2. Стилистиканың қазақ тіл білімінде зерттелу дәрежесі, ғылым саласы ретінде қазіргі дамуы туралы
Қазақ тілі стилистикасына жанама қатысы бар зерттеулер өткен ғасырдың 30—40 жж. көріне бастады, негізінен, оларда аударма мәселесі және көркем әдебиеттің тілі, стилі сөз болады. Мұндай саладағы зерттеулер соңғы жылдары кең өріс алды, әдеби тілдің ерекшеліктеріне баса көңіл қоя бастады:
— Фольклордың тілі— Н.Адамбаева, Е.Жұбанов, Т.Қордабаев.
— Абайдың тілі — Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Р.Сыздықова.
— М.Әуезовтың тілі —-М.Балақаев, К.Аханов, Е.Жанпейісов, М.Сергалиев.
— Ғ.Мүсіреповтің тілі — М.Серғалиев, Б.Шалабай және т.б.
— Ә.Кекілбаев, М.Мағауин тілі — Р.Сыздықова жәнә т.б.
Ғылым Академиясының "Вопросы языкознания" журналында (1954—55) екі жылға созылған ғылыми айтыстың нәтижесінде жалпы стилистика ғылымындағы сияқты қазақ тілі стилистикасы да көптеген мәселелерді қарастыра бастады, стилистикалық зерттеулер жарық көре бастады. Мұндай ізденістер функционалды стилистика мен тіл құралдары стилистикасының проблемаларын зерттеуді мақсат етеді. Мәселен, кейбір еңбектер:
— қазан төңкерісіне дейінгі баспасөз тілінің (Б.Әбілқасымов);
— кеңес дәуіріндегі баспасөз тілінің (С.Исаев);
— қазақ ауызекі сөйлеу тілінің (Р.Әміров);
— қазіргі кезеңдегі баспасөз тілінің (О.Бүркітов, А.Алдашева, Б.Момынова);
— көркем әдебиет стилінің, тілінің (Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Х.Кәрімов) ерекшеліктерін сөз етеді.
Енді 6ір топ еңбектерде синтаксистік конструкциялар, атап айтқанда, синтаксистік синонимдер (М.Серғалиев), сөйлем мүшелері (Ш.Бектаева, О.Күлкенова, М.Шаяхметова) стилистикалық зерттеуге алынды. Сол сияқты автор сөзі, төл сөз, қосүнді сөздің құрылымындағы стильдік ерекшеліктер де сөз етілуде (Х.Кәрімов, Р.Сыздықова).
Сөздердің лексика-грамматикалык, топтарының да, айталық, зат есімнің стильдік мүмкіндіктері (Ф.Мұсабекова), проза тіліндегі етістіктің стилистикасы (Г.Әзімжанова), есімдік сөздердің стилі (Р.Сағынбаева) т.б. біршама зерттелді.
Тілдің көріктеуіш құралдары да стилистикалық тұрғыдан зерттелуде (Б.Хасанов, Т.Қоңыров, С.Хасанова т. б.)
Стилистиканы оқытудың әдістемесі де қарастырыла бастады, ол жайында еңбек жарық көрді (А. Жапбаров).
Мұндай стилистикалық еңбектердің жарық көруі, дискуссия, конференциялардың ұйымдастырылуы (1968 ж. Ашхабадта "СССР халықтары әдеби тіліндегі стильдік жүйенің дамуы", 1984 ж. Алматыда "Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі" т.б.) стилистиканын дербес ғылым саласы болып әбден қалыптасуына себепші болды.Бұған қоса жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде стилистика курсының міндетті түрде өтілетінін, оған арналған тұрақты оқулықпен бағдарламалардың барын ескерсек, қазақ тілндегі стилистикалық құбылыстарды зерттеу ісінің көптен бері бастау алғанына және лингнистикалық стилистиканың бір жағынан, кәзіргі қазақ тіл білімінің бір саласы ретінде, екінші жағынан, әдебиеттану стилистикасынан да өзіндік ерекшелігі бар ғылыми курс ретінде танылып отырғанына күмән тумаса керек. Әрі ғылым саласы ретінде қазіргі дамуы, дәрежесі біршама көтерілді, бұған дейінгі кезеңдермен салыстытрғанда, қазір тілді, стильді функционалдық тұрғыдан зерттеуге баса көңіл бөлініп келеді. Мәселен, көп жанрлы көркем әдебиет туындылары, баспасөз материалдары, әр саладағы ғылыми, публицистикалық еңбектер, шаршы топ алдында сөйлеудің түрі, оқу-ағарту ісінің дамуы, жетілген ресми іс қағаздарының үлгілері, радио-теледидар тіліне қатысты еңбектер дүниеге келіп жатқанда, осындай "сыртқы" экстралингвистикалық факторлардың тілге деген ықпалын байқауға болады, сондықтан ондағы тілдік құралдардың қолданылуы қандай дәрежеде екенін айқындауға әбден болады. Демек, мұндай зерттеулер оқырманын сөзді талғап қолдануға үйретеді.
Достарыңызбен бөлісу: |