Сол кезде ұлтшылдық бағыт ұстағаным және партиялық тәртiптi бұзғаным үшiн Қазақстан өлкелiк комитетi менi партиядан шығарды. Мен орталық комитетке арыз жазып, партиялығымды қалыпына келтiруiме болатын едi, ол кезде (партиядан 1922 жылы шығарды) аз ұлттың өкiлдерiне, оның iшiнде жастарға үлкен кешiрiммен қарағаны белгiлi, партиядан шығып қалған қазақтардың бiразы дерлiктей қайта қабылданды, солардың бiрi боп мен де сөзсiз қабылданатын едiм. Алайда мен өтiнiш бергемiн жоқ. Парттиядан сырт қалдым. Сонда өз-өзiнен мынадай сұрақ туады: егер мен ұлтшылдардың тапсырмасымен партияға кiрген болсам, сонда ол тапсырма 1922 жылы толық орындалып бiттi деп ойлауға бола ма? Керiсiнше партияға жат пиғылмен кiргендер сол кезде де, одан кейiнгi жылдарыда әрi орындай беруге ұмтылмай ма?
Жас кезiмнен бастап өзiмнiң орынымды әдебиеттен iздедiм, тұңғыш пьесамның сәттi болып шығуы менiң барлық назарымды шығармашылық жұмысқа аударып әкеттi. Партия қатарынан шыққаннан кейiн мен саясатқа мүлдем енжар қарадым, таяу жылдарда, нақтылап айтсам 23/24 жылдары ендi ешқашанда саясатпен айналыспаймын деген шешiмге келдiм. Өзiмнiң өткен өмiрiмдегi әрекетiмдi iштей сараптан өткiзе келiп, өзiмнiң саясатқа мүлдем бейiмсiз екендiгiмдi аңғардым. Содан бастап саясатпен айналысқан емесiн.
Кейiннен университеттi бiтiрдiм, ғылыми марксизмнiң негiзiмен таныстым, өмiрiмдi әдебиетке, педагогикалық-ғылыми жұмысқа арнадым. Бар ықыласымды соған аудардым. Өзгедей әрекетпен айналысқаным жоқ.
58 – статьяның 7 – тармағы бойынша маған тағылған айыпты мойындамаймын, оның үстiне шаруашылық саласындағы iс-әрекеттерiм үшiн тағылған айыпқа менiң мүлдем қатысым жоқ деп есептеймiн Және одан үзiлді-кесiлдi бас тартамын. Өмiрiмде ешқашанда шаруашылық мекемелерiнде қызмет iстегенiм жоқ. Тек қана ағарту саласында жұмыс iстедiм. Бұл арада айтарым, еске алатын бiр мәселе бар: мына айыптауға қарағанда мен ұлтшыл емеспiн, керiсiнше, қаскүнеммiн, әйтеуiр, екiнiң бiрi ғана қалуы керек. Бiрақта артта қалған халыққа қызмет ететiн халық ағарту саласында, оның iшiнде сол халықтың өкiлiне зиянкестiкпен шұғылдану намысты әрекет және ақылға қонбайды.
Менiң шаруашылық мәселесiне қатысым туралы жайды тергеушi Попов маған былай түсiндiрдi: Ленинград қаласындағы менiң атыма жолдаған Ермекеовтiң хатында ол маған Қазақстандағы жергiлiктi халықтың жерге орналастыру барысында қысым көрiп жатқанын жазыпты-мыс. Сұрақ-жауап кезiнде мен тергеушiге онымен (Ермековпен – Т.Ж.) ешқашанда бұл тақырып жөнiнде хат жазыспағанымды айтып, бұл деректi жоққа шығардым. Осы хатқа байланысты мынаны есiме алдым. Ол менiң мекен-жайымды, менiң фамилиямды көрсетiп Ленинградқа хат жазыпты. Iшiн ашып қарағанымда ол хаттың маған арналмағандығын бiлдiм, өйткенi онда менiмен ол сiз деп сөйлесiптi, ал жасының үлкендiгiне байланысты олай жазуы мүмкiн емес едi. Соңынан бiлдiм, ол Әлихан Бөкейхановқа арналған екен, оның Ленинградтағы нақты адресiн бiлмеген Ермеков хатты мен арқылы жолдапты. Осы хатпен танысып шығуларыңызды қатты өтiнемiн.
2) Маған тағылған екiншi айып – менiң «Алқаның» әдеби бағытына қатысым туралы екен. Осы мәселе жөнiнде және өзiм етене араласқан идеология майданындағы менiң iс-әрекеттерiм бұдан бұрынғы берiлген жауаптарымда баяндалған, соны назар сала отырып оқып шығуларыңызды сұраймын.
Ақыр-аяғында Байдiлдиннiң көрсетуiндегi: менi 1921 жылы Смағұл Сәдуақасовқа басмышыларға кетiп қалу туралы кеңес бердi-мiс деген жайға келетiн болсам, мұнысы барып тұрған нағыз өтiрiк, сондықтан да мойындаудан бас тартамын. Өйткенi осы жылы: бiрiншiден, мен Семей қаласында тұрдым, тiптi, Сәдуақасовты көргенiм де жоқ, басмашылар жөнiнде ешқандай да хабарым болған емес. Шындығын айтсам, тура сол жылдары менiң Сәдуақасовқа: колонизаторлармен күрес майданын тастап, барлық ақыл-ойымды билеп алған және берiле iстеп жүрген партия мен кеңес мекемелерiндегi тiкелей атқарып жүрген қызыметтi тастап басқа жаққа кете қой деуiм, кеңес беруiм мүмкiн емес. Бұл пәлеқор Байдiлдиннiң маған қарсы бағытталған кезектi ойдан шығарылған жаласының бiрi.
Жасырын құрылған астыртын ұйым-мыс деп жүрген «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң бағыт-бағдары туралы мәселе жөнiндегi менiң пiкiрiмдi сол кезде Семей облыстық партия комитетiнiң насихат және үгiт бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдастан сұрап білуiңiздi табанды түрде өтiнемiн, «Алқаның» бағдарламасын оған көрсетiппiн бе, жоқ па, оған берiппiн бе, жоқ па, соны анықтаңыздар, демек, соның өзiнен-ақ мұнда ешқандай жасырып-жабушылықтың (нелегальщинаның) жоқ екендiгi байқалады.
Әуезов. 29 / Х – 31ж.».
ІІ.
Талант пен төзiмдi таразылайтын тез – түрме емес. Ол жүйкесi темiрдей қатты, ерiк-күшi мықты, парасат пайымы терең деген талай-талай тұлғалардың рухын диiрменге үгiткен қиыршықтай етiп уатып жiбергенiн бiлемiз. Төмендегі жауап Мұхтар Әуезовтiң өз қолымен қағазға түсiрiлмеген. Оны тергеушiлердiң бiрi жазған. Тергеу iсi аяқталып келе жатқанда ресмилiктi сақтауды қажет деп таппаған сияқты. Жалпы осы тергеу барысында Смағұл Сәдуақасовты, Сұлтанбек Қожановты, Тұрар Рысқұловты қалайда қылмысты етiп шығаруға тырысқан есекдәмелi пиғыл аңғарылады. Әсiресе, 1921 – 1922 жылдағы осы үшеуiнiң әрбiр әрекетiн тәптiштеп сұрап отырған. Бұндай сұрақ Мұхтарға да қойылды. Оған Мұхтар:
«... Партияның шығыс бөлiмшесiн құруды көздеген мәселеден хабарсызбын, Орынбор қаласындағы Өлкелiк комитеттiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде Рысқұловтың сөйлегенiн бiлемiн, бiрақ партияның шығыстық комитетiн құру туралы мәселе көтерiлген жоқ. Жеке басыма келсем, Рысқұловтың нұсқауы бойынша сөйлеген емеспiн.
Қалғандарын өзiмнiң жауабымда айтқанмын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына ешқашанда кiрген емеспiн. Көзсiз ұлтшылдық менде болған емес. Ғылыми марксизммен танысқаннан кейiн және кеңестiк жүйе артта қалған ұлттардың барлығының басын қосқан күш екендiгiне көзiм жеткеннен соң, өзiмнiң пiкiрiмдi түбiрiмен өзгерттiм, өзiмнiң педагогикалық және зерттеушiлiк қызметiмдi маркстiк көзқарасқа негiздедiм», - деп жауап берiптi.
Зады бұл екi жылға созылған тергеудiң соңғы сұрақ-жауабы болса керек. Өйткенi әлгi жазудың астына:
«Протоколдi оқып шықтым. Мұхтар Әуезов», «1931 жылдың 28 қыркүйегi күнi тергеудiң аяқталғаны туралы маған хабарлады. Мұхтар Әуезов» – деп қолын қойыпты.
Тергеудiң айыптау қорытындысы үш айдан кейiн ғана дайын болған. Онда:
«ОГПУ – дiң 1924 жылғы № 172 бұйрығы бойынша бұл iс ОГПУ-дiң коллегиясының жанындағы Ерекше кеңестiң (әйгiлi үштiктiң – Т.Ж) қарауына жiберiлiп, сотсыз үкiм шығаруға ұсынылуға тиiстi.
Анықтама: тергеу iсi бойынша тұтқындалғанның барлығы да Алматы қаласындағы түрмеде отыр, олардың барлығыда ОГПУ-дiң коллегиясының қарамағына берiлдi.
ППОГПУ-дiң ерекше бөлiмiнiң КАССР-дегі бастығы – Хворостян.
Өкiлеттi өкiл – В. Попов.
Келiсiмдiбердiм: ПП ОГПУ-дiң жанындағы прокурор – Столбов.
21 / ХII – 31 ж.» - деп жазылыпты.
Алайда, Қазақстанның жазалау мекемелерiнiң тергеу қорытындысына қанағаттанбаған және үкiмет басындағы саясаттың өзгеруiне байланысты құбыла қалған Мәскеудегi ОГПУ -дiң «ерекше өкiлдерi» iстi керi қайтарды.
«ОГПУ -дiң Коллегиясының 2/III – 32 жылғы қаулысына сәйкес: Ермеков Әлiмханды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны, Күдерин Жұмаханды, Қожамқұлов Нәшiрдi, Ақбаев Жақыпты, Әуезов Мұхтарды, Қадырбаев Сейтазымды, Сүлеев Бiләлдi, Тынышбаев Мұхамеджанды, Мұрзин Мұхтарды, Бұралқиев Мұстафаны, Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Ысқақов Даниалды, Мұңайтбасов Әбдiрахманды, Тiлеулин Жұмағалиды, ‡мбетбаев Алдабергендi, Омаров Уәлиханды айыпқа тартқан № 121027 – iс қайтадан қосымша тергеу жүргiзiлуге жiберiледi.
Қосымша: 5 томнан тұратын тергеу iсi және ОГПУ - дiң 2 / III – 32 жылғы № 141850 қатынасы.
ОГПУ-дiң тiркеу-есеп жүргiзу бөлiмiнiң бастығының көмекшiсi – Зубкин.
2 – бөлiмнiң бастығының көмекшiсi – Мишустин.IV. 1832 ж.», – деп iстi керi қайтарды.
Демек, тұтқындар тергеу ресми аяқталғаннан кейiн де сегiз ай бойы соттың үкiмiн күтiп жатқан. Мәскеудiң жоғарыда жiберген қатынасы олардың өмiрiне ешқандай да өзгерiс әкелген жоқ. Араға екi күн салып барып олардың үкiмi кесiлдi. Бұл тек қана «ұлы көсем» – Сталиннiң «табысқа бас айналу», «коллективтендiру науқанындағы асыра сiлтеушiлiк», «мәдениет саласындағы әсiресолшылдық» туралы жазған «данышпандық еңбектерiнiң» артын баққан бақай қулық қана болатын.
Әйтпесе, жазалау диiрменiнiң шығыршығы айналып кеткен. Оны тоқтату – осы шығыршығы iске қосқан қаскөйлер мен қатыгез жендеттердiң өзiнiң де қолынан келмейтiн. Өйткенi, дүлей шығыршық оның өзiн де iлiп әкетiп, жаншып жiберетiн. Кейiннен солай болды да. Бiрақ отызыншы жылдардың басында «ұнтақтайтын дән», «жаныштайтын жау», талқандайтын тұлғалар жеткiлiктi болатын. Сондықтан да алдын ала дайындалған үкiм сол күйiнше қалды. Соның тiшiнде, «Алаш iсiндегi» үшiншi айып – «мәдениет майданындағы ұлтшылдардың қастандық әрекеттерi» жөнiндегi тергеушiлердiң қортындысы сол күйiнде күшiн жоймады. Тынышбаев пен Досмұхамедов басқарған «қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымының мәдениет майданындағы қылмыстары» мынаған келiп сайды. Бiз мәселенiң мәнiсiн толық түсiну үшiн әрi осы тарауда айтылған жайлардың астарын толық бағамдау үшiн «айыптау қортындысын» тұтастай келтiремiз.
«2. Мәдениет майданы
Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.
«...1926 жылы оқу–ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924 – 1926 жылдары жүргiзiлдi. (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370 – iс 1 т., 220 - бет).
Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени – ағарту мекемелерiндегi және ғылыми – зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.
Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.
Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт – бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370 – iс 1 т., 221 – парақ).
«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған шақырып, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi». (Байдiлдин, № 5441 784 – iс, IV т., 134 – парақ»).
«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтанда барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық». (Тынышбаев, № 2370 – iс, 1 т., 131 – парақ).
«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым – жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлов апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу–ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370 – iс, 1 т., 378 – парақ).
«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.
а). Оқу–ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.
б). 22 – жылға дейiн Оқу – ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу – ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК – ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институтттың директорлығының мiндетiн Әдiлов те атқарды.
в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х. Досмұхамедов төраға, Есболов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж. Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.
г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылордада да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.
д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт – бағдар бойынша) жазды.
е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап, керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды.)
ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн үлгi ете эпикалық сарында суреттедi,оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.
з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.
и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер: (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х. Досмұхамедов.
к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.
л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиясының ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есболов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.
м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов., Есболов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Аспендиаров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.
н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).
Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты. (Тынышбаевтiң 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370 – iс, 1 т., 277 – 278 – парақтар).
Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу – ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.
Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтанда, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.
Қаз МУ-дiң ректоры Аспендиаров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Домұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов Қаз МУ–де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер,одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, сондықтанда рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар – дептi. (Тынышбаевтың 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370 – iс, 1 т., 312 – парақ ).
Тағы да ол:
«Оқу – ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков ҚазМУ – де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу – ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 313 – парақ) – деп көрсеттi.
Досмұхамедов Х.:
«...байдың балаларын ҚазМУ – ден шығарып тастаған кезде мен оны (Аспендиаровты – тергеушiлердiң ескертуi – авт.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым. (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370 – iс, 1 т., 209 – парақ)».
Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген «құрметтiң» сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егерде, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты – бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты – айқындаушы мен толықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр алланың өзi бiлсiн. «Тiлмен ұғымның тазалығы» үшiн күрескенiне «айыпкер, алашордашыл» атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, «Ақбiлексiз», «Қилы замансыз», «Аламансыз», «Қазақ тарихынсыз», «Қазақ жерінң тарихынсыз», «Жан жүйесінсіз» жаратылыстану, физика, психология, геология саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени-ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай «табалдырықта» жатар едi?
Қазақ ұлты рухани парасаттың даму баспалдағына неғұрлым биiктеп көтерiлген сайын, өзi үшiн құрбан болған алаш ғұламаларын соғұрлым құрметтеп, тағзым етуi тиiс. Өйткенi, ұлттың рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалғандар да, мәңгүрттiктен құтқарып кеткендер де, болашақтағы тәуелсiздiктiң қасиеттi ұлы жолын анықтап берген де солар.
Уақытты да, Дәуiрдi де, Заманды да;
Қоғамды да, Мемлекеттi де, Үкiметтi де;
Адамзатты да, Халықты да, Ұлтты да;
Дананы да, Тұлғаны да, Тобырды да;
Ақылыңды да, Жаныңды да, Тәнiңдi де
талқыға салған коммунистiк колонизаторлық жазалаушы өкiметтiң «ұлы құрбандарының» рухы қашанда рухани бостандықтың киелi нысанасы болып қала бередi. Еркiн ұлт сол сезiммен мәңгi өмiр сүредi.
Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:
«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20 көкек.
Тыңдалды: № 2370 – iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3 – статьялары бойынша; 2. ‡мбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11 – статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11 – статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11 – статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11 – статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16 – статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11 – ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11 – ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2 – ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2 – статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11 – статьялары бойынша жауапқа тартты. Шешiм:
-
Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтбасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейтазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х – 30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».
Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымын әшкерелеуге арналған бес жылға созылған тергеу ісiнiң нәтижесi осындай үкiммен тәмәмдалды. Әуелi тергеуге алынған 30 адамның 10 адамы мерзiмiнен бұрын ерте босатылды. Бұл – қандай бiр аяушылықтың белгiсi емес едi. Оның басты себебi: бүкiл тергеу iсi Голощекиннiң нұсқауы бойынша жүргiзiлген болатын. Ал тура осы 1932 жылы қазақ ұлтының үштен бiрi аштықтан қырылып, Қужақтың өзiне де тықыр таянған-тын. Оның бiрiншi басшы қызметiнен кететiнiн Алдан-ала сезген тергеушiлер мен соттар да, үштiктiң мүшелерi де сақтық жасап, iстi қысқа қайыра салған болатын.
Ұлтының тағдыры талқыға түсер шақта түрмеге отырғызылған ардагерлер ел-жұрты ашаршылыққа ұшырап, жаппай қырылып жатқан кезде қапастан шығарылды. Бұл қасiрет оларға түрмеден де көрi қатты батты. Бiрақ қолдан келер қайран мен айла-амал, қайрат, қуат-күш жоқ едi.
Олар солтүстiктiң орманының бас еркiнен айырылған балташыларына айналды. Кейбiрi қайтып оралды, кейбiрi мәңгiлiкке мұз жамылып, қиян шетте қалды. Оларға туған жердiң бiр уыс топырағы да бұйырмады. Тiрi қалғандары ендi есiн жия бергенде кеңес өкiметiнiң екiншi бiр «ұлы құрбандығы басталды». Оған сол өкiметтi орнатқандар мен алдыңғы «құрбандықты» ұйымдастырғандардың өзi де iлiндi.
Ол – заманның талқысы болатын. Бұл «қарадүлейден» (смерчь) кейiн ұлт зиялыларының қатары өрттен кейiн аман қалған жалғыз қарағай құсап сиреп – ақ қалды. Соның бiрi – Мұхтар Әуезов едi. Тiрi қалуы тiрi қалғанымен, заман талқысы зықысын шығарып-ақ кеттi. Ендi сол бiр жанталасқан заманның зауалын басынан кешуiне тура келдi. Басқа салған соң пенде шiркiн көнедi екен.
Көндi де.
ххххххххххххххххххххххххххх
ӘУЕЗОВ МҰХТАР
Мұхамеджан Тынышбаевті және басқаларды айыптау туралы №06610 іс
1 том, 602-602 беттер.
ПП ОГПУ істері жөніндегі прокурор жолд. Поповқа
Тұтқын Әуезов Мұхтардан өтініш.
26/Ү- 31 ж.
Алматыдағы өкілдікте тұтқында отырған кезімнен бері мен бір-ақ рет жауапқа шақырылдым. Сонда Попов жолдас: менің жекелеген адамдардың көрсетінділері бойынша тұтқындалғанымды, ал нақты айыптарым тергеу барысында анықталатынын мәлімдеген болатын... Менің қандай да бір айыбымды Ташкенттегі тергеуші де көрсете алмап еді. Октябрьдің 10 жылдығына байланысты салтанатты жиналыста жасаған Голощекин жолдастың баяндамасында көрсетілген Байділдин мен Аймауытовтың жауаптарына байланысты түсініктеме беруге шақыруын өтініп Попов жолдастың атына жазылған өтінішім аяқсыз қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |