«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ
«Ұлы Дала елі», «Қазақ елі», «Мәңгілік ел» деген киелі ұғымдар талайлы тарихында басынан қилы қиындықты өткерген қазақ халқының бұрыны мен бүгінінен хабар беріп тұрғандай.
Елбасымыз тәуелсіздігімізді алғаннан бастап «Тұтас түркі елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың ізгі армандарын іске асыру ниетімен «Түркі бірлігі» идеясын айтып келеді.
Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел – бүгінгі қазақ мемлекеті. Ежелгі Ұлы даланың мұрагері, ұлтын сүйетін перзент,құнды дәстүрлердің мирасқоры ретінде қазақ елі басшысының «Мәңгілік Ел» идеясын жаңғыртуы – заңдылық әрі перзенттік парыз.
Ұлт жасампаз болу үшін ұлтты ұйытатын ұлы идея қажеттілігін болмысымен сезінетін, мақсатсыз елдің тарих көшіне ілесуі неғайбыл екенін тереңнен пайымдайтын Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. ...Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік ел», – деп елді елең еткізген«Мәңгілік Ел» идеясын жариялады.
Тарихқа тағзым жасап, бабалардың ұлы істерін ұлықтау – мемлекеттілік ұғымын ұлттық идеологияның алтын қазығына айналдыру. «Мемлекеттілік» ұғымы мемлекеттік құрылым ғана емес, мемлекеттілік – әр мемлекеттің дамуы мен қызметін ұйымдастыруға қажетті идеялар мен көзқарастардың тұтас жүйесі. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы – ұлттық-мемлекеттік идеяның іргетасы, елдің болашағына қызмет ететін жасампаз озық ой. Бір кездері дүркіреген Көктүріктер империясы ту етіп, Тоныкөк негізін қалаған, Мәңгі ел құндылығы бүгін, міне, осылайша Қазақстан мемлекетінің түп қазығы – ұлттық идеясына айналды.
2015 жылғы 11 қыркүйекте Астанадағы салтанатты жиыннан басталған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі мерекесі ежелгі мемлекеттігімізді дүйім елге паш етті. Сəні мен мəні үйлескен торқалы той елдігіміз бен береке-бірлігіміздің, жарқын болашағымыз бен мəңгілік мұратымыздың бүкілхалықтық аламанына айналып, барша қазақстандықтарды, жалпы республика жұртшылығын бір серпілткені аян. Елбасының осы жиында: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дəуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды», – деп айтқан тұжырымы ондаған жылдар бойы қиянатқа ұшырап, көмескіленіп келген тарихи ақиқатқа шамшырақтай жарық шашып, тарихшы-ғалымдардың тиянақтайтын тұғырнамасына айналды.
Халқымыздың береке-бірлігін паш етіп, мерейін тасытқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі қазан айында қасиетті Тараз төрінде үлкен табыспен, шарықтаған көңіл-күймен түйінделді. Алғаш рет «қазақ» атауымен ежелгі ордамыздың шаңырағы көтерілген көне Тараз жерінде мемлекет басшысының қатысуымен «Қазақ хандығы» монументі бой көтерді. Қазақ хандығының негізін қалаған айбынды хандар Керей мен Жəнібек қос қапталдағы тақта отырып, өздеріне ыстық ілтипат көрсетіп жатқан ұрпақтарын елдіктің мерекесімен құттықтап тұрғандай әсер қалдырады.Ән әуелетіп, шашулар шашқан халық көңілі – жаймашуақ. Тараз тарих бесігінде тербелгендей тебіреніп, 17 елден келген қонақтарды тарихи той қызығы тамсандырғаны анық.
Елең еткізген ерекше құбылыс– Қытайдың Сиань қаласынан шығып, бір жылдан аса жол жүрген қазақ-қытай достығының жаршысындай керуеннің дəл той болып жатқан күні Тараз қаласына келуі. Өткен заманның елесіндей болып, жүк артқан 136 түйе, 8 ат-арба мен 100-ден астам қарауылы бар керуеннің бұрынғы бабаларымыздың жүрген жолын жаңғыртып, сапар соңын Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатқан көне қалада түйіндеуі – торқалы тойға шашылған шашу мен тартылған тартудың төресі.
Қазақ хандығының 550 жылдығы – тарихқа тағзым ғана емес, қазақтың жаңа сапаға көтерілуінің маңызды межесі, ұлт ұрпақтарына ой салып, отаншылдығын тереңдетудің, азаматтардың жүрегіне мемлекетшілдік сезімін ұялатудың жаңа бір мүмкіндігі болды.
Көптің бірі болып тасада қалмай, дамыған, ықпалды мемлекет құруға ұмтылу – елдігімізге сын, ұлтымызды әлемге танытудың мүмкіндігі, қазіргі ұрпақтың асыл мұраты. Өйткені, әлемдік қатерлерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет қана өміршең ел болатыны қазір ешкімге құпия емес.
Ғажап ізденіс ғаламат жаңалық жасайтынын дәлелдеген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында қазақстандық жолдың келешекте қалай кемелденетінін, ең бастысы қандай ел құрумен тиянақталатынын түсіндіріп, жаңа дәуір келбетін сөзбен сомдап жеткізді.
Әлемнің ең беделді жиыны – Біріккен Ұлттар Ұйымының мерейлі 70 жылдық сессиясында Елбасымыздың ана тілінде үн қатуы елді бір серпілткені аян.«Мәңгілік елдің» ұлттық тілі асқақтаса,ұлттың абыройы асқақтайтынын Ұлт көшбасшысы осылай дәлелдеді. Тіл – мемлекеттіліктің кепілі болса, елі мәңгі, ұлты мықты болатыны анық.
Рухы берік, арманы асқақ елдің азаматтары өзіне сенеді, өзгені сыйлайды,басқамен санасады, жақсысын үйренеді.Сондай азаматтар нағыз патриот болады, өз елін, жерін, Отанын сүйеді, халқының тілін, дәстүрін, мәдениетін, тарихын біледі, қадірлейді.Соны бағалап, үлгі алатындар көбейсе...
«Мәңгілік ел» – Тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан, мыңжылдық мәні бар жалпыұлттық, философиялық идея. Көреген хандарымыз бен дана билеріміз, Алаш арыстары елін қайырымды қоғамға, қазақ жерін жайлы мекенге, Жерұйыққа айналдыруды арман етіп, сол үшін жанын да аямағаны тарихтан белгілі.
Көпұлтты әрі көпдінді Қазақстанның алған асулары мен жеткен жетістіктерінің бастауы – бейбітсүйгіш халқымыздың ақ-адал пейілі мен қонақжайлылығы, төзімділігі мен еңбекқорлығы, елімізді мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қадірлеген дос пейілділігі. Сондай-ақ, жүз отызға жуық ұлттар мен он сегіз конфессиялық топ өкілдерінің береке-бірлігі жарасып, ынтымақтаса өмір сүруі – еліміздің бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы ұтымды саясаты мен ауқымды еңбектерінің жемісі.
Елбасымыз «Жер бетінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Біз – дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы – бір бөлек, сол бақытты бағалай білу – бір бөлек.
...Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдыңдағы зор жауапкершілік. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәубе деп, Тәуекелмен болашаққа бет түзеп келеміз. Біз бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебінен сенімді өтіп келеміз», – деген еді.
Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арманы, бүгінгі ұрпақтың ақиқаты болған қасиетті тәуелсіздігімізді, елдігімізді сақтап, дамыған елдердің қатарына қосылу – Мәңгілік ел болудың нысаны. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсысымыз ортақ құндылыққа үлесімізді қосуымыз шарт.
Бабалар арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізген соң, оны сақтап қалу үшін ел ішіндегі алауыздыққа жол бермейтін біртұтас идея, алға жетелейтін бағыт-бағдар, мақсат-мұрат болу керек. Алдына асқақ мақсаттар қоятын, тілі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар, ертеңіне сеніммен қарайтын халық қана тарихта «Мәңгілік ел» болып қалатыны анық.
«Мәңгілік ел» идеясы – халықтың мүддесіне, қоғамдағы тыныштық пен ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол, бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaп, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.
Бұрынғы-соңғы білімдарлардың пайымдауынша, елді ілгері сүйрейтін идея мемлекеттік сипат алып, қоғам мүшелерінің көңілінен шығуы үшін негізгі екі талап орындалуы тиіс екен.
Оның біріншісі – сол мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың болмысымен, мақсат-мүддесімен толық сәйкес келуі;
Екіншісі – мемлекет тарихымен сабақтасып, ұзақ мерзімдер бойы сол қоғамда қалыпты, жетекші идеологиялық мәні болуы.
Ұлы қағанат құрған түркілер осы екі қағиданы да ұстанған екен.
Қазақ халқы Түркі қағандары мен Қазақ хандарының, Абай мен Алаш қайраткерлерінің ізгі арманы болған ұлттық идеологияны қалағандықтан, «Мәңгілік Ел» идеясын ту етіп көтеру қажеттілігін сезінді.
Қазақ елінің бүгінгі басты мақсаты –бірлігі жарасқан, экономикасы мығым,әлеуеті жоғары, бәсекелестікке қабілетті, алдыңғы қатарлы отыздыққа ену. Қазақтың біртуар перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік алған күннен бастап құндылықтарымызды қадірлеп, асылымызды ардақтауға үндеп келеді. Бүкіл әлем қызыға қарайтын елдегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық – халқымыздың салқынқанды сабырлылығы мен Елбасымыздың сындарлы саясаткерлігінің жемісі.
Мемлекеттің тірегі – халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы. Осы үш тұғыр бекем болса, Мәңгілік елдің шаңырағы биік, келешегі кемел.
«Мәңгілік ел» – кемел келешектің жобасы, сондықтан оның ұрпақтар сабақтастығына ұласатыны мәлім. Ұлы Дала елінің ғаламат тарихы мен қайталанбас құндылықтарын ұрпаққа ұлағаттап, үлгі болатындай игі істер атқару – бүгінге міндет, келешекке – аманат.
«Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруды бастау бақыты бүгінгі ұрпаққа бұйырса, бабалардың алдындағы қарызымыз бен балалардың алдындағы парызымыздың орындалғаны. Қазақстан әлемдегі алып елдердің қатарынан өз орнын алса, әлемге танылған елдің өрендері ел мен жердің иесі болатындай намысты болып жетілсе, ұлттық дәстүрлі құндылықтарымыз жоғалмай, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырса, «Мәңгілік ел» болашағы баянды, келешегі нұрлы болары айқын.
Қазақ хандығын құрған бабалар тағылымы, Ұлы Жеңіске жеткізген аталар ерлігі, елді біріктіруші күш – «Мәңгілік ел» идеясы жаңа Қазақстанды тың серпіліске бастап, арман ақиқатқа айналса, келешек ұрпақты ізгі ниеттерге жетелеп, отаншылдық рухын күшейте түсетіні анық.
Отаншылдық – елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну, өз елінің бостандығы мен Тәуелсіздігін қорғау, Отанының тарихын құрметтеп, өзінің адал еңбегін туған елінің гүлденуіне арнау. Жастардың санасында шынайы патриоттық сезім мен Отанына деген адалдықты қалыптастыру – қазір бұрынғыдан да өткір, өзекті мәселе. Парасатты қоғам құру үшін жастардың бойындағы ұлтжандылығын шарықтату – әр біріміздің қасиетті парызымыз.
«Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күні және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді», – дейді қазақтың біртуар перзенті Б. Момышұлы.
«Қазақстандық патриотизмнің» ерекшелігі – тек қазақтардың ғана емес, кең-байтақ елімізді мекендейтін барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің тілегінің ортақ болуы, өзі мекендеп отырған елдің тағдырына алаңдап, жанашырлық жасауы. Отаншылдық – жерге деген іңкәрлік, халқының жетістігі мен еліңнің игілігіне қуана білу, ол – үздіксіз тәрбиенің нәтижесінде санада біртіндеп қалыптасатын ұлы сезім. Қазақстандық патриотизм өн бойына рух пен намысты жинақтаса, келешегіміз кемел, ұрпағымыз алғыр болары хақ.
Cалиха Дуанаева, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми хатшысы
Abai.k
«Мәңгілік ел» идеясының тарихи негіздері
30 Қараша 2018 2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауынан:
«Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті«,- деп бастады. Бұл орайда елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады. Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» — екендігін жазған [1, 20-21 бб.]. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.«Күл тегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» — деген жолдар бар [2, 63 б.]. Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция(тұрғақ деп аталған) және оған қоса тұрақты әскер (шерік деп аталған) пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйініп аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған. Көрнекті еуразияшыл ғалым, тарихшы-этнолог Л.Н.Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған монғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды» — дейді.[4, 382 б.] Л.Н.Гумилев еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастайды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қалыптасып жатқан Еуразиялық идеясының негізінде Ресейлік емес, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізіп, көне түріктердің мәңгілік ел идеясының өміршеңдігін дәлелдеуіміз керек.«Тұтас түрік елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың атқарған істері едәуір. Елбасы Түрік бірлігі идеясын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап көтеруде. Ел азаматтары мен Қазақстан саяси элитасының ұлттық идеология қалыптастыру жолындағы ойларын Елбасы сараптады. «Біртұтас Түркістан идеясы», «Түркістан конфедерациясы», «Еуразиялық одақ идеясы», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ Елі идеясы» сынды ұғымдар арқылы мемлекет құрушы қазақ халқы мен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ боларлық идея, мемлекеттік мәнге ие боларлық идеология қарастырылды. Мәңгілік Ел идеясы —қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады. Еуроцентристік көзқарас бойынша түркі тілдес халықтардың ынтымақтастығына деген сын айтушылар көп. Түркі интеграциясын Т. Рысқұлов пен М.К. Ататүрік бастаса, кейін нақты практикалық шараларды қолға алған ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешуші саясаты өз жемісін берді. Н.Ә. Назарбаевтың түрік халықтарының бірлігін нығайтудағы тарихи рөлінің қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болады. Қазақстан Халықаралық «Түрксой» ұйымына қолдау көрсетіп, түрік дүниясының барын бағалап, жоғын түгендеуге жол сілтеді. Халықаралық аренада Қазақстанның беделі нығайған сайын, түрік мемлекеттерінің бірлігі идеясы ашық әрі табанды насихаттала бастады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді» [3, 120 б.], — дей отырып, түрік мемлекеттері интеграциясының тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін көрсетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2000 жылы 14-желтоқсанда латын алфавитіне көшу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіре келіп, өте мұқият дайындықтан соң латын алфавитіне көшетінімізді айтты. Бұл жерде Тоныкөк негізін салған «Мәңгілік ел» идеясын қалпына келтіруші, жандандырушы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ халқына славяндық кириллица емес, түркі тектес бауырларымыз қолданатын латын қарпіне көшудің қажеттілігін айтты. «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз» — деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады [3, 121 б.] Қазіргі кезде, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген түркі тілдес мемлекеттерді жақындастыру саясаты, елімізді Орталық Азияның көшбасшысына айналдыру идеясы өз жемісін берді. Оған Түркістандағы Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ашылуы, 2009 жылы Түркияның «Түрік ошақтары» қоғамдық ұйымынан Н.Ә.Назарбаевқа «Түркі әлеміне қызмет» марапатының берілуі, Астанада Түркі академиясының ашылуы, сонымен қатар, Анкара қаласындағы «Генчлер» саябағына Н.Назарбаев ескерткішінің орнатылуы, Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Президент Н.Назарбаевты «түркітілдес халықтардың көшбасшысы» деп бағалауы — Елбасының түркі әлемін біріктіру, экономикалық және мәдени салаларды тығыз байланыстыру жолындағы тарихи еңбегіне берілген әділетті баға болды. Елбасының түркі интеграциясы жолындағы қызметінің мақсаттарының бірі — экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. 2012 жылдың 12-желтоқсаны күні Түркия астанасы Анкара қаласында Лев Гумилевтің 100 жылдығына орай өткен «Лев Гумилев және оның түркологиялық ғылыми мұрасы» атты конференцияда Алтайлық түркітанушы Беликовтың: «Бүгін Мая күнтізбесі бойынша тұтас бір кезең аяқталып, түркі жұртының дәуірі басталды!» — деген жалынды сөздері барша түркі халықтарын дүр сілкіндіріп, ертеңге деген ерен сенім ұялатып отырғаны аян. ХХІ ғасырды Түрік мәдениетінің ғасыры болады деп болжам жасаушылардың қатары күн санап артып келеді. Осы орайда Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары, түркітанушы ғалым Дархан Қыдырәлі: «Енді осы Еуразиялық кеңістікті толтыра беруіміз керек. Түріктің бойындағы пассионарлық қасиет қайта оянуда. Түркі мәдениетінсіз, түркілік санасыз, түркі тарихынсыз Еуразия кеңістігін елестету мүмкін емес. Ежелгі түркілер, сақтар мен скифтер, ғұндар мен қыпшақтар Еуразияның ен даласын еркін қоныстанған. Бүгінгі түсінікпен алғанда, Алтын Орданы да Еуразиялық мемлекет деп атауға болады. Біздіңше, Шыңғысхан идеялық тұрғыда ұлы түркілік идеяны көтеріп, қос мұхиттың арасын мекендеген халықтың жадындағы тарихи сананы қайта жаңғыртқан», — дейді. Белгілі тарихшы, 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың көтерілісі жайында диссертация жазған ғалым Елтоқ Ділмұхамедовтың қызы Эльза Ділмұхамедова Л.Н.Гумилевтен сұхбат алады. Лев Николаевич Гумилев «Қазақтың пассионар тұлғасы кім?» деген сұраққа: «Ол, әрине, хан Кенелерің» деп жауап беріпті. Эльза Елтоққызы «Қазақстанды алда не күтіп тұр?» деп сұрайды. Сонда ол: «Қазақстанда таяу уақытта мықты серпіліс, пассионарлық дүмпу болады» деген екен. Бұл жерде Л.Н.Гумилевтің этностардың өмір сүруі теориясы бойынша әрбір ұлт, әр халық 1200-1500 жылдай өмір сүреді. Осы кезеңде халықтың туып, өсіп-өркендеп, даму шыңына жететіні, содан соң біртіндеп құлдырап құрдымға кететіні дәлелденген. Осы эволюциялық үрдіске 1500-дей жыл кетеді екен. Ал Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасында құрылды. 14 ғасырдың орта шенінде қазақ халқы пайда болады. Соған қарағанда, халықтың даму жолының шырқау шегіне жақындап қалдық деп ойлаймын. Эльза Ділмұхамедова Гумилевке тағы да бір сұрағын қойып, «халықтың күшейіп бара жатқанын қалай білуге болады?» дейді. Сонда ғалым: «Оның белгісі сол жерде алқалы жиындар өтеді. Халық пассионарлық болып жатса, тарихын зерттейді. Пассионар тұлғалар көбейеді. Алдымен бір адам туады, ол өз ойларымен екінші адамның ойын қозғайды. Және адам баласының ойына келмейтін биік мақсаттар қойып, елді жұмылдырып, соған қол жеткізеді. Міне, пассионар халықтың белгісі осындай» деген екен [5]. Гумилевтың айтқан сөздері жаңа дәуірге қадам басып жатқан Қазақ елінің қазіргі жағдайымен тұспа-тұс келеді. Гумилевтың «алқалы жиындар өтеді» дегені түркі ұрпақтарының ынтымақтастық жолында атқарып жатқан шаралары болса, «тарихын зерттейді» дегені түркі академиясының құрылуы және де 2013 жылы 5 маусымдағы М.Тажиннің ұлттық тарихты зерделеу бағдарламасының жариялануы, сонан кейін, «бір адам туады» дегені Ұлт Көшбасшысының дүниеге келуі, сонымен қатар, «адам баласының ойына келмейтін биік мақсаттар қойып, елді жұмылдырып, соған қол жеткізеді» дегені Елбасының Қазақстан 2030 стратегиясын мерзімінен бұрын аяқтап, дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытын алға қоюы деуге болады. Көне түркілердің «Мә ңгілік Ел» идеясы үш негізден тұрады: оның біріншісі — көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» идеясы, екіншісі — Әл-Фарабидің «Қайырымды қалада» философиялық шығармасында, әсіресе, бұл идеяның теориялық-методологиялық тұрғыдан тиянақталуы және үшіншісі — Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі.Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр. Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» шығармаларында баяндайды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім — Әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік-саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері көрсетілді. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркі тілдес мемлекеттердің ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс. Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті ретінде мемлекеттің қайырымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау, яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі. Ішкі міндеті ретінде мемлекеттің өз халқының бақытқа жетуі үшін көрнекті шараларды іске асыру керек: олар — әділеттілікті орнату, халықты оқыту, оларды керекті ғылыммен толықтыру, адамгершілікке тәрбиелеу, қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізетін әдеттерді бойға сіңіру. Қалған мәселелердің бәрі — экономикалық және саяси мәселелер — негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді. «Құтты білік» дастаны Қарахан мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы, араб-парсы әдебиетінің көшірмесі емес. Дастанда X–XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері көп жырланған. «Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдері де бұрынғы тәңірілік дін нанымдарына қатысты. Басты бейне Күнтуды — әділ ел басшысының рәмізі. Бұл бейне «Күлтегін» («Түркі қағанаты туралы сөз») жазуларынан басталып, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи армандаған түрік мәдениетіндегі үлгі, мұрат тұлғаның бастысы. Жүсіп Баласағұнның басты кейіпкер қылып Күлтегінді көрсетуі түркі мәдениетін жалғастырушы, мәңгілік ел бағдарының қолдаушысы екендігін айқындайды. XVIII ғасырда Қазақ хандығының басын қосып, Айдаһардай Қытайдың аузына түсірмей, ақырған аюдың тырнағынан аман алып қалған Абылай ханның саясаты түркілік мәңгілік ел идеясын жандандырушы тұлғаның ерлігі. Шығыстағы ежелден дұшпанымыз қытайлар жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып, сол арқылы қазақ жерін де, жоңғарларды да өзіне қарату еді. Осы соғыста не қазақ, не жоңғар, болмаса екеуі де құруы керек екендігі
алпауыт елдердің жаттанды саясаты еді. Бірақ қазақ елі аман қалды. Қазақтың бақытына орай Абылай хандай дара тұлға тарих сахнасына келді. Нәтижесінде бұл соғыста қазақ емес, жоңғар 1758 жылы тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетті. Ел басына түскен үлкен қиыншылықтан Абылай хан бабамыз елді біріктіріп, жұмылдырып, соның арқасында қазақ елін аман сақтап қалды. Ендеше, Абылай хан елді біріктірген ұлы тұлға және «мәңгілік ел» идеясын жалғастырушы екендігін мақтанышпен айтуға болады. Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Бас редактор: Ерлан Сыдықов. «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы, — Алматы, «Pride Print», баспасы, 09.2013. — 108 бет. 2. Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли..) — Алматы, «Өлке» баспасы, 2001. — 144 бет. 3. Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. — Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2010. — 232 бет. 4. Гумилев Л.H.От Руси к России. — М: ООО «ИздательствоАСТ», 2002. — 392 с. 5. Зиябек Қабылдинов. Астана ақшамы, Тегі асыл ел тарихын түгендейді, 10.02.2014ж. 6. «АСЫЛ МҰРА» түркі антологиясы. — Астана: Сарыарқа, 2012. — 568 б. 7. Сыздықов С.М., Селиверстов С.В., Сыздықова Ж.С., Джаферсой Н., Кара А., Қабылдинов З.Е. Н.Назарбаевтың еуразиялық идеясы және түркі кеңістігі. Ұжымдық монография. — Астана, «Сарыарқа» баспасы, 2011. — 404 бет.(орыс тілінде) 8. Тоғысбаев Б., Сужикова А. Тарихи тұлғалар. — Алматы, «Алматыкітап» баспасы, 2005. — 368 бет. 9. Ханкелді Әбжанов, Зардыхан Қинаятұлы, Дихан Қамзабекұлы, Гүлшат Нұрымбетова, Абдулкадыр Ювалы.Түркі әлемінің көшбасшылары: өткені мен бүгіні. I кітап. Ұжымдық монография. — Астана, «Сарыарқа» баспасы, 2011. — 456 бет. "Мәңгілік ел" - Халықаралық ғылыми-көпшілік журналы, Бижанов А.С., студент, ғылыми жетекші: А.Ғ. Ибраева т.ғ.д., профессор Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ. 12 сәуір 2017 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |