Қабанбай – қазақтың хас батыры



Дата24.02.2016
өлшемі29.02 Kb.
Қабанбай – қазақтың хас батыры
Биылғы 2011 жыл – Қазақ халқының ұлт ретінде сақталып қалуына сүбелі үлесін қосып, ата-бабамыздың жерін жоңғар, қытай басқыншыларынан және қырғыз содырларынан жан аямай қорғап, Қазақ Елінің Тәуелсіздігі үшін қасық қаны қалғанша күрескен Қаракерей Қабанбай батырдың туылғанына 320 жыл толып отыр.

Қабанбай Қожағұл ұлы, Дарабоз – батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл. Ол 1691 жылы туып, 1769 жылы дүние салған.

Жеті жасында әкесі Қожағұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Он алты жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне кетіп, апайы мен жездесі Бердәулеттің қолында болады. Осында жүріп жылқылар мен өзіне шапқан қабандарды жайратып «Қабан батыр» атанды.

1717 жылдан бастап елі мен Жерін қорғау жорығы басталады. Атап айтқанда:



  • 1717 жылы Аягөз шайқасына, 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай – Алкөл шайқасына, кейіннен Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырына айналды.

  • 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауды жеңгені үшін Дарабоз атанды.

  • 1751 жылы батыр қолы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан азат етіп, Төле бидің билікке келуіне ықпал жасады. Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады.

  • 1752 -54 ж.ж. Қабанбай басқарған қазақ сарбаздары алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін Қарқол мен Нарында, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылады. Одан кейін Баспан – Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат етті.

  • 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген Қытай әскерінің бетін қайтарады. Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан тазартады.

  • 1758 жылы қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдатып, қазақ-қытай саудасын бастап берді.

  • 1769 жылы 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке науқастанып жатқанына қарамастан қарсы шығып, жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап, қазаға ұшырайды.

Қаргерей Қабанбай батырға еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы облысындағы бұрынғы Андреев ауылына, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданындағы Жарбұлақ ауылына, Алматы, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларында бір-бір көшеге, сондай-ақ, Аягөз қаласында орналасқан танк дивизиясына есімі берілген.

Талдықорғанда, Үшаралда, Үржарда, батырға ескерткіш, астана іргесінде ескерткіш-монумент орнатылған.

1991-93 ж.ж. бұрынғы Семей және Талдықорған облыстарында Қабанбай батырдың 300 жылдығы аталып өтіліп, үлкен ас берілді.

Батырдың өмірі мен ерлігі Бұқар жырау, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара т.б. ақын-жыраулар шығармаларына арқау болған.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романын жарыққа шығарса, Қабанбай бабамыздың Арқадағы шырақшысы, жазушы Камал Әбдірахманов «Хан батыр Қаркерей Қабанбай» деген кітап жазды.

Қазақтың хас батыры Қабанбайға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Оның ішінде Қабанбайдың атамекені Тарбағатай өңірінде батырға ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Осындай мақсатта аудан әкімінің бастамасымен Тарбағатай ауданында 23 тамыз 2011 жылы «Менің бабам – Қаракерей Қабанбай» атты қоғамдық қор құрылды. Қоғамдық қордың міндеті тоғыз жолдың торабы Боғас бекетіне батырдың ат үстіндегі ескерткішін орнату болып табылады.

Сондай-ақ, Қабанбай батырға арналған жинақтар шығару және мұражайын жабдықтау да қордың қызметіне кіреді.

Қоғамдық қордың тағы бір міндеті – Тарбағатай өңірінен шыққан тарихи тұлғаларды дәріптеу арқылы жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Қордың міндетіне әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан дарынды балаларға материалдық жағынан көмек көрсету, атап айтқанда: олардың облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына қатысуына қаржылай демеу беру жұмыстары да кіреді.

Осы бір игі іске елім, жерім деген және болашақ ұрпақ тағдырына жауапкершілікпен қарайтын әрбір саналы азамат өздерінің үлестерін қосады деген сенімдеміз.



Құттыбаев Ержан Кәрібай ұлы – «Менің бабам – Қаракерей Қабанбай» қоғамдық қорының төрағасы.


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет