Ахметжанов о. Н. Жануарлардың КӨз аурулары оқу құралы семей, 2012 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



бет6/11
Дата16.06.2016
өлшемі7.92 Mb.
#138455
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Белгілері. Мал жарықтан қатты жасқанады. Қабағын ашпайды. Көзден алғашында сулы, соңынан сулы – іріңді сарсу ағады. Көз аумағы аса аурушаң. Қасаң қабықтың айналасындағы конъюнктиваның, ақ қабықтың қан тамырлары қызарған. Қасаң қабықта терең тамырлану болады. Қасаң қабық бұлдырланған, ақшыл – сарғыш түсті. Түсті қабық көрінбейді. 5 – 7 күннен соң қасаң қабықтың шірікті қабынуға ұшыраған шеті көтеріліп, қопсиды және ол қасаң қабықтың ортасына қарай жайлап жылжи бастайды. Әртүрлі көлемдегі және тұрпаттағы терең жарақаттар пайда болып, беті қызғылт түсті түйіршікті дәнекер ұлпамен жабылады. Ол жер біртіндеп қалыңдап, кедір - бұдырланып бітеді. Малдың көзінің көруі күрт нашарлайды немесе көрмей қалады.

Емі. Беткейлі іріңді кератитті емдеуге ұқсас. Айырмашылығы емдеуге кететін уақыттың ұзақтығында. Жергілікті ауырсындырмау жасап қасаң қабықтың шіріп қопсыған бөлігін хирургиялық тәсілмен тазалау керек. Қасаң қабықтың терең шектеулі іріңді кератиті қасаң қабықта іріңдіктің (абсцесс) пайда болуымен сипатталады. Негізгі клиникалық белгілері беткейлі іріңді кератитке ұқсас. Айырмашылығы іріңдік қасаң қабықтың терең қабатында орналасқан. Көлемі тары немесе бұршақ дәнінің үлкендігіндей сарғыш түйір түрінде көрінеді. Оның айналасынан қан тамырлары байқалады (13 сурет). Іріңдіктің тартылуы немесе сыртқа, кейде ішке яғни көздің алдынғы камерасына жарылуы мүмкін.

Емі. Жіңішке инелі бір рет қолданылатын шприцпен іріңдіктің іріңін сорып алып тастап, дезинфекциялық дәрілермен қуысын шаяды. Қолданылатын басқа емдер беткейлі іріңді кератитті емдеумен ұқсас. (Қосымшаны қараңыз).

Эозинофильдік грануленозды созылмалы кератит.

Бұл кератиттің ерекше түрі.Төменде ветеринариялық клиникада көзі эозинофильдік грануленозды созылмалы кератитке ұшырығын мысықты зерттеу, ауруды анықтау және емдеу нәтижелері берілген. Көз ауруларына зерттеу төмендегі жоспармен жүргізілген:



  1. Жалпы клиникалық зерттеу.,

  2. Көзді офтальмологиялық әдістермен зерттеу.,

  3. Флуоресцин тесті.,

  4. Қанға биохимиялық анализ жасау (мочевина, креатин, АЛТ).,

  5. Қанға АСТ ионограмма жасау (кальций, калий, фосфор т.б).,

  6. Цитологиялық зерттеулер жасау.,

  7. ПТР (ПЦР) т.б серологиялық реакциялармен зерттеу.

Көзі аурған мысық 13 жаста. Мысықтың еш себепсіз біртіндеп бір жақ көздің қасаң қабығының 60% бұлдырланған (15 - ші сурет). Иесінің айтуы бойынша мысықтың көзінде мұндай өзгеріс 2 жыл бұрын да байқалып, антибиотиктермен, қабынуға қарсы дәрілермен және витаминдермен емдеген соң жазылған. Мысыққа жалпы клиникалық және офтальмологиялық зерттеу қабылданған тәсілдермен жасалған. Флуоресцин тестімен зерттегенде қасаң қабықта жарақат болмаса да боялған, яғни жалған позитивті, («оң») нәтиже алынған (16 -ші сурет). Негізінде қасаң қабық микрожарақаты болса боялуы керек еді. Ал бұл жолы ол кілегейлі сұйықтан болған қасаң қабықтағы кедір – бұдырларды бояп, жалған «оң» нәтиже берген. Цитологиялық зерттеу жасау үшін қасаң қабыққа 1% тетракайн тамызып, жергілікті ауырсындырмау жасалған. Арнайы щеткамен қасаң қабық бетінен сүртінді алып, одан жағынды жасап тексерген. Тексеруде көп мөлшерде анықталған:

  • қасаң қабықтың эпителий торшалары.,

  • сегмент ядролы нейтрофилдер.,

  • эозинофилдер.,

  • лимфоциттер (аз).,

  • плазмоциттер.,

  • макрофагтар.

ПТР (ПЦР) – полимираздық тізбекті реакция арқылы мысық герпес вирусының ДНҚ іздестіріліп, теріс нәтиже алынған.

Мысыққа эозинофильдік грануленозды созылмалы кератит деген диагноз қойылған.




15 – ші сурет. Мысықтың оң жақ көзінің қасаң қабығының бұлдырлануы.

16 - ші сурет. Жалған позитивті флюоресценция сынамасы (А.Бартоло бойынша).



Емі. «Ophtalon» майын (құрамында хлорамфеникол бар антибактериальдық май) күніне 3 рет көздің конъюнктива қапшығына салу. Бес күн жасалған емнен нәтиже болмаған соң «Ophtalon» майының орнына көзге арналған «Fradexam» майы қолданылған. Сонымен бірге қабынуға қарсы стеройдтық дәрі - дексаметазон және фрамицетин антибиотигі қолданылған. Ем әр 5 күн сайын қайталанған. Осы емнің нәтижесінде көздің қабынуы басылып, қасаң қабық толық мөлдірленген. Ем ары қарай 1 ай бойы, күніне екі рет, «Optimmune» антибактериальдық майы (негізгі әсер етуші заты 0,2% циклоспорин) қолданылып жалғастырылған. Мысықтың көзі толық жазылып, 1 жыл бақылағанда ауру қайталанбаған (А.Бартоло. 2010).

Қасаң қабықтың коллагеназды жарақаты. Ветеринариялық клиникаға көзі жарақаттанған Бретон эпаньолы тұқымды 2 жасар ит әкелінген. Ол аң аулау кезінде оң көзінің қасаң қабығын беткейлі жарақаттап, оған консервативті ем жасалған. Ол үшін кең ауқымды әсері бар антибиотиктер: неомицин, полимиксин В және жарақаттың тартылып жазылуына оң әсер ететін N – ацетилцистеин қолданылған. Ем алғашында оң нәтиже бергендей болғанмен, бірнеше күн өткен соң жарақат асқынып, қасаң қабықта терең өзгерістер пайда болған. Жарақаттанған көзді зерттеу нәтижесінде одан жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілер: эпифора (жас ағу), блефароспазм (қабақтың ашылмауы), конъюнктиваның қызаруы байқалған. Екі көздің де көру және қорғаныш – жасқану рефлекстері сақталған. Көлемдері бірдей. Оң көздің қасаң қабығының бүкіл диаметрінде терең жарақат анықталған. Жарақат жиегі ісінген. Көзді саңылау биомикроскопымен зерттегенде жарақаттың орта тұсында қасаң қабықтың негізгі қабатының (строма) толық бүлінгені, оның астындағы десцементов қабатының қопсығаны (десцементоцеле) анықталған. (Строма қасаң қабықтың ең қалың қабаты. Ол қасаң қабықтың 90% құрайды. Десцементов қабаты – қасаң қабықтың өте жұқа ең астыңғы қабаты. Сөйтіп қасаң қабықтың толық тесілу (перфорация) қаупі туған.

Жарақаттың айналасында қасаң қабықтың 2\3 бөлігінде тамырлану (васкуляризация) бар. Бұл көздің анатомиялық бүтіндігіне тікелей қауіп туғызатын жарақат.



Емі. Қасаң қабықтың жарақатының ауырлығы мен оның бүтіндігінің бұзылуы қаупіне байланысты жергілікті консервативті еммен бірге оперативті жолмен жарақатқа трансплантат отырғызылған.

Операция техникасы: Ит операция столына шалқасынан жатқызылып, операция жасалатын көзі үстіңгі жағына қаратылып бекітілген. Наркоз берілген. Премедикацияға 0,01 мг\кг есебінде ацепромазинмен («Calmivet») қолданылады. Содан соң наркозға қан тамырға 0,02 мг\кг есебінде морфин хлоргидрад және 0,02 мг\кг есебінде тилетаминзолазепам егілген. Ары қарай наркозды созу үшін изофлюран қосылған оттегімен дем алғызып отырылған. Операция жасалатын көздің қабақ терісі 1% - ды, ал көз 0,2% иодталған поливидон ерітіндісімен залалсыздандырылған. Көздегі жарақатты шірікті – іріңді заттардан микрогубка және кератомомдық пышақ көмегімен тазалап, оған хирургиялық трансплантат отырғызылған. Трансплантат ретінде торайдың аш ішегінің кілегейлі қабығының астыңғы қабатынан (Vet bio sis) дайындалған диаметрі 1 – 1,5 мм жапырақ пішінді кесінділер (диск) пайдаланылған (H.J.Featerstone., J. Sanson. C.L., Henitish. 2001; M. Boussieres., S.G. Crhne., J. Steles et cool.. 2004; M. Vanore., S. Chahony., G. Payen et cool.. 2007). Марбофлоксацин («Marbocyl») антибиотигі қосылған стерильді изотоникалық ерітіндіге шыланған трансплантат жарақатқа жабылады. Жарақатты толық жабу үшін осындай 5 диск пайдаланылған. Осыдан соң микрохирургиялық әдіспен дискілердің шеті қасаң қабықтың терең қабатын қамти отырып 9\0 викрил жібімен тігілді. Барлығы 24 тігіс салынған. Операция аяқталған соң итке көзін қасымас үшін қорғаныш жаға кигізіліп, инфекцияға қарсы субконьюктивалды 0,1 мл марбофлоксацин егілген. Марбофлоксацин тағы да 20 күн 2 мл\кг есептеп пероральді қолданылған. Сондай – ақ әрбір 2 күн сайын көз физиологиялық ерітіндімен жуылып, 1 тамшы гентамицин тамызылған. 20 - шы күні зерттеу қасаң қабықтағы жарақатты трансплантат (Vet bio sis) толтырып, ол жерге берік бекіп, қасаң қабықтың эпителий қабаты пайда болғанын көрсеткен. Тағы 2 апта көзге тобрамицин және дексаметазонды күнде кешке 1 тамшыдан тамызып отырған. Операциядан кейін 3 айдан соң жүргізілген тексеруде иттің көзінің қасаң қабығындағы жарақат толық бітіп, мөлдірлігі, жылтырлығы қалпына келген. Осы әдіспен Ф.Гуль 2005 – 2007 жылдары көзінің қасаң қабығы жарақаттанған 36 ит пен мысықты емдеп, өте жоғары нәтиже алған.

Автор қасаң қабықтың жарақатының шірікті жарақатқа айналуы патогенезіндегі эпителий торшалары мен лейкоциттер бөлетін протеаза (коллагеназ) ферментінің ролін көрсеткен Бұл фермент қасаң қабықты тазартуға қатысады. Артығы көз жасындағы антипротеазамен бейтараптанады. Ал қасаң қабықтың жарақаттарында, протеаза бөлетін бактериалармен (Pseudomonas aeruginjsa) залалданған кератиттерде оның мөлшері күрт артып, қасаң қабықты ыдыратады (кератомаляция), қабынуға ұшыратады. Сондықтан бұл жағдайда коллагеназдың әсерін жоғарлататын кортикостеройдтық дәрілерді қолдануға болмайды (Ф.Гуль.2008).



Қасаң қабықтың қабынусыз өтетін аурулары. Кератоконус және кератоглобус. Бұлар қасаң қабықтың сирек кездесетін аурулары. Көбінетуа бітеді және екі көзде бірдей байқалады. Аурудың негізгі себебі қасаң қабықтың орта тұсының қалыптан тыс жұқа болуы. Осыдан көздің алдынғы камерасының сұйығы ішкі қысым салдарынан қасаң қабықты алға итеріп, ол жұқа тұсынан томпаяды. Кератоконус – қасаң қабықтың конус тәрізді томпаюы. Кератоглобус – қасаң қабықтың шар тәрізді томпаюы.

Анықтау. Көзді жанынан қарау арқылы қасаң қабықтың томпаюы анықталады. Кератоконуста кератоскопты көздің қасаң қабығына өте таяу ұстап зерттегенде оның шеңберлері қасаң қабықтың ортасынан шетіне қарай тартылады (эксцентрлік). Кератоглобуста керісінше шеңберлер қасаң қабықтың ортасына қарай сығылып, кішірейеді. Сонымен бірге қасаң қабықтың томпайған тұсының төбесіне көз камерасы сұйығы сіңіп, біртіндеп бұлдырланады. Алыстан көрмеушілік – миопия дамиды.

17 – ші сурет. Қасаң қабықтың қалыпты тұрпаты және оның өзгерістері (П.Минчев бойынша):

1 - қалыпты; 2 - кератоглобус; 3 - кератоконус.

Емі. Емі жоқ десе де болады. Тек уақытша көздің көруін жақсартатын емдер жасалады. Ол үшін қарашықты кішірейтетін және көздің ішкі қысымын түсіретін дәрілер қолданылады. Оларға физостигминсалицилат (эзерин), прозерин, фасфакол, армин, фосарбин жатады.

Қасаң қабықтың ксерозы – қасаң қабықтың шектен тыс құрғауы, кебуі. Ол кератомаляцияғақасаң қабықтың қопсып, ыдырауына, бүлінуіне әкеледі. Оның негізгі себептері В, А витаминдерінің жетімсіздігінен болатын – гипо және авитаминоздар. Сондай – ақ конъюнктиваның кілегей бездерінің, жас безі қызметінің бұзылуы, қабақтың дұрыс жабылмауы, қора ауасының шамадан тыс құрғақ болуы да ксероз туғызады.

Белгілері. Қасаң қабықтың қабынуында байқалатын жарықтан жасқану, көзден жас ағу, көздің аурушаңдығы. Қасаң қабық кеуіп, кедір – бұдырланып, қопсып, ортасында сұр дақтар пайда болады. Мөлдірлігі жоғалып, бұлдырланады. Асқынса терең қабаттары бүлініп, құрғақ жарақатқа айналады. Қасаң қабық тұтас қопсып, ыдырап, көз көрмей қалады.

Емі. Аурудың себептерін жоюға бағытталған этиологиялық емдер жасалады. Инфекция түсіп, қабынуға қарсы антибактериялдық көз майлары қолданылады. В және А витаминдерін егіп, витаминдермен толықтырылған рационмен азықтандырып, қораның ауасының ылғалдылығын зоогигиеналық талапқа сәйкестендіру керек.
ТАМЫРЛЫ ҚАБЫҚ АУРУЛАРЫ

Тамырлы қабық – көз алмасының фиброзды қабығының астында орналасқан ортаңғы қабық. Ол үшке бөліп қарастырады:, біріншісі түсті қабық, екіншісі кірпікті (цилиар) дене, үшіншісі негізгі тамырлы қабық. Бұл қабықтар анатомиялық жағынан астасып, бірігіп жатыр. Қан айналымы, жүйке жүйесі бірге. Осыған орай олардың бірінде пайда болған патологиялық үрдістің екіншісіне ауысуы жиі кездеседі.



Тамырлы қабық жарақаты. Тамырлы қабық әртүрлі механикалық әсерлерден, оның ішінде жиі соғылудан, ұрылудан жарақаттанады. Бұл жағдайда тек тамырлы қабық қана емес, көздің барлық құрылымдары зақымдалуы мүмкін (қабақ, ақ қабық, қасаң қабық, торлы қабық және тағы басқа көз құрылымдары).

Белгілері. Көз ауруларына тән клиникалық белгілермен қоса көз камераларына қан құйылады. Кейде құйылған қанның көптігі сонша, көз алмасының іші қып – қызыл болып қанға толады. Асқынбаса қан біршама жылдам тартылады. Ал асқынғанда тамырлы қабықпен бірге өзге дн көз құрылымдары қабынуға ұшырайды. Торлы қабықтың тамырлы қабықтан ажырауы, бұршақ дененің орнынан таюы мүмкін.

Емі. Малдың соғылған көзіне қысып танғыш салып, қаракөлеңке қорада күтіп ұстау керек. Антибиотик қосып ретробульбарлық новокаин блокадасын жасау жақсы нәтиже береді.

Түсті қабықтың қабынуы – (ritis) ирит. Ирит жеке сирек кездеседі. Онымен тамырлы қабықтың өзге де құрылымдарының қабынулары қабаттаса жүреді. Мысалы: түсті қабық пен кірпікті дененің бірге қабынуы – иридоциклит, кірпікті дене мен негізгі тамырлы қабықтың қоса қабынуы – циклохориойдит немесе үшеуінің бірдей қабынуы – иридоциклохориойдит (немесе увейт деп аталады) жиі кездеседі. Көздің негізгі тамырлы қабығы мен кірпікті дене терең орналасқандықтан оларды тікелей зерттеу қиын. Дегенмен бұл құрылымдар нақты қызметтер атқарады және олардың қабынуына тән клиникалық белгілерде бар. Олар ауру туралы жанама қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ирит қабыну эксудатының сипаты бойынша: серозды, серозды – фибринозды, геморрагиялық, іріңді - деп жіктеледі. Ал ағымы бойынша: жіті және созылмалы болады.

Белгілері. Жіті иритте жарықтан жасқану, көз аумағының аурушаңдығы, көзден жас ағу сияқты жалпы көз ауруларының белгілер байқалады. Иритке тән клиникалық белгілер: қарашық кішірейген және ол тұрақты. Түсті қабықтың қан тамырлары қанталаған, қызарған. (сау көзде ол қара қоңыр). Оның қанталағаны жарықта көзді жанынан қараса жақсы көрінеді. Серозды – фибринозды және фибринозды иритте көз камерасында фибриннің ақ ұлпалары байқалады. Уақыт өте келе ол оның түбіне шөгеді. Осы фибринозды шөгінді - «шварт» деп аталады. Ал серозды – фибринозды сұйық қасаң қабық пен бұршақ дене қабығына сіңсе - «преципитат» делінеді. Уақыт өте келе фибринді шөгінді түсті қабықтың қарашық жақ жиегін бұршақ дененің алдыңғы бетіне жабыстырып тастайды. Ол «синехии» (байлам) деп аталады. Кешірек ол жерге дәнекер ұлпа өсіп, «синехии» одан әрі бекіп, көздің көруіне кедергі келтіреді немесе көз толық көрмейді. Геморрагиялық иритте көздің алдынғы камерасына қан құйылып, эритроциттер оның түбіне шөгеді. Іріңді иритте көз камерасы сұйығының түсі жасыл – сарғыш, аз уақыттан кейін ірің көз камерасының түбіне шөгеді. Созылмалы иритте жіті қабыну белгілері аз байқалады. Қарашық кішірейген, көздің алдынғы камерасы түбінен фибрин, ірің шөгіндісі - «шварт» анықталады. Оның түсі ақшыл, сарғыш, жасыл - сарғыш бболады.

Емі: Серозды иритте емнің тиімділігі жоғары. Ал басқа ириттерде төмен. Негізгі емі жоғарыда қарастырылған тамырлы қабықтың жарақаттарындағдай. Қарашықтың бұршақ денеге жабысуын болдырмау үшін көзге дионин ерітіндісі тамызылады. Алғашында диониннің 0,5% - дық ерітіндісі, содан соң оның концентрациясы 6 - 8% - ға жеткізіледі. Сонымен қатар жалпы ағзаны қуаттандыратын емдер жасалады. Малға құнарлы азық беріп, жайлы, қара көлеңке қорада бағады. Антибиотик қосып ретробульбарлық новокаин блокадасы жасау, В, С, Е, Р витаминдерін егу жақсы көмектеседі. Серозды – фибринозды ирит нәтижесінде қарашық пен бұршақ дене жабысып қалса олар операция арқылы ажыратылады.

Операция техникасы: Мал операция жасалатын көзі үстінгі жағына қаратылып бекітіледі. Наркоз беріледі. Мұнымен қоса ретробульбарлық ауырсындырмау жасаған соң көзге 1% атропин сульфат тамызады. Қабақтарды қабақ ашқышпен ашып, тұрып қасаң қабық арнайы немесе инекциялық инемен тесіліп, сол жерден «Бауменов зонды» енгізіліп, оны қарашық пен бұршақ дене арасынан айналдыра отырып, оларды ажыратады. Операциядан соң бір апта бойы күнде конъюнктиваға 1% атропин сульфат және дионин ерітінділерін тамызып отырады.

Кірпікті (цилиар) дененің қабынуы – (cyclitis) циклит. Циклит эксудаттың сипатына қарай және ағымы бойынша ириттегідей жіктеледі.

Белгілері. Клиникалық белгілері де иритке ұқсас. Ерекшелігі кірпікті дене қабынуынан түзілген эксудат сіңіп, бұршақ дене, шыны тәрізді дене күнгірттенеді. Цинново байламы қабынып, ісініп, тіпті үзілуі мүмкін. Осыған байланысты бұршақ дене орнынан таяды. Ауру созылса қабыну көздің барлық құрылымдарына таралып, панофтальмитке айналады. Көз алмасы біртіндеп солып, көз көрмей қалады.

Емі. Цинново байламы үзілсе емі жоқ. Фибринозды және іріңді циклитте емнің тиімділігі төмен. Сондықтан оны асқындырмай серозды немесе серозды – фибринозды циклит тұсында емдеген тиімді. Қарашық бұршақ денеге жабысып қалмас үшін көзге 1% атропин сульфат тамызады. Алғашында күніне 3 – 5 тамшыдан 4 – 5 рет, содан кейін сауыққанша күніне 1 – 2 рет қолданады. Антибиотик қосып (бициллин – 3) ретробульбарлық новокаин блокадасын жасаудың тиімділігі жоғары. Көзге ириттегідей дионин ерітіндісі тамылады. Малды құнарлы азық беріп, жайлы, қаракөлеңке қорада бағады. В, С, Е, Р витаминдерін егу жақсы көмектеседі.

Өзіндік тамырлы қабықтың қабынуы - (Chorioiditis) хориоидит. Көздің бұл ауруы екінші реттік қабыну үрдісі ретінде, яғни түсті қабық қабынуының (ирит), кірпікті (цилиар) дене қабынуының (циклит) және торлы қабық қабынуының (ретинит) асқынып, өзіндік тамырлы қабыққа шабуынан пайда болады. Сондықтан ол көбіне иридохориойдит, циклохориойдит, хориоретинит немесе иридоциклохориойдит түрінде өтеді. Хориойдит іріңсіз және іріңді деп жіктеледі.

Белгілері. Іріңсіз хориойдитте көз ауруларына тән клиникалық белгілер айқын білінбейді. Офтальмоскоппен зерттегенде өзіндік тамырла қабықтың қабынуынан пайда болған эксудат көз түбінде ақ немесе ақшыл боз дақтар түрінде көрінеді. Торлы қабықтың қан тамырларының тармақтары оның үстінен өтіп, үзілмеген тұтас қалпында көрінеді. Іріңді хориойдитте жалпы көз ауруларына тән белгілер айқын білінеді. Мал жарыққа қарай алмайды, көзінен іріңді – шырышты сұйық ағады. Қасаң қабық бұлдырланып, көз аумағының жергілікті қызуы көтеріледі. Офтальмоскоппен зерттегенде көз түбі лайлы жасыл немесе лайлы боз түсті. Ал қарашық маңы сарғыш. Шыны тәрізді дене бұлдырланған. Бұдан әрі асқынса көздің барлық құрылымдарының қызметі бұзылып, көз көрмей, бірте – бірте көз алмасы семеді. Тіпті сепсистен мал өледі.

Емі. Циклиттегідей.
ТОРЛЫ ҚАБЫҚ АУРУЛАРЫ

Торлы қабық аурулары жеке сирек кездеседі. Оның ауруларының пайда болуына тамырлы қабықтың, көздің көру жүйкесі бүртігінің және шыны тәрізді дененің ауруларының ықпалы көп. Сонымен бірге организмнің басқа да аурулары салдарынан торлы қабыққа қан құйылады, қат – қабат болып ыдырайды, бүлініп (дегенерация) өзгеріске ұшырайды.



Торлы қабыққа қан құйылу – (haemorrhagia retinae). Барлық жануарларда, оның ішінде жылқыда, сиырда және итте жиі кездеседі. Бір немесе екі көздің торлы қабығына қан құйылуы болуы мүмкін. Негізгі себебі әртүрлі механикалық әсерлер: көздің ұрылуы, соғылуы. Торлы қабықтың қабынуынан, қан айналысының бұзылуынан, қан тамырларының ауруларынан, инфекциялық аурулардан, зат алмасуының бұзылуынан, уланудан және РР, К витаминдерінің жетімсіздігінен оған қан құйылуы мүмкін.

Белгілері. Көздің көруі бұзылады. Офтальмоскоппен зерттегенде торлы қабықтың қан тамырларының жанынан аумағы шектеулі, пішіні созылыңқы жолақ тәрізді немесе домалақ, кейде дұрыс тұрпаты жоқ дақтар байқалады. Жаңа құйылған қан дағы қызыл түсті. Уақыт өте келе қоңырқай, бірте – бірте сарғыш, ақыр соңында ақ түске енеді. Соңғы жағдайда оны ажырату қиын, сондықтан оны шатасып, қалың фибринозды ошақ немесе сулы қуыс деп қабылдауға болады. Қан торлы қабықтың алдынғы жағына, артқы жағына және ішіне құйылуы мүмкін. Егер қан торлы қабықтың алдынғы жағына құйылса ол шыны тәрізді денеге де сіңіп, сан алуан тұрпаттағы қызыл дақ түрінде көрінеді. Қан құйылған жердің артқы жағындағы көз түбі көрінбейді. Көздің көруі күрт нашарлайды. Егер қан тамырлы қабықтың ішінен құйылса малдың көзі мүлде көрмей, соқыр болып қалады. Торлы қабыққа қан көп құйылмаса қарашық аздап кеңейген, ал қан көп құйылса ол мейлінше кеңейген. Қан шыны денеге сіңсе ол бұлдырланады. Құйылған қан аз болса бірнеше күнде тарап, тартылып кетеді. Ал құйылған қан көлемді болса көз көрмей қалуы мүмкін.

Емі. Емнің тиімділігі торлы қабыққа құйылған қан мөлшеріне тікелей байланысты. Көзге қан құйыла сала алғашында суық басу керек. Қан тамырға кальций хлорид егіледі. 2 – 3 – ші күннен бастап жылулық емдермен қоса, құйылған қанды тарқататын дәрілер қолданылады. Көзге алғашында 0,5% - дысодан соң 5 - 8% - ды дионин ерітіндісі тамызылады. Қабақ терісі арқылы иодофарез немесе иод торшасын жасау жақсы көмектеседі. Инфекция түсіп асқынудың алдын алу үшін антибиотик қосып ретробульбарлық новокаин блокадасы жасалады. РР витаминін (никотин қышқылы жетіспесе көзге қан құйылады), С витаминін, К витаминін (антигеморрагиялық) қолдану жақсы нәтиже береді.

Торлы қабықтың қабынуы – (retinitis) ретинит. Жан – жануарлардың көзінің торлы қабығының қабынуы сирек болса да кездеседі. Ретиниттің тікелей торлы қабықтың қабынуынан пайда болуы сирек кездеседі. Жиі анатомиялық жағынан өте тығыз байланысты тамырлы қабықтың және көздің көру жүйкесі бүртігінің қабынуларының ауысуынан дамиды. Сөйтіп ретинит екінші реттік қабыну үрдісі ретінде пайда болады. Сонымен бірге бірінші реттік, яғни оның тікелей қабынуы да мүмкін. Оның себептері: көздің механикалық әсерлерден болған жарақаттары, ұрылуы, соғылуы. Сондай - ақ торлы қабықтың қабынуы, қан құйылу. Ретинит ит обасы, лейкемия, иттердің қант диабеті, жылқының жұқпалы плевропневмониясы, сиырдың қатерлі қызбасы сияқты инфекциялық аурулар салдарынан да дамиды. Мал азығында каротиннің (А витамині мен лютейннің провитамині яғни алғы заты) және Е (токоферол) витаминінің жетіспеуі де бұған себеп екені белгілі. Мысалы: лютейн жетіспесе торлы қабықтың әсіресе ортаңғы тұсы дистрофияға ұшырайтыны, бұршақ дене бұлдырланатыны анықталған. Ғалымдар торлы қабықтың қабынуы оның тамырлы қабықтан ажырауымен бірге жүреді және сонысымен қауіпті дейді.

Белгілері. Торлы қабықтың қабынуы оның жалпылама (диффузды) ісінуімен сипатталады. Қан тамырлары жарақаты салдарынан пайда болған қан тамырларының эмболиясы мен тромбозы қанның іркілісіне әкеледі. Торлы қабықтың торшалары арасына қан тамырларынан шыққан қанды сұйық сіңеді, «қан құйылу» болады. Торлы қабық пен тамырла қабық арасында фибринді сұйық (эксудат) жиналады. Егер сұйық мөлшері көп болса ол торлы қабықты шыны тәрізді дененің ортасына қарай итеріп ығыстырады. Қабыну салдарынан торлы қабаттың негізгі қабаттарына дәнекер ұлпа өсіп тығыздалады, қатаяды. Қабынуға ұшыраған таяқша және сауытша тәрізді торшалар семеді, түсті (пигментті) эпителий қабаты бүлінуге ұшырайды. Осыған байланысты торлы қабықтың жарықты қабылдауы нашарлайды, немесе мүлде жойылады. Мал жарыққа қарай алмайды, қарашығы кішірейеді. Қорытынды диагноз қою үшін көздің түбі офтальмоскоппен зерттеледі. Торлы қабық қабынса көз түбінің түсі өзгереді, бұлдырланады. Көз түбінің «соқыр аймақ» («тапетум нигрум» - tapetum nigrum) деп аталатын төменгі бөлігінің түсі сұрғылт сарғыш немесе кірлеу сарғыш түске енеді. Ал қалыпта оның түсі әр түрлі жануарларда өзіне тән жасылдау, қою қоңыр, қоңырқай немесе қоңырқай қара болады және жылтыр. Торлы қабық қабынғанда көз түбінің жоғарғы жағының (tapetum lucidum) түсі де өзгереді. Қалыпта «тапетум люцидум» жылтыр, түсі әр түрлі жануарларда әртүрлі: сары, жасыл, немесе көгілдір. Торлы қабық қабынғанда көз түбінің жоғарғы жағының да түсі өзгереді, көмескіленеді, жылтырлығы жоғалады. Алғашында торлы қабықтың қан тамырлары жуандаған, тармақтары көп. Соңынан торлы қабыққа сұйық жиналу барысында олар қысылып, семіп, мүлде көрінбей қалады. Торлы қабықтың қабынуы көздің көру жүйкесіне әсер етеді, оның бүртігінің тұрпаты анық емес. Көлемі ұлғайған, қызарған. Соңынан ол бозарып, семіп, көзге анық байқалмайды. Мұның бәрі көздің көруіне кері әсерін тигізіп, көз көрмей қалуы мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет