55 баспасөз релизі қаржы нарығындағы ахуал туралы



Дата23.02.2016
өлшемі81.5 Kb.



55 БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ


Қаржы нарығындағы ахуал туралы
2015 жылғы 21 қазан Алматы қ.
1. 2015 жылғы қыркүйектегі инфляция

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми деректері бойынша 2015 жылғы қыркүйекте инфляция 1,0% (2014 жылғы қыркүйекте – 0,5%) болды. Бұл ретте, азық-түлік тауарларының бағасы 0,6%-ға (0,3%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 2,0%-ға (0,5%-ға) өсті. Ақылы қызмет көрсету тарифтері – 0,7%-ға (0,7%-ға) көтерілді.

Азық-түлік тауарларының ішінде көп дәрежеде қант – 13,4%-ға, жұмыртқа – 10,8%-ға, жемістер – 2,5%-ға, балық және теңіз өнімдері – 2,0%-ға, шай – 1,9%-ға, күріш – 1,4%-ға, алкогольсіз сусындар – 1,3%-ға, май және тоң майлар – 1,0%-ға, сүт өнімдері және жарма – 0,7%-ға, ет және ет өнімдері – 0,5%-ға қымбаттады. Көкөністердің бағасы 8,3%-ға, оның ішінде сәбіз – 20,9%-ға, қызылша – 15,1%-ға, пияз – 11,4%-ға, орамжапырақ – 10,7%-ға, картоп – 8,9%-ға төмендеді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарығында дәрі-дәрмектердің бағасы 1,9%-ға, тұрмыстық үй заттары – 1,1%-ға, сыртқы киім және аяқ киім – 1,0%-ға өсті. Бензиннің құны 13,2%-ға, дизель отыны – 1,1%-ға өсті.

Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саладағы қызметке ақы төлеу 0,5%-ға көтерілді. Бұл ретте тарату желілері бойынша тасымалданатын газ тарифтері – 3,4%-ға, суық су – 2,2%-ға, тұрғын үйді жалға алу – 0,5%-ға, электр энергиясы – 0,4%-ға, қоқыс жинау және кәріз –0,3%-ға өсті. Бұдан басқа, ақылы қызмет көрсету құрылымында білім беру қызметінің бағасы 2,3%-ға, көлік – 0,9%-ға, мәдениет саласындағы қызмет – 0,5%-ға, амбулаторлық қызмет – 0,3%-ға өсті.

2015 жылғы қаңтар-қыркүйекте инфляция 2,9% (2014 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 5,9%) болды. Азық-түлік тауарлары 2015 жылдың басынан бастап 1,5%-ға (5,6%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 3,4%-ға (6,7%-ға), ақылы қызмет көрсету – 4,0%-ға (5,4%-ға) қымбаттады (1-график).

1-график

2014 және 2015 жж. қаңтар-қыркүйектегі инфляция және оның негізгі топтары

2015 жылғы қыркүйекте инфляция жылдық көрсетуде 4,4% (2014 жылғы желтоқсанда – 7,4%) болды. Азық-түлік тауарлары соңғы 12 айда 3,8%-ға (8,0%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 4,5%-ға (7,8%-ға), ақылы қызмет көрсету – 5,0%-ға (6,4%-ға) қымбаттады.



2. 2015 жылғы қыркүйектің соңындағы халықаралық резервтер мен ақша агрегаттары

2015 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 28,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 27,4 млрд. АҚШ долларын құрады.

2015 жылғы қыркүйекте тұтастай алғанда елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (67,9 млрд. АҚШ доллары) қоса алғанда, 96,1 млрд. АҚШ долларын құрады.

2015 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша ақша базасы 7,8%-ға кеңейіп, 4644,3 млрд. теңге болды (жылдың басынан бері 36,1%-ға кеңею). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 4535,9 млрд. теңгеге дейін 8,7%-ға кеңейді.

2015 жылғы тамызда ақша массасы 14391,7 млрд. теңгеге дейін 11,2%-ға (жыл басынан бері 12,3%-ға ұлғаю), айналыстағы қолма ақша – 1186,2 млрд. теңгеге дейін 4,5%-ға (жыл басынан бері 5,7%-ға ұлғаю), банк жүйесіндегі депозиттер – 13205,5 млрд. теңгеге дейін 11,9%-ға (жыл басынан 12,9%-ға ұлғаю) ұлғайды. Ақша массасының құрылымындағы депозиттердің үлесі депозиттер көлемі қарқынының 2015 жылғы қаңтар-тамызда тіркелген айналыстағы қолма-қол ақшаның өсу қарқынымен салыстырғанда үдемелі өсуі салдарынан 2014 жылғы желтоқсандағы 91,2%-дан 2015 жылғы тамызда 91,8%-ға дейін өсті.

Ақша мультипликаторы ақша массасының өсуі қарқынымен салыстырғанда ақша базасының кеңеюінің үдемелі қарқыны салдарынан 3,34-ті құрады.


3. 2015 жылғы қыркүйектегі валюта нарығы

2015 жылғы қыркүйектің соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 270,40 теңге болды.

Қазақстан қор биржасындағы биржалық операциялардың көлемі қосымша сауда-саттықтағы мәмілелерді есептегенде 3,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Биржадан тыс валюта нарығында операциялар көлемі төмендеп, алдын ала деректер бойынша 0,4 млрд. АҚШ долларын құрады.

Тұтастай алғанда, ішкі валюта нарығындағы операциялар көлемі алдын ала деректер бойынша 4,1 млрд. АҚШ долларын құрады.


4. 2015 жылғы қыркүйектегі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

2015 жылғы қыркүйекте Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша аукциондар өткен жоқ. Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2015 жылғы қыркүйектің соңында 5508,4 млрд. теңгені құрады.



Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқамерзімді ноттары.

2015 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің 1-айлық ноттарын орналастыру бойынша 1 аукцион (149,1 млрд. теңге) өткізілді. Орналастырылған ноттар бойынша тиімді кірістілік 8,30%-ды құрады. Нәтижесінде қыркүйектің соңында айналыстағы ноттар көлемі 149,1 млрд. теңгені құрады.


5. 2015 жылғы қыркүйектегі банкаралық ақша нарығы

2015 жылғы қыркүйекте орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі баламасында 3415,5 млрд. теңгені құрады.

Теңгемен орналастырылған банкаралық депозиттердің көлемі 127,2 млрд. теңге (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 3,7%-ы) болды. Бұл ретте теңгемен орналастырылған банкаралық депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2015 жылғы тамыздағы 4,8%-дан 2015 жылғы қыркүйекте 9,6%-ға дейін ұлғайды.

2015 жылғы қыркүйекте доллармен орналастырылған депозиттердің көлемі 2015 жылғы тамызбен салыстырғанда 15,8%-ға қысқарып, 12,1 млрд. АҚШ долларын (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 90,4%-ы) құрады. Доллармен орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі өзгерген жоқ - 0,09% болды.

Ресей рублімен және еуромен орналастырылған депозиттердің көлемі орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің тиісінше 5,8%-ын және 0,1%-ын құрады.

Шетел валютасымен банкаралық депозиттердің үлесі орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 96,3%-ы болды. Шетел валютасында бейрезидент банктерде орналастырылған депозиттердің үлесі орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемінің 93,6%-ын құрады.

Ұлттық Банк банктерден тартқан депозиттердің көлемі 2015 жылғы қыркүйекте 73,7 млрд. теңгені құрады.
6. 2015 жылғы тамыздың соңындағы жағдай бойынша депозит нарығы

2015 жылғы тамыздың соңында резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 13 205,5 млрд. теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері 8 037,2 млрд. теңге, жеке тұлғалардың депозиттері – 5 168,3 млрд. теңге болды.

2015 жылғы тамыздың соңындағы жағдай бойынша ұлттық валютамен депозиттердің көлемі 5 389,2 млрд. теңге, шетел валютасымен - 7 816,3 млрд. теңге болды. Теңгемен депозиттердің үлес салмағы 40,8%-ды құрады.

Банктердегі халықтың салымдары (бейрезиденттерді есептегенде) 2015 жылғы тамыздың соңында 5 226,7 млрд. теңге болды. Халықтың салымдары құрылымында теңгемен депозиттер 1 380,4 млрд. теңгені, шетел валютасымен – 3 846,2 млрд. теңгені құрады. Халықтың салымдары құрылымында теңгемен депозиттердің үлес салмағы 26,4% болды.

2015 жылғы тамыздың соңында мерзімді депозиттер 9 391,4 млрд. теңге болды. Мерзімді депозиттердің құрамында ұлттық валютамен депозиттер 3 234,8 млрд. теңге, шетел валютасымен депозиттер – 6 156,7 млрд. теңге болды.

2015 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютамен мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,3%, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,5% болды.


7. 2015 жылғы тамыздың соңындағы жағдай бойынша кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеуінің көлемі 2015 жылғы тамыздың соңында


11 378,9 млрд. теңгені құрады.

Ұлттық валютамен кредиттердің көлемі 8 324,8 млрд. теңгені, шетел валютасымен –


3 054,0 млрд. теңгені құрады. Теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 73,2% болды.

Ұзақмерзімді кредиттеу 2015 жылғы тамыздың соңында 9 261,6 млрд. теңгені, қысқамерзімді кредиттеу – 2 117,3 млрд. теңгені құрады.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер көлемі 2015 жылғы тамыздың соңында 7 258,2 млрд. теңге, жеке тұлғаларға берілген кредиттер – 4 120,7 млрд. теңге болды. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы 36,2% болды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2015 жылғы тамыздың соңында 1 806,9 млрд. теңге болды, бұл экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінің 15,9%-ын құрайды.

Салалар бойынша банктердің экономикаға кредиттерінің барынша қомақты сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 20,3%), өнеркәсіп (12,9%), құрылыс (7,9%), ауылшаруашылығы (4,7%) және көлік (4,2%) сияқты салаларға тиесілі.

2015 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 13,8%-ды, жеке тұлғаларға – 17,2%-ды құрады.


8. 2015 жылғы 1-жартыжылдықтағы төлем балансы және сыртқы борыш

2015 жылғы 1-жартыжылдықтың нәтижелері бойынша ағымдағы операциялар шоты 2,2 млрд. АҚШ долларындағы теріс сальдомен қалыптасты. Сауда балансы 7,9 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі профицитпен қалыптасты. Бұл ретте тауарлар экспорты 24,9 млрд. АҚШ долларын, ал тауарлар импорты 17,1 млрд. АҚШ долларын құрады.

Халықаралық қызмет көрсету балансы 2,3 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі дефицитпен қалыптасты. Бастапқы кірістер балансының дефициті 6,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Қайталама кірістердің теріс сальдосы 1,0 млрд. АҚШ долларын құрады.

Қаржы шоты (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) бойынша міндеттемелердің азаюымен салыстырғанда активтердің барынша жоғары қысқару қарқыны нәтижесінде 4,1 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі капиталдың таза әкелінуі (теріс сальдо немесе «қалған елдерден таза қарыз алу») қалыптасты.

Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша 2015 жылғы 1-жартыжылдықта 1,3 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі теріс баланс қалыптасты. Тікелей инвестициялау операциялары бойынша қаржы активтерін таза сатып алу 2,0 млрд. АҚШ долларын құрады, ал шетелдік тікелей инвестициялар бойынша міндеттемелердің таза өсімі 3,3 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қалыптасты.

«Салым бағыттары» қағидаты бойынша есепке алынған шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы әкелінуі 2015 жылғы 1-жартыжылдықта 7,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Өзара фирмааралық міндеттемелер бойынша негізгі борышты өтеуді есептегенде Қазақстанға тікелей инвестициялардың таза әкелінуі 0,9 млрд. АҚШ долларын құрады, ал шетелге таза әкетілуі 0,4 млрд. АҚШ доллары болатын теріс сальдомен қалыптасты.

Портфельдік инвестициялар балансы 2,1 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі теріс сальдомен қалыптасты, ал міндеттемелердің азаюы 2,6 млрд. АҚШ долларын құрады.

«Басқа инвестициялар» бабы бойынша теріс сальдо 0,6 млрд. АҚШ доллары болды. Активтердің төмендеуі 1,8 млрд. АҚШ долларын, ал міндеттемелердің азаюы 1,1 млрд. АҚШ долларын құрады.

2015 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 155,2 млрд. АҚШ долларын құрады, олардың 5,0% немесе 7,8 млрд. АҚШ долл. – мемлекеттік сектордың сыртқы борышын1, 6,2% немесе 9,7 млрд. АҚШ доллары – «Банктер» секторының сыртқы борышын2, 36,2% немесе 56,2 млрд. АҚШ доллары – «Басқа секторлардың»3 тікелей инвестицияларға байланысты емес берешегін, ал қалған 52,6% немесе 81,7 млрд. АҚШ доллары осы сектордың фирмааралық берешегін құрайды.

2015 жылғы 2-тоқсанда елдің сыртқы борышы 0,9 млрд. АҚШ долларына ұлғайды. Мемлекеттік сектордың сыртқы борышы 82 млн. АҚШ долларына азайды.

«Банктер» секторының сыртқы борышының 0,4 млрд. АҚШ долларына ұлғаюы негізінен жекелеген банктердің борыштық бағалы қағаздарының нарықтық бағаларының өсуіне байланысты болды.

«Басқа секторлардың» жиынтық сыртқы міндеттемелері 0,6 млрд. АҚШ долларына көбейді. Бұл ретте «Басқа секторлардың» үлестес емес бейрезиденттер алдындағы берешегі 0,5 млрд. АҚШ долларына азайды.


Толығырақ ақпаратты мына телефондар бойынша алуға болады:

+7 (727) 2704 585

+7 (727) 3302 497

e-mail: press@nationalbank.kz



www.nationalbank.kz

1 «Мемлекеттік басқару органдары» (Қазақстан Республикасының Үкіметін) және «Орталық Банк» (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін) қамтиды.

2 Екінші деңгейдегі банктер және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ кіреді.

3 Банктік емес қаржы корпорациялары, қаржылық емес корпорациялар, сондай-ақ үй шаруашылықтары мен үй шаруашылықтарына қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдар кіреді.




Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет