Ескертулер. 1. Еш, әр, кей, қай, қайсы, әлде, бір деген сөздер зат есімдермен келгенде,
бөлек жазылады: әр адам, әр жылы, әр уақытта, әр жұмыс, әр нәрсе, әр күні, кей адам, кей
жылы, кей уақытта, қай адам, қайсы адам, қайсы жылдары, бір адам, бір күні, бір жылы, еш
адам, еш нәрсе, еш уақытта, еш жұмысым жоқ. 2. Бір деген белгісіздік есімдігі мына сияқты
тіркестерде бөлек жазылады: белгілі бір, бейне бір, екінші бір (екінші бір айтатын әңгіме),
неше бір (неше бір түсінбесең де), не бір (не бір әдемі гүлдер бар).
Бірінші компоненті фото, радио, электр(о), авто, аэро, кино, гидро, агро,
теле, стерео, мото, метео, био, микро, макро, квази, транс деген тұлғалар,
екінші компоненті тәуелдік жалғаусыз сөз болса, әрі бұлар қосылып, бір
заттың, бір құбылыстың атын білдіріп тұрса, бірігіп жазылады. Мұндайда
екінші компонент қазақ сөзі де, кірме сөз де бола береді: автомашина,
автобаза, автоқалам, автосуарғыш, автотіркес, авиапочта, авиабайланыс,
авиамектеп, фотоаппарат, фотосурет, электровоз, электромагнетизм,
электроөткізгіш, телемеханика, телеқабылдағыш, теледидар, телестудия,
телехабар,
агрокомплекс,
агрошаралар,
биосүзгі,
макромолекула,
микробиология, микросинтез, трансевропалық, транссібірлік, инфрақызыл,
ультракүлгін, изосызық, гипержазықтық.
Ескерту. Электр сөзімен келген тіркестер кейде о дөнекерінсіз келеді де, осы сөзбен
келген тіркес күрделі сөз ретінде танылып, электр сөзі бөлек жазылады: электр агрегат,
электр барабан. Ал тәуелдік жалғаулы сөзбен тіркескенде, электр сөзінің бөлек жазылатыны
өзінен-өзі белгілі: электр қуаты, электр станциясы. Орыс тілінен біріккен сөз болып
танылатын кірме сөздер сол қалпында (яғни орысша жазылуынша) таңбаланады: паровоз,
бронепоезд, бортмеханик, бензорез, метрдотель, амперметр, бормашина, самосвал, газовоз,
газогенератор.
Достарыңызбен бөлісу: |