46. Алашшыл әдеби сын.
Алашшыл әдеби сын десе еске түсетіні-Әлизан Бөкейхан,себебі қазақ сынының негізін салушы ретінде Әлихан Бөкейханды айтуға болады.Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалалары туралы ойлағанымызда,біздің көзімізге ең алдымен шалынатыны – Әлиханның “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” мақаласы. Мақала Ташкент қаласы , “Туркестанские ведомости” газетінің 1899 жылғы нөмерлеріне “Туземец” деген Әлиханның әдеби бүркеншік есімі арқылы “Женщина по киргизской былине “Кобыланды” деген атаумен орыс тілінде жарық көрген.Автордың айтқысы келген негізгі ойы, жырдағы әйелдер бейнесі арқылы сол дәуірдегі қазақ халқының бойындағы ісләм мен ескіден келе жатқан «тәңіршілдік» белгілерді салыстыра отырып, ісләм дінін қабылдаса да, «тәңіршілдіктен» арыла алмай келе жатқан қазақ халқының діни сеніміне талдау жасауды мақсат етеді.Автор “Қобыланды” жыры арқылы қазақ халқының бойындағы “тәңіршілдік” пен ісләм діні қатар өмір сүріп жатқан кезде “тәңіршіл” қазақ әйелінің мұсылманға қалай айналғанын және “мұсылман қазақтың” “тәңіршіл” әйелге деген көзқарасын талдайды.
Кейбір әдебиет зерттеушілері, Абай ақындығы туралы жазған А.Байтұрсынұлының “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласы қазақ әдеби сынының бастауында тұр. Сондықтан да қазақ әдеби сынының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы, - деп есептейді. Екі автордың да әдеби-сын мақалаларының баспа бетінде жарық көрген уақыты бойынша сараласақ: Әлихан Бөкейханның “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” мақаласы 1899 жылы “Туркестанские ведомости” газетінің 9,20,05.-03,06 шыққан сандарында жарық көрген.
Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалалар топтамасы негізінен 1913-1915 жылдары жазылған.Себебі, ХХ ғасыр басында, 1905-1907 жылдардағы Ресейде болған буржуазиялық революция дүмпуінің әсерінен туындаған қазақ даласындағы өмірдің түрлі салаларындағы өрлеу дәуірі, Қазақстандағы ұлт зиялыларының тарих сахнасына шығу кезеңімен тұспа-тұс келді. Олардың басым бөлігі Еуропаша білім алғандар еді. Олар Шығыстың ұлттық қозғалыстарының ғана емес, Батыстың буржуазиялық революцияларының ықпалымен қатар, отаршыл мақсаттағы орыс самодержавиялық империясының үдей түскен қысымын өз халқымен бірге көре отырып, ұлттық санасы өсе бастаған қазақ халқының ұлт болып ұйысу дәуірі басталғанын терең түсінді. Қай кезеңде де, қоғам өмірінің айнасы болған әдебиет-ұлттық бірлікке ұйыса бастаған кез-келген халық үшін ауадай қажет дүние еді. Осы тарихи-диалектикалық шындықты қапысыз түсінген ұлт көсемі Ә.Бөкейхан,қоғам өмірінің ақиқатын әдебиет арқылы көрсете отырып, өз халқы – қазақ халқының санасын биік, ұлттық деңгейге көтергісі келген жанталас қимылы, оның әдеби-сын мақалаларынан айқын аңғарылады.
Ә.Бөкейханның “Қалқаман-Мамыр” атты әдеби-сын мақаласы (Қыр баласы. “Қазақ”,№121, 22 әпрел, 1915ж. Орынбор қаласы.) Автордың әдеби мақсатының бағыт-бағдарынан жан-жақты молынан хабар береді. “Бұл кітап 1912-інші жылы басылған. Мұны шығарған “Қазақ һәм хандар” шежіресін жазған Шәкәрім”, - деп басталатын мақаласында Әлихан оқырман қауымға Шәкәрімді тереңінен таныстыра отырып: “Қалқаман-Мамыр” туралы біраз сөз жазайын, бұл кітапты оқушыларға жаю үшін”, - деп мақала жазудағы өз мақсатын оқушы алдына ашық жайып салады.Әлихан: “Қалқаман-Мамыр”-да бұрынғы қазақ жұртының салты, қазақ мінезі, қазақтың іс-қылығы әлгі орыс өлеңдеріне қарағанда тіпті аз. Шәкәрім жақыннан қайырып ойдағыдай толымды қылып жазбады”, - деп шығармадағы халық өмірінің шынайы көріністері бейнеленбегенін сынайды. Кейіпкерлер өз бейнесіне сай заманының шындық суретін беретін сөздер арқылы сөйлемейді дей келіп,өмірдің шынайы шындығын суреттемегені үшін Шәкәрімді қатты сынайды.
Әлихан әдебиет туралы жазған мақалалар топтамасында қазақ әдебиетіндегі екі-ақ романға тоқталған. Оның бірі М.Дулатұлының “Бақытсыз Жамалы” болса, екіншісі, Ж.Аймауытұлының “Қартқожа” романы.»
Ә.Бөкейхан “Қартқожа” романында суреттелетін оқиғалар мен оқиғалар уақытына тоқтала келіп, әр бөлімге қойылған тақырыпты, автордың өзіне тән тәсілі деп бағалап, автордың дәл осы тәсілін орыс жазушысы Достоевскиймен салыстырады. “Қартқожа” романындағы тараулардың тақырыптарын Достоевский шығармаларындағы тақырыптармен сырттай салыстырғаны болмаса, мақала авторы бұл екі жазушының шығармаларын бірге саралауды мақсат етпеген. Өкініштісі сол: уақыт тығыздығын алға тартқан мақала авторы Жүсіпбектің “Қартқожа” романын әдеби-сын тұрғысынан жан-жақты толық етіп талдамайды. Шағын мақаланың өзінен-ақ Әлиханның әдебиетті сыни тұрғыдан түсінудегі нәзік түйсігі мен терең білімі оқушы көзіне айқын көрініп, анық сезіледі.
“Ән, өлең һәм оның құралы” мақаласын өнер зерттеушісі ретінде, өнердің, оның ішінде әннің, яғни музыканың адам жанына әсері туралы жазады.Автор ән мен музыканың халық тарихындағы алатын орнына тоқталады. Музыканың, жалпы өнер атаулының адам өміріндегі орны мен қызметі туралы Гете, Шопенгауер, Бетховен секілді ұлы ойшыл ақындар мен композиторлардың пікірлерін мысалға келтіре отырып: “Ән-өлең, күй адамның анық тілі, шын тілі, көпке бірге ұғымды тіл-бұл тіл жанға хас жүрек тілі, сезім тілі, күй тіл: неше түрлі рахат тартқан адам жаны осы тілмен сөйлейді. … қуаныш-шаттық рахатын сыртқа білгізеді, адам мехнатын, ауыр ісін жеңілейтеді, қайғы-хафасын шығарады, мауқын басады. Сол себептен ән-өлең адамның еніп қараңғы жер астына кіргенге шейін айырылмас досы, жолдасы ”деген ой қорытындысын жасайды.
Ең өкініштісі сол, түрлі себептерге байланысты болар ,Ә.Бөкейхан әдеби сынмен кәсіби тұрғыда айналысқан жоқ. Олай дейтін себебіміз, Ол өзінің “Роман бәйгесі” мақаласында : “Әр шебер өз орнында іс атқарса, іс орнына келеді.Шаһкерім, Ахмед, Мир Якуп жеріме түсті демесе, мен сыншы фарызын өткеруге құл болдым.”, - деп жазады.
Достарыңызбен бөлісу: |