Лексикадағы өзгерістер. Қазан революциясынан кейінгі түркі тілдерінің өзгеріске ұшырауы үрдісі оның лексикасындағы өзгерістерден анық байқалады. Байырғы сөздердің жаға ыңғайда қолданылғанда әуелгі мағынасының шеңберін кеңейте түсетіні-ежелден келе жатқан тіл заңдылығы. Ал Қазан төңкерісінен кейін бұл әдісті тиімді пайдалануға кең жол ашылды. Себебі, бұрын сөйлеу тілінде ғана қолданатын сөздер экономиканың, мәдениет пен ғылымның т.б. қарыштап ілгерлеуімен байланысты басқа стилдік сөздер жаңа мағынаға ие болып жаппай қолданыла бастады. Мысалы, аға сөзі бұрын ағайынды адамдардың жасы үлкеніне байланысты қолданылса, қазір аға лейтенант, аға ғылыми қызметкер деген сияқты сан алуан тіркестерде қолданып жүр. Бұнда туысқандық мағына жоқ, оларда тек дәрежені білдіретін мағыналық реңк бар.Әзірбайжан тіліндегі намус сөзі бұрын орыстың «честь» сөзімен мағыналас болса, қазір «гражданская доблесть» мағынасында қолданылады.
Кейбір сөздер өздерінің бұрынғы білдіретін мағынасынан қол үзіп, мүлде жаңа мағынада қолданыла бастайды. Мүше сөзін әуелде дене бөліктері атауымен байланысты қалыптасқан сөз болса, қазір белгілі бір ұйымның құрамына кірген адамдарды мүше деп атау дәстүрге айналған. Сөзбе-сөз (калька) аударып алу да жаңа сөздер жасаудың тәсілі ретінде лексиканы байыта түсудің көзіне айналып отыр. Қазан төңкерісінен кейінгі жерде аударып салу жолымен көптеген сөздер туындап, қазірде күнделікті тілімізде ұтымды қолданылып жүр. Мысалы, көрермен (зритель), оқырман (читатель), туынды (произведение) қолжазба (рукопись), өзбек тілінде болалар боқчаси (детсад), учбурчак (треугольник), арлашма (смесь) т.б.
Қосымшалардың қызмет аясының кеңеюі арқылы да жаңа сөздер жасалып, лексика құрамының бай түскендігі байқалады. Мысалы, тілші сөзі мамандық иесін білдіреді. –шы\\-ші қосымшасының мамандықты білдіруі төңкерістен кейінгі кезеңде ғана «дүниге келген» әдіс ретінде танылып отыр. Дәл, осы сияқты жолдармен жасалған сөздердің қатары өзге түркі тілдерінде де көптеп кездеседі.
Грамматикадағы өзгерістер. Грамматика тілдің өте баяу дамитын категориясы екендігі белгілі. Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірде жаңа грамматикалық категориялар пайда болып жатпаса да бұрыннан да бар категориялар өзінің қолдану аясын кеңейтіп, жиілігін көбейте түсті. Мысалы, башқұрт тіліндегі -ымта-емтэ (кушымча-приложение), элемтә (связь), -деш\\-дәш, (замандаш-современник), өзбек тілінде - чилик (деққончилик-земледелие), қазақ тіліндегі –шыл\\-шіл (отаншыл), -қыш\\-ғыш (ұшқыш-летчик), -кес (зиянкес-вредитель) т.б. қосымшалар өздерінің мағынасын, қолдану аясын бұрынғыдан кеңейте түскен. Енді бір қосымшалар өздерінің білдіретін мағыналарының ара-жігін ажыра бастаған. Мысалы, төңкеріске дейін өзбек тілінде -жақ тек келер шақ мағынасында қолданылса, -ғушы қосымшасы ауыспалы шақтың көрсеткіші ретінде қолданылады.
Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірде көптеген түркі тілдес халықтар өздерінің ұлттық алфавитіне ие болып, көркем әдебиетін дамытты, әдеби тілін нормаға келтірді.Жазу мәдениетінің өсіп жетілуі, тілдің стильдік тармақтарының дамуына жағдай жасады. Жазба әдеби тілі әріден жалғасып келе жатпаған не жаңадан қалыптаса бастаған қазақ, қарақалпақ, қырғыз, саха, тува т.б. тілдерінде көркем әдеби тілдің қалыптасуымен бірге ғылыми стиль, іс-қағаздар стилі, публицистикалық стилдер өз жүйесін тапты. Ал өзбек тілінің көркем әдебиет стилі ертеде қалыптасқанымен, оның негізінде көпшілік қауымға жат бола бастаған көне өзбек (шағатай) тілі жататын. Қазан төңкерісінен кейін өзбек әдеби тілі жалпы халықтың сөйлеу тіліне жақындай түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |