Айтуғанова З. Ш. Экологиялық дағдарыстың аймақтық сипаты / З. Ш. Айту­ғанова // ҚазҰУ хабаршысы. Экономика сер. – 2003. – №3 (37). – 29-33 б



Дата15.06.2016
өлшемі117.1 Kb.
Айтуғанова З.Ш.

Экологиялық дағдарыстың аймақтық сипаты / З.Ш.Айту­ғанова // ҚазҰУ хабаршысы. Экономика сер. – 2003. – №3 (37). – 29-33 б.
Қоршаған ортаның жайы бүкіл планетадағы экологиялық жағдайға үлкен әсер етеді. Өйткені біздің республикамыз территориясының көлемі жағынан дүниежүзінде сегізінші орында тұр, соған сәйкес ұлан ғайыр шекараны алып жатыр. Құрғақ жердегі 12 мың шақырымдай жерге созылып жатқан шекарамыз бес мемлекетпен, ал су кеңістігіндегі шекарамыз төрт мемлекетпен шектеседі.

Қазақстанда қоршаған ортаның проблемалары негізінен өткен жүзжылдықтың соңына қарай шиеленісе түсті. Бұл өнеркәсіптің шексіз өсуінің, ғылыми, әскери зерттеулерді жүргізуде табиғи ресурстарды ойланбай, қалай болса солай пайдаланудың, ел территориясына әскери полигондарды орналастырудың нәтижесінде болды. Қазіргі кезде де республика терең экологиялық дағдарысты басынан өткізуде.

Экологиялық дағдарыстан шығу үшін шұғыл және батыл іс-қимылдар керек. Құкықтық мемлекетте адамның Конституциялық құқы сақталуы тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының 31-бабында: "Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды" делінген. Бұл қағиданы естен шығармауға тиіспіз /1/. Қоршаған ортаны қорғау бағытындағы экологиялық проблемаларға тек қана бар күштерді біріктіріп және үкімет назарын аударып қоймай, экологиялық тәрбие мен білім беруді күшейтуіміз және топыраққа, суға, атмосфераға зиянды заттардың шығуын шұғыл азайтуға кезек күттірмейтін шаралар жасалуы кажет.

Біздің республикамызда жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты - адам өмірін жақсарту, елімізді дағдарыстан шығару және әлемдік қоғамдастықта оның лайықты орын алуына жету. Сондықтан қазіргі қоғам жаңа сападағы мемлекет пен құқық, экономика мен экология құруға ұмтылуы тиіс.

Республикада экологиялық дағдарысты, туындататын бірнеше ошақтар бар. Экологиялық жағдайды қиындата түсетін негізгі факторлар:

- өнеркәсіп өндірісінде зиянды қосындылардың ара салмағының жоға­ры болуы (түсті және қара металлургия, газ, мұнай өндіру салаларында, химиялық өндірістерде, т.б.);

- әскери және ядролық полигондар (Семей полигоны);

- "Байқоңыр" ғарыш аймағындағы космостық (ғарыштык) станциялар­дың жұмысы;

- суармалы жерлерді игеру технологиясын күрт өсіру. Арал теңізінің жойылуға дейін бару себептерінің бірі - судың да сұрауы бар екенін ескермей, мақта, басқа да мәдени дақылдардың егіс көлемін есепсіз көбейту, су ысырабына жол беру салдарынан бірте-бірте Сырдария суының тартылуы, тіпті жазғы маусымда өзен арнасының құрғауы, ал Амударияның теңізге жетпей кеуіп қалуы;

- пайдалы қазбаларды кейбір технологиялық процестерді сақтамай тағылықпен өндіру;

- энергетиканың дамуының зардаптары;

- жердің өзгеруі, жасанды тыңайтқыштарды шамадан тыс пайдалану, тоғайларды кесу, топырақ эрозиясы;

- өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардың көлемінің артуы;

- табиғатқа тікелей ықпал ететін әр түрлі өнеркәсіптік және шаруашы­лық объектілерін салу болып табылады.

Республикада индустриялық дамыған аймақтарда денсаулыққа қажет таза ауаның болмауы күрделі кеселдің бірі. Мысалы, бір ғана Өскеменде ауаның ластығы шектен тыс, онда зиян келтіретін заттар (азот, фенол, қорғасын) тиісті мөлшерден 17-20 есе артық. Шымкент, Жезқазған, Қарағандыда демалатын ауа жетіспейді. Бұл 1990 жылдардың басымен салыстырғаңда өнеркәсіп орындарының ластау мөлшерінің едәуір төмендеген кезеңіндегі жағдай. Оның себебі бәрімізге белгілі, осы кезде көптеген кәсіпорындар жұмыс істеген жоқ. Ауаны ең ірі ластаушылар: "Испат-Кармет", "Казахмыс", Балқаш химиялық комбинаты, Екібастұз ГЭС-і, "Тенгизшеврол".

Қазақстан территориясында 20 млрд. тонна қоқыс жинақталған. Жыл сайын оның мөлшері бір миллиард тоннаға көбейіп отырады. Оның ең көп үлесін мұнай өңдеуден, металлургиялық, тау-кен өнеркәсібінен шыққан уытты қалдықтар алады. Олар жыл сайын 84,4 млн. тоннаға өсіп отыр. Орта есеппен алғанда, ормаңдарда жылына 600-дей өрт болады. Орманның өте көп бөлігі заңсыз кесілуде. Бақылаушы органдар браконерлікпен өз дәрежесінде күрес жүргізбейді. Браконерлік, ауру және өрт өте бағалы аңдардың құрып кетуіне әкеліп соқтыруда /2/.

Егер республиканың облыстары бойынша талдау жүргізсек, экологиялық жағдай мәз емес екеніне көзіміз жетеді.

Алматы облысының экологиялық қиын жағдайы Балқаш көлінің проблемаларына, қолдан жасалған Сорбұлақ су қоймасына (Алматы қаласы­ның ағынды суын жинақтаушы), әуе жолының жағдайына байланысты. Балқаш көлі бассейнінде алаңдарлық жағдай қалыптасып отыр. Оның суын халық шаруашылығына алу (жыл сайын 2,96-3,53 млрд. текше метр) жалғасуда. Қапшағай су қоймасы толтырылуда, Іле, Лепсі, Қаратал өзендерінен егістік үшін салынған су тоспалары өзін-өзі ақтамай келеді. Іле өзеніне тасқын сулардың құюын тоқтатуы, Шелек өзенін бөгеу есебінен Бартоғай су қоймасын, Үлкен Алматы каналын салу, өнеркәсіп орындарының қалдық суларын өзенге ағызу - осының бәрі Балқаш көлінің деңгейінің төмендеуіне ықпал етті. Балқаш көлінің деңгейінің өзгеруі Балқаш өңірінің табиғи жағдайына кері әсерін тигізді. Сексеуіл азайды, балық аулау күрт төмендеді /3/.

Газ өнеркәсіп орындары ілеспе газды пайдаға асырмау салдарынан айдалада босқа жанып, қоршаған ортаны ластауда. Жылына 740 миллион текше метрге дейін босқа кетуде. Мұнай, газ, кен орындары аймағы қоршаған ортаға мүмкіндіктен бірнеше есе көп зиян жасауда.

Маңғыстау облысында Бозашы түбегінің территориясында төрт кен орнының (соның ішінде Қаламқас және Қаражанбас мұнай өнеркәсібі) 200-ден астам скважинасы суға бастырылды.

Қазақстан территориясы жарты ғасыр бойы ең жаңа қырып-жоятын қаруларды сынау полигонына (Семей, Азғыр, Капустин Яр және басқалары) айналды. Сонымен қатар, бұған Қазақстан шекарасына жақын жатқан Қытайдағы Лоб-Hop полигонының зардабын қосуымыз керек.

Семей полигонында ғана айналасына радиоактивті заттар шашатын ашық ауада және жер астында жасалған ядролық сынақтардың барлық қуатын қоссақ, Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардың қуатынан 1000 есе жоғары екен. Семей полигонындағы ядролық жарылыстардың құрбандары­ның генетикалық зардабы Чернобыль атом электр станциясының зардапта­рын жоюшылардан 18-25 есе жоғары екендігі есептелген.

Семей және басқа полигондарда барлығы ядролық қондырғылары бар 500-ден астам сынақ жасалған. Ғалымдардың мәліметіне қарасақ, полигондағы сынақ жылдарында Семей аймағындағы 50 мыңдай тұрғыңдар қауіпті радиациялық сәулелерден түрлі ауруларға шалдыққан.

Ядролық қаруларды жер астында сынау суландыру жүйелеріне орны толмас зиян келтірді, жер асты суларының, бұлақтардың тартылуына әкеліп соқтырды.

Ұзақ жылдар бойы атом қаруларын сынаудың адам өміріне шын мәніндегі әсері құпия түрде ұсталып, айтылмай келді. Олардың бірсыпырасында қатер­лі ісік аурулары пайда болды, тұрғындардың өлімі көбейді. Бұлардан басқа бала тууда азаю байқала бастады, жүйке аурулары және өзін-өзі өлтірушілер саны өсті /4/.

Республика территориясында әр жылдарда Семей полигонынан басқа 27 жерде 38 қуаты түрлі ядролық жарылыстар жасалды. Бұл мақсатта басқалардан гөрі Атырау облысы көбірек пайдаланылған, онда барлығын қосқанда жаппай қырып-жоятын қарумен 17 сынақ жасалған. Орал маңында­ғы полигондарда 8 ядролық зарядпен жарылыс, ал қалғандары Актөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында болған. Арал теңізіндегі Возрож­дение аралы бактериологиялық қаруларды сынайтын полигонға айналған.

Семей сынақ полигонының проблемалары, оның ерекшеліктеріне қарамас­тан, тек қана Қазақстанның ішкі мемлекеттік проблемасы емес. Бұл пробле­малар бүкіл планеталық масштабты қамтиды, өйткені қоршаған ортаны лас­тау деңгейі көрші елдерге (Қытай, Россия) айтарлықтай қауіп төндіреді.

Біз қазіргі кезде экономикалық жағдайымыздың қиыншылықтарына байланысты әлмдік қоғамдастықтың қаржылай көмегіне көбірек көңіл аударудамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Семей полигонының проблемалары қаралған 53-сессиясына Қазақстан делегациясы да Қатысты. Шетелдік және қазақстандық сарапшылардың пікірінше, ядролық сынақтардың зардаптарын жою үшін кемінде 43 млн. доллар қаржы керек. Осы сессияның қорытындысымен "Қазақстандағы регионының экологиялық және экономикалық дамуы, тұрғындарды ақтау мақсатындағы жұмыстарды үйлестіру және халықаралық ынтымақтастық туралы" Қарар өмірге келді.

Тоталитарлық тәртіп халыктың, болашақтың да қамынан күнделікті өмірде­гі өткінші табыстарға қол жеткенге тоқмейілсушілікке жол берді. Қоршаған орта мен халықтың тағдырына немқұрайлы көзқарас тек әскери өнеркәсіпте ғана емес, экономика саласында да орын алды. Кеңестік дәуірдегі ирригациялық жүйе мен жерді ешбір агротехникалық шараларды сақтамай, есепсіз игеру тәсілдері Арал теңізін жоюға жеткізді.

Бүгінгі таңда Арал теңізі әкелген трагедия жиырмасыншы ғасырдың ең ірі апатты жағдайларының бірі болып отыр. Қолдан жасалған жұмыстардың салдарынан 1976 жылдан бастап Арал теңізіне құятын Сырдария өзені тартылып қалуға дейін барды. Осыдан теңіздің тереңдігі 17 метрге дейін тайыздап, оның жағалауы 70-150 шақырымға дейін кейін шегініп кетті, суының тұздылығы 4-5 есеге дейін көбейіп, 1 литр судың құрамы 20-30 граммға дейін тұз құрайтын халге жетті.

Суы тартылып, кеуіп қалуға айналған аймақтан ұшқан тұз аспанға көтеріліп, оның зардабы тек жергілікті Арал өңірінде тұрған үш жарым миллиондай ғана халыққа емес, дүниенің түкпір-түкпіріне кеткенін ғалымдардың зерттеуі ашық көрсетуде. Жыл сайын осы 100 млн тоннаға дейін атмосфераға көтеріліп жатқан тұзда инженерлік жүйеге келтірілген егістік жерлерді айналымнан шығарып, табиғи шабындықтар мен жайылымдарды аздырып, бұл аймақтың негізгі күнкөрісі - ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге кері әсерін тигізуде. Ауа райының түбегейлі өзгеріп кету қаупі төнуде, бұл өсімдіктер мен жан-жануарлар әлеміне де кері әсер етіп, құрып кетуіне бет алдыруда. Бұл экологиялық апат Арал өңірі халқын босқынға ұшыратып, соңғы жиырма жылда мындаған адамның туып-өскен жерін тастап, көшіп кетуіне мәжбүр етті /5/.

Қоршаған ортаны қорғауға қажетті дәрежеде назар аударылмайды, ал экологиялық зардаптарды жою оның алдын алудан әлдеқайда қымбатқа түседі.

Мысалға Каспий шельфіндегі мұнай шығаруды алайық. "Табиғат" экологиялық одағының қорытындысы бойынша, Каспийден мұнай шығару бұл теңіздің жойылуына апаруы мүмкін. 4,5 шақырым тереңдікті скважинамен бұрғылаудың өзі теңізге және теңіз аймағында өмір сүріп жатқан 308 түрлі құс, 239 түрлі аңдар мен балықтарға үлкен қауіп төндіреді. Оның үстіне егер мұнай шығару мен өндіруге байланысты әрдайымғы апатты жағдайды еске алсақ, шындығында да Каспий өзенінде тірі жәндік тіршілігі тоқтап, құрып кетуі мүмкін.

Каспийдегі қоршаған ортаны қорғау Бағдарламасы негізінде Алматы қаласында 1998 жылдың желтоқсан айында төгілетін мұнайдан сақтандыру профилактикалық проблемалары, туындайтын төтенше жағдайларды алдын ала ескерту, оған дайындық және Каспий жағалауындағы елдердің керісінше жауап қайтару тәсілдеріне арналған халықаралық семинар өтті. Семинарға Каспий жағалауындағы бес мемлекет - Әзербайжан, Иран, Түркменстан, Ресей және Қазақстан делегациялары қатысты.

Талқылау мен пікір алысу кезінде аса маңызды мәселенің бүгінгі таңда туындатып отырған қиыншылықтары мен оның зардаптары кеңінен, жан-жақты әңгіме болды, ортақ шешімге негізделген аса құнды құжаттар қабылданды.

Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан "Протон" ракетасының апатқа ұшырауы экологиялық және экономикалық проблемаларға әсерін тигізіп отыр. Қарағанды облысының жеріне 1999 жылғы июльде құлаған ракетаның 59 ірі және 70 майда сынықтары табылған. Аса қауіпті гептилдің ұшып, атмосфералық ауаны улауынан босқа өсімдік әлемі құрып кетті, жер ауылшаруашылығына пайдаланылмайтын жағдайға келді. Ал, 1999 жылдың ноябрінде Ақ-Тойғал селосына жақын мың жарым адам өмір сүріп жатқан жерге тағы да ракета құлады. Ракета сынықтарының ені 5,7 шақырымға, ұзындығы 25 шақырымға дейін шашылды. Зымыран әр ұшырылған сайын қоршаған орта және атмосфера ластанады. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында ауа райы тәулікке жетпей күрт өзгеріп, алай-дүлей дауылды боран соғады. Ракета құлаған сайын радиациялық фон күшейе түседі.

Торғай өңіріндегі Есенгір қыстағы аумағында 1996 жылғы 14 майда двигательдің істен шығуынан қорабындағы 250 литр гептил, 400 литр азот тетраоксид және 10 тонна керосині бар "Союз" зымыран-тасымалдағыш спутнигімен құлады. Нәтижесінде өрттің, мұнай өнімдерінің және гептилмен ластану салдарынан 810 гектардың өсімдігі құрып кетті, ал жер алдағы уақытта ауылшаруашылығына пайдаланылмайтын дәрежеге жетті. Есептегенде экономикалық орасан зор шығын болды /6/.

Егер келтірілген экономикалық шығынды өтеуге болатын болса, ал экологиялық зиянның орнын толтыру мүмкін емес және оны ақшамен бағалауға болмайды. Ол өте ұзаққа созылатындықтан, оны бұрынғы қалпына келтіру өте қиын. Ал, табиғаттың кейбір ресурстары орнына келмейді. Қорытындысында экологиялық зиян адамның денсаулығына қатты әсер етеді.

Жасыратыны жоқ, экологиялық зардап шеккендерді әлеуметтік қорғауға қоршаған ортаны қорғаудан ондаған есе көп қаржы жұмсалады. Мемлекетке экологиялық зиянның алдын алу және ескерту тиімді де арзанға түседі.

Сонымен қатар, Қазақстанда экологиялық проблемалар өте көп. Таза судың қоры таусылып барады, басқадан гөрі Қызылорда, Торғай, Көкшетау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында су құбырының сапасы қанағаттанғысыз. Бұл су құбырлары құрылысының техникалық жағдайының күрт төмендеуінен, хлорланбағандықтан, желілердің жиі істен шығуынан, ауылдық жерлерде су құбырларының иесіздікке ұшырауынан болып отыр. Табиғи су объектілерінің өнеркәсіптік және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтарымен ластануы өте жоғары күйінде. Ертіс өзені бассейні экологиялық тұрғыдан алғанда өте қолайсыз жағдайда қалып отыр. Негізінен ластағыш заттар (мыс, цинк, фенолдар, нитратты азот) өзенге металлургиялық кәсіпорыңдардың қалдық суларымен келуде.

Табиғи ресурстар - жер, жер астындағы байлықтар, орман және су жас Қазақстан мемлекетінің егемендігінің материалдық негізі. Көптеген экономикалық проблемалар, оның ішінде халықтың әл-ауқатын көтеру, көбінесе осыларды қалай пайдалануға байланысты.

Соңғы жылдары елімізде табиғат қорғау қатынастарын үйлестіруде негізге алатын нормативтік актілер жасалып, қабылданды. Сөз жоқ, олар табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуде маңызды роль атқарды. Шетел инвесторлары мен Қазақстан арасындағы жағдай нақтылана бастады. Мұнай мен газ, аса бағалы және басқа түсті металдардың, тағы басқа кен орындарын пайдалануға айқындық енгізуге талаптар жасалуда. Соған қарамастан, Қазақстан кезінде тоталитарлық үкімет жүйесі қалдырған экологиялық дағдарыстан толық шыға алмай отыр. Семей, Каспий маңы, Арал региондарындағы экологиялық зардаптар соның куәсі.

Сондықтан бұл өзекті мәселс - экологиялық проблемаларға жаңаша көзқарас, бұрынғылардан түбегейлі басқа табиғат пайдалануда жаңа идеология қажет:

- экологиялық проблемаларды шешудің альтернативті варианттары (құрылымдық қайта құру, экспорттық саясатты өзгерту, конверсия);

- аз қалдықты және ресурс сақтау технологиясын дамыту, технология­лық өзгерістер;

- тікелей табиғат қорғау шаралары (әр түрлі тазалағыштар, сүзгіштер құрылысын салу, қорғауда болатын территорияларды белгілеу, рекультива­ция, тағы басқалар).

Аталған бағыттар экономикалық дамуды экологизациялау проблема­ларын шешу, экономикалық өсудің тұрақты түрін қалыптастыру болып табы­лады
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1999 ж. -14 б.

2. Информационный экологический бюллетень, 1997. С. 50.

3. Карпов В.Е. Капшагайское водохранилище как тормоз на пути ради­кального решения проблемы озера Балхаш //Международный экологический форум по проблемам устойчивого развитии Или-Балхашского бассейна "Балхаш-2000". Алматы, 2000. С. 11.

4. Бюллетень Международного конгресса «Избиратели мира против ядерном оружия». Алма-Ата, 14-26 мая, 1990 г.

5. Исаева Ж.А. Проблемы правового регулирования экологического оздоровления Приаралья. Алматы, 1999.

6. Материалы архива Министерства Природных ресурсов и охраны окружающей среды за 1996 год.


***

В данной статье рассматривается эколого-экономическое кризисное состояние РК, в частности ее региональные особенности, а также факторы, способствующие экологическому кризису.

Автор ссылается на точные факты экологического состояния регионов, таких, как Тургай, Ускемен, Кокчетав, Байконур, Шымкент, Семипалатинск, Джезказган, Атырау, Караганда, Алматинская область. Автором предлагаются некоторые направления решения экологических проблем экономического развития РК.

***


Intuit arcficle is considenol economic and ecological irises in Republic of Kazakhstan in partially regional diffuses of them anal factors, influencing on ecological crisis.

Author use precise data of ecological several unions Turgai, Uskemen, Kokchetav, Baikonur, Chimkent, Semipalatinck, Jeskazgan, Atirau, Karaganda, Almary. Author is proposal general directions of solving ecological problems of economic development of our country.
Каталог: download -> DBases -> Ecology of the CK -> Files
Files -> Яковлев, А. Табиғат – ел байлығы / А. Яковлев // Орталық Қазақстан. – 2007. – 23 қаңтар (№12)
Files -> Қарқаралы орманының қорғалуына 125 жыл [Текст] / С. Т. Тохметов // Гүлстан. 2009. №4. С. 40-45 б.
Files -> Жанысбай С. Арқаның омырауында алқасындай / Сүйіндік Жанысбай // Орталық Қазақстан. – 2003. – 14 тамыз. –
Files -> Бекішев, Қ. Байқоңырдың әсері / Қайыржан Бекішев // Орталық Қазақстан. – 2007. – 9 тамыз (№126-127). –
Files -> Байқоңыр дейтін бір мұң бар: Кеселді космодром кімге керек? / Жаңабек Шағатай. 2003. 16 қазан
Files -> Әбдіраш, Ә. Қоршаған ортаға қамқорлық / Ә.Әбдріраш // Орталық Қазақстан. – 2007. – 5 маусым (№86)
Files -> Облыстыќ статистика басќармасы Ќараѓанды облысындаѓы экологиялыќ ахуал // Орталыќ Ќазаќстан. – 2003. – 1 ќараша (№174-175)
Files -> Балқаш аллбүғасы Табиғи түрде өсіп-өнуі мүлде азайып барады. Бұ л түрі «Қызыл кітапқа»
Files -> Задача настоящего исследования выделение наиболее характерных и урожайных растительных сообществ о участием изучаемых видов, выявление в них экотипов о наибольшим содержанием гликозидов в органах в фазу цветения
Files -> Талжанов, С. А. Орталық Қазақстан жайылымды жер ресурстарының экологиялық мәселелері және оны шешу жолдары [Текст] / С. А. Талжанов // Әрқилы биологиялық деңгейдегі физиологиялық бейімделуі және санокреатиологияның өзекті мәселелері


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет