Қадірлі қала тұрғындары ! Құрметті қатысушы қонақтар ! Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылдың 27 қаңтардағы халыққа арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту- Қазақстан дамуының басты бағыты»



Дата27.06.2016
өлшемі176.58 Kb.
#161014
Арал қаласының 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2013 жылдың міндеттері туралы

Арал қаласының әкімі Б. Кемалашевтың ЕСЕБІ:
Қадірлі қала тұрғындары !

Құрметті қатысушы қонақтар !

Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылдың 27 қаңтардағы халыққа арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту- Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы мен облыс, аудан әкімдерінің бағдарламалары мен алға қойған жоспарларын және тапсырмаларын заңда көзделген құзыретке сәйкес үйлестіру арқылы тиісті шаралар қабылдап, орындау қала әкімі аппаратының негізгі жұмысы болып табылады.

Сонымен қатар қаладағы көше комитетінің төрағалары, кәсіпкерлер мен түрлі қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ мекеме (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет т.б.) қызметкерлері арқылы қала тұрғындарымен қоян-қолтық қарым-қатынас орнатып, жеке және заңды тұлғалардың талап-тілектерінің мүмкіндігіне қарай шешімін табу бағытында жұмыстар атқарылады.

Жергілікті әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі Президент Жарлығымен бекітілген 2005 жылдан бері жыл сайын қаланың әр аймағы бойынша халықпен есеп беру кездесулері өткізіліп келеді. Осы есеп беру кездесулерінде тұрғындар тарапынан жергілікті атқарушы билікке ұсыныс-пікір, сауалдар мен сын-ескертпелер қойылады. Елбасының тапсырмасына сәйкес жыл сайынғы әкімдердің халыққа есеп беруі дәстүрге айналып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға өз септігін тигізіп келе жатқандығы ақиқат. Жыл көлемінде басқа жұмыстармен қатар есеп беру кезіндегі талап -тілектер қала әкімі аппараты арқылы назарға алынып, аудандық деңгейдегі құзырлы мекемелермен бірлесе отырып, мүмкіндігіне қарай оларды оң шешуге жұмыстар жүргізілді. Өткен жылғы кезекті есеп беру кездесуі кезінде қала тұрғындарынан біршама ұсыныс-пікір мен сұрақтар берілді. Атап айтқанда қаланың Жаңа ауыл аймағына емхана салынса деген ұсыныс бар. Денсаулық сақтау саласы аудан емес, облыстық басқарма арқылы басқарылады. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына жазбаша да ауызша да ұсыныстар берілді. Алайда қаладағы кеңес беру диагностикалық емханасы Арал халқына есептеліп салынған, ал қосымша емхана салу Үкімет бекіткен нормативке сәйкес келмейді екен. №3 маршрутты №262 мектеп арқылы орталық емханаға дейін жүргізу және Кутузов көшесі арқылы №83 мектеп жанына дейін жүруді ұйымдастыру сұралды. Қалаішілік жолаушы тасымалын жүзеге асыратын жеңімпаз «Жолаушы Сервис АБ» ЖШ серіктестігі. Алайда қаладан жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке автокөлігі бар кәсіпкерлер аз болып тұр. Себебі адам тасымалдайтын көлігі бар кәсіпкерлердің көбісі аудан территориясы арқылы мұнай, газ құбырын тарту жұмыстарын жүргізіліп жатқан компанияларға көліктерін жалға беріп қойған. Бүгінгі күні қаладан маршруттарға шығып тұрғаны 15 көлік. Бұл қазіргі уақыттағы үш бағыттағы жолаушылар тасымалын әзер қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта автокөліктер көбейген жағдайда аталған мәселелер шешімін табады деп есептеймін. Сондай-ақ қала көшелерін асфальттау, көше қиылыстарына бағдаршам орнату және көшелерге түнгі жарық шамдарын орнату туралы ұсыстармен қатар, қаланың Шанхай аймағындағы қорымдарды қоршау жөнінде сауалдар қойылды. Сонымен бірге №62 және №83 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныстар берілді. Қазіргі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес аудандық маңызы бар қала әкімінің дербес бюджеті болмайды. Тек аудан бюджетінен бөлінген қаржы мүмкіндігіне қарай ғана жұмыстар жүргізіледі. Осыған байланысты аудандық бюджеттік комиссияға тұрғындар талабына сәйкес тиісті қаржы бөлу жөнінде ұсыныстар енгізілді. Барлық мәселені бір кезеңде шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.

2
2012 жылдың 20 шілдесінде Елбасының «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы жарияланды. Онда Қазақстан халқы болып ұйысып, қоғамның дамуына үлес қосу арқылы еңбек өнімділігін арттыруды көздейтін, яғни болашаққа бастайтын 20 қадамды айқындап берді. Осындай бағыттың арқасында еліміздің әл-ауқаты одан әрі артқан сайын республиканың басқа өңірлерімен қатар Арал қаласы да өсіп-өркендеп, дамыды деуге болады. Сондай-ақ, аудан әкімінің шешімімен 2012 жыл «Қарақұм құрылтайы» жылы болып жарияланды. Аудан көлемінде, оның ішінде қалада атқарылған шаралар осы жыл аясында жүзеге асырылды.

Елбасының өзі Астана келбетіне қарап Еліміздің басқа өңірлерінің де дамуы керектігін тапсырып, «Құрылыс - ел экономикасының локомативі» екендігін, сондықтан әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізе беру қажеттігін айтты. Себебі салынып жатқан құрылыстар біріншіден қаламыздың дамуын көрсетсе, екіншіден қаншама жергілікті жұмыссыз азаматтар құрылыс саласында жұмыспен қамтылуда.

Өткен 2012 жылы да қаламызда көптеген құрылыс нысандары бой көтеріп, кейбірі пайдалануға берілді. Атап айтқанда облыстық бюджет есебінен қаланың Шанхай мөлтек ауданынан 280 орындық типтік жобадағы балабақша салынып, қазан айында пайдалануға берілсе, жақын уақытта бүлдіршіндерді қабылдап, жұмысын бастайды деп күтілуде. Бұған қоса қала орталығынан, яғни бұрынғы өнер мектебін 90 орындық бала бақша ретінде ашу үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, бұрынғы ішкі істер бөлімінің ғимаратына көшірілген өнер мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ №14 мектеп жанына шағын ашық спорт алаңы салынды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 40 миллион теңгеге 3 бөлмелі, сегіз коммуналдық тұрғын үй және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 14 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.Сонымен қатар коммуналдық сауда қатарларын кеңейту мақсатында 24 орындық екі қабатты сауда үйі салынса, төтенше жағдай салдарынан өртеніп кеткен «Қанағат» коммуналдық базары күрделі жөндеуден өткізіліп, қалпына келтіру арқылы пайдалануға берілді. Бұған қоса Қазыбек би көшесінің бойынан «Алаш алаңы» салынып, вокзал маңындағы саяси қуғын –сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қайта жасалды. Облыстың егіс егілетін басқа аймақтарында күзгі жиын-теріннен соң «Алтын дән» мерекесі өткізілетін болса, Арал ауданында 2010 жылдан бері облыс әкімінің қолдауымен, аудан әкімінің басшылығымен «Арал күндері» фестивалі өткізіліп келеді. Өткен жылы да халықтың көңіл-күйін көтеріп, рухын биіктету мақсатында «Арал күндері» фестивалі мен «Қарақұм құрылтайы» жылының қорытындысы бірге ұйымдастырылып, жоғарыдағы нысандардың көпшілігі осы шара барысында ашылды. 2012 жылы қалада жеке кәсіпкерлік нысандар құрылысының да қарқыны толастаған жоқ. Жекелеген кафе-барлар ашылып, жастар демалатын қоғамдық орындарға айналды. Жеке тұрғын үй салу да біршама жүргізілді, яғни өткен жыл көлемінде жаңадан 83 жеке тұрғын үй салынды.

Қаламыздың заман талабына сай көркейіп-көгалдануы мен абаттануы, санитарлық тазалық пен қоршаған ортаны қорғау шаралары аудан әкімінің басты назарында болып отыр. Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 57 млн теңге қаржыға жаңадан ашылған Байқоңыр, Кіші Арал көшелері мен электр желісі тартылмаған Пушкин тұйығына трансформаторлық подстанциялар орнатылып, электр желілері тартылды. Қала көшелеріндегі Елбасы саясатын наситахтайтын 72 билбордтың 21 ауыстырылып, 13 билборд жаңадан жасалынды. Сонымен бірге 22 керменің 9-ы атаулы күндерге байланысты әзірленді. Бұған қоса қаладағы барлық аялдамалар, яғни 14 аялдама және жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар бекітілген мекемелердің күшімен бірнеше рет сырланып, әктелді.

3
Аудан әкімінің шешімімен көктем және күз айларында көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалықтың екі айлығы жарияланады. Осыған сәйкес қаланың 5 мөлтек ауданы бойынша бекітілген мекемелер мен жеке құрылымдар түгелге жуық қатынасып 3570 тонна лас –қоқыс шығарылып, сор көлдердің маңайы 2-3 реттен тазартылды. Аталмыш айлық кезінде көктем мезгілінде 9 рет, күз мезгілінде 8 рет, барлығы 17 рет жалпы халықтық «сенбілік» ұйымдастырылды. Алайда, тұрғындар осы тазартылған орындарға қайтадан лас-қоқыс тастап, қала тазалығына кері әсерін тигізуде. Қала тазалығын қамтамасыз ету мақсатында қаланың 5 жеріне салынған күл-қоқыс тастайтын орынға тұрғындар лас-қоқыстарын тастап, қалалық шаруашылық жүргізу құқығындағы көпсалалы коммуналдық кәсіпорын арқылы тазартылып тұрады. Бұл жерде сол маңда тұратын тұрғындар Комхоз арқылы ақылы тазарту туралы келісім-шартқа отырмай келетіндігін ашық айтуымыз керек. Жеке адамдардың ауласынан шығатын күл-қоқыстардың ақылы түрде шығарылатындығын естеріңізге саламын. Сонымен бірге 2006 жылдан бастап тұрғындардың сұранысына байланысты бұралқы иттер аулана бастады. Осы жерде қала тұрғындары өздерінің иттерін ауласында байлап ұстап, есіктің сыртына «абайла, ит бар !» деп жазулары қажет екендігін ескертемін. Аудандық ветеринарлық бөлім арқылы қаладағы қаңғыбас, бұралқы иттерді жою жөнінде тендер ұйымдастырылып, 2011 жылы 871 ит ауланса, 2012 жылы 894 иттің көзі жойылды.

Сонымен қатар көктем айларында аудан әкімінің бастамасымен Жаңақұрылыс ауылындағы Сексеуіл питомнигінен 10 мың түп сексеуіл, Ақбайдан 5 мың 500 түп ағаш көшеттері әкелініп, қаладағы мекемелердің ауласы мен қала маңындағы 6 бейітке отырғызылды. Сексеуіл күтіміне байланысты мән берген №64, №260 мектеп жанында сексеуіл көшеттері жақсы өсіп тұр.Соның ішінде №2 колледж тарапынан мекеме ауласына түрлі жеміс ағаштары мен, әсемдік ағаштарын және әр-түрлі гүлдерді отырғызу шараларын шәкірттер мен ардагерлер арқылы ұйымдастырып, оны ерекше күтімге алғандығын баса айтып өткен жөн.

Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында әлеуметтік мәселе ең маңызды тақырып болып келеді. Осыған орай, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданып, осы бағдарлама аясында 460 жұмыссыз жұмысқа тартылса, жеке бизнес жоспарларын жасап, кәсіп ашамын деген 73 қала тұрғынына «Ерке Ел» ЖШС арқылы төмен пайызбен үш миллион теңгеден несие берілді. Осы бағдарламаға сәйкес көптеген жұмысқа қолы жетпей жүрген дипломы бар 135 жас маман алты айға дейінгі мерзімге «Жастар практикасымен» ақылы еңбек тәжірибесінен өтті. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қаладағы 1328 отбасындағы 3788 балаға балалар жәрдемақысы тағайындалып, атаулы әлеуметтік көмек қаладағы 374 адамды қамтитын 74 отбасыға берілді. Сондай-ақ тұрғын үй жәрдемақысы 2455 адам тұратын 495 отбасыға төленді. Ақылы қоғамдық жұмысқа жыл бойы 856 адам тартылса, 617 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұған қоса мемлекет есебінен аудандық зейнетақы төлеу орталығы арқылы 3196 зейнеткер мен асыраушысынан айрылғандар және мүгедектерге арнайы есептемелер бойынша ай сайын зейнетақы мен жәрдемақы төленіп тұрады. Сонымен бірге жалғыз басты егде тартқан 80 қарияға 9 әлеуметтік қызметкер үйін жинауға, су тасу, базардан азық-түлік әкеліп берумен қатар басқа да шаруашылығына көмек көрсетеді. Қала тұрғындарынан нарық заңдылығын түсініп, өзінше тіршілік ететіндер, яғни базарда тұратындар, жалдамалы жұмыс істейтіндер 2021 болса, әртүрлі несиелер алып кәсіп қылушылар жыл өткен сайын артуда. Нақты есептегі салық органына тіркелген кәсіпкерлер 3622, ал жұмыссыздар саны 2017 адамды құрайды. Қала әкімінің аппараты қаладағы 112 Батыр Ана, 362 «Алтын Алқа» және 362 «Күміс Алқа» иегерлерімен мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен 12 ҰОС ардагерлерімен жүйелі жұмыс жасап келеді. Үйде отыратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемдер жүргізіліп, 22 мүгедек бала «Ұмай» қорының қолдауымен оқытылса, жеке санаттағы мүгедек жандарға әлеуметтік қорғау бөлімі арқылы 26 магнитолла, 9 есту аппараты, 8 арба, 4 балалар арбасы, 28 таяқа,
4
18 балдақ және 9 ұялы телефон берілді. Бұдан басқа 58 ардагер Жаңақорған, Мерке, Сарыағаш сеекілді курортты жерлерге демалуға жіберілсе, денсаулық сақтау саласының арнайы жолдамасымен 21 мүгедек емдеу-сауықтыру саяжайларына жіберілді. Бүгінгі күнге дейін қаламызға 47 қандасымыз оралман ретінде шет мемлекеттерден келіп, Қазақстан азаматтығын алса, жаңадан 2 оралман келіп, қаламызға тұрақтады.

Қаланың ауылшаруашылығы саласы бойынша да біршама жұмыстар атқарылды. Қала тұрғындарының жеке қожалығындағы мал басы арнайы компьютерлік базаға енгізіліп, ветеринарлық паспорт беріліп, бірдейлендірілуде. 2012 жылы 479 бас мүйізді ірі қара және 263 бас жылқы малы сырғаланып, ветеринарлық паспорт берілді. Үстіміздегі жылы түйе жіне уақ малдарды бірдейлендіру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына төрт түлік мал мен құс саны 10 059 болса, оларға 5823 тонна мал азығы әзірленген. Сонымен қатар жеке қожалықтағы малдардың уақытылы әр түрлі ауруларға қарсы егу шаралары ветеринариялық инспекция тарапынан жүргізілді. Мал ауруларының сібір жарасына қарсы -7564, аусыл ауруына қарсы -11770, туберкулез ауруына қарсы- 5230, эктима ауруына қарсы- 550, күл ауруына қарсы- 1515, сарып ауруына қарсы- 9046, қара сан ауруына қарсы- 690, құтыруға қарсы- 175, маңқа ауруына қарсы- 185 және оба дертіне қарсы 1330 ветеринариялық- профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Ауылдық елді мекендердегі жеке және шаруа қожалықтарының қолымен дайындалған ауылшаруашылық өнімдері, яғни мал, ет, балық, сүт және сүт өнімдерімен қатар мал азығы, көкөніс, басқа да өнім түрлері орталық базар маңында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге шығарылды.

Қала тұрғындарының күнделікті тіршілігіне қатысты коммуналдық қызметте жылдан жылға жақсарып келеді. 2005 жылғы Елбасының қолдауымен 5372 тұрғын үйге ауыз су кіргізіліп берілген болатын. Одан бері жаңадан салынған тұрғын үйлер мен мекеме, кәсіпкерлік нысандарға су желісі жүргізіліп, қазіргі таңда 5491 тұрғын үйге ауыз су кіргізіліп, су есептегіштер орнатылған. Бұған қоса 432 құдық, 199 өрт сөндіру гидранты, 29 пәтер аулаларына орнатылған калонка бар. Өздеріңізге белгілі өткен жылғы қыс қатты суық болып, халыққа өте ауыр тиді. Соның салдарына су желісінің ашық қақпақтарынан бастап құбыр желісі қатып, күн жылынғанша қалаға ауыз су өз мәнінде берілген жоқ. Қала әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен күз мезгілінде қаладағы көше комиттетері мен «Арал –Сарбұлақ топтық су құбыры» КМ кәсіпорынының күшімен ашық қақпақтар түгелге дерлік жабылды. Бұл жұмыстарға кейбір көше комитеті төрағаларының өте белсенділік танытқандығын атап өткен жөн. Қала тұрғындарын газ баллонымен қамтамасыз ету үшін «Арал Газ» ЖШС мекемесі, «РайГаз» ЖШС және «Аңсаған» ЖШС қызмет етеді. Олардың газ босату орындары қаладағы темір жолдың арғы беті мен Сәдібеков көшесіне және орталықтағы темір жол өткелі жаны мен бұрынғы Автостанция орнына орнатылған. Электр энергиясы тұрақты беріліп келеді. Дегенмен ескі подстанциялар мен көне желілерді жаңалау мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Қаламызға коммуналдық қызмет көрсететін бірден бір мекеме ол, қалалық шаруашылық жүргізу құқығындағы көпсалалы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны, яғни Комхоз. Аталған мекеме меншігіндегі қалалық монша жаз мезгілінде санитарлық қадағалау мекемесінің талабына сәйкес уақытша жабылды. Алайда қазан айынан бастап қайта іске қосылып, қазір халыққа қызмет жасап жатыр. Сонымен қатар қала тазалығын сақтау мақсатында тұрғындарға келісім-шарт арқылы күл-қоқыстарын шығарумен қатар қолда бар техникаларымен ақылы қызметтер көрсетеді. Бүгінгі таңда қаладағы мекемелердің барлығы дерлік, яғни 83 мекеме күл-қоқыс шығаруға келісім-шартқа отырған. Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 142 қоқыс салатын жәшік жасалынып, тұрғындар өтінішіне сәйкес негізгі көшелер бойында тұратын тұрғын үйлер жанына орнатылды. Алайда тұрғындардың үйінен шыққан тұрмыстық қалдықтарды көшеге бей-берекет тастауы тиылар емес.

5
Сондықтан қала тұрғындары үйінен шыққан қалдықтар мен лас-қоқыстарды көшеге төкпей, комхозбен келісім –шартқа отыру арқылы арнайы орынға тастаулары керектігін айтқым келеді. Қала тұрғындары тарапынан тұрғын үйлерін жақсарту, шарбақтарын жаңадан салу, сырлау секілді абаттандыру жұмыстары жақсарып келеді.

Бүгінгі күні тұрғындар мен мекемелерді қосқанда 5041 телефон нүктесі бар. Қазіргі таңда телефон желісін қосамын деген азаматтың атында мемлекеттік тіркелген тұрғын үй құжаты болса, оған телефон нүктесін қосып беруге проблема болмай отыр. Сондай-ақ аудандық Толқын газетінде хабарланып жүргендей интернет желісін және интернет желілік телехабар тарату каналдарын аудандық Телекомға тапсырыс беру арқылы қостыруға болады. Сонымен қатар ұялы телефондары арқылы Кийсель, Актив, Белайн және өткен жылы қосылған ТЕЛЕ-2 спутниктік желілерінің қызметтерін пайдалануға болады.

Аудандық пошта торабы мен оның 5 байланыс бөлімшесі халыққа күнделікті баспасөз басылымдарын таратумен қатар зейнетақы төлемдерін жүргізеді және коммуналдық төлем ақыларын қабылдайды.

Қаламызда білім беру нысандарынан жалпы орта білім беретін 9 мектеп, санаториялық мектеп интернат, оқушылар үйі, кешкі мектеп, өнер мектебі, спорт мектебімен қатар үш колледж қызмет етеді. Оларда 6153 оқушы жалпы білім алуда. Өткен жылы мектеп бітірген 1099 түлектің 162-сі оқу орынына түсетін мемлекеттік грантты жеңіп алды. Мектеп оқушыларының жаз мезгілінде тынығуы да жолға қойылған. Атап айтқанда Қазақстанның аймақтарында -168 оқушы, Қамбаш балалар лагерінде-210 оқушы, кәсіподақ ұйымы арқылы -75 оқушы және мектептер жанындағы күндізгі лагерлерде -915 оқушы , барлығы 1368 оқушы тынығу лагерлерінде болды. Сонымен қатар 6 мектепке дейінгі бала бақшада 870 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұған қоса 3 жеке балабақшада 75 бала және мектептер жанындағы 3 шағын орталықта 280 мектеп жасына дейінгі балалар тәрбие алуда.

Қалада орналасқан денсаулық сақтау орындарынан 4 аурухана 4 емхана және перзентхана мен жедел жәрдем орталығы аудан тұрғындарының денсаулық жүйесіне қызмет етеді. Бұған қоса лицензия арқылы жеке меншік 11 дәріхана әр түрлі дәрі-дәрмектерді сатумен айналысады. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, өзі тіркеуде тұрған емхана арқылы тексеріліп, ауруханада жатып емделу қажет болған жағдайда электрондық порталға орналастыру арқылы Қазақстанның кез-келген ауруханасында бос орын болған жағдайда емделуге болады. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінде жүргізілген реформаға сәйкес, сала қызметкерлері жаңа тәртіп бойынша науқас жандарға қызмет көрсетеді.

Халыққа мәдени қызмет көрсететін аудандық мәдениет үйі мен З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйі және аудандық Мәдениет үйі жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты бұрынғы ғимарат Н.Кенжеғұлұлы атындағы Жыраулар Үйі болып ашылды. Бұған қоса мұражай және 4 кітапхана түрлі деңгейдегі мәдени, рухани шаралар мен қатар мерекелік концерттер мен қойылымдар көрермендерге тарту етіледі. Күз мезгілінде «Жақайым атаға» арналған мәдени шара мен «Арал күндері» және «Қарақұм құрылтайы» жылын атап өтуде ақындар айтысы мен жазба ақындардың жыр мүшәйрасы ұтымды ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, мерекелік концерттер мен ауданымыздан шыққан тұлғалардың шығармашылық кештері тұрақты өткізіледі. Қала жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорт мектебінде және жаңадан салынған 5 типтік жобадағы ашық спорт алаңы мен 4 балалар спорт алаңдарында қалаішілік футболдан жолдастық кездесулермен қатар аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшылығымен түрлі спорттық бәсекелер ұйымдастырылып тұрады.

6
Қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалайтын аудандық ішкі істер бөлімінің 15 учаскелік полициясы мен 4 көмекші бекітілген көшелер бойынша қадағалау жүргізеді. Бұған қоса жол полициясы қызметкерлері, жасөспірімдер жөніндегі инспекторлар мен мектеп инспекторлары қызмет атқарады. Қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау орны ретінде 4 тірек пункті орналасқан. Аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық прокуратура 2011 жылы жаңа ғимаратқа көшірілді. Осындай мемлекет тарапынан жасалып жатырған қамқорлыққа қарамастан қаламызда қылмыс пен құқық бұзушылық азаймай отыр. Атап айтқанда ұрлық 2011 жылы 240 болса, 2012 жылы 287 болып, 19,6 пайызға артып отыр, оның ішінде пәтер ұрлығы 2011 жылы 44, ал 2012 жылы 62-ге жетіп, 40,9 пайызға өскен. Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда көшеде жасалған қылмыс 50 пайызға, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 68,6 пайызға, мас күйінде жасалған қылмыс 5,7 пайызға арытқан. Қазақстанның басқа аймақтарымен қатар Арал қаласында да көше, қоғамдық орындардың тазалығын сақтамау фактілері жиі кездеседі. Бұған Елбасының өзі араласып ішкі істер бөлімі арқылы заң талабына сәйкес тиісті шаралар қолдануды қатаң тапсырды. Осыған орай ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 330 бабына сәйкес, қоғамдық орындарға коммуналдық қалдықтар тастау, яғни көшені ластау фактысы бойынша ішкі істер бөлімімен 22 дерек анықталған. Оның 19-ына 111642 теңге көлемінде айыппұл салынса, 2 адамға ескерту және 1 адамды 2 тәулікке қамау жөнінде аудандық сот шешімі шығып, орындалды. Сондай-ақ, қала көшелерін ластаушы тұлғаларды анықтау мақсатында қала әкімінің өкімімен 2 мобилдік топ құрылып, анықтау шараларын жүргізді. Қаланың орталық базар аймағындағы белгіленбеген жерлерде заңсыз сауда жасаушыларға байланысты аудандық МСЭҚБ, қала әкімі аппараты, ішкі істер бөлімімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылып, түсіндіру шаралары жүргізілді. Осы кездесуді пайдалана отырып көшеге кір суын, күл-қоқыс төккен тұлғаларға әкімшілік жазалар қолданылатындығын ескерткім келеді. Қала тазалығын сақтау баршамызға ортақ міндет, қала өзіміздікі, сондықтан бұған түсіністікпен қарау қажет.

Қала әкімінің аппараты жергілікті атқарушы орган болғандықтан негізгі жұмысы азаматтардың жүгінулерін, яғни келіп түскен өтінімдерді заң талаптарына сай мерзімінде қарау болып табылады. 2012 жылы әр түрлі мәселелер бойынша 1776 өтінім қабылданса, оның ішінде 1621-і өтініш, 43-і шағым түрінде жүгінген. Оның 934-і толық немесе ішінара қанағаттандырылып, 445 өтінімге түсіндіру жүргізіліп, 62 өтінімге бас тартылған. Қала әкімінің атына келіп түсетін өтінімдердің басым көпшілігі жер телімдеріне қатысты. Қолданыстағы заңнама талабына сәйкес инженерлік инфрақұрылым жүргізілмеген аймақтан жер учаскесін табыстауға болмайды. Сондықтан негізгі инженерлік жүйе электр желісі тартылған аймақтан ғана жер табысталатын болғандықтан біз сұраған аймақтары бойынша өтінімдерді кезектілігі бойынша арнаулы есепке аламыз. Өткен жылдың соңында жоғарыда атап өткендей қаланың аэропорт аймағына электр желісі тартылып, желтоқсан айында қабылдап алынды. Алдағы жаз шыға өтінімдердің кезектілік реті бойынша аэропорт жақтағы жаңадан ашылған Байқоңыр және Кіші Арал көшелерінен жер учаскелері табыстала бастайды. Сонымен бірге заңды тұлғалардан 44 қатынас хат кіріске алынып, олардың 30-ы заңдылығына сәйкес шешімдерін тауып, 14-іне түсіндіру шарасы жасалды. Арал қаласының әкімі мен оның аппараты жоғарыда аталған жүгінулерді заң шеңберінде уақытысында шешу үшін аудандық құзырлы мекемелер мен көше комитеттерінің төрағаларымен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқарады. Бұл тұрғыда аппараттағы барлық қызметкерлердің өз лауазымдарын атқаруда мемлекеттік қызметкер мәртебесіне сай жұмыс сапасын көтеріп, құқықтық сауаттылығын арттырып отыру мен халыққа әдептілікпен қызмет көрсетуі талап етіледі.

Жоғарыда атап өткендей өткен жылғы қала әкімінің есебі кезінде де тұрғындардан біршама ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер түсті. Жыл бойы осы талап -тілектер қала әкімі аппараты арқылы назарға алынып, аудандық деңгейдегі құзырлы мекемелермен бірлесе отырып, мүмкіндігіне қарай өз шешімдерін тапты.

7
Әрине көтерілген мәселелердің барлығын түпкілікті шешу мүмкін емес. Кейбір мәселелер заң талаптарының көтермеуінен немесе көп қаржыны қажет етуіне байланысты шешімін таппай жатады. Жоғарыда көрсетілгендей өткен жылғы ұсыныс-тілектердің бәрі шешіле қойған жоқ, дегенмен қаржы көздері мен басқа да мүмкіндіктерге қарай өз кезегінде ретімен шешімін таба береді деп есептеймін. Мысалы алдыңғы жылдардағы есеп беру кездеуі кезінде қаладан автобекет салу, Халықтық банкінің банкоматтарын көбейту, З.Шүкіров жатқан бейіттің тұрғын үйлер орналасқан жақ бетін қазу арқылы үйлерге жақын қорым түспеуін ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар түскен болатын, ол кезең-кезеңімен орындалды. Бұдан 5-6 жылдай бұрын тұрғындар жеке басына қатысты мәселелерді көтеретін болса, соңғы жылдары жалпы халықтық, қала тұрғындарына ортақ мәселелерді қозғап келеді. Бұл да болса халықтың нарыққа бейімделуімен қатар, әлеуметтік жеке мәселелердің Елбасы Жолдауына сәйкес Үкіметтік дәрежеде шешілуімен байланысты деуге болады.

Арал қаласы бойынша жоғарыда атап өтілген жұмыстармен қатар алға қойылып отырған мақсатты жұмыстар мен іс-шаралар да жеткілікті. Атап айтқанда 2013 жылы алға қойып отырған міндеттер: алдын ала құрылыс нысандарының әсіресе жеке кәсіпкерлік мақсаттағы ғимаратардың заман талабына сай, архитектуралық үйлесіммен салынуын қадағалау, қаңғыбас, бұралқы иттерді аулауды жалғастыру, қаланың көркейіп-көгалдануы мен тазалығын жақсарту, қала ішілік жолаушылар тасымалы маршрутын жақсарту, қала көшелерін асфальттау, негізгі көше қиылыстарына бағдаршам орнату, жаяу жүргіншілер жолағын салу, көшелерді жарықтандыру, жаңадан ашылған көшелердің коммуникациясын жүргізу, құрылыс нысандарын аяқтау мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне байланысты облыс, аудан әкімдерінің бағдарламаларын орындау мен қатар тағы басқа да жұмыстар тұр.

Өткен жылдың тағы бір ерекшелігі 2012 жылдың 14 желтоқсан күні, яғни 2012 жылы екінші рет Қазақстан Республикасының Президенті -Елбасы Н.Ә. Назарбаев ««Қазақстан -2050» стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған дәстүрлі Жолауын жариялады. Онда Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына кіруді межелейтін «Қазақстан-2030» стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуына байланысты енді Қазақстанның 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін атқарылатын жұмыстарға жаңаша саяси бағыт көрсетілген.

Жолдау негізінен үш негізгі тараудан тұрады. Бірінші тарау «Қалыптасқан Қазақстан» деп аталады. Онда Тәуелсіз Қазақстанды құрған мезеттен бастап, Қазақстанды мекен еткен 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырақ қалыптасқандығын, қоғамның тұрақтылығы мен ядролық қаруды таратпау, Ұлттық экономика оның ішінде үстіміздегі жылы Еліміз бәсекеге қабілетті елдер ішінен 51 орынға тұрақтағандығы айтылған. Бұған дейін қабылданған «Қазақстан-2030» бағдарламасын мерзімінен бұрын орындалғандығы баяндалып, Еліміздің табысына кеңінен тоқталған.

ІІ-тарау, «ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері». Жолдаудың бұл тарауында Қазақстан өз дамуында табыстарға одан әрі қол жеткізу үшін 2050 жылға дейін бетпе-бет келетін он сын-қатердің әрқайсысын міндетті түрде ескеруіміз керектігі жеткізілген.

Ал, ең негізгі үшінші тарауда « «Қазақстан-2050» стратегиясы -тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт» деп аталады. Онда 2050 жылға қарай Қазақстан әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы тиістігі айқындалған. Осы арқылы 2050 жылға дейінгі кезең-кезеңмен шешілуі тиіс міндеттерді қарастырған. Атап айтқанда: кадр саясаты, бюджет саясаты, салық саясаты, ақша-кредит саясаты, мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты, әлеуметтік саясат т.б. Сонымен бірге білім және кәсіби машық, мемлекеттілікті одан әрі нығайту және Қазақстандық демократияны дамыту мен Жаңа Қазақстандық патриотизмді дамыту қарастырылған.

8
Сондай-ақ қазақ тілін дамыту арқылы 2025 жылға қарай Қазақстаннның 95 пайызы қазақ тілін білуі керектігін бас айта келіп, Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде екендігін, ол үшін қазақпен-қазақ қазақ тілінде сөйлесуі қажеттігін ескертіп, қазақ алфавитін латын қаріпіне көшіру керектігі межеленген. Жолдау соңында Елбасы бабалардың, бүгінгі буын мен жас ұрпақтың арасында жасампаз сабақтастық болса «Мәңгілік Ел» боламыз дей келіп, үш буын өкілдеріне Үндеу жариялаған. Сонымен қатар ХХІ ғасыр Қазақстанның «Алтын ғасыры» болатындығына сенім білдірген.

Сондықтан қадірлі қатысушылар, Елбасы Жолдауын іске асыруға қаланың әрбір тұрғыны өз мүмкіндіктеріне қарай үлес қосып, Қазақ Елі үшін оның ішінде 1927 жылдың 1 қазанынан бері қала мәртебесін алған туған жеріміз Арал қаласын түлету жолында Сіздермен бірлесіп жұмыс атқара береміз деп есептеймін.



Бұған дейін де біршама істердің атқарылғанын өздеріңіз бағдарлап отырған боларсыздар. Алға қойылып отырған мақсаттармен қатар басқа да ауқымды шаралар қаладағы көше комитеттері, түрлі мекемелер мен кәсіпкерлер, ардагерлер мен бүкіл қала тұрғындары болып, тізе қосып туған қаламызды абаттандыру және экологиялық таза қала ретінде гүлденіп- көркеюі үшін ауызбіршілікпен атқарыла береді деп сенемін.
Тыңдағандарыңызға рақмет !
Арал қаласының әкімі: Б.Кемалашев

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет