Тұрақталған ауа қозғалыстары. Тұрақталған (стационарлы) қозғалыс деп, әрбiр нүктесiнiң жылдамдығы мен бағыты уақыт бойынша өзгермейтiн қозғалысты айтады, яғни әсер ететiн басқа күштер өзара теңесiп нольге айналады.
Үйкелiс күшi әсер етпей ауа тұрақталған бiрқалыпты қозғалыста болса, оны градиенттiк жел деп атайды. Бұндай жағдай нақты атмосферада үйкелiс қабатының үстiнде (1500 метрден жоғары) орнығады. Изобара сызықтары тiке параллелдi болған жағдайдағы градиенттiк желдi қарастырайық Бiртектi қысым алқабында градиенттiк күштiң мәнi мен бағыты барлық нүктеде бiрдей болады. Сондықтан да бұндай алқапта ауа қозғалысы бiркелкi тiке сызықты. Үйкелiс күшiнiң әсерi болмаса қозғалыстағы ауаға тек градиенттiк күш (FG) пен Кариолис күшi (А) ықпал етедi. Градиент күшi изобара сызығына перпендикуляр, қысымы аз жаққа, ал Кариолис күшi ауа қозғалысына перпендикуляр оң жаққа бағытталады. Тұрақталған қозғалыста бұл екi күш бiрiн-бiрi теңейдi, яғни мәндерi тең, бағыттары қарама-қарсы болады. Кариолис күшi ауа қозғалысына перпендикуляр болғандықтан, ауа қозғалысы қысым градиентiне перпендикуляр болады, яғни жел изобара сызықтары бойымен соғады. Тiке сызықты изобара бойымен соғатын градиенттiк желдi геострофикалық жел (Vг) деп атайды.
Геострофикалық желдiң жылдамдығын FG = А теңдiгiнен анықтауға болады:
Геострофикалық желдiң жылдамдығы қысым градиентiне тiке пропорционал да ауа тығыздығы мен ендiкке керi пропорционал. Қысым градиентi өскен сайын желдiң жылдамдығы да өседi. Ендiк өскен сайын геострофикалық желдiң жылдамдығы төмендейдi. Биiктеген сайын ауа тығыздығы азаятындықтан геострофикалық желдiң жылдамдығы өседi.
Изобаралар қисықсызықты болған жағдайда, қысым градиентiнiң бағыты, сонымен бiрге градиенттiк күш өзгермелi келедi. Сондықтан ауа қозғалысы да қисық сызықты болады. Шеңберлi изобаралар бойымен соғатын градиенттiк желдi геоциклострофикалық жел деп атайды. Ондай қысым орталықтары – циклон мен антициклондағы желдерінде қарастырылады. Оларда үйкелiс күшiнiң әсерi болмаса, градиенттiк және ауытқыту күштерiнен басқа ортадан тебу күшi пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |