А. С., Сарсенбаев М. М. ЖӘндіктердің дене қҰрылысын бөлшектеп көрсететін деректі көрнекті қҰрал жасау әдістемесі «Прометей» бағдарламасы шеңберінде Павлодар 2008



жүктеу 0.64 Mb.
бет1/5
Дата15.06.2016
өлшемі0.64 Mb.
  1   2   3   4   5


Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Қаманұлы Ұ., Алимханова А.С., Сарсенбаев М.М.


ЖӘНДІКТЕРДІҢ ДЕНЕ ҚҰРЫЛЫСЫН БӨЛШЕКТЕП КӨРСЕТЕТІН ДЕРЕКТІ КӨРНЕКТІ ҚҰРАЛ ЖАСАУ ӘДІСТЕМЕСІ

«Прометей» бағдарламасы шеңберінде
Павлодар 2008

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Қаманұлы Ұ., Алимханова А.С., Сарсенбаев М.М.


ЖӘНДІКТЕРДІҢ ДЕНЕ ҚҰРЫЛЫСЫН БӨЛШЕКТЕП КӨРСЕТЕТІН ДЕРЕКТІ КӨРНЕКТІ ҚҰРАЛ ЖАСАУ ӘДІСТЕМЕСІ


«Прометей» бағдарламасы шеңберінде

Павлодар 2008

УДК 595.7(07)

ББК 28.691.89я7

Ж 70

Пікір жазғандар: б.ғ.д., профессор Ж.М. Есенбеков

б.ғ.к., профессор Т.С. Рымжанов


Ж 70 Қаманұлы Ұ., Алимханова А.С., Сарсенбаев М.М./ Жәндіктердің

дене құрлысын бөлшектеп көрсететін деректі көрнекті құрал

жасау әдістемесі / оқу-әдістемелік құрал / С. Торайғыров

атындағы ПМУ – Павлодар, 2008, - 68б.

ISBN
Бұл оқу-әдістемелік құрал осы күнгі биология пәнінің мұғалімдеріне табиғаттағы жәндіктерді қалай жинау, олардан препарат, көрнекті құрал жасау және жәндіктердің құрылымы, тіршілігі туралы толық түсіндіруге арналған методикалық оқу әдістемесі жоқ болғандықтан, осыған көмекші құрал ретінде жасалды. Әдістемелік құралға көбінесе Павлодар облысында жиі кездесетін, орта мектептің биология пәнінің мұғалімдері оқушыларды экскурцияға алып жүргенде оңай жинап алуға болатын ең кең тараған және шаруашылыққа маңызы зор жәндіктер таңдалынып алынды. Мұнда жәндіктердің сыртқы құрылысы, оларға сипаттама, қалай ұстап, қалай сақтау жоспары жөнінде және осы жәндіктерден қалай көрнекті құрал жасау керектігі жөнінде мағлұматтар берілген.

ISBN УДК 595.7(07)


© Қаманұлы Ұ. және т.б.

© С. Торайғыров атындағы

Павлодар Мемлекеттік Университеті, 2008ж.




КІРІСПЕ
Жәндіктерді оқушыларға, студенттерге үйретудің методикасын құрастырып, орта және жоғарғы мектептерде өтетін жәндіктерге толық мағлұмат беру. Бұл әдістемелік құралға көбінесе Павлодар облысында жиі кездесетін, орта мектептің биология пәнінің мұғалімдері оқушыларды экскурцияға алып жүргенде оңай жинап алуға болатын ең кең тараған және шаруашылыққа маңызы зор жәндіктер таңдалынып алынды. Оқушылардың әсіресе, орта мектеп оқушыларының орта және жоғарғы мектепте өтетін жәндіктер туралы бөлімге толық мағлұмат бере келіп, абстракциялы ойлау жүйесі әлі жетіле бермегендіктен, олар қандай бір объектіні көзбен көріп, қолмен ұстап қарайтын болса, жақсы түсінеді, ол ұмытылмайды. Сондықтан, жергілікті жердегі оқушылар мен мұғалімдерге оңай табылатын денесі үлкен, морфологиялық сипаты көзге айқын көрінетін және шарушылыққа тигізер пайдасы зор, буынаяқтылардан объективті көрнекті құрал жасап, үйрену әдістемесін құрастыруды мақсат еттік. Көрнекті құрал жасау үшін біздің облысымызда кең таралған және маңызы зор мамыр зауза қоңызы, шегіртке, инелік, судың жүзбе қоңызы, долана көбелегі және оның дернәсілі, тарақан тәрізді жәндіктерді тандап алдық. Жоғарыда көрсетілген барлық жәндіктердің бөліктерінен препарат, көрнекті құрал жасалынды.

Бұлардың әрбіреуінен көрнекті құрал жасау әдістемесін оқушылар мен мұғалімдерге арнап құрастырылған. Мұнда:

А) оның қайда, қандай жерде мекендейтіні;

Б) қайтіп іздеп табу;

В) қандай құралмен, қалай ұстау;

Г) ұстаған жәндіктерді қалай өлтіру;

Д) қалай сақтау;

Е) дене мүшелерін қалай ажыратып, бөлшектеу, сонымен қатар оқушыларға қалай таныстырып көрсету әдістері кешенді түрде беріледі және әрбіреуінен көрнекті құралдар жасап, үлгі ретінде көрсетілген. Бұл көрнекті құралдарға қосымша суреттер беріліп, түсінік талдау жасалынады, сол сияқты жәндіктердің мұртшасының, қанатының, аяғының тіршілік ететін ортасының экологиялық жағдайына қарай және әрбірінің атқаратын міндетіне қарай түрленіп, өзгеріп, алуан-түрлілігі жекеше көрсетілген.



ЖӘНДІКТЕРДІ ЖИНАУ, САҚТАУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТҮРЛІК ҚҰРАМЫН АНЫҚТАУ ТӘСІЛДЕРІ
Жәндіктердің бірнеше тұқымдасы мен отряд өкілдері және басқа да өрмекшілер, кенелер мен қырықаяқтылар сияқты буынаяқтыларды бір мезгілде жинайтын ыңғайлы әдістер бар. Мұндай әдістер, кейін лабораториялық сабақтарда жөнге келтіріліп, анықталатын көлемді фауналық материал алуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда сачокпен шабылған орым, топырақ қазбалары, ағаштар мен бұталарды сілку және кейбір жағдайларда жарық арқылы аулау сияқты әдістерді ескерілген. Сонымен қатар жәндіктердің белгілі бір тобын немесе жекелеген түрлерін аулауға бағытталған жинаудың арнайы әдістерін қолдану қажет. Мұндай әдіспен алынған жәндіктердің түрлік құрылысы туралы мәліметтер жеке түрлердің санын белгілі бір деңгейде көрсетеді, өйткені жәндіктерді жинауда сирек кездесетін және саны аз түрлер болмайды дерлік, ал керісінше саны көп түрлер жиі кездеседі. Бірақ көп жағдайда алынған мәліметтерді арнайы санақ барысында алуға болатын деректермен толықтыру керек. Санақтар көп еңбекті қажет ететіндіктен студенттік тәжірибеде олардың кейбіреулері ғана, көбінесе топырақ –биологиялық және биоценологиялық зерттеулерде қолданылатындары іске асырылады.

Әдетте, табиғатта жәндіктермен алғаш танысқаннан-ақ, оларды жинау жұмысы бақылағыштық пен мұқият болуды талап етеді. Жәндіктерді ашық, шуақты күндері жинаған оңай, өйткені осы уақытта олар белсенді қоректенеді, ұшып-қонып жүретіндіктен бірден көзге түседі. Олар, әсіресе, орман алаңқайларында, жайылымдық шалғындарда және суқойма жағалауларында көптеп кездеседі. Жәндіктерді энтомологиялық сачоктың көмегімен аулаған оңай, энтомологиялық сачок металды шеңбер мен дәкеден жасалған қапшықтан тұрады. Жәндіктер сачоктан абайлап морилкаға, яғни эфир немесе хлороформ буларына көшеді. Шөп үстінде, бұталар мен ағаштарда сачокпен бірнеше рет сермегенде, өсімдіктің осы ярусында мекен ететін жәндіктер мен өрмекшілерді көп мөлшерде аулауға болады. Бұл жағдайда сачокқа ересек жәндіктермен қатар дернәсілдер де түсуі мүмкін. Толық түрленіп дамитын жәндіктердің көпшілігінде имаголық және дернәсілдік сатыларының мекен ету ортасы әр түрлі болады. Сондықтан оларды жинайтын орындары мен әдістері де өзгеше. Оған барлығына мәлім заузақоңыз мысал бола алады; заузақоңыз ағаш жапырақтарымен қоректенеді, ал дернәсілдері топырақтағы тамырларда тіршілік етеді де, тек топырақ қазбаларында ғана кездеседі.

Шабу үшін, әсіресе сандық жинақ үшін арнайы сачок қолданылады. Сачок шеңберінің диаметірі 30 немесе 3,5 см, қапшығы бөз немесе диірмен газынан жасалған. Диірмен газы ауа сачоктары үшін де жақсы материал бола алады.

Ағаш діңгектерін, бұталарын жапырақтарын, әсіресе кемірілген іздері барларын, зақымдалған жемістер, тұқымдар мен гүлдерін мұқият тексерсе де айтарлықтай нәтижеге жетуге болады. Кез-келген ұзақ уақыт бойы жерде жатқан тастар, діңгектер мен бұталар астынан түрлі қоңыздар мен олардың дернәсілдерін, Murmica latr тұқымына жататын құмырысқа, аяққұйрықтылар мен қырықаяқтыларды табуға болады. Ұсақ объектілерді сумен ылғалдандырылған кисточканың көмегімен жинайды да, дернәсілдермен бірге 70%-қ этил спирті бар пробиркаға салып қояды. Топырақтың төсеніш және жоғарғы бетінде өмір сүретін жәндіктердің фаунасы алуан түрлі. Жалпы жәндіктерді жинау барысында топырақтың төсенішін, кейін жоғарғы қабаттарын да ашық түсті клеенкаға, мата немесе үлкен кюветке апарып, қолмен іріктейді немесе арнайы топырақ елегінен өткізеді. Мұндай тәсілмен тек үлкен объектілер – мезофауна ғана ауланады. Ұсақ буынаяқтыларды табу үшін арнайы қондырғылар – электорларды қолданады, олар төсеніш пен құрғап кетуге икемді топырақтың барлық ұсақ жәндіктеріне негізделген. Топырақ жәндіктері құрған төсеніштің жоғарғы қабаттарынан төмен қарай жылжып, ең алдымен торға, кейін шұңқырға түседі. Шұңқыр фиксерлеуші сұйықтыққа толы пробиркамен жалғасқан. Төсенішті полиэтиленді қапшыққа орнатқаннан кейін лабораторияда тексеру жұмысын жүргізуге болады. Қабыршаққанаттылардың кейбір топтарын, ең бастысы сұр көбелектерді жинау үшін сірне, бал және сыраның ашыған қоспасы бар астаушаны қояды, сонымен қатар үстіне осы қоспа сіңірілген аушы белдік қойылып, шүберектер ілінеді. Фауналық жинау жұмыстарында бұл әдіс тиімді бола бермейді, өйткені көбелектер көп жағдайда қоспаға батып кетеді немесе жабысып қалады да қабыршақтарын жоғалтады. Мұндай әдістер бойынша жәндіктердің түрлік ерекшелігін анықтау қиынға түседі, сондықтан, арнайы дайындықты талап ететін копулятивті қосымшалар құрылысын қолдануға тура келеді. Кейде жеке, көбінесе зиянды түрлердің жаз динамикасын зерттеуде ашыған еліктіргіштер қолданылады.

Қабыршыққанаттылардың кейбір тұқымдастары (тауыскөзділер – Attacidae) және шартылдақ қоңыздың (Scarabaeidae) еркегі ұрғашысының иісіне еліктейді. Ұрғашысы бөлетін жыныстық феромон иісін еркектер үлкен, кейде өте алыс қашықтықтан сезінеді. Мұндай жағдайда ұрғашысын дәкеден жасалған қапшыққа салып, қапшық өз кезегінде тұтқыр типтес құрылған үлкен қамбаға бекітіледі.

Ағаш сүректерін зақымдайтын жәндіктерді еліктіру үшін (қаяз-cerumbycidae, қабық құрты – Ipidae) құлатылған немесе жарым – жартылай қабығы ғана бар, бірақ кесілмеген аушы ағаштарды қолданады. Мұндай әлсізденген немесе тіршілігін жойған ағаштарда жәндіктердің жұмыртқа салу үрдісі қарқынды жүреді, ал біраз уақыттан кейін мұнда дернәсілдер мен ересек жәндіктерді жинап алуға болады.




1-сурет. Жәндіктерді жинау, өлтіру, сақтау және монтаждауға арналған құрал жабдықтар.

1 – сачок;2 – морилка (өлтіретін сауыт); 3 – қысқыш; 4 – сақтайтын матрасша; 5 – жаймалағыш тақта
Гүлденген өсімдіктерге баратын жәндіктерді аулау үшін сары гүлдің көз тартарлық ерекшелігін пайдаланады. Ұшып келген жәндіктерді жинау үшін сары түсті Лирике шыны ыдысын қолданады. Ондай ыдыстарды дайындау қиын емес. Эмальданған таяз ыдыс ішінен ыдыстың түбін және қабырғасының төменгі бөлігін жабатындай етіп сары түске бояйды. Ыдыстың сары түске боялған белдеуіне дейін су құйып, гүлденген өсімдікті учаскелерге мысалы, түрлі шөпті шалғындар, орман алаңқайларына, бағы да басқа жерлерге орналастырады. Ыдыстарды гүл шоғырбастарының деңгейінде орналасу керек. Ұшып келген жәндік суға құлайды, ал бақылаушы адам әр ыдыстағы жәндіктерді пинцетпен теріп алады. Жәндіктерді кешенді түрде жинап, сақтау үшін арнайы құрылғылар қажет. Бұл құрылғылар жоғарыда бейнеленген 1 – суретте көрсетілген.

Жәндіктерді жинауға арналған құралдардың бірі – энтомологиялық тор немесе сачок. Осы энтомологиялық тор немесе сачок ұшқыш жәндіктерді ұстауға арналған таяқтың басына керген торлы дорба түрінде келеді. Оның таяққа шығырланып орналасқан, диаметрі 30-40см торы болады. Көбелек, қоңыз, маса, және тағы да басқа жәндіктерді ұстауға дәкеден жасаған сачокті қолданса тиімді болады. Ұзын өсімдік, ағаштардағы жәндіктерді аулау үшін, өсімдіктің астына үлкен мата немесе клеенканы төсеп, одан соң ағашты сілку арқылы жинайды. Сілкегенде өсімдіктегі бар жәндіктер клеенкаға құлап түсіп, соңыра оларды біріктіріп, жинап алады. Ал тығыз матадан жасалған сачокпен қалың өсіп тұрған өсімдіктің арасындағы жәндіктерді жинауға болады. Тығыз маталы сачокты алға ақырын жылжу арқылы өсімдік бойымен және ағаштар түбіріне 20-30 рет сермегеннен кейін сачоктың ішінде сол өсімдіктің маңындағы ұшып-қонып жүретін жәндіктерді аулауға болады. Мұндай әдіспен ұсақ жәндіктермен қатар, көптеген қосқанатты, тікқанатты жәндіктерді көптеп аулауға болады.

Жәндіктерді жинауда түрлі қақпандар қолданылады. Түнгі уақытта белсенді қозғалыста болатын жәндіктер кез-келген жарық көздеріне ұмтылады, олар арнайы жарық-қақпан арқылы ауланады. Жарық қақпан қуаты электр шамы – шағылдырғыштан және астынан бекітілген металды воронкадан тұрады; воронка фиксерлеуші сұйықтық ретінде спирт, бензин немесе керосинге толтырылып, аузы кең банкаға жалғанған. Жарыққа ұшып келген жәндіктер прибордың металды бөліктеріне соғылып, воронкаға құлайды да аулағыш банкаға түседі. Қақпандар жер бетінен 2-3 м-ден аса биіктікте орнатылу керек. Жылы, айсыз түндерде жарыққа қабыршаққанаттылар, қоңыздар, қосқанаттылар және жарғаққанаттылар ұшып келеді. Жақын учаскелерден жарыққа ұмтылған күндік жәндіктер жиі ұшып немесе өрмелеп келеді. Автоматты жарық шығаратын қақпанда ұшып келетін жәндіктер зақымдануы мүмкін, әсіресе қабыршаққанаттылар, бірақ күнде таңғы уақытта жүргізілетін іріктеулерде материал одан әрі өңделуге әбден жарайды.

Кейбір жәндіктер түрлі хош иісті еліктіргіштерге сезімтал. Ызылдақ қоңыз (Carabidae), бірқатар (Staphylinitae) тұқымдасы қоңыздарының түрлері және шыбындар шіріген еттің иісіне еліктейді. Омыртқалы жануарлардың шірінді, өлік, сүйектерінің маңында оларды мол мөлшерде жинап алуға болады. Жиектеріне дейін топырақпен жабылған, аузы кең ыдыстың түбіне еліктіргішті салып, ыдысқа түскен жәндіктерді қайта-қайта іріктеп отырады. Бос цилиндр мен шыны банкаларда да жәндіктерді жинауға болады, онда көбінесе топырақ бетінде және мекендейтін жәндіктер түрлері түседі. Цилиндрге кейде жиекетері сәйкес келетін воронка және фиксаторы ретінде 2-4 %-ң формалин бар банканы орнатады.

Топырақ жәндіктерін жерде жатқан кез-келген тастың астынан жинауға болады немесе топырақ бетімен біркелкі етіп көмілген банканың түбіне еліктіргіш зат ретінде бұзылып, сасыған ет немесе жәндіктерді еліктіретін, кез келген иістене бастаған затты салып қойса да болады. Оны түнімен қойып, ал таңертеңгілік барып қарасаңыз, түбінде түнде жүретін жәндіктердің бірнеше түрін көруіңізге болады.

Сонымен қатар көптеген жәндік түрлерін саңырауқұлақтарда, жануарлар өліктерінде, ағаш қабығының астында, өлі ағаштардың діндерінде, қоқыстар астында т.б. жерлерден тауып алуға болады.

Одан соң жәндіктерді қатты жабылатын тығыны бар шыны банкаларға яғни өлтіретін сауытқа саламыз. Өлтіретін сауыт деп – ағаш тығыны бар, тығынында әрбірінің диаметрі 14мм-дей болатын екі тесігі бар, осы тесіктерінен түтіктер жалғасатын шыны банкаларды айтамыз. (суретті қараңыз)

2-сурет. Өлтіретін сауыттың жалпы көрінісі (ішінде улы затты буландырмай ұстап тұратын сорғыш қағаз орналасқан).
Түтіктердің біріне уландырғыш заты бар сұйықтық сіңірілген мақта салынады, ал екінші түтігі арқылы ұсақ жәндіктерді салуға арналған. Мақтаны хлороформмен немесе эфирмен сіңіреміз. Осы сіңірілген заттардың буы ондағы жәндіктерді өлтіреді. Жәндіктерді зақымдалудан және буланудан сақтау үшін, банкаға жұмсақ немесе одан да жақсы артық ылғалды сіңіріп алатын фильтровальді қағазды саламыз. Банканың орнына пробирканы да қолдануға болады. Жәндіктерді, әсіресе қоңыздарды, өлтіретін сауытта 5-6 сағатқа немесе 1 тәулікке дейін салып қою керек. Егер бір уақытта әр түрлі жәндіктерді жинаса, онда бірнеше өлтіретін сауыт болған дұрыс. Ол мысалы, қоңыздарды, көбелектерді, масаларды жеке-жеке салып қойғанға ыңғайлы.

Қарбалас жазғы кездердегі жәндіктерді жинау барысында, жәндіктерді соңына дейін сақтау жұмыстарына уақыт жетпейтін кездер де болады. Сөйтіп, оларды біз қысқы уақытқа қалдырамыз. Ондай жағдайда, уақытша сақтау үшін, жәндіктерді жіңішке етіп салынған мақтаға саламыз. Бұл мақта матрасша деп аталады.




3-сурет. Матрасша
Матрасшаны дайындау үшін қалыңдығы 3-5мм болатын мақтаны қорапқа саламыз. Ол үшін жіңішке мақталарды қораптың көлемімен сәйкес келетіндей етіп кесіп, сосын қорапқа орналастырады. Мақтаның үстінен ақ қағазбен жауып, жәндіктерді орналастыра отырып, қағазға барлық мәліметтерді (жиналған жер мен жиналған уақыты, осы жәндіктердің жиналған орнының ерекшеліктері, т.б.) жазамыз. Сонымен қатар, жәндіктер туралы мәліметтер сондағы жәндіктермен сәйкес келіп, нақты болуы тиіс.

Матрасшалар салуға арналған қораптарға оңай сиып тұруы керек. Көбінесе ондай қораптардың көлемі 25 × 15см, ұзындығы 8-10см болғаны дұрыс. Оларға сәйкес, матрасшалардың көлемі де 24 × 14 болғаны жөн.



Жәндіктерді мақтаға пинцет арқылы мұртшалары мен аяқтарын денесіне жабыстыра, тік қатармен орналастырады. Күндіз ұшатын көбелектердің қанаттары қабатталып сақталу керек. Матрасшаларға жәндіктерді орналастырғаннан кейін, жабын парағында әрбір жәндіктер туралы толық мағлұмат жазылады. Оған жоғарыда көрсетілген мәліметтер жазылады. Матрасшалы қорапты ұзақ уақыт сақталатын болса, онда оған жинақты бүлдіретін зиянкес жәндіктерден қорғау үшін нафталин салу керек.

Жәндіктерді түйреу. Коллекцияларды ұзақ уақыт сақтауда түйреп қоюға қолайлы болу үшін арнайы энтомологиялық түйреуіштерді қолданған абзал. Түйреуіштердің жуандықтары алуан-түрлі болады. №000 болатын түйреуіштер ең жіңішкелері, олардың жуандығы 0,25мм, №00 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,3мм, №0 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,35мм, ал №1 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,4мм, №2 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,45мм, №3 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,5мм, №4 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,55мм және де №5 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,6мм болып келеді.



4-сурет. Әр түрлі топтың жәндіктерін қай жерінен түйрейтінін нүкте арқылы көрсетілді.
Коллекцияларды құрғанда көбінесе №3 түйреуіштері қолданылады. Өйткені, олармен көптеген жоғарғы сатылы қабыршаққанаттыларды және көптеген қоңыздарды түйреуге болады. Түйреуіштермен түйреп, орналастырар алдында құрғақ жәндіктерді алдын-ала жібіту керек. Ол үшін жеке түрлерді немесе бүкіл матрасшаны ылғалды камерада ұстау керек. Көбінесе бір тәулік өткен соң, жәндіктер жұмсақ болып, оларды түйреуге болады, қажет етсе кей майысқан жерлерін түйреуіштің көмегімен түзулеп жөндеуге де болады. Жәндіктерді жоғарыда көрсетілген суреттегідей түйрейді. Түйреуішті қадағанда жәндіктің денесінің ұзындығының 2/3 бөлігіне тік бағытта қадайды. Көбінесе кеудесіне (көбелектер, шыбындар, жарғаққанаттылар, т.б.) немесе оң жақ үстіңгі қанатының алдыңғы ширегіне түйрейді. Қалқаны жақсы дамыған қандалаларды суретте көрсетілгендей, қалқанының орта шенінен түйрейді. Жәндіктердің мұртшалары мен аяқтарын денесіне жабыстыра орналастырады, өйткені, жан-жаққа тарап орналастырылған аяқтары мен мұртшалары уақыт өте сынып қалады. Тікқанаттылардың көбелектердің қанаттарын арнайы қондырғы – жазылғы, жаймалағыш қондырғыларында жайып, түзулейді.



5-сурет. Жаймалағыш.

А – жаймалағыш өлшемдері.

Б, В – көбелекті жаймалағышқа орнату үлгісі.
Тікқанаттылардың қанаттарын жайғанда, орынды үнемдеу мақсатында тек қана оң қанатын жаяды. Ал көбелек, жарғақанаттылардың қос жұп қанатын да жайып көрсетеді. Ұсақ жәндіктерді үшбұрыш пішіндес келген тіреуішке немесе бұрыштап кесілген қатты қағазға мұртшалары мен аяқтарын жая отырып жабыстырады.




6-сурет. Ұсақ жәндіктерді картон қағазға желімдеп жабыстырып түйреу үлгісі.
Ұсақ жәндіктерді түйреу үшін минуция деп аталатын қысқа және өте жіңішке энтомологиялық арнайы түйреуіш болады.

Түйреуішке түйрелген әрбір жәндіктер жиналған географиялық орны мен жиналған күні, сонымен қатар, жәндіктің тіршілік ортасының ерекшеліктері және коллекцияны жинаған адамның аты-жөні көрсетілуі тиіс. Мысалы, төмендегі суреттегідей:




7-сурет. Жәндіктерді жинаған мекенжай, және коллекционердің аты жөнін көрсететін анықтауыш қағаз.
Осы мағлұматтарды үшбұрыштап кесілген қатты ақ қағазға тушьпен ұсақ және анық жазумен жазу керек. Ал оның астынан дәл сондай үшбұрышқа жәндіктің түрлік атауы мен жинап, материалды анықтап, жинаған маманның фамилиясы жазылып, түйрелу керек.

Сандық тіркеу әдістері. Жекелеген түрлердің немесе түр топтарының белгілі бір биоценоз үшін биологиялық баға беру үшін арнайы сандық тіркеу арқылы алынған мәліметтер қажет. Біз энтомофаунаны сандық бағалаудың ең ыңғайлы екі әдісімен танысамыз.

Шөптесін өсімдіктер мекендіушілерін санын анықтаудың ең қарапайым тәсілі – сачокпен шабу; сачоктың өлшемі стандартты (шеңбердің диаметірі 30см, қапшық тереңдігі 60-70см және сабының ұзындығы 1,0- 1,5м) болу керек. Жинаушы адамның қимылдары бірқалыпты болу керек, сачокпен сермеген сайын белгілі бір қашықтық алыну керек. Әрбір сермеуден кейін ілгері қарай бір қадам жасалынады. Санақ 50-100 рет сермеуге дейін жүргізіледі. Шабуды аяқтағаннан кейін ауланған жәндіктер сачоктың түбіне түсіріледі де қапшықты алып, баумен байлайды, ал сосын жәндіктерді бар өлтіргіш сауытқа салады. Одан әрі олар зертханада іріктеліп, саны анықталады. Әр бір үлгіге этикетка ілінеді. Төменгі ярус мекендеушілердің бір бөлігі ғана алынатындықтан, мұндай әдіс апсоменттік сандарды көрсетпейді. Бірақ әртүрлі биотоптарда, не бір биотопта бірақ әртүрлі уақытта паралельді санақтар жүргізілгенде, осы әдісті салыстырмалы мақсатта қолдануға өте ыңғайлы. Аудан бірлігіне алғанда жәндіктер санын жуықтап білу үшін Л.Г. Динесман (1966) ұсынған формуланы пайдалануға болады: x=N/2Rln, x-1м2 аумақтағы жәндіктер саны, N-шабу нәтижесінде ауланған жәндіктер саны, R-метрмен алғанда сачоктың радиусы, h-шөптің бойымен әрбір сермеген сайын сачок шеңбері өткен жолдың орташа ұзындығы, n-сачоктың сермеу саны. Дегенмен, бұл сандар жәндіктердің жуықтап қанша алған санын ретінің және жеткіліксіз екенін естен шығармау керек.

Жәндіктер санын аса нақты анықтайтын – биоценометрлер. Олардың жұмыс істеу принципі топырақ, төсеніш және шөп учаскесінін изоляциясы белгілі бір өлшемді металдан жасалған рамканың көмегімен сәйкестендіріледі, рамканың төменгі шеттері сүйірленген және үстінен қапшық бекітілген (18-с). Топырақтың жоғарғы қабатымен бірге субстрактың да толық іріктемесі жүргізіледі, ал кейін мұқият тексертіледі. Бір үлгіні талдауға кейде бірнеше сағаттан 1-2 күнге дейін уақыт жұмсалады. Бұл жұмысты орындау қиын болғандықтан, оқу тәжірибелерінде биоценометрлер қолданылмайды.

Биоценозбен жұмыс барысында төсеніштің және топырақтың жоғарғы қабатында мекендейтін жәндіктер саны ескеріледі. Топырақты қабат-қабатымен ала отырып және оларды тіпті жәндіктер болмайтын топырақтың қабатына дейін тексере отыра жұмысты жалғастыруға болады. Санақ нәтижесінде алынған мәліметтер кейін жер беті бірлігіне есептеп шығарылады. Нәтижесінде топырақ жәндіктерінің саны олардың кездесетін тереңдіктеріне дейін ауданы 1м2 топырақ бағанасының жануарлар көлемімен анықталады. Жеке түрлер мен топтардың санын да осы жолмен анықтауға болады. Көп жағдайда топырақ энтомофаунасының анализі шөп мекендеушілерінің санағын алдын ала анықтамай жүргізіледі, оған қоса ағаштар мен бұталар астындағы төсеніш қалың болса шөптер сирек кездеседі немесе мүлдем болмайды. Арнайы топырақ қазбаларында өлшемі 50x50 см болатын тегіс жер көлемі алынады (ауданы 0,25м2). Алдымен төсенішті жинап, тексереді, кейін топырақтың бөліктерін бүйір жағында төселген клеенка немесе фанера бетіне күрекпен абайлап суырып алады да қолмен үйкелеп, мұқият тексереді. Санақтар жәндіктер мекендейтін тереңдікке дейінгі қабат бойымен жүргізіледі. Әдеттегідей келесі горизонттар кездеседі (см-мен алғанда): 0-5, 5-10, 10-20, 20-30, 30-50. Көктемде және жаздың алғашқы жартысында ылғалдық жоғары болғандықтан барлық топырақ мекендеушілері дерлік осы қабаттарда шоғырланады. Әрбір горизонт бойынша мәліметтер жеке жазылады.



БУЫНАЯҚТЫЛАР ТИПІНІҢ НЕГІЗГІ КЛАСТАРЫ, ОЛАРДЫ АЖЫРАТЫП ТАНУ БЕЛГІЛЕРІ
Жәндіктер буынаяқтылар типіне жатады. Буынаяқтылар типіне жәндіктерден басқа шаян тәрізділер, өрмекшілер және қырықаяқтылар жатады. Бұлардың денесіндегі сыртқы құрылысындағы айырмашылықтарды ажырата білудің маңызы зор. Денесінің сыртқы мүшелеріндегі негізгі ұқсастық пен айырмашылықатрына қарап қандай класқа жататынын ажыратуға болады.

Ажырата білу үшін судан, орманнан, далалық өлкелерден, топырақтан, өсімдік жамылғысынан әртүрлі буынаяқты жануарлардың коллекциясымен мұқият танысу қажет.

Мұндай коллекциялық материялдарға мысалы, өзен шаяны, есекқұрт, құршаян (скорпион), өрмекші, кене, әртүрлі қырықаяқтылар, қоңыз, қандала, шегіртке қатарлы жәндіктерді атауға болады. Бұл коллекцияларды 70%-дық спиртте немесе инемен түйреп қорапта сақтайды.

Олардың сыртқы құрылысымен танысып, зерттеу үшін 10 рет үлкейтетін лупа, қышқыш, препараттық ине, Петр табақшасы және әртүрлі буынаяқтылардың суреттері қажет.



Берілген қандай бір буынаяқты жәндіктің осы буынаяқтылар типіне жататынын дәлелдейтін белгілерін ажыратып, оны дәптерлеріңе жазып алыңдар. Егер буынаяқтылар типіне жататын жануар екені рас болса, аяқтары және аузының мүшелері бірнеше буыннан құралған, денесі көптеген бунақтардан (сегменттерден) бөлінген, денесінің сыртын қатты хитин қабығы қаптаған болуы шарт. Төмендегі кестеде берілген белгілері арқылы буынаяқтылар типінің негізгі кластарын ажыратыңдар. Кестедегі белгілерді оқып, оны қолдарыңдағы жәндіктердің сыртқы мүшелерінің белгісімен салыстырып қараңдар. Егер белгі сендердің қолдарыңдағы жәндіктің белгісімен сәйкес келсе, онда кесте бойынша берілген санды аттамай, келесі санға көшесіз. Егер белгі сәйкеспесе, жақшаның ішінде қандай сан көрсетілсе, сонда көрсетілген белгіге көшіп, анықтаңдар. Егер екеуі де сәйкеспесе, онда сіздің жоғарыда сәйкеспеді деп есептеген белгіңіз қате болғаны. Материалды қайтадан мұқият салыстыру қажет болады.



8 – сурет. Буынаяқтылар типіне жататын кластардвң өкілдері

А – шаян, Б – есекқұрт, В - өрмекші, Г – кене, Д – қырықаяқ.
  1   2   3   4   5


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет