Айжамал ибрагимқызы құдайбергенова



бет1/5
Дата25.02.2016
өлшемі393.5 Kb.
#20325
түріДиссертация
  1   2   3   4   5


ӘӨЖ 94(574).084+314.14+314.7/8](574) Қолжазба құқығында

Айжамал ибрагимқызы құдайбергенова


Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістері: тарихи-демографиялық аспект (1917-1991 жж.)

07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның



АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы


Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік үдерістер бөлімінде орындалды.




Ғылыми кеңесшісі:

ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асылбеков М.Х.


Ресми оппоненттер:

тарих ғылымдарының докторы, профессор Омарбеков Т.О.
тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермекбаев Ж.А.





тарих ғылымдарының докторы Нұрсұлтанова Л.Н.



Жетекші ұйым:

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Диссертация 2010 жылы «28» қазанда сағат 14-00-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.

Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады. (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28)

Автореферат 2010 жылы «_____» ______________таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғылыми хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасының ішкі-сыртқы көші-қон саясатын жүргізуде өткен кезеңдегі бұл үдерістің қыры мен сырын анықтап алу өте маңызды. Себебі, ғаламдану кең қанат жайған сайын күрделене түскен тәуелсіз республикадағы көші-қон үдерісі кеңес дәуіріндегі көші-қонның этно-демографиялық салдарларымен тығыз ұштасқан. Сондықтан, бұл жұмыста кеңес дәуірі тұсындағы мемлекеттің ұстанған саясатына орай көші-қон үдерістерінің барысы мен нәтижесі, зардабы мен тәжірбиелік маңызы көрсетіліп, тарихи-демографиялық салдарлары қарастырылады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Елбасымыз 2010 ж. халыққа Жолдауында 2020 ж. қарай республика халқының саны 10 пайызға өсуі үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді жасайды [1] деп қазіргі кезеңдегі еліміздің дамуының басымдылық бағытына ерекше көңіл бөлді. Табиғи өсіммен бірге көші-қон мәселесінің сабырлы саясаттың, тұрақты экономиканың, құқықтық қатынастардың, ұлтаралық достық пен келісімнің негізгі тіректерінің бірі ретіндегі рөлі көтерілуде. Еліміздегі демографиялық ахуалда оң өзгерістерге қол жеткізу үшін көші-қон мәселесіне басымдылық беріп, табиғи өсімді ынталандыру – мемлекетіміздің демографиялық саясатындағы басты бағыттарының бірі болып табылады.

Кеңес дәуірі тұсындағы идеологиялық ұстаным зерттеушілерді елдің әлеуметтік-демографиялық ахуалының нақты бейнесінен хабар беретін некелік жағдай, ажырасқандар, туу мен өлім-жітім мәселелері, олардың өзгерістері, ең алдымен оның этностық ерекшеліктері мәселелерін ғылыми зерттеуден алыстатты. Ал, көші-қон үдерістерінің жоғары аталған демографиялық сипаттамалардың өзгерістеріне ықпалын көрсету тіпті де мүмкін болмады. Өйткені демографияға формациялық дамудың марксистік-қоғамтанушылық тұжырымдамасы таңылып, халықтану саласындағы зерттеулердегі құрғақ сандар ұлттық және жалпы адамзаттық мүддеден көрі таптық мүддеге қызмет етті.

Кеңестік жүйенің ыдырауымен ХХ ғ. өн бойында қазақ халқы басынан өткізген демографиялық апаттардың саяси факторларын ашудың ұлттық болмысты сақтап, дамытудағы маңызының зор екендігі тек тарихшы ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар басқа да қоғамдық ғылым салалары өкілдерінің алдындағы міндеттің біріне айналды. Бүгінгі таңдағы республикадағы демографиялық ахуалдың астарының өткен дәуірлермен тығыз байланыста жатқандығы жайында нақтылы мәліметтер мен ғылыми тұжырымдар көпшілік қауым назарына ұсыныла бастады. Көпұлттардың өкілдері бар Қазақстандағы демографиялық ахуалдың елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму ерекшеліктерімен тығыз байланысы жеке зерттеле бастады. Соның ішінде, мемлекет құраушы ұлт - қазақтардың тарихи тағдырының Қазақстанды отанына айналдырған көптеген өзге ұлт өкілдерінің тағдырымен астаса дамуының шынайы тарихы ашылуда. Бірақ, отандық тарих ғылымының салалары ішіндегі кеш дами бастаған бөлігі болғандықтан, тарихи демография саласындағы зерттеу жұмыстары халықтану бағытындағы өзекті мәселелердің түбіне жетпек түгіл үстіңгі қабатын қарастырып біткен жоқ. Соның бірі – кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерісі және оның этно-демографиялық салдарлары мәселесі.

ХХ ғ. Қазақстанның демографиялық дамуындағы басты ерекшелік – халықтың сандық және сапалық динамикасында табиғи өсімнің емес, көші-қон үдерісінің ықпалының басты рөл атқаруы. Ғасыр бойы жүрген көші-қон халықтың көп ұлтты құрылымын қалыптастырып қана қоймай, республиканың саяси-әлеуметтік, экономикалық даму ерекшеліктерін айқындап, қазақ ұлтының дәстүрлі даму бағыттарына күрделі өзгерістер енгізді. Сонымен бірге, көші-қон үдерістерінің көлемі, бағыттары мен негізгі үрдістері Қазақстан аймақтарының әлеуметтік, экономикалық және демографиялық даму ерекшеліктерінің қалыптасуына әсерін тигізді.

Тарихи демографиядағы ұлттық фактор, ең алдымен, қазақ ұлтының дамуына қатысты. Тарихи-географиялық жағдайлар қазақтарды екі алып халықтың, екі ұлы мемлекет – Ресей мен Қытайдың жақын көршілері болуға алып келді. Осының өзі Қазақстан тарихында өшпес із қалдырып, тіпті қазақ халқын ХХ ғ. бірінші жартысын қамтығанға дейінгі дамуында ұлт ретінде болу немесе болмау дегенге жақын демографиялық апаттарға ұшыратты. Ендігі жерде қазақтың кең байтақ даласын халыққа толтыру деген ұғым біздің көршілеріміздің саяси мақсатына айналмауы үшін, мемлекетіміздің көші-қон саясаты мен этно-демографиялық дамуының ХХІ ғ. болашағы мәселесін нақтылау үшін Қазақстанның кеңес дәуіріндегі демографиялық тағдырының көші-қон қозғалыстарының барысы мен нәтижесіне қатысты заңдылықтарын анықтау қажеттілігі тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Халықтың көші-қоны тақырыбы экономикалық, саяси, тарихи, құқықтық тұрғыдан жарияланған еңбектерде қамтылғанымен, оның барысының кеңестік биліктің ұлттық және әлеуметтік саясатымен тікелей байланысты болғандығы тарихи демография ғылымы тарапынан арнайы зерттелінбеді. Көші-қон үдерісінің нәтижесінде одақтас республикалар халқының құрамындағы жергілікті ұлт үлесінің төмендеуі, еңбек ресурстарының қайта бөлінуіндегі келімсек ұлттар үлесінің артуы және т.б. туралы зерттеулердің жүргізілуі КСРО-ның ішкі және сыртқы саясаты үшін де тиімсіз болды. Өйткені, КСРО-дағы ұлтаралық қатынастар мәселесінде қалыптасқан ұғымдарға қайшы келетін мәліметтер социалистік өмірдің шынайы мәнін ашуы сөзсіз еді. Сондықтан, тарих ғылымында толыққанды зерттеу нысаны болмаған кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің динамикасы мен демографиялық салдарлары тақырыбын жаңаша, тың әдістемелік тұжырымдама тұрғысынан зерттеу өзекті болып табылады.

Көші-қон мәселесі қай кезеңде болмасын өзекті. «Ұлын – Ұрымға, қызын – Қырымға» аттандырып, талай көші-қонды басынан өткізген қазақ елінің тарихи дамуындағы жаңа - тәуелсіздік жылдарындағы сатысы ғаламдану үдерісімен бірмезгілде қатар жүруде. Халықтың әлеуметтік-демографиялық даму деңгейі оның мекендеген ортасы, географиялық орналасқан жері, өмір сүретін елінің мәртебесі мен саяси-экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік-мәдени ахуалы, әлеуметтік-құқықтық қамсыздандырылуы және т.б. халықтың тыныс-тіршілігінің барлық салаларымен өзара тығыз байланысты. Осындай кешенді фактор көші-қонның себептеріне, көлеміне, бағыттары мен салдарларына әсер етсе, көші-қон, керісінше сол факторлардың туындауы мен кез-келген мемлекеттің ішкі және халықаралық көлемдегі даму деңгейінің өзгерістеріне ықпал етеді. Жаһандану кең қанат жайған кезеңде Қазақстанда көші-қон үдерісінің жаңа түрлері пайда болып, көлемі, мәні, барысы, маңызы және салдарлары күрделенген сайын көші-қон мәселесін зерттеудің қажеттілігі мен өзектілігі күшейе түсуде. Бұл халықаралық ЕҚЫҰ секілді ұйымға төрағалық етудегі Қазақстан Республикасы мысалында анық көрінуде.

Әлемдік құндылықтарға бай ұлттар мен халықтар өкілдерінің біртұтас жүйесі болып табылатын республика халқының көпэтностық құрамы елде демократияның одан ары дамуына мүмкіндік беретін артықшылық. Себебі, бір мемлекетте әр түрлі халықтар мен ұлттар өкілдерінің бейбіт өмір сүруі қоғамды демократияландырудың негізгі белгілерінің бірі. Мемлекет құраушы қазақ ұлты қоғамымыздағы барлық этностық топтар мүшелерімен иық тіресе, азаматтық мемлекет құруда. Сондықтан көші-қон үдерісінің кеңестік дәуірдегі ерекшеліктерін, салдарлары мен тәжірбиесін тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдаудың республика халқын азаматтылық пен патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатындағы өзектілігі жоғары.

Тақырыптың ғылыми, іс-тәжірбиелік және мемлекеттік маңыздылығы – өткен тарихи тәжірибені, оның нәтижелері мен салдарларын ескеріп, елдегі барлық этностар мүддесінің сақталуын қадағалау арқылы мемлекеттің көші-қон саясатының жолдарын ашып, бүгінгі таңдағы тұрғындардың көші-қондық қозғалыстарының себептерін нақтылауда. Сонымен бірге, ара-тұра түсініспеушіліктерден туындайтын ұлтаралық қатынастағы келіспеушілік құбылыстардың алдын алып, ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау үшін де кеңес дәуіріндегі көші-қон саясатын, үдерістің барысын, нәтижелерін тарихилылық, нақтылық, объективтілік, шындық қағидалары тұрғысынан зерттеп, халыққа насихаттау қажет. Осылайша, біз тәуелсіз Қазақстанның өмір шындығына сай тарихын жазып, халқымыздың жаңа тарихи санасын қалыптастыру міндеті жүктелген «Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастырудың тұжырымдамасын» жүзеге асыруға үлес қосамыз.

Дүниежүзілік қоғамдастық таныған мемлекет ретінде дараланудағы Қазақстанның тарихи өткен жолының объективті, идеологиялық конъюктурадан ада көрінісін қалпына келтіру халықтың тарихи зердесін қайта түлетудің негізі, ұлттық бірлікті қалыптастырудың, азаматтылық пен елжандылыққа тәрбиелеудің аса маңызды факторларының бірі болып табылады.



Сонымен, кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерістерінің демографиялық салдарларының шынайы бейнесін ашу қажеттілігі тақырыптың өзектілігінен туындады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Халықтану мәселесіне қатысты кеңес дәуірі мен тәуелсіздік жылдарында жарияланған зерттеу жұмыстарында ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы қоныстандырудан бастап, кеңес дәуірі кезінде ерекше күшейген көші-қон үдерісі кешенді мәселелердің ішінде қамтылып отырды. Бірақ, кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерістерінің тарихы, соның ішінде тарихи демографиялық мәні, тарихи зерттеулерде ашық айтуға идеологиялық тыйым салынғандықтан қордаланған «ақтаңдақтардың» тарихи демографиялық қырлары әлі күнге дейін арнайы зерттелген жоқ. Сондықтан, диссертацияда кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің демографиялық аспектісі тақырыбының зерттелу деңгейін белгілеп, жиналған тәжірбиені қорытындылап, ашылмаған тұстарын анықтау үшін тақырыпқа қатысты зерттеулерді үш топқа топтастыра талдадық.

Бірінші топқа кеңестік дәуір қарсаңындағы көші-қон мәселесі қарастырылған зерттеу жұмыстары жатады. Себебі кеңес өкіметінің орнауы мен орнығуы тұсындағы Қазақстандағы көші-қон үдерісі ХХ ғ. басындағы тарихи оқиғалармен тығыз байланыста жүрді. С. Асфендияров, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, Г.Г. Галузо, Ә.Б. Тұрсынбаев, П.Д. Верещагина, А.Б. Геллер, Н.Е. Бекмаханова, Д.И. Дулатова, Б.С. Сүлейменов, Ф.Н. Базанова, М.Х. Асылбеков, Н.В. Алексеенко және т.б. ғалымдардың зерттеу жұмыстарында қоныс аудару саясатының себептері, мақсаттары, барысы, салдарлары талданып, патша өкіметінің қоныс аудару саясатының отаршылдық сипаты көрсетілді. Осы зерттеулерде Қазақстан халқының сан жағынан өсіп, құрамы бойынша (ұлттық, жас-жыныстық, әлеуметтік, білім деңгейі және т.б.) өзгерістері ХІХ ғ. екінші жартысынан бүкіл ХХ ғ. бойы жүрген көші-қон үдерістерінің, оның ішінде сырттан келген көші-қоншылар толқындарының әсері екені айқындалды. Бірақ нақ кеңес билігі қарсаңындағы демографиялық ахуал жете зерттелмеген.

Екінші топқа кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісі мәселесі қамтылған кеңес дәуірі тұсында жарияланған зерттеу жұмыстары топтастырылды. Бұл топтағы зерттеу жұмыстарының басты зерттеу нысаны халықтың саны, оның өсуі мен қарқыны болды. Бірақ, кеңес өкіметінің саяси-экономикалық реформаларының зардабынан халықтың көрші елдерге ауа көшуінің ірі демографиялық апаттарға әкелгендігі кеңестік идеологиялық ұстанымдардың қыспағымен ұзақ жылдар бойы ғылыми әдебиеттерде көрініс таппады. Көші-қондық үдерістің кеңестік дәуірдегі ерекшеліктері және оның Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына ықпалы мәселесі Ф.Н. Базанова, М.Б. Тәтімов, Е.Н. Гладышева, Р. Конквест, Л.А. Квон, М.Х. Асылбеков, Ә.Б. Ғали, М.Қ. Қозыбаев, Т.О. Омарбеков, Б.А. Төлепбаев пен В. Осипов, С. Айымбетов және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде айтылды. Бірақ ол еңбектердің мақсаты – көші-қон үдерісінің өзі емес, Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселесі болғандықтан, біздің зерттеу тақырыбымызға қатысты мәліметтер кешенді мәселелер ішінде қарастырылып кетеді.

Үшінші топқа тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген тарихи туындылар біріктірілді. М.Х. Асылбеков, М.Б. Тәтімов, Ж.Б. Әбілхожин, М.Н. Сдықов, Н.В. Алексеенко, Ә.Б. Ғали, В.В. Козина, М.К. Төлекова және т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңестік кезеңде шектен тыс идеологияландырылып, саясаттандырылған тарихи демография саласын шынайы ғылыми жолға қою, оның өзекті мәселелерін жаңа тұжырымдамалық көзқараспен зерттеу негізгі міндетке айналды. ХХІ ғ. басында көші-қондық мәселелер тарихын зерттеу «ақтаңдақ» беттерін ашу, объективтілік пен шынайылылыққа, тарихи ұстанымдарға негізделген өзекті мәселелерін талдау бағытында жүргізілуде.

Диссертациялық жұмыстың деректік негізін құраған: мұрағат қорларының құжаттары; жарияланған статистикалық жинақтар мен ағымдық статистикалық мәліметтер; халық санақтарының материалдары; көші-қон үдерісін реттеуші заңнамалық құжаттар; кеңес өкіметі мен үкіметінің, Коммунистік партияның қаулы-қарарлары мен шешімдері; тақырыптың мерзімдік шегіндегі көші-қон үдерісінің барысын, ерекшеліктері мен нәтижелерін айғақтайтын құжаттық деректер жинақтары; баспасөз беттерінде жарияланған экономикалық, әлеуметтiк, ұлттық, демографиялық даму салалары мен көші-қон жөнiндегi материалдар; кеңес дәуірі мен тәуелсіздік жылдарында көші-қон мәселесі көтерілген мақалалар, хабарламалар және т.б.

Зерттеу нысаны – Қазақстандағы кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерістері және оның Қазақстан халқының этнодемографиялық даму барысына тигізген ықпалы мен нәтижелері.

Пәні - тарихи демографиялық зерттеу. Қазақстандағы 1917-1991 жж. өмір сүрген кеңестік кезеңдегі көші-қон үдерістерінің барысы мен оның салдарлары мәселесінің тарихи демографиялық қыры.

Зерттеу жұмысының мақсаты - кеңес өкіметі заманындағы Қазақстанды қамтыған көші-қон үдерістерін, оның мәні мен маңызына қарай бөлінген тарихи кезеңдердегі барысын, негізгі факторларын, түрлері мен нәтижелерін анықтап, халықтың этнодемографиялық дамуындағы ықпалын, әлеуметтік-ұлттық, жастық-жыныстық, кәсіби-мамандықты және біліми құрамындағы өзгерістерге әсерін талдау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер көзделді:

- Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздерін нақтылап, деректік-тарихнамалық мәліметтерді талдауды тереңдету;

- Кеңес дәуіріндегі республика халқының саны мен құрамындағы өзгерістерге ықпал еткен негізгі фактор – көші-қон үдерісін тарих ғылымында ашылған жаңа тұжырымдамалар негізінде кезеңдерге бөлу;

- Кеңес дәуірі қарсаңындағы Қазақстандағы саяси, демографиялық ахуалдың негізгі үрдістерін көрсету арқылы зерттеу тақырыбымыздың алғашқы кезеңіндегі көші-қон үдерістерінің демографиялық салдарларын ашу;



- 1917-1926 жж. елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы жағдайындағы көші-қон үдерісінің сипаты мен көлемін анықтап, оның халықтың этно-демографиялық дамуына әсерін көрсету;

- 1917-1926 жж. ұлттық саяси элита өкілдерінің көші-қон құбылыстарына қатысты көзқарастары мен іс-шараларын саралау;

- 1926-1939 жж. көші-қон үдерістерінің негізгі факторларын, түрлерін жіктеп, ерекшелігін анықтау. Осы кезеңдегі көші-қонның саяси-демографиялық катаклизмдермен өзара байланысын көрсету негізінде халықтың ұлттық, жастық-жыныстық, біліми құрамына тигізген әсерін талдау;

- Ұлы Отан соғысы кезіндегі көші-қон үдерісінің факторларын, түрлері мен демографиялық салдарларын анықтау;

- 1946-1959-жылдардағы көші-қон үдерістерінің сипаты мен көлемін, республика халқының әлеуметтік және этно-демографиялық құрылымындағы өзгерістерге тигізген әсерін ашу;

- 1959-1970 жж. көші-қонның негізгі түрлері мен үрдістері және оның халықтың әлеуметтік және этно-демографиялық ерекшеліктеріне әсерін талдау,

- Қазақстандағы қалалану үдерісінің халықтың көші-қон қозғалысының белсендірілуі мен демографиялық мінез-құлқының өзгерістеріне тигізген әсерін анықтау;

- 1970-1991 жж. Қазақстаннан сыртқа қарай бұрылған көші-қонның ел халқының демографиялық мінез-құлқындағы өзгерістерге әсерін көрсету;



- Тәуелсіздік қарсаңындағы Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің ерекшеліктерін, оның себептері мен бағыттарын анықтап, тәуелсіздік жылдарындағы көшi-қон үрдiстерiнiң кеңестік кезеңдегі көші-қон үрдістерімен байланысын, ерекшеліктерін, барысы мен нәтижелерін көрсету;

- Көші-қон үдерістерінің өркениетті даму жолындағы тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық даму ерекшелiктерiне сай, ұлттық саясатты жүргізудің тұжырымдамасы ретiнде практикада қолдануға болатын iс-шаралар бағыттарының қалыптасуындағы маңыздылығын айқындау.



Диссертацияның ғылыми жаңалығы.

- Тақырыпты ашу барысында басшылыққа алынған негізгі идеологиялық тұжырымдама – гуманистік таным заңдылығы, ұлттық және өркениеттілік құндылықтар тұрғысынан пайымдау болып табылады;

- Қазақстандағы ХХ ғ. көші-қон үдерістері мен оның этнодемографиялық салдарлары алғаш рет тарихи себеп-салдар және сабақтастық тұрғысынан жан-жақты және кешенді түрде зерттелді;

- Кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің демографиялық қырына қатысты еңбектерді тақырыптың зерттелу деңгейін белгілеу, жиналған тәжірбиені қорытындылау және ашылмаған тұстарын анықтау үшін үш топқа топтастыра талдадық;

- Кеңес дәуіріндегі республика халқының саны мен құрамындағы өзгерістерге ықпал еткен негізгі фактор – көші-қон үдерісі тәуелсіздік кезіндегі қазақстандық тарих ғылымының тұжырымдамалық ұстанымы тұрғысынан ашылған жаңа көзқарастарға сай алты кезеңге бөлінді. Кезеңдерге бөлуде көші-қон қозғалысының бағыттары, барысы, көлемдері, қарқындылығы, сондай-ақ, халықтың сандық және сапалық құрамына, республиканың саяси-элеуметтік жағдайы мен этнодемографиялық дамуына тигізген әсері назарға алынды;

- Кеңес өкіметі орнауы қарсаңындағы Қазақстандағы көші-қон үдерісінің басты үрдістері көрсетілді: ішке Ресейдің орталық аймақтарынан шаруалар көші-қоны жалғасса, сыртқа 1916 ж. көтерілісті басып-жаншу шараларынан қашқан қазақтардың көші-қонының демографиялық салдарлары анықталды;

- 1917-1926 жж. бірінші кезеңде бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты жаңа кеңестік түрге ауысты. Көші-қоншылардың лек-легімен келуінің өндірістендіру басталғанға дейін тоқтатылуына орай бұл кезеңді Қазақстанға көші-қонның саябырсу кезеңі деп атадық. Қазақтар 1926 ж. санақта 58,5% болып, көпшілік мәнін сақтады



- Қазақстанға сырттан көші-қоншылардың келуі күшейген сайын қазақтың бұрынғы езілген халын жақсарта алмайтынын түсінген ұлттық саяси элита өкілдерінің 1920-жылдардағы сырттан көші-қоншыларды келтіруге қарсы көзқарастары мен іс-шаралары талданды;

- 1917-1918 жж. болған ашаршылық кезінде Түркістан Республикасындағы қазақтардың 34,1%-нан айрылғаны, ерекше Сырдария облысы құрамындағы қазақ жерлеріндегі қазақтардың шығынының жоғары болғаны анықталды;

- Жаңашаландыру кезіндегі өлкені экономикалық жағынан пайдалануды қарқынды көші-қон үрдістерімен ұштастыру көші-қонның 1926-1939 жж. аралығын қамтитын жаңа – Қазан төңкерісінен кейінгі қайта өрлеген екінші кезеңін бастады. Осы кезеңдегі саяси-демографиялық катаклизмдермен өзара байланыстағы көші-қонның халықтың ұлттық, жастық-жыныстық, біліми құрамына тигізген әсері құпия болып келген мәліметтер арқылы сараланды;

- Көші-қон үдерістерінің халықтың әлеуметтік және ұлттық құрамының өзгерістеріне әсері, қалалану үдерісіндегі қазақ ұлтының орны мен рөлі, кеңес өкіметінің ашық және жасырын қоныстандыру саясаты, мәжбүрлі көші-қон түрлерінің демографиялық зардаптары, қалаландыру кезіндегі көші-қон үдерістерінің халықтың әлеуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістер мен демографиялық мінез-құлқына тигізген әсерлері жаңа мұрағаттық құжаттар негізінде тереңдетілді;

- Кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің құқықтық қамсыздандырылу мәселесі қарастырылды; күштеп көшірілген этностар мен ұлттарға байланысты қабылданған қаулы-қарарлардың нәтижесінде аймақтарға орналастырылуы, құқықтық және әлеуметтік жағдайы, жасы, жынысы, білім деңгейі көрсеткіштерімен бірге талданып, сонымен бірге олардың ата-мекендеріне кері көшудегі қиындықтары, Қазақстан халқының ұлттық құрамы мен демографиялық ахуалына тигізген әсерлері жүйеленді;

- Одақтық біртұтас организмінің тетігі қызметін атқарған республикадағы 1939-1945 жж. үшінші кезеңдегі сыртқы көші-қонның жаңа бағыттары мен түрлерінің Ұлы Отан соғысына байланысты түрлері талданады. Ал, ішкі көші-қонда соғыс қарсаңында басталған жоспарлы қоныстандыру шараларының тоқтатылғаны көрсетілді;

- 1946-1959 жж. ірі көші-қон толқындарының қазақ халқының дамуына, республика халқының өсіп-өнуіне тигізген әсері тереңдете нақтыланды. Осы кезеңдегі көші-қон үдерісінің нәтижесіне негізделген мемлекеттік саясаттың қазақтар мен басқа да орыс емес ұлт өкілдерінің ана тілін игеруі, білім деңгейі, қала мен ауыл халқы арасалмағындағы үлесі, еңбекпен қамтамасыз етілуі және халық шаруашылығы салаларында қамтылуы секілді әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштердегі өзгерістерді тереңдеткені анықталды. Тың қазақты тұқыртып, 1959 ж. санақта 29,7%-ға түсірді. Ғасыр басынан санағанда, Қазақстандағы халықтың 70%-дайы сырттан келгендер болды. Көш-қон арқасында 1959 ж. 30 жасқа дейінгілер халықтың 62,5%-ын немесе республика халқының 2/3 бөлігін құрады.

- 1959-1970 жж. Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлағандығы анықталып, бұл кезеңді көші-қон қозғалыстарының бәсеңдеу кезеңі деп атадық. Осы кезеңде орын алған «демографиялық жарылыстың» тұрғылықты ұлттың үлесін 2,9 пунктке көтергені, 1970 ж. қазақтардың 32,6%-дық үлесінен азшылық ұлт мәртебесінің жойылмағаны көрсетілді;

- 1970-жж. ғасырдан астам уақыт бойы қазақ жеріне бағытталған көші-қон қозғалысы кері бұрылды. Ресей мен КСРО-ның басқа республикаларынан Қазақстанға көшіп келушілер әлеуеті сарқылды. 1970-1991 жж. көші-қон үдерісінің халықтың сандық және сапалық өзгерістерге тигізген ықпалы мен осы кезеңдегі көші-қон үдерісінің ерекшелігі айқындалды;

- Қазақстандағы қалалану үдерісі және оның халықтың көші-қондық қозғалысының белсендірілуіне тигізген әсері мен ішкі көші-қондық қозғалысқа түскен топтардың ұлттық, жастық-жыныстық, біліми-мамандықты құрамы, орналасуы мен әлеуметтік жағдайларындағы ерекшеліктері ашылды;

- Кеңес дәуіріндегі көші-қондардың ұйымдастырылу деңгейінің жетілдірілмеуі ұлтаралық жанжалдардың тууына негіз болғанымен, көші-қон үдерісінің саяси, мәдени нәтижелері адамзат қоғамындағы ұлтаралық келісім, шыдамдылық, өзара көмек пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарының орнығуына байланысты өзгерістерге ұшырағаны көрсетілді;

- Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңындағы көші-қон үдерістерінің ерекшеліктері нақтыланды және т.б.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет