5 в 020500 «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған



бет3/7
Дата27.06.2016
өлшемі0.51 Mb.
#161671
1   2   3   4   5   6   7

Атауыш сөздер – толық лексикалық мағынасы бар сөздер. Атауыш сөздер тілдегі сөздердің басым бөлігін құрап, сөйлемде қандай да бір ұғымды атау үшін жұмсалады. Семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері бойынша өз ішінен жеті сөз табына бөлінеді: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеу сөз.

Көмекші сөздер – түбір морфемасы бола тұра мүлдем лексикалық мағынасы жоқ, сөйлемде объективті өмірдегі ешбір затты, құбылысты, ешбір ұғымды атамайтын, кейде жеке өздері, кейде басқа морфемалармен бірлесіп, қандай да бір грамматикалық мағынаны білдіретін, яғни, сөз түрлендіруші тұлға қызметін атқаратын сөздер. Тілімізде көмекші сөздердің үш түрі бары айтылып жүр. Олар – шылау, көмекші есім, көмекші етістік. Бұлардың қатарына ертеректердегі оқулықтарда күшейткіш үстеу деп көрсетіліп келген, асырмалы шырайдың көрсеткіші болып табылатын өте, аса, тым, ең, т.б. с.с. көмекші сөздерді қосуға болады. Сонымен қатар оныншы сөз табы ретінде көрсетіліп жүрген, субъективті модаль мағынасын білдіру үшін күрделі баяндауыш құрамында кездесетін (мысалы, баруы мүмкін, айтуы тиіс, айтқаның жөн) модаль сөздер де сөзге грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық тұлға құрамында келетіндіктер көмекші сөздер қатарына жатады. Сөйтіп, көмекші сөздердің қатары беске дейін толығады.

Одағайлар – лексикалық мағынасы жоқ болғандықтан атауыш сөздер қатарына да жатпайтын, белгілі бір сөзге грамматикалық мағына үстемейтіндіктен көмекші сөздер қатарына да жатпайтын сөздердің ерекше тобы. Одағайлар сөйлемнің синтаксистік желісінен тысқары (сөйлемді құрайтын сөздердің ешқайсысымен синтаксистік байланысқа түспей) тұратындықтан үнемі оқшау сөздер қатарынан табылады. Одағайлар сөйлемде негізгі синтаксистік желіден тыс тұрса да, сөйлеуші тарапынан қолданылып, сөйлеушінің көңіл-күйінен, сөйлеушінің тыңдаушымен арақатынасындағы әралуан жағдайлардан хабар беру қызметін атқарады.

Зат есім – заттың атын білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі зат есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі әр алуан заттар мен заттық ұғымдарды атайды.

Зат есімнің лексика-семантикалық қыры. Зат есімдер лексикалық мағынасына қарай жалпы есім - жалқы есім, деректі есім – дерексіз есім, адамзат есімдері – ғаламзат есімдері болып жіктеледі.

Зат есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Зат есім – зат есімнің рең мәнді жұрнақтарымен және көптік, тәуелдік, септік жалғауларымен (септеулік шылаулармен және көмекші есімдермен) түрленетін сөз табы. Зат есім баяндауыш қызметінде келгенде жіктік жалғауымен де түрленеді. Зат есімдердің басты морфологиялық белгісі – көптелу, тәуелдену, септелу қабілеті. Зат есімдердің аталған қосымшалардың бәрін қабылдаған кездегі түрлену реті төмендегідей: алдымен көптеледі, содан кейін тәуелденеді, бұдан әрі септеледі.

Зат есімнің қатарына жататын сөздердің басым көпшілігі өз лексикалық мағынасы арқылы жеке, дара затты атайды. Тек жекелеген зат есімдерде, санауға келмейтін зат атауларында (ұн, топырақ, шаш, жұлдыз, т.б.), жұп заттардың атауларында (аяқ, қол, құлақ, көз, қолғап, етік, т.б.), көптеген дерексіз ұғым атауларында (достық, азшылық, көпшілік, байлық, сыйластық, т.б.), әлеуметтік кәсіп атауларында (егіншілік, ақындық, саудагершілік, т.б.), ғылыми сала атуларында (физика, химия, тарих, диалектология, т.б.) жекелік мағына бар деуге келмейді. Мұндай сөздердің сөйлемде стилистикалық қажеттілік болмаса, көптік жалғаусыз жұмсалады. Бұл қатардағы сөздердің үнемі көптік жалғаусыз қолданылуы көптік мағына сол сөздердің лексикалық мағынасында деуге себеп болған. Сол сияқты бұл қатар күлкі, күйініш, сүйініш, реніш, қайғы сияқты эмоциялы қпроцесс атауларымен толыға түседі. Жалқы есімдер де себепсіз көптелмейтіні белгілі, бірақ оларда да көптік мағына бар деуге негіз жоқ. Бұл қатардағы сөздерден басқа зат есімдер арқылы аталатын заттардың көп екендігі не синтаксистік тәсіл арқылы (екі студент), не морфологиялық тәсіл арқылы (студенттер) беріледі. Зат есімнің жекелік және көптік мағыналары зат есімнің сан-мөлшер (жекелік-көптік) деп аталатын грамматикалық категориясын қалыптастырады. Сөйтіп, көптік жалғау зат есімнің сан-мөлшер категориясының мағыналарының бірін білдіргендіктен, осы грамматикалық категорияның тұлғасы, көрсеткіші болады. Ескеретін бір жай – көптік жалғау сөзге қосылғанда әрқашан көптік мағына білдіре бермейді, басқа да грамматикалық мағыналарда тұруы мүмкін.



Тәуелдік жалғау өз мағыналары арқылы зат есімнің тәуелдеу категориясын қалыптастырады.

Септік жалғаулары – зат есімнің септеу категориясының негізгі көрсеткіштері.

Зат есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Зат есім атау септігінде келіп бастауыш қызметін атқарады. Ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар зат есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Зат есімнен баяндауыш жасайтын арнайы морфологиялық тұлға жоқ, зат есім лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Зат есімене жасалған баяндауыш құрамындағы жіктік жалғау баяндауышты тиянақты тұлғаға айналдыру және оны бастауышпен байланыстыру қызметтерін атқарады. Түрленбеген зат есім сын есімнің орнына жұмсалып (адъективтеніп) анықтауыш, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді.

Көмекші есімдер – зат есімнің (заттанған сөздің) жетегінде келетін, лексикалық мағынасы жоқ (немесе солғындаған), өзі тіркескен сөзге грамматикалық (мекендік) мағына жамап түрлендіретін, өзі зат есімше түрленетін (көптелетін, тәуелденетін, септелетін), өзі тіркескен зат есіммен тек тәуелдік жалғауы арқылы байланысып тұратын көмекші сөздер. Көмекші есімдердің морфологиялық ерекшелігі – зат есімше түрлену қабілеті – оларды бөлек сөз табы ретінде емес, атауыш сөздердің, зат есімдердің аясында қарастыруға негіз болған. Көмекші есімдер шығу төркіні жағынан зат есімдерге келіп тіреледі. Толық мағыналы зат есімдерден олардың басқа зат есімдердің жетегінде келіп оған грамматикалық мағына үстеу үшін жұмсалу барысында лексикалық мағыналарынан айырылып, көмекші есімдер қалыптасқан.

Қазақ тіліндегі көмекші есімдер өте жиі қолданылғанмен, олардың саны аса көп емес. Қазіргі қазақ тіліндегі көмекші есімдер ретінде мына сөздерді көрсетуге болады: алд, арт, аст, үст, жан, жақ, қас, маң, маңай, тұс, іш, сырт, тыс, ара, қарсы, бой, шет, орта, соң.



Практикалық бөлім:

І Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Сөз таптарына жіктеудің қандай принциптері бар?

  2. Сөз табына жіктеудің семантикалық приципі дегеніміз қандай принцип?

  3. Сөз табына жіктеудің морфологиялық приципі дегеніміз қандай принцип?

  4. Сөз табына жіктеудің синтаксистік приципі дегеніміз қандай принцип?

  5. Атауыш сөздер дегеніміз қандай сөздер?

  6. Көмекші сөздер дегеніміз қандай сөздер? Қай қатардағы сөздер көмекші сөздерге жатады?

  7. Қандай сөздерді одағайлар дейміз?

  8. Зат есім лексикалық мағынасына қарай қандай топтарға жіктеледі?

  9. Зат есімге қандай морфологиялық ерекшеліктері тән?

  10. Зат есімнің синтаксистік қызметтері қалай жүзеге асады. Мысалдар келтір

  11. Қандай сөздерді көмекші есімдер дейміз? Көмекші есімдерге қандай морфологиялық ерекшелік тән?


ІІ Жаттығу жұмыстары

5-жаттығу. Сөйлемдегі зат есімдерге кешенді сатылай талдау үлгісімен морфологиялық талдау жаса.


  1. Жұмабайдың басын көтеріп, тымағын түзеуге де мұршасы келмеді. 2) Абай есіктен кіре, үйде отырған үлкендерге ашық дауыспен, айқын етіп сәлем берді. 3) Құнанбайдың мына баласын осында шақыртып алып отырғанын және жаңағыдай етіп бұларға танытқалы отырғанын өзгеден Қаратай бұрын аңғарған. 4) Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. 5) Тегінде ертекші, өлеңші, не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді.

13-14 сабақтар

Тақырып: Сын есім. Сын есімнің мағыналық топтары

Сабақтың мазмұны:


  1. Сын есімнің лексика-семантикалық ерекшеліктері.

  2. Сын есімнің морфологиялық ерекшеліктері

  3. Сын есімнің синтаксистік ерекшеліктері.


Сабақ мақсаты:

Сын есімнің лексика-семантикалық, морфологиялық, грамматикалық ерекшеліктерін таныту.


Теориялық бөлім:
Сын есім – заттың сындық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі сын есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар мен заттық ұғымдардың әр алуан белгілерін: сапасын, өлшем-көлемін, салмағын, түсін, қасиеттерін, т.б. атайды.

Сын есімнің лексика-семантикалық ерекшелігі. Сын есімдер лексикалық мағынасына қарай сапалық сын және қатыстық сын есім болып екіге бөлінеді. Сапалық сын есімдер – заттың сындық белгілерін лексикалық мағынасы арқылы тікелей атайтын сын есімдер. Мысалы, көк, үлкен, әдемі, т.б.. Қатыстық сын есімдер – заттың сындық белгілерін басқа ұғымды қатыстыру арқылы атайтын сын есімдер. Мысалы, күзгі, таулы, желсіз, сөзшең, т.б.

Қатыстық сын есімдер сапалық сын есім қатарына өтіп кетуі мүмкін. Мысалы, Үйге мылтық-наган асынған қарулы адамдар кіріп келді. Есен – кесек денелі, қарулы жігіт. Бірінші мысалдағы қарулы сөзі қатыстық сын есім қатарына, екінші мысалдағы қарулы сөзі сапалық сын есім қатарына жатады.

Сапалық сын есім мен қатыстық сын есімдерді бір-бірінен ажыратудың жолдары:


Реті

Сапалық сын есімдер

Қатыстық сын есімдер

1

Шырай тұлғаларымен еркін түрленеді: әдемірек, аса күшті, ап-айқын

Шырай тұлғаларымен түрленбейді: сәбилі, қысқы, күздік.

2

Тілде синонимдері болады: әдемі – сұлу – көрікті, т.б., күшті – мықты – берік, т.б., айқын – дәл – нақты, т.б..

Синоним қатарлары болмайды.

3

Антоним сыңарлары болады: әдемі – көріксізғ күшті – әлсіз, айқын – күңгірт.

Антоним сыңарлары болмайды.

4

Ауыспалы мағынада жұмсала алады: әдемі көйлек – әдемі сөз.

Тура мағынада ғана қолданылады.

5

Жаңа туынды сөз жасауға негіз болады: әдемілік, күштілік, айқындау.

Туынды сөздер жасалмайды.

6

Анықтауыш қабылдай алмайды

Зат есімнен жасалса, анықтауыш, етістіктен жасалса, пысықтауыш қабылдай алады: екі бөлмелі үй, суда жүзгіш


Сын есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сын есім (оның ішінде тек сапалық сын есімдер) – шырай тұлғаларымен түрленетін сөз табы. Сын есімнің шырайы тұлғалары – сын есімнің шырай категориясының грамматикалық мағыналарын қалыптастырады. Шырай дегеніміз – заттың сындық белгілерінің әр түрлі реңктерін білдіретін мағыналар жиынтығы. Қазақ тілінде шырайдың екі түрі бар: салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай.

Салыстырмалы шырай – заттың сындық белгілерін доминант (негізгі) белгімен салыстырып, сындық белгіні сол салыстырылған белгіден я артық, я кем етіп білдіретін шырай. Салыстырмалы шырай синтетикалық тәсілмен жасалады. Мысалы, кішірек, жалпақтау, ақшыл, қызғылт, сарғыш, көгілдір, қоңырқай, сұрша, бозаң, т.б..

Күшейтпелі шырай – заттың сындық белгілерін асыра, күшейте білдіретін шырай. Күшейтпелі шырай екі түрлі тәсілмен жасалады: редупликация тәсілі (қап-қара, сап-сары, аппақ), аналитикалық тәсіл (ең ыстық, аса салқын).

Сын есім зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы, Жақсының аты өлмейді. Бұл құбылыстың өзіндік себептері бар. Бұл – сын есімнің заттануымен байланысты жүзеге асатын құбылыс. Сын есім зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан, субстантивтенуге (заттануға) бейім сөз табы. Сын есімнің субстантивтенуінің негізгі бір себебі – сөйлем құрамындағы сын есім арқылы анықталатын зат есімдердің эллипсистенуі. Мысалы, Жақсының жақсылығын айт деген мысалдағы жақсы сын есімінің субстантивтенуі Жақсы адамның жақсылығын айт нұсқасындағы сөйлемнен сын есім (жақсы) арқылы анықталып тұрған зат есімнің (адам сөзінің) сөйлемнен түсіп қалып, оның заттық мағынасы анықтауыш қызметіндегі сын есімге өтуімен байланысты. Сөйтіп, түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған сын есім енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болады.



Сын есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Сын есімдер заттың сындық белгілерін атайтын сөздер болғандықтан, сын есімнің негізгі синтаксистік қызметі – анықтауыш болу. Өйткені олар заттың сынын атағандықтан, зат есіммен ешбір қосымша, көмекші сөздің көмегінсіз, орын тәртібі арқылы байланыса береді. Сындық белгілердің әр түрлі реңкін білдіретін шырай тұлғаларының сөз бен сөзді (сын есім мен зат есімді) байланыстыруға да, сөйлем мүшесін жасауға да еш қатысы жоқ.

Сын есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат есімше қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар субстантивтенген сын есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Сын есім де зат есім сияқты лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Сын есім –адвербиалдануға бейім сөз табы. Сын есімдер лексикалық мағынадағы өзгерістер арқылы (ауыспалы мағынада жұмсалу арқылы) заттың сындық белгісі емес, етістік арқылы аталатын қимыл, әрекеттердің белгілерін білдіріп, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді. Мысалы, Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады. Бетті бастым, қатты састым.


Практикалық бөлім:

І Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Сын есімнің деген қандай сөз табы?

  2. Қандай сын есімдерді сапалық сын есімдер дейміз? Мысалдар келтір.

  3. Қандай сын есімдерді қатыстық сын есімдер дейміз? Мысалдар келтір.

  4. Сапалық сын есім мен қатыстық сын есімдерді бір-бірінен қандай белгілері арқылы ажыратуға болады?

  5. Сын есімге қандай морфологиялық ерекшеліктер тән?

  6. Шырай дегеніміз не? Шырайдың қандай түрлері болады?

  7. Сын есімге тән синтаксистік ерекшеліктерді ата.


ІІ Жаттығу жұмыстары

6-жаттығу. Сөйлемдегі сөздерге кешенді сатылай талдау үлгісі бойынша морфологиялық талдау жаса.

  1. Терең ой, терең ғылым іздемейді... 2) Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет... 3) Мүсірәлі момындау, ауқаты шағындау адам еді.. 4) Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп. 5) Жанын қарманып адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі. 6) Әбілқайырды азулы тілектестері хан етіп, ақ киізге көтерді. 7) Бүгінгі көш Қайыңдыға қонғалы келе жатқан. 8) Осы сегіз үй ішіндегі ең бүтіні және үлкендеуі – ортада тұрған жалпақтау бес қанат үй. 9) Талдан таяқ жас бала таянбайды, Бала бүркіт түлкіден аянбайды. 10) Өңшең жалбағай тымақтылар тұс-тұстан қалың қолға қосылып кетті. 11) Бір мезгіде қасына Көпей келді. 12) Арыстанның екі көзі ауыл маңында.

15-16 сабақтар

Тақырып: Сан есім. Сан есімнің семантика-морфологиялық топтары

Сабақтың мазмұны:


  1. Сан есімнің семантика-морфологиялық түрлері.

  2. Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері

  3. Сан есімнің синтаксистік ерекшеліктері.


Сабақ мақсаты:

Сан есімнің семантика-морфологиялық, морфологиялық, грамматикалық ерекшеліктерін таныту.


Теориялық бөлім:
Сан есім – заттың сандық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі сан есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар мен заттық ұғымдардың санын, сандық шамасын, ретін атайды.

Сан есімнің семантикалық ерекшеліктері. Қазақ тілінде таза сандық ұғымды атайтын небәрі 22 сөз ғана бар. Оның оны – бірлік сандардың атаулары, тоғызы – ондық сандардың атаулары, бұлардан басқа нөл, жүз және мың сөздері бар. Ал миллион, миллиард, т.б. сан атаулары кірме сөздер. Тіліміздегі басқа сандық атаулар осы сөздердің әр түрлі комбинацияларда бір бірімен тіркесіп келуі арқылы жасала береді. Әр сан есім бірін бірі қайталамайтын жеке лексикалық мағынаға ие, сондықтан олардың синонимдік қатары, антонимдік жұбы болмайды. Күрделі сан есім құрамындағы әр сан есім жеке алғанда дербес лексикалық мағынаға ие болғанмен, олардың тіркесі үшінші лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, жиырма бес, жиырма, бес.

Сан есімдер туынды сөздердің жасалуына негіз болғанмен, басқа сөз таптарынан сан есім жасалмайды. Мысалы, бірлік, ондық, жүздік, т.б.

Тілімізде сан есімдерге лексикалық мағыналары жуық сөздер де кездеседі. Оларға, біріншіден, өлшем бірліктерінің атаулары: қадақ, пұт, келі, батпан, бір уыс, елі, адым, тұтам, сүйем, қарыс, кез, аршын, құлаш, т.б;, екіншіден, белгілі бір сан есімдерге синоним мағынасы бар сөздер: жарты, жарым, жек, дара, жалғыз, жалқы, егіз, қос, жұп, ширек; лексикалық мағынасы уақытпен байланысты сөздер: ай, жыл, ғасыр, апта, сүт пісірім, бие сауым, т.б. жатады. Бірақ бұлардың бәрі – сан есім емес, басқа сөз таптарына жататын сөздер.

Сан есімнің мағыналық топтары синтетикалық және аналитикалық жолдармен жасалады. Алайда есептік сан есімдерден қосымшалар арқылы қалыптасқан, немесе олардың қосарлануы, тіркесуі арқылы қалыптасқан сөз тұлғалары жаңа туынды сөз бе, әлде сан есімнің түрленген тұлғалары ма деген мәселеде бір қайшылықтары бар. Болжалдық сан есімдер мен бөлшектік сан есімдер қатарына жататын сөздер есептік күрделі сан есімдер сияқты үшінші бір лексикалық мағынаны білдіретініне күмән тумайды. Ал реттік, жинақтық және топтау сан есімдері жаңа ұғымның атауын тудырды деу қиын.

Сонымен, қалай болғанда да, сан есімдерді алты мағыналық топқа бөлеміз:


  1. Есептік сан есімдер: бес, елу, елу бес, бес жүз елу бес, т.б.;

  2. Реттік сан есімдер: бесінші, елу бесінші, т.б.;

  3. Жинақтық сан есімдер: біреу, екеу, бесеу, т.б.;

  4. Топтау сан есімдері: бестен, бес-бестен, ;

  5. Болжалдық сан есімдер: бес-алты, он шақты, мыңдаған, елудей, бірер, мыңдап, сегіздер шамасы;

  6. Бөлшектік сан есімдер: бір жарым, төрттен бір, бес бүтін оннан үш, т.б..


Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сан есім – зат есім мен сын есім сияқты өзіндік түрлену жүйесі жоқ сөз табы. Алайда сан есім де сын есім сияқты зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы, Үй саны елу-алпысқа жетеді. Бұл – сан есімнің заттануымен байланысты. Сан есім де зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан, субстантивтенуге (заттануға) бейім сөз табы. Оның да субстантивтенуінің екі себебі бар. Бірі – сөйлем құрамындағы сан есім арқылы анықталатын зат есімдердің эллипсистенуі. Мысалы, Бесті үшке көбейт. Екіншісімен қатал сөйлесу керек. Мұнда да түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған сан есімдер енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болған. Екіншіден, жинақтық сан есімдер – таза заттық мағынаға ие сөздер. Өйткені жинақтық мағыналы -ау, -еу жұрнағы сан есімге заттық мағына үстейді. Атап айтқанда, жинақтық сан есім қандай да бір заттардың жиынтығын атайды. Алтау ала болса, аспандағыны алдырар, түртеу түгел болса, төбенегіні түсірер.

Сан есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Сан есімдер заттың сандық белгілерін атайтын сөздер болғандықтан, оның негізгі синтаксистік қызметі – анықтауыш болу. Өйткені олар заттың санын атағандықтан, зат есіммен ешбір қосымша, көмекші сөздің көмегінсіз, орын тәртібі арқылы байланыса береді. Сан тесімнің мағыналық түрлерін жасайтын тұлғалардың сөз бен сөзді (сан есім мен зат есімді) байланыстыруға да, сөйлем мүшесін жасауға да еш қатысы жоқ.

Сан есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат есімше қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар субстантивтенген сан есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Сан есім де зат есім сияқты лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Сан есім де – адвербиалданатын сөз табы. Сан есімдер заттың сандық белгісі емес, етістік арқылы аталатын қимыл, әрекеттердің белгілерін білдіріп, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді. Мысалы, Бір келгенде, бес келді.


Практикалық бөлім:

І Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Сан есімнің деген қандай сөз табы?

  2. Сан есімнің қандай мағыналық ерекшеліктері бар?

  3. Сан есімнің мағыналық түрлерін ата. Жасалу жолдарын сипаттап, мысалдар келтір

  4. Сан есімге қандай морфологиялық ерекшеліктер тән?

  5. Сан есімге тән синтаксистік ерекшеліктерді ата.


ІІ Жаттығу жұмыстары

7-жаттығу. Сөйлемдегі сан есімдер мен етістіктерге кешенді сатылай талдау үлгісі бойынша морфологиялық талдау жаса.

  1. Төрт мыңдай жылқы сату керек. 2) Бір жолы алдыңғы шептегі жермен танысып, көршілес дивизияның бір батальонының бақылау пунктіне кірдім. 3) Құйма құлақ, зерек жігіт білімін бірталай кеңейтіп алған. 4) Бесінші тілек тілеңіз... 5) Бұл жерден үш жұрт өтіпті, төртіншісі – біз. 6) Екі айдай ауылға барған жоқпын. 7) Соңғы бір жарым айда екеуі күн сайын кездесіп тұрды. 8) Бұзаубақтың бар малы жалғыз қоңыр сиыры. 9) Мен біріншімін, сен – екінші, ол –үшінші. 10) Жұмысқа араласып адам бола бастағаны 2-3 жылдан бері ғана.

17-18 сабақтар

Тақырып: Есімдік. Есімдіктің мағыналық ерекшеліктері.

Сабақтың мазмұны:


  1. Есімдік туралы түсінік.

  2. Есімдіктің мағыналық ерекшеліктері

  3. Есімдіктің морфологиялық ерекшеліктері

  4. Есімдіктің синтаксистік ерекшеліктері.


Сабақ мақсаты:

Есімдіктің семантикалық, морфологиялық, грамматикалық ерекшеліктерін таныту.


Теориялық бөлім:
Есімдік – сөйлемде есім сөздерді алмастыратын орынбасар сөздер. Есімдіктердің сөйлемнен тыс, жеке алғанда ешқандай дербес тұрақты лексикалық мағынасы жоқ. Алайда сөйлемде ол өзі қай сөзді алмастырса, сол сөздің лексикалық мағынасына ие бола кетеді. Мысалы, мен есімдігі кез келген бірінші жақтағы сөйлеушіні білдіреді, немесе кейбір белгісіздің есімдігін кез келген зат есімнің орнына қолдануға болады. Есімдік сөйлемде қай сөз табының орнына жұмсалса, сол сөз табының сұрағына жауап береді.

Есімдіктің семантикалық ерекшеліктері.

Есімдіктер толық лексикалық мағыналы сөздер қатарына жатады. Өйткені олар сөйлемде басқа бір сөздің орнына жұмсалып, өзі жұмсалған сөз атайтын заттарды, заттың белгілерін білдіреді.

Қазақ тілінде есімдіктерді лексика-семантикалық қырынан жеті топқа бөлу кең орын алған:


  1. Жіктеу есімдіктері: мен, сен, сіз, ол, біз.

  2. Сілтеу есімдіктері: анау, мынау, сонау, әне, міне, бұл, сол, осы, ол, , т.б.;

  1. Өздік есімдігі: өз.;

  2. Сұрау есімдіктері: кім, не, қай, қайсы, қандай, қанша, неше, нешінші, қайда, қалай, т.б.;

  3. Белгісіздік есімдіктері: бір, біреу, кей, кейбір, әр, әркім,әлде, әлдекім, әлдеқашан, әрқашан,т.б. ;

  4. Болымсыздық есімдіктері: еш, түк, дым, ешкім, ештеңе, ешнәрсеғ ешқашан, ешбір, дәнеңе, т.б.;

  5. Жалпылау есімдіктері: бар, бәрі, барша, барлық, барлығы, бүкіл, бүтін, күллі, тәмам.

Есімдіктер есім сөздерді алмастыру мағынасы бойынша үш логика-семантикалық топқа, лексика-грамматикалық мағыналары қарай екі топқа бөлінеді.

Есімдіктердің логика-семантикалық топтары:



  1. Дейктикалық есімдіктер;

  2. Анафоралық есімдіктер

  3. Кванторлық есімдіктер

Дейктикалық есімдіктер - сөйлесу әрекетіне, немесе сөйлеу жағдайына қатысушыларды меңзеу мағынасына ие есімдіктер. Бұл қатардағы есімдіктерге сөйлеу әрекетіне қатысушыларға меңзейтін есімдіктер: (сөйлеуге қатысушы бірінші жақ – сөйлеушіні атайтын мен және біз; сөйлеуге қатысушы екінші жақ – тыңдаушыны атайтын сен, сіз есімдіктері) және сөйлеушінің меңзеуі (кейде ойша) бағытталған объектілерге сілтейтін сілтеу есімдіктері (осы, сол, әне, міне, т.б.) жатады. Дейктикалық есімдіктер айқындылыққа мәнге ие.

Анафоралық есімдіктер – бір мәтіннің ішіндегі алдыңғы бөлікте аталған, немесе кейін аталатын ұғымдарға сілтейтін есімдіктер. Сондықтан бұл есімдіктердің қатарына, негізінен, сілтеу есімдіктері (ол, сол, осы, бұл, сондай, сонша, мұнша, соғұрлым, ондай, мұндай, т.б.) мен өздік есімдігі жатады. Мысалы, Әйелдер қолдарын көлегейлеп қарап тұр. Олардың қайда қарап тұрғанын аңғардың ба? Сен өзіңнің кінәңді білесің бе? Анафоралық есімдіктер қызметін бңр, белгісіздік есімдігі де атқара алады: Әсет пен Әсем бір-біріне жылы шырай танытпады.

Кванторлық есімдіктерге белгісіздік, сұрау, жалпылау, болымсыздық есімдіктері жатады. Белгісіздік есімдіктері сөйлеушіге таныс емес, немесе сөйлеушіге таныс, тыңдаушыға таныс емес, сондай-ақ екеіне де таныс емес, белгіісіз объектілерге меңзейді. Жалпылау есімдіктері жинақталған бірнеше объектіге меңзейді. Сұрау есімдіктері қандай да бір объектінің бар екеніне, бірақ сөйлеуші оны айқын білмейтініне, тыңдаушының айқындауына меңзейді. Болымсыздық есімдігі объектілердің болымсыз, жалғандығына меңзейді.

Есімдіктер лексика-грамматикалық мағыналарына қарай заттық мағыналы есімдіктер, белгі (атрибутивтік) мағыналы есімдіктер болып жіктеледі. Заттық мағыналы есімдіктерге кім, не сұрақтары мен содан өрбіген сұрақтар қойылады. Өйткені бұл есімдіктер сөйлесу әрекетіне қатысушылар мен сөйлеу жағдайына қатысы бар объектілерге (заттар мен заттық ұғымдарға) меңзеп тұрады. Бұл қатарды жіктеу, өздік, белгісіздік есімдіктері мен сұрау (кім, не сөздері), болымсыздық (ешкім, ештеңе, ешбіреу сөздері), жалпылау (бәрі, барлығы сөздері) есімдіктері құрайды. Ал белгі мағыналы есімдіктерге заттар мен қимыл-әрекеттердің белгілеріне меңзейтін есімдіктер жатады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет