Абдиева Н. А. МӘтін және мәтінтүзу ұҒымдары


Мәтін түрлері мен типтері



бет6/24
Дата10.05.2023
өлшемі242.01 Kb.
#473464
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
абдиева нураш

1.2 Мәтін түрлері мен типтері
Мәтін - лингвистикалық тұрғыдан сипатталуы өте қиын, күрделі нысан, өйткені оның мазмұны оны құрайтын абзац немесе күрделі синтаксистік тұтастықтардың жай ғана қосындысы емес. Оның мән-мағынасы тек лингвистикалық нақты бірліктер ғана емес, солармен қатар сол кезеңдегі түрлі экстралингвистикалық факторлармен де байланыста болады. Ол белгілі бір мақсатты көздейтін, белгілі бір адресатқа арналған ақпардан тұрады. Сондықтан оның қалыптасқан формасы, қабылдап, түсінуге лайықталған тілдік құрылымы болады, яғни мәтін құрайтын немесе түзетін кез келген элемент қалай болса солай орналаспайды, олардың арасында белгілі бір байланыс болады да, әрқайсысы мәтіннің тұтастығын қамтамасыз етуде арнаулы қызмет атқарады.
Мәтін – күрделі құрылымдар мен әдістердің бірлігінен құралатын категория. Мәтінге тән өзіндік көркемдегіш құралдар тобы бар. Олар мәтіннің композициялық жағынан бір бірбүтіндігін, оның архитектоникасы мен семантикасының байланысын қамтамасыз етеді. Оларға микормәтін, макромәтін, абзац, фразадан тыс бірлік, күрделі синтаксистік тұтастық, прозалық строфа сияқты категориялар жатады. Бірақ оларға осы күнге дейін толық түсінік берілмей келеді. Қазақ тіл білімінде осы терминдердің кейбірі әлі күнге жарыспалы түрде қолданылып келеді.
Тілді зерттеу ұзақ жылдар бойы тілдің жеке бірліктері – дыбыс, сөз, сөз тіркестері және сөйлеммен шектелді. Қазіргі тіл білімінде сөйлемнен үлкен тілдік бірліктер бар екендігі анықталып, күрделі синтаксистік тұтастық, абзац және тұтас мәтінді зерттеу қолға алынды. Кейінгі жылдардағы зерттеулер нәтижесінде мәтін лингвистикасы саласы біршама қарқынды дамып, мәтін ұғымына қатысты зерттеулер нәтижесінде мәтіннің ерекше құрылымға ие екендігі анықталды. Мәтіннің өзіндік белгілері, сондай-ақ мәтінаралық байланыстар түрлері анықталды. Мәтіннің байласымдық, тұтастық, аяқталғандық сияқты қасиеттері ашылды. Сондай ақ мәтін құрылымындағы байланыстар тек шылаулар мен шылау мәндес сөздермен ғана жүзеге аспайтындығы, мәтін бөліктерін байланыстырушы басқа да тәсілдер бар екендігі белгілі болды. Оларға қайталаулар, сондай-ақ сөздердің ассоциативтік қатарлары да жатады.
И.Г. Ольшанский мәтін элементтерінің төмендегідей иерархиясын ұсынады: макромәнмәтін (тұтас тілдік шығарма), субтекст(бөлім, тарау т.б.), абзац, күрделі синтаксистік тұтастық, микромәтін (бір сөйлем) немесе бұл жүйенің ең төменгі шегі – сөйлем». М.М. Глушко осы жүйеге лексикалық және морфологиялық деңгейлерді жатқызады» [35]. И.Р. Гальперин мәтінді көлемді-прагматикалық және контексті вариативті болып мүшеленеді деп көрсетеді. Көлемді-прагматикалық түрі том, кітап, бөлім, тарау, абзац, күрделі фразалық тұтасым деген бөлшектерге мүшеленеді. Контексті-вариативті түрі автор сөзі, баяндау, пайымдау, диалог, дәйексөз, төл сөз, табиғат, кейіпкер бейнесін, қимыл-әрекет жағдайы мен орнын суреттеу сияқты бірліктерге ажыратылады» [36].
Т. Қордабаев, Р. Сыздық, Б. Шалабай, Ж. Жақыпов, А. Жұбанов т.б. ғалымдардың еңбектерінде мәтіннің мүшеленуіне қатысты бірталай құнды ойлар айтылған.
Бірқатар зерттеушілер мәтін деңгейіндегі ең кіші бірлік – күрделі синтаксистік тұтастық (Г. Смағұлова, Ж. Қайшығұлова т.б.) деп есептейді. Ал кейбір ғалымдардың пікірінше мәтінтүзуші ең кіші бірлік – сөйлем (Г. Әзімжанова, т.б.). З. Ерназарова мәтінді сөйлеуші мақсатына сай аяқталған ойды білдіретін бір немесе бірнеше сөйлемдер тізбегі деп таниды. Тілдің иерархиялық құрылымында мәтін семантика - синтаксистік құрылым ретінде жоғары деңгей болып есептеледі. Ал, сөйлеу бірлігі ретінде мәтін сөйлесіммен салыстырғанда бүтіндік сипатқа ие. Ол ортақ мақсаттағы бірнеше сөйлесім тізбегі болуы мүмкін [39]. И.О. Москальская «Грамматика текста» атты еңбегінде: «Тиянақты ойды білдіретін сөйлеудің негізгі бірлігі – сөйлем емес, мәтін; мәтін – синтаксис деңгейінің жоғары бірлігі» деген тұжырымдама жасайды [37].
Мәтін латынша - байланысу, бірігу – тілдік таңбалардың мағыналық және тұлғалық байланыстығы негізінде түзілген ізбі-ізділігі [7, 4].
Мәтін сөйлеу процесінің жемісі. Ол тілді жүйелі қолданудың барысында ғана пайда болады. Ғалым Б. Шалабай: «Мәтінді зерттеу тұрақты күйдегі тілді емес, әрекетті тілді зерттеуден барып пайда болады» [38, 31] -дейді.
Мәтін – ойды жеткізудің құралы. Мәтін арқылы қоршаған ортадағы шындықты танып біле аламыз. Мәтін – адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын білдіретін ең жоғарғы коммуникативтік бірлік. Сөйлеу процесі сырт қарағанда игерілмеген құбылыс сияқты көрінгенімен шындығында, тіл жүйесі оған әсерін тигізіп отырады. Мәтіннің тақырыбы болады. Көбінесе ол міндетті мәтіннің бірінші сөйлемі атқарып тұрады
Мәтіннің өзіндік мазмұны және соған байланысты өзіндік құрылу моделі болады. Мәтіннің құрылуы мен қабылдануы сөйлеуші мен тыңдаушының мәтінді әрқайсысының өзінше тұжырымдап, түсіндіруіне сәйкес берілген мазмұнды толық әрі терең түсінуге мүмкіндік береді. Қандай болмасын мәтін бір ойдың жемісі болғандықтан ол адам санасымен, сөз мәдениетімен тығыз байланысты. Мәтіндегі біртұтас тиянақты ойды оқырманға түсінікті етіп жеткізуде автордың өзі ұсынып отырған ақпаратқа қатысын, пікірін, көзқарасын, көңіл-күй сезімдерін білдіретін әр түрлі тілдік тұлғалар мен әдіс-тәсілдер қолданылады.
Тіл білімінде бұрыннан бар дәстүрлі құрылымдық зерттеулерде аңғарыла бермейтін кейбір тілдік құбылыстардың қызметі мен ерекшеліктері тілдің мәтін түзушілік қызметін зерттеуде айқындала түседі.
Мәтін әр түрлі тілдік бірліктер мен олардың арасындағы қатынастардың күрделі құрылымы болып табылады. Мәтін құрамындағы тілдік бірліктер өзара әр түрлі лексикалық, стилистикалық, логикалық байланысқа түседі. Мәтін – абзацтар, параграфтар, бөлімдер, тараулар т.б. өзара қатынасқа түсетін сөйлемдер жиынтығының іріленген бірлігі. Бұлар коммуникативтік мақсатқа сәйкес аяқталған мазмұнды жеткізуге қызмет етеді. Сөйлемнің мағынасы оның құрамындағы сөздер мағыналарының жиынтығы болмайтыны сияқты, мәтіннің мазмұны да оны түзетін сөйлемдердің мағынасынан құрылмайды. Мәтіннің толық мағынасы оның мазмұнын жалпылап, қорытындылап, түйіндеу арқылы іске асады.
Мәтіннің негізгі сипаттарының бірі – мағыналық тұтастығы. Мәтінді тұтастай алғанда бір ғана мазмұнға ие, өзара логикалық және грамматикалық байланыстағы әр түрлі тілдік бірліктерден құралған көп деңгейлі құрылым деп тануға болады. Мәтіннің мағыналық тұтастығы оның бойында кезесетін кейбір «тірек сөздермен» тікелей байланысты. Мұндай сөздер орыс тіл білімінде опорные слова, дескрипторы т.б. деп аталып жүр. Тірек сөз бүкіл контекстегі тұтас шоғырланған өзекті сөздер ретінде автордың идеялық көзқарас жүйесі, пікірін танытады. Мұндай тірек сөздер құрылымында белгілі бір иерархия болады. Мәтіндегі негізгі тірек сөздерді мәтінде көзделген ойдың ықшам түрі деп тануға болады. Зерттеушілердің пікірінше, мәтін ішіндегі тірек сөздерді мынадай белгілеріне қарап анықтауға болады: сөздің мәтін ішінде ең көп қолданылуы және сол сөздердің ең көп абзацта кездесуі.
Мәтіннің өзіне тән сипаттарын төмендегі кестеден көруге болады:



эмоционалдық

модальділік

экспрессивтілік



шоғырлылық

дербестік



Мәтін




аяқталғандық

ақпараттылық



байласымдылық

тұтастық

логикалылық

Мәтінді айтылым ретінде анықтаудың екі түрлі қыры бар: оның мағынасы және оның жүзеге асуы. Кез келген мәтін тілдік жүйеге бағынады. Сонымен қатар әрбір мәтіннің белгілі бір тұрғыда қайталанбайтын өзіндік ерекшеліктері болады. Қазіргі лингвистикада дискурсты көптеген ғалымдар мәтіннің динамикалық күйдегі түрі деп түсіндіреді. Ал мәтінді оған қарама-қарсы статикалық күйдегі тілдік қарым-қатынас нәтижесі деп есептейді. Кейде дискурс екі бірдей ұғымды - тілдік қызметтің динамикалық үрдісі мен оның нәтижесі дегенді білдіреді.


Мәтін лингвистикасының негізін қалаушылардың бірі, голландиялық лингвист ғалым Т.ван.Дейк дискурс терминін алғаш қолданып, мәтіннің статикалық күйінен динамикалық күйін зерттеуге ауысты [39].
1950 жылдары Эмиль Бенвенист айтылым теориясын қалыптастыра отырып, француз лингвистикасында дәстүрлі түрде қолданылып жүрген дискурс терминін жаңа мағынада – сөйлеушіге тән айтылымның сипаттамасы ретінде қолданады. 1960 жылдары Мишель Фуко Эмиль Бенвенист пікірін жалғастырып, дискурсивтік талдаудың мақсат-міндеттері жөніндегі өз көзқарасын білдіреді. Ғалымның дискурс жөніндегі пікірі бойынша және француз лингвистикалық мектебі үшін дискурс – белгілі бір саяси-әлеуметтік топқа немесе дәуірге тән айтылым типі (коммунистік дискурс) болып танылды [39]. М. Фуконың дискурс туралы тұжырымы кеңестік тіл білімі ғылымында қолдау тапқан жоқ.
«Мы предлагаем понимать дискурс как совокупность речемыслительных действий коммуникантов, связанную с познанием, осмыслением и презентацией мира говорящим и осмыслением, реконструкцией языковой картины мира продуцента рецепиентом. Такое представление лежит в русле динамического (on-line) подхода к языку; ключевые для определения девербативы (действие, познание, презентация, реконструкция) достаточно полно отражают многообразие операций самой высокой степени сложности, совершаемых участниками коммуникации» [39]
Дискурсқа Н.Д. Арутюнова "речь, погружённая в жизнь"деген сипаттама береді [39].
ХХІ ғасыр лингвистикасындағы антропоцентрлік бағыттың өрістеуіне байланысты адам танымы мен ой құрылымын тіл арқылы және керісінше, ой құрылымынан тілге қарай бағытталған зерттеулер қарқынды сипат алуда. Тілдік субъектінің дүниетаным ерекшеліктерінің тілдің барлық деңгейлерінде көрініс табуын зерттейтін жаңа бағыттар пайда болды. Лингвистикалық бірліктерді когнитивтік, прагматикалық т.б. аспектілерде зерттеу қажеттілігі туындады. ХХІ ғасырда қарқынды дами бастаған мәтін лингвистикасымен қатар, дискурс аталатын осы динамикалық мәтінді зерттеуге де назар аударылуда. Соның нәтижесінде мәтін лингвистикасы мен дискурс теориясы деген екі басқа, бірақ бір-бірімен тығыз байланы екі бағыт айқындалып отыр. Бірақ күні бүгінге дейін мәтін лингвистикасы мен дискурс теориясының зерттеу нысандарының айырмасы ажыратылып, мәтін мен дискурс белгілері сараланып болған жоқ, соған байланысты оған түрліше анықтамалар беріліп жүр Отандық тіл білімінде дискурс пен мәтіннің айырмашылығын көрсетіп, мәтін талдау мен дискурс талдаудың ортақ белгілері мен ерекшеліктерін анықтайтын бірқатар ғылыми еңбектер бар. Соған қарамастан, дискурстық бірліктердің лингвистикалық табиғаты әлі де толық зерттелмеген деуге болады.
Дискурс байланысқан пікірлер мен сөйлеу барысындағы нақты мәтіндердің туындауына ықпал етеді. Мәтіннің авторға қатысты немесе түрлендірушінің қалауымен болған жағдайда ғана, дискурс аясында түрлену мүмкіндігі бар. Дискурс ұғымы langue-parole деген соссюрлік қарсы қоюдың дамуы мен жалпылануы болып табылады. «Мәтін» мен «дискурс» ұғымдары синоним ретінде қолданылып жүрсе де олар әр түрлі құбылыстар болып табылады. «Дискурс» терминінінің түрлі анықтамаларының ішінде, дискурсті толық түсіндіретіні, оны пікірталас барысында қалыптасқан, менталды үдерістермен байланысты ойлау-сөйлеу комуниканттарының әрекеттер жиынтығы ретінде алынуы.
Дискурс – бұл қолданыстағы тілдесім. Бұл прагматикалық, әлеуметтік, мәдени, психологиялық және т.б. экстралингвистикалық факторлармен бірге, оқиғалар аспектісінде алынған байланысқан мәтін; әлеуметтік мақсатқа бағытталған, әрекет ретінде қарастырылған тілдесім; адамдар қарым-қатынастарына қатысатын, олардың сана механизміне (когнитивтік үдерістерге) қатысатын компонент ретінде қарастырылады. Дискурс мәтінмен салыстырғанда ұғымы кең. Бірақ мәтін дискурсқа қарағанда күрделі келеді, өйткені оның ішінде коммуникация элементтерімен оның мәнін ашуға арналған белгілер бар. Мұнда хабардың орны ғана көрсетіледі, бірақ дискурстағыдай хабар алмасу жүрмейді. Автор мәтінді қалың көпшілікке арнап бағыттайды, онымен өзі еш қарым-қатынасқа түспейді.
Көркем мәтінді дискурс нәтижесі деуге болады. Дискурстың бүгінгі ұғымы мәдени-әлеуметтік, тарихи факторлардың қарастырылуы болып табылады, сондықтан ғалымдар ғылыми, мемуарлық, феминистік, саяси, әлеуметтік идеологиялық, діни, кәсіби, (медициналық, педагогикалық) және т.б. дискурстар жөнінде сөз қозғап жүр. Дискурс тіл мүмкіншіліктері аясында әлеуметтік және мәдени институттар қалыптастыратын, ағымды сөйлеу ретінде қарастырылады. Оның құрастырылуына мәтін авторының ықпалы тимей қоймайды. Осыған байланысты жанрлар мен стильдерге, тіркелімдер мен нақты мәдени кодтарға, тіл тасымалдаушылар репертуарына зор қызығушылықтың пайда болады. Осы құралдар арқылы автор орныққан дискурс аясында түсінікті болуды қамтамасыз етеді. Дискурс ұғымы әлеуметтік институттар мен білім беру салаларымен бірге тілдің әрекеттесуін ашады деуге болады. Олар дара әрекеттер мен түсініктердің, эмоциялардың мәдени-әлеуметтік кеңістігін сипаттап қалыптастырады. Сонымен бірге дискурстың міндетті сипатының бірі – үдерістілігі, бұл «дискурстың өзі ағымда жүріп жатқан, шынайы, физикалық уақыттан тыс болуы мүмкін еместігі»; бір ағымның бар екендігі жөніндегі идея терминнің ішкі формасында жатыр (discource) [40, 40]. Алайда, дискурстың бүгінгі ұғымына келсек 60-70 жылдардағы көзқарастарға қарағанда, ХХ ғасырдың түсінігі («сөйлемдер мен тілдесім актілерінің байланысты бірізділігі») басқаша, мұнда дискурс ұғымы «құрамында мәтіннен басқа оны түсінуге қажетті экстралингвистикалық факторлары бар күрделі коммуникативтік құбылыс ретінде» ретінде қарастырылады [40, 8].
Г.Г. Гиздатов [40] пен Г.Г. Бүркітбаева [41] еңбектерінде дискурстың нақты түрлері арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылады.
У. Манн мен С. Томпсонның теориясына сай дискурс үш деңгейлі құрылыммен сипатталады: 1) суперқұрылым, 2) байланыс құрылымы, 3) синтаксистік құрылым. Мұндағы суперқұрылым мәтіннің жоғары деңгейдегі және жанрға тәуелді ұйымдасуына жауап берсе, байланыс құрылымы сөйлемдердің қарапайым бірізділігінен біртұтастықтағы мәтін ретінде ұйымдасуына жауап береді. Сөйлем мағынасының ұйымдастырылуы мен көрінуіне синтаксистік форма қандай қажет болса, тұтас мәтіннің макроқұрылымы мен жалпы мағынасын ұйымдастыру үшін де форма сондай қажет. Мұндай сызбалық суперқұрылым қандай да бір дискурс сипатына тән категориялар жиынтығы мен осы категориялардың ретін анықтайтын стратегиялар мен ережелер жиынтығынан тұрады. Мәтінде тұтастығына қатысты, жалпы тілдік кеңістікке байланысты талдаудың универсалий, кілт сөздер, семантикалық ұялар, концептілер сияқты бірліктер пайдаланылады. Мәтін сөз актісінің жазудағы көрінісі. Ал, дискурс – қолданыстағы мәтін.
Мәтін мен дискурстың ортақ белгілері мен айырмашылықтарын А.Әділова төмендегідей жіктейді:
1 дискурс автор интенциясына, стиль ерекшеліктеріне байланысты сұрыпталып, іріктеліп алынатын тілдік құралдардың жиынтығы. Мәтін осы сұрыптаудың жемісі, нәтижесі;
2 дискурс мәтінге қарағанда кең ұғымды қамтиды, ол – сөйлеу үдерісі;
3 дискурс нақтылы уақытпен ажырамас бірлікте, ал мәтін тек мәдени кеңістікте өмір сүреді, яғни ол нақты уақытқа тәуелді емес, кез келген кезеңде екінші бір дискурста өзектенуі мүмкін;
4 дискурсты қайта туындатуға болмайды. Ал көркем мәтін қайта туындатуға қабілетті және бейім;
5 дискурс ақпаратты беру тәсілі болса, мәтін ақпаратты сақтаушы, жинақтаушы, жаңа мән тудырушы көпқырлы, көпқабатты құрылым [10].
Зерттеушілер дискурс белгілері ретінде динамикалық, функционалдылық, өзектілік, үрдіс, когнитивтік әрекет, кез келген дыбыстық не графикалық репрезентациядағы тілдік шикізат болатындығы, белгілі бір уақыт аясында, белгілі бір орында өтетіндіктен шартты түрде тұйықталатындығы, сөйлеушілер бір-бірінің сөзін тоспай сөйлей бермейтіндіктен дискурстағы мәтін біреуге бағытталатындығы, сөйлеушілер санасы әрекеттесетіндігі, арнайы мақсатпен мәтінді тұйықтауы, оның өмір сүруіне мүмкіндік беруі т.б. сипаттарды атайды. Дискурстық уақытқа ие, «өмірдегі тіл» сипатында болады, оған тән белгілер: индивидуалды сипатта, авторлары сөз жағдаятына қатысушылар, бірінші деңгейдегі сөйлеу жанры, қозғалыста болуы, айтушы-қабылдаушы тарапынан алғанда өзгеріссіз бір бағытты, эмоциясы біртуар, ауызша сипатта болуы т.б. Ал мәтіннің белгілеріне статикалық, құрылымдылық, көп өлшемді, терең қабатты, үрдіс өнімі, когнитивтік әрекет қорытындысы, кез келген материалдық тасымалдаушыда бекітілген тілдік шикізат сияқты қасиеттерді көрсетеді. Мәтін тілде орналасады, сондықтан оның тұтас алғанда шегін көрсете алмаймыз. Ал, тілде тұрғанда ол ешкімге арналмаған, дискурста тілдік дерек мәтінішілік уақытқа ие, «тілдегі өмір» сипатында болады, ол екінші деңгейлі күрделі сөйлеу жанры түрінде түзіледі.
Дискурсқа өте жақын ұғым – диалог. Дискурс кез келген коммуникативтік акті сияқты адресат пен автордың болуын қажет етеді. Сонымен қатар автор мен адресат кезектесіп келеді. Егер дискурста сөйлеуші біреу ғана болса, ол монологқа жатады. Алайда монологті бір ғана қатысушысы бар дискурс деп тануға болмайды, өйткені монологта да адресат қажет. Түптеп келгенде, бір-біріне қарама-қарсы құбылыс ретінде қарастырылып жүргеніне қарамастан, монологті диалогтің ерекше бір түрі деп тануға болады.
Қазіргі тіл білімінде дискурстық талдауға ерекше мән беріледі. Ол логика, психология, сана философиясы, әдебиеттану, әлеуметтану сияқты шектес салалар жүйесін қамтиды. Ғалым Н. Уәли көркем шығарма дискурсын оқырманға тигізер ықпалы, оқырманның зерделеу әрекеті тұрғысынан зерттеудің маңыздылығына баса назар аударып, антропоцентристік өзектілігіне ерекше мән береді. «Көркем шығарма дискурсын оқырманға тигізер ықпалы, оқырман редакциясы, оқырманның зерделеу әрекеті тұрғысынан зерттеудің маңыздылығы мен өзектілігі сөз мәдениет ғылымының, стилистика ғылымының имманентті жүйеден антропоцентристік бағытқа бет бұруы үшін аса маңызды, аса өзекті болып отыр. Белгілі бір коммуникативтік бірліктің немесе сөз актісінің (мәтіннің, дискурстың) адресант + мәтін жағы зерттеліп, тілдік, тілдік емес құрылысы талданып, ал мәтін+оқырман (адресат) жағының қалып қоюы коммуникативтік біртұтас жағдаяттың табиғатын объективті түрде айқындауға мүмкіндік береді» [8]- дейді. Алайда, ғалым зерттеуінде, оқырманға (адресатқа) бір жақты басымдық беріп қоймайды. Коммуникативтік біртұтас жағдаятты объективті түрде айқындау үшін адресант+мәтін+адресат тұрғысынан келу керек деген тұжырым жасайды. Дискурс түрлерін публицистикалық, ғылыми, іскери, бейресми деп жіктеп, әрқайсысының формальды-коммуникативтік ерекшеліктерін, тілдік-құрылымдық сипатын көрсетеді.
Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасын зерттеген ғалым Қ. Есенова дискурстық талдауға мынадай талап қояды: «жағдаятқа және оған қатысушыларға байланысты экстралингвистикалық, этномәдени факторлар, сондай-ақ коммуниканттардың мақсат-ниеттері басшылыққа алынуы тиіс» [42,2]. Дискурстық талдау барысында лексика-синтаксистік құрылымы ғана сарапталмайды, мәтінді кім жазды, қашан, қайда, кімге арнап жазылды, қандай мақсатпен жазылды, тіпті автордың нормативті ұстанымы, идеологиялық, бағалауыштық бағыты қандай деген сұрақтарға жауап алыну үшін талдау (тіпті сараптама деуге болады) жүргізіледі. Бұнда автордың мақсат-мұратын білу аса маңызды, өйткені оның қоғамдық-саяси дүниетанымы мен көзқарасы, ұстанымы мен әлеуметтік болмысы тілдік тұлғаның мән-мәтінін қалыптастырып, сөз саптауын (стилін) шыңдауға ықпал етеді, әрі оны айқындауға бағдар болар көрсеткіш іспетті [42].
В.В. Богдановтың пікірінше дискурс - ауызша және жазбаша қолданыста қатар өмір сүретін тілдік бірлік. О. Г. Ревзинаның, Л. О. Чернейконың [42]. т.с.с ғалымдардың еңбектерінде, дискурс субстанция ретінде танылады. Өйткені адамдардың өзара қарым-қатынас жасап, ақпарат алмасуы үнемі болып отыратын үрдіс. Ол сөйлеу әрекетінің нақты уақытта, нақты орында, нақты коммуникативтік жағдаятта орындалуынан көрінеді. Үнемі болып отыру, тәуелсіз жүзеге асу белгілері дискурстың аталған сипатына тән. Дискурс – дүниетаным тілі, оның тілсіз (вербалды не бейвербалды) орындалуы мүмкін емес.
К. Садированың докторлық диссертациясында көп пропозициялы дискурс мәселесі қарастырылады. Ғалым дискурсты өмірдегі, яғни шынайы уақыттағы нақты оқиғалардың тілге көшкен тізбегінің ағымы, мәтін - дискурс үзігі деп танып, ол жанр заңдылықтарына сай рәсімделеді немесе тіпті арнайы рәсімделмеуі де мүмкін екендігін айтады. Сонымен қатар дискурс шынайы уақытта туса, ал мәтіннің өз ішінде сақтап қалған уақыты болады. Шынайы уақытта белгілі бір дискурс нәтижесі болған мәтін ішіндегі уақыт шынайы уақытқа сай түспейді, бұл жайтты мәтін мен дискурстың басты ерекшелігін танытатын негізгі белгінің бірі деп санайды.
К. Садирова дискурстың төмендегідей типологиясын көрсетеді:
1) Қарым-қатынас аясына байланысты дискурстар: Күнделікті-тұрмыстық, оқу, әңгіме, сот, жиналыс, әлеуметтік-салттық т.с.с.
2) Коммуникативті стратегиясына қарай: Агональды, эпистематикалық, педагогикалық, діни, эстетикалық дискурстар;
3) Стиль түрлеріне қарай: ғылыми, көсемсөз, іскери, әдеби дискурс;
4) Қарым-қатынас тақырыбы мен сөйлеу тәсіліне қарай: гуманитарлық, тарихи, танымдық, аргументтік т.б.;
5) Пропозиция санына қарай: бір (моно) пропозициялы, көп (поли) пропозициялы;
6) Ақпаратты тасымалдау каналы бойынша: ауызша, жазбаша, электронды, интернет-дискурс т.с.с.;
7) Коммуникативтік бағдарға байланысты: актуальды, ретроспективті, болжамдық;
8) Жанрына қарай: сюжетті-хабарлы, нарративті, поэтикалық дискурс;
9) Тілдік тұлға түріне байланысты: бірыңғай типті, әрыңғай типті;
10) Таза лингвистикалық сипатта болмайтынына қатысты: жалпы дискурс, жеке дискурс, нақты дискурс деп жіктейді [42, 31]
Дискурстың өмір сүру формалары оның қолданыста сөйлеу жанрларына сай жүзеге асуы. Дискурс өнімінің сақталуы «мәтін кітапханасы» түрінде болады да, сол арқылы дискурсқа қайтып орала алады. Яғни, мәтін тілде орналасып, дискурста өмір сүреді. Дискурстық ансамбль дискурстың коммуникативтік, когнитивтік, тілдік құрастырушыларының тұтасуынан пайда болады. Коммуникативтікке белгілі бір тіл өкілінің – тілдік тұлғаның дискурста орындайтын ролі мен позициясы енеді, когнитивтікке дискурс хабарламасында мазмұндалатын білім типі кіреді, тілдік сипатына тілдік тұлғаның тілдік құзыреті кіреді. Дискурстық ансамбльдің өзара әрекеттесу типтері дискурстық үрдісті береді. Дискурстық үрдіс - оның белгілі бір уақытта өмір сүруінің шарты, сондықтан да ол дискурстың үнемі болу тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осы сипаттан дискурстың интермәтіндігі пайда болады.
«Тілді мәтін арқылы көруге, сөйлеу үстінде тыңдауға болады. Яғни тіл мен сөйлеудің қарым-қатынасы қайсібір құбылыс пен оны суреттейтін мәтіннің арақатысы болып табылады» [42,21]. Қазақ тіл білімінде Р.Қ. Бөкейханова дискурсқа мынадай анықтама береді: «Дискурс сегодня – сложное коммуникативное явление, включающее, кроме текста еще и экстралингвистические факторы (знание о мире, мнения, установки, цели адресата), необходимые для понимания текста» [42,73].
Г. Имашева дискурсты тілдік тұлғаның қасиетін көрсететін факті ретінде қарастырып, дискурс туралы мынадай пікір айтады: « дискурсты мәтін ұғымымен барабар түсінуіміз дұрыс, тек автордың «таным әлемін» есепке алу қажет. Дискурс дәстүрлі, когнитивті, лингвомәдениеттану ғылымдарының зерттеу арқауы бола алады, бірақ әр ғылым өзінше жіктеп, өзінші бағалайды. Дискурс - тілдік тұлғаның қасиетін көрсететін тілдік факті. Дискурста тілдік тұлғаның мынадай ерекшеліктері байқалады: 1.Сөйленіс деңгейі; 2.Ұлттық таным деңгейі; 3.Сөз қорыту, түсінік, ұғыну, сезіну деңгейі; 4. Қоғамдық ойының сипаты; 5. Интеллект деңгейі. Дискурста «ғаламның тілдік бейнесі немесе дүниенің тілдік суреті» деп те аталатын құрылым, жүйе, ой көрінеді. «Ғаламның тілдік бейнесі» күрделі ұғымдық құрылым болғандықтан, табиғатын ашып түсіндіруді әр зерттеуші өзіндік тұрғысынан шешеді» [42, 12].
Дискурстың қарапайым бірліктеріне дискурстың ең кіші үзіктері жатады. Ол семантикалық-синтаксистік және просодиялық деп аталатын екі түрлі өлшеммен анықталады. Семантикалық-синтаксистік предикациялар шекарасымен сай түссе, просодиялық өлшем интонациялық контурмен дәл түседі. Дискурстың ауызша және жазбаша типіне сай олардың дискурстық бірліктерін бөлшектеуде ерекшеліктер байқалады. Тілдің ауызша дискурстағы қолданысына графикалық сипат беру үшін екі нәрсе орындалуы шарт: 1) үнтаспаға жазылған ауызша дискурс, 2) соған сай келетін транскриптер [42].
Мәтін – адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын білдіретін ең жоғарғы коммуникативтік бірлік. Мәтін адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ретінде адамның оны қоршаған шындық өмір бейнесі туралы мағлұмат алуында негізгі құрал болып табылады.
Қандай болмасын мәтін бір ойдың жемісі болғандықтан ол адам санасымен, сөз мәдениетімен тығыз байланысты. Мәтіндегі біртұтас тиянақты ойды оқырманға түсінікті етіп жеткізуде автордың өзі ұсынып отырған ақпаратқа қатысын, пікірін, көзқарасын, көңіл-күй сезімдерін білдіретін әр түрлі тілдік тұлғалар мен әдіс-тәсілдер қолданылады. Мәтін – когнитивті-функционалдық сөз әрекетінің жазбаша түрдегі көрінісі. Мұнда хабардың орны ғана көрсетіледі, бірақ дискурстағыдай хабар алмасу жүрмейді. Автор мәтінді қалың көпшілікке арнап бағыттайды, онымен өзі еш қарым-қатынасқа түспейді.
З. Ерназарованың пікірінше, мәтін – сөйлеуші мақсатына сай аяқталған ойды білдіретін бір немесе бірнеше сөйлемдер тізбегі. Тілдің иерархиялық құрылымында мәтін семантика - синтаксистік құрылым ретінде жоғары деңгей болып есептеледі. Ал, сөйлеу бірлігі ретінде мәтін сөйлесіммен салыстырғанда бүтіндік сипатқа ие. Ол ортақ мақсаттағы бірнеше сөйлесім тізбегі болуы мүмкін. Мәтін әр түрлі ақпараттарды қамтиды. Мәтіндегі ақпараттарды фактілі, концептуалды және мәтін астары ақпараттары деп бөлуге болады.
Мәтіннің фактілі ақпараты – бұл фактілер мен оқиғаларды, олардың уақыты мен орнын, автордың ой-тұжырымын, сюжеттің дамуын айтамыз. Концептуалды ақпаратқа автордың дүниетанымдық көзқарастарының берілуі, шығарманың негізгі идеясы мен автордың негізгі ойларының берілуі. Ақпараттың бұл түрі автордың ниетін танытады, әлем бейнесін автордың қабылдауы бойынша бейнелейді. Мәтін астары ақпараттары сөз арқылы берілмейді, тек байыпталады. Бұл ақпарат сөздердің, сөз тіркестерінің өзіне ойды жасырып тұру қасиеті арқасында танылады.
Мәтін көлеміне қарай әр түрлі болады. Ол өте қысқа болуы мүмкін (мысалы, анықтама), немесе өте көлемді болуы мүмкін (роман). Мәтін әр түрлі бөліктерге бөлінеді, бөлімдер, тараулар, кейде тіпті бірнеше кітаптардан тұруы да мүмкін. Бұл мәтіннің көлемдік жіктелуі. Мәтіннің құрылымдық тұлға бірліктеріне көптеген зерттеушілер сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастық, абзацты жатқызады.
Мәтіннің ең кіші бірлігі – сөйлем. Сөйлемнен үлкен мәтінтүзуші тілдік бірлік ретінде күрделі синтаксистік тұтастықты атауға болады.
Күрделі синтаксистік тұтастықтан кейінгі мәтін бірлігі – абзац. Кейде ол күрделі синтаксистік тұтастықпен сәйкес келіп жатуы мүмкін.
Абзац мәтін құрылымындағы негізгі бірліктердің бірі. Мәтін ішіндегі абзацты ақиқат көріністің логикалық көшірме бейнесі деп тануға болады. Абзац құрамындағы сөздер арнайы лексикалық құралдар арқылы өзара байланыста болады. Бір абзацқа енетін сөйлемдер бір немесе бірнеше өзара байланысты микротақырыпты суреттейді.
Бірқатар ғалымдар абзацты синтаксистік бірлік ретінде таниды. А. Пешковский абзацқа күрделі синтаксистік тұтастықтың элементі деп қарап, оған мынадай түсініктеме береді: «Абзац – это сочетание сложных целых от одной красной строки до другой» [42,59]. А. Пешковскийден кейін Т.Сильман да абзацты күрделі синтаксистік тұтастықтың элементі деп көрсетеді [42].
Кез келген макромәтін микромәтіндердің жиынтығынан құралады. Олардың арасында тығыз байланыс болады. Ол байланыс түрлі тілдік құралдар арқылы жүзеге асады. Сол байланыстың үлкен бір бөлігін семантикалық байланыс құрайды. Микромәтіндердің мазмұндас келуі, олардың араға бірнеше микромәтіндер, тіпті кейде бірнеше макромәтіндер тастап, мағына сабақтастығын жалғастыруы мәтін байланыстығының белгісі болып саналады. Микромәтін – мәтіннің белгілі бір мазмұнға, логикалық ойға құрылған шағын бөлшектері. Микромәтін өз ішінен одан әрі абзацтарға бөлшектене алады. Микромәтінді кейбір зерттеулерде күрделі синтаксистік тұтастық, абзац, фразадан тыс бірлік деп те атайды. Алайда микромәтін мен күрделі синтаксистік тұтастықты бір ұғым деп қарастыруға болмайды. Абзацтың микромәтінге қатысы да тең дәрежеде емес. Мәтін архитектоникасы ұғымы мәтіннің абсолют басы, мәтіннің абсолют соңы, фразадан тыс бірлік ұғымдарымен тығыз байланысты келеді.
Мәтін лингвистикасында мәтін тұтасымдық және байласымдық қасиетке ие жоғары деңгейдегі жүйе ретінде танылады. Мәтіннің құрылымы мен мәтін түзуші мағыналық-құрылымдық бірліктер, олардың өзара байласым ерекшеліктері мәтін лингвистикасының бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері.
Мәтін – аяқталған ойды білдіретін бір немесе бірнеше сөйлемдер тізбегі. Тілдің иерархиялық құрылымында мәтін семантика - синтаксистік құрылым ретінде жоғары деңгей болып есептеледі. Ал, сөйлеу бірлігі ретінде мәтін сөйлесіммен салыстырғанда бүтіндік сипатқа ие. Ол ортақ мақсаттағы бірнеше сөйлесім тізбегі болуы мүмкін. Кез келген мәтін даралық мәнге ие бола тұра (өйткені оны белгілі бір жағдайларға байланысты жеке адам тудырады) оларға жалпы сипаттар да тән. Өте жалпылама мәндегі ортақ белгілер негізгі функционалды стильдерді құрайды: ғылыми, ресми, публицистикалық т.б. Сонымен қатар бір стильге тән мәтіндердің де бір-бірінен айырмашылықтары болады. Мысалы, ғылыми мәтіннің сол салдағы маман мен көпшілікке арналган түрлері бірдей емес. Әр стильге тән олардың ортақ жақтары мен айырмашылықтарын мәтін мазмұнын бейнелейтін стиль түзуші тілдік құралдар мен мәтін түзуші құрылымдық тәсілдер анықтайды [42, 86].
И.Р. Гальперин автор баяндауындағы мәтін бөлшектеріне композициялық сөйлеу формаларын яғни әңгімелеу, суреттеу, ойталқыны жатқызады. Мәтін құрылымының негізін құраушы тұрақты элементтер болып саналатын баяндау формалары М.П. Брандестің «Стилистический анализ» атты еңбегінде де қарастырылады [42]. Бұлар көркем мәтінде бір-бірімен ұласып, кейде араласа қолданылады.
Мәтінде шындық өмір әр түрлі қырларынан (қоғамдық, мәдени, көркем) көрініс табады. Сондықтан мәтін де тілдің әр түрлі функционалдық стильдеріне қатысты жіктеледі. Мәтіннің функционалдық типтеріне көркем мәтін, ғылыми мәтін, публицистикалық мәтін және ресми мәтін жатады. Әр стильдің өзіндік жанрлары мен ерекшеліктері болады.
«Кез келген мәтін даралық мәнге ие бола тұра (өйткені оны белгілі бір жағдайларға байланысты жеке адам тудырады) оларға жалпы сипаттар да тән. Ортақ белгілер негізгі функционалды стильдерді құрайды: ғылыми, ресми, публицистикалық т.б.» [42, 80]. Қазақ әдеби тілінің әрбір функционалдық стилі өзіндік ерекшеліктерге ие. Осы ерекшеліктері арқылы олар бір-бірінен дараланады. Әр стильдің өзіндік белгілерін, қасиеттерін, ерекшеліктерін танып, білудің қазақ тілінде ерекше мәні бар. Функционалдық стильдерге қойылатын белгі кейде бірнеше түріне ортақ болуы мүмкін. Мысалы, ғылыми стильдің өзге стильдерден даралайтын белгісі – нақтылық балғанмен, бұл белгі іс қағаздарына да қажет. Жазба тіл мен сөйлеу тіліне қойылатын басқа талаптар да стильдердің бірнешеуіне ортақ болып келеді. Стилішілік айырмашылықтар мәтіннің жанрлық түрлерін анықтайды. Жанр белгілі бір функциональды стиль ауқымында айқындалатындықтан, сол жанрға тән шығарманың тілдік құрамы да мәңді қызмет атқарады. Мысалы, газеттің әр түрлі жанрларында (мақала, көркем очерк, интервью, пікірталас, репортаж) негізгі жүкті газет лексикасы көтеріп тұрғанмен, тақырыпқа, автордың міндетіне т.б. әр түрлі жағдайларға байланысты оларда ғылыми терминдер де, көркем не ауызекі тұрмыстық сөздер де қолданыла беруі мүмкін. Жанрдың сипатын олардан өзге тілдік құралдардың байланысындағы, бір-бірімен қатынасындағы ерекшеліктер анықтайды. Өйткені олардың бәрі белгілі бір көзқарас тұрғысынан ұйымдасып жұмсалады, сол арқылы мәтін бір бүтіндікке, тұтастыққа ие болады.
«Құрылымы мен мағынасы, тақырыбы мен ақпаратты жеткізуі тұрғысынан идеялық-көркемдік мазмұнға ұйымдасқан, логикалық, бағалауыштық, экспрессиялы, эмоционалды мән иеленген тілдік бірлікті көркем мәтін деп айқындай аламыз» [42, 82].
Көркем мәтін – аяқталған күрделі ойды білдіретін бір-бірімен өзара тығыз байланысты горизонтал (лингвистикалық) және вертикал (экстралингвистикалық) контекст негізінде туындайтын, полисемантикалы біртұтас коммуникативтік жүйе. Мәтінді құрайтын барлық бөліктер өзара бір-бірімен лексикалық, логикалық, грамматикалық, ассоциативтік байланыс негізінде біртұтас жүйе жасайды.
Қорыта келе, дискурс пен мәтіннің айырмашылықтарын төмендегідей кесте арқылы көрсетуге болады:



Мәтін


Ақпаратты сақтаушы, жинақтаушы

хабардың орны ғана көрсетіледі




Мәтін – аяқталған ойды білдіретін бір немесе бірнеше сөйлемдер тізбегі

мәтін тек мәдени кеңістікте өмір сүреді, яғни ол нақты уақытқа тәуелді емес

қайта туындатуға қабілетті және бейім

Дискурс автор интенциясына, стиль ерекшеліктеріне байланысты сұрыпталып, іріктеліп алынатын тілдік құралдардың жиынтығы. Мәтін осы сұрыптаудың жемісі, нәтижесі. Сонымен қатар, дискурс мәтінге қарағанда кең ұғымды қамтиды, ол – сөйлеу үдерісі болып табылады. Дискурстың мәтіннен тағы бір ерекшелігі ол нақтылы уақытпен ажырамас бірлікте, ал мәтін тек мәдени кеңістікте өмір сүреді, яғни ол нақты уақытқа тәуелді емес, кез келген кезеңде екінші бір дискурста өзектенуі мүмкін. Сондай-ақ, дискурсты қайта туындатуға болмайды. Ал көркем мәтін қайта туындатуға қабілетті және бейім. Дискурс ақпаратты беру тәсілі болса, мәтін ақпаратты сақтаушы, жинақтаушы, жаңа мән тудырушы көпқырлы, көпқабатты құрылым.



Дискурс



Мәтінге қарағанда кең ұғымды қамтиды

Сөйлеу үдерісі




автор интенциясына, стиль ерекшеліктеріне байланысты сұрыпталып, іріктеліп алынатын тілдік құралдардың жиынтығы

нақтылы уақытпен ажырамас бірлікте

қайта туындатуға болмайды









ақпаратты беру тәсілі

хаХабар алмасу жүзеге асады

жүреді



Мәтін мен дискурс түрлерінің жіктелісінде де өзіндік айырмашылықтары байқалады. Мәтін түрлерінің жіктелісі:

Стиль түрлеріне қарай:

ғылыми, көсемсөз, іскери, көркем мәтін

Ақпаратты тасымалдау түрі бойынша



ауызша, жазбаша, электронды т.б.

Көлеміне қарай

Макромәтін, микромәтін, күрделі синтаксистік тұтастық т.б.

Қарым-қатынас тақырыбы мен сөйлеу тәсіліне қарай:



гуманитарлық, тарихи, танымдық, аргументтік т.б.;

Дискурс түрлерін төмендегідей кесте арқылы көрсетуге болады:



Қарым-қатынас аясына байланысты дискурстар:

Күнделікті-тұрмыстық, оқу, әңгіме, сот, жиналыс, әлеуметтік-салттық

Коммуникативті стратегиясына қарай:



Агональды, эпистематикалық, педагогикалық, діни, эстетикалық дискурстар;

Стиль түрлеріне қарай:

ғылыми, көсемсөз, іскери, әдеби дискурс;

Қарым-қатынас тақырыбы мен сөйлеу тәсіліне қарай:



гуманитарлық, тарихи, танымдық, аргументтік т.б.;

Пропозиция санына қарай:



бір (моно) пропозициялы, көп (поли) пропозициялы;

Ақпаратты тасымалдау каналы бойынша:



ауызша, жазбаша, электронды, интернет-дискурс т.с.с.;

Коммуникативтік бағдарға байланысты:



актуальды, ретроспективті, болжамдық;

Жанрына қарай:



сюжетті-хабарлы, нарративті, поэтикалық дискурс;

Көркем мәтінді зерттеудің алғышарттарына, ұстанымдарына мыналар жатады: көркем шығарманың мазмұн мен формасын (тілін) бірлікте алып зерттеу; көркем шығарма тілінің басқа компоненттерімен байланыс, қарым-қатынасын ескеру; бейнеленетін мазмұнға автор қатынасын ескеру; шығарманың жанрлық ерекшеліктерін ескеру; ғылыми дамудың жаңа бағыт-бағдарларына сүйену т.б. Көркем мәтінде тілдің эстетикалық қызметі ерекше көрінеді. Өйткені тілдік құралдар стильдің бұл түрінде бояулы болып келеді. Көркем әдебиет стиліне сөздердің көпмағыналылығы, бейнелілік сияқты құбылыстар тән.
Көркем мәтінге тән келесі бір ерекшелік - көп стильділігі. Көркем әдебиетте басқа функционалдық стильдердің элементтері кездесіп отырады. Өзге функционалдық стильдердің құралдары көркем әдебиет стилінде қорытылып жұмсала береді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет