Регрессивті ассимиляция
Қазақ тілінде прогрессивті ассимиляцияның күшті екендігі айтылды. Бұл заң бойынша алдыңғы дауыссыз кейінгі дауыссызды дауыстың қатысы жағынан (акустика) өзіне сәйкестендіріп, толық тәуелді етіп тұрады. Алайда бұл заңға кейбір қосымшалардың басында кездесетін с,ш қатаңдары көне бермейтіні ескертілді. Сондай-ақ прогрессивті ассимиляция кезінде артикуляциялық жақтан да игерілмей қалатын дыбыстар бар. Әсіресе мұндай сәйкессіздіктер сөз бен сөздің аралығында көбірек ұшырайды.
Алайда тіл, яғни үндестік заңы мұндай сәйкессіздіктерге жол беріп отыра алмайды. Сөйтіп прогрессивті ассимиляция кезінде акустика-артикуляциялық жақтан игерілмей қалған дыбыстардың арасындағы сәйкессіздіктерге регрессивті ассимиляция керісінше, яғни кейінгі дыбыстың алдыңғы дыбысқа әсері арқылы реттейді. Мұны алдыңғы морфеманың (сөздің) соңында кездесетін үнді, ұяң және қатаң дауыссыздар түрінде қараса да жеткілікті. Өйткені регрессивті ассимиляция сөз соңындағы дауыссыздарға кейінгі морфеманың (қосымша мен сөз) басқы дауыссыздарының ықпалы түрінде ғана болады.
1. Үнді дауыссыздар да дауыстылар сияқты басқы дауыссыздарға күштілік жасайды да, оларға ықпал етіп тұрады. Прогрессивті ассимиляция кезінде үнділер алмасуға ұшырамайды. Ал регрессивті ассимиляцияға ұшырап алмасатын бір-ақ дыбыс бар. Ол – тіл алды н дыбысы.
Бұл дыбыстың тіл арты г,ғ үнсіздерінің (к,қ қатаңдары морфема жігінде үнділерден кейін ұяңдайтыны белгілі) алдынан келіп айтылу мүмкіндігі мүлде жоқ. Сондықтан да тілімізге ертеректе енген кейбір орыс сөздерінің құрамында кездесетін нк, нг тіркесіндегі н дыбысы біржолата ң дыбысына айналып кеткен: бәтеңке (ботинка), кәрзеңке (корзинка), резеңке (резинка), теңге (деньги). Сондай-ақ қос ерін б,м,п дыбыстарының алдында да н айтылмайды. Орыс сөзі кәмпіске болып, н дыбысы қос ерін м дыбысына алмасады. Қазақ тілінің байырғы сөздерінің құрамында нг, нғ, нб, мб, нп дыбыстары тіркесі айтуда ұшырамайды.
Сонымен н мынадай жағдайда регрессивті ассимиляцияға ұшырап, алмасады:
а) соңы н дыбысына біткен сөздерге тіл арты ғ және г дыбыстарынан басталатын қосымшалар жалғанған кезде тіл алды н тіл арты ң дыбысына Алмасады: күңге (күн-ге), қаңға (қан-ға), бүгүңгі (бүгін-гі), келгеңге (келген-ге). Мұнда ғ,г дыбыстары өзінен бұрынғы н дыбысын артикуляциялық жақтан игеріп тұр.
ә) соңы н дыбысына біткен сөздерге жалғанатын қосымша б,м дыбыстарынан басталса, онда тіл алды н қос ерін м дыбысына айналады: қаммен (қан-мен), жаммен (жан-мен), жамбады (жан-бады). Бұл құбылысы сөз бен сөздің аралығында да байқалады: омбір (он бір), омбес (он бес), омбет (он бет), қаммен тер (қан мен тер).
Достарыңызбен бөлісу: |