Ақ көйлек азамат



жүктеу 74.19 Kb.
Дата03.07.2016
өлшемі74.19 Kb.
№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ

2008-02-29:

Ақ көйлек азамат

 

ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі тілші-ғалым, әдебиет­танушы, публицист, Ұлттық ғы­лым ака­демиясының академигі Мырза­тай Серғали­ұлының еңбе­гін тәптіштеп шығу оңай бола қоймас. Өйткені, қаламы мен ойы жүйрік санаткердің елу жылда жазған үлкенді-кішілі 600-ден астам еңбегі мен 10 моногра­фиясы, оған қоса 6 оқулығы көтерер жүктің салмағы жеңіл емес. Серғалиевтің бір өзі — бір мектеп. Бұл ғылыми-ұстаздық мектеп әр салалы. Соның бағыт-бағдарын, барар жолын бағамдап берсек те, бір сапарға жеткілікті болар еді.



Мырзағаңның саналы ғұмы­ры Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байла­нысты. Сол университеттің фи­ло­логия факультетін үздік бітір­ген жас маман ұстаздық жолын әуелде философия кафедрасында логика, эстетика, этика пәндері­нен сабақ беруден бастады. Әри­не, бұл тәжірибе ізсіз қалған жоқ, әдебиет сыны, тіл білімінің стилистика, тіл мәдениеті, көр­кем әдебиет тілі, синтаксис сала­ларында соны да сүбелі еңбектер беруге, тілдің эстетикалық, эти­калық қызметтерін парықтауға, тіл мен ойлауды сабақтастыруға ықпалын тигізді.

Тілдің стилистикасы пәнін ғалым түбегейлей зерттеді. Көп­те­ген мақала жариялады, ұзақ жыл дәріс оқып келеді, жоғары оқу орындарына осы пәннен бағ­дарлама, әдістемелік нұсқаулар әзірледі. Осындай бай тәжіри­бенің нәтижесінде 1966 жылдан бері өзгеріссіз келе жатқан жал­ғыз оқулыққа (М.Балақаев, т.б. “Қазақ тілінің стилистикасы”) балама ретінде жаңа жосықтағы байыпты оқулық ұсынды (“Сти­листика негіздері”, Астана, 2006). Оқулықта стилистиканың тео­рия­лық негіздері, айырымдары, тіл құралдарының стилдік, бейнелеушілік қызметі бекітілді. Сөз жоқ, бұл оқулық ендігі жерде қазақ тілін оқитындар мен оқы­татындарға көп көмек болады, мамандардың қолынан түспейтін кітапқа айналады.

Мырзатай Серғалиұлының зерттеуші ретіндегі бір ерекшелігі – әдебиеттану мен тілтануға телдігі. Осы сонылығы үшін оны көркем сөз өкілдері де баға­лайды. Кезінде көркем әде­биеттің Т.Әлімқұлов, С.Әшімбаев секілді дара дарындары М.Серға­лиев­тің пікірлерімен санасып отырғанын баспасөз айғақта­ры­нан білуге болады. Тіпті, ғалым­ның әдебиет үдерісіне белсенді қатысқанына куә боласыз. Теле­дидарда көркем әдебиет жөнінде жүргізген авторлық бағдарла­малары болғанын да білеміз. Көр­кем әдебиет сынына, көркем тілге арналған еңбектеріне әде­биетшілер мен тіл мамандары нақты айғақ, дәлел іздегенде жиі жүгініп отырады. Көркем туын­дыдағы кейіпкер тілі дейтін келе­лі мәселе осы ғалымның есімі­мен байланыстырылады. Айта кеткен жөн, сыншы Серғалиев­тің пікірлерінде кеңес сыншы­ларының лектік пікірінен өзгеше бір үрдіс болды, ол – көркем шығарманы идеология құралы деп емес, Ахмет жолымен сөз өнері деп тану. Сынға арналған кітаптарынан да (“Кең өріс”, “Сөз сарасы”, “Ой өрнегі”, “Көр­кем әдебиет тілі”) тілдің ру­хани-эстетикалық қызметі жө­нінде нақты айғақтар таба ала­сыз.

Әдебиетке сөз өнері тұрғы­сынан қарау Мырзағаңның көркем шығармашылдық туын­ды­ларының да арқауы болды. Прозаның шағын жанрларында жазған шығармаларында сөз білгірінің сөзді ұтымды жұмсауы­нан, детальді ойнатуынан да аталмыш тұрғыны көреміз. Көр­кем шығармашылдықтың және қос тілдің иесі ретінде (оның орыс тілінде жазған, сөйлеген сөздерін бір бөлек тақырып етсе, артық болмайды) ғалым аударма ісіне де қалам қарымын жұмсай білді. Тәржімашылық тәжірибе­сін бағамдап қарасақ, В.Лацис, В.Кожевников, Я.Камал сынды т.б. көрнекті қаламгерлерді қазақ оқырманына етене етуге еңбек­тенгенін байқаймыз. Тіпті, “Бір­жан-Сара”, “Рихард Зорге” опе­раларының орыс тіліндегі мәтінін қазақ тіліне Мырзағаң аударғанын біреу білсе, біреу білмейді.

Ұлттық тіл, ұлттық тәрбие мұңы зиялы азамат, ұла­ғатты ұстаз, тіпті, қазақтың перзенті ретінде де Мырзағаңның жадынан жалқы сәт шыққан емес. Қазаққа қатысты қай мәселе шетін болса, соған ісімен де, сөзімен де, жазуымен де өз үлесін қосып, орын­ды ойлар, ұтымды ұсыныстар, ілкімді істер жасап отырғанын байқаймыз. Бұл үшін ежіктемей-ақ санамалап шықсақ та болады:

- ширек ғасырдан бері екі ұлттық университеттің (ҚазҰУ, ЕҰУ) қазақ тілі кафедрасын мең­геріп келеді;

- ҚазМУ-да он жылдай факультет басқарды;

- аталмыш екі университет жанынан құрылған диссертациялық кеңестерге жиырма жылдай төрағалық етіп келеді;

- қазақ тілінің жанкүйері ретінде атқарған басқа да қоғамдық жұмыстарын айтсақ, “Ана тілі”, “Қазақстан мектебі”, т.б. басылым­дар алқасының мүшесі болды;

- “Қазақ тілі” қоғамындағы жұмыстарға ат салысты;

- ҚР Лингвистикалық комис­сия құрамында Қазақстан Респуб­ликасы Президенттігіне үміткер­лердің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтауға қатысты (1998, 2005 жылдары);

- ҚР Үкіметі жанындағы Мем­лекеттік терминологиялық комис­сиясының белсенді мүшесі;

- Астана қалалық ономасти­калық комиссиясының мүшесі;

- әдеби үдеріске қатысты жиындарда баяндама жасады, пікір­лер айтты;

- энциклопедияларды түзуге белсенді араласты;

- Академиялық грамматика (2002) және басқадай ғылыми еңбектерде авторлық, сарагерлік қызметтер атқарды. Тағы да тере беруге болады. Басқасы басқа, М.Сер­ғалиевтің халық көңілінен шыққан көсемсөздік жазбаларының өзі қомақты-қомақты бір-екі томға жүк болар еді.

Жоғары оқу орнының оқыту­шы­сының алдында, әлбетте, өзін­дігі қалыптасып қалған жастар болады. Соған орай жоғары мек­тептерде оқытушыны, негізінен, сабақ беруші деп қарайтынымыз, тәрбие ісіне сабақтан қалған уақытты бөліп қоятынымыз жасы­рын емес. Профессор М.Серға­лиев­тің эсселерінен, шәкірттермен қарым-қатынасынан тәрбие, ұлағат, өнеге сияқты ұстындарға айы­рықша маңыз беретінін көреміз. Оның еңбектерінің библиография­сын қарап қана шыққан адам 80-нен астам еңбегін көріп, ұрпақ тәрбиесі дейтін борышты іске оның қал-қадарынша үлес қосқанына куә болар еді.

Ғалым туған тілге деген құрмет сол тілдің мәдениетін сақтаудан көрінетінін жанды да нақты ай­ғақтармен дәлелдеп келеді. Күнде­лікті сөйлеуде, мерзімді баспасөзде, теледидар мен радиохабарларда ана тілімізге салақ қараудан болатын қараулықтарға тілтанушы жайба­рақат қарап отыра алмайды. Өзіне тән мәдениеттілікпен дабыл кө­теріп жатады.

Ғалым шәкірттерге тіл мәде­ние­тінен көп жыл бойы дәріс оқыды, сол саладан көптеген ғылыми мамандар даярлады, тіл мәдениетінің санаттарын саралап зерттеді. Ұстаз алдындағы парызды бәрінен биік қоятындықтан болар, ол М.Балақаевқа қосалқы автор болып “Қазақ тілінің мәдениеті” (1995) оқулығын ұсынды. Мұнда тіл мәдениетін ғалым сөзді дұрыс қолдану ғана емес, адами, рухани мәдениеттің тірегі, қоғамдық қарым-қатынастың сапасы ретінде көрсете білді.

Халыққа қажет игілікті істің бірі – сөздік түзу. Білген адамға шын сөздік сөздердің тізбесі емес, ұлт­тық қазына. Осы қазынаға М.Сер­ғалиевтің қосқаны қомақты. Оның “Қазақ тілінің орфоэпиялық сөз­дігі” (1996), “Орысша-қазақша сөздігі” (1993, 1995, 2001), “Орыс­ша-қазақша, Қазақша-орысша” сөздіктерінің (2004) тіларалық түйт­кілдерді тарқатуға жәрдемі тиері сөзсіз.

Қазақ тілі синтаксисінің ХХ ғасырдың соңғы ширегінен осы күнге дейінгі зерттелу жайын Мыр­затай Серғалиев есімінсіз елестету қиын. Ғалым етістікті сөз тіркес­терінің мәндестігі мәселесінен 1967 жылы кандидаттық диссертация қорғаған болса, 1981 жылы шыққан “Синтаксистік синонимдер” моно­графиясы негізінде докторлық диссертация қорғаған. Сөйтіп, қазақ тіл білімінде грамматикалық синонимия теориясының негізін қалаған еді. Мамандар граммати­каның функционалдық-семанти­калық заңдылықтарын зерттеуді осы ғасырдың еншісіндегі жаңа үрдіске жатқызып жүр. Ал, М.Сер­ғалиев енді ғана қағидаға айнала бастаған бұл үрдістен ширек ғасыр бұрын шығып кетіп, креативті ойдың үлгісін нұсқап, алғашқы соқпақты салып үлгерген болатын. Синтаксистік түзілістердің сино­нимдігін саралай келе зерттеуші сөз тіркестерінің әр түрінің, сөйлем­дердің әр түрінің бір-бірімен мән-мағыналас бола алатынын тілдік мол айғақтармен дәлелдеп берді. Сөйтіп, М.Серғалиев синтаксистегі функционалдық-семантикалық өрістердің бірқатарын таныр адамға әлдеқашан көрсетіп беріп еді.

Ғалым қазақ тілі синтаксисінің басқа да деңгейлерін жүйелі зерт­теді. Синтаксистің байланыс заңдылықтары, сөз тіркесі, сөйлем бойындағы құбылыстар төңірегін­дегі көкейтесті сауалдарға жауап іздеп тапты. М.Серғалиевтің ғы­лым­да тыңға түрен салып синтак­сис санатына кіргізген тағы бір бірлігі – құрмалас сөйлемнен де үлкен бірлік, күрделі синтаксистік тұтастық. Ол мұның атын атап, түсін түстеп алғашқы болып оқу құралын шығарды (1989 жылы), кейін 2002 жылғы Академиялық грамматикадағы осы тараудың авторы М.Серғалиев болды.

Академик М.Серғалиевтің са­нат­кер ғалымдығымен қатар сараб­дал әдіскерлігі де республика ұстаз­дарына белгілі. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің өзекті бір саласы оқулық түзу әдісіне оның қосқан үлесі аз емес. Атаулы алты оқу­лығын қоспағанда, оқуға түсетін талапкерлерге арналған “Қазақ тілі” атты оқулықтары (1979, 1992, 1994) мектеп түлектерінің қажетін өтеп келеді. Қазақ тілі­нен шыққан сапалы оқулықтар­дың көбі Серғалиев сүзгісінен өтіп отырады. Жоғары оқу орындары оқулықтарындағы тіл теориясының шешуші тұрғы­ларын белгілеп, 8, 9 сыныптар­дың қазақ тілі оқулықтарындағы кемшіндіктерді дәлелдеп бірқа­тар мақа­лалар жазды. Шығарма­шыл адам қашан да өзгенің өне­ге­сін өз бойына сіңіріп, өз өнегесін ұсынады. Асылы, ұлағат дегеннің өзі осы болар. Мыр­затай Серға­лиұлының көркем тіл­мен жазылған, біртуар азамат­тардың бейнесін бірер деталь арқылы ғана бейнелеп беретін “Өнеге” атты эсселер жинағын оқыған адам осындай ойға тоқтайты­нына сенесіз.

Қазақ ары адал, көңілі кір­шіксіз, пейілі кең адамды “ақ көйлек” деп жатады ғой. Акаде­мик Мырзатай Серғалиұлының адами, азаматтық, ғылыми-ұстаздық қасиеті осындай бір ақ көйлектікпен астасып жатады. Осыған орай бір оқиға еске түсіп отыр. Жастау кезім. Қарағандыға Мырзағаң келе қалды. Көктен сұрағанымды құдай жерден беріп, ұстаздық кеңестеріне қашаннан тәнті адам ретінде қуанып қалдым. Көп кеңестік. Сондай мәжілістердің бірінде асыл ағаны қиғаш сөзбен ренжітіп алдым. Қолма-қол ке­шірім сұрауға кеш болып қалды да, кететін болдым. Орнымнан тұрып ағаға: “Көйлегіңізді шешіңіз, – дедім, – айырмалық ырым болсын”. Шешіп берді. Жеңі мен етегі тіземнен төмен түсетін ақ көйлекті киіп алып тартып бердім. Әрине, кейін кешірімшіл кең ағамен түсіністік. Көйлек қайтқан жоқ. Ғылым жолына түсем деген шәкірт­теріме, жастарға ырым қылып бір кигізіп алам да, іліп қоямын. Өйткені, “Гогольдің “Шинелі­нен” шыққанбыз” деп орыстың классик жазушысы Ф.Достоев­ский айтқандай, Қазақстандағы тілтанушылардың ішінде Мырза­тайдың ақ көйлегінен шық­қандар 3 ғылым докторы мен 45 ғылым кандидатын қоса алғанда, жер қайысар қалың қол. Олар бүгінде ұстаз ғалым салған сара жолмен Қазақстанның әр қала, әр ауылында қазақ ұрпағын оқытып жатыр. Мұны аз десеңіз, ғалымның жетекшілігімен қазақ тілінен кандидаттық диссертация қорғаған орыс қызы А.Носкова мен қазақ тілінен ғылым канди­даты болуға дайындалып жүрген орыс шәкірті Д.Ловкованы осы қатарға қосып қойыңыз. “Оқуға түсем, тірі болсам, адам болып шығамын” деп, М.Серғалиевтің абитуриенттерге арналған “Қазақ тілін” қолынан түсірмей, дайын­далып жүрген мыңдаған талап­керлер де осы қатарда.

Құнанбай қажы айтты дейтін бір сөз бар: “Кімнің артықшы­лы­ғы қайсы болса, міні де сол”. Мырзағаң осы ақ көйлек кө­ңі­лінен тауып та жатады. Бірақ, “ит үреді, керуен көшедіні” ес­кер­сек, ғалым көші тоқтамай­ты­ны, оның әлдеқашан ұлы жолға бет алғандығы өз-өзінен белгілі. Түптеп келгенде, бұл жол биік парасатқа ұласатыны тағы рас.

Көкшетау қаласы.




©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет