20 СҰРАҚ-жауап 6-шығарылым: Шетін көзқарас – дінге жат



бет3/4
Дата10.06.2016
өлшемі378.5 Kb.
#126713
1   2   3   4

Теріс пәтуалар – діндарларды діни экстремизмге итермелеуші негізгі күш. Себебі діндегі пәтуа қоғамдағы діни ахуалға тікелей әсер ете алады. Мұсылмандарға діни мәселелерде түсініктеме беріп, іс-қимылдарын бағыттайды. Өйткені пәтуа берген адам – дін атынан сөйлеуші. Кім пәтуа беріп, мұсылмандарды өз пәтуасының Алла алдында ақиқат екенін дәлелдей алса, сол адам мұсылмандардың іс-әрекетіне тікелей әсер ете алады. Ал теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал.

Сондықтан қазіргі таңда ғаламтор бетінде түрліше пәтуа берушілердің саны күн санап артуда. Теріс пәтуалар күмәнді дереккөздер арқылы таратылып, діни сауаты төмен адамдарды арбаудың құралына айналды. Теріс пәтуалардың әдетте діни негіздемесі әлсіз болып келеді. Кейде танымал діни қайраткерлердің атын жамылып беріледі. Әсіресе, мұндай пәтуалардың қатарына соңғы кездегі әлем халқын дүрліктіріп, мұсылмандарды теріс жолға бағыттап жүрген негіссіз пәтуаларды жатқызуға болады.

Қазіргі кезде онлайн-пәтуа беретін сайттар ғаламтор бетінде күн санап артуда. Алайда пәтуа бергіштер көбейгенімен, дін құндылықтары артып жатқан жоқ. Керісінше, діни қақтығыстар, бұзақылық әрекеттер өршіп, рухани жұтаңдық күшеюде. Бұл құбылысқа ғаламтор бетіндегі сансыз пәтуалардың да теріс ықпалы үлкен. Атап айтқанда:

1. Пәтуалардың ғаламтор бетінде шамадан тыс көбеюі діни сауаты төмен діндарлардың адасуына алып келеді. Себебі қазіргі кезде адамдар кез-келген сұраққа жауапты ғаламтордан іздейді. Дінге қатысты мәселелерді ғаламтордан іздеу нәтижесі теріс пәтуаларға кезіктіріп, адасуға алып келуде.

2. Пәтуалардың арандатушылық мақсатта берілуі ислам туралы жағымсыз пікірлерді қалыптастырып, дәстүрлі ислам құндылықтарының дамуына кері әсерін тигізуде. Мысалы, Сирияда соғысып жүрген бұзақы топтарға әйелдерді зорлауға рұқсат беретін «пәтуа» адам құқықтарының тапталуына және әлемдегі исламофобияның күшеюіне себеп болып отыр.

3. Көп жағдайда шетелдік шейхтар тарапынан берілген пәтуалар жергілікті халықтың ұлттық құндылықтарын, салт-санасы ескерместен өз еліндегі ахуалға, ортаға, құндылықтарға сәйкес үстірт беріледі.

4. Пәтуалардың ғаламторда берілуі көп жағдайда исламдағы пәтуа берудің шарттары мен талаптарына сай бола бермейді. Сол себепті діни ұстанымдардың бұрмалануына, дінішілік талас-тартыстарға алып келеді.

Көпшіліктің діни сауалдарға жауапты ғаламтордан іздеуінің себептері төмендегідей:

- ғаламтор тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс жасайды, яғни барлық уақытта қол жетімді;

- ғаламтор арқылы іздеген мәліметтер оңай әрі жылдам табылады, артық уақыт және қаржы шығынын қажет етпейді;

- қазіргі қоғам ғаламторға қатты сенеді, барлық мәліметтерді ғаламтордан таба алатынына күмән келтірмейді;

- ғаламтор арқылы берілген пәтуалардың жоғарыда айтылған қолайсыз жағдайларға душар еткізетіндей зиянды екендігін ескермейді, яғни қауіптілігін сезінбейді.

Ғаламтор арқылы берілген діни экстремистік идеяларды насихаттайтын пәтуалардың ықпалынан сақтану үшін діни сауал туындаған сәтте мынадай қағидаттарды ұстану қажет:

- күмәнді дереккөздерді пайдаланбау;

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуаларын, ғаламтор сайттарын пайдалану (осы мақсатта арнайы fatua.kz ғаламтор сайты жұмыс істейді);

- мүмкіндігінше шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбау, оларға сақтықпен қарау;

- сауалды ғаламтордағы жауапкершілігі жоқ белгісіз тұлғаларға емес, арнайы діни қызметкерлерге (имам-молдалар) қою. Өйткені ғаламтордан оқығанға қарағанда, білікті маманмен кездесіп, тікелей сұхбаттасу әлдеқайда түсінікті, тұшымды жауап алуға мүмкіндік береді;

- діни сауаттылықты арттыруға ұмтылу.

Қорыта айтқанда, жоғарыдағыдай көптеген теріс салдарға соқтыратын нақты себептері болғандықтан және қазақстандық қоғамның шынайы болмысына сай келмейтіндіктен шетелдік шейхтардан пәтуа алу орынсыз әрі қауіпті әрекет болып табылады.

13. Кейбір діндар мұсылман отбасыларында ажырасу (талақ ету) жиі орын алып жатады. Оның себебі неде?
Отбасы – әрбір қоғамдағы ең маңызды институт. Отбасылық институты мықты қоғамның, мемлекеттің болашағы баянды болмақ. Сондықтан халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп мақалдаған.

Отбасыға ислам дінінде де терең көңіл бөлінген. Үйдегі отағасының, әйелдің, баланың орны анықталып, тиісті міндеттері жүктелген. Шаңырақ беріктігі мен бірлігі басты орынға қойылған. Алайда исламның осындай жағымды ұстанымдарына қарамастан қазіргі таңда дін ұстанушы отбасыларда жиі кикілжің туындауда.

Қазіргі кезде әсіредіншілдер арасында отбасыға қатысты ең жиі кездесетін мәселе – неке мен талақ мәселесі. Дінді дұрыс түсінбей, оған саналы түрде емес, көзсіз берілген, шетін көзқарастағы ағымдар ықпалына ерген діндарлардың арасында өз құштарлығына, яғни нәпсісіне еріп, некелесуге де, ажырасуға да жеңіл қарауы әдетке айнала бастады. Соның салдарынан діндар бойжеткендердің аз мерзім ішінде 4-5, тіпті 11 рет тұрмыс құрғаны, әр некедегі күйеулері тарапынан негізсіз талақ естіп, балаларымен баспанасыз, қамқорлықсыз қалып қойған мысалдары көбеюде.

Мұның себебі «діндармын» деп жүргендердің діннің ішкі мәнін түсінбеуінде, дәстүрлі діни қағидаларға сай неке-талақ шарттарын сақтамауында. Мысалы, ислам атын жамылған теріс діни ағымдар жақтастары арасында бауырластық түсінігі қалыптасқан және бұл түсінік негізінде шын діндес бауыр екенін дәлелдеу үшін өз әйелін досына, ағымдас бауырына тарту етеді. Бұл түсінікті олар имам Бұхари кітабында келтірілген хадиске негіздейді. Хадисте Мұхаммед пайғамбар Мәдинаға жаңа қоныс тепкен мухажирлерді (Меккелік мұсылмандар) ансарлармен (Мадиналық мұсылмандар) бауырластырмақ болады. Соның бірі ‘Абд әр-Рахман ибн Ауфты Са‘д ибн әр-Раби‘пен ағайындастырғаны келтіріледі, сонда Са‘д ибн әр-Раби‘ ‘Абд әр-Рахманға өзінің барлық көмекке әзір екенін білдіру үшін: «Расында, мен – ансарлар ішіндегі ең қуаттысымын және саған қолымдағының тең жартысын беремін. Менің екі әйелімнің қайсысы саған ұнаса, соған сен үшін талақ беремін де, ал оның күту мерзімі біткенде, сен оған үйленесің», - дейді. Алайда ‘Абд әр-Рахман оған: «Мұның қажеті жоқ» - деп жауап береді.

Ислам атын жамылған теріс діни ағымдар жақтастары осы хадистің негізгі мәнін түсінбестен үстірт пайымдауға сүйеніп, өз әйелдерін талақ етіп, оны ағымдас бауырына тарту етуді амалға асыруда. Бірақ бұл хадистің мағынасы мен қолданысы «әйеліңді досыңа тарту ет» дегенді білдіріп тұрған жоқ. Хадистің негізгі түп мағынасы төмендегідей:

- хадисте ансарлардың, мухажирлердің ықылас-ниеті арқылы мұсылман үмметінің татулығы, бауырластығы насихатталған;

- «екі әйелімнің қайсысы саған ұнаса, соған сен үшін талақ беремін де, ал оның күту мерзімі біткенде, сен оған үйленесің» - деу бейнелі теңеу, әсірелеу мағынасында айтылған, яғни, бұл жерде ажырасуды меңзеп тұрған жоқ, тек сахабаның өз діндес бауыры үшін бар жақсысын аямайтынын білдіреді;

- егер ажырасу мағынасында болғанда мухажир сахаба ‘Абд әр-Рахман: «Мұның (әйеліңді маған сыйлаудың) қажеті жоқ» демес еді. Яғни, сахаба ‘Абд әр-Рахман бұл әрекет сауапты іс болғанда, сауаптан бас тартпаған болар еді. Керісінше ол мұны ыңғайсыз әрекет деп тауып, құптамады.

Осы айтылғандардан бауырластықты сылтау етіп, талақ берудің дұрыс емес екендігін көруге болады. Ислам атын жамылған теріс діни ағымдар жақтастары ағымын ұстанушылар арасында бұл нәрсені сүннет ұстанғандай насихаттау қыз балалардың, әйел-аналардың, сәбилердің тағдырын тәлкекке салып, тастанды хәлге ұшыратуда.

Мұндай әрекеттердің орын алуына жапа жеккен әйелдердің діни, құқықтық сауатының төмендігі де кері әсер етуде. Дәстүрлі емес ағым өкілдерінің тез үйленіп, оңай ажырасуына зайырлы елдің заңнамалық шарттарын сақталмауы да себеп болып отыр. Бірнеше рет тұрмыс құру, ажырасу кезінде ешқандай АХАЖ органдарына тіркелмей, көбіне «жұбайының» екінші, үшінші әйелі болып тұрмыс құрған қыздардың алдында бұрынғы жұбайларының ешқандай заңдық, құқықтық жауапкершілігі сақталмаған.

Ислам шариғаты отбасының беріктігін сақтауды мақсат етеді. Ол жайлы Құранда барынша жұбайларды тату болуға шақырып: «(Уа, иман келтіргендер!) Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», – дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», – деп («Ниса» сүресі, 34-аят) адамдарға асығыс шешім қабылдамай, ажырасудың алдын алу керектігін ескерткен. Мұхаммед пайғамбар: «Алла тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3), «Неке қидырып үйленіңдер, бірақ талақ дей көрмеңдер. Өйткені талақ себепті Алла тағаланың Аршысы сілкінеді», «Алла өзінің рұқсат берген істерінің ішіндегі ең жаман көретіні – талақ» – деп жөн-жосықсыз ажырасудың дұрыс емес екенін айтқан.

Ислам діні әрқашан отбасының беріктігін, жұбайлардың көркем қатынаста болуын насихаттайды. Егер дін ұстанып жүргендер тарапынан жоғарыдағыдай жағымсыз әрекеттер орын алып жатса, ол сауатсыздықтың, адасушылықтың немесе дін қағидаттарын қасақана бұрмалаудың белгісі болып табылады.



14. «Жиһад» дегеніміз не? Шариғат бойынша қарулы жиһадқа қай уақытта рұқсат етіледі?
Ислам дініндегі жиһад мәселесі – қазіргі кезде жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. Жиһадтың мән-мағынасын түсінбеген көптеген азаматтар радикалды идеологиядағы ағымдар насихатының құрбаны болуда.

Жиһад – араб тіліндегі «жуһд» түбірінен шыққан «белгілі бір мақсатқа жету үшін күш-жігерін салу, күресу» деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы – ақиқат үшін күресу, исламға шақыру, ислам дінінің туын жоғары көтеру, дінді, жанды, отанды, мал-мүлікті т.б. қорғау үшін малымен, жанымен күресу.

Ислам дінінде «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қолданылады. Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше рет қайталанып келгенімен, тек төрт жерде ғана «соғысу» мағынасын білдіреді. Оның өзінде «жиһад» сөзі кәпірлерге қарсы қырып-жою әрекетін жасауды немесе бейбіт халықты қырғынға ұшыратуды, мал-мүлкін олжалауды білдірмейді. Керісінше, жиһад жаудың қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және дінді қорғау мақсатында жасалады. Сол себепті ислам ғалымдары жиһадты парыз еткен аятқа сәйкес жағдайда туындағанда, өзге дін өкілі болса да қару көтермеген төмендегі топтағы адамдарды өлтіруден тыйған:

1. Зимми (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері). Мұхаммед пайғамбардың хадисінде бұл жайлы: «Кімде-кім бір зиммиға қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін», - делінген.

2. Муаһид (соғыспауға келісім шарт түзілген одақтастар). Әбу Дәуіт риуаятында: «Пайғамбарымыз Һудайбия жерінде Құрайыштармен он жылға келісімге отырған», - делінеді. Қазіргі таңда елімізбен бейбітшілік келісімге қол қойған көрші елдердің жағдайы осы секілді.

3. Мустаман (біреудің жеріне мұсылман не өзге дін өкілі болсын амандық мақсатында кіргендер). Ол жайлы Құранда былай дейді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.)) егер мүшріктердің біреуі сенен баспана тілесе, қашан ол Алла сөзін тыңдағанша баспана бер. Сонан соң (иман келтірмесе) оны тыныш бір жерге жеткізіп сал. Олар ештеңені білмейтіндер, мұны сол үшін істе» («Тәубе» сүресі 6-аят). Біздің елімізге шетелден келген саяхатшылардың үкімі осыған сәйкес келеді.

4. Қолында қаруы жоқ бейбіт тұрғындар. Бұл жайлы хадисте былай баяндалады: Мұхаммед пайғамбар соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасады: «...Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер» (Ахмад, Әбу Дәуіт риуаяты).

5. Өз бетімен жүрген, ешкімге зияны жоқ бейкүнә адамдар.

Исламда жиһадтың екі түрі бар. Біріншісі – рухани жиһад, яғни нәпсімен күрес. Екіншісі – материалдық (мадди) жиһад. Мадди жиһад дегеніміз – мұсылманның әлсізге қорған болу және жаудың зұлымдығын тоқтату мақсатында жан-тәнімен, мал-мүлкімен дінін, отанын, отбасын жаудан қорғауы. Жиһадтың бұл түрі – парыз. Оны көпшілік ғалымдар (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали т.б.) екі түрге бөліп қарастырады:



1. Парыз айн (әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, орындауы міндетті болған істер). Егер жау елге қарсы соғыс ашқан жағдайда, мемлекет басшысы отанды қорғауға шақырса, әрбір мұсылман дінін, отанын, жанын, бостандығын қорғауы тиіс. Ол жайында Құранда: «(Әй, мүміндер!) Жеңіл жағдайда да, ауыр жағдайда да, мал-жандарыңды аямай, Алла жолында күресіңдер. (Жас бол, кәрі бол, жаяу немесе көлікті бол, жағдайларың қолайлы, қолайсыз болсын, ерікті-еріксіз болыңдар, бәрібір күресіңдер) Осыларың сендер үшін хайырлы, егер білген болсаңдар» («Тәубә сүресі», 41-аят) делінген.

2. Парыз кифая (әрбір мұсылманға тікелей жүктелмеген, жалпылама міндеттелген істер). Мұны кейбір мұсылмандар орындаған жағдайда өзгелер бұл жауапкершіліктен құтылады. Егер ешкім орындамаса, барлық мұсылмандар кінәлі болады. Яғни дұшпанға қарсы мемлекет басшысының арнайы дайындаған әскері болса, солардың қызмет етуі арқылы басқа мұсылмандардың мойнынан соғысу міндеті түседі. Оған дәлел ретінде Құранда мынадай аят келтірілген: «Онымен қатар мүміндердің біртұтас жауға аттанулары тиісті емес. Сонда әр топтан дін ғылымын үйреніп, олар қайтып келгенде; олардың сақсынулары үшін ескертулері керек емес пе?» («Тәубе сүресі», 122-аят). Бұл аяттан барлық уақытта бірдей жиһадтың «парыз айн» бола бермейтінін аңғаруға болады.

Пайғамбардың өзі соғыстарға барғанда кейбір адамдарды өзімен бірге алмай, тастап кететін кездері болған. Әскерлерді қолбасшыға тапсырып, пайғамбардың өзі де, сахабалар да соғысқа бармаған оқиғалар да бар.

Жиһадтың дұрыс болу шарттары мынадай:


  1. Имамның (мемлекет басшысының) болуы әрі рұқсаты болуы тиіс. Шариғатта имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Имамға (мемлекет басшысына) бой ұсыну міндет, тек күнә істерге бұйырмаған жағдайда. Ол жайлы Құранда: «Әй, мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) делінген. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте пайғамбар былай дейді: «Жиһад әрбір жақсы болсын немесе жаман болсын, басшымен бірге болуы тиіс» (Әбу Дәуіт риуаяты).

  2. Мақсаты айқын болу. Яғни дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және дінін қорғау мақсатында болуы тиіс. Әйтпесе шектен шығушылық болады.

  3. Дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты әрі анық болу.

Егер осы шарттар орындалмаса, онда бұл іс шариғаттағы жиһад шеңберіне кірмейді, керісінше бұзақылық пен қиянатшылдыққа жатады. Құранда: «Алламен және оның пайғамбарымен алысқандардың, жер бетінде бұзақылық жасағандардың жазасы – оларды өлтіру немесе дарға асу, әйтпесе, оң қолы мен сол аяғын кесу, сүргінге айдау болмақ. Бұл оларды дүниеде, масқара ететін жаза болса, Қияметте одан да зор азапқа душар етеді» («Мәида», сүресі 33-аят).

Мұхаммед пайғамбар: «Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік» (Мүслім риуаяты) десе, «Мұсылман мұсылман бауырына қару көтерсе, онда ол екеуі де тозақ отында», - деген. Сол кезде қасында тұрған сахабалар: «О, Алланың Елшісі! Өлгеннің кінәсі неде?» - дегенде, Мұхаммед пайғамбар: «Ол да оны өлтіргісі келген еді», - деді (Бұхари, Мүслім риуаяты).

Қазіргі таңдағы дін атын жамылып жалған «жиһад» жариялап, бейбіт күнде жазықсыз жандардың қанын төгіп жүрген күйретуші мақсаттағы топтардың іс-әрекеттері жоғарыдағы аталған ислами шарттардың ешбіріне сәйкес келмейді, сондықтан жиһад болып саналмайды.

15. Кейбіреулер: «Исламда «жақсы бидғат», «жаман бидғат» деген жоқ» дейді. Сонда бидғаттың бәрі харам ба?
Қазіргі таңда мұсылмандар арасында шетін көзқарастағы ағым өкілдері бидғат мәселесін көтеріп, өз түсініктеріне сай емес барлық пікірлерді «бидғат» деп айыптауда. Олар исламның кейбір ұстанымдарын, халықтың әртүрлі салт-дәстүрлерін ақ-қарасын ажыратпастан жаман бидғатқа шығарып, оны хараммен теңестіруде.

«Бидғат» ұғымының сөздік мағынасы – «бада‘а», яғни «бұрын болмаған затты ойлап табу, жаңалық, жаңа ойлап табылған нәрсе» дегенді білдіреді.

«Бидғаттың» терминдік мағынасы ислам дінінің кез-келген бір құндылығын алып тастау немесе дінге жат нәрселерді енгізуді, сол секілді дінде құпталған дүниелерді де білдіреді.

Исламда бидғаттың бәрі харам емес. Бидғатты «бид‘ат-ус саййиа’» (жаман бидғат), «бид‘ат-ул хасана» (жақсы бидғат) деп екіге бөліп қарастырылады.

Мұхаммед пайғамбардың көзі тірісінде болмаған, мұсылмандарға пайдасы бар, сауапқа жетелер барлық істер шариғатқа қайшы келмесе жақсы бидғат қатарына жатады. Ал, егер іс-әрекет кейін пайда болып, шариғатқа қайшы болып жатса, онда ол жаман бидғатқа жатады. Бұл жайында Мұхаммед пайғамбардың хадисінде: «Кімде-кім исламда жақсы жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса), ол адамға сол істің сауабы және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барлық адамдардың алатын сауабындай сауап жазылады. Ал кім де-кім исламда жаман жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса) ол адамға да сол жолдың күнәсі және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барша адамдардың күнәсындай күнә жазылады» – делінген.

Бұл хадистерден тұжырымдалатыны – діндегі барлық жаңалық бидғат болып саналады, алайда ол шариғатқа қайшы келмесе харам шеңберіне кірмейді. Керісінше кімде-кім жақсы бидғатқа бастаса, ол үшін сауап алады.

Абдуррахман ибн Абдилқари атты сахабаның риуаяты бойынша: «Мен Рамазанның бір кешінде Омар ибн әл-Хаттабпен бірге мешітке баруға шықтым. Қарасақ, адамдар бөлініп алған. Бір кісі жеке намаз оқыса, енді бірі көпшілікпен намаз оқуда. Омар: «Мен, осыларды бір имамның артына жинасам, өте дұрыс болар еді деп ойлаймын» - деді. Сосын нақты шешім қабылдап, оларды Убай ибн Кағбтың артына (оған ұюлары үшін) жинап берді. Осыдан кейін онымен бірге басқа бір түнде шықтым. Адамдар өз қариларына (имамдарына) ұйып намаз оқып жатты. (Бұны көрген) Омар: «Бұл қандай жақсы бидғат?!» - деді». Сахаба Омардың «Бұл қандай жақсы бидғат?!» - деуі бидғаттың жақсы-жаманға бөлінетіндігіне дәлел болады. Мұндай әдет Мұхаммед пайғамбар кезеңінде болмағанына қарамастан Халифа Омардың бұл әрекетіне сол кездегі сахабалардың ешбірі қарсы келмеген.

Ислам ғалымдары кей кездері дінде жаңашылдықтың міндетті болатын тұстарын да айтады. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар өмірден өткеннен кейін қажеттілікке орай Құранды бір кітапқа жинауды, Құран аяттарының харакеттерін қоюды ислам ғұламалары міндетті іс-әрекетке жатқызады. Мұхаммед пайғамбардың туған күні – мәуліт мерекесін атап өтуді мустахаб бидғат (шариғатта мақтаулы құпталған іс), намаздан соң қол алысып амандасуды мубах бидғат (рұқсат етілген іс) деп санайды.

Шетін көзқарастағы ағымдар Мұхаммед пайғамбар заманында болмаған діни дәстүрді, әрекеттерді мойындамайды. Олардың пікірінше Құран мен сүннетте жоқ барлық әрекеттер бидғат қатарына енеді. Іс-әрекеттің қоғамға пайдалы тұстарын ескермейді. Тіпті, шариғатқа қайшы келмейтін, ислам құндылықтарының дамуына үлесін тигізетін әрекеттерді де теріске шығарып, харам деп санайды. Олардың қатарына ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді де жатқызады.

Шетін көзқарастағы ағымдар өмірден өткендерге Құран бағыштауды бидғатқа шығарып, терістейді. Бұл ұстанымды Ибн Таймияның «Марқұмдарға арнап Құран оқу – жаңалық (бидғат)» (Ибн Таймия, аль-Ихтиярат, 53-бет), – деген пікіріне негіздейді. Алайда шетін көзқарастағылар Ибн Таймияның «Жаңалықтың (бидғат) барлығы жаман және тыйым салынғандардың қатарынан емес», оған қоса: «Садақа мен дұғаның сауабы өлгендерге жететіні сияқты, марқұм болғандарға кез келген ғибадат үшін сауап жетеді. Оған сауапты арнаған туысы ма, әлде басқа ма, айырмашылық жоқ. Марқұм осы сауапты пайдалана алады» (Ибн Таймия, Маджмуа аль-Фатава-24/367) деген пікірін ескермейді.

Құран бағыштаудың шариғат бойынша дұрыс амал екендігін растайтын бірнеше хадистер бар. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: «....Ясин - Құранның жүрегі. Бір адам оны Алла разылығы және ақырет жұртын талап етіп оқыса, әлбетте күнәлары кешіріледі. Дүниеден қайтқандарға да Ясин сүресін оқыңыздар» делінген.

Абдуллаһ ибн Омардың риуаяты бойынша «Сендерден біреу қайтыс болғанда, оны көп күттірместен қабірге қоюға асығыңдар. Жерленген соң біреуіңіз басында тұрып, «Фатиха» сүресін, аяқ жағында тұрып, «Бақара» сүресінің соңғы бөлігін (Әмәнәрасулу) оқысын»,- делінген.

Хафыз әс-Сәләфи есімді рауи мәрфу әдісімен риуаят еткен бір хадисте Мұхаммед пайғамбар: «Кім де кім зираттың қасынан өтіп бара жатып, 11 рет «Ықылас» сүресін оқыса, содан кейін сауабын марқұмдарға бағыштаса, өзіне сол жерде жатқан марқұмдар санындай сауап жазылады».

Көріп отырғанымыздай Құран бағыштау ислам шариғатына қайшы келмейді. Шетін көзқарастағылар Құран бағыштауды теріске шығарғаны сияқты мәулітті атап өтуді, тарауық намазын 20 ракағат етіп оқуды, тәспі қолдануды, Наурыз мерекесін тойлауды, т.б. әрекеттерді шетін көзқарастағы ағымдар өкілдері «дұрыс емес әрекеттер» деп негізсіз жоққа шығарады.

Ақиқатында ислам діні бойынша Мұхаммед пайғамбар дәуірінен кейін пайда болған, бірақ шариғатқа қайшы келмейтін әрекеттер «бидғат» саналғанымен харамға жатпайтынын ескеру қажет. Яғни ислам шариғаты әрбір халықтың ұлттық құндылықтарының сақталуына және діни құндылықтар мен үйлесе дамуына ықпал ететін дін болып табылады.



16. Келіннің сәлем салуы ширк пе?
Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-бірі қалыптастырып жатады. Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы.

Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың рукуғ немесе сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен мүлде байланыспайтыны айдан-анық.

Беташар ислам дінінде болмағанымен ислам шариғатына қайшы келмейтін құптарлық салт-дәстүр. Беташар келінді ер жігіттің жұртымен таныстыру, сондай-ақ, жігіт пен қыздың отау құрғанын халыққа жариялау мақсатында жасалады. Беташарда келін халыққа құрмет ретінде иіліп сәлем береді.

Өкінішке орай, халық арасында дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиясына ілесіп, сәлемді ширкке балап, «келіннің сәлем салуы ширк, бет ашар жасауға болмайды» деп қарсы шығып жүргендер баршылық.

Иіліп сәлемдесуге ешбір көрнекті ислам ғалымы «ширк» деп үкім шығармаған. Иіліп сәлем беруге байланысты әт-Тирмизидің хадис жинағында Әнас ибн Мәликтен риуаят етілген мынандай бір ғана хадис бар: «Бір кісі Мұхаммед пайғамбарға: Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (оған сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Мұхаммед пайғамбар: «Жоқ», − деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Мұхаммед пайғамбар: «Жоқ», − деді. Ал қолын алып амандаса ма? – деді. Мұхаммед пайғамбар: «Иә», − деп жауап берді».

Бұл хадис «иіліп сәлем салудың» ширк екендігін яки харамдығын білдірмейді. Хадистің дұрыстық дәрежесіне байланысты ғұламалар әртүрлі пікір білдірген. Хадис ғалымдары әт-Тирмизи бұл хадисті келтіргеннен кейін оған «хасан» деп баға берсе, Ахмад ибн Ханбал «әлсіз» деген.

Екіншіден, хадисті дәлел ретінде қабылдағанның өзінде хадистегі «Иіле ме?» деген сауалға Мұхаммед пайғамбар «жоқ» деген жауабын үзілді-кесілді қатаң тыйым ретінде емес, «қажет емес» деген мағынада да түсінуге болады. Оған дәлел, егер «иіліп сәлем беру» ширк, яки анық харам болғанда, Мұхаммед пайғамбар «жоқ» деп қана жауап бермей басқа қатаң тыйымды білдіретін сөздерімен ескертуін жасар еді. Бұған қоса, хадистегі «Оны құщақтап (бетінен) сүйеді ме» деген сауалға да Мұхаммед пайғамбар «жоқ» деп қана жауап берген. Ал енді хадистегі «Иіле ме?» деген сұраққа Мұхаммед пайғамбар «жоқ» деген жауабын негізге алып, «иіліп сәлем беруді» ширкке яки харамға шығарар болсақ, онда құшақтап амандасу мен беттен сүюді де ширкке яки харамға шығаруға тура келеді. Себебі, Пайғамбарымыз «Оны құшақтап (бетінен) сүйеді ме?» деген сауалға да «жоқ» деп жауап берген. Алайда құшақтап амандасуды ешбір ғалым ширк, яки харам демеген. Керісінше Мұхаммед пайғамбар мен сахабалардың сапардан келген кісіні тұрып қарсы алып, құшақтап амандасқандықтары жайлы: «Мұхаммед пайғамбардың сахабалары бір-бірімен кездескенде қол алысып амандасатын. Ал сапардан оралған кезде бір-бірімен құшақтасып амандасатын» делінген сахих риуаяттар бар. Олай болса, Мұхаммед пайғамбардың «жоқ» деген жауабын негізге алып, иіліп сәлем берудің Аллаға серік қосуға немесе харамға шығарылмайтындығы анық. Яғни, екі сұрақтың да жауабы бірдей болғандықтан үкімдері де бірдей немесе ұқсас болуға тиіс.

Үшіншіден, хадисте «иілудің» нақты мөлшері көрсетілмеген. Бәлкім, хадисте айтылған «иілу» намаздағы ерлердің рукуғ деңгейіндегі иілу болуы да мүмкін. Сондықтан рукуғ деңгейіне жетпейтін иілудің үкіміне мүлдем өзгеше қарауға да болады. Қазіргі таңда адамдар бір-бірімен амандасқанда, әсіресе жастар үлкендермен амандасқанда бастарымен қоса кеуделерін сәл иетіндігі мәлім. Ал мұны ешкім ширкке немесе харамға есептемеуде. Ал егер жалпы иілу харам болғанда, бұл да харам болар еді.

Имам ән-Нәуауий секілді ислам ғұламалары жоғарыда келтірген хадистің дәрежесін әрі Мұхаммед пайғамбардың «жоқ» деген сөзінің қатаң тыйымды білдірмейтіндігін ескере отырып, иіліп сәлем беруге «ширк» яки «харам» деп емес, «мәкруһ» деп қана үкім берген.

Жалпы, құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу немесе харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. Мәселен, исламда тақуа немесе сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың Мұхаммед пайғамбардың, тіпті бір-бірінің қолдарын сүйгендіктері жайлы көптеген сахих хадистер бар. Қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіндігі сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы «ширк» немесе «харам» демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда, қол сүю арқылы құрмет көрсету де харам болар еді.

Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі Атия Сақрдың 1997 жылғы мамыр айында «Сахнада өнер адамы тыңдаушылардың қошеметіне алғыс ретінде иілуіне бола ма?» деген сұраққа берген пәтуасында: «...Кейде үкімдер ниетке қарай бағаланады. Сондықтан халыққа деген алғысын білдіріп, кішіпейілділік ниетімен иіліп сәлем берудің еш оқасы жоқ. Бірақ қатты иілмеген де жөн...» деген.

Осының негізінде келіндердің үлкендерге инабаттылық әрі құрмет көрсету мақсатында иіліп сәлем берулерінің еш ағаттығы жоқ деген үкімді анықтауға болады. Бірақ намаздағы (ерлердің жасайтын) рукуғ деңгейінде болмағаны абзал. Қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмайтыны баршаға мәлім. Ендеше, ғасырлардан бері ислам дінін жетік білген ғұламалардың көз алдында жалғасын тауып келе жатқан бұл әдетті ширкке балаудың ешбір негізі жоқ.



17. Фикһ кітаптарында қияс жасауға рұқсат берілген дейді. Қияс деген не? Оның шариғаттағы маңызы қаншалық?
Құран мен Сүннетті негізге ала отырып қоғамдық қатынасты реттеуге ақылмен үкім беруді факиһтер «қияс» деп атайды. «Қиястың» сөздік мағынасы «теңестіру», «ұқсастыру» мағынасына келеді. Ал терминдік мағынасы - «насстағы» (Құран мен Сүннет) үкімдермен туындаған мәселенің ұқсастығына қарай үкім беру. «Қияспен» үкім берудің мынандай төрт шарты бар: «негіз», «қосымша», «иллат», «үкім». «Негіз» деп Құран мен Сүннетте берілген үкімді айтамыз.

Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткеннен кейін құқықтық үкім берудің қалыптасқан екі мектебінің бірі «Рай» мектебі осы «қияспен» үкім беруді қолға алған болатын. Кейін қияспен үкім беруді Имам Ағзам мектебінің өкілдері мейлінше дамытты. Қияспен үкім беруде ақыл қолданғандықтан, бұл әдіс Исламдағы ғылымның да өркендеуіне үлкен әсер етті.

Имам Ағзамнан өзге мазхаб имамдары да қияс жасауды құптаған. Мысалы, Имам Маликидің де үкім беруде қолданған әдістерінің бірі қияс болатын. Қияс деп оның пікірінше туындаған мәселенің өзіндік ерекшелікке ие табиғатын ескере отырып насспен байланыстыруды (иллат) айтамыз.

Имам Шафиғи де үкім беруде қиясты қолданды. Оның пікірінше, қияс деп туындап отырған мәселеге қатысты насста нақты шешім болмай, бірақ, осы жағдайға ұқсас насстағы үкім туындаған жағдаймен байланыстырып, шешім шығаруды айтамыз. Имам Шафиғидің қияс жөніндегі көзқарасын былайша жіктеуге болады: А) Оның пікірінше шариғаттың үкімдерінде негізінен жалпылық басым. Ал, жалпы үкімдер әрбір жалқы мәселеге шешім бола алмайды. Сондықтан, адамдар тап болатын түрлі жағдайлардың өзіне тән жеке шешімдері болуы тиіс. Имам Шафиғи «ар-Рисала» атты еңбегінде: «Егер туындаған мәселеге наастан шешім таппаған жағдайда, оның шешімін қияспен беру керек. Ал, қияс насстағы ұқсас үкімнің негізінде жасалады. Бұл шешім насстың дәл өзі болмағандықтан, «ижтиһад» (факиһтің жеке шешімі) болып табылады» дейді. Бірақ, Имам Шафиғи қиясты насстан бөліп жарып қарамайды. Қияс нассқа сүйенгендіктен, ол тек насстың түсіндірмесі ғана деп түсінеді. ә) Имам Шафиғидің пікірінше қияс үкімі дау тудырмас үшін оның захир (сыртқы) және батын (ішкі мәні) себептері ескерілуі қажет. Яғни, екі себебін де қамтыған қиясты ешкім теріске шығара алмайды. Дегенмен, кейбір жағдайларда мәселенің батыны белгісіз болып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сыртқы себебі негізге алынады. Мысалы, бір еркек бір қызға үйленді делік. Үйленіп болғаннан кейін барып, әйелінің өзімен бір емшек емгенін білді. Осы кезде олар күнәһар саналмайды. Тек, мәселеге көз жеткізгенде дереу ажырасады. Осындай жағдайда факиһ талақтың сыртқы және ішкі себебіне екі түрлі пәтуа шығарады. Яғни, сыртқы себебіне қарай балаларды бөлісу, иддат уақыты, маһир ақысын төлеуге міндетті, ал, ішкі себебіне қарай мұра бермейді.

Имам Шафиғидің пікірінше ижтиһад жасауға Мұхаммед пайғамбардың өзі үкім берген. Оның көзқарасынша алдымен ижтиһад жасауға қажетті жағдай туындауы шарт. Туындаған жағдайға қарай факиһ ижтиһад айтады. Ол ижтиһад жасауға мынадай логикалық дәлел айтады: «Бір адам құлды сатуға базарға апарғанда, сатып алушыға «құлдың бағасын өзің шығар» демейтіні белгілі. Яғни, сатушы құлдың бағасын өзі шығарады. Сатушының жеке шығарған бағасы ижтиһад болып табылады. Бірақ, сатушы құлдың бағасын шығарарда жалпы нарықтағы бағаны негізге алады. Бұл жерде сатушының шығарған шешіміне әсер еткен нарықтағы баға насстың рөлін атқарады. Яғни, ижтиһад жасаушы белгілі бір қалыптасқан заңдылыққа сүйеніп отыр. Ол қалыптасқан заңдылық Құран мен сүннет болып табылады. Сондықтан, факиһтің шешімі нассты терістемейді, керісінше, насстың құндылығын арттыра түседі.

Ханбали мазхабы бойынша да «қияс» түсінігі дәстүрлі ұғымға сай деп айтуға болады. Яғни, бір мәселе бойынша насстан үкім таппаған жағдайда, осыған ұқсас насс үкімін негізге ала отырып, онымен байланыстырып шешім шығаруды ханбалилер қияс дейді. Имам Ахмад Ханбал жөніндегі бір риуаятқа қарағанда, ол «Қиястан бас тарта алмаймыз. Сахабалар да қиясты қолданған» деген болатын. Имам Ахмад Ханбалдың қиясты қолдауына байланысты одан кейінгі ханбали мазхабының өкілдері де қиясқа ерекше көңіл бөлген. Ханбали мазхабының қияс үкімінің ханафи мазхабының қияс үкімінен едәуір айырмашылығы болды. Мысалы, «салам» келісімшартын ханафи өкілдері қиясқа жатқызбаған. Яғни, қарыз алған адамның қарызын басқа бір адамдағы қарызы арқылы өтеуін ханафи өкілдері қияс үкімінен тыс десе, ал ханбали өкілдері «салам» келісімін қиясқа сай деп біледі. Ханафи өкілдерінің пікірінше бұл шешім дұрыс емес. Ал, ханбали өкілдерінің пікірінше біреудің ақысын өтеу маңызды болғандықтан, қарызды осылайша өтеуге де болады.



18. Сирияға аттанушылар һижра жасау (қоныс аудару) ұранын ту етіп көтеруде. Һижраның ислам шариғатындағы орны қандай?
Һижра (арабша «هجرة») – сөздікте «тоқтату, қалдыру», «қоныс аудару» деген мағынаны білдіреді. Ислам терминологиясында бұл сөз «мұсылмандардың дінге қатынасына байланысты өзгелерден қысым көріп, қорлық тартудан құтылу үшін өзге мекенге қоныс аударуы» деген ұғымды береді.

Танымал ислам ғұламаларының бірі әл-Ғиз бин Абдуссаләм хижраны екіге бөліп қарастырған:




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет