13. Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі шаралар
Атмосфералық ауаны қорғау маңызды және қиын мәселе болып табылады. Оны орындау, ауаның табиғи жағдайын сақтаудың және қайта қалпына келтірудің; сонымен қатар, адам денсаулығына және қоршаған табиғи ортаға қолайсыз әсерлерінің алдын алудың барлық мүмкін болатын аспектілерін қамтитын жолдармен іске асырылуы қажет. Атмосфералық ауаны қорғау жөнінде жүргізілетін шаралардың ауқымды кешені заңға негізделеді. Қазақстан Республикасының «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» (11.03.2002 ж), «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық аман-саулығы туралы» (4.12.2002 ж), «Қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы» (15.07.1997 ж) зандары атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі құқықтық және ұйымдастыру негіздері мен экологиялық-гигиеналық талаптарды анықтайтын негізгі заңдары болып табылады. Заңнамаға сәйкес атмосфералық ауаны қорғау мемлекеттің басқаруында болады, себебі бұл сұрақтар жалпы мемлекеттік масштабта шешіледі және жеке адамдардың немесе жекелеген тұрғындар топтарының мүддесіне тәуелді болмауы керек.
Атмосфералық ауаға теріс әсерлерді төмендету мақсатында, өндірістегі әр түрлі технологиялық үрдістерді, соның ішінде, табиғи пайдалы қазбаларды алу, жарылыс жұмыстары, тасымалдау, улы химикаттарды сақтау және қолдану, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдаға асыруды және т.б. жүргізу үшін ҚР Заңдарымен нақты ережелер мен талаптар орнатылады. Атмосфералық ауаға химиялық және биологиялық ластаушыларды шығаратын, сонымен қатар, физикалық ластаушылардың көзі болып табылатын мекемелер мен ұйымдардың жұмысы да заңмен реттелініп отырады. Оларға физикалық факторлардың әсер ету деңгейін азайтуға және шығарындыларды төмендетуге бағытталған ұйымдастыру, технологиялық, техникалық және санитарлық-техникалық, сонымен қатар, жоспарлау шараларын іске асыру жүктеледі. Жоғарыда аталған шаралардың ішінде ең тиімдісі технологиялық шаралар болып табылады, себебі өндірістік үрдістің технологиясына өзгерістер енгізу, атмосфералық ауаға шығарындылардың мөлшерін едәуір азайтуға немесе оларды мүлде жоюға мүмкіндік береді. Стратегиялық технологиялық шараларға аз қалдықты және қалдықсыз, сонымен бірге, ресурстарды сақтайтын технологияларды дайындау мен енгізу жатады.
Заң атмосфералық ауаны қорғау саласында бақылау жүргізуге міндетті етеді, оны экологиялық қызметтер және санитарлық эпидемиологиялық қызметтің органдары және мекемелері жүргізеді. Ластаушылардың көздеріне, атмосфералық ауаның сапасына, ластанған аумақтарда тұратын тұрғындардың денсаулық жағдайына үнемі мониторинг жүргізіліп отырады. Өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылыстары мен қайта құруының барлық жобалары міндетті түрде экологиялық-гигиеналық сараптамадан өтеді.
Сақтық санитарлық бақылау өнеркәсіп кәсіпорындарын салу үшін жер телімін таңдау және бөліп беру кезінде, сонымен қатар, ауаны ластаушы көзі болуы мүмкін нысандардың салынуы мен пайдалануға беру кезінде де іске асырылады. Жұмыс істеп жатқан нысандарда үнемі күнделікті санитарлық бақылау жүргізіліп отырады. Атмосфералық ауаны қорғау механизімінің біріне заңмен бекітілген сұрақтарды шешудің экономикалық рычагтары жатады. Оларға бір жағынан - табиғи ресурстарды пайдалану құқығына төлемдер, құқық бұзушылық үшін айып пұл санкциялары жататын болса, ал екінші жағынан, мемлекеттің салық жеңілдіктерін жасауы, табиғатты қорғайтын құрылыстар мен жабдықтарды сатып алу үшін және жаңа технологияларды дайындау үшін субсидиялар беруі жатады. Атмосфералық ауаның ластануында әкімшілік шекаралырының болмауы, сонымен байланысты, адамзаттың өмір сүруіне қауіп төндірген жаһандық мәселелердің пайда болуы, атмосфералық ауаны қорғау мәселелерінде халықаралық ынтымақтастықтың сөзсіз рөлін түсінуге мәжбүр етті.
1987 жылы озон қабатын қорғау жөніндегі және хлорфторкөмірсутектердің өндірісімен байланысты шығарындыларға тыйым салу туралы Монреальдік хаттамаға қол қойылды. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода мемлекет пен үкімет басшылары деңгейінде БҰҰ Халықаралық конференциясы өтті, онда Бағдарлама 21 және Климаттың өзгеруі туралы мәселе шеңберінде конвенция қабылданды. Бағдарлама 21 табиғи ресурстарды сақтау және рационалды қолдану сұрақтарына бағытталған супер бағдарлама болып табылды.
1997 жылы Киото (Жапония) қаласында әлемнің өнеркәсіптері дамыған елдерінен атмосфераға түсетін парниктік газдардың шығарындыларын қысқарту туралы Киото хаттамасы құрастырылды. Стокгольм конференциясында қоршаған ортада тұрақты органикалық ластаушыларды, атап айтқанда, полихлорланған бифенилдерді өндіруге тыйым салу туралы шешім қабылданды. Бағдарлама 21-ді нұсқаулыққа ала отырып, көптеген мемлекеттер, соның ішінде, Қазақстан Республикасы да, қоршаған ортаны қорғау, таза тіршілік және жұмыс ортасына адамдардың құқығын қамтамасыз ететін тұрақты дамуға көшудің ұлттық концепциясын дайындады.
Достарыңызбен бөлісу: |