Зерттеу нысанасы – адамның әлеуметтік субъект ретіндегі объективті және теориялық қызметінің бөлігі. Зерттеу пәні анық бір мақсатпен белгілі жағдайдағы зерттеу үдерісінде нысананың адамға қатысты жанама қасиеттерінің жиынтығы мен нысананың байланысын зерттеу нысанасының элементі болып табылады. Соңғы нәтижеге жету жолдары зерттеудің негізгі пәніне жататын нақты пайда күтілетін, жорамалдап айтылған нұсқаулардан тұрады.
Тақырып нақтыланып құрылымданған соң, зерттеу нысанасын таңдау кезегі келеді. Нысанаға педагогикалық үдеріс, педагогикалық болмыстың бір саласы немесе қайшылықтарымен көрінген қандай да педагогикалық қатынас алынуы мүмкін. Танымдық үдеріс баспалдағының бірі – нысананы белгілеу. Зерттеу пәні – нысана бөлшегі, бір тарапты, яғни бұл түбегейлі зерттеуді қажет еткен нысананың теориялық не практикалық тұрғыдан өте маңызды сапа–қасиеттері, қырлары мен сырлары.
Педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізудің маңызды шарты – оның нысанасы мен пәнін белгілеп алу, өйткені бұл оның өмірде жасалуының көрсеткіші, зерттеушінің нысананың мәнін терең зерттеуі мен зерттеу үдерісінде алға жылжуының деңгейі. Көбінесе ізденушілер зерттеу нысанасын оның базасымен немесе барлық элементі бұл жұмыста зерттеуді қажет етпейтін айтарлықтай кең саламен ауыстырып алып жатады.
Көптеген ғалымдардың пікірінше (В.В.Краевский, С.Я.Виленский), зерттеудің нысанасы мен пәнін тұжырымдау ғылыми аппараты мен логикасы белгілі бір жүйеге сәйкес іске асырылады. Зерттеудің нысанасын айқындау ғылымға педагогикалық шындықтың түрлілігін ескеруге, нақты соңғы нәтижеге бағытталуға, нысананың негізгі қырларын бөліп алуға, бірден дұрыс бағыт алуға көмектеседі. Бұл - зерттеудегі өте маңызды қадам, өйткені күш-қуатты үнемдеуге, өз ғылыми-зерттеу қызметінің өзекті сәттеріне ой-өрісін шоғырландыруға мүмкіндік туады. Сонда нысана зерттеуге қажетті ақпаратты іздеу көзі, ғылыми ізденіс өрісі ретінде қызмет атқарады.
Зерттеу объектісі – іздену аймағы. Мұндай объектілерге педагогикалық жүйе, құбылыс, үдеріс (тәрбиелеу, білім беру, даму, жеке тұлғаны қалыптастыру, ұжым) жатады. Зерттеу пәні – зерттеліп отырған құбылыстың таралу үдерісі, элементі, байланысы, қатынастардың жиынтығы. Нысан мен пәнді анықтауда педагогикалық-психологиялық зерттеулерде қиындықтар жиі туады. Зерттеу объектісін анықтау дегеніміз – зерттеуде ненің қарастырылып жатқанын білу. Дегенмен, объекті туралы жаңа білімді барлық қырлары және көріністері тұрғысынан алу мүмкін емес, сондықтан, зерттеудің пәнін анықтау қажет, яғни объектінің қалай қарастырылып, ондағы қандай қатынастардың болатынын оның қандай қасиеттер, қырлар, қызметтерді ашып көрсететінін белгілеу болып есептеледі.
Пән – нысанадан кесіп алынған бөлік емес, ол қарастырудың тәсілі немесе аспектісі, мысалы, «оқулық», «ғылыми негіздеме», «тұлғалық тәжірибе қалыптастыру» және т. б. Объектіні барлығы иемденеді, ал пән зерттеушінің жеке иелігінде, оның объектіні өзіндік көре білуі маңызды. Ол мақсатты түрде зерттеу пәнін қарастырады, объектінің жаңа білім алуға қажетті бөлігін бөліп қарастырады. Зерттеушінің, оның балаларының, немерелері мен шөберелерінің бүкіл өмірі, мысалы, мектеп оқулығы туралы жаңа білім алуға жетпеген болар еді. Өйткені оқулық туралы толық жаңа білім, яғни оқулықтың мүмкін болатын қызметтері оның әдістемелік, дидактикалық, тәрбиелік, эстетикалық, психологиялық, полиграфиялық, экономикалық, гигиеналық, және т. б. барлық қырларынан қарастырылуы мүмкін емес. Тағы бұны барлық пәндерге және оқудың барлық жолдарына қатысты қарастыру қажет. Мұндай жұмысқа бір адамның күші жетпейді. Тіпті оған үлкен ғылыми ұжым да үлгермейді, себебі ол шексіз. Пәнді анықтай отырып, біз соңғы нәтижеге (осы кезеңдегі) жетуге мүмкіндік аламыз.
Осындай жұмыстың бірінде мектеп оқулығы студенттер білімін жүйелеу құралы, екінші бір жұмыста студенттерінің ақыл-ойының даму құралы есебінде қарастырылады. Сонымен, кез келген оқулық туралы барлық білімдер пәннің айналасына топтастырылады, нысананы пәнде көрсетілген қырынан ғана қарастырады. Зерттеу пәнін жазып көрсету – нысананың ғылымдағы бар сипаттамасы мен міндеттерді есепке алудың нәтижесі ретінде көрініс табады.
Зерттеудің нысаны мен пәнін анықтаудағы келесі қадам – оның ғылыми аппаратының кез келген құрамдас бөлігін түсіну арқылы алынатын ғылыми білімге қатынасын айқындау, мұнда пән жаңа білім алынуға тиісті зерттеу нысанының аспектісін көрсететінін естен шығармау керек. Зерттеу нысаны мен пәнін әдіснамалық рефлексия тұрғысынан қарайтын болсақ, зерттеу нысанын айқындай отырып, не қарастырылады? деген сұраққа жауап беру қажет. Ал пән қарастырылатын аспектіні білдіреді, нысанның қалай зерттелетіні, оның қандай қасиеттері, қызметі мен қандай қатынастары зерделенетіні туралы түсінік береді. Пәннің дәл анықтамасы ізденушіге нысана туралы барлық жаңалықты қамтуға мүмкіндік береді.
Ғалымдардың пайымдауынша, зерттеу пәнінің анықтамасы ғылымда бар нысананың эмпирикалық сипаттамасы, басқа да зерттеу сипаттамалары туралы барлық мүмкіндіктерді, міндеттерді ескерудің нәтижесі деген сөз. Мысалы, оқыту барысында оқу материалын өзгерту нысанасының пәні: мектеп оқулығының мазмұнын құрайтын оқу материалын дидактикалық тиімділік тұрғысынан өзгерту тұғырлары. Нысана бұл жерде: оқу материалын түгелдей өзгерту емес, өзгерту тұғырымен шектеледі; кез келген оқу материалын емес, оқулықтың мазмұнының құрамдас бөліктерін; белгілі бір тәсілмен, белгілі бір шеңберде өзгерту туралы.
Әдіснамашылардың зерттеу нысаны мен пәнін анықтау туралы ғылыми жұмыстарының нәтижелерін түйіндей отырып, ғылыми аппараттың осындай құрамдас бөліктерін тұжырымдауда кандай қиындықтар мен қателіктерге кезігетінін анықтадық, педагогикалық зерттеу пәні мен нысанының әдіснамалық сипаттамасы туралы бағдар-талаптар белгіледік.
Ізденушіге төмендегілерді есте ұстау қажет:
–нысана шексіз кең түрде емес, объективті шынайылық шеңберінде аталуы тиіс;
–нысана кұрамына маңызды элемент ретінде пән кіруі тиіс, ол нысананың басқа құрамдас бөліктерімен тікелей байланыста болуы керек;
–нысана белгілі бір білімдер жүйесі арқылы көрінетін педагогикалық шынайылықты сипаттауы керек. Сондықтан нысанады анықтағанда оны белгілі бір ғылыми ұстаным тұрғысынан бағалау қажет. Нысананы бұлайша түсіну педагогикалық тұжырымдамаларды дұрыс түсінуге, уақыт талабына сай үдемелілік жақтарды көре білуге көмектеседі;
–зерттеу нысанасын анықтау – мәнді де мазмұнды ғылыми әрекет, ол зерттеушіні пәннің ғылымдағы орны мен қызметін анықтауға бағыттайды;
–зерттеу пәні – нысананың бір жағы, бөлігі ғана емес, сол арқылы нысан көрінетін, «есік» болуы тиіс;
–зерттеу пәнін анықтай отырып, зерттеуші сол саты арқылы соңғы нәтижеге келуге мүмкіндік алады;
–нысана мен пәннің өзара қатынасын былайша сипаттауға болады: нысана объективті, ал пән субъективті;
–пән – нысананың үлгісі (моделі);
–пәннің анықтамасы егер жұмыс белгіленген пәнге сәйкес анықталса, зерттеуші тарапынан белгіленген анықтамаға сәйкес аяқталған зерттеудің толықтығы туралы шағымды болдырмайды;
–зерттеудің нысаны мен пәнін анықтау зерттеушінің оның мәніне терең бойлауы мен зерттеу үдерісінде алға жылжуының көрсеткіші болып қызмет етеді;
–нысана педагогикалық шынайлықты сипаттайды, белгілі білім жүйесіндегі көрінісі арқылы берілген;
–зерттеу пәні нысанаға қарағанда тар ұғым. Ол нысананың бір бөлігі, бір жағы элементі болып табылады;
Нысана туралы білімнің даму сипатына қарай бұдан кейін таным пәніне айналатын оның жаңа қырлары ашылады. Зерттеу нысанасы мен пәнін тұжырымдаудағы қиындықтар:
–кейде жекелеген зерттеудің нысанасы өзінің ауқымы жағынан бүкіл педагогиканың зерттеу нысанасымен сәйкес келіп жатады: ЖОО-ғы педагогикалық үдеріс; оқушыларды педагогикалық мекемелерде тәрбиелеу саласы; педагогикалық таным әдістері;
–кейде зерттеу нысанасы мен пәні арасында алшақтық байқалады. Олар әр түрлі ғылым саласына қарай бөлініп, жұмыстың біртұтастығы мен танымдық сипатына, баяндаудың қисыны мен алынған білімнің жүйелілігіне нұқсан келеді.
Кейде автор пәннің анықтамасына оның әдіснамалық сипаттамасын береді.
Енді біз ғылыми жұмыстың келесі кезеңін, яғни мақсатын қарастырамыз.
Зерттеудің мақсаты белгілі тетігі түрлі әрекеттің жүйесі ретінде көрініс табады «мақсаты – құралы – нәтижесі». Мақсат – сезінілген бейне, пайдалы нәтиже, ол міндетті түрде саналы қызмет негізінде орындалуы тиіс. Мақсатқа жетушілік – адам әрекетінің маңызды қасиеті. Мақсатқа жетуден бұрын, адам өзіне болашақта қажет ойша бейнені жасайды, шынайылықтан ойша алдыға шығады. Педагогикалық мақсат – педагогикалық шынайылықтың көрінісі мен нақты үдерістер жаңаруының әлеуетті резервтері мен білім беру идеалын қатар қою негізінде құралған болжам жасау нәтижесі (яғни, дамыған еркін шығармашылық сипаттағы сау-саламат адамның мұраты туралы әңгіме болып отыр). Сөйтіп, зерттеудің тақырыбынан оның мақсатына қойылатын талаптар туындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |