Тақырыбы: Когнитизм және когнитология.
Жоспары:
Когтитизмнің қазіргі тіл білімінен алатын орны.
Тіл біліміндегі адам факторын басшылыққа алу мәселесі.
Когнитологияның құрамындағы когнитизмнің дамуы.
Когнитология ілімінің қоғам мен адамды тану үшін атқаратын қызметі.
Антропоцентризм парадигмасы мен когнитизм бағыты.
Когнитивті тіл білімі когнитивизм ғылымымен тікелей байланысты. Когнитивизм – бұл адамның зердесін ойлау қабілеті мен ментальді әрекеттері және оның жай-күйін зерттейтін ғылыми бағыт. Адамның білімі мен танымы туралы, дүниені қабылдау және ұғыну механизмі туралы ғылым. Когнитивизм адамның ойлау әрекетін тереңінен танытатын «өндірістік», «жүйелі» ғылыми әдістер ұсынады. [66 17-33]. Когнитивизмнің басты зерттеу нысаны – адамзаттық когниция. Оны тек байқау, бақылау әдістері арқылы зерттеп қоймай, ментальді репрезентациясын (ішкі танымын), білімнің негізін қалыптастырған символдар мен адамның стратегиялық таңбалаларын айқындау керек. Демек адамның когнитивтік әлемі оның ойлау әрекеті мен тәжірибесі арқылы анықталады. Адамның бұл әрекетін танытатын негізгі белгі – оның тілі. Себебі тіл – адамның қабылдаған ақпаратын өңдеп санада реттеген нәтижесін көрсететін құрал [7].
Профессор Э.Д.Сүлейменованың зерттеуінде тілдің когнитивтік аспектіде көрінуі ондағы мазмұнның жан-жақты танылуы мен дүниені бүтіндей меңгеруден байқалады. Бірақ тіл жеке тұрып ақиқат дүниені бүтіндей таныта алмайды [8,127]. А.А.Кибриктің пікірінше: «Тілдік формалар когнитивтік құрылымдарды таныта алған жағдайда ғана тіл когнитивтік қырынан көрінеді».
Ғалым Ж.Манкееваның зерттеулерінде: «Тілдегі мазмұнның аталуы оның кумулятивтік қызметімен тікелей байланысты. Ол өз кезегінде қабылдау, ойлау, жад сияқты психологиялық ұғымдармен тығыз байланысты болып, тұтас күйіндегі когнитивті парадигма құрайды», - деп тұжырым жасайды.
Демек когнитивтік тіл білімі – ақиқат дүние туралы санада қалыптасқан білімді репрезентациялау әдісін, заңдылығын, теориясын зерттейтін ғылым сонымен қатар когнитивтік тіл білімі дүние бейнесін модельдеуге, тілдік сананың құрылымын модельдеуге бағытталады. Дүние туралы түсініктің санада қалыптасуы үш деңгейлі психикалық әрекеттердің өзара қатынасынан туындаған нәтижесіне байланысты: біріншісі – сезімдік қабылдау (көру, есту, терімен сезу, иіскеп сезу, дәмін сезу, т.б.)деңгейі; екіншісі – түсініктің қалыптасу деңгейі (қарапайым стереотиптер, ассоциациялар, эталондық таңбалар, жеке ситуациялар қарапайым бейне, санадағы ойсуреттер, абстракция); үшіншісі – ойдың тілдік деңгейі. Санада қалыптасқан бұл операциялар бір дүние туралы ақпараттар жиынтығын тудырады. Осы жиынтық концепт жүйесін құрайды.
Қорыта айтқанда, когнитивтік тіл білімі бағытының қызметі:
тілге дейінгі санада қалыптасқан дүние туралы ақпараттарды жинақтау және тұжырымдау (концептілеу);
оларды бір жүйеге топтастыру (категориялау);
дүниенің санада бейнелену көрінісін анықтау;
тілдегі бейнелеуін айқындау.
Бірінші тараудың екінші тармағында концепт мәселесі қарастырылып, лингвомәдениеттану, лингвокогнитивтік, психолингвистикалық салаларында өзара ұштасатын қасиеттері айқындалады. Аталған ғылым салаларында концепт әр деңгейде ұғынылады. Концепт когнитивтік тіл білімінің басты термині ретінде қарала бастағаннан-ақ мағына мен ұғым, лингвомәдени бірлік терминдерімен ауыстыра қолдану жағдайы кездесе бастады. Сондықтан зерттеушілер ең алдымен осы ұғымдардың ара жігін ажыратып көрсеткенді жөн көрді. Ю.Степанов: «Мағына тек тіл жүйесінде ғана анықталатын тіл білімінің термині, ал ұғым тіл білімі мен логика саласындағы логикалық қатынастар жүйесінде анықталады», - деп көрсетеді. С.Аскольдов, Алексеев «концепт лексикалық мағынаға қарағанда ауқымы кең дүние», - деп таниды.
«Концепт» пен «ұғым» терминдері ішкі формасына қарай бірдей: концепт латынның «conceptus - ұғым» сөзінің калькалық аудармасы. Бірақ қазіргі таңда екі ұғымның да өзіндік ерекшелігі байқалуда. Егер ұғым танылатын объектінің мәнді, мазмұнды қасиеттерінің жиынтығы болса, ал концепт – ұлттық болмысқа негізделген ментальді білім жиынтығы. Оның мазмұн межесі – объект туралы ұжымдық, тұлғалық санадағы барлық біліми ақпараттар шоғыры болса, тұрпат межесі – тіл бірліктерінің жүйеленген көрінісі (лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық т.б.) концептіні белгілі бір мағына бере алатын, әлемді танытатын таңба ретінде қарастыруға болады [11,73]. Концепт ретінде барлық ұғымды ала алмаймыз, тек белгілі бір мәдениетті тануда қолданылатын және автор үшін маңызды зор деп танылатын күрделі ұғымдарды, ең басты жалпыадамзаттық, жалпыхалықтық, жалпыұлттық құндылықты таныта алатын ұғымдарды тани аламыз. Мысалы, қазақ халқы үшін киіз үй, шаңырақ, қамшы, ту, дала, көш, бөрік, бесік, домбыра, тұмар т.б. сөздер лингвомәдени бірлік ретінде, ұлттық мәдени бірлік ретінде ұлттық-мәдени концепт деп таныла алады. Ал орыс халқы үшін баспалдақ, қоңырау лингвомәдени бірлік ретінде мәдени концепт деп танылады. [7]. «Балалық шақ» концептісі қара борбай кез, шыбықты ат қып мінген кез, балық аулаған кез деген ситуациялармен беріледі. Соның ішіндегі «қара борбай кез» лингвомәдени бірлік ретінде ұлттық-мәдени таным тұрғысынан концептілік құрылымның бір компонентін құрап тұр. Концепт пен ұғымның басқа да өзгешеліктері бар: ұғым өз бойына мәнді, маңызды белгілерді жинайды, ал концепт – бұнымен қоса, мәнді емес қасиеттерін де қамтиды. Ұғым құрылымына қарағанда концепт құрылымының шеңбері едәуір кең. Концепт пен ұғымды оның құрылымдары арқылы ажыратуға болады. Ұғым құрылымында тек мазмұндық элементтер болады, оған концептілік құрылымдағы барлық элемент ене бермейді. Концептінің әрқашан эмоционалды, экспрессивті, бағалауыш сәулелері көрінеді (В.А.Маслова). Яғни концепт бойынан адамның объект (дүние) туралы жағымды, жағымсыз бағасы, әсері, эмоциясы, ойы, танымы көрінеді.
А.П.Бабушкин концепт пен ұғым терминдерін ұқсас деп танып, ғылыми саладан оның бірін, яғни «ұғымды» ығыстырып шығаруды ұсынады. «Қазіргі таңда тілші ғалымдар «ұғым» терминін классикалық мәнінде қолдана бермейді, оның орнына концепт деп аталатын ойлау конструктісін қолданғанды жөн көреді» [12; 14]. Н.Н.Болдырев, керісінше, екі терминнің де қолданылу аясы бар деп есептеп, оларды былай ажыратады: «Егер ғылыми танымда ұғымның көлемі (берілген дүниені толықтыратын белгілер мен қасиеттерінің жиынтығы) және мазмұны (ондағы бір немесе бірнеше объекті белгілерінің біріккен жиынтығы) болса, ал концептіде ұғымның мазмұндық бөлігі көрінеді».
Тіл білімінде концепт кешенді қолданыстағы, ұғым болғандықтан, әр қырынан тануға мүмкіндік туады.
Лингвомәдениеттаным аспектісінде, концепт-ақиқат дүниенің санадағы ұлттық-мәдени, этикалық, әлеуметтік танымын айқындайтын бірлік ретінде танылады. (Н.Д.Арутюнова, А.М.Мороховский, Д.С.Лихачев т.б.).
Психолингвистикалық аспектіде, концепт-ақиқат дүние туралы психикалық қабілеттер (қабылдау, жадыда сақтау, көру, есту, ұғыну, сезу) арқылы қабылданған алғашқы ментальді түсініктер ретінде танылады. (Р.И.Павиленгис, Дж.Келли. Дж.Каган).
Лингвокогнитивтік аспектіде, концепт-ақиқат дүниенің санада жан-жақты жинақталып тұжырымдалған ақпараттарды (денотатты, стереотипті, ассоциативті, ситуациялардың қабылдануы) мен когнитивтік семантикасы арқылы танылған көрінісі (бейнесі). Әрбір концепт тіл арқылы көрініс табады., концептіні танытуда тілдік семалар қызмет атқарады. (Е.Н.Кубрякова, а.Вежбицкая). Дүниені танытатын әрбір концепт компоненті санада фрейм, сценарий, ой, сурет, схема секілді фонға салынған бейнелер арқылы таңбаланады.
Концепт ұғымына берілген тұжырымдарды зерттеу нәтижесі концептіні танытатын мынадай қағидаларды ұсынуға негіз болды:
концепт ақиқат дүниенің құндылықтарын танытады;
к онцепт құрылымы санада ақиқат дүниенің мазмұнын беруге стереотиптік танымда (мысалы, күз «күрең күз», «салқын күз», «құстар қайтқан кез») және стереотиптік емес танымда (мысалы, күз «ағаштар сырға таққан кез», «есейгенімді сезінетін кез») таңбаланады.
концепт тіл арқылы көрініс табады;
концепт тұлғаның біліми деңгейін танытады;
белгілі бір ұлттың мәдени деңгейін көрсетеді;
әрбір ұлттың танымдық белгілерінің мазмұнын айқындайды. Мысалы: қазақ халқында танылған «шаңыраққа қара ту тігу» фреймі өлім концептісін объективтендіреді.
тұлғаның өзіндік танымдық стилін айқындайды.
концепт – адам тәжірибесіндегі идеалды түсініктің ең кішкене бірлігі.
концепт – білімді тарату, сақтау және оны өңдеудің негізгі бірлігі.
концепт – белгілі бір мәдени болмыстың негізгі ұясы.
Поэтикалық мәтінде автордың концептісін таныту және қолдану шеберлігіне қарай оны әр деңгейде топтастыруға болатыны анықталды. Мәтінде концептілер мазмұндық, қолданымдық, түрленімдік көрінісіне қарай ажыратылады.
Зерттеу барысында концептілердің санада танылу деңгейіне қарай, ақиқат дүниенің болмысы мен өзіндік ерекшелігіне қарай метафизикалық, ұлттық-мәдени, эмоционалдық концептілер деп шартты түрде жіктеуге болатыны анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |