АҚылбек шаяхмет өлендерін қазақ тілі сабағында қолдану



Дата04.07.2016
өлшемі90.81 Kb.
#175990
АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ ӨЛЕНДЕРІН ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ҚОЛДАНУ

А.М. КУШЕГАЛИНА



Қостанай құрылыс колледжі, Баймагамбетов кошесі, 1, тел.: 22-05-23

e-mail: str_col@mail.ru
Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Абай

Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі, әдеби тілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.



Қазақ тілі өмір таныту, тәрбие беру, қарым – қатынас жасау құралы екендігі белгілі. Тіл мен әдебиетті оқи отырып, адамадық болмысың қалыптасады ; бүкіл дүниенің әлемдік қақпасы тіл арқылы ашылады. Тіл – достықтың дәнекершісі, ғылым тілі, мәдениет көрсеткіші. Тарихымыз – өткеніміз бен бүгініміз және ертеңгі болашағымыз сол тіл арқылы сыр шертеді.

Өмір көшіне ілесе білу, тарих тынысына құлақ түру, тамырын басу оқытудағы басты шарт десек, тарихи тұлғалар өмірінен деректер, өнегелік, тәрбиелік мәні зор шығармалар жергілікті ақын Ақылбек Шаяхметтің поэзиясында орын алған. Ақынның тілі шұрайлы, ойы орамды, тақырыбы өзекті. Жазушының туған жер туралы толғаныстарың, адам мен табиғат арасындағы байланыс туралы философиялық тебіреністерін, қазірғі заман тақырыбына арналған туындыларын қазақ тілі сабағында дидактикалық материал ретінде кеңінен пайдалануға болады, бұл әрі ұтымды әдіс болып табылады. Сондай сабақтарға тереңірек тоқталайын. Ақылбек Шаяхмет орысы көп, қазағы аз Қостанай өңірінде «Қазақ тілі » қоғамының шаңырағын көтеріп, ана тілі мұңын мұңдаған, жоғын жырлаған. Күні бүгін де жазушыны ана тілінің болашағы қатты толғандырады. ... Дүрмекпенен байқамаппыз, білмеппіз тілім азат, дәстүр тозып жатқан [«Тыңда туған», 55-бет] дейді ақын. Бұл сөйлемді синтаксистік талдауға аламыз.

«Ана тілім – қазынам, сені жұтсам балдайын, сырқатымнан жазылам»,

«Баламызбен тілдестік өзге тілде қызармай...» – деп ақын тілдің жанашыры екенін білдіреді. [«Жер-Бесік» 133-бет].

Мына бір өлеңнің тәрбиелік мәнін аша отырып, оқушылардың тілін, ойын дамытуды көздейміз:

Атамекен – бірлігімнің айғағы,

Ана тілім – тірлігімнің қайнары .

Тірлік азып, бірлік тозса, сол жерің,

Боп кетпей ме көрінгеннің ойнағы.

Жүрек үні жыры болар Ананың,

Жүрек үні тілі болар Баланың.

Ұл – қыздарым осы тілде тілдесе,

Жүрек үні сыры болар Дананың.

Осы тіл ғой маңдайдағы көзің нұр,

Өз тіліңді сыйламасаң өзің біл.

Нағыз соқыр, нағыз мылқау, саңырау.

Еш уақыт өзін-өзі танымау.

Тілдің тағдырына дұрыс қарап, оның мерейін өсіру өлеңнің негізгі идеясы екенін оқушыларға түсіндіру қажет.

Қазақ тілі сабақтарының түпкі мақсаты-оқушылардың қазақ тілі, қазақ жері, қазақ елі туралы білгендерін өзі өмір сүріп отырған қоғамның ерекшеліктерін, сөйлем түрлері мен сөйлемді құрайтын бірліктер жайында алған білімдерін дұрыс қолдана отырып, ауысша да, жазбаша да көркем тілмен жеткізе алуы.осы мақсатқа жету, тілін, оқушыларды туған жерін, елін сүюге баулу ақын А.Шаяхметтің туындыларын оқып, талдау арқылы тиімді болар еді. Мысалы:

Қанша жерді, қаншама елді шарладым,

Ұзын арқан, кең тұсауды барладым.

Бірінде де, бірақ, тоқтап қалмадым,

Туған жердей табанымды жылытар

Тұрақ таба алмадым. «Көзімді ашып көргенім» [17 бет].

Жарылсам ағымнан,

Айналдым туған жерін бағынан.

Айналдым жолдардың маңынан,

Сен маған қымбатсың.

Патшаның тағынан,

Туған жер! Сені сағынам! «Көзімді ашып көргенім» [97 бет].

Шет елде бөлек ғұмыр сүре білген,

Адамдар жайлы ойланып жүремін мен.

Туған жер мәңгі-бақи орын апты,

Құстың да тіп-тітімдей жүрегінен....... «Көзімді ашып көргенім» [182 бет].

Туған ел, саған айтам базыңамды,

Жас жаным бір өзіңнен азық алды.

Ыстық қан ойнап тұрса тамырымды,

Сақтармын жүректегі қазынамды.

Кең барма жер астында табылмайтын,

Бұл жағдай маған да айқын, саған да айқын.

Болғаны қандай жақсы қазынамның,

Қопарып, қазып ешкім ала алмайтын...... «Көзімді ашып көргенім» [186 бет].

Осы үзінділер оқушыларға патриоттық тәрбие беруге табылмайтын дидактикалық материал. Ал грамматикалық тақырыптарды алсақ, септік, жіктік, тәуелдік, көптік жалғаулары; етістік шақтары, сын есімнің шырайлары, есімше, көсемше т.б. тақырыптар бойынша ауысша, жазбаша жұмыс түрлерін өткізуге болады. Мысалы: мына шумақтардың мәнін ашып, есімдіктерді теріп жаз, қай топқа жататынын айт; есімше, көсемшенің астын сызып қой; септік, тәуелдік жалғауларын белгіле-деп, оқушыларға тапсырма береміз:

......Осы қазақ қой айдап, жылқы баққан,

Садақ оғын дұшпанға зырқыратқан.

Өзі барып ешкімге тиіспеген,

Келген жауды жығып сап, шырқыратқан.

......Осы қазақ кен қазып, дән өсірген,

Асқан талай өмірдің белесінен.

Кісі аузына тосқан ол бар тапқанын,

Құр қалса да өзінің үлесінен. «Көзімді ашып көргенім» [10 бет].

А.Шаяхметтің өлеңдерін, драмалық туындылары, философиялық толғаулары ақынның ұлтжандылығын, туған ел мен өскен жерге деген шексіз махабатын аңғартады. Елінің тәуелсіздігіне көптеген өлең-жырларын арнады. Сабақта пайдаланған бірнеше үзінділер:

1........Сенің пірің, Қазағым, алыс күннен,

Келген Батыр астына Барыс міңген.

Желтоқсанның желімен мұз қазылып,

Қиянатпен барыстай алыстым мен.

Алтын қазақ, нар қазақ барыс міңген,

Жетті бізге жарқырап алыс күннен.

Нар қазақпен-намыс бар Қазақпен.

Жиырмасыншы ғасырда таныстым мен. «Көзімді ашып көргенім» [11 бет].

2.........Тәуелсіз күнің, қазағым, ғұмырлы болсын,

Осыны жеткіз әлемге, дамылды жырым.

3.......Қонақжай елдің азаттық сағаты туды,

Тереземіз теңесер күніміз келді!

4......Қайраттай қазақ қанымен, қарындастың көз жасымен, Тәуелсіздігін танытқан киелі қазақ елі бұл!

Біріншіден, сөздік жұмыстан кейін бұл үзінділердің мән-мағынасын ашып аламыз.

Сондай-ақ сөз құрамы, сөзжасам, лексика, талдау тақырыптары қайталанады.

Қазақстан Республикасының рәміздері-халықтың мақтанышы екенін ақын өз өлеңдерінде байқатады. Мысалы, мына үзінділерді оқушылар дәптерге жазып, талдайды:


  1. Аспан түстес көк туды көтердік бүгін,

Көк бөрінің бейнесін сағынған күні.

Перзенті болсын қай ұлттың,

Қадірлеп, сүйіп өзі өскен жайласын жерін.


  1. Еркіндіктің Елтаңба арнасы болсын..........

Рулық емес, елдіктің таңбасы болсын!

Ел ордасы Астана туралы жыр жазбаған ақын бар ма? Ақылбек Шаяхметтің «Еркін елдің Ақ Ордасы» «Астана, саған айтамын» т.б. өлеңдерінде Астана – жаңа ел ордасы ғана емес, Астана жаңа Қазақстан деген ой тастайды.

Астана – жер кіндігі, ел жүрегі,

Елімнің ет-бауыры елжірейді.

Үшінші мыңжылдыққа алып шықшы,

Қабырғаң қайыспастан енді мені,

Астана – зарды ұмытар заман басы,

Тотыдай тоқсан түрлі таранбасшы.

Қырандай сыпырылған томағасы,

Бола бер еркін елдің Ақ Ордасы.

Берілген үзінділердің мағынасын ашып, асты сызылған тіркестердің қандай мағына беріп тұрғанын айт, сөз құрамына талда-деп тапсырма береміз.

Ақылбек Шаямет халық даналығын өлеңдерінің негізгі арқауы етеді. Халық ұғымында «табиғат» деген қасиетті сөз «туған жер», «өскен ел», «атамекен» деген мағынаны білдіреді. Ақын өз шығармаларында табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен адамзатқа тән адамгершілік қасиеттерін аңғартады. Мысалы: «Мөлдір бұлақ» пьесасында «осы таза бұлақтай мөлдір болайық, халықтың болашағы үшін қызмет істейміз деп ант етейік!........Ортақ мақсат жолында таза болайық. Әйтпесе болашақтан қарғыс аламыз. Жарық сәуле қараңғыны қақ жарып, бәрі-бәрін өз орнына қояды. Тазалық – денсаулықтың бастауы» - деген сөздерін, пьесаның негізгі идеясын оқушыларға ұғындыру қажет. Өйткені бұл мәңгілік адамгершілік тақырып. «Жер бесік кітабынан үзінді» [235 бет].

“Көп” көрген кәрі даланың,

Қалыпты шашы селдіреп,

....Көзіндей нұрлы ананың,

Қарайды көздер мөлдіреп,

Абыржып тұр ма атырап

Ағаштар сыңсып шулайды

Жел тербеп жусан, қурайды

Жүрегім неге тулайды?

Бар дей ме әлде ол түбінде

Келетін басқа бір қайғы-

осы шумақтардың менін ашу, «кәрі дала», «көпті көрген», «шашы селдіреп», «ананың көзіндей», «қайғы» «абыржып» - деген тіркестерді түсіндіріп адам мен табиғаттың арасында қандай байланыс бар? - оны қай жолдан көреміз?- деген сұрақтарға жауап алу т.б жұмыс өткізуге болады.

Тағы бірнеше өлеңдеріне тоқталсақ,

«Наурызда»: Наурызда жаным - ау күн мен түн теңескен,

Өткеннен аманат, барына қанағат,

Аман - сау өтіппіз тағы бір белестен,

Келешек ұрпаққа болмасын жаманат

Тапсырма: астын сызған сөздердің қандай мағына білдіріп тұрғанын айту; септік жалғауларды белгілеу, зат есімдерді теріп жазу.

«Табиғат - адам - өмір» - мәңгілік өзекті тақырыпқа арналған өлеңдерін: «Егер нөсер болмаса», «Көктемгі қар», «Дарқан өлкем», «Дала жолдары», «Пейзаж» (жылдың төрт мезгілі туралы) «Жауын», «Тасу борасын» т.б Кез келген сабақта тиімді пайдалануға болады Қандай тақырыпта болмасын оқыту процесі кезінде қойылатын басты міндет- оқушылардың оқуға деген ынтасын жойып алмау, одан әрі дамыту, оларды ойлауға үйрету, өздігінен шешімдер табуына жетелеу, өзіне деген сенімін тәрбиелеу. Сондықтан сабақта берілетін дидактикалық материал оқушыларға түсінікті, маңызды, қызық, болуы шарт. Айтайын дегенім, Ақылбек Шаяхметтің шығармалары оқушыларға түсінікті, маңызды, әр сабақтың тәрбиелік мақсатын ашатын материал болып табылады.

Ақын өлеңдері мақал мәтелдерге, қанатты сөздерге, ұлағатты сөздерг, синоним, антонимдерге бай. Мысалы, «Қарама – қайшылықтар» [Жер бесік -168 бет]

Өтірік пен шынын,

Кебегі мен ұнын.

Асылы мен құмын,

Көрсең дағы мың сан.

Ажырату қиын.

Көктемі мен қысын,

Астары мен тысын,

Сырты менен ішін

Айыра алмай тұрсаң,

Аз болғаны миың.

Бәйтерек пе, тал ма,

Жас па әлде қарт па,

У ма, әлде балма?

Шыр айналтып қояр

Өмір деген құйын-

Бұл шумақтар бойынша сөздік жұмыс, мәнін ашу, қарсылық мағынасын түсіндіру, қосымша қарама - қарсы құбылыстарды іс- әрекеттерді айту, оқушылардың ойын, тілін, зейінін дамыту жұмыстарын жүргіземіз. Ақылбек Шаяхметтің «Пирамида» жинағына ерлік, парыз, сенім, ар, махаббат, достық сияқты мәңгі ұғымдар арқау болған. Ақын Басыңа қиын жағдай туғанда, қасыңда сенімді досың болу қажет дегенді білдіреді.

«Досым, саған мың алғыс» өлеңінде:

Өзгеге бас шұлғымай, өз дегенің үшін,

Төзуге болмайтын жерде төзбегенің үшін,

Айтпасаң да арамды көздегенің үшін,

Қасты көрсең, қайнаған қасық қаның үшін,

Досты көрсең жетуге асыққаның үшін,

Жаман әдеттен жақсыны шошытқаның үшін,

Терең судан қаймықпай, шешінгенің үшін,

Көршінің сөзін кек тұтпай, кешіргенің үшін,

Көрпенің бойына қарап көсілгенің үшін,

Досым, саған мың алғыс!-деп досының адамгершілік қасиеттерін айтады.

Өлеңнің мағынасын ашып, «Мен достықты қалай түсінемін» тақырыбына оқушылар шағын шығарма жазады. Күнтізбелік жоспар бойынша «Менің досым» деген тақырып бар.

Қазақ тілі сабағында ақын туындыларын пайдалану, яғни қазақ тілін әдебиетпен ұштастыру, пәнаралық байланыс - тілді оқыту процесінде өте тиімді әдіс екені сөзсіз.

Қорытындылай келе айтарым, Қазақ тілі сабақтарында жергілікті ақындардың шығармаларын жиі, кеңінен пайдалануымыз керек.

ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:


  1. Жер бесік/ А. Шаяхмет.- Қостанай, 2006.- б. 144

2. Жазушылар анықтамасы / А. Шаяхмет.- Алматы, 1982.-б.90

3. Көзімді ашып көргенім / А. Шаяхмет.- Қостанай, 2001.-б.432

4. Мөлдір бұлақ : пьесалар/ А. Шаяхмет.- Қостанай, 2003.- б.138

5. Моя орбита: стихи / А. Шаяхмет.- Алматы, 1995.- б.80



6. Тыңда туған / А. Шаяхмет // Искра.-1995.-18 тамыз.- б.4-16

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет