 1953-1954 жылдары М.Әуезовтің “Ақын аға”, К.Шаңғыбаевтың “Намыс” және т.б. еңбектері басылымнан алынып, жариялауға тиым салынды. 1956 жылы 19 желтоқсанында КОКП Орталық Комитеті жергілікті партия ұйымдарына “Партия ұйымдарының бұқара арасындағы саяси жұмысын күшейту және жау элементтердің антисоветтік бас көтеруіне тыйым салу жөнінде” арнаулы жабық хат жолдады. Сөйтіп, тұтқындау науқанының жаңа кезеңі басталды. Саяси тұрғыда басқаша ойлаушылар қоғамның қайшылықтарын ашық айтқандары үшін қудаланды. Бір ғана мысал, 1956 жылы белгілі тарихшы Э.Н.Бурджалов “1917 жылғы наурыз-сәуір айларындағы большевиктердің тактикасы” аты мақаласы үшін қызметтен алынып, қудаланды. Ал, 1957 жылдың 3 айында ғана “Советтік шындықты бұрмалағаны үшін” және өткенді қайта қарағаны үшін 100-ден астам адам тұтқындалды. Мұндай келеңсіздіктер 60-шы жылдары да қоғам өмірінен орын алды. 1959-1960 жылдары 155 еңбектің жариялануына партия тарапынан тыйым салынды. 1960 жылы Қазақстан жазушылар одағы республика компартиясының төрағасына С.Торайғыровтың творчествосын қайта қарау туралы ұсыныс жіберді. Екінші жіберілген хатта Шәкәрім творчествосын қайта қарауға рұқсат сұрады. Бұған жауап ретінде республика компартиясы 1961 жылы Қазақстан жазушылар одағының қызметін қанағатсыз деп тауып, ұлт мәселесін көтерушілермен күресті жандандырды. Осы жылдары, керісінше, орыс тілінің рөлін ұлтаралық тіл ретінде көтеру мәселесі өте маңызды болды. Коммунистік идеологияны басшылыққа алған Н.С.Хрущев республиканың барлық өміріне тікелей араласты. Қазақстанның оңтүстік аудандары Өзбекстанға берілді. Тың өлкесінде 6 облыстың өлкелік партия комитеті біріктіріліп, тікелей Мәскеуге бағындырылды. Ақмола – Целиноградқа, Батыс Қазақстан – Орал облысына айналды. Ұлт саясатындағы бұрмалаушылықтар халық арасында, әсіресе, зиялылар мен жастар арасында түрлі наразылықтар туғызды. Кеңестік жүйе оларды барынша жасырып, бүркемеледі. Осылайша, Теміртаудағы толқу кезінде тәртіпсіздіктің салдары ретінде бағаланды. 1963 жылы Мәскеуде оқитын қазақ жастарының бір тобы Б.Тайжанов, С.Ақатаев, М.Тәтімов, М.Ауэзов бас болып “Жас тұлпар” атты ұйым құрды. Мақсаты – қазақ жастарының ұлттық санасын ояту. Мұндай ұйымдар кейінірек Ленинградта, Киевте, Алматыда, Одессада, Ригада, Павлодарда, Қарағандыда, Ақмолада, Семейде, Шымкентте және басқа жерлерде пайда болды. Қазақстанды орталықтан басқару ұлттық егемендікті толығымен шектеді. Әсіресе, экономиканың әскери сұранысқа сай бейімделуі қоғамға теріс ықпалын тигізді. 1949 жылы 29 тамызда Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарында салынған ядролық сынақ полигоны орны толмас адам өмірі мен экологиялық және қаржылық шығын әкелді. 1963 жылға дейін полигонда ашық ауада 113 жарылыс жасалса, 1964 жылы жер астына көшіріліп, 1989 жылға дейін 343 сынақ жасалды. Н.С.Хрущев мемлекеттің “коммунизмге өтуіне байланысты” жаңа Конституцияның жобасын жасауды ұсынғаннан кейін, 1961 жылы Конституциялық комиссия құрылады. Ғылым Академиясының толық мүшелері болып көрнекті ғалымдар – М.Әуезов, Ә.Бектұров, М.И.Горяев, А.Қ.Жұбанов, Н.Г.Кассин, Н.Т.Сауранбаев, мүше-корреспонденттеріне Н.О.Базанова, Р.А. Барукаев, Ә.Х.Марғұлан, М.И.Усанович және т.б. сайланды. 50-шы жылдардың аяғында Қазақстан Ғылым Академиясының жүйесінде 50 ғылыми зерттеу институты жұмыс жасады. 1958 жылы Орталық Қазақстанның комплексті металлогендік әрі болжамдық картасын жасағаны және оның методикасын зерттегені үшін ғалымдар: И.И.Бек, Р.А.Борукаев, Г.Ц.Медоев, Д.Н.Казанин, Қ.И.Сәтпаев және басқалары Лениндік сыйлыққа ие болды. Ал жоғарғы оқу орындарының құрамына тоқталар болсақ, 50-ші жылдары 13 институт: Семейде – малдәрігерлік-зоотехникалық және медициналық, Қарағандыда – медициналық, политехникалық және педагогикалық, Атырауда, Қостанайда, Шымкентте және басқа жерлерде педагогикалық институттар ашылды. Соғыстан кейінгі жылдарда мектепте білім беру ісі тоталитарлық тәртіптің ықпалынан шықпады. Партия, комсомол және пионер ұйымдары, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқын қатаң бақылауда ұстады. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырумен қатар жалпы көрсеткішті қудалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайлы қарауы орын алды. Осының салдарынан 20 жылдың ішінде (1950-1970) қазақ мектептерінің саны 3891-ден 2577-ге дейін азайды, ал сабақ орыс тілінде жүретін орыс мектептерінің саны 1,5 мыңға көбейді. Қазақ тілі тек тұрмыстық қолданыс дәрежесінде сақталса, орыс тілі негізгі мемлекеттік тіл ретінде қолданылды. Кітаптардың 95 % орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70 % эфирде тек орыс тілінде жүргізілді. Кеңестік тәртіптің бұл қылмысының нәтижесінде қазақ халқының ұлттық мәдениетінің аясы жылдан жылға тарылып, тіпті ұлттық территорияға қауіп төнген жағдайлар орын алды. Сонымен, қаралған жылдары республикада интернационализм түсінігі үстем идеологияға айналды. Ұлттық мәселелердің барлығы тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы шешіледі деген түсінік негізінде ұлыдержавалық шовинизм жатты. Ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана үстемдікке ие болып, көбірек дәріптелді.

Тың жерлердің игерілуі 1954 жылы басталды. 1954 жылы наурызда КОКП Орталық Комитетінің пленумында «Астық өндіруді арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Тың игеру, астық өсіретін егістік көлемін арттыру, негізінен, Орал мен Сібірде, Солтүстік Кавказ бен Қазақстанда жүргізілді. Кеңес Одағы бойынша 1954 жылы 13,4 миллион гектар тың және тыңайған жер жыртылды. Оның 6,5 миллион гектары, яғни 50%-ы Қазақстанда болды. Осылайша жаппай тың және тыңайған жерлерді игеру қозғалысы басталды. Тың жерлерді игеру Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Торғай, Павлодар облыстарында жүргізілді.

1954-1955 жылдары бүкіл Кеңес Одағы бойынша 29,7 миллион гектар тың және тыңайған жер, оның ішінде Қазақстан бойынша 18 миллион гектар, яғни 66,6% жер жыртылды. Тың және тыңайған жерді игеру нәтижесінде Кеңес Одағында жан басына шаққанда 2 мың кг астық өндіру мүмкін болды. Ал дүниежүзілік тәжірибе бойынша жан басына 1 мың кг астық жеткілікті болатын. Тың жерлерді игеру мақсатында Қазақстанға көптеген жұмысшы келді. 1953-1958 жылдар аралығында совхоздар мен колхоздарға 266,6 мың механизатор, 1954 жылы Ақмола облысына тың игеру үшін 20000-ға жуық адам келді. Тың игеруді жеделдету мақсатында көптеген шаралар қолданылды. Басқа өңірлерден тың игеруге келгендерге көптеген материалдық жеңілдік жасалды. Тың игеруге келген әр адамға 150 мен 1000 сом аралығында бір реттік көмек берілді. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік т. б. көмектер берілді. Тың игеруге келгендер ауылшаруашылығы салығынан босатылды.

1954-1959 жылдар аралығында Қазақ КСР-де тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында 20 млрд-қа жуық сом жұмсалды.

Тың игеру Қазақстанда ерекше қарқынмен жүргізілді. Қазақстанда егістік жерлердің көлемі артты. Астық өндіру көлемі жөнінен Қазақстан одақта 2-орынға шықты. 1956 жылы тың игерушілер 16 миллион тонна астық жинады. Соның арқасында Қазақстан Орта Азия мен Сібірді, Оралды астықпен қамтамасыз етті. Тың игеру жылдарында Қазақстан көп ұлтты, интернационалды елге айналды. Қазақстан жерінде тұрғын үйлер, құрылыстар, мәдени обьектілер көптеп салына бастады. Он мыңдаған шақырым жол төселді.

Көптеген жыл бойы тың жерлерді игеру партия көрегендігі, мемлекет жеңісі ретінде дәріптеліп келді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы ештеңе айтылмады және айтылуы да мүмкін болмады. Тың игерудің рухани, демографиялық және экологиялық зардаптары да зор болды. 1960 жылдарға қарай Қазақстанның тың өлкелерінде 9 миллион гектар жер жел эрозиясына ұшырады. 1954-1962 жылдар аралығында тың игеру үшін Қазақстанға КСРО-ның тек еуропалық бөлігінен 2 миллион адам әкелінді. Республикада қазақ халқының үлесі 30%-ға дейін төмендеп, ұлттық тіл, салт-дәстүр мен халықтың жойылып кету қаупі туды.

Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендер арасында арамтамақтар мен қылмыскерлер де болды. 1954-1955 жылдарда Қазақстанға келген 650 мың тың игерушінің 150 мыңы ғана механизатор болды. Нәтижесінде тәртіпбұзушылық пен қылмыс етек алды. Тың игеруге байланысты совхоздарға көбінесе тозған, бүлінген тракторлар мен комбайндар, ауылшаруашылық техникасы жіберілді.



Экологиялық жағдай күрт нашарлады. Аса көп территория жыртылып, нәтижесінде көп жер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды. Малшаруашылығының дамуы артта қалды. Миллиондаған гектар жер жыртылғандықтан, малдың жайылымы, жемшөп дайындайтын жерлер азайды. Малшаруашылығының шығынға ұшырауынан ет, сүт өнімдерінің көлемі де азайды. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері аяққа тапталды. Тың игерушілер арасында қазақ халқының ұлттық намысын қорлайтын теріс пікірлер тарады. Тың игеру жылдары қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, ұлттық руханияты ескерілмеді. Қазақ мектептері, балабақшалар, қазақ тіліндегі газет-журналдар азайды. Қазақ тілінің қолданылу аясы тарылды. Тың игеру жылдары келген 2 миллионға жуық басқа ұлт өкіліне берілген артықшылықтар қазақ халқын менсінбеушіліктің көрінісі болды. 1959 жылғы халық санағы бойынша республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 миллион 787 мың, яғни барлық халықтың 29%-н ғана құрады. Тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылды. Енді қазақ балалары мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Бұл біріншіден, қазақ жастарының ұлттық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды. Екіншіден, Қазақ елінің елдімекендері мен жер-су атаулары орысша атала бастады. 1962 жылы Н. Хрущевтің бастамасымен Қазақстанның солтүстік облыстарын тың өлкесіне біріктіріп, Ақмола қаласы Целиноград деп өзгертілді. Тың игеру кезінде құрылған совхоздарда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей, кейбір қазақ ауылдарына да шошқа өсіруге нұсқау берілді. Қазақ ауылдарында шошқа фермалары ашылғанымен олар көп ұзамай жабылып қалды. Өйткені қазақтар шошқа шаруашылығын жүргізуден үзілді-кесілді бас тартты. Шошқа шаруашылығын дамыту мен жайылымдардың қысқаруы қазақ халқының дәстүрлі малшаруашылығына кері әсерін тигізді. Түйе мен жылқы шаруашылығы құлдырап кетті. Емдік қасиеттері белгілі қымыз бен шұбат өндіру ұмытыла бастады. Сол кезеңде халық үшін ең ауыр тигені Кеңес үкіметінің жеке және қосалқы шаруашылық жүргізуге тиым салуы болды. Тың игеру 1964 жылға дейін жалғасты. Тың игерудің қорытындысы – Қазақстан халқын нанмен қамтамасыз ету мәселесінің шешілуі. Сонымен бірге Қазақстан сырт елдерге экспортқа астық шығаратын елге айналды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   61




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет