5 хаттама «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саясаты



Дата09.06.2016
өлшемі189.42 Kb.
#124785
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің

2011 жылғы 13 қыркүйектегі шешімімен бекітілген

5 хаттама



«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саясаты


  1. Жалпы ережелер

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Компания) бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсіне отырып, өз қызметінен Қазақстан Республикасының халқына мейлінше жоғарғы пайдаларды қамтамасыз ету мақсатында Компания қызметкерлерінің, Компания қызметінің өңірлеріндегі халықтың және тұтас алғанда қоғамның өміріне әлеуметтік жауапты қатысу жөнінде ерікті міндеттеме алады.

Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік дегеніміз Қазақстан Республикасының халқына мейлінше жоғарғы пайдаларды қамтамасыз ету жөніндегі ғана емес, Акционер, тұтынушылар және тұтас алғанда қоғам үшін құндылықтар құру жөніндегі өзіне ерікті қабылдаған міндеттемелерді орындау.

Компания әлеуметтік жауапкершілік рөлін Компания қызметімен тікелей байланысты және Компанияның мүмкіндіктеріне сәйкес қоғамның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы дамуына бизнестің ерікті үлесі ретінде көреді.

Компания Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саясатын қабылдай отырып, өзіне ерікті қабылдаған міндеттемелер:



  • Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған міндеттемелерге қосымша болып табылатындығын;

  • Компанияның қызметкерлеріне, жұмыс істемейтін зейнеткерлеріне, коммерциялық серіктестеріне де, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қауымдастыққа арналғандығын;

  • Компания мен оның қызметкерлері арасында жасалған еңбек шарттарының қолданысының күшін жоймайтындығын және өзімен айырбастамайтындығын;

  • Компания акционерінің және бизнес жөніндегі серіктестерінің тұлғасы алдында расталатын коммерциялық есепке негізделгенін;

  • нарыққа қатысушылардың ынтымақтастық бастамашыл іс-қимылдары мен мемлекетпен және қоғаммен серіктестік өзара қарым-қатынасқа есептелгенін;

  • Компанияның өндірістік қаржылық көрсеткіштері мен Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін ескере отырып мерзімді қайта қарастырылатындығын растайды.

Компания әлеуметтік аспектінің іскерлік бедел үшін үлкен мәнге ие болып келе жатқандығын, бұл үрдістің әлемде тарауын қолдайды және:

бизнестің іскерлік беделін көтеруге, Компанияны капиталдандыруға, барлық мүдделі тараптармен – мемлекетпен, жалғыз акционермен, тұтынушылармен, персоналмен, серіктестермен тиімді және үйлестірілген қарым-қатынас орнатуға;

бизнес-процесте пайда болатын өндірістік емес тәуекелдерді тиімді басқаруға;

қоғамды дамыту арқылы бизнестің үдемелі дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрал-саймандардың бірі болып табылатындығына сенім білдіреді.

Компания оның символикасы мен тауарлық белгілері бұқарада әлеуметтік-жауапты мінез-құлықпен және нақты бастамалармен, жобалармен ассоцациялануына ұмтылады.

Компания осы Саясат ережелерінің еншілес ұйымдарға таралуына ұмтылады.




  1. Әлеуметтік жауапкершілік қағидаттары.

Компания қазіргі заманғы әлемде қоғам мен мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапты мінез-құлық, соңғы нәтижесінде Компанияның тұрақты дамуына ықпал ететіндігі фактісін мойындайды. Осыған байланысты:



  • Компанияның әлеуметтік жауапкершілігі Компания іске асыратын және қаржыландыратын, Компанияның Басқармасы бекітетін әлеуметтік бағдарламалар түрінде нысанданатындығын;

  • Компания өзінің әлеуметтік қызметінде әлеуметтік сипаттағы басым мемлекетттік және салалық бағдарламаларды, халықаралық және қоғамдық маңызды республикалық акцияларға белсенді қатысатындығын нақты анықтау қажет.

  1. Халықаралық корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бастамаларына қатысу.

Компания Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамашы болған Ғаламдық шартқа қосылды. Ғаламдық шарт мойындалған құндылықтарға негізделген БҰҰ-ның барлық деңгейдегі бизнеспен ынтымақтастығы үшін негіз болып табылады. Ғаламдық шарт іскерлік ортаны өз қызметінде адам құқықтарын, еңбек қатынастары және қоршаған ортаны қорғау нормаларын сақтау саласында он негіз қалаушы қағидаттарды басшылыққа алуға шақырады. Компания өзіне келесі қағидаттарды орындауға алады:

Адам құқықтарын сақтау саласында:

халықаралық қауымдастық жариялаған адам құқықтарының сақталуына қолдау көрсету және сыйлау;

адам құқықтарының бұзылуына өзінің қатысы жоқтығын қамтамасыз ету.

Еңбек қатынастары саласында:

қауымдастық еркіндігін қолдау және іс жүзінде ұжымдық шарттарды жасау құқығын мойындау;

мәжбүрлі еңбектің барлық нысандарының жойылуын талап ету;

балалар еңбегінің толық жойылуын талап ету;

еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушіліктің жойылуын талап ету.

Қоршаған ортаны қорғау саласында:

қоршаған ортаға жағымсыз әсерлердің алдын алуға ықпал ету;

қоршаған ортаның жағдайы үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған бастамалар қабылдауға;

экологияялық таза технологиялардың дамуы мен таралуына ықпал ету.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру саласында:

бопсалаушылық пен парақорлықты қоса алғанда сыбайлас жемқорлықтың барлық нысандарына қарсы тұру.

Бұл ретте Компания азаматтық және әлеуметтік жауапкершіліктің жоғарғы үлгісін көрсетуге, халықаралық ұйымдармен серіктестік қатынастарды дамытуға ұмтылады.



  1. Мөлдірлік.

Компания өз қызметінің нәтижелеріне тиісті ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында, Компанияның web-сайтында орналастыру жолымен қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, ниеттері мен іс-қимылында ашықтық пен мөлдірлік саясатын ұстанады.

Мұндай саясат алға қойған мақсаттарға қол жеткізу жолындағы кедергілерді барынша тиімді жоюға мүмкіндік береді, сондай-ақ тұтас алғанда Компания қызметіне сенімдікөзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.



  1. Бастамашылық.

Компанияның қызметі қоғамда жүріп жатқан қандай да бір оқиғаларға реакцияның нәтижесі ғана болып табылмайды, сондай-ақ қоғамның даму деңгейіндегі өзгерістерді, оның үздік әлемдік стандарттарға жақындауына ықпал ете отырып, басқару жөніндегі белсенді позицияға бағытталған.

  1. Экономикалық тиімділік.

Компания жүзеге асырып жатқан іс-шаралар күтілетін және болжамды қайтарымы бар әлеуметтік инвестициялар болып табылады. Әлеуметтік инвестициялар Компанияның стратегиялық, мақсатты бағытталған ұзақ мерзімді саясатын білдіреді.Бұл ретте бағдарламалар мен іс-шаралардан әлеуметтік табыс табу қоғамның экономикалық және мәдение өміріндегі сапалы өзгерістерді білдіреді.

Сонымен қатар, Компания әдеуметтік шығындардың тұрақты мониторингі мен талдауын жүргізеді, олардың тиімділігін бағалайды және Компанияның әлеуметтік қызметіне салынған қаражаттар мен бағыттардың тиімділігі мен жеткіліктілігін қабалау жүйесінің көмегімен осы салаға енгізілетін өзгерістердің салдарларын болжайды.

Тиімділікті бағалау жүйесі:

ұжымдық шарттар бойынша қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен жеткіліктілігін бағалаудан;

корпоративтік бағдарламалар бойынша қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен жеткіліктілігін бағалаудан;

халықпен өзара қарым-қатынастардағы қызметтің тиімділігі мен жеткіліктілігін бағалаудан;

Компанияны капиталдандыруды көтерудің әлеуметтік салаға салынған қаражатқа тәуелділігін анықтаудан тұруы тиіс.


  1. Компанияның қызметкерлеріне, мүгедектері мен жұмыс істемейтін зейнеткерлеріне корпоративтік әлеуметтік кепілдіктер.




  1. Еңбек, жұмыспен қамту және өндірістік қарым-қатынастар мәселелерін әлеуметтік-жауапты реттеу.

5.1. Еңбекке ақы төлеу және уәждеме саясаты.

Қызметкерлермен қарым-қатынаста еңбекке ақы төлеу және уәждеме саясатының негіз қалаушы сипатын ескере отырып, Компания оны келесі қағидаттарда құратын болады:

Компания қызметкерлері үшін қолданылатын еңбекке ақы төлеу стандарттары мен механизмдеріндегі еңбекке ақы төлеу және уәждеме саясатының бірлігі;

Компанияда қызметкерлердің барлық кәсіби-біліктілік топтары үшін еңбекке ақы төлеудің ең төменгі кепілдендірілген деңгейін заңнамамен белгіленген еңбекке ақы төлеудің ең төменгі деңгейінен төмен емес белгілеу;

еңбекақының инфляция деңгейін ескере отырып өзгертілуі;

еңбекақының әділ және бәсекеге қабілетті деңгейін белгілеу мен қолдау;

қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу мен уәждеме жүйесінің объективтілігі және оның республикалық деңгейде бәсекеге қабілеттілігі;

қызметкердің жеке еңбек үлесін неғұрлым толық есепке алу мақсатында сыйлықақы төлеудің икемді жүйелерін қолдану.

5.2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау.

Барлық бөлімшелерде қауіпсіздікті, еңбекті және қоршаған ортаны қорғауды әлемнің алдыңғы қатарлы компанияларының дейгейінде қамтамасыз ету мақсатында Компания келесі шараларды қабылдайды:

өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты қызметкердің өмірі мен денсаулығын сақтаудың басымдылығы қағидатының сақталуы;

Компания үшін жұмыстар жүргізуші мердігерлердің Компанияда қарастырылғандардан төмен емес өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қағидаттар мен нормалардың сақтауына бақылау жасау;

бұқараны қоса алғанда, барлық мүдделі тараптармен ашық диалогты қолдау, бұқаралық ақпарат құралдарында, Компанияның web-сайтында Компанияның табиғат қорғау қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты тұрақты орналастыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін қолайлы мүмкіндіктер тудыру.


  1. Қызметкерлердің және олардың отбасыларының еңбек, өмір жағдайлары.

6.1. Еңбектің базалық жағдайлары.

Компания Компаниядағы барлық жұмыс орындары үшін қауіпсіз және эргономикалық ұйымдастыру мен санитарлық-гигиеналық жағдайды қамтамасыз етуге ұмтылады.

6.2. Денсаулықты қорғау.

Әрбір қызметкердің дене және психологиялық денсаулығын сақтау мен нығайту үшін Компания келесі жұмысты жүргізеді:

Компанияда қызметкерлердің ауыру, мүгедектікке шығу және қайтыс болуын жою жөніндегі шараларды әзірлеу мақсатында олардың себептерін есепке алуды және талдауды ұйымдастырады;

еңбекті ұйымдастырудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Компания қызметкерлерінің еңбек жағдайларына мониторинг жүргізеді;

жүкті әйелдердің, бала емізетін аналардың, көп балалы аналардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.

6.3. Тұрғын үй саясаты және кредиттеу саясаты.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасының өткірлігін және оны толықтай жұмыс берушінің қаражаттары есебінен шешудің экономикалық тиімсіздігін ескере отырып, Компания тұрғын үй саясатын:

Компания қызметкерлеріне тұрғын үйді жеңілдік жағдайларында беру мен сатуға;

жалгерлік тұрғын үй беруге;

кейіннен сатып алу мүмкіндігімен қызметтік тұрғын үй беруге негіздеп құратын болады.

6.4. Корпоративтік әлеуметтік қамтамасыз ету және сақтандыру.

Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік жүйелеріне қатысу және барлық қызметкерлерді міндетті әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін сақтай отырып, Компания ерікті медициналық сақтандыру нысанында қосымша корпоративтік әлеуметтік сақтандыру мен әлеуметтік қамтамасыз етуді қолдайды.

Корпоративтік жүйе аясындағы жеке сақтандырудың, оларды қаржыландыру жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын өндірістегі жазатайым оқиғалардан басқа, барлық түрлері қызметкердің оларды қаржыландыруға үлестік қатысуы кезінде жүргізілуі мүмкін.

6.5. Сауықтыру, спорт, дене шынықтыру және демалысты ұйымдастыру.

Салауатты өмір салтын дамыту мен қолдауға ықпал ете отырып, Компания:

қызметкерлер мен олардың отбасылары мүшелерін сауықтыру және дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту жөніндегі кешенді іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;

корпоративтік бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланумен қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын жүйелі насихаттау мен профилактикалық медициналық іс-шараларды жүргізеді.

6.6. Еңбек және отбасылық міндеттерді үйлесімді байланыстыру.

Адам өмірі үшін еңбек және отбасылық міндеттерді үйлестірудің маңызын мойындай отырып және өзінің практикасында халықаралық конвенциялар нормалары мен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы нормаларын қолдана отырып Компания өзіне ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалыстарын, олар қызметкердің қалауы бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін, сондай-ақ отбасылық жағдайларға байланысты еңбекақысы сақталмайтын демалыстар беру жөнінде міндеттемелер алады.

6.7. Жастар саясатының қағидаттары:

Компанияның тұрақты дамуының әлеуеті білікті және құзыретті жас мамандарға тәуелді екендігін ескере отырып жастар саясаты келесі негізгі қағидаттарға негізделеді:

жас қызметкерлердің кәсіби өсуіне, кәсіби көшбасшылық қасиеттерінің, белсенді өмірлік позицияларының және өндірістік бастамаларының қалыптасуы мен дамуына көмек көрсету;

Компанияның жастарына Компанияның еңбек нарығындағы бәсекелестігін қамтамасыз ететін экономикалық негізделген, үйлестірілген әлеуметтік және материалдық қолдау көрсету;

Компанияның нақты қажеттіліктері мен оның экономикалық мүмкіндіктерін ескеретін кәсіби бағдарлану, оқыту және кәсіби өсу жүйелерін жетілдіру;

жас қызметкерлердің Компанияның корпоративтік ортасына бейімделуі мен орнығуы;

жас мамандар мен басшылардың белсенді қатысуымен Компанияның даму қарқындарын сақтау мен өсіру, технологияны жетілдіру мен өндірісті жаңғырту;

Компанияның тиімді дамуының негізгі көзі – персоналды толықтыруда тиімді теңгерімге қол жеткізу;

жастар саясатын іске асыру нәтижесінде алынған Компанияның бәсекелестік басымдықтарын белсенді қолдану.

Компания сондай-ақ:

Компанияның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мектептердің дарында түлектерін темір жол бейініндегі мамандықтар бойынша Қазақстан Республикасының, жақын және алыс шетелдердің жоғарғы оқу орындарында оқытуға;

жас мамандарды тарту мақсатында кадрларды алмастыру және кадрлық резерв бағдарламасын жасауға;

тәлімгерлік мектептерін қайта дамытуға ықпал етуге бағытталған саясатты тұрақты жүргізеді.

6.8. Жұмыс істемейтін зейнеткерлер мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау.

Компания өзіне Компаниядағы жұмыс істеген уақытында мүгедектік алған және еңбек қызметін тастаған мүгедектерді, сондай-ақ Компанияның зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған міндеттемелерге қосымша міндеттемелер алады:

темір жол көлігінде 10 (он) жылдан кем емес жұмыс стажы бар жұмыс істемейтін зейнеткерлерге жыл сайын бір реттік материалдық көмек көрсету;

жұмыс істемейтін зейнеткерлерге Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерйрамдарына және Байланыс және көлік қызметкерлері күніне, мерейтойларына орай, қайтыс болған жағдайда материалдық көмек төлеу;

қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды, сондай-ақ денсаулығының зақымдануынан туындаған емделуге, қосымша тамақтануға, дәрілер сатып алуға, протездеуге, бөтен адмның күтуміне, санаторлық-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға, басқа кәсіпке дайындауға және т.б., егер зардап шегуші көмек пен күтімнің осы түрлеріне мұқтаж екендігі және оларды тегін алмайтындығы дәлелденсе, шығындарды өтеу;

Компанияның жұмыс істемейтін зейнеткерлерін моральдық-психологиялық қолдау көрсету үшін Компания өткізетін мекерелік және салтанатты іс-шараларға шақыру.




  1. Компанияның қоғам өміріне әлеуметтік жауапты қатысуы.

Компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсіне отырып, Компания қызметінің өңірлеріндегі жергілікті халықтың да, сондай-ақ тұтас алғанда қоғамның өміріне әлеуметтік жауапты қатысу жөнінде ерікті міндеттеме алады.



  1. Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау.

Компания өзінің қоғам алдындағы қолайлы қоршаған ортаны сақтау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі жауапкершілігін түсінеді, сондай-ақ осы саладағы Компанияның алдында тұрған міндеттердің қиындығы мен ауқымдылығын қоғамның түсінетіндігіне сенеді, ол үшін:

Мерзімді хабардар етуді жүзеге асырады және Компанияның өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік саласындағы қызметіне мүдделі барлық тараптармен ашық диалогты қолдайды;

Жалғыз акционердің, серіктестердің және Компания қызметінің аудандарында тұратын халықтың денсаулық және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін түсінуін ынталандырады.


  1. Өңірлердің экономикасы.

Компания жергілікті бюджеттің салық төлеушісі бола отырып, осы өңірлер душар болатын әлеуметтік тәуекелдерді түсінеді.

  1. Ғылым және білім.

Компанияның бәсекеге қабілеттілігі жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеу, мамандардың кәсіби дайындығының сапасы үшін ғылыми-техникалық базаны дамытуға тәуелді екендігін түсіне отырып, Компания келесі жолмен ғылыми әлеуетті дамыту мен білім сапасын көтеруге көмек көрсетуге дайын:

Компания гранттарын беруге арнап өткізілетін конкурстардың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының бейінді жоғарғы және орта арнайы оқу орындарында оқуын төлеу;

оқу жоспарын табысты орындаған, темір жол бейініндегі мамандықтар бойынша оқып жатқан Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарының студенттеріне стипендиялар беру.


  1. Спорт және мәдениет.

Халық мәдениетінің және салауатты өмір салтының жалпы деңгейін дамытудың маңызын мойындай отырып, Компания шығармашыл тұлғалар мен ұжымдарды, спорттық командалар мен жекелеген спортшыларды, балалар мен жасөспірімдер спорты ұйымдарын қолдауды ынталандырады.

  1. Компанияның қайырымдылық және демеушілік қызметі.

Кез келген қоғамдағы қайырымдылық қызметінің ауыспас құндылықтарын мойындай отырып, Компания қайырымдылық және демеушілік көмек көрсету үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланады:

жеке тұлғаларға – ардагерлерге, мүгедектерге, жетім балаларға, өндірісте қайтыс болған Компания қызметкерлерінің отбасыларына, сондай-ақ табиғи зілзала нәтижесінде зардап шеккендерге;

заңды тұлғаларға білімді, ғылымды, денсаулық сақтауды, дене шынықтыру мен спортты, әлеуметтік маңызды объектілерді, ана мен баланы қорғауды, кедейшілікпен күресті қоса алғанда қоғамның мәдени және гуманитарлық салаларын қолдау мен дамыту мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, қоғамдық-маңызды және әлеуметтік іс-шараларды өткізу мақсатында;

қайырымдылық ұйымдарына.

Компания жетім балаларды қамқорлыққа алуды өзінің қайырымдылық қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде санайды.

Қайырымдылыққа арналған қаражат Компанияның күнтізбелік жылының аясында Компанияның бюджетіне салынады. Компания қызметкерлердің қайырымдылық және демеушілік қызметке ерікті негізде қатысуына рұқсат етеді.

Қайырымдылыққа арналған қаржылар күнтізбелік жыл шеңберінде Компания бюджетіне салынады. Компания қызметкерлердің қайырымдылық және демеушілік қызметке ерікті негізде қатысуына жол береді.
5. Әлеуметтік бастамалардың экономикалық негізі

Еркін бәсекелестікке қатысушы және тиімділікке ұмтылатын меншік иесі болғандықтан, Компания өзіне экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтайтын әлеуметтік және этикалық міндеттемелер қабылдайды әрі төменде баяндалған механизмдерді және экономикалық көздерді пайдалана отырып, оларды орындауға ниет білдіреді.

12. Әлеуметтік шығыстарға тұрақты бақылауды жүзеге асыру.

Компания әлеуметтік шығыстарға тұрақты бақылау жасау, олардың тиімділігін бағалау және олардың осы салада енгізілген өзгерістерінің салдарларына болжам жасау мақсатында Компания бірыңғай орталықтандырылған әлеуметтік шығыстарды есепке алу, талдау және мониторингтеу жүйесін қарастырады.

12.1. Денсаулықты қорғаудың корпоративтік жүйесінде медициналық қызметтердің тұтынылуына бақылау жасау.

Ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасының шеңберінде қызметкерлер мен зейнеткерлерге медициналық қызмет көрсетуге арналған шығыстардың тым өсіп кетуін болдырмау мақсатында, Компания:

медициналық сақтандыру компаниясы арқылы көрсетілетін медициналық көмектің сапасына, көлеміне және мерзіміне бақылауды жүзеге асырады;

қаржыландыру көлемін келісу кезінде медициналық сақтандыру компаниясынан Компанияның сақтандырылған қызметкерлерімен және зейнеткерлерімен тұтынылатын медициналық қызметтердің талдамасы бар есеп беруді талап етеді.

12.2. Компанияның қайырымдылық және демеушілік қызметіне бақылау жасау.

Компанияның қайырымдылық және демеушілік қызметіне бөлінетін қаржылардың пайдаланылуына бақылау жасау мақсатында, Компания келесі қағидаттарды ұстанады:

Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкестігі;

Компанияның даму стратегиясына сәйкестігі;

Шешімдерді қабылдаудың алқалылығы, жан-жақтылығы, мөлдірлігі және Компания бойынша көмек көрсету процесінің есептілігі;

Демеушілік көмектің жүйелілігі және сабақтастығы;

Халықтың әл-ауқаты төмен топтарын қолдаудың атаулылығы.

13. Әлеуметтік инфрақұрылымның мазмұнын оңтайландыру.

Негізгі өндіріске жатпайтын әлеуметтік инфрақұрылым табиғи монополия субъектісі болып табылатын коммерциялық ұйымның теңгерімінде тұруы мүмкін екенін Компания мойындайды, егер әлеуметтік инфрақұрылым объектілері Қазақстан Республикасының заңнамасымен рұқсат етілген тәртіпте өзге қызметті көрсетумен байланысты болса. Осыған байланысты Компанияның әлеуметтік-тұрмыстық және басқа өндірістік емес объектілерін күтіп-ұстау туралы мәселелерін шешу кезінде, Компания мынаған ұмтылады:

объектінің профиліне, персоналдың деңгейіне, жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсетуге, объектілерді күтіп ұстауға кепілдік берілген жағдайда, қолданыстағы немесе жаңадан салынған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жергілікті мемлекеттік органдардың теңгеріміне беруге ұмтылады;

осы жергілікті жерде жетіспейтін инфрақұрылымның, көрсетілетін қызметтер ассортиментінің орнын толтыратын әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін Компанияның теңгерімінде сақтауға немесе басқадай тәсілмен Компания қызметкерлері мүдделерінің, құқықтарының және қаржыларының қорғалуын арттыруға ұмтылады;

емдеу-сауықтыру мекемелері тарапынан Комппанияның қызметкерлері мен зейнеткерлеріне қызметтер көрсетуде басымдықты қамтамасыз етуге ұмтылады;

әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеуге, қайта құруға, салуға және күтіп ұстауға қатысуға ұмтылады.

14. Әлеуметтік қызметтер көрсету тиімділігін арттыру.

Компания өндірісті басқаруда қазіргі заманғы ағымға ілесе отырып және тұтынушының таңдау еркіндігін мойындай отырып, негізгі өндіріске жатпайтын әлеуметтік қызметтер көрсетуді және басқа қызметтер көрсетуді барынша азайтуға ұмтылады. Осындай мақсатпен Компания адал бәсеке негізінде тәуелсіз мердігерлерді және жеткізушілерді тарта отырып, персоналдың тұтынысын кең қолдануға ұмтылады.

Компания мынаны мойындайды, аутсорсинг:

Компанияның ішкі шығындарын азайтады;

көрсетілетін қызметтер рыногында қызметкерлер мүдделерінің, құқықтары мен қаржыларының қорғалу деңгейін сақтайды;

тұтынушы үшін таңдау еркіндігі мүмкіндігін сақтайды;

көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың жергілікті рыногының дамуына көмек көрсетеді;

адал бәсеке арқылы «баға-сапа» ара қатынасының жақсаруына көмек көрсетеді.

Компания аутсорсингті қолдану көрсетілетін қызметтер рыногы дамыған өңірлермен шектелгенін түсінеді, сондықтан Компания алыс аудандарда әлеуметтік қызметтер көрсетуді өз күшімен немесе қызметкерлердің корпоративтік әлеуметтік кепілдіктерге тең қол жетімділігін қалпына келтіру үшін инсорсинг өткізу арқылы сақтау керек екендігін түсінеді.

15. Бірлесіп қаржыландыру принциптерін іске асыру.

Әлеуметтік игіліктерді өндіру үшін қаржыландырудың әртүрлі көздерін біріктіру тең құқықты тараптардың диалогы үшін дұрыс негізді жасайтындығын Компания түсінеді.

Осыған байланысты Компания жергілікті және республикалық бюджеттермен көзделген әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларына қатысуды дамытады.

Компания қызмет жасайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық игілігі үшін және онда қолайлы іскерлік климатты құру үшін Компания өзінің орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен қарым-қатынасында әріптестік ынтымақтастыққа ұмтылады. Географиялық, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және басқа жағдайлардың санқырлылығын ескере отырып, Компания өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту барысында бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруға, мемлекетпен және жергілікті басқару органымен жауапкершілікті бөлісуге ұмтылады.

Осындай мақсаттармен Компания келесі мүмкіндіктерді пайдаланады:

Коммерциялық ұйымдармен бірлесіп, әлеуметтік бағдарламаларға қатысу;

Компанияның әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымына жергілікті халықтың қол жетімділігін беру.

16. Әлеуметтік жауапты инвестициялау.

Компания уақыт өте келе қоғаммен қатаң бағаланатын ең жоғары стандарттарға сәйкес келуге тырысады.

Бағалы қағаздарға және материалдық өндіріске инвестициялауды жүзеге асыра отырып, Компания бұл операцияның экономикалық мәнін бұзбай, этикалық және әлеуметтік аспектілерді ескеруге ұмтылады.

Компания өзі жүргізіп жатқан инвестициялар мыналарға қолғабыс жасауы керек:

Компания қатысып отырған өңірдің өндірістік-экономикалық базасының дамуына;

табиғи ортаның сақталуына;

еңбек құқығының іске асуына.

17. Мердігерлермен және жеткізушілермен әлеуметтік жауапты қатынастар.

Бизнес пен қоғам арасындағы қатынастардың замануи стандарттары Компаниядан жеткізушілердің және мердігерлердің әрекеті үшін жауапты талап ететінін сезіне отырып, Компания оларды таңдауға жауапты түрде келеді.

Компания дамытуға тиіс экономикалық өзара байланыстардың қазіргі заманғы масштабы Компаниядан есепке алудың, іріктеудің және мониторингтің арнайы жүйесін талап етеді. Бұл ретте Компания жеткізушілерді және мердігерлерді таңдау кезінде, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде келесі критерийлерге ерекше көңіл бөледі:

Халықаралық Еңбек Ұйымымен (ХЕҰ) қабылданған және Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінде қарастырылған еңбек саласындағы негізгі принциптер мен құқықтардың сақталуын;

Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау саласында тиімді саясатты жүргізу.
6. Қорытынды ережелер
Әлеуметтік жауапты іс-қимыл бойынша қабылданған міндеттемелердің тұрақтылығын және байыптылығын растау үшін Компания осы саясаттың сақталуы үшін ішкі бақылау механизмін іске қосады. Компания, сондай-ақ осы саясатты іске асыру туралы қоғамға ақпаратты тұрақты түрде беруге өзінің дайындығын растайды.

Компанияның бәсекелестік ортада әлеуметтік міндеттерді бір жақты қабылдауы мүмкін еместігін назарға ала отырып, Компания нарықтың басқа қатысушыларының ынтымақтастық позициясына және мемлекет тарапынан мүдделі ынтымақтастыққа сүйенеді.



________________________________

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет