Оқыту әдістерін зерттеу – негізінен дидактиканың міндеті, ал жеке пәнді оқыту, оның ішінде физиканы оқыту әдістемесінің мақсаты – физика мазмұнының ерекшелік сипатына лайықты сабақта оқыту әдістерінің тиімді тәсілдері мен әдістемелік амалдарын қолданудың жолдары мен формаларын анықтау. Мектеп өмірінде оқыту әдістерінің бірнеше түрлері қолданылатыны белгілі, сондықтан оларды классификациялау принциптері де әртүрлі. Олардың ішіндегі дұрыс деп қолданылып келген принцип – оқушылардың алатын білім көздеріне және мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жүргізетін қызметіне байланысты классификациялау. Бұл принцип тұрғысынан оқыту әдістері үш түрге бөлінеді: 1)сөзбен баяндау әдістері; 2)көрнекілік әдістер; 3)практикалық әдістер. Физика сабақтарында көбінесе оқу материалын ауызша сөзбен баяндау әдістері қолданылады. Сөзбен баяндау әдістері мұғалімнің ауызша түсіндіруі арқылы жүзеге асырылады. Оқушыларға берілетін білімнің негізгі көзі – мұғалімнің сөзі, ал мұғалімнің әрекеті – сөзбен түсіндіру, оқушылардың қызметі, міндеті – тыңдау, ойлану және т.б. Мұғалімнің оқу материалын ауызша сөзбен баяндау әдісі әңгімелеу, әңгімелесу (сөйлесу), түсіндіру, дәріс арқылы жүргізіледі. Әңгімелеу – оқу материалын сабақта диалогсыз тек мұғалімнің өзінің үздіксіз сөзбен ауызша баяндау тәсілі. Бұл тәсілді қолданудың мақсаты мынадай: 1)физикалық заңдар мен жаңалықтардың ашылу тарихымен, физик-ғалымдардың (өнер тапқыштың) өмірбаянымен оқушыларды таныстыру қажет болғанда; 2)ғылым мен техниканың жетістіктерімен, даму перспективаларымен мектеп оқушыларын таныстырғанда; 3)физикалық заңдар мен құбылыстардың ғылымда, техникада, өмірде қолдануын түсіндіргенде, табиғатта және техникалық қондырғыларда байқалатын физикалық құбылыстарды баяндағанда. Әңгімелесу – мұғалім оқушыларда бар білімге, практикалық тәжірибе мен тәжірибелік көрсетулерге сүйеніп, сұрақтардың көмегімен оқушыларды жаңа білім түсінуге және меңгеруге алып келетін оқыту әдісі. Материалды әңгімелеу әдісімен баяндау мұғалім мен оқушы арасында диалог түрінде өтеді. Мұғалім тәжірибелер жасап көрсетіп немесе мектеп оқушылары орындайтын тәжірибелерге сүйеніп, оларға сұрақтар қояды. Диалог түрінде жүргізілетін әңгімелесу тәсілі арқылы: 1)физикалық заңдар (Паскаль, Ньютон заңдары) түсіндіріледі; 2)физикалық құбылыстардың мәні ашылып көрсетіледі; 3)физикалық ұғымдар (үдеу, қуат, ішкі энергия) қалыптастырылады; 4)оқу материалдары қайталанып, бекітіледі; 5)оқушылардың алған білімі, іскерліктері, дағдылары тексеріледі. Түсіндіру – бұл мұғалімнің курстың неғұрлым күрделі мәселелерін дәйектілікпен, қатаң логикалық тұрғыда баяндап беруі. Физиканы оқытуда түсіндіру әдісін мынадай оқу міндеттерін шешу кезінде қолданады: 1) физикалық құбылыстардың мәнін неғұрлым жалпы физикалық теориялар негізінде ашқан кезде; 2) денелердің физикалық қасиеттерін заттардың атомдық-молекулалық құрылысы туралы түсініктер мен электрондық теория негізінде түсіндіргенде; 3) физикалық заңдардың мәнін оқып үйрену мен олардың арасындағы байланысты ашқанда; 4) физикалық құбылыстар мен заңдарға негізделген технологиялық процестердің мәнін оқып үйренген кезде. Түсіндіру көбінесе әңгімелесу әдісімен ұштастырылып отырады, мұғалім оқушыға өз пікірлерін айтып, өзінше түсінік беруді ұсынады. Дәріс – әңгімелеумен және түсіндірмен салыстырғанда баяндаудың үлкен ғылыми қатаңдығымен және едәуір ұзаққа созылатындығымен сипатталады. Дәріс әдісін негізінен жоғары сыныптарда қолдануға болады, өйткені ол оқушылардан ұзақ уақыт бойы тұрақты зейін қоюды, жоғары дәрежеде дамыған абстрактілі ойлауды, дәріс барысында негізгі идеяларды, қортындыларды, заңдардың тұжырымдамаларын, формулаларды жазып отыру іскерлігін талап етеді. Көрнекілік әдіспен оқу материалын түсіндіргенде мұғалім көрнекі және техникалық құралдарды қолдану арқылы физикалық құбылыстарды, процестерді, денелерді, заттарды көрсетеді, демонстарциялайды, иллюстрациялайды, қолдарына ұстатып, сездіреді. Бұл жағдайда мұғалімнің сөзі қосымша роль атқарады, ал оқушылардың алатын білім көзі көрнекті құралдар болып табылады. Мұнда мұғалімнің оқыту қызметі – көрсету мен демонстрациялау, сабақтағы оқушылардың оқу қызметі – бақылау, эксперименттік фактілерді көріп ойлану, қорытынды жасау, білім қорын байыту. Көрнекілік әдістердің түрлеріне демонстрациялық эксперимент, схема-плакат, сызу-сурет, кино-диафильмдерді және т.б. жатқызуға болады. Педагог Я.А.Коменский көрнекілік әдісті мұғалім үшін «алтын ереже» санаған. Себебі, оның нәтижесінде оқу материалын оқушылардың нәтижелі қабылдауларына мол мүмкіндік туады. Мысалы, көруге болатынды көреді, және т.с.с. Практикалық әдістерге физиканы оқыту процесінде жүргізілетін лабораториялық жұмыстар, физикалық практикумдар, сыныптан тыс бақылаулар жүргізіп, есеп шығару жұмыстары жатады. Олар оқушылардың эксперименттік, өлшеу, зерттеу, жалпы еңбектік іскерліктері мен дағдыларын қалыптастырады. Оқушылардың өзбеттерінше әртүрлі практикалық жұмыстарды орындауы, ізденіп ойлануы, есеп шығаруы олардың алатын білім мен іскерліктерінің көзі болып саналады. Мұнда мұғалімнің қызметі – жұмысқа түсінік-нұсқау беру, тексеру, қорытынды жасауға көмектесуі жатады. Бұл көрсетілген әдістердің ешқайсысын әмбебап әдістер деп қарастыруға болмайды. Оларды қолдану оқыту мақсаттарының түрлеріне сай келуі тиіс. Сабақта олар көбіне «аралас» түрінде қолданылады. Мысалы, мұғалімнің сабақты ауызша баяндап түсіндіруі көбіне көрнекі құралдарды пайдаланып, физикалық экспериментті демонстрациялаумен, яғни көрнекілік әдіспен қос қабат жүреді. Сондай-ақ материалды сөзбен түсіндіру көбіне практикалық әдіспен (зертханалық жұмыста) бірігіп пайдаланылып отырады.
Дәрісті меңгергеннен кейін білуге қажетті негізгі ұғымдар
Физика мұғалімінің негізгі құжаттары: пән бойынша бағдарлама, күнтізбелік-тақырыптық жоспар, сабақ жоспары.
Бағдарлама – бұл физика курсының көлемі мен мазмұнын анықтайтын мемлекеттік іс-қағаз.
Сабақ – оқуды ұйымдастырудың негізгі формасы, әрі оқу процесіндегі шешуші буын.
Оқу сабақтарын ұйымдастырудың екі түрі: а) жалпы формасы; ә) нақты формасы.
Оқыту – оқу материалының мазмұнын меңгерту және танымдық іс-әрекет әдістерін игерту мақсатында мұғалімнің оқушылармен жұмысы кезіндегі бірлескен әрекет процесі.
Оқыту әдістері 3 топқа бөлінеді: сөздік, көрнекілік, практикалық.
Оқу материалын ауызша сөзбен баяндау әдісі – әңгімелеу, әңгімелесу (сөйлесу), түсіндіру, дәріс.
Өзін өзі бақылау сұрақтары:
1. Оқу сабақтарын ұйымдастырудың қандай формалары бар?
2. Оқуды ұйымдастырудың негізгі формасы қандай?
3. Мұғалім іс-әрекетінің құрылымы қандай іс-шаралардан тұрады?
4. Физика мұғалімінің негізгі құжаттарын атап беріңдер.
5. Оқыту әдістері қандай топтарға бөлінеді?
7-тақырып. Демонстрациялық эксперимент, оның мәні және оған қойылатын әдістемелік талаптар
Дәріс жоспары
Достарыңызбен бөлісу: |