Абдиева Н. А. МӘтін және мәтінтүзу ұҒымдары


ІІ МӘТІН ТҮЗУШІ МАҒЫНАЛЫҚ-ҚҰРЫЛЫМДЫҚ КОМПОНЕНТТЕР



бет9/24
Дата10.05.2023
өлшемі242.01 Kb.
#473464
түріДиссертация
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   24
абдиева нураш

ІІ МӘТІН ТҮЗУШІ МАҒЫНАЛЫҚ-ҚҰРЫЛЫМДЫҚ КОМПОНЕНТТЕР
2.1 Фоносемантикалық мәтінтүзуші тілдік бірліктер

Мәтінтүзуші мағыналық-құрылымдық бірліктер ретінде фоносемантикалық бірліктердің қызметін қарастыру қажет. Бізді қоршаған ортамыз дыбысқа толы. Кез келген дыбысты қабылдай отырып адам ол дыбыстарды белгілі бір фонетикалық мағыналарға ой арқылы ьайланыстырады. Адамзаттың тұтас сөйлеу-ойлау негізінің арқасында әр адам ойға байланыстыру арқылы қабылдаған дыбыстар белгілі қасиеттерге ие бола алады. Осы кезде адам миы көру, иіс, дәм, дене сезінулері мен есту органдары арқылы қабылданып жатқан ақпаратты өңдеп тарқатумен айналысып жатқан, ретімен орындалып жатқан әрекеттер тізбегінен тұратын тұтас механизм арқылы орасан қызмет атқарып жатады. Дыбыс бейнелеуішке негізделген үдерістерді зерттеумен жас ғылым саласы – фоносемантика айналысады. Фоносемантиканың негізін салушылардың бірі - С.В. Воронин [51]. Фоносемантика теориясының зерттеу объектісі лингвистика ғылымында және басқа да пәндерде ірге тасы қаланып бекіген, пастулаттарға негізделеді. Көркем мәтіннің дыбыстық ұйымдастырылуын түсіну мәселесі лингвистикада және мәтінді талдау әдістерін оқыту жұмысында да ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Көптеген зерттеушілер мәтіннің фоносемантикалық (дыбыстық музыкалық) ұйымдастырылуының маңыздылығын атап өтеді. Мәтіннің дыбыстық ұйымдастырылуы деп автордың мәтін құрылымын фонетикалық тұрғыдан үндес етіп құруын түсінеміз. Білім, немесе ойлау құрылымы арқылы жүйеге қосылған немесе соған қатысты болаған білім ретіндегі түсіну нәтижесі мағына болғандықтан, «субъекті мағынаны ойлау моделі ретінде мәтінді ұғу үдерісінде жасайды» [51.65], сондықтан мағына түзу үдерісін біз мағына құру үдерісі деп қарастырамыз.


Мәтіннің дыбыстық ұйымдастырылуы барысында дыбыстық доминанттар түрлі репрезентацияға ұшырайды. Осындай жағдайда әр түрлі типтегі мәтіндер туындайды, яғни мажорлы және минорлы, мысалы әр түрлі үнділік-мағына типтері доминантынан тұратын «мұңды және қуанышты» сияқтылар. Мұнда мағынаның көпүнділігі, мағыналық полифония туралы айтуға болады.

  1. Кез келген поэзиялық (көбінде поэтикалық) немесе прозалық болсын көркем мәтінде фонемалардың үйлесімділік пен әуезділік туғызу мақсатында ұйымдастырылуы кездейсоқ құбылыс емес.

Поэзияда прозамен салыстырғанда дыбысталудағы мағыналық күй өте айқын көрінеді, өйткені поэзияда дыбысталу мен мағына арасындағы жасырын байланыс анық көрінеді [52, 92] Мәтіннің фоносемантикалық жағынан ұйымдасуының бір тәсілі ретінде белгілі бір фонемалардың кездесу жиілігін айтуға болады. Бірақ дыбыстық символдық поэзияға тән болумен қатар прозаға тән құбылыс екендігі сөзсіз.

  1. Поэзиялық шығармаларда дыбыстық үйлесімділік ақынның ойын әшекейлеуге ықпал етеді. Бұл бір жағынан мәтіндегі тілдік құралдарды байланыстыруға қызмет етсе, фоносемантикалық құралдарды анықтап талдау барысында, мағыналық аспектіде танылады.

  2. Ал прозалық туындыларда дыбыстық үйлесімділіктің болуы мен олардың жиі ауысуы мәтіннің ұзақтығынан, мағыналық көпқырлылығынан деуге болады

  3. Мәтіннің фоносемантикалық ұйымдасуы барысындағы фоносемантикалық құралдарды пайдаланудың түрлі болуы поэзияға тән, ал прозада байқалмайды. Прозаға көбінде дыбыстық символизмдер тән, дыбыстық қайталауларда және тұтас сөздер мен дыбыстық кешендердің қайталануында дыбыстық акустика-артикуляттық ой байланыстары тән. Мәтінді фоносемантикалық ұйымдастырудағы поэзияның прозадан айырмашылығы – ондағы ұйқас. Ұйқас поэзиядағы мәтінді фоносемантикалық ұйымдастыруды объективтендірудің негізгі фоносемантикалық құралдарының біріне жатады. Ұйқас басқа фоносемантикалық құралдармен (эпифорамен, ассонанспен, аллитерациямен, паронимикалық аттракциямен және т.б) біріге отырып ерекше мағынаға ие болады.

Фоносемантикалық мағыналарды анықтау мен дыбыстарды бағалау сенсорлық және эмоционалдық (синэстэмия құбылысы, С.В. Воронин термині ) аяларды біріктіру идеясына негізделеді. Бұл біріктіру ой байланыстардың ұқсастығы бойынша жасалады, өйткені ол фоносемантиканың психофизиологиялық табиғатын дәлелдейді.
Осыған байланысты мәтіннің фоносемантикалық ұймдастырылуы лексикалық, синтаксистік және грамматикалықтарға қоса көркем мәтінді ұйымдастырудың және қабылдаудың қажетті сатыларының бірі болып есептеледі. Біз мәтіннің фоносемантикалық ұйымдастырылуы мәтінніің толық эмоционалдық күйін қамтамасыз етуші фактор деген қорытындыға келеміз.
Фоносемантиканы фонетика (дыбысталуы жағынан), семантика (мазмұны жағынан), лексикологияның тоғысуынан туындаған жаңа сала деп танимыз. Фоносемантика этимологиямен, тарихи салыстырмалы тіл білімі және типологиямен тығыз байланысты. Тілдік пәндер аясында фоносемантика психолингвистикамен де байланысады. Фоносемантика объектісі – тілдің дыбыс бейнелеуіш (яғни дыбыс еліктеуіш және дыбыс белгілеуіш) жүйесі. Фоносемантика пәні – пантопохрониядағы тілдің дыбыс бейнелеуіш жүйесі. «Пантопохрония» деген термин («пантопия» + «панхрония») жалпы тілді қарастыру мен дыбыс бейнелеуіш құбылыстар сияқты екі әдістің бірлесуінен туындайды: анығында – «топикалық», яғни кеңістік тұрғысынан қарастыру әдісі мен «хроникалық», яғни уақыт тұрғысынан қарастыру әдісі [52]. Фоносемантика мақсаты – дыбыс бейнелеуіштерді сөз фонемалары мен денотат-нысан атаулары негізіне енетін сыңайлар арасындағы біршама тұрақты, яғни еркін емес фонетикалық тұрғыдан уәжді, қажетті, мәнді, қайталамалы байланысты қарастыру болып табылады. Осы орайда ескерілетін жайт, қазіргі кездегі тіл тасымалдаушыларда «дыбыс пен оның мазмұны» арасындағы фонетикалық тұрғыдан уәжді байланыс арқылы сезілетін дыбыс бейнелегіш сөздер ғана емес, тілдік эволюция барысында бұл байланыс солғынданып қалған, бір қарағанда мүлдем мағынасын жойған, бірақ бұл байланыстар этимологиялық талдаулар барысында анықталған сөздер де жатады. Сондықтан, дыбыс бейнелеуіш-сөз - өз негізінде, шығу тегінде дыбыс бейнелеуіш сөз болып табылады. Бұл жағдайдың ұстанымдық маңызы бар. Бұл жағдайдың «ескерілмеуі» дыбыс бейнелеуіш сөздері рөлі мен санының дәлелсіз төмендеуіне, яғни тілдегі дыбыс бейнелеуіш және дыбыс бейнелеуіш емес сөздер арасындағы қатынас көрінісінің бұрмалануына әкеледі. Фоносемантика дыбыстық бейнелеуіш жүйенің тұтас ерекшеліктері; дыбыс еліктеуіш және дыбыс белгілеуіш кіші жүйелер; дыбысталудың өлшемдері мен типтері, топтары; денотат дыбыстарының құрылымы; дыбыс бейнелеуіш сөздердің кешенді топтастырылуы; дыбыс бейнелеуіш сөз фонемасының дыбыс бейнелеуіш қызметі; дыбыс белгілеуіш сөздерді анықтайтын критерийлер; грамматикадағы дыбыс белгілеуіштер; мәтін деңгейіндегі дыбыс еліктеуіштер мен дыбыс белгілеуіштер; тілдің шығу тегі; тілдің онто- және филогенетикалық эволюциясы; фоносемантика санаты; фоносемантикалық ретті қайталанулар; фоносемантиканың эвристикалық мүмкіндіктері сияқты мәселелерді қарастырады.. Фоносемантика ахроникалық тұрғыдан жалпы және арнайы болып екіге бөлінеді. Жалпы фоносемантика белгілі бір немесе бір топ тілдердің емес, әлем тілдерінің дыбыс бейнелеуіш жүйесі заңдылықтары мен жалпы заңдарын қарастырады. Ал арнайы фоносемантика белгілі бір тілдің дыбыс бейнелеуіш жүйесінің заңдылықтарымен байланысты [80].
Кез келген тілдің көркемдік негізіне оның үйлесімділігі мен сұлулығын, айшықтығын білдіретін фонетикалық элементтер жатады. Тілдегі түрлі дыбыстар сезім түйсіктеріне негізделген белгілі бір ой байланыстарын туындатады және ол көркем мәтіннің эмоционалдық күйін түсінуге мүмкіндік береді.
Мәтіннің дыбыстық құрылымын рецепиенттеу барысындағы түсіну үдерісі фоносемантикалық бірліктерді ұғыну болып табылады. Мәтінде фонемалар мен олардың бірлесуі қайталаулар мен (поэтикалық мәтінде анық көрініс алатын) параллелизмдердің күрделі жүйесін құрайды және ерекше фоносемантикалық құрылымды түзеді. Мұндай фонемалар мен фонемалардың дыбыстық кешендері бір жағынан мәтіндегі мағынаны құрастыруға ықпал етсе, екінші жағынан мәтіннің композициялық деңгейінде мәтін түзу құралдары ретінде пайдаланылады [52] деген О.Д. Кулешованың пікірін негізге ала отырып, фоникалық құрылымдардың стилистикалық сипаттамасына емес олардың мәтін композициясындағы қатынастары мен байланыстарына және құрылымдық-стилистикалық тәсілдеріне басты назар аударамыз. Фоносемантикалық құралдар сөздегі және тұтас мәтіндегі мағынатүзуші компонент ретіндегі фоносемантикалық ой байланысын сипаттауға мүмкіндік береді. Фоносемантикалық құрал деп қайталанатын дыбыстарды композициялық белгілеудің стилистикалық тәсілдерін айтамыз, олардың талдануы дыбыстың ассоциативті-бейнелі уәжделуі негізінде мәтіндегі имплициттік-коммуникативті астарды анықтауға мүмкіндік береді. Фоносемантикалық құралдарға аллитерация, ассонанс, анафора, эпифора, паронимия, дыбыстық еліктеу сияқты құралдар жатады. Жиілікпен пайдаланылатын дыбыстарды біз дыбыстық доминанттар деп қарастырамыз. Мәтіннің белгілі бір үзіндісіндегі дыбыстық доминанттардың сан жағынан шоғырлануы ой байланыстарын туғызады. Біздің ойымызша, реципиенттің ой қызметінің белсенділігі мен шығармашылық мүмкіндіктерін көркем мәтін қасиеті арқылы ояту оның көркемдік қасиетінің маңызды бөлшегі болып табылады. Әр түрлі типтегі мәтіндер, яғни эксплициттілермен (сыртқы) қатар имплицитті контексі бар мәтіндер бар. Мұндай мәтіндер интерпретацияның көп екендігін білдіреді.
Мәтіннің көркемдік параметрлері:
1) мәтін мағыналылығы - бұл мәтіннің көркемдік мағынасымен мазмұнының бірлесімі. Көркем мәтінді түйсіну барысында әрекет етуші және ұйымдастырушы бастама ретінде көркемдік форма болады. Ол көркемдік мазмұнды ұйымдастыру тәсілі ретінде және осы мазмұнды реципиенттің ұғынуына ұсыну әдісі ретінде де пайдаланылады;
2) мәтіндегі имплицитті мағынаның болуы;
3) мәтіннің көп мағыналылығы. Мәтінді түрлендіру барысында белгілі бір дербестік сақталу қажет. Мағынаның біреу болмауы мәтіннің маңызды қасиеті болып табылады. Осындай «белгісіздік» ой қызметі үдерісінің әр кезеңін сипаттап, жағымды сәт деп есептеледі, онсыз көркем мәтіннің «көп өлшемді» кеңістігінің болуы мүмкін емес;
4) мәтіннің жанрлық-стилистикалық ерекшеліктері, яғни мәтіннің белгілі бір жанрға жататындығы;
5) мәтіндегі берілген ақпараттың саны мен тығыздығы;
6) интермәтіндік – мәтінге басқа шығармалардың мәдени кеңістігінің енуі [52];
Мәтін түсінілу үшін реципиенттің шығармашылық ойлау қабілетінің белсенділігін қажет етеді. Қабылдау үдерісі реципиенттің білім ауқымының деңгейі мен оның мәдени және өмірлік тәжірибесіне тікелей байланысты болады. Мәтіннің дыбыстық ұйымдастырылуын айқындау үдерісі түйсінуден басталады. Дыбыстық ұйымдастырылуды түйсіну үдерісінде психофизиологиялық негізіндер жатыр. Адамның есту аппараты өте күрделі болып келеді, онда дыбыстық толқындар өзіне тән физикалық сипаттары бар дыбыс ретінде қабылданады.
Реципиент қажетті білімдері белсенділенген кезде бірінші ойлау формасының – елестетудің қалыптасуы басталады. Алдында айтылып кеткендей, қабылдаудың ұсынылған алгоритмі бойынша, ұғыну әр кезең сайын болып отырады. Реципиент шынайы болмысты ұғынуы қажет, ол «өз ойындағы сол шынай болмыс элементтерін реттеп, нәрселер, құбылыстар, үдерістер арасындағы қатынастарды анықтап алуы қажет [52].
Осылайша, ұғыну үдерісінің осы сипаттамасы бойынша дыбыстарды айырып түйсіну (қабылдау) барысында ойда елестетуді (представление) қалыптастырамыз. Дыбысты қабылдау үдерісіндегі келесі кезеңде елестетуді қалыптастыру аяқталады. Елестету дыбыс символдық ой байланыстарына ие бола бастайды және сол арқылы елестетуде тұтастық пайда болады. Ұғыну үдерісі категориялау үдерісімен тығыз байланысты болғандықтан, мұнда бейнені елестетуді белгілі бір объектілер тобына жатқызу қажет болады. Ары қарай қалыптасқан елестерді жадыда сақталған көптеген басқа елестермен салыстыру басталады. Осы кезде дыбыс символдық ой байланыстары пайда бола бастайды, олар елестеулерді ары қарай қалыптастыруға көмектесетін дыбыстық «көмекшілер» сияқты және оларды негізгі күрделі белгілерден тиімді айыруға мүмкіндік береді. Ой байланыстары сөздегі дыбыс символдық компоненттердің болғандығынан пайда болатындығын және үнділік-мағына құруда маңызды рөл атқаратындығын атап өту қажет. Мағына құру үдерісіне байқалған ой байланыстары мен фоносемантикалық құралдар кірген байқалатын ой формаларын ұғыну арқылы категориялау үдерісі жатады. Мәтіндегі стилистикалық мағыналы фоносемантикалық құралдар сөз деңгейінде жеңіл анықталады, ал айшықтау жағы (эмоционалдық, бағалауыштық, бейнелілік) дыбыстар мүмкіндігіне салынған. Бұл реципиенттің түрлі дыбыстық мағыналар байланысы мен әдістерді күрделі ойқызметі нәтижесінде имплициттайды деп және осы байланыстарды өзектей біледі деп қарастырылады. Қалыптасқан ой формалары әлі мәтін мағынасы емес. Мәтін мағынасын құру үшін ойқызметінің ары қарай жұмыс істеуі қажет, өйткені мағына ой формалары иерархиясындағы жоғары сатыларда тұрады. Бұл жағдайда мағына ойдың категория қасиеттері бар логикалық формасы болып табылады [53]
1) Категориялаудың осындай қасиетіне біз синтездеу мен жіктеуді жатқызамыз. Осы еңбекте « оқырман мәтінді рецепциялау үдерісінде қабылданған фоносемантикалық құралдарды бағалап, оларды белгілі бір топқа жатқызады осының барлығы категриялау қасиеттері болып табылады» [84]. Бірінші кезеңде фоносемантикалық құралдарды белгілі бір топқа жатқызу, содан соң сол фоносемантикалық құралдар арқылы келген ой байланыстарын басқа топқа жатқызу үнділік-мағына құруға мүмкіндік береді.
Фоносемантикалық құралдарды категориялау үдерісі нәтижесінде ой байланыстарымен қабаттасып ой формаларының ары қарай қалыптасуы жалғасады. Ой байланыстары өз ретінше нәрселер мен құбылыстар ұқсастығына қарай категорияланады, мұнда семантикалық түйін және дыбыстық кілт немесе «көмекші» ретінде мәтіндегі дыбыс символдық компонент алынады. «Кез келген нәрсені атау барысында субъект оның қасиеттерін немесе белгілерін тілдегі болмыс фрагменттерінің бұрыннан белгілі және тұрақталған қасиеттері мен белгілеріне салу операциясы жүріп жатады. Объектілерді, үдерістерді және олардың қасиеттерін біріктіріп, қосарлау ұқсастық немесе жақындық қатынастарын анықтау негізінде жасалады» [53].
Параллельді қайталау мен параллелизм әр түрлілерден ұқсастықтарды белгілеуге қызмет етеді. Семантикалық жақындық бұл жағдайда композициялық ұқсастыққа негізделеді. Параллелизмнің басты қызметі – сәйкес келетін мәтін бөлшектерінің арасындағы ұқсастықты анықтау. Ю.И. Павловскаяның пікірі бойынша «параллелизмде тропқа баламалықты, ұқсастық жағынан эквивалентті (метафораны), және жақындық жағынан (метонимияны) байқауға болады [53].
Ақпаратты өңдеп жаңа ой репрезентациясына әкелетін ойлау ішкі процесс болғандықтан және ұғымдарды қалыптастыру белгілі бір топтағы объектілердің ұқсастығын анықтауды, қасиеттерді белгілеуді, осы концептуалды қасиеттерді байланыстыратын ережелерді тарқатуды қарастырса, ой байланыстары когнитивтік қызметтердің бір түрі болып табылады. Индивид тәжірибесінде адам есіндегі бір мағынаның пайда болуы екіншісінің пайда болуына ықпал ететіндігі, осы екі мағына (сезінулер, елестетулер, ой, сезімдер т.б.) арасындағы заңды байланыс ой байланыстары болып табылады.
Дыбыс формасы мен оның мағынасы арасындағы табиғи байланыстың бар екендігін ескере отырып, Р. Браунның ұстанған бағыты негізінде белгілі сенсорлық қоздырғыш қасиетінің белгісі болып табылады. Бұл қасиет басқа сенсорлық өлшемдерге (синестезия) немесе (физиогномия) дегенді білдіретін және психологиялық, яғни мәдениетпен кездейсоқ құрылған ой байланыстары емес осыдай қоздырғыштарды қабылдайтын жағдайларда нақты фактілер арқылы жасалғандарға тән. Басқа сөзбен айтқанда, бұл бағыт табиғаттың түрлі қоздырғыштары оқшауланбаған формада, бірақ ретті интерпретация контексінде берілген жағдайдан туындайды. Бір қоздырғыштың басқа лар терминінде көрініс алуы, жақындасуы «шамалап қорытындылау» барысында жасалады, осының нәтижесінде түрлі сенсорлық және психологиялық өлшемдер аралығындағы біркелкілік пен бірдейлік сақталады.
Осылайша, индивидтің шынайы болмыстың көрінісін шамалау арқылы экспрессивті белгілердің кезеңдеп категориялануы орын алады. Шамалау деп сезінулер мен осыдан бұрын алған білімдерін пайдалана отырып түйсінудің жеке ассимиляциясы үдерісін айтамыз. Ол білімдерді қалыптастыруда «өткен тәжірибеден тұратын субъектілік жағдайлар, бағыттар мен қажеттіліктер, мүдделер мен ұмтылыстар маңызды рөл атқарады» [53].
Ой байланыстары реципиенттің алған тәжірибелері арқасында шығатындығын тағы да атап өту қажет. Осы ой байланысын түзудің күрделі механизміндегі синтезия феноменіне негізделген дыбыс символдық құбылысы өте маңызды рөл атқарады. Ой байланыстары табиғаттың түрлі қоздырғыштарына (олар синестезия типіне: эхоикалық және синестезиялық байланысты болады) тән болады, бұлар бейнелердің ой байланыстылық бағалауышы мен байланысты болады, өйткені олар өздерінің физикалық қасиеттеріне қарамастан көптілі-азды аффектілі мағынасы бар белгілі бір ішкі толғаныстардың шығуына себеп болады.Субъективті толғаныстар белгісі түйсінген объектінің белгілерімен ой байланыстырады және олар басқа да ой байланыстары белгілерімен толығады. Осылайша, осы теорияға сәйкес дыбыстық ұйымдастырылу түрлі бағалау критерийлер бойынша ой байланыстарын туғызады: формасы, түсі, иісі, дәмі, сезінуі, эмоциялануы арқылы.
Дыбыстық ұйымдастырылу сияқты адам өмірінің әр түрлі саласында (кинематограф, видео, светомузыка) кез келген субстанция реципиенттің ой байланысы механизмінде синестезия көрініс алады.
Дыбыстық мағына фоносемантикалық құралдарды талдау барысында ғана құрылады. Олардың дыбыстық қасиеттеріне қарай екі ой байланысы бағыты болады:
1) акустико-артикуляттық ассоциация (ой байланысы);
2) бейнелік ассоциация.
а) дыбыстың акустика-артикулятық сипаттарының негізіндегі ой байланыстары
К.Нироптың поэтикалық тіл теориясына байланысты дауысты фонемалар өзінің табиғи реңкі мен артикулятына қарай біршама ой байланыстарын туғызады; мысалы «бастапқы [i] дауыстысы «ашық, балқытқыш» сезімдерімен, ал [u] – «ауыр, мұңдылықпен» ой байланыстырады». Дауыссыздардың артикуляциясы да әртүрлі болып келеді, сондықтан оның ой байланыстары түрлі болады. Спиратнттар ауа үйкелісінен туындайды және соның салдарынан жел ысқырығы, су сылдыры, ысқырық дыбысымен ой байланыстыратындығы белгілі. Осылайша, дыбыстық ұйымдастырылу мәтін бөлшегіндегі дыбыстық доминанттардың (фонемалардың) сан жағынан көбеюімен бірге үнділік-мағына құруға мүмкіндік береді.
б) бейнелік ой байланыстары.
Б.М. Теплов, В.М. Морозов, Л. Тайлор, Л. Ганди, Ж. Дарк, сараптамалары бойынша барлық адамдарға тән қасиет: олар табиғи дыбысты еске түсіру барысында міндетті түрде объект бейнесін – көбінде олар осындай дыбыстарды шығаратын (су сылдыры, жел шуылы, ысқырық дыбысы, жапырақтар сыбдыры) көріністі бейнелерді қалпына келтіреді. Осындай заттық бейнені полимодальдық деп атайды. Мұнда бірінші, өзекті болып көріністі бейне алынады.
Затты түйсінудің полимодальдік сипаты көру қоздырғыштары ықпалы негізінде есту образдары арқылы туындайтын ой байланыстарын қарастырады, және керісінше көру арқылы туған образдар есту қоздырғыштары ықпалынан туындайды. Бұл құбылыс көбінесе айшық бейнелі ойлау қабілеті бар суретші, музыкант, ақын сияқты адамдарда жиі кездеседі.
Осылайша, мағынасыз сөз бен мағынасыз бейнесурет (изображение) арасында үнемі ой байланыстық байқалады, бұлар екі қоздырғышқа да ортақ ой байланыс арқылы жасалған. Олар ой байланысының аралық байланысын қамтамасыз етуге арналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет