«Ақ жол» газетінде



бет9/10
Дата03.07.2016
өлшемі0.7 Mb.
#174256
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

«Сол аралықта «Алашорданың» Семейдегі күншығыс бөлімі де таратылады. Оның екі мүшесі Мырзағазы (Сеидазым-?- Т.Ж.) Қадырбаев пен Мұхтар Әуезов март айында Башқұртстанға келді. Кейіннен профессор және Қазақстан ғылым академиясының мүшесі (1961 жылы 27 шілде күні дүниеден қайтты) болған (Мұхтар Әуезов – Т.Ж.) бұдан бұрын, 1918 жылы да Башқұртстанға келген болатын. Бұл жолы оның көңіл-күйі өте түсіңкі екен. Мен оған өзімнің кейбір ойларымды айттым. Иркабаевтің Қиыр Шығысқа баратынын жеткіздім. Өзінің сабырлы және қоңыржай (пассивный) табиғатына қарамастан Әуезов күрестің Түркістанда жалғасын табатынын қызу қолдады, тек қана: «Мұнда сіздерде барлық жағдай бар екен, жақсы қамтамасыз етіліпсіздер. Мұны қалай қиып тастап кетесіздер?» - деп абыржушылық білдірді. 1959 жылы кеңес өкілдерінің құрамында Нью-Иоркке келген кезінде оған жолыққан қазақ эмигрантының біреуіне: «Сол кездегі қапаспен салыстырғанда Башқұртстан бізге солтүстік шұғыласындай болып көрінді»-(345 бет)-депті.»

Бұл –1920 жылдың көктемінде, М.Әуезов Семей губкомының бұратана ұлт (қазақ) тұрғындарымен жұмыс істейтін бөлімнің меңгерушісі боп тағайындалғанына үш-ақ ай болған кезде өткен оқиға. Сол тұста жазушы қоғамдық өмірге белсене араласты, оның ұлттың өзегін өртеген мәселелер туралы публицистикалық мақалалары «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетінде үзбей жарияланып тұрды. Осы сапарында ол Омбыдағы жастардың Жалпықазақтық жиналысына қатысып, сөз сөйледі. Жиналыс мамыр айында өтті. Демек М.Әуезов Семейден бірден Уфаға барып, қайтар жолда Омбыға аялдаған. Қандай мақсатпен, тапсырмамен барды? Бұл З.Валидовтің «Естелігінде» де, С.Қадырбаевтің де, өзінің де көрсетінділерінде айтылмаған. Әрине, бұл кездесулерді жасырын ұстағаны түсінікті. Керісінше: басмашылармен және Заки Валидовпен ешқандай байланыс жасамағанын, ол адаммен мүлдем бейтаныс екенін мәлімдеген.

ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

Тарихшылар мен тергеушілер: басмашылар мен «Алашорданың» арасында қандай байланысы болуы мүмкін, бұл негізсіз жала шығар – деп жорамалдап, сол тұстағы Түркістан мен Орталық Азиядағы саяси жағдайлардың басын қосып, ортақ тұжырым жасауға дәрменсіздік танытты. Алайда біз сол сұраққа түсінікті әрі тиянақты жауап беру үшін оқиғаның ізін қуа пайдаланып отырған З.Валидовтің «Қатиралары» көлеңкеде қалған сол бір күндерге сәуле түсіреді. Тергеуге тартылғандардың жауаптарының әрқисынды болуы заңды. Астыртын ұйым жұмысы соны талап етеді. Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да сол астыртын күрестің заңына бағынғандық. Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. Өзге жанама деректерді былай қойғанда, Москвадан бірге шығып, Еділ мен Жайықтың арасында З.Валидовпен қоштасқан А.Байтұрсыновтың және поезда жолыққан Т.Рысқұловтың бұдан толық хабардар болғаны анық. Ал А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды. Өзінің майдандас серігі ... Бұқараға жіберген М.Тынышбаевтың да мағлұматсыз болмағаны анық. Демек, Ташкенттегі ұйымның биресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперінде бар жағдай бұл. Ал Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғамбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген сол екеуі деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғамбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады. Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хика республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар. З.Валидов Құрылтайға:

«Қазақтардан «Алашорда» мүшелері мен түрікмен оқығандарын шақырдық. Олардың өкілі келгенше Бұқараның солтүстігіндегі Харгос деген ауылда (Бұқара) әмірі жасақтарының бірі, бір байдың үйінде тұрдық. Бұл үйді үкімет тартып алған екен. Башқұртстан әскерінің полковнигі Хейбетуллах Сүйіндіковтің ұйымдастыруымен Еухади Ишмурзин, менің көмекшім Ибрахим Ысқақов және бірнеше офицер Бұқара армиясының жауапты қызметтеріне орналасты. Қаршы, Шахрисабз, Нұр, Гузар, Кермине әскери жасақтары сллардың қолында болды. Бұлардың бәрін Ариф тағайындады. Біздің мақсатымыз – орыстар ұлттық әскердің құрылуына қарсы шыққан жағдайда, не құрыла бастаған армияны таратқан жағдайда басмашылармен бірігіп, соғыс ашу болатын. Алайда ұлттық мүддені басмашыларға түсіндіру керек еді. Бұл мәселені ташкенттік, ферғаналық достарымыз жақсы қолға алды.

Бұқаралықтармен, өзбектермен жұмыс жасау оңай емес еді. Себебі бұқаралықтар мен ташкенттіктер өзара келісе алмайтын, әрі өзбектер арасында орыс мектебінен тәлім алған қазақтарға «миссионер» ретінде қарайтын басым топ бар болатын. Біз – бұқаралықтармен, өзбектермен, түрікмендермен және қазақ өкілдерімен Харгоста және Әмірдің «Ситаре Мах Хасса» сарайында қалай астыртын жиналатынымызды, ұйымдастыру жұмыстарын қалай өткізетінімізді және Ұлттық Орталықтың бағдарламасын талқыладық. Нәтижесінде, Өзбекстандағы діни бағыттағы «Жадитшілдер» мен социалистік «Ерік», қазақтардың «Алаш» партияларымен бірігіп мен ұсынған жеті тармақтан тұратын Ортақ бағдарлама қабылдадық:

1.Тәуелсіздікке жету;

2.Демократиялық мемлекет орнату;

3.Ұлттық армия құру;

4.Экономикалық басқару құрылымын орталықтандыру: темір жолдар мен қазба арналарды (каналдар) Түркістанның ұлттық меншігі деп жариялау;

5.Оқу-ағартуды жүйесін жаңарту және орыстардың ықпалынсыз батыс мәдениетімен тікелей байланыс жасау.

6.Ұлт мәселесі жөнінде: мектептерді және мемлекеттің табиғи байлығын мемлекеттегі ұлттардың үлес салмағына сәйкестендіре бөлу;

7. Толық діни еркіндік, дін істерін мемлекет ісімен араластырмау.

Қазақтар Діншені өкіл етіп қалдырып, елдеріне қайтқан соң, соңынан келген «Жадитшілдер» мен «Ерік» партияларының жеке-жеке бағдарламалары қабылданды. Бұл – Бұқарада бас қосуымыздың негізгі нәтижесі еді...» – деп (384-бет) еске алады.

Осы арада толық дәлелденбеген, бірақ шағын топқа ғана мәлім бір жорамал туралы айта кеткенді жөн көрдік. Ол «Қатираларда» аты аталған Мұхтар Әуезовтің астыртын Бұқараға З.Валидовпен жолығуға баруы. Өмірлік деректерде де, тергеу ісінде де, жалпы ауызекі әңгімелерде де М.Әуезовтің «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысымен байланысы туралы ешқандай мағлұмат та, «сыбыс та» кездеспейді. Мұндай оқиға өмірде болса да М.Әуезовтің оны «мүлдем жадынан өшіріп тастауы» заңды да. З.Валидов жаңылысып, Ғазымбек Бірімжановпен ауыстырып алуы да мүмкін. Алайда, М.Әуезов пен Ә.Бөкейхановтың суреттерінің түсініктемесіне тура осы жылдары Бұқарада, кей түсінікте Маңғытау мен Хиуада түсірілді деп жазылған фотосурет бар. Онда М.Әуезов қырынан түсірілген және шашын алып тастаған. Сондай-ақ сол жылдары Бұқара мен Самарқанның баспасөзінде алашордашылардың қатарында жарияланған сызба сурет те бар. Қалай дегенмен де бұл оқиғаны жоққа да шығара алмайсың, шындыққа да жатқыза алмайсың. Тек Ташкентте қоныс аударғанда Қазақстаннан мүлдем күдер үзіп, партиялық билетін тастап кеткені анық. «Аштарға көмек» комитетінің мүшесі ретінде Ғ.Бірімжановпен бірге елеусіз сапармен баруы да мүмкін. Мұндай көңіл-күйдің тұсындағы адамның іс-әрекетін нақты болжау да қиын. Сондықтан да бұл мәселені ашық қалдырамыз.



Хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

Бұдан әрі Әбдірахман Байділдин былай жалғастырады.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Мәжiлiс жабылардың алдында М. Әуезов аса маңызды мәселелердi талқылау үшiн съезге келген барлық қазақ уәкiлдерiн төтенше жиналысқа шақырып, төтенше жиналыстың қайда, қай уақытта өтетiнiн хабарлады. Уәкiлдердiң барлығы да айтылған мезгiлде жиналды. Тек Меңдешев, Мырзағалиев сияқты, тағы да басқа жауапты қызметкерлер ғана жайбарақаттық танытты. Олар арнайы шақыру жiберiлгеннен кейiн барып келдi. Жиналысты М.Әуезов ашып бас қосудың мақсатын түсiндiрдi. Ол: «Бiз жергiлiктi жерлердегi, әсiресе қазақ тұғындары арасындағы жағдайдың хал – ахуалы туралы өзара пікір алысып, соның негiзiнде жалпы шешiм қабылдау үшiн жиналдық», – дедi.

Мәжiлiсте: жергiлiктi жерлердегi жағдайлар туралы мағлұмат тыңдалды. Әрбiр уәкілдіктер өздерiнiң арасынан шешендердi алға шығарды, олар жиналған жұртқа тұрған жерлерiндегi хал-ахуалды баяндады. Алғашқы мағлұматты Әуезов жария еттi. Ол Семей Губерниясындағы, оның iшiндегi қазақ ауылдарындағы жұмыстың самарқаулығына тоқталды. Қазақстанның кейбiр губернияларына төнiп келе жатқан аштық қаупi барын ескерттi. Жергiлiктi жерлердегi жағдайды күдер үздiре суреттей келiп, Әуезов: «Мұның барлығы алдымен өзiмiздiң самарқаулығымыздан, салақтығымыздан, тәжiрибе бөлiсудiң жоқтығынан, ең бастысы – отарлаушылардың кедергiсi мен бүлдiрушi әрекетiнен болып отыр», – деп тұжырым жасады».

Әбдірахман Байділдин бұдан кейін мәжілістің мәнісін былай түсіндіреді:

Ә.Байділдин (жалғасы): Бұдан кейiн өзге губерниялардың хабары тыңдалды. Олардың барлығы Әуезов баяндаған жағдаймен астасып жатты. Олардың барлығы да iстiң өте нашар жүргiзiлетiндiгiн айтып шағынды. Сондықтан да өкiлдердiң сөзiнде тың пiкiрлер өте аз болды. Тек Меңдешев қана өзгеше ұсыныс енгiздi. Ол: жергiлiктi жерлердiң өкiлдерiнiң пiкiрлерiн қостаймын. Отарлаушылардың жұмыс iстеуге кедергi келтiретiнi де рас, бiрақта жергiлiктi ұлтшылдардың да тосқауылы жайында тiс жармағандарыңызды да мақұлдамаймын – дей келiп, осы мәселенi жиылыс қортындысын да атап өтудi ұсынды. Бұған кейбiреулер қарсы шықты, бiрақ та ол көпшiлiк дауыспен қабылданды.

Сөйтiп, тиiстi тұжырым жасалды. Әуезов жиналысты кiрiспе сөзiнiң рухындағы сарынмен қортты».

Қазақ халқының мүддесін қорғауға тиісті шешуші сәтте Өлкелік партия ұйымының хатшысы Меңдеңшев ымырашылдық танытты. Бұдан кейінгі Орал, Торғай облысының қазақтары аштан қырылып жатқандығы туралы мәжілісте де шара қолданудың орнына «Алашорданы» әшкерелеп, оған Смағұл Сәдуақасовты теліп, Байтұрсыновты биліктен шеттетуді талап етумен шектелген. Екі жиналыста да Меңдешев қазақ халқының тәуелсіздік күресін «коммунист-колонизаторлармен» ымыраластыруға тырысқан. Соңғы жолы, ашаршылыққа қарсы комиссия құруға қарсы болған. Байтұрсынов табандап тұрып алған соң оның қазақ халқына арнап жазған Үндеуін шығартпай, комиссияға өзі төрағалық етуге мәжбүр болған. Ел-елді аралаға адамдардың соңына тыңшыны қосып жіберген.

Ә.Байділдин (жалғасы):«Бұл мәжiлiсте талқыланған екiншi мәселе – С.Сәдуақасовтың мәлiмдемесi болды. Ол отарлаушылардың өзiнiң соңынан шам алып түскенi және облыстық бақылау комиссиясының сергелдеңге салғаны туралы мәлiмдеп, мәжiлiске қатысушылардың осы жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiрiп, тиiстi көмек көрсетуiн өтiндi. Мәжiлiс те қолдау керек деп шешiм шығарды (Бұл жиналыстың протоколы менде сақталған едi, ГПУ тергеушiлерi алып қалды). Мiне, бүкiлқазақтық көлемдегi сәдуақасовшылдық осылай қалыптасты. Алайда осы бағыттың басты рухтандырушысы – С. Сәдуақасовты бұл шешiм де қанағаттандырмады. Қанша өрекпiгенiмен де съезден соң оның ұнжырғасы түсiп кеттi. Өйткенi ол, бұрынғыдай Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң төралқасының мүшелiгiне өтпей қалды, және жауапқа тарту әрекетi жалғаса бердi, өзiн қанағаттандыратын үлкенді-кiшiлi қызмет орыны ұсынылмады. Осының барлығы жанына батып, не iстерiн білмей теңселдi де жүрдi. Күнi бойы қабағын ашпайтын, ал кешке Әуезовтiң бөлмесiнен шықпай, онда ұзақ отыратын».

31 жылдың 20 қыркүйегі күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы:

М.Әуезов: «Ұлтшылдық туралы мәселеге келсем, оның (Байділдиннің – Т.Ж.) мені жазғыратындай ешқандай айғағы жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені оның өзі барып тұрған ұлтшыл болатын. Газетте жүргенде ұлтшылдық туралы онымен пікір алысатындай қажеттілік туған жоқ. Қазақ қызметкерлерінің мәжілісі 1921 жылы ІІ кеңес құрылтайынан кейін өтті. Құрылтай өткен залға барлық қазақ комунистері жиналды. Семейден сайланған өкілдердің тапсыруы бойынша Сәдуақасовты ақтап алу туралы мәселе қойдым. Семейге барған кезінде губернияны Қазақстанға қосу барысында жүргізген саясаты мен көрсеткен мінезі үшін ұлтшыл ретінде айып тағылды. Бірақ оның бұл ұлтшылдығы Семей губерниясындағы отаршылдық өктемдіктің жанында жай ғана көлеңке сияқты еді, қазақ тұрғындарымен ешқашан санасып жұмыс істелген жоқ. Жиналыста отаршылдықпен күрес туралы мәселені өз басым күн тәртібіне қойғамын жоқ».

Ә.Байділдин (жалғасы): Бірде ол (Сәдуақасов-Т.Ж.) менің бөлмеме келді. Бұл құрылтай өткеннен кейінгі 11-12 тәуліктің бірі болатын. Ол әңгімені сондай салмақты зілмен бастады. Ол: отаршылдар мені қудалауын тоқтатқан жоқ, керісінше, мені партиядан шығарып тастатуы да мүмкін – деді. Сондықтанда – деді ол, - бір батыл қадам жасағым келеді, бірақ не істерімді өзім де білмеймін. Әуезов маған Ташкентке ауыс, содан әрі басмашыларға қосыласың – деп ұсыныс жасапты. Әуезовтің бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместігін, бірақта ол туралы менің пікірімді білгісі келетінін айтты (209-бет.)

Мен Смағұлға не айтарымды білмедім. Оның жағдайының сондай қиын екенін және көңілінің қобалжып жүргенін білетінмін. Алайда менің оның дәл осындай ойда жүргенін және баcмашыларға қосылып кетуге келісім бергенінен мүлде хабарсыз едім әрі ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған дәл осындай келеңсіз кеңес берген – обком партияның мүшесі және КЦИК-тің саяси секретары Әуезовтің пікірі түсініксіз, оғаш көрінді. Мен біздің мақсатымызды (ұлт мәселесі жөнінде жүргізіп отырған партияның бағдарламасын) басмашылардың мүддесімен сәйкестендіре алмадым. Мен өзімше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебір шірік мақсатты көздеді ме деп ойладым. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақусовты құртып, біздің арамыздағы көсем өзі болғысы келді ме екен деп топшылаймын. Себебі: ол кезде біздің мақсатымыз ортақ болса да, әрқайсымыздың жершілдік, рулық тұрғыдан алғанда да жекелеген ішкі мүддеміз бар ед: Әуезов – семейлік еді, ал біз – Сәдуақасов екеуміз – ақмолалық едік. Соңғы мәселе – Әуезовтың көкейін тескен шешуші мәселе сияқты боп көрінді маған.

Бұл ойымның барлығын Сәдуақасовқа ашық айттым және Әуезовтің ұсынысын қабылдауға түбегейлі қарсы болдым. Мен оған демалыс алып (ІІІ том. 174-бет) Мәскеуге бар, одан ауылға барып тынық, жақсылап тұрып демалған соң жұмысыңа қайтіп ораларсың- деп кеңес бердім. Содан кейін тағы да: мүмкін сен қайтып келгенше басшы адамдардың саған деген көзқарасы өзгерер, сөйтіп бұрынғы жұмысыңды істей бересің-дегенді айттым. Бұған қоса мен: соңғы кезде сенің беделің өте қатты өсіп келеді, жаңа ғана өткен құрылтайда сен өзіңнің жаңа жақтастарыңды таптың, сондықтанда өз болашағың үшін мазасызданудың қажеті жоқ – деп оны жұбаттым…Келесі күні ол демалыс алды да Мәскеуге жүріп кетті».

Иә, жалындап тұрған жас жігіттің кеудесіндегі өртін “отаршыл-коммунистер де” (С.Сәдуақасовтың өз сөзі – Т.Ж.) өшіре алмаған. «Коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл-қайратын жұмсаған, Қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институтын тәмәмдап «Днепр құрлысының» құрлыс бастығының орынбасары боп жүргенде Кремльден уланып шыққан Смағұл Сәдуақасовтың да тосын ажалына тосқауыл қоюға ешкімнің де дәрменi жетпедi. Оның жай-жапсары бірінші кітапта толық баяндалғандықтан да бұл арада тоқталмаймыз.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Бұл оқиғадан кейін мен Әуезовке күдікпен қарайтын болдым. Ол менің көз алдымда екіжүзді боп елестеді: бірінші Әуезов – партия мүшесі, жауапты қызметкер, ақылды кісі, біздің көзқарасымыздың көсемдерінің бірі, ал екінші Әуезов – бірінші адамның қасиетіне ие, бірақта, әлдебір астарлы оймен жүрген сияқты көрінді. Соңғы күдігімді мына жағдай, “Еңбекші қазақ” газетінің №1 санын шығарған кездегі оның іс-әрекеті дәлелдей түсті.

Еңбекші қазақ” газетінің №1 санында Қазақ Төңкерісінің 4 жылдығына арналған менің бас мақалам жарияланды. Ол мақаланы мен 10 күн бойы жаздым (Ол менің өмірімдегі жазған 1- мақалам еді), онда мен өзімнің сол кездегі көңіл-күйімді жеткіздім. Онда Ұлы Қазан Төңкерісінің Ұлы маңызы, оның жеңістері, Қазақстан республикасының табыстары, Қазан Төңкерісінің төлі боп келетін Қазақстан Республикасы, оған қарсы күрескен алашордашылардың ақымықтығы, тағы да басқа жайлар туралы жазып едім. Мақаламның соңын: “Жасасын Ұлы Қазан Төңкерісі! Жасасын кеңес өкіметі! ҚССР жасасын!” – деген сөздермен аяқтаған едім.



Менің бұл мақалам сол кезде Орынборда тұратын алашордашылардың ренішін туғызды. Олар менен дәл осындай мақаланы күтпеген тәрізді. Ол аздай, менің бұл мақалам өзімнің коммунист жолдасым, жауапты қызметкер Әуезовтің де наразылығын тудырды. Газет шыққан күні ол мені шақырып алды да жеріме жете ұрысты (ІІІ том.175-бет) . Ол менен: «Неге газеттің жауапты редакторына №1 санның материалдарын көрсетпедің, неге келіспедің, өзіңнің мақалаңды алдын-ала маған неге оқытпадың, бұл мақалада сен неге Қазан Төңкерісін жөн-жосықсыз даурыға “жасасындатқансың”, “Алашорданы” жамандап нең бар еді, – деп ұрысты да, түсініктеме беруімді талап етті. Ол бұған қоса: бұл мақалада айтылғандардың бәрі де құр көкмылжың қызыл сөз. Егерде “Алашорданың” атына қатысты тағы да осындай пікір білдіретін болсаң, онда сені редакция алқасының мүшелігінен шығаруды талап етемін, не өзім кетемін, мұндай газетте жұмыс істей алмаймын», – деді.

Менің мақалам туралы Әуезовтен дәл осындай көзқарасты күткен жоқ едім. Керісінше, мені қолдайтын шығар, сөйтіп менің көңіліме қанат бітірер, өйткені бұл менің тұңғыш мақалам еді ғой, әрі анандай маңызды тақырыпқа арналып отыр – деп ойлағанмын. Алайда ол күткенім болмады, жоғарыда айтқанымдай, керісінше боп шықты. Сондықтан да мен шыдай алмадым да Әуезовпен ұрысып қалдым. Мені шамдандырғаны менің мақаламды жақтырмағаны емес, Қазан Төңкерісінің маңызы туралы жазғандарымды мазақтауы еді және оның ескі «Алашордашыл» көзқарасынан бас тартпағандығы, әрі «Алашорданың» көсемдерімен байланысын үзбегендігі жыныма тиді. Ол орнынан тұрды да өзін оңаша қалдыруды өтінді. Мен шығып кеттім (3 том. 211-бет.)

Мен бұл оқиға туралы редакция алқасының мүшелері: А.Асылбековке, Алдоңғаровқа, Нұрмұхамедовке, сол кездегі обкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасарына (аты-жөнін ұмыттым, ұлты латыш болатын), айттым. Соңғы аталған адам бізді обкомға шақырып алды да, әңгімелескен соң, екеуіміздің де кінәлі екенімізді айтты. Маған: газет материалын Әуезовпен келіспегенім үшін айыптысың – деді. Бұл мәселе бізді бірден татуластырып кете қоймады. Біраз уақытқа дейін бір бірімізге қырын қарап жүрдік. Мен оның келісімінсіз-ақ №2 санды шығардым. Содан кейін біздің қарым- қатынасымыз қалпына келе бастады».

31 жылдың 20 қыркүйегі күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы:

М.Әуезов: «Мен 1921 жылдың аяғында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бірақ орнығып істегемін жоқ. Барлық жұмысты Байділдин жүргізді. Іс жүзіндегі редактор сол болды, қызметкерлерді де өзі жұмысқа алды. Газетте сондай сұрықсыз, әдеби тұрғыдан алғанда ешқандай сын көтермейтін дүмбілез мақалалар жарияланып жатты. Онымен ешқандай да принципті әңгіме болған жоқ, мен оған газеттің техникалық тұрғыдан нашарлап кеткенін, газетті өзінің ойы таяз, мән-мағынасыз шұбалаңқы мақалаларымен толтыра беретінін сынадым. Орнығып жұмыс істемегендіктен де өзімнің редакциядағы қызметтен кететінімді мәлімдедім».

Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiрақ та бұл екi оқиға (Сәдуақасовтың басмашыларға қосылуы туралы ойы мен менiң мақалама байланысты жағдайлар) осы кездегi бiздiң – Әуезовтiң, Сәдуақасовтың және менiң iс-әрекеттерiмiздi толық айқындап бередi. Әуезовтiң сол кездiң өзiнде-ақ (21-жылдың қарашасы) астыртын байланысы барлығын, дәлiрек айтсақ, алашордашылардан қол үзбегендiгi және контрреволюциялық жоспары болғандығы анық едi. Сәдуақасов екі ортада теңселiп жүрдi де, алашордашыларға қарай бейiмделе бастады, ал мен азды көптi болса да партия ұйымының бағытын ұстадым».

.Басмашы…



Ә.Байділдин (жалғасы): «Бұдан кейін бәрімізді сынақтан өткізген өте қиын жағдайға тап болдық. Қазақстанның біраз губернияларында (Орал, Торғай, Қостанай, Ақмола т.б.) ашаршылық басталды. Партия мен үкімет мекемелері бұл мәселеге тиісті көңіл бөлді. Бірақ та бұл мәселеге «Алашордашылар» мен ұлттық интеллигенция қатты назар аударды. Барлық жерде аштарға көмек ұйымын құру туралы сөз қозғала бастады. Семейдегі Жүсіпбек Аймауытов басқаратын «Қазақ тілі» бұл мәселені бірінші болып көтерді. Сонымен қатарласа Ташкенттегі Қожанов пен Бірімжанов басқарып отырған «Ақ жол» газеті де даурыға айғайлап, оны науқанға айналдырып жіберді. Ташкентте оқып жүрген К.Жәленов, Ғ.Тоғжанов, С.Капин, У.Омаров, Д.Әділев т.б. бастатқан қазақстандық студенттер үлкен шу көтерді. Орынборда да бұл мәселе жөнінде сөз шыға бастады.

Бұл iстiң де бастамашысы Әуезов болғаны тегiн емес. Ол (1921 Жылдың желтоқсанында ғой деймiн) қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң атынан қазақ қызметкерлерiнiң (партия мүшелерiн де, партияда жоқтарын да) үлкен мәжiлiсiн шақырды, оған үкiмет мүшелерiмен қоса жекелеген еуропалық жауапты қызметкерлер де қатысты, ашаршылық туралы мәселенi талқылауды күн тәртiбiне қойды. Мәселенi талқылау барысында бұл мәжiлiс: аштарға көмек көрсетудi дереу қолға алу керек, ол үшiн Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң жанынан аштарға көмек көрсету комиссиясы құрылсын – деген шешiм қабылдады. Бұл комиссияның құрамын бекiту кезiнде әдеттегiдей жiкшiлдiк ұсыныстар жасалды. Әр топ (Меңдешевшiлер, Сәдуақасовшылар, Асылбековтiң өкiлдiгiмен айқындалатын Сейфулиншiлер, алашорадшылар) өз адамдарын кiргiзуге ұмтылды. Соның iшiнде өте тосын, комиссияның төрағалығына Ахмет Байтұрсынов сайланып, партияда жоқ көрнектi адамдар оның құрамына мүше боп кірісін – деген ұсыныс (ұмытпасам Әуезов) түсiрдi. Ол бұл пiкiрiн: коммунистерге қарағанда олардың (алашордашылардың) қазақ тұрғындары арасындағы беделi зор, сондықтан да комиссияның жұмысы жемiстi болады – деп дәлелдемек болды. Бұл ұсыныс iшiнара ғана қабылданды. Меңдешев төраға, Байтұрсынов пен Әуезов төрағаның орынбасары болып сайланған бұл комиссияның мүшелiгiне сол кездегi жауапты қызметкерлердiң көпшiлiгi сайланды. Сонымен мәжіліс аяқталды».

Өткен тарауларда баяндалғанындай, осынау ұшқалақ та таяз ойлы адам талайға кесiрiн тигiзген. «Алаш iсiндегi» аса қауiптi, өзiн де арандатып тынған бұл кiсiнiң өзгеге қазған оры өзiне көр боп бұйырды. Барлық қоясын шығарып, алаш азаматтарын қаралатып алған соң оның өзiн ату жазасына кестi де, тiрi куәнiң көзiн жойды. Тек қана Мұхтарды ғана ажал оғына итермелеп қойған жоқ, өзi танитындардың барлығын шырмауықша шырмады.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Осы Кеңестен кейiн Әуезов ашаршылық туралы көлемдi мақала жариялады (Қараңыз: «Еңбекшi қазақ №4 және №5), қалыптасқан жағдайда дұрыс бағалаудың үлгiсi есебiнде Ташкенттiк алашордашылар қағып алып, «Ақ жол» газетi арқылы насихаттауға көштi.

Сол кезде Мәскеуден Ташкентке поезбен кетiп бара жатқан Рысқұлов жолдас Орынборға аялдады. Ол белсендiлердiң мәжiлiсiнде ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасады. Адамдар өте көп жиналды. Мәжiлiс обкомының үйiнде өттi. Бұған қазақ белсендiлерiнен басқа орыс қызметкерлерi де қатысты. Баяндамашы өзiнiң сол кездегi аян көзқарасын баян еттi. Ол: партияның ұлт мәселесi туралы бағдарламасының маңызын, мәнін айтып, содан кейiн мұны өзiнше дамытып, түсiндiрдi. Соның iшiнде Шығыс елдерiнiң компаниясын құру туралы пiкiр қозғады. Баяндамадан соң жарыссөз басталды. Рысқұлов жолдасты мақұлдап Әуезов, Нақыпжан, т.б., ал, Әйтиев, Саматов және бiр еуропалық жолдастар қарсы шықты. Мен бұл жиналыста сөйлегемін жоқ».

М.Әуезов (жалғасы): «Ұлттық белгісіне орай Шығыс өлкелік партия комитетін құру туралы ұсынысы жөнінде ештеңе білмеймін. Орынборда өткен өлкелік комитеттің кеңейтілген мәжілісінде Рысқұловтың сөйлеген сөзін естідім. Алайда онда Күншығыс коммунистік партиясын құру туралы мәселе көтерілген жоқ. Ол мәселе жөнінде өз басым жарыссөзге шыққамын жоқ».

Бұдан кейін Ә.Байділдин: комсомолдың құрылымын өзгерту және жастардың бейбастақ әрекеттері туралы Ғ.Тоғжанов екеуінің айтысып қалғанын, бұл істің обкомда қаралғанын, өзінің комсомолдарды қорғағанын, содан кейін обкомолдың жаңа құрамы сайланғандығын, сондағы баяндамасының 1922-жылғы «Қазақ календарында» кеңейтіліп басылғанын баяндаған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет