Халықаралық Соттың және төрелік соттың сотшешімдері. Халықаралық Сот пен төрелік сот қолданыстағы құқықтарды қолданады, талдайды, алайда құқық нормаларын шығармайды. Халықаралық Сот Статутының 38-бабы, d тармағында олардың шешімдерін «құқықтық нормаларды анықтау үшін көмекші құралдар» ретінде бейнелейді. Сот шешімдерінің маңызды рөлі мемлекеттердің соттағы тәжірибелерін көрсетуінен шығып отыр. Оның халықаралық құқықтың жүйеленуіне көмегін тигізері сөзсіз.
Халықаралық құқық нормаларының қалыптасуына ұлттық заңдар зор әсерін тигізеді. Дегенмен, ұлттық заңдар халықаралық-құқықтық норма санатында танылған кезде ғана халықаралық құқықтың қайнар көзі болып есептеле алады (халықаралық шарт арқылы немесе халықаралық дәстүр арқылы).
Халықаралық Сот Статутының 38-бабында Соттың істерді шешу барысында «құқықтық нормаларды анықтау үшін қосымша құралдар ретінде түрлі ұлттардың жария құқықтары бойынша ең білікті мамандарының доктриналарын» қолдану мүмикіндігі қарастырылған.
Мұндай доктриналардың маңызы қолданыстағы халықаралық құқықтың қандай да бір нақты қағидалары, нормалары мен институттарының мазмұнын айқындау үшін мамандардың ғылыми пікірлерінің қосымша материалдар ретінде қызмет етуінен көрінеді. Доктриналар халықаралық қатынастың жаңа ережелерін дайындай алады және қалыптастыра алады. Бірақ олар заңдық тұрғыда міндетті болуы үшін халықаралық тұрғыда танылуы керек, яғни бұл ғылыми көзқарастар халықаралық қатынас қатысушыларының ерік білдірулерін келісімге келтіруге негіз болулары қажет.
«Құқықтың жалпы қағидалары» проблемасын Ұлттар ЛИгасы қозғаған болатын, алғашында халықаралық әділ соттың Тұрақты Палатасы Статутының 38-бабында, кейін БҰҰ-ның Халықаралық Сот Статутында орын алды. «Құқықтың жалпы қағидалары» деген ұғым «құқықтың негізгі қағидалары» деген ұғымнан өзгешелеу. Мәселен, «құқықтың жалпы қағидаларына» ұлттық құқықтық жүйелерде, сондай-ақ халықаралық құқықта да қолданылатын құқықтық нормаларды түсіндіру және қолдану процесіндегі заңдық түсініктер, заң логикасының, техникасының ережелері жатады.
Халықаралық жария құқықтың қайнар көздерінің жүйесіне сәйкес, әдебиеттерде «қатаң құқық» және «жұмсақ құқық» деген ұғымдар қолданылады.
«Қатаң құқық» санатына халықаралық шарттарды және үкіметаралық ұйымдардың міндеттейтін шешімдерін жатқызса, «жұмсақ құқыққа» - ұсыныстық қарарларды жатқызады.
Бақылау сұрақтары:
-
Халықаралық шарт халықаралық құқықтың негізгі қайнар көзі бола ала ма?
-
БҰҰ – ның Халықаралық сот және халықаралық төрелік шешімінің ролі қандай?
-
Халықаралық құқықты жүйелеу (конфикациялау) қалай жүзеге асырылады?
Әдебиеттер:
-
Баскин Ю. Фельдман Д.И. История международного права. – М. 2004. – 207с.
-
Бельсон Я.М. Интерпол в борьбе с преступнустью. М., Наука. 2009. 239с.
-
Боярс Ю.Р. Вопросы гражданства в международном праве. М,. Международные отношения. 2007. -160с.
-
Данилнко Г.М. Обычай в современном международном праве М,. Наука, 2008 -191с
5 – тақырып. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ
Сабақтың мақсаты мен міндеті: халықаралық құқықтың негізгі қағидалар жүйесіне шолу жасау, сипаттама беру.
Негізгі сұрақтар:
-
Халықаралық құқықтың негізгі қағидалар жүйесі. БҰҰ – ы Жарғысының алатын орны.
-
1970 жылғы БҰҰ - ның халықаралық құқық қағидалары туралы деклорациясы. 1975 жылғы Хельсинкидегі Кеңестің қорытынды актісінің маңызы.
-
Халықаралық құқықтың гегізгі қағидалары және мемлекеттің негізгі құқықтары мен міндеттері.
-
Мемлекеттердің егемендігінің теңдік қағидасы, оның мазмұны.
-
Күш қолданбау және қорқытпау қағидасы, осы қағиданың қалыптасуы.
-
Соғысты насихаттауға тыйым салу. Күш қолданбау қағидасы және мемлекеттердің өзін - өзі қорғау құқығы.
-
Шекаралардың мызғымастығы қағидасы. Оның күш қолданбау және күшпен қорқытпау қағидасымен органикалқ байланысы.
-
Мемлекеттердің дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы, оның мазмұны және оны қолдану әдістері.
Халықаралық құқықтың дамуындағы маңызды белгілердің бірі, оның негізгі қағидалары рөлінің үдемелі дамуында, былайша айтқанда, ол белгілі бір қатынастардағы халықаралық құқық субъектілерінің тәртіптеріне негізделген, заңи оқшауланған нормалары болып шығады. Халықаралық құқықтың белгілі бір объектісіне қатысты нақты құқықтық қатынастарды реттеуге арналған нормаларға қарағанда, қағидалар өз әрекетін құқықтық қатынастардың тұтас аумағына таратады. Құқықтық нормамен салыстырғанда, қағида ұзақ мерзімді, әрі өзгеріп тұратын мән-жайлардың әсеріне көп ұшырамайды. Сонымен бірге, нормаларға қарағанда қағидалар ұзақ мерзім ішінде қалыптасады.
Қағидалар дегеніміз – қандай да бір жүйенің негізін қалайтын идеялар, нақты жүйенің барлық нормалары бағытынан, әрекеті көлемді нормалар болып табылады.
Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары – халықаралық құқықтың өзінің пайда болуы кезеңімен сәйкес келмейтін санатқа жатады. Мұндай сипаттағы қағидалар осы құқық дамуының белгілі бір сатысында пайда болады. Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары – бұл халықаралық-құқықтық салады болып жатқан түбегейлі өзгерістерді айқын бейнелейтін негізгі бастаулар. Халықаралық құқықтың қағидалары оның басты ережелері болып табылады, оның халықаралық-құқықтық толық нормалары мен арақатынасын заңдағы нормалардың конституциялық қағидаларының арақатысымен салыстыруға болады.
Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары - өзіндік сипаттамасы бар дербес құқықтық санатқа жатады. Біріншіден, қағидалар барлық құқықтық жүйеге таралады. Екіншіден, олар міндетті (императивті) сипатта jur cogens. Үшіншіден, қағидаларға жүйе құраушы рөл сипаты тән. Төртіншіден, қағидаларға заңдылық өлшемі тән болады.
Халықаралық құқықта қағидалардың екі түрлі санаты бар:жалпы, негізгі қағидалар; және тар мағынадағы тәртіп ережелерін бекітетін арнаулы қағидалар.
Осы заманғы халықаралық құқықтың негізгі қағидалары, біріншіден, БҰҰ Жарғысында бекітілген. Бірақ, БҰҰ Жарғысы халықаралық құқық қағидаларын тұжырымдау жөнінде арнайы мақсатта көздемегендіктен, олардың кейбіреулері өте қысқа мазмұндалған. Сондықтан, бірқатар мемлекеттердің бастамасымен, бірнеше негізгі қағидалардың мазмұнын айқындау үшін БҰҰ-да бірсыпыра жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыс 1970ж. БҰҰ Бас Ассамблеясының БҰҰ Жарғысына сай (мұнан былай, халықаралық құқықтың негізгі достық қатынастар мен ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқықтың қағидалары туралы Декларацияны қабылдаумен аяқталады.
1970ж. Декларацияда халықаралық құқықтың 7 қағидасы мазмұндалған:
-
Күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау қағидасы;
-
Ішкі істерге араласпау қағидасы;
-
Халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы;
-
Мемлекеттердің өзара міндетті ынтымақтасу қағидасы;
-
Халықтардың теңдік және өзін-өзі басқару қағидасы;
-
Мемлекеттердің дербес теңдік қағидасы;
-
Міндеттемелерді адал орындау қағидасы.
Дегенмен, бұдан халықаралық құқықта тек осы 7 қағида бар екен деген ой тумауы керек. 1975ж. Хельсинки кеңесінің Қорытынды Актісінде 10 қағида бар. 1970ж. Декларациядағы тізімге мыналар қосымша енгізілді: шекаралардың мызғымастық қағидасы; аумақтық тұтастық қағидасы; адамның құқықтары мен негізгі міндеттерін құрметтеу қағидасы. Айтып өтетін жайт, халықаралық құқық халықаралық құқық субъектілерінің басшылыққа алатын қағидаларының барлығын белгілеуді өзіне мақсат тұтпайды. Әрбір жеке тарихи кезеңде қолданыстағы қағидалар жаңаланып, эволюция жүріп тұрады. Мысалы, халықаралық экологиялық құқықта қоршаған ортаға залал тигізбеу сияқты; қоршаған орта мен оның компоненттерін еркін зерттеу және пайдалану қағидасы; қоршаған ортаны тиімді пайдалану қағидасы және т.б. бар. Халықаралық әуе құқығында халықаралық әуе қатынастарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидасы; әуе кемелерін заңсыз қол сұғу актісінен қорғау және т.б. қағидалар негізгі қағидалар болып табылады.
Халықаралық құқық доктринасы халықаралық жария құқықтың негізгі қағидаларын былайша жіктейді. Мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және саяси жүйелерінен тәуелсіз, бейбіт қатар өмір сүру қағидасы басты орын алады.
Келесі топқа халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті тікелей қолдайтын қағидалар кіреді. Мұндай қағидаларға күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау қағидасы; халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы; мемлекеттердің аумақтық тұтастық қағидасы; шекаралардың мызғымыстық қағидасы жатады.
Халықаралық ынтымақтастықты айқындайтын қағидалар тобына мыналар жатады: мемлекеттердің дербес теңдік қағидасы; қол сұқпау қағидасы; халықтардың теңқұқылық және өзін-өзі басқару қағидасы; мемлекеттердің ынтымақтасу қағидасы; халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидасы.
Мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және саяси жүйелерінен тәуелсіз бейбіт қатар өмір сүру қағидасы. Осы қағидаға сәйкес, мемлекеттер халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға міндетті. Бұл қағиданың сипаттамалық белгісі – ол халықаралық құқықтың көптеген негізгі қағидаларының мән-маңыздарының үйлесуі. Сондықтан осы заманғы халықаралық құқықтың негізгі қағидаларының барлық жүйесі бейбіт қатар өмір сүру қағидаларының жүйесі деп атала алады. БҰҰ Жарғысында «бейбіт қатар өмір сүру» нақты терминмен негізделмегеніне қарамастан, оның мазмұны Кіріспені толықтай қамтиды және өзге де жарғылық ережелерде мәні ашылады. Бейбіт қатар өмір сүру қағидасы бейбітшілікті сүйетін кез келген мемлекеттің сыртқы саясаттағы конституциялық қағидаларының негізін қалайды.
Күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау қағидасы. Алғаш рет бейбітшілік туралы Декретте жарияланған басқыншылық соғысқа тыйым салу қағидасы, 1935-1939жж. жасалған шабуыл жасамау және бейтараптық туралы шарттарды заңи бекітілген болатын. Осы қағида 1933ж. агрессияны айқындау жөніндегі Лондон Конвенциясында; басқыншылық соғысқа тыйым салу қағидасын халықаралық құқықтың жалпыға міндетті нормасына айналдырған 1928ж. Париж шартында онан әрі бекітіле түсті. БҰҰ Жарғысының қабылдануы күш қолданбау қағидасын бекітудің келесі маңызды сатысы болды. БҰҰ Жарғысында бекітілген күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау қағидасының Екінші дниежүзілік соғысқа дейін қалыптасқан басқыншылық соғысқа тыйым салу қағидасына қарағанда екі елеулі ерекшелігі бар. Біріншіден, тек қарулы күштерді ғана емес, сондай-ақ, түрлі әскери емес мәжбүрлеу нысанындағы, яғни саяси, экономикалық мәжбүрлеуге де тыйым салынады. Екіншіден, күш қолдану ғана емес, кез келген күшпен қорқытуға да тыйым салынады. БҰҰ Бас Ассамблеясының «басқыншылықты айқындау туралы» 1974ж. 14 желтоқсанындағы 3314 қарары күш қолданбау қағидасының бекітілген және жүйеленген маңызды халықаралық нормативті актісі болып табылады. Аталмыш қарардың 1-бабына сәйкес, басқыншылық – бұл бір мемлекеттің келесі мемлекеттің тәуелсіздігіне, аумақтық мызғымастығына, саяси дербестігіне қарсы қарулы күш қолдануы. Қарулы күшті бірінші, себепсіз қолдану – басқыншылық актісіне тән. 3-бапта мемлекеттің соғыс жариялауына қарамастан, басқыншылық актісі ретінде саналуы мүмкін әрекеттердің тізімі берілген. Оларға мыналар жатады:
-
аумаққа қарулы күштердің күшпен кіруі және шабуыл жасауы, кез келген әскери басқыншылық;
-
басқа мемлекеттің аумағын бомбалау немесе кез келген қаруды қолдану;
-
мемлекеттің порттарын немесе жағалауларын басқа мемлекеттің қарулы күштерінің қоршауға алуы;
-
мемлекеттің қарулы күштерінің басқа мемлекеттің теңіз, әуе, құрлық немесе әуе флоттарына шабуыл жасауы;
-
келісімнің талаптарын бұзғаны үшін басқа мемлекеттің аумағында тұрған қарулы күштерді қолдану немесе келісімнің бітуіне қарамастан, осы аумақтағы әскери күштердің кетуін талап етуді жалғастыру;
-
үшінші мемлекетке қатысты басқыншылық актісін жүзеге асыру үшін өз аумақтарын пайдалануға беретін мемлекеттердің әрекеттері;
-
мемлекеттің атынан қаруланған бандыларды, жалдамалыларды, реттеу күштерін жіберу.
Әрекеттердің жоғарыда аталған тізбегі толық емес. Басқыншылық актісін саяси, экономикалық сипаттағы ешқандай ақталулар ақтай алмайды. Басқыншылық актісі – бұл халықаралық қылмыс, ол үшін халықаралық жауапкершілік жүктеледі. Тәуелсіздік үшін күрес басқыншылық актісі болып есептелмейді. Көпшілік мойындаған қағида – консенсус негізінде жасақталған басқыншылық анықтамасын мақұлдай отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясы барлық мемлекеттерді түрлі басқыншылық актілеріен және БҰҰ Жарғысының ережелері мен халықаралық құқықтың негізгі қағидалары туралы 1970ж. Декларацияға қайшы келетін күш қолданудың басқа да түрлерінен тартынуға шақырды.
Халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы. Г.И.Тункин шабуыл жасамау және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасының арақатынасын қозғай отырып, бұл екі қағида бір медальдің екі жағы іспеттес деп атап өтті. Егер мемлекет өзінің басқа бір мемлекеттермен қатынасында күш қолдануға тыйым салатын болса, тиісінше мұндай мемлекеттермен туындаған дауларды да бейбіт жолмен шешуі тиіс. Сонда дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы, осы дауларды реттеу үшін күш қолданбау керек дегенді білдіреді.
Халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу, халықаралық құқық қағидасы ретінде алғаш рет соғыстан бас тарту туралы 1928ж. Париж шартында бекітілген еді. 1928ж. Париж шартынан кейін туындаған дауларды бейбіт жолмен шешу басқа да бірқатар мемлекетаралық келісімдерде, сондай-ақ Ұлттар Лигасының қарарларында да халықаралық құқықтың қағидасы ретінде танылды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанна кейін осы қағида БҰҰ Жарғысында, атап айтқанда, 2-баптың 3-тармағында бекітілді: «БҰҰ-ның барлық мүшелері халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке және ақиқатқа қауіп төндірмеу үшін өз дауларын бейбіт құралдар арқылы шешеді».
Дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасын дұрыс түсіну үшін «халықаралық даулар» түсінігін айқындаудың маңызы зор. Халықаралық дау деп қандай да бір мемлекеттердің арақатынастарында реттелмеген мәселелердің, алауыздықтың болуы, халықаралық өмірдегі түрлі проблемалар бойынша келісе алмаушылық, сондай-ақ халықаралық шарттар, келісімдер және өзге де актілерді талдау негізіндегі қайшылықтардың болуын айтамыз. БҰҰ Жарғысында даулар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін даулар және қауіп төндірмейтін даулар деп екіге бөлінген.
Дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы дауды бейбіт жолмен шешудің белгілі бір рәсімін алдын ала бекітпейді. Дауларды бейбіт жолмен реттеу құралдарының көлемді тізімі БҰҰ Жарғысының 6-тарауында мазмұндалған. БҰҰ Жарғысының 33-бабының 1-тармағына сәйкес: «Кез келген дауға қатысушы тараптар, егер дау халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін болса, онда дауды ең біріншіден келіссөздер, зерттеулер жүргізу арқылы, жарастырушылық, татуласу, төрелік, сот талқылауы, аймақтық органдарға және келісімдерге жүгіну арқылы немесе өз таңдаулары бойынша басқа да бейбіт құралдар арқылы шешуге тырысулары қажет». Мұнан басқа БҰҰ Жарғысында даулы мәселелерді Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің шешу мүмкіндігі көзделген.
Мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидасы. 1970ж. Декларацияда осы қағида күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау қағидасының бір бөлігі ретінде баяндалған. Мемлекеттердің аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған әрекеттердің ішінде күш немесе қауіп-қатер күшін қолдану ерекше орын алады. Қарастырып отырған қағиданың тұжырымдамасында мемлекеттердің кез келген мемлекеттің саяси тәуелсіздігі мен бірлігіне қарсы бағытталуы мүмкін кез келген әрекеттерден тартынуы жөнінде сөз бар. Сөйтіп, кел келген мемлекеттің саяси тәуелсіздігі мен бірлігі оның аумақтық тұтастығымен тығыз байланысты.
Басқаның аумағын жаулап алудан бас тарту алғаш рет француз революциясында жарияланған болатын. Мемлекеттік аумақтың мызғымастығы мен тұтастық қағидасының қалыптасу тарихында халықаралық дауларды шешу құралы ретінде соғысқа халықаралық-құқықтық тыйым салу маңызды оқиғаның бірі болды. 1975ж. Хельсинкидегі Қорытынды Актіге қол қойған барлық мемлекеттер үшін мемлекеттердің аумақтық тұтастық қағидасы міндетті болып табылады, мұндай міндеттілік екі себеппен түсіндіріледі:
-
1970ж. Декларацияның тиісті ережелері өздерінің негіздеулерінде барлық мемлекеттер үшін міндетті болып табылатын жалпы халықаралық құқық қағидасын бейнелейді.
-
Мемлекеттер «осы қағидаларды өзара арақатынас пен ынтымақтастықтың барлық аспектілерінде қолдануға, әрбір қатысушы-мемлекетке осы қағидаларды барлығының құрметтеуі мен қолдануынан келіп шығатын артықшылықтарды қамтамасыз ету үшін толықтай құрметтеуге» өздерінің дайын екендіктерін білдірді.
Шекаралардың мызғымастығы қағидасы. Шекаралардың мызғымастығы қағидасының мәні бұл қағиданың соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешудегі ұзақ мерзімді тәжірибемен қамтамасыз етілгенімен айқындалады. Бұл қағиданы қолдану әлемдік тәжірибеде қалыптасқан саяси және аумақтық болыс шарт-жағдайларындағы барлық мемлекеттер үшін ақиқатты қауіпсіздікті бекіту сұранысының жинақталған көрінісі болып табылады.
Бұрындары шекаралардың мызғымастығы қағидасы халықаралық құқықтың жаңа қағидасы деп аталып келді. Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғылық ережелері кез келген мемлекеттің аумақтық мызғымастығына немесе саяси тәуелсіздігіне күшпен қол сұғуға тыйым салады. Осылайша мемлекеттердің аумақтық мызғымастығын қорғай отырып және оны бұзу үшін күш қолдануға тыйым сала отырып, БҰҰ Жарғысы шекаралардың мызғымастығы қағидасын басшылыққа алды.
Мемлекеттердің дербес теңдігі қағидасы. 1975ж. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Кеңесте Еуропаның даму жолдары туралы пікірталасына белгілі бір қорытынды жасалды. Хельсинки Кеңесі мемлекеттердің қарым-қатынасы дербес теңдік, дербестікке тән құқықтарды қорғау қағидаларына негізделулері қажет екендіктерін растап берді.
Дербес теңдік қағидасы қарама-қайшы қоғамдық жүйелері бар мемлекеттердің теңқұқықтарын мойындауды білдіреді. 1975ж. Қорытынды Актіде дербестікке тән құқықтардың толық тізімі берілмеген. Құжатта әлемдік бірлестіктің қауіпсіздігі үшін аса маңызы бар бірнешеуі көрсетілген.
Ең алдымен, дербес теңдік элементтерінің бірі - әрбір мемлекеттің заңи теңдік құқығы аталған. Дербес теңдікті мойындау, мемлекеттердің тәуелсіздігін құрметтеу – мемлекеттердің әлемдік аренада бейбіт қатар өмір сүру саясатының басты элементі болып табылады. Осы қағиданы халықаралық құқықтың негізгі қағидалар жүйесіне енгізу бейбітшілікті сүйетін күштердің халықаралық қауіпсіздік үшін күрестің үлкен жетістігі болып есептеледі. Қазіргі заманның басты мақсаты – осы қағидалардың халықаралық проблемаларды шешу барысында сақталуын қамтамасыз ету.
Ішкі істерге қол сұқпаушылық қағидасы. Мемлекеттердің бір-бірінің ішкі істеріне араласпауы туралы мәселе феодализм дәуірінде пайда болған еді. Бұл кезеңде қол сұқпаушылықты құқықтық норма ретінде шарттық ресімдеу - өте сирек кездесетін құбылыс болатын. Ол халықаралық құқықтың жалпы қағидасы ретінде буржуазиялық революция кезеңінде қалыптасты. Бұл қағида кез келген мемлекеттің құзіретінде қол сұғатын барлық әрекеттерден тартыну міндетін білдіреді. Қағиданың заңдық мазмұны 1970ж. халықаралық құқықтың негізгі қағидалары туралы Декларацияда баяндалған. «Бірде-бір мемлекет өзінің дербес құқықтарын жүзеге асыру барысында және одан қандай да бір артықшылықтарға ие болу үшін басқа мемлекетті өзіне бағындыру мақсатында экономикалық, саяси шаралары немесе кез келген басқа сипаттағы шараларды қолдана да, көтермелей де алмайды.
Бірде-бір мемлекет басқа мемлекеттің құрылымын зорлық-зомбылық жолымен өзгертуге бағытталған қарулы, зиянкес немесе террорлық әрекеттерді ұйымдастырмауы, көмектеспеуі, шағыстырмауы, қолдамауы тиіс». Бұл нысанның маңызды құндылығы – оның сипатының қатаңдығы мен үзілді-кесілді екендігінде. Кез келген тікелей немесе жанама қол сұғушылыққа тыйым салынады. Қол сұғушылық ешқандай себептермен ақтала алмайды. Халықаралық құқықтың және саяси әдебиеттерде мемлекеттердің пайдаланатын қол сұғу шараларына байланысты әскери, экономикалық, саяси, дипломатиялық және қол сұғушылықтың өзге де нысандары қарастырылған, дегенмен олар іс жүзінде бір-бірімен байланысты болып келеді.
Халықтардың теңқұқылық және өзін-өзі билеу қағидасы. Бұл қағида орталықтандырылған абсолютті монархияның орнаған кезеңінде, XV-XVI ғасырда пайда болды. Хельсинки құжаты осы қағиданы бейбітшілік, қауіпсіздік және ынтымақтастықтың маңызды шар-жағдайы деп таниды. Бұл байланыс алғаш рет бейбітшілік туралы тарихи Декретте және Қазан социалистік революциясының өзге де маңызды актілерінде көрініс тапқан болатын. Халықтардың теңқұқылық және өзін-өзі билеу қағидасының тұжырымдамасында халықтардың өздерінің саяси мәртебесін айқындауы туралы былай делінген:
-
басқару нысанын еркін таңдау;
-
өздерінің мемлекеттік құрылымын айқындау;
-
өзінің саяси, әлеуметтік және мәдени дамуын өз қалауынша жүзеге асыру;
-
мемлекеттің аумақтық тұтастығын қорғау.
Осындай құқықтың жүзеге асуы халықаралық құқықтың қорғауында болады. Халықтардың өздерінің ішкі саяси мәртебесін еркін айқындауларына кедергі келтіру мақсатында мемлекеттердің ішкі істеріне қол сұғу басқыншы мемлекеттерге тән сипат.
Мемлекеттердің ынтымақтасуы қағидасы. Осы қағидаға сәйкес, мемлекеттер өздерінің ынтымақтастықтарын барлық салалар бойынша дамытуға міндеттеледі. 1975ж. Қорытынды Актімен 1970ж. Декларациядағы осы қағиданың тұжырымдамасын салыстыра қарағанда, мемлекеттердің бұл қағиданы материалдық мазмұн жағынан толықтыруға тырысқанын байқауға болады. 1970ж. Декларацияда ынтымақтасудың бір мақсаты ретінде «халықтардың жалпы әл-ауқатын» жақсарту үшін жәрдемдесу көзделсе, Қорытынды Актіде бұл ереже нақтылана түседі: мемлекеттер өздерінің ынтымақтасуын дамыта отырып, халықтардың тұрмысын көтеруге, оның ішінде экономикалық, ғылыми, техникалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық салаларда таратылып келе жатқан өзара таныстықтардан келіп шығатын пайданы қолдануға тырысады.
Адам құқықтарын құрметтеу қағидасы. Осы қағиданың мазмұнына сәйкес, мемлекеттер азаматтық және саяси ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық құқықтарды да сақтауды өздеріне міндет етіп жүктейді. Сөйтіп, тәуелсіздікке тән дербес теңдік және құқықтарды құрметтеу қағидаларын орындай отырып, мемлекеттер бір-бірінің өздерінің саяси әлеуметтік, экономикалық және мәдени жүйелерін еркін таңдау және дамыту құқықтарын құрметтеуге міндеттейді.
Осы заманғы халықаралық қатынастарда, баяғы қалпынша адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын апартеид, геноцид, нәсілшілдік сипаттарында дөрекі және жаппай бұзу әлі де орын алып келеді.
Халықаралық мндеттемелерді адал орындау қағидасы.
Халықаралық құқықта ертеден-ақ, шарттар орындалуы тиіс – pucta sunt servanda – деген қағида бар. Ол кейін БҰҰ Жарғысының Кіріспесінде көрініс тапты. Онда БҰҰ мүшелерінің «халықаралық құқықтың шарттарынан және басқа да қайнар көздерінен туындайтын міндеттемелердің әділдігі мен құрметтелуінің сақталуына шарт-жағдайлар қалыптастыруға» бел байлағандары атап көрсетілген. БҰҰ Жарғысының 2-бабының 2-тармағына сәйкес, барлық мүше мемлекеттер Жарғы бойынша қабылданған халықаралық міндеттемелерді адал орындауға міндетті. Мемлекеттер өздерінің ішкі құқықтарына қарамастан, шарттың мақсаты, мазмұны, мерзімі және орындалу орны бойынша өздерінің міндеттемелерін адал орындаулары тиіс.
Кейінгі жылдарда мемлекеттер арасында жасалып жатқан шарттар мен келісімдер адамзатты жаңа дүниежүзілік соғыс қаупінен арашалауға бағытталған. Олар мемлекеттер арасындағы түрлі ынтымақтастық жүйесін қалыптастыруды мақсат тұтады. Сондықтан шарттық ережелердің орындалуы халықаралық бірлестіктегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа халықаралық келісімдерге қол қойылуының кепілі бола алады.
Бақылау сұрақтары:
-
Халықаралық құқықтың негізгі қағидалар атап беріңіз.
-
1970 жылғы БҰҰ - ның халықаралық құқық қағидалары туралы деклорациясы маңызын айтып беріңіз.
-
Күш қолданбау және қорқытпау қағидасы, осы қағиданың қалыптасуын айтып беріңіз.
-
Шекаралардың мызғымастығы қағидасы мәнін ашып беріңіз.
-
Мемлекеттердің дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы, оның мазмұны және оны қолдану әдістері көрсетіп беріңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |