Ә.Байділдин (жалғасы):«Ол (Әуезов – Т.Ж.) Губерниялық партия конференциясын өткiзу үшiн Орал қаласына барды. Ол Жолдыбаевпен, Қаратiлеуовпен бірге Орынбор қаласына кiрекештердiң көлiгiмен қайтты. Әуезов өзiнiң бұл жүрiсiн: жол-жөнекей аштардың жағдайын көзiммен көруiм қажет болды деп түсiндiрдi. Ол Орал губерниясындағы ашаршылық жайлаған қазақ тұрғындарының қасiреттi көрiнiсiне (иттiң өлексесiн, шөптiң тамырын жеген адамдарға, жолдың шетiнде үйiлiп жатқан аштан қырылғандардың өлiгiне, т.б.) қатты күйiнiп келдi, оның есесiне Оралдағы партия қызметкерлерiне риза болды. Бiздiң бағытымызды сенiмдi түрде ұстаған Жолдыбаев, Жантiлеуов, Қаратiлеуов сияқты жiгiттер туралы өте жақсы пікір бiлдiрдi. Сонымен қатар Кенжин, Мырзағалиев пен Асылбеков қатарлы бiздiң өз адамдарымыздың Орал губерниясыдағы беделi жоғары екендiгiн айтты. Соны айта тұрып, ат төбелiндей көк езу Әйтиевшiлдiң де бар екендiгiн, конференцияда оларға есе теңдiк бермегенiн мысқылдай баяндады.
Сол кезде аштарға көмек коммисиясы да өз iстерiн өзгеше жүргiздi. Сол коммисияға тартылған мекемелер жергiлiктi жерлерге шұғыл жедел хат жолдап жатты. Губерниялардағы зиялылардың игi жақсыларының тiзiмi жасалып, оларды аштарға салауат айтып көмек жинауға ұйымдастыруға тарту үшiн жергiлiктi жерлерге жiберiлдi. Жарлықтар мен нұсқаулар жiберiлдi, губернияларға баратын өкiлдер iрiктелдi. Байтұрсынов комиссияның атынан қазақ елiне арналған көлемдi үндеу жазып, «Еңбекшi қазақта» жариялау үшiн маған алып келдi. Бере салысымен ол менен мұны тезiрек жариялауды өтiндi. Мен айтқанын iстеймiн деп уәде бердiм. Үндеудi шындығында жариялағым келдi… Бiрақ мазмұнымен танысқаннан кейiн ниетiмнен айнып қалдым. Үндеу бір жақты екен. Онда ашаршылықтың жағдайы тым әсiреленiп жазылыпты және аштықты тудырған нақты себеп-салдары дұрыс көрсетiлмептi. Үндеудiң қорытынды бөлiмiнде халықтың қаймақтарын аштыққа қарсы күресуге шақырыпты, сондай-ақ онымен күресудiң жолдарын (барлық зиялыларды жұмылдыру, аштарға жаппай салауат-сауға жинау, оларды аштық жайлаған аудандарға жiберу т.б.) көрсеттi.
Мен бұл мақаланы жарияламауға бекiндiм де, өз қағаздарымның iшiне қоса салдым (Онда газет кеңсесi жоқ болатын). Бiрнеше күн өткен соң Байтұрсынов тағы да келдi де өзiнiң үндеуiнiң қашан жарияланатынын сұрады. Мен: мақаламен танысып шығып, келiсiмiн беру үшiн алқа мүшелерiне берiлдi, таяу арада жариялап қалармыз,- дедiм. Содан кейiн өзiмнiң әрекетiме өзiм қатты ыңғайсызданып қалдым, анау-мынау емес, аштық туралы аса зәру мақаланы үкiмет комиссиялары мен тиiстi мекемелердiң келiсiмiнсiз үндеудi тоқтатып қойғаным қате болды-ау деп ойладым, (Алашорданың жазғаны болса да), осындай ойға келдiм де бір ден Асылбеков жолдасқа бардым (Ол обкомның хатшысы, Аштарға көмек комиссиясының мүшесi және «Еңбекшi қазақ» газетiнiң алқа мүшесi болатын) да, Байтұрсынов екеумiздiң арамыздағы әңгiменi айттым да, менiң ойымша бұл үндеудi жариялауға болмайтын сияқты дедiм. Танысып шығу үшiн үндеудi алып қалды да, келесi күнi жарияламауға келiсiм беретiндiгiн бiлдiрдi. Сөйтiп, Байтұрсыновтың үндеуi жарияланбай қалды. Ол үндеу соңғы жылдарға дейiн менде сақталып келдi, менiң қағаздарымның iшiнде бар ма, жоқ па, бiлмеймiн…
М.Әуезов (жалғасы): «Партияның Х сьезіне арналып Байтұрсынов жасаған ұлтшылдардың көзқарасын білдіретін баяндама туралы ештеңе де білмеймін, Байділдин маған ешқандай мәлімет берген жоқ. Байділдиннің көрсетіндісіндегі: мен және басқалар «Алашорданың» тапсырмасымен коммунист атанды – деуі шындыққа жатпайды. Өйткені бұрынғы алашордашылардың бізге ешқандай ықпалы болған емес. Мен партияға губкомның қызметкері Кожевник пен ...дің кеңесімен және кепілдік беруімен өттім. Менің партияға өтуім соған дейін Колчакқа қарсы жүргізген астыртын жұмысыммен тікелей жалғасып жатты».
Ә.Байділдин (жалғасы): «1922 жылы қаңтар, ақпан айларында Орынборда өткен Казаткомның ІІ партконфернециясына Ташкенттен келген Жәленов, Тоғжанов, Капин С.(?) Қазақстан өкіметінің ашаршылыққа ұшырағандарға көмектеспей отырғандығын қатты сынады. Олар өздері өкіл болып аштарға көмектесуде үлкен күш шығарды. Ғ.Тоғжанов мақала жазып, оны «Еңбекші қазақтың» № 11-12 санында шығарды. Өзі өкіл боп Семейге кетті.
Ашып айтарым, «Алашордашы» зиялылар осы тұстарда көмек көрсету комиссиясын өз мүдделерi үшiн қатты пайдаланып қалды, олар аштарға жасаған жақсылығы арқылы жеке мүдделерiн жүзеге асыруға тырысып бақты. Кейбiр кездерде олар көздегендерiне (мақсатына) жеттi де, саяси және қазыналық қор жинады. Бұл 1926 жылы Қызылорда қаласында өткен «Торғай iсi» деген сот келесi барысында анық байқалады…
…Жоғарыда, мәлiм еткенiмiзден көрiнiп отырғанындай, бұл iс-әрекет кезiнде сәдуақасовшылар өздерiнiң айнымалы екендiктерiн танытты. Олардың бiреуi (Әуезов) алашордашылармен қосылып кетсе, екiншiлерi (Тоғжанов) олардың қол шоқпарына қалай айналғанын өзi де білмей қалды, ал үшiншiлерi (мен сияқты тағы басқалары) олардың iс-әрекетiне белгiлi дәрежеде сын көзбен қарап, өзiн толық пайдалануға жол бемедi. (Мысалы: Байтұрсыновтың үндеуiн жарияламадым, т.с.с.).
Осы кезде кәдімгі, бірақ өте мәнді оқиға болды. Ташкенттен Мәскеуге кетіп бара жатқан Н.Төреқұлов, Г.Сафоров және С. Қожановтар жолай Орынбор қаласына тоқтады. Олар 12 партсъездегі партия бағдарламасының ұлт мәселесі жөніндегі жобаға толықтыру енгізуді талқылау мақсатымен қазақтың жауапты қызметкерлерінің кеңесін өткізді. Бұл кеңеске мен қатысқаным жоқ, ол туралы мағлұматты Әуезовтен естідім ғой деймін, сонда (кеңесте) қабылданған жобаның бір данасын да сол берді, Әуезов жобаны беріп тұрып: Бұл жобаның қарарын жасауға Ахаң да, яғни Байтұрсынов та белсене қатысты, – деді. Мұның бір данасы менің қағаздарымның ішінде бар. Бұл жобаның ішінде жергілікті ұлтшылдықтың күрес мүддесін қорғайтын бірнеше бап бар еді.
Жаз маусымы жақындап келе жатты (22-жылдың наурыз айы). Біздің жетекшілеріміздің (Әуезов пен Сәдуақасовтың) арасында шүйіркелесу басталды. Олар өзара әлде нені ақылдасып жүрді. Олардың бір нәрсеге дайындалып жүргені белгілі еді. Бұл сыбырласу 15 күнге созылды. Қаншама тырыссам да ештеңе біліп жарытпадым. Олар сырғақтата жауап берді, менің сұрақтарымды әзілге айналдырды. Біздің арамыздағы мұндай жатырқау менің жоғарыдағы мақаламнан кейін пайда болды. Содан соң олар маған өздерінің саяси маңызы бар жоспарларын ашық айтпай, мәселе не олай, не былай шешілгеннен соң ғана сөйлестік. Сырттай қарағанда біз өте дос адамдар сияқты көріндік: көрісіп жүрдік, әңгімелестік, қалжыңдастық, т.б., алайда біздің арамызда толықтай ішкі түсінік болған жоқ.
Сондай сәттерде Сәдуақасов пен Әуезов мені келеке етіп: “Жаз, жаз, тарихта қаласың” – дейтін (шындығында да, “Қалам” – қаламның күшімен тарихта қалып отыр ғой – Т.Ж.), арасында: “Иә, қалай, жасасындатып жатырсың ба?”, – деп кекететін. (Олар менің “жасасын!” деп жазған мақаламды емеуірін етіп отыр). Біздің арамыздағы осындай қарым-қатынас туралы Тоғжанов пен Жолдыбаевқа айттым, олар да ұмыта қойған жоқ шығар. Міне, сондықтан да, мен олардың не ойлағанын біле алмадым, тек ашық іс-әрекетке көшкен соң ғана аңғардым.
Сөйтсем, соңғы уақытта олар (Сәдуақасов пен Әуезов Кенжинмен, Мырзағалиевпен және Әлiбековпен бiрiгiп) бір iстi жоспарлапты. Олар: қазақ тұрғындары арасындағы жұмысты жақсартып, ашаршылықпен күрестi күшейту туралы мәселе қою үшiн қаулының жобасын жасапты (Осы да қастандық па? – Т.Ж.). Бұл жобаны олар алдын-ала обкомның жекелеген мүшелерiне көрсетiп, мақұлдатып алыпты. Жангелдиндi көндiрiптi, Асылбековтi өздерiне қаратып, кейбiр еуропалық қызметкерлердiң де көзiн жеткiзiптi. Сөйтiп, обком мүшелерiнiң көпшiлiгiн өз жақтарына шығарып алып, бұл жобаны бекiттiрдi, осы бекiттiрген жобаны жүзеге асыру үшiн жергiлiктi жерлерге баратын қызметкерлердiң тiзiмiн де қоса жасады. Олар губерния бойынша былай: Семейге – Әуезов пен Досов; Ақмолаға – Кенжин мен Төлепов, Қостанайға – Сәдуақасов, т. б. бөлiндi.
Қайталап айтамын, менiң достарымның шүйiркелесуi осы iске тiкелей қатысты екен. Оны көрсетiлген оқиға бойынша обкомда шешiм қабылдағаннан соң барып Әуезов өзi маған айтты.
Бiрақта бұл iстiң ресми емес екiншi бір астары бар екендiгiн Қостанайға жүретiн күнi Сәдуақасовтан бiлдiм. Ол маған: «Обкомның шешiмi арқылы бекiтiлген қаулыдағы аштыққа қарсы күрес жұмысын жүргiзумен қатар, барған уәкiлдер жергiлiктi жерлердегi бiздiң қарсыластарымызды, яғни отарлаушылар мен меңдешевшiлердi орынынан тайдырып, оған қоса кеңестiң 3 съезiне дайындық жүргiзетiн болады» – деп хабарлады. Осыны айтқан соң ғана Сәдуақасов: «Орынбордағы жаңалықтарды тұрақты жеткiзiп тұр» – деп өтiндi. Сонымен уәкiлдер елге аттанып кеттi.
Қостанайдан Сәдуақасов: «Қостанайдағы пәлен деген еуропалық қызметкерді орынында қалдыру керек, әйтпесе, колонизаторлар оны орынынан ауыстырмақ»- деп хат жазды».
«Мұхамеджан Тынышбаевті және басқаларды айыптау туралы» №06610 істің І томының 602-605 беттерінде « ПП ОГПУ істері жөніндегі прокурор жолд. Поповқа тұтқын Әуезов Мұхтардың өтініші» тіркелген. Оның негізгі – Ә.Байділдиннің көрсетіндісіне қарсы берілген жауап болғандықтан да, ешқандай түсіндірмесіз тұтас келтіреміз.
М.Әуезов: «26/Ү- 31 ж. Алматыдағы өкілдікте тұтқында отырған кезімнен бері мен бір-ақ рет жауапқа шақырылдым. Сонда Попов жолдас: менің жекелеген адамдардың көрсетінділері бойынша тұтқындалғанымды, ал нақты айыптарым тергеу барысында анықталатын мәлімдеген болатын...Менің қандай да бір айыбымды Ташкенттегі тергеуші де көрсете алмап еді. Октябрьдің 10 жылдығына байланысты салтанатты жиналыста жасаған Голощекин жолдастың баяндамасында көрсетілген Байділдин мен Аймауытовтың жауаптарына байланысты түсініктеме беруге шақыруын өтініп Попов жолдастың атына жазылған өтінішім аяқсыз қалды.
Ал нағына көшсек, Байділдин өзінің осы жауабында маған қарсы ойдан шығарылған, ақылға қонымсыз айыптар таққан. Ол ұзақ жылдар бойы баспасөз беттерінде маған қарсы жүргізіп келе жатқан өтірік жаласы мен еш мағынасыз қызыл сөздерді осы жауаптарында одан әрі жалғастырған. Оның әдеби мақалаларының барлығы жалғыз-ақ мақсатқа – партияда жоқ жазушыларды, соның ішінде мені де сынау арқылы өзіне саяси бедел жинауға құрылған. Ол қысылып-қымтырылмастан: бас бәйгені менің «Қаракөз» атты пьесам алған жоқ, Сәдуақасовтың беделі қамқорлығы алды –деп тұрып жазды. Ал бұл мүлде олай емес, бәйге құрамында Жандосов, Майлин т.б. мүше болған комиссияның шешімімен берілді. Өзінің баспасөздегі арандатуларында ол мені ақша үшін жазады – дегенге дейін барды, партияда жоқ Әуезов туралы не айтса да бола береді деген желеумен ешқандай дәлел келтірместен төпілдете береді.
Баспасөз бетінде ашықтан-ашық мені негізсіз айыптап, дақпырт таратқан адам енді өзінің қылмысы ашылып, іс-әрекеті әшкереленген соң оның алдында жалғыз-ақ жол қалды, яғни, өзі бұрыннан қудалап жүрген адамды контрреволюционер, қазақ буржуазиясының идеологі деп жала жабу арқылы өзін-өзі бүркемелеу жолы ғана қалды. Маған қаратыла қолданылған бұл теңеулердің әділетсіз және орынсыз екеніне толық сенемін. Мен контрреволюционер болған емеспін және болмаймын да. Идеялық жағынан ұстамсыз шығармаларым болды, бірақ та контрреволюциялық әрекетке шақырған, кеңес өкіметін жоққа шағарған бірде бір шығарманы атай алмайды. Ал 1928 жылдан басталған ғылыми-педагогикалық қызметім толықтай қалыптасқан маркстік көзқараста жүргізілді. Сондықтан да тергеу барысында маған айып ретінде тағылған саяси қылмыстардың еш қайсысы мені сендіре алмады. Тек қана Байділдиннің жалақорлықпен айтылған өтірігін негізге алып тергеу жүргізілді деп ойламаймын. Сондай-ақ 1921 жылғы бүкілқазақтық ІІ құрылтайдағы қазақ қызметкерлерінің мәжілісі туралы (Голощекиннің сол сөзінде аталып өткен) Аймауытовтың жауабы да міндетті түрде анықтауды талап етеді (Бұдан кейінгі төрт жол қарындашпен тынылмастай етіп өшіріліп тасталған – Т.Ж.).
Тергеу ісінің мерзімі аяқталып келе жатса да өз атыма әлі де бірде бір айып тағылмағанын, нақты не үшін тұтқындалғанымның анықталмағанын және тұтқында сұрақсыз ұзаұ отырғанымды ескеріп, мені жауапқа шақыруды және маған қаратыла қолданылған қысым шарасының себептерін көрсетуді сұраймын».
Осы мәлiмдемеде айтылған Әбдiрахман Байдiлдин туралы қандай да бір «неғылайыны» бар сүйiнштi сөз бiлдiруге бола ма? Әсте. Оның тергеушiлерге де сүйкiмi кеткенi сондай, олар мұны ашықтан-ашық қорлауға көштi.
Белгісіздік қашанда адамның жанын жегідей жеп, жүйкеңді тоздырады. Сондықтан да тоғыз ай бойы сұрақ-жауапсыз отырған Мұхтар Әуезовтің өз тағдыры үшін алаңдауы заңды.
Ә.Байділдин (жалғасы): «...Сол кездегі пікір таласының үлкен бір тақырыбы М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабі болды. Кітап Оқу-ағарту халық комиссариятының баспасынан басылып шығып, таратылуға дайын тұрды. Өлкелік комитеттің тапсыруы бойынша мен оған пікір жаздым. Мазмұны оның атына сай емес еді, онда қазақ әдебиетінің тарихы емес, ұлтшылдық бағыттағы түсініктемелер берілген ескі сарындағы әдебиет нұсқаларының жинағы. Мен мұны кітаптың өзінен сілтемелер ала отырып дәлелдеп шығып, дәл осы қалпында оны таратудың ешқандайда қажеттігі жоқ екендігі жөнінде қорытынды жасап бердім. Менің пікірім қазақ активтерінің арнайы мәжілісінде талқыланды, онда Тоқжігітов, Орынбаев, Нұрмақов және Жандосов менің Әуезовтің ұлтшылдық сарындағы кітабін таратпау туралы жасаған қорытындыма мүлдем қарсы сөйледі, алайда мәжіліске қатысқандардың көпшілігі: Юсупбеков, К.Тоқтабаев, Нұржанов, Бекенов, Орманбаев және басқалары менің пікірімді қостап шықты (Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» туралы кітабына жазған пікірім мен мәжілісте айтылған сөздердің көшірмесін сол кезде ОГПУ-дің шығыс бөлімінің меңгерушісі Журавлев жолдасқа беріп, шара қолдануын өтінгемін). Сөйтіп менің ұсынысымның нәтижесінде Әуезовтің ұлтшыл кітабі таралымнан алынып тасталды».
М.Әуезов(жалғасы): «Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті. Ол тіпті: «Қаракөз» пьесасына силықты Сәдуақасовтың жең ұшынан жалғасуымен алды – деп те жазды. Ал нағында силық арнайы құрылған сынақ комиссияның шешімімен берілді. Мұны Байділдиннің өзі дет жақсы біледі. Ал баспасөзде дерексіз жала жабылды. Мұндай жаланы ол өзінің қызметтегі беделін өсіру үшін пайдалануға тырысты, газеттер мен журналдардың үстінен қарайтын оның жалғыз өзі екендігін көрсетіп қалуға ұмтылды.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелген астыртын ұйым болатын...Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады... Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын» – деп түсінік берді.
Иә, саяси терминді жақсы білетін Ә.Байділдин «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын қоғам» етіп оп-оңай өзгерте салған.
М.Әуезов(жалғасы): «Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ».
хххххххххххххххххххххххххххххххх
Достарыңызбен бөлісу: |