5В050504 «Журналистика» мамандығына арналған «Бұқаралық коммуникация тілі мен стилі»



бет2/7
Дата10.06.2016
өлшемі455 Kb.
#126269
1   2   3   4   5   6   7

2 ДӘРІСТЕР


1 Дәріс. Газет жанрлары және олардың тілдік, стиль

дік ерекшеліктері. Стиль туралы түсінік.

1.1. Стиль туралы түсінік.

1.2. Газет жанрлары.

1.3. Газет жанрлары және олардың тілдік, стиль дік ерекшеліктері.

Мектеп қабырғасында, әсіресе, жоғары оқу орындарында жас жеткіншектерге тілді оқытудың басты мақсаттарының бірі білімді де сауатты, қай бір жағдайда болмасын өз ойын дұрыс әрі шебер жеткізе, жаза білетін мәдениетті мамандарды даярлап шығару болып табылады. Ал, болашақ журналистер мәселесіне келсек, олардың туған тіліміздің байлығын, оның көркемдігі мен өрнегін, ойды анық та, айқын жеткізе білу тәсілдерін жетік білулері қазіргі заманның негізгі талабы болып отырғандығына дау жоқ.

Осыған орай, әдетте, біздердің көпшілігіміз ауызекі тілде сөйлегенде де, жазбаша жазғанда да өз іс-әрекетімізге бақылау жасай бермейміз. Міне, сөздің шұбарлануы деген, әріптердің бұрмалануы деген осыдан барып шығады. Мәселен, осы жайға мысал ретінде біз газет, журнал, кітаптарды дұрыс оқи білеміз бе? – деген сұрақ туындайды. әдетте, көпшілігіміз түрлі басылымдарды парақтап қарап, мақалаларға көз жүгіртумен ғана шектелеміз. Сондықтан, көбіне ол материалды жазып отырған журналистің алдына қойып отырған мақсат – міндетін түсінбейтін кездеріміз де болады. Ал осындай кемшіліктерді жібермеу үшін не істеуіміз керек? әрине, ол үшін ең алдымен тіл мәдениетін дамытып, тілімізді үнемі дамытып отыруға, яғни, оқып отырған материалымыздың (мейлі ол хабар, не заметка болсын) стилін ажырата білуге ұмтылуымыз керек.

Кез келген, жазушының тілі мен стилі болады. әр жазушының, журналистің өзіндік сөздік қоры, игеретін стилі бар. Қай бір халықта болмасын тіл біреу-ақ болады. Ол – жалпыхалықтық тілі. Міне, осы жалпыхалықтық тілді дұрыс та мәдениетті пайдаланудың нақты жолын жазушының тілі дейміз. Сондықтан, қайсы бір жазушы, я журналист болмасын тілді өз сөйлеуі, өз жазу шеберлігі арқылы әр сөзді тиісті орнына қоя білуі керек.

Қазақтың әдеби тілі және баспасөз тілі жөнінде көрнекті зерттеуші, ғалым Қ.Жұбанов: «Қазақ әдеби тілін зерттеу жұмыстары көбінесе Абай, Ыбырайдың тіл ерекшеліктеріне, жазба әдеби тілді қалыптастырудағы қызметтеріне байланысты болған. Қазақ әдеби тілін демократиялық бағытта қалыптастыруда зор еңбек сіңірген Абай мен Ыбырай қазақ жазба әдеби тілінің негізін қалаушы деп таныдық», - дей келе, одан әрі, - «1936 жылы жарық көрген «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген еңбекте әдеби тілдің пайда болуындағы Абайдың ролі дұрыс көрсетілген болатын. «Абай ... әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар байлығын іске асыруға жол ашып, жазба әдебиет тілінің іргесін қалады», - деп ойын дамытады. Ал, ғалым С.Аманжолов болса: «Нақтылығы әдеби тіл дегеніміз көркем әдебиеттің тілі ғана емес, ол – ғылымның барлық саласын қамтитын, халыққа өнер-білім беретін, тәлім-тәрбие үйрететін баспасөздік тілі», - дегенді айтады.

Ал қос ғалымның осы ойын зерттеуші С.Исаев: «Баспасөз тілі – жазба тіл. Қай дәуірде болмасын мерзімді баспасөз өзі қызмет ететін халықтың тілін пайдаланып қана қоймайды, оның байып, дамып отыруына әсер-ықпалын тигізіп отырады. Мысалы, бір номерінде жалпыхалықтық тілдің сөз байлығы терең пайдаланыла алмайды. Демек, жалпыхалықтық тілдің баспасөзде қолданылуы кейде бір қарағанда сезіле бермейтін тілдік элементтерді таңдап алумен астасып жатады», немесе «Қазақтың мерзімді баспасөз тілі бірден туып, қалыптасып кеткен жоқ. Мерзімді баспасөз тілінің тууы қазақ тілінде газет, журналдардың алғаш дүниеге келе бастауымен тығыз байланысты болса да, одан бұрынғы және сол кездегі жазба тіл, жалпыхалықтық тілдің нормаларынан ауытқып кете қоймайды» - деп нақтылай түседі.

Осыдан барып біздер баспасөздің тілі де сол жалпыхалықтық тілдің негізінде дамып, көрініс табатын сала екендігін байқаймыз. Яғни, жалпыхалықтық тілдің сөздік қорын, лексикалықжеке сөздерін ұғынып, өз дәрежесіне сай қолданылуын басапсөздің тілі дейміз. Сондықтан жатық, тартымды, оқырманына түсінікті, жеңіл оқылатын етіп жазу – баспасөздің тілі болып есептеледі.

Мәселен, кейбір газеттердің тілі жатық екен дейміз. Мұның өзі олардың тілдік қоры жақсы пайдалана алатындығының белгісі, ол үшін біздер ауыз әдебиетімізді, тарихымызды бес саусағымыздай жақсы білумен қатар, түрлі сөздіктерді көркем әдебиеттерді де көп оқуымыз керек. Бізде «Тілге жарымаған журналист, бізге жарымаған етікшіге тең» деген қанатты сөз бар. Яғни, бұл жазушының немесе журналистің тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек дегенді меңзейді әрі қалам иесінен, автордан осыны талап етеді. Қалай болғанда неғұрлым мол , шұрайлы болса, сөз өнеріндегі мазмұнды шығарма халыққа қажет рухани байлық екендігіне дау жоқ.

Екіншіден, баспасөздің стилі дегеніміз не? Оған жауап беру керек дегенде төменгідей мәселелерге көңіл бөлуіміз керек. Стиль деген термин екі заманнан бері қолданылып келеді. Стиль (грек сөзі – stylos ) – тақтаға сурет салып, сөз жазу үшін жұмсалатын таяқша. Сол сөзден шыққан стильді біз қазір басқаша қолданамыз, сондай- ақ «стиль» де өзінің алғашқы «жазу», «сурет салу» құралы мағынасын өзгертіп, мүлде басқаша ұғым, басқаша түсінікке ие болған. Соның бірі – таза, әдемі сөйлеу деген ұғымды білдіреді.

Ал стилистика болса – стильді зерттейтін ғылым. Стиль жеке адамның ерекшелігі, өзінің жеке қолданатын әдіс-тәсілі. Мысалы, суретшінің, мүсінші, композитор, спортшының стилі бар. Сондықтан, оқырманына белгілі бір ойды жеткізудегі әр автордың өзіне тән тәсіл , шеберлігі сол журналистің жеке стилі болып табылады. Бұдан шығатын қортындыны баспасөздің тілі, стилі дегеніміз белгілі бір ойды баяндау, істің мән-сырын, алдағы міндеттерін дәл, терең түсіндіру, мәселені принципті түрде, жоғары идеялық дәрежеде қойып, шеше білу керек дегенді білдіреді.

Жалпы алғанда әр газеттің өз стилі, тілі бар. Сондай-ақ, әр газеттің, әр номердің, әр номердегі әр материал авторының стилі болады. Осыған орай белгілі бір ой – пікірді редакторлық тұрғыдан қоя білу , оны оқырманның көкейіне қонымды етіп жеткізе білу де баспасөздің өзіндік стилі болып табылатындығына шек жоқ. Оның үстіне баспасөз, яғни, газет-журнал тілі дегеніміздің өзі бірнеше стильдік тармақтарды қамтиды. өйткені, кез келген басылым бетінен көркем әдебиет стиліне жататын әдеби туындыларды да, саяси-қоғамдық публицистиканы да, ғылыми стилде жазылған мақалаларды да, іс – қағаздары үлгілерін де кездестіруге болады.

Шындығына келсек, қазір біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Социалистік пе, әлде капиталистік пе? Ешкім оны ашық айтпайды, газет-журналдарда да жазылмайды. Бұл дұрыс емес. Керісінше, осындай қарама-қайшы кезеңде баспасөз стилі, бүгінгі таңның талабына сәйкестендіріліп жазылуы керек. Сонда ғана халықтың мүддесі ескеріледі, қайсы бір басылымның болсын стилі айқын, мақсаты ұғынықты болуы тиіс.

Мәселен, осыған орай тіл, стилде творчестволық ерекшеліктің қалыптасуында ұлы Гетенің айтуынша мынадай үш кезеңі бар екен: 1) өзінен бұрынғы үлгіге жалаң еліктеумен жүрген шақ; 2) мәнер, машық тапқан тұс; 3) ешкімге ұқсамайтын өзгеше стиль белгілеген кез. Бұл арада әдебиетпен әуестенушілердің бәрі де 3-ші сатыға жете алмайды екен. Көпшілігі мықтағанда 2-ші сатыны қанағат тұтатын көрінеді. әйтпесе, 1-ші сатыдан аса алмай, тырбаңдап қалып қоятындары да аз емес көрінеді.

Бұдан шығатын қорытынды кез – келген ақын – жазушылардың стиль іздеу бекершілік болмақ. Сондықтан, өлең қиыстырушылардың бәрі ақын, сөз жаза білушілер түгелдей жазушы десек қателесеміз. Бұл арада әр сөзді орнына дәл тауып қоя білу өнер. Олай десек стиль дарынға байланысты болып шығады. Ал шындығына келсек, дарын, табиғи талант жоқ жерде стиль де болмайды. Себебі, бұл екеуі бір-бірімен өзектес, сабақтас нәрсе. Сондықтан, кез – келген жазушының жалғыз жарым әңгімесін не повестін оқып шығып, оның творчестволық ерекшеліктеріне баға берем деушілік ерсілікке жатады. Ол үшін жазушы өз шығармасында сюжетті қалай құра білген, әңгімеде образ жасай алған ба, эсседе тіл ерекшелігі көрінеді ме деген сауалдарға жауап іздеу керек: Демек, жоғарыда айтқанымыздай жазушының стилі жайлы бір емес, барлық шығармаларын оқып, танысып шыққан соң ғана, салиқалы тұжырым жасаған жөн.

Ал, жалпы жазушының не журналистің стилі өзгеруі мүмкін бе деген сауал туындаса, оған «иә» деп жауап береміз. өйткені, суреткердің дүние-танымында немесе идеялық бағытында елеулі өзгерістер болса, оның стиліне де ықпал етеді.


Бақылау сұрақтары:

1.Қазіргі газет жанрлар.

2.Басмақаланың стильдік ерекшелігі.

3.Газет жанрларына қойылатын талаптар.



Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық, мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. Қарағанды, 1999.

2.Әміров Р.Газет тілінде ұсырасатын кейбір сөз тіркестері жөнінде. 114-б.

Тіл мәдениеті және баспасөз. А., 2002.


2 Дәріс. Ақпарат жанрының тілдік ерекшеліктері.

2.1. Хабарлама жанрларының өзіндік ерекшеліктері.

2.2. Хабарлама жанрлары.

2.3. Ақпараттық жанрлардың тілдік ерекшеліктері.

«Ақпарат» (информация) туралы түсінік.Сонау ерте дәуірден бастап,күні бүгінге дейін ақпарат тарату тәсілдерін жетілдіру жолында тынымсыз ізденіс үстінде келе жатқандығы белгілі.Соның бір көрінісі,яғни нәтижесі – ғарышқа хабарлар тарату болып табылады.

Бас мақала. Қазіргі кезде баспасөз бетінде онша көп қолданыла бермейді. Әйтсе де, кезінде бас мақала жетекші жанр болып есептелген. Себебі, ол өз алдына үлкен мақсаттар қойып, ірі мәселелерді жазады. Тек жазып қана қоймай, оларды шешудің жолдарын қарастырады. Осы жерде оның жазылу тілі мен стилі де айқындалады. Себебі, бас мақаланы жазған автор онда тек өз ойын ғана емес, жалпы редакция ұжымының ойын да айтады.

Бас мақаланың тағы бір өзгешелігі – оның публицистикалық ерекшелігінде. Мұнда журналистің өз ойы ғана емес, әлеуметтік мәні бар, көпшілікті қызықтыратын, оқырманды көптен толғандырып жүрген тақырыптар сөз болады.



Заметка. Хроникалық заметка жаңалық берудің ең қарапайым түрі болып есептелінеді. Оның көлемі екі жолдан 10-15 жолға дейін болып келеді. Жанрлық ерекшеліктерден туындайтын талаптар информацияны беру кезіндегі тілдің стиліне көп әсерін тигізеді.

В.А.Вьюник, В.Ж.Титуниннің «Информация – как газетный жанр» деген зерттеулерінде хроникалық заметкаға : «Ол жаңа фактінің тек өзін ғана, ешқандай бояма, қоспасыз беруі керек. Мұндай информациялардың тақырыбы болуы шарт емес. Олар болған оқиға төңірегінде қысқа әрі нұсқа, не? қайда? қашан? деген сұраққа жауап беруі керек», - деген анықтама берілген. Бұл жерде автор немесе журналистің міндеті оқиғаны суреттеу емес, фактіні хабарлау болып табылады.

Хроникалық жаңалықтар мазмұн жағынан өте бай болып келетіндіктен, оларға ешқандай шек қойылмайды. Себебі, ол ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет, спорт және тағы да басқа тақырыптардың барлығын да қамтиды. Және бұл көбіне кітаби жазба стилімен жазылады. Ең бастысы кез – келген оқиға – құбылысты анық көрсету мен тура мағынасында қолдану хроникалық информацияны ауызекі тілден анықтатып, ғылыми стильге жақындатады.

Репортаж. Бұл жанр төңірегінде зерттеушілер арасында түрлі көзқарастар бар. Ал, осы пікірлерден шығатын қорытынды, біріншіден, репортаж – негізгі фактіге құрылатын, оқиғаны шындықпен суреттейтін әрі белгілібір объектіге арналатын жанр. Бұл қасиеттердің барлығы оның хабарлама жанрына жататынын дәлелдейді.

Екіншіден, репортаж – эмоциямен жазылады. Оқиғаны әсерлі етіп, әдемі сөздермен өрнектейді.

Үшіншіден, репортаж – халықтың көзі мен құлағы тәрізді. Оны жазу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Репортажды жазу үшін оның жанрлық ерекшелігін жете меңгерген жөн. Оны жазған журналист өзі қатысқан немесе өзі бақылап тұрған оқиғаны әлі жеткенше көркем тілмен жазуы керек.

Төртіншіден, репортаж – нақты бір уақыт аралығындағы болып өткен жаңалықты, оқиғаны қамтиды. Репортаж басқа хабар жанрлары сияқты жаңалықты, оқиға, құбылысты жай хабарлай салмайды, көз алдымызға елестетеді, суреттеп көрсетеді. Оқиғаның болған жері, ондағы кейіпкердің көңіл – күйі репортаж арқылы көрсетілуге тиіс.

Бесіншіден, репортажда автор көрген – білгенін тізе беру емес, оқиғаның ең маңызды, керек тұстарын ғана баяндайды. Репортажда проблема көтеріліп, ұсыныс – пікір айтылуы тиіс. Репортажда ойдан қосуға болмайды, ол оқиға сәттерін дәл беруге, ондағы әрбір сәтті шын, болған қалпында суреттеп, иә болмаса хабарлауы керек. Ең негізгісі – факті дәл әрі нақты берілуі тиіс.

Репортаждағы басты мақсат – оқиғаны елестету, көрсету, суреттеу болып табылады. Мысалы, газет репортажы ең қиыны. Себебі, оқырман оны оқып отырып, оқиғаны көз алдынан өткізуі шарт. Бұндағы оқырманның оны көз алдынан өткізіп, сезінуі, бір сөзбен айтқанда, барлығы да автордың жазу шеберлігіне байланысты. Ал, керісінше, радио мен теледидарда салыстырмалы түрде жеңілірек. өйткені, эфирден дауыс, көңіл – күй естіледі, теледидардан әрі көріп, әрі естиді.

Репортаж негізінен 3-ші жақта баяндалады. Әйтсе де, онда автордың «мені» айрықша білінп тұрғаны шарт. өйткені, оның осы «мені» репортажда оны және бір қырынан көрсетуге көмектеседі. Автор мұнда мәселенің тек сыртына ғана үңіліп қоймай, «өзіні» «мені» арқылы оқиғаның ішкі тылсымын да түсіндіруге тырысады. Яғни, бұл жерде репортаждың басты кейіпкері – автордың өзі. Басқа хабарлама жанрлар негізінен болған оқиғаны хабарлаумен шектелсе, ал репортаж болса қысқа жазылатынына қарамастан, құбылысты жан-жақты, барлық көрінісімен суреттеуге тырысып, әрекет жасайды.

Енді репортаждың тілдік құрылымына келетін болсақ, онда репортаж жазу барысында көптеген нәрселер қамтылады. Мысалы, хабарлау, суреттеу, көрсету, бағалау т.б. бұл қасиеттерді қамту автор тілінің тартымдылығын талап етеді. Сондықтан да біз репортаждан басқа да газет жанрларына тән элементтерді кездестіріп отырамыз. Бұл жөнінде орыс зерттеушісі Е.Рябчиков: «Репортаж басқа жанрлардың арасында көрнекті орын алады. Ол бойынша очерк, интервью, есеп, корреспонденция сияқты түрлі жанрлардың ең жақсы белгілерін жинай білген. Оның басқалардан айырмашылығы – белсенділігі мен күрескерлігінде, өмірдің алуан түрлі тақырыптарын қозғай білуінде. Кез келген оқиғаны жаза отырып, репортер оқиға көріністерін әдемі суреттейді, қатысушы адамдарға мінездеме беріп, олардың бет-бейнесін шебер жасайды. Сондай-ақ, оқырманға олардың тілдік белгілерін көрсетуге, өзі жазып отырған (завод, цех т.б.) органдарының ауасымен тыныстатуға тырысады», - деп жазған.

Репортаж, әдетте, бір оқиға төңірегінде жазылғандықтан нақты фактіге құрылуы керек. Басты міндет – шындықты көрсету. Жалпы алғанда, репортаж ауызекі сөйлеу стилі болса, автордың «менімен» тығыз байланысты. Бәрімізге белгілі бұл екі стилдің жазылуы өте жеңіл әрі баршаға түсінікті болып келеді. Бұған себеп, репортаж қысқа болған соң, оған түсінікті, қарапайым тілмен жазылу тән. Тегі, репортажды жақсы жазамын деп әрсіз метафора, эпитет, қиын да күрделі метонимия, әлсіз әсерлі ету құралдарын қолдану дұрыс емес. Себебі, дұрыс қолданыс таппаған тіркестер, материалдың шынайы реңін, әрін жояды. Бұл жерде тағы бір ескеретін жай репортажды әсерлі етіп жазудың екінші бір жолы – диалогты қолдану. Егер автор өзінің айтар ойын оқырманға диалог арқылы ұқтыра алса, репортаж көркемдігі одан әрі арта түсері сөзсіз.

Газет материалдарынан нақты мысалдар арқылы ақпарат жанрын ашып, айқындап тұрған тілдік, стильдік ерекшеліктерге тоқталу.Жанрлық ерекшеліктен туындайтын талаптар информацияны беру кезіндегі тілдің стиліне көп әсері болуы. Заменка жанрының ғылыми-зерттеу мақалалардан айырмашылығы. Көлемінің шектеулі болып келуі.Бұл жанрда публицистикалық сарынды танытып тұратын тілдік штамптарды пайдалану.Осы ерекшеліктерді қатаң сақтау арқылы ойды нақты да айқын жеткізуді мақсат ету.Аз сөзбен көп мағына беру арқылы бұл жанрға тән сөйлемдердегі берілген сөздердің қалай қолданып тұрғандығын,тілдік ерекшеліетердің мәнін түсіндіру.

Сұхбаттың стильдік ерекшеліктері. Газет жанры ретінде сұхбаттың ерекшелігі. Сұхбаттың әлеуметтік маңыздылығы.Тілдік ерекшеліктеріне байланысты Розенталь,В.Т.Бобылевтың, т.б. ғалымдардың ғылыми пікірлеріне тоқталып өту. Сұхбат тілінде әдеби нормадан ауытқу,кәсіби,диалекті,термин сөздермен қоса жаргондардың көп кездесетін жанр екендігі.Сұхбат жанрының түрлеріне қарай қолданатын тілдік,стильдік ерекшеліктер.Шағын формалы сұхбат: (жедел) сұхбат,блиц-интервью,телефон-сұхбат т.б. әр түрлі басылымдардағы тілдік ерекшеліктері. Дөңгелек-стол, пресс-конференция, диалог, монолог сияқты пішіндерінің баспасөздегі тілдік, стильдік ерекшеліктері. Сұхбат жанрының ресми және бейресм и газеттеріндегі тілдік қолданыстың өзіндік белгілері.

Репортаж жанрының тілі мен стилі. Репортаж жанрының тілдік ерекшеліктеріндегі басқа жанрлармен ұқсастығы және айырмашылығы. Репортаждағы автор тілінің тартымдылығы.Репортаж жанрының көркемдігі мен проблема көтере білуіндегі тілдік қолданыстар.Репортаж жанрының экспрессияға құрылған, оқырманға әсер ету, еліктіру сияқты оқиғаға қатысушылар пікіріне иек арта, фактіге сүйене отырып, баяндау, суреттеу, елестету негізіндегі тілдік элементтердің сұрыпталып қолданылуы.. Репортаж жанрының шеберлері туралы.



Бақылау сұрақтары:

1. «Ақпарат» туралы түсінік.

2.Ақпарат жанрының тілі,стилі.

3.Сұхбаттың тілі мен стилі.


Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық, мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. Қарағанды, 1999.

2.Әміров Р.Газет тілінде ұсырасатын кейбір сөз тіркестері жөнінде. 114-б.

Тіл мәдениеті және баспасөз. А., 2002.


3 Дәріс. Корреспонденцияның өзгешеліктері.

Зерттеуші – ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, корреспонденция репортажға жақын, сол сияқты оның бойынан мақал мен очерктің де элементтері кездесіп қалады. Бірақ, оның да өзіндік жазылу шеңбері, сөз қолдану жүйесі бар. Корреспонденцияның стилдік әрі жанрлық ерекшелігі материалды жинап, қорытуынан, оқырманға ұсыну үлгісінен байқалады. Бұл жанр газет бетінде көп кездеседі. Ол негізінен озат адамдардың істерін үлгі етіп, жақсы тәжірибелерді көпшілікке насихаттайды.

Корреспонденция көбіне баяндау стилімен жазылады. Оқиға, болмысты, фактіні, өзіндік жүйесімен логикалық байланыста баяндайды.

Баспасөз бетінде қазір көбіне проблемалық корреспонденциялар жиі жарияланып жүр. Бұл бүгінгі таңдағы экономикалық жағдайларға тікелей байланысты болуы керек.

Корреспонденция үнемі жаңғыртылып, желпіндіріліп жазылуы қажет. Бірқалыптылық, бірізділік оған жат көрініс. Керісінше, бұл жанрдың тіліне мақал – мәтел, қанатты сөз, эпитет, келісті көріністерді суреттеу тән. Корреспонденцияның тағы бір ерекшелігі ол нақты фактінің жанры болғандықтан, көрген, әбден зерттеген объекті немесе субъектісін шындықпен әр қырынан алып суреттейді.

Баспасөз беттерінде өзінің тұрақты оқырмандарын қалыптыстыру үшін корреспонденцияларды белгілі бір айдарлардың аясына топтастыру арқылы береді. Мұндай жағдай, оқырманның көп әуреленбей, оны жылдам тауып оқуына себеп болады. Көбіне, оларға қойылатын айдарлар бір – бірлеріне ұқсас болып келеді. Өйткені, сол тақырып арқылы оқырман алда сөз болатын информациядан түсінік алуға тиіс. Яғни, бұл жерде тақырып мәтіннің мазмұнын ашып көрсететіндей дәрежеде болуға тиіс. Корреспонденцияның грамматикалық формасы тек жалғыз бастауыш немесе сын есіммен бірлескен бастауыш, тағы да басқа сөз топтарымен байланысқан бастауыш, кейде қос бастауыш түрінде болып келеді.

Сондай-ақ, бастапқы жолдар да корреспонденцияда үлкен роль атқарады. Себебі, онда бұл жанрда берілетін информация туралы қысқаша сипаттама беріледі.

Композициялық, мағыналық, стилистикалық тұрғыдан алғанда корреспонденция мәтіндегі бастау (зачин) бірнешеге бөлінеді. Мұнда бастау айтарлықтай орын алмаса да, оқырманға проблеманы түсіндіру, өте маңызды, ол корреспонденциядағы негізгі сұраққа жауап беру қызметін атқарады. Жалпы алғанда, бастау мәтіні оқуға түрткі болуға тиіс. Олардың стилистикасына, мәтіні мен ара қатысына қарап төмендегідей топтарға бөлеміз:



  1. Суреттеме бастау.

  2. Сюжетті бастау.

  3. Ақпаратты бастау.

  4. Көріністі суреттейтін бастау.

  5. Сілтеме (отсылочный) бастау.

Корреспонденция жанрының екінші бір ерекшелігі оның аяқталу түйінінің болуында жатыр. Бұл жанрдың құрылымдық негізінде түйіндеудің орны ерекше болып келеді. Өйткені, мұнда қорытынды болуы шарт. Қорыта айтқанда, түйіндеуде корреспонденцияның мазмұнын ашатын ойдың қысқаша дәні берілуі тиіс.

Мәтінмен байланысына, грамматикалық безендірілуіне (модальдық) және стилистикалық бояуларына қарай түйіндеулерді мынадай реттіктермен қарастыруға болады.



  1. Қорыта түйіндеу. Бұл жағымды дүниелерді суреттейтін информациялық корреспонденцияға тән қасиет.

  2. Талдап қорыта түйіндеу. Нақты айтқанда бұл бір мекемені жаза отырып, олардың кездесетін қасиеттеріне талдау жасау арқылы көпшілікке үлгі ету, соған ұқсауға шақыру немесе сабақ ретінде кемшіліктерінің сырына шұқшия үңіліп, енді оны қайталамауға үндеу.

  3. Түйінді түйіндеу. Алдыңғы атылған жайларға қорытынды, түйін жасау арқылы аяқтау.

  4. Тұжырымдалған шешімді түйіндеу. Мұндай корреспонденцияда қорытынды жасай отырып, алда тағы қандай жұмыстар істеп, нені шешу жөнінде сілтеме беріледі.

  5. Кепілдемелік түйіндеу. Мұнда қорытындымен бірге ұсыныстар да айтылады.

  6. Қаратпалық түйіндеу. Бұл сыни корреспонденцияға арналған. Соңында кемшіліктерді жоюдың жолы көрсетіледі.

  7. Сенім білдіре түйіндеу. Проблемалық корреспонденциялаға тән. Кемшіліктерді көрсете отырып, оларды жақсартудың жолдарын сенім білдіре ұсынады.

  8. Көріністік түйіндеу. Бұл да проблемалық корреспонденцияға тән. Мысалы, жаңа салынған завод немесе құрылысты сипаттай отырып, оның алдағы жұмыстары жөнінде оқырманға оның нақты көріністерін ұсынады.

Корреспонденциядағы түйіндеуді қорытып айтатын болсақ, «Бұл іске көңіл бөлу керек», «Мәселеге терең үңілген жөн» деген сияқты жалпылама қорытындылар емес, нақты ой – пікір, ұсынысы бар қорытынды түйіндер жасалуы тиіс. Корреспонденцияға тән лексика ол ауызекі сөйлеу стилі мен ғылыми, публицистикалық стильді пайдаланады, корреспонденцияда өзі жазып отырған дүниенің тарихына көп мән бере бермейді. Оның мақсаты – қазіргі заманға лайық әрі ескілікті екшеп, болашақты жазу. Сондықтан да онда жаңа сөздер, терминдер, кәсіби диалекті сөздер көп қолданыс табады. Газет материалдарында сандық (цифрлық) мәліметтер келтірген жөн. Бұл өзі сипаттаған оқиғаны автордың жақсы зерттегендігінің белгісі әрі нақты фактілерді пайдалану материалдың құнын арттыра түседі.

Автордың «менінің» корреспонденциядағы көрінісі, біріншіден, автордың материалды жазғанда оқиғаны қалай алғанынан, зерттегенін 1-ші жақпен баяндағанынан көрінеді. Екіншіден, 1-ші жақтың көпше түрін пайдаланып, «біз» деген есімдік арқылы өзі де жазып отырған материалының оқиғасына етене араласып кетеді.

Очерк. Публицистикалық жанрлардың ішіндегі ең қиын да күрделісі. Оны тілдік қызметіне қарап екі жанрға жақындастыруға болады. Бірі – публицистикалық, екіншісі – көркем әдебиет, очерктің портреттік, жолсапар, проблемалық деген түрлерінің барлығы белгілі. Жалпы алғанда «Очерк публицистикалық жанр ретінде үлгілі оқиғаны, құбылысты, оның кейіакерлерін насихаттайды. Басқа жанрлардан ерекшелігі очерктің бойында көркем әдебиеттің элементтері көптеп кездеседі. Ал, көркем - әдебиеттің жанрларының ерекшелігі – нақтылық, фактіні қолдану және публицистикалық элементтердің болуы. өмір құбылыстарын терең зерттеп, сырына ерекше мән бере отырып, очерк түрлі проблемаларға барлаушы ретінде араласып, ескілікпен күресіп, болашақты насихаттайды».

Очерктің тақырыбына шек қойылмайды. Адам өміріндегі еңбек, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім, мәдениет және т.б. – бәрі оның қамтитын тақырып аясына сыйып кетеді. Тілдік құрылымы жағынан әдеби тілдің жазбаша түріне жатады, бірақ тақырыптық шектеудің жоқтығынан ол өзіне сойлеу тілінің әр түрлі жағдайын бейімдей алады.

Очерк өзінің белгілері жағынан алғанда жоғарыда айтқанымыздай публицистиканың ең қиын жанры. Өйткені, очерк жанр ретінде публицистикада да, көркем әдебиетте де кездеседі. Очерк еңбек адалсы мен озат ұжымның жақсы тәжірибесін, биік көрсеткішін насихаттайтын, көптің ортақ игілігіне айналған жанр. Ол көбіне сол адамдардың қол жеткен табыстары, адамгершілік әрекеттері туралы жылы лебіз білдіріп, тебірене баяндайды. Оның басты объектісі – адам.

Очерк публицистикалық жанр ретінде танымал оқиғаны, болған құбылысты осы оқиғаның басты кейіпкерін образды түрде суреттейді. Ең алдымен дәуір талабына, сол кезеңнің күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелеріне үн қосады. Очерк көркем суреттеулермен қатар публицистикалық баяндауларға барып, әлеуметтік – статистикалық дәлел – деректерді пайдаланады.

Тіл құралы қызметі жағынан әдеби тілдің жазба түріне жатады, бірақ тақырыптық шектеудің жоқтығынан жоғарыда айтып өткеніміздей, ол өзіне сөйлеу тілінің әр түрлі жағдайын бейімдей алады. Көркем сөз-ойды және сезімді образ арқылы бейнелейтін айрықша өнер. Тілді көркем пайдалану баспасөзде ерекше эстетикалық қызмет атқарады. Адам өз ойын тілдік құрал арқылы дараласа, көркем шығармалар жазушы, журналистің өмір тануына, қоғамға көзқарасы, сол өмір фактісін жинақтап, қорытып бейнелі, әдемі тілмен жазу мәнері мен шеберлігінен туындайды. Сөйлеу тіліміздегі сөздер бұрыннан үйреншікті қалыпта жұмсалады, ал көркем шығармада болсын, публицистикалық жанрларда болсын сөздер сараланып, іріктеліп белгілі стильдік мақсатта қолданылады. Көркем сөзбен жазылған әдеби шығарма болсын, корреспонденция, мақала, очерк болсын өмір фактілерін жан-жақты терең қамтитын – жанды организм. Онда адам да, құс та, табиғат та қатысады.

Тұрмысымыз, шаруашылығымыз, мәдениетіміз, экономикамыздың даму жолдары көрсетіледі. Публицистикалық шығармалардың өз объектісі, проблемасы, ал көркем шығармаларда жағымды, жағымсыз кейіпкерлері болады. Олардың әрқайсысының бейнесін, образын, портретін ашу үшін іс - әрекеті, ой - өрісі, өмірді тануы, яғни, әр кейіпкердің тіл ерекшеліктері болуы шарт.

Шығарманың идеялық мазмұнын, көркемдік ерекшелігін айқындауда тілдік ерекшеліктердің мәні зор. Мұнда байқап, мән беретін нәрсе образдың атқаратын қызметі ерекше. Мәселен, «Қылқаламның ұшында хантәңірі қалды» (эпитафия), «Сия қаламмен түртіп көргенде қаламұшы ілесе, сағыздай созылып сала береді. Бұл не сонда?... Зады, бояу солай болушы ма еді, әлде суретшінің салынып үлгермеген сансыз шығармасы сол бояуды көркеп, келтірмей тұра ма?» (теңеу), «Иә, қазақы тұрғыда айтсақ, кітапханалар жайы – шарқырай, шырылдап ұшып жүрген, үнінде халықтың мұңды әуені бар, көз көргеннен көмек күткен бозторғайдың кейіпінде» (күрделі метафора), «Туған халқының алдындағы перзенттік парызын аброймен ақтаған саңылақ суреткердің өз қойнына енгелі келген қаралы дөңесте жаралы жолбарыстай жантая мүлгіп, армансыз жатуына әбден хақы бар» (эпитафия).

Қазіргі очерктерде авторлық баяндаудың үш негізгі типі көп тараған, олар өздерінің атқаратын функцияларымен ажыратылады. Баяндау типтері бір-бірімен баяндауды құрудағы авторлық белсенділікпен ерекшеленеді. Очерктегі баяндаудың ең көп тараған түрінде объектіні сипаттау үшін 3-ші жақ формасы қолданылады. Автор, баяндаушы құбылысты, оқиғаны өзі қатыспай – ақ объективті түрде суреттейді. Бұл суреттеу өткен шақтағы етістіктің 3-ші жағының жекеше немесе көпше формаларының көмегімен келтіріледі.

Баяндаудың бұл түрінде бірінші жақтан жүреді. Мұндай суреттеуде баяндаушы авторға жақын. Автор баяндауды белсенді жүргізуші ретінде көрінеді. Баяндаудың бұл түріне авторлық «мен» тікелей қатысты. Очеркке сондай –ақ мазмұндауды «біз» арқылы баяндау да тән. Бұл баяндау ұжымдық шығармашылықтың жемісі, ол көбінесе жолсапар очеркінде кездеседі.

Очерктің жанрлық түрлері де көп образды болып келеді. Енді олардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, онда:




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет