ҚАҚАҚстан республикасының білім және ғылым министрлігі


З) Пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру (ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы)



бет3/4
Дата13.06.2016
өлшемі350.5 Kb.
#133533
1   2   3   4

З) Пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру (ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы)
Өзіне немесе басқа адамдар үшін материалдық (мүліктік құқық, тұрғын үйге құқық және с.с.) пайда алу мақсатында не материалдық шығындардан (қарызды қайтару, көрсетілген қызметті төлеу, алимент төлеу, материалдық міндеттемелер мен төлемдер төлеу және т.с.с.) құтылу мақсатында жасалған адам өлтіру пайдакүнемдікпен жасалған қылмыс ретінде ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы бойынша саралануға жатады.

Бұл құрамның міндетті элементі пайда табудың себеп болуы. С.И.Ожеговтың анықтамасы бойынша, пайда табу кез келген жолмен материалдық пайда табуға ұмтылу. Пайда табу мақсатында адам өлтірудің тәсілдері әрқилы: белсенді әрекет жасап тікелей шабуыл жасаудан уландыруға дейін немесе ешқандай әрекет жасамай өлтіруге дейін болады.

Қазіргі қылмыстық кодекс кейбір қылмыстық актілердің байланысын ескере отырып, қылмыстық құқықта күрделі қылмыс құрамды деп аталатын, мысал ретінде көп объектілі құрам, екі немесе одан көп объектіге қастандық жасауға жауаптылықты анықтайтын нормалар енгізілген.

Алдыңғы қылмыстық кодексіне қарағанда 1997 жылғы ҚР ҚК – нің 96 бап екінші бөлігінің «з» тармағында пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру кең ауқымда тараған.

Өзінің құқықтық табиғаты бойынша қарақшылық, қорқытып алушылық, жалданып пайда табу мақсатымен жасалатын қылмыстар тобына жатқызылады. Бірақ та, бұл жерде «пайда табу мақсатымен адам өлтіру» мен «жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен ұштасқан адам өлтіру» бір бірінен айырмашылығы бар екендігін ұмытпаған жөн.

С.М. Әпеновтың пікірінше ҚР ҚК 96 бап екінші бөлігінің «з» тармағы мазмұны жағынан дұрыс құралмаған1. Себебі, қылмысты саралаудың методологиялық негізіне сәйкес қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай аса қауіпті қылмыс, одан қауіптілік деңгейі төменірек қылмыспен жабылмауы керек.

Әдетте адам өлтіру объектісі болып – басқа адамның өмірі, ал бандитизмде қоғамдық қауіпсіздік болып табылады. Бұдан қылмыстың мазмұны бойынша кең түсінік болатыны және қай қылмыс өз қылмыс құрамында басқа қылмысты да қамтуы мүмкін деген сұрақ туындайды.

Қоғамдық қауіпсіздік ретінде халықтың тыныштықта өмір сүруі, мекемелер мен ұйымдардың дұрыс қызметі және т.б. түсінуге болады. Заңсыз, тұрақты қарулы топ құрылған кезден бастап осы халықтың, қоғамның қауіпсіздігіне қауіп төне бастайды. Сондықтан қоғам қауіпсіздігі, жеке адамның өміріне қарағанда ауқымды түсінік. Бұдан «адам өлтіру» мен «бандитизм» бір қылмыс құрамы ретінде қарастырылуы мүмкін емес.

Екінші айта кететін жайт, 2007 жылғы 11 мамырдағы ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында банды ұйымдастырушылары, жетекшілері немесе қатысушылары жасаса, қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК 237-бабының тиісті бөліктері және ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы бойынша саралануға жатады делінген. Алайда, 2003 жылғы 11 шілде ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысына сәйкес бандының шабуылы кезінде денсаулыққа жеңіл немесе орташа дәрежелі зиян келтіру ҚК 104, 105 баптарымен қосымша саралауды қажет етпейді делінген.

Сондай – ақ, 2006 жылғы 23 маусым ҚР Жоғарғы Сотының «қорқытып алу істері бойынша сот тәжірбиесі туралы» нормативтік қаулысында дәл солай қорқытып алушылықпен қасақана адам өлтіру кінәлінің әрекетін қылмыстардың жиынтығы бойынша саралауды ұсынады.

ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында мұндай ұсыныс енгізілгеніне тек мынадай себеп келтіруге болады, егер де ҚР ҚК 179, 181, 237 баптарында жауапқа тарту мерзімі 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделсе, 96 баптың екінші бөліміне сәйкес 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы делінген.

Адам өлтіруді сыйақы алу үшін жасаған адамдардың әрекетін жалданып адам өлтіру ретінде ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы бойынша, ал осы адам өлтіруді ұйымдастырған немесе орындаушыны сыйақы үшін адам өлтіруге көндірген адамның әрекетін ҚК 28-бабының үшінші немесе төртінші бөліктері және ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы бойынша саралау керек. Тапсырыс бойынша адам өлтіруді біз бұрын шетелдік баспасөздерден ғана оқушы едік, қазір ірі бизнесмендерді, журналистерді, банкирлерді, саяси қызметкерлерді өлтіріп кетіпті дегендерді жиі естиміз. Тапсырыс бойынша адам өлтіру біздің елімізде алғаш рет 1992 жылы болды1.

Егер кінәлінің ниеті қарақшылық шабуыл жасау немесе қорқытып алу және осы қылмыстарды жасау кезеңінде жәбірленушіге күш көрсету қолданған кезде оның өмірін қасақана жойса, онда әрекетті қылмыстар жиынтығы ретінде ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы және ҚК 179 немесе 181-баптарының тиісті бөліктері бойынша саралау керек2.

Жалдаумен, қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан адам өлтіруді саралаған кезде - өлтіру пайдакүнемдік ниетпен жасалды деп қосымша саралау белгісін қолданудың қажеті жоқ.

Егер мүлікті иемдену ниеті адамға қаза келтіргеннен кейін пайда болса және пайдакүнемдік мақсаты адам өлтіру себебі болмаса, онда жәбірленушінің өмірін қиғаннан кейін оның мүлкін иемденуге байланысты кінәлінің әрекеттерін бөтеннің меншігіне қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті көздейтін ҚК баптары бойынша, ал адам өлтіруді, саралау белгілерінің болуына байланысты ҚК 96-бабының тиісті бөліктері бойынша саралау керек.

Адам өлтіруді қылмыстық қарулы топтардың ұйымдастырушылары, жетекшілері немесе қатысушылары жасаса, қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК 237-бабының тиісті бөліктері және ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы бойынша саралануға жатады.

Қарақшылық шабуылды немесе қорқытып алуды жасыру мақсатында жәбірленушіге қатысты аталған қылмыстардан кейін қасақана құқыққа қарсы қаза келтіру осы әрекеттер үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заң нормалары бойынша және ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағы бойынша саралануға жатады.

Соңғы жылдары пәтерлік қылмыстар көбейіп келе жатыр. Яғни зейнеткерлер, мүгедектерге олардың пәтерлерінің ақысына өмір ьойына қамқоршылыққа аламыз деп, пәтерді өз атына аударып алғаннан кейін, оларды өлтіреді. Бұл қылмыс тікелей ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағымен сараланатынына күмән жоқ.

Сот тәжірбиесінде заңмен реттелмейтін бағалы затты бөлісу кезінде, мысалы ұрланған мүлікті бөлісу, пайда табу мақсатында қаза келтіру сияқты істер де кездеседі.

Пайда табу мақсатымен жасалған қылмыс жәбірленушінің кім болатынынан тәуелсіз: мүліктің (бағалы заттың) иесі немесе ол мүлік пайдалануында болған тұлға, немесе оны өлтіру арқылы мүлкін иеленіп алуға мүмкіндік беретін тұлға да болуы мүмкін.

Пайда табу мақсатында адам өлтіру кезде кімнің пайда табатынын анықтау қажет емес; кінәлінің өзі немесе оның жақындары. Мұндай ниет тек тікелей қасақаналықпен болады.

Ал А.В. Наумовтың айтуынша пайда табу мақсатында қарақшылықпен адам өлтіруде жанама ниетпен жүзеге асырылуы мүмкін дейді. 1

Әдебиеттерде және кейбір қызметшілер тәжірбиесінде пайда табу мақсатында қарақшылық жасау қаза келтірудің тәсіліне байланысты деп айтылады. Қарақшылық, яғни бөтен мүлікті ұрлау мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау. Қарақшылық жасау кезінде адам өлтіру ашық жүзеге асырылады және мұнда жәбірленушінің өзінің мүлкінен айыру мақсатында өмірінен айырылатынын білуі керек. Ал пайда табу мақсатында қаза келтіру ашық түрде де, жасырын түрде де болуы мүмкін. Сонымен қатар қарақшылықпен ұштасқан кезде мүлік қылмыскердің қолына бірде өтеді, ал пайда табу мақсатымен адам өлтіруде мүлік кінәліге кейін өтеді.2

Сондай – ақ адам өлтіруді пайда табу мақсатында жасалды деп, ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағымен саралау үшін кінәлінің мүлікті иеленіп алу ниеті адам өлтіргенге дейін пайда болғанын міндетті түрде анықтау керек. Себебі, егер де кінәлі қаза келтіргеннен кейін ғана мүлікті иеленіп алу туралы ой кеелсе, онда қаза келтіру ауырлататын жағдайсыз, ал мүлікті иеленіп алу ұрлық деп саралау қажет.

Қарақшылықта ешкіммен сөз байласпаған адамның қаза келтіруі мүмкін, ал бандитизммен ұштасқан кезде бір топ яғни банданың пайда табу мақсатында қаза келтіру ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағымен сараланады.

Пайда табу мақсатымен қарақшылықпен, бандитизммен ұштасқан адам өлтіру мен пайда табу мақсатымен қарақшылық, бандитизммен ұштаспаған адам өлтіру қылмыстарын айыру критерийлері болып: Біріншіден, адамды өлтіру шабуыл жасау арқылы жүзеге асырылса; екіншіден, материалдық құндылықтарды иеленіп алу мақсатымен жүзеге асырылса; үшіншіден,егер мүлікті иеленіп алу қаза келтіру кезінде немесе кейін болса, онда пайда табу мақсатымен ұштасқан қарақшылық, бандитизм жиынтығы айқын көдрініп тұр.

Қорқытып алушылықпен ұштасқан адам өлтіруде көбінесе жәбірленуші мүлкін өз еркімен беруден бас тартқан жағдайда орын алады. Мысалы, өсиет жаздыру талабы, немесе мүліктің жартысын өз еркімен беру талабы және т.б.

Пайда табу мақсатымен жасалған адам өлтіруді басқа мотивпен жүзеге асырылған адам өлтіру қылмыстарынан айыра білу өте қажет.

Ұрлық жасаған адамды өлтіру пайда табу мақсатында жасалған қылмыс деп санауға болмайды. Ол тек ұрланған зат үшін кек алу мақсатында жасалып, ешқандай пайда таппағанын ескеру керек.

Сондай – ақ жәбірленушінің бұрын алған қарызды қайтармауына байланысты оны өлтіру де ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағымен саралауға болмайды. Себебі, кінәлі мұнда пайда тұрмақ, енді өз қарызын да қайтарып ала алмайды, демек пайда таппайды.

ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы бойынша алған қорытындылар:


  1. Өзіне немесе басқа адамдар үшін материалдық пайда алу мақсатында не материалдық шығындардан құтылу мақсатында жасалған адам өлтіру пайдакүнемдікпен жасалған қылмыс деп танылу керек.

  2. пайдакүнемдікпен адам өлтіру болып: қарақшылық немесе бандитизммен ұштасқан мүлікті иеленіп алу, немесе қорқытып алу арқылы мүлікті иелену, сақтандыру соммасын алу, ауру немесе қарт адамдарды қамқоршылыққа алудан жалтару, көлікті, тұрғын үйді иеленіп алу, жасаған қылмысы үшін сыйақы алу және т.б.

  3. Бұл баппен саралу үшін кінәлінің мүлікті немесе материалдық құндылықтарды иеленіп алу мақсаты адам өлтірге дейін пайда болғанын анықтау керек.

  4. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағы бойынша қылмыс аяқталған деп тану үшін кінәлі адам өлтіру кезінде мақсат тұтқан мүлік немесе құндылықты алған – алмағын ескеру қажет емес.

  5. Қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен немесе бандитизммен ұштасқан пайда табу мақсатымен адам өлтіру ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағымен және ҚК 179,181, 237 баптарымен саралануға жатады.

  6. жәбірленушімен бірге тапқан мүлікті иеленіп алу үшін оны өлтіру тек ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағымен сараланады.

  7. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «з» тармағымен бойынша жалданып адам өлтіруді саралау кезінде орындаушының пайда табу ниетінің болғанын анықтау керек; жалдаушыда пайдакүнемдік ниетпен қатар басқа да ниет болуы мүмкін.


И) Бұзақылық ниетпен адам өлтіру (ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «и» тармағы)
Бұзақылықтан туындаған адам өлтіруді және өзара жек көру қатынасы негізінде, ұрыс – керіс немесе төбелес кезінде жасалған адам өлтіруді ажырату қажет. Осы мәселені шешкен кезде кінәлі мен жәбірленушінің өзара қатынасын, жанжалдың негізін және себебін анықтау және ескеру, кімнің оны бастағанын, екеуінің әрекетінің белсенділігі мен сипатын және басқа да мән-жайларды анықтау қажет. Мұндай жағдайда қылмыстық істегі мән – жайларды мейлінше мұқият тексеру керек: төбелесті кім шығарғаны,онда адам өлтіру мақсат болды ма.

Бұзақылық ниетпен жасалған қылмыста мақсатты анықтау қиын. Көбіне мұндай қылмыстар ешқандай себепсіз жасалады. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «и» тармағы бойынша қоғамды көрінеу сыйламау, адамгершілік нормаларын өрескел бұзу және кінәлінің қылығы қоғамдық тәртіпке ашық қарсы тұру және кінәлінің айналадағыларға өзін қарсы қойып немесе оларға өзінің артықшылығын немесе жек көрушілігін көрсету ниетімен ұштасқан адам өлтіруді саралау керек. Осындай адам өлтіру көбінесе ешқандай негізсіз немесе адам өлтіру үшін маңызы шамалы себеп пайдаланылып жасалады.

Егер бұзақылық пиғылмен бір адамды өлтірген кезде кінәлі басқа адамдардың денсаулығына қасақана ауыр не орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, онда жасалған әрекеттерді тұтастай алғанда қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «и» тармағы және бұзақылық пиғылымен денсаулыққа келтірілген зиян белгілері үшін жауапкершілікті көздейтін ҚК тиісті баптары бойынша саралау керек.

Бұзақылыққа барған адамдардың көпшілігі (90%) мас күйінде болған. Бірақ мас күйінде болу бұзақылық ниетпен адам өлтіруге дәлел болмайды.

Адам өлтіруге дейін де, кейін де жасалған және олармен біртұтас ниеттегі байланыста емес, бұзақылық ниетпен жасалған бұзақылық әрекеттер ҚК 257-бабының тиісті бөлігі бойынша дербес саралануға жатады.

Егер, адам өлтіру денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтіру, қызғаныш, кек алу, бас араздығы және өзара қатынастар негізінде пайда болған ниеттерден немесе ұрыс – керіске немесе төбелеске бастамашы болған жәбірленушінің заңға қарсы мінез – құлығынан туындаса, ол қоғамдық орындарда немесе басқа адамдардың қатысуымен жасалғаны үшін ғана бұзақылық ниетпен жасалды деп қаралуы тиіс емес.

Бұзақылық ниет деп, субъектінің қоғамдық тәртіпке қарсы тұру, адамгершілік нормаларын бұзғанына қанағаттануды айтуға болады1.

ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «и» тармағын дұрыс қолданудың шарты болып қылмысты жасау мотиві табылады. Егер қылмыс жасауда мотивті анықтамаса, онда қылмыс бұзақылық ниетпен жасалды деп саралауға негіз жоқ.

Кінәлінің басқаға, яғни жәбірленушіге қарсы әрекеті туралы айтылатындықтан, мотивті анықтау үшін жәбірленушінің де әрекеті, екеуінің арасындағы қарым – қатынасын анықтау маңызды роль атқарады.

Ең жиі кездесетін жағдай бұзақылық ниетпен адам өлтіру бұзақылық әрекеттердің жалғасы болып табылады. Осылай облыстық сотта қаралған іс бойынша азамат.М. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «и» тармағы және ҚК 257- бабы бойынша сотталды. Ол түнде мас күйінде жұмысшылар жатаханасына кіріп, бұзақылық жасады: әр бөлмеге кіріп шулап, шамын жағып, айқайлап, балағат сөздер айтып, төсекте жатқан азамат Л. пышақ салды, нәтижесінде ол сол жерде қайтыс болды.

Сондай-ақ кейбір жағдайларда жәбірленуші болып бұзақыға оның жағымсыз қылығы туралы айтқан азаматтар да болуы мүмкін.

Көбінде соттардың тәжірбиесіне үңілсек, мен өзім бұзақылық ниетпен жасалған қылмыстарда кінәлі мас күйінде болған, яғни өзінің әрекеттерін дұрыс бағалай білмегендіктен жасағанын байқадым.

Бұзақылық ниетпен адам өлтіру қылмысын кек алу мақсатымен немесе қызғаныштан өлтіру қылмыстарынан айыра білу әрекеттерді саралауда өте маңызды.

А.Наумовтың айтуы бойынша қылмысты тек қызғанышқа негізінің болмағандықтан бұзақылық ниетпен жасалған деп тануға болмайды1.

Кінәлі қылмыс жасауға негіз деп тапқан жәбірленушінің әрекетін анықтау маңызды болып табылады.

Сонымен қатар бұзақылық ниетпен адам өлтіру мен ұрыс-керіс үстінде адам өлтіруді айыра білу қажет. Бір әдебиеттерде қылмыс субъектісі ұрыс – керістің бастамасы болып, белсенділік танытса, онда бұл адам өлтіру бұзақылық ниетпен деп саралау керек деген пікір айтылды.2

ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «и» тармағында адам өлтіру ниеті тікелей де, жанама да болуы мүмкін.

Егер бұзақылық қаза келтірумен ұштасса, кінәлінің әрекеті тек қаза келтірген үшін көзделген бап бойынша саралануға жатады.Шишов О. өз еңбегінде жазды. Бұл өте қате пікір, себебі айтып кеткенімдей бұзақылық ниетпен адам өлтіру бұзақылық әрекеттің жалғасы болғандықтан фактілі түрде екі жеке қылмыс жасалып отыр, демек екеуі де әділетті заңдық бағасын алуы керек.



  1. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «и» тармағын қолдану үшін кінәлінің әрекетінің анализін қылмысқа дейін де, кейін де бағалау керек.

  2. Бұзақылық ниетпен адам өлтіру тікелей, жанама ниетпен жүзеге асырылуы мүмкін.

  3. Қылмыс жасау мотивін анықтамау, бұл баппен саралауға жол бермейді.


К) Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлауға немесе жыныстық қатынас сипатындағы күш қолдану әрекеттерімен ұштасқан адам өлтіру. (ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағы )

Адам өлтіру, субъектінің немесе басқа адамның жаңа немесе бұрын жасалған адам өлтіруін жеңілдету және жасыру жолымен жәбірленушінің өмірін қиюға ұмтылу болып табылатын адам өлтіруді ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағы бойынша және өз ниетін орындау үшін адам өлтіргенге дейін немесе кейін кінәлі жасаған қылмыс үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық заң нормалары бойынша саралау керек. Адам өлтірудің аталған себебі белгілі болған кезде жәбірленушінің өзіне немесе басқа адамдарға қатысты жасырылып отырған қылмыстың немесе басқа қылмыстың немесе басқа қылмыстың жасалуы болжануы, осы қылмыс ауырлығы бойынша қандай санатқа жататыны, осы қылмыстардың жасалған уақыты мен тәсілі, жасырын қылмысты адам өлтірген субъектінің өзі немесе адам өлтіргеннен кейін жаңа қылмыс жасауға ниеті бар басқа адам жасады ма, жасалған жасырын қылмыс туралы тиісті органдарға хабар түсті ме, кінәлі адам өлтіру нәтижесінде өз мақсатына жетті ме, маңызды емес.

Басқа қылмысты жасыру немесе оның жасалуын жеңілдету мақсатында жасалған адам өлтіруді саралау осы адам өлтірудің басқа себептерін және мақсатын көздейтін ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б», «з», «и», «л», «м» тармақтары бойынша саралау мүмкіндігін жоққа шығарады.

Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен адам өлтіру бір тұлғамен, немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы мен де жасалуы мүмкін. Бірінші жағдайда кінәлінің әрекетін ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағымен саралануға жатады. Екінші жағдайда қатысушылыққа байланысты жауаптылыққа жалпы ережелері бойынша тартылады.

Адам өлтіру мен басқа қылмыс әртүрлі уақытта жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» және «б» тармақтары бойынша саралауды айыру жөнінде сұрақ туындайды. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағы бойынша кінәлі әрекеті саралануға тек болған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы билік органдарына хабарланып қоймаса ғана жатады. Егер де жәбірленуші арыз жазып қойса, және ол туралы кінәлі білген жағдайда оның әрекеті ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б» тармағы бойынша саралануға жатады.

Зорлау, нәпсіқұмарлық сипатындағы әрекеттерге ұштасқан адам өлтіру деп аталған қылмыстарды жасауға оқталу кезінде немесе оларды жасау процесінде жәбірленушіге қасақана қаза келтіруді ұғыну керек.

Э.Ф. Побегайлоның пікірінше зорлауға кедергі келтіруі мүмкін немесе ол туралы тиісті органдарға хабарлауы мүмкін деген тұлғаны өлтіру де ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағымен саралануы керек1.

Адам өлтірумен ұштасқан зорлау тікелей де, жанама ниетпен жасалуы мүмкін. Тікелей ниетпен кінәлі алдын ала, зорлағаннан кейін өлтіруге дайындалған жағдайда. Ал бір топ адамдардың зорлау кезінде жиі қатігездікпен сипатталады, сондықтан ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағымен бірге «д» тармағы қолданады. Жәбірленушінің қарсылық көрсетуін басу кезінде өлтіру жанама ниетпен өлтіру болып есептелінеді.

Күш қолданып жасалған зорлау не жыныстық сипаттағы күштеу әрекеттері немесе аталған қылмыстарды жасауға оқталу, нақ солай жыныстық қатынас, жыныстық сипаттағы күштеу әрекеттері аяқталғаннан кейінгі жасалған әрекетті жасыру не көрсетілген қарсылық үшін кек алу мақсатында жәбірленушіге құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағы бойынша және ҚК 120 немесе 121-баптарының тиісті бөліктері бойынша сараланады. Кінәлілердің аталған әрекеттерін ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағы бойынша саралағанда қылмыстық процесті жүргізетін орган іс бойынша анықталған, ҚК 96-бабының екінші бөлігінің басқа тармақтарында және ҚК 120 немесе 121-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген өзге де саралау белгілерін көрсетуі тиіс.

Зорлау не нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекет жасау не аталған қылмыстарды жасауға оқталу кезінде жәбірленушілердің денсаулығына қасақана жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зия келтірілу, сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына абайсызда ауыр зиян немесе қаза келтірілу тиісінше ҚК 120 немесе 121-баптарының диспозициясымен қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.

Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген сот- медициналық сараптама жүргізуді ұйымдастыру ережелеріне сәйкес алынған сараптамалық қорытынды негізінде белгіленеді.

Әдебиеттерді зерделей келе, мынадай шешімдерге келдік:



  1. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағы бойынша басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен жасалған адам өлтіру сараланады.

  2. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағын қолдану үшін басқа қылмысты жасыру немесе оны жеңілдету мақсатына жетуі қажет етілмейді.

  3. бұл қылмыс пен адам өлтіру бір уақытта да, әртүрлі уақытта да жасалуы мүмкін.

  4. Осы тармақта көрсетілген адам өлтірудің ауырлатылған түрі деп болған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы билік органдарына хабарланып қоймаса ғана танылады.

  5. Күш қолданып жасалған зорлау не жыныстық сипаттағы күштеу әрекеттері немесе аталған қылмыстарды жасауға оқталу, нақ солай жыныстық қатынас, жыныстық сипаттағы күштеу әрекеттері аяқталғаннан кейінгі жасалған әрекетті жасыру не көрсетілген қарсылық үшін кек алу мақсатында жәбірленушіге құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «к» тармағы бойынша және ҚК 120 немесе 121-баптарының тиісті бөліктері бойынша сараланады.



Л) Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық не қанды кек себебі бойынша адам өлтіру. (ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «л» тармағы)
Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілгендей ешкімді тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды.1

Мұндай себептермен адам өлтіргенде кінәлі адам белгілі бір ұлтқа, нәсілге, қандай да бір дінге немесе конфессияға жатқандықтан жәбірленушінің толыққанды адам еместігін көрсеткісі келеді. Қылмыстық мақсатқа әртүрлі іс - әрекеттер жатады: ұлтаралық өшпенділікті өршітуден бастап дінді ұстамағандық үшін кек алуға дейін.

Адам өлтірудің мұндай түрі соңғы уақытта барған сайын кең тарала түсуде, әсіресе бұл ұлттық жек көрушілік немесе араздық себептері бойынша адам өлтіруге қатысты. Бұған көбінесе дұрыс ойластырылмаған ұлттық саясат итермелейді. Соңғы уақытта барған сайын ұлттың өзін - өзі дәріптеу идеясы өршіп барады. Бұл идеялар табиғи құбылыс болып табылады және ұлтаралық араздық пен алауыздықты бұл идеялар тудырмайды. Бірақ, өкінішке орай, ұлттық жеккөрушілік пен алауыздықты тұтандыруға мүдделі күштер бар.

Адам өлтіруді ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «л» тармағы бойынша саралаған кезде кінәлінің әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық немесе қанды кек негізінде әрекет еткенін растайтын дәлелдер анықталуы керек. Атап айтқанда, кінәлі қанды кек алу дәстүрін танитын халық тобына жата ма, осы қылмыс жасағанға дейін адам өлтіру фактісі орын алды ма, кінәлі онымен туыстық қатынаста болды ма, оның туысының өмірін күштеп қиюды жәбірленушінің немесе оның туыстарының жасағаны қандай ақпарат көздерінен оған белгілі болды және басқа да мән – жайларды анықтау керек. Осы саралау белгісі бойынша адам өлтіруді саралауға негіз болатын адам өлтіру ниеті ретінде қанды кек алуды алдында кінәлінің туысын өлтіруге байланысты бұрын туындаған бас араздығы негізінде жасалған адам өлтіруден ажырату қажет.

Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділікке немесе жауласуға байланысты жасалған адам өлтіруді саралаған кезде жәбірленушінің халықтың белгілі бір бөлігіне тиістілігі, оның діни сенімі қылмысты жасауға себеп болғанын анықтау қажет. Бұл ретте, ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «л» тармағы бойынша адам өлтіруді саралау үшін қылмыстың құрбаны болған нақты адамға не қатарына жәбірленуші кіретін, қоғамда белгілі әлеуметтік жағдайға ие басқа дін, ұлт адамдарының белгісіз тобына қатысты жаулық немесе өшпенділік қатынасын анықтау жеткілікті.

Бұл мотив бойынша адам өлтіру сот тәжірбиесінде сирек кездеседі. Және бұл норма жаңадан қосылған норма болып табылады.

Ал қанды кек алу бұрыннан келе жатқан ырым десек те болады. Мұнда қаза тапқан адамның туыстары өздерін ренжіген деп санап, ренжіткен адамнан немесе оның туыстарынан кек алуға «құқылымыз» деп білуі. Біреудің қолынан қаза тапқан туысы үшін өш алу кейбір ұлтта ұрпақтан ұрпаққа таралып келе жатқан дәстүр.

Қанды кек бойынша адам өлтіруді саралауға сүйекке түскен дақ негіз болады. Қылмыстың бұл түрінің субъектісі қанды кек қайтару дәстүрі сақталған ұлттың адамы болуы мүмкін.

Әдебиетте қанды кек ырымы тек ер адамға тән, яғни тек ер адамның ұрпақтары бойынша таралады, субъектісі ер адам болады делінген1. Әйелден кек алу ер адамның өзін - өзі қорлағаны болып табылады.

Кінәлінің бұл қылмыс түрін жасай отырып, қанды кек ырымын қолдайтын адамдар тобына кіретінін міндетті түрде анықтау керек. Ал жәбірленушінің мұндай ырымды қолдайтынын анықтау қажет емес дегенді айта кету керек.

Мотивтен басқа, ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «л» тармағы бойынша кінәлінің әрекетін саралауды субъективтік жағының ниетін анықтау қажет. Қанды кек алу жанама ниетпен жасалуы мүмкін емес болғандықтан, тікелей ниетті анықтау керек. А.Мамутов өз еңбегінде «бұл қылмыстың субъективтік жағы мотивпен қоса – ренжу сезімі, кек алу мақсаты болады» деген1.

1. егер де адам өлтірудің басқа мотивтері болса (пайдакүнемдік, бұзақылық) бұл баппен саралау үшін әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, немесе діни өшпенділік мотиві басшылық етуі тиіс.

2. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «л» тармағы бойныша саралау кезінде (қанды кек мотиві бойынша) адам өлтіру қанды кек алуға байланысты емес, қанды кек алу мотиві бойынша болуы керек.

3. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «л» тармағын қолдану үшін кінәлінің қанды кек алу ырымын қолдайтын адамдар тобына жататынын анықтау керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет