Акционерлік қоғамдар туралы


дауыс беру арқылы шешімдер қабылдауы



бет5/7
Дата20.06.2016
өлшемі495.5 Kb.
#148971
1   2   3   4   5   6   7

              дауыс беру арқылы шешімдер қабылдауы

      1. Акционерлердің жалпы жиналысының шешімдері сырттай дауыс беруді өткізу арқылы қабылдануы мүмкін. Сырттай дауыс беру акционерлердің жалпы жиналысына қатысып отырған акционерлердің дауыс беруімен (аралас дауыс берумен) бірге не акционерлердің жалпы жиналысының отырысы өткізілмей қолданылуы мүмкін.

      2. Жария компанияларды қоспағанда, қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі барлық немесе жекелеген мәселелер бойынша шешімдерді сырттай дауыс беру арқылы қабылдауға тыйым салу белгіленуі мүмкін.

      3. Сырттай дауыс беруді өткізген кезде дауыс беру үшін бірыңғай нысандағы бюллетеньдер акционерлердің тізіміне енгізілген адамдарға жіберіледі (таратылады).


      Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру нәтижелеріне ықпал ету мақсатымен қоғамның дауыс беруге арналған бюллетеньдерді жекелеген акционерлерге таңдап жіберуге құқығы жоқ.

      4. Дауыс беруге арналған бюллетень акционерлердің тізіміне енгізілген адамдарға акционерлердің жалпы жиналысының отырысы өткізілетін күннен бұрын қырық бес күннен кешіктірмей жіберілуге тиіс. Акционерлерінің саны бес жүз және одан да көп қоғам акционерлердің жалпы жиналысын өткізбей, сырттай дауыс беретін болған жағдайда акционерлердің жалпы жиналысында сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді акционерлердің жалпы жиналысының өткізілетіні туралы хабармен бірге жарғыда белгіленген бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті.

      5. Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньде:
      1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
      2) жиналысты шақырудың бастамашысы туралы мәліметтер;
      3) сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді берудің нақты күні;
      4) акционерлердің жалпы жиналысы отырысының өткізілетін күні не акционерлердің жалпы жиналысының отырысын өткізбей, сырттай дауыс берілетін дауыстар есептелетін күн;
      5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
      6) егер акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібінде директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау туралы мәселелер болса, сайлауға ұсынылатын кандидаттардың есімдері;
      7) дауыс берілетін мәселелердің тұжырымдалуы;
      8) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша дауыс берудің "жақтайды", "қарсы", "қалыс қалды" деген сөздермен білдірілген нұсқалары;
      9) күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша дауыс беру (бюллетеньді толтыру) тәртібінің түсіндірмесі болуға тиіс.

      6. Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньге жеке адам - акционер осы адамның жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді көрсете отырып қол қоюға тиіс.


      Заңды тұлға – акционердің сырттай дауыс беруіне арналған бюллетенге оның басшысы қол қоюға және заңды тұлғаның мөрімен (ол болған кезде) куәландырылуға тиіс.
      Жеке тұлға – акционердің не заңды тұлға – акционер басшысының қолы қойылмаған, сондай-ақ заңды тұлғаның мөрі жоқ (ол болған кезде) бюллетень жарамсыз деп есептеледі.
      Дауыстарды есептеу кезінде акционер бюллетеньде белгіленген дауыс беру тәртібін сақтаған және дауыс берудің тек бір ғана ықтимал нұсқасы қойылған мәселелер бойынша дауыстар есептеледі.

      7. Егер акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібінде директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау туралы мәселелер болса, сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньде жекелеген кандидаттарға берілген дауыстардың санын көрсететін орын болуға тиіс.

      7-1. Егер акционерлердің жалпы жиналысы сырттай дауыс беру арқылы өткізілген жағдайда тиісті түрде толтырылған бюллетеньдер барлық акционерлерден дауыстарды санау белгіленген күннен бұрын келіп түскен болса, онда дауыстарды уақытынан ертерек күні санауға жол беріледі, бұл дауыс беру қорытындылары туралы хаттамада көрсетіледі.

      8. Егер сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді бұрын жіберген акционер акционерлердің аралас дауыс беру пайдаланылатын жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге келсе, оның бюллетені акционерлердің жалпы жиналысының кворумын анықтау және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша дауыстарды есептеу кезінде есепке алынбайды.


      Ескерту. 49-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19 N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      50-бап. Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру

      1. Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру:
      1) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда бір акционерге берілетін акциялар бойынша дауыстардың ең көп санын шектеуді;
      2) директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау кезінде кумулятивтік дауыс беруді;
      3) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру құқығы бар әрбір адамға акционерлердің жалпы жиналысын өткізудің рәсімдік мәселелері бойынша бір дауыстан беруді қоспағанда, "бір акция - бір дауыс" принципі бойынша жүзеге асырылады.

      2. Акциялар бойынша берілетін кумулятивтік дауыс беру кезінде дауыстарды акционер директорлар кеңесінің мүшелігіне бір кандидат үшін толық беруі немесе ол директорлар кеңесінің мүшелігіне бірнеше кандидат арасында бөліп беруі мүмкін. Дауыстар саны ең көп берілген кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып танылады.

      3. Акционерлердің қатысу тәртібімен өткізілетін жалпы жиналысында дауыс беру жасырын әдіспен жүргізілген жағдайда мұндай дауыс беруге арналған бюллетеньдер (бұдан әрі осы бапта - қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер) дауыс беру жасырын тәсілмен жүргізілетін әрбір жекелеген мәселе бойынша жасалуға тиіс. Бұл орайда қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньде:
      1) мәселенің тұжырымдалуы немесе жиналыстың күн тәртібіндегі оның рет нөмірі;
      2) мәселелер бойынша "жақтайды", "қарсы", "қалыс қалды" деген сөздермен білдірілген дауыс беру нұсқалары немесе қоғамның органына әрбір кандидат бойынша дауыс беру нұсқалары;
      3) акционерге тиесілі дауыстар саны болуға тиіс.

      4. Акционер бюллетеньге өзі қол қоюға, оның ішінде өзіне тиесілі акцияларды осы Заңға сәйкес сатып алу туралы қоғамға талап қою мақсатында тілек білдірген жағдайды қоспағанда, акционер қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге қол қоймайды.


      Қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер бойынша дауыстарды есептеу кезінде дауыс берушілердің бюллетеньде белгіленген дауыс беру тәртібі сақталған және дауыс берудің тек бір ғана ықтимал нұсқасы қалдырылған мәселелер бойынша дауыстары есепке алынады.

      51-бап. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама

      1. Дауыс беру қорытындылары бойынша есеп комиссиясы дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасап, оған қол қояды.
      2. Акционердің дауыс беруге қойылған мәселе бойынша ерекше пікірі болған жағдайда қоғамның есеп комиссиясы хаттамаға тиісті жазба енгізуге міндетті.
      3. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасалып, оған қол қойылғаннан кейін қатысып жасырын және сырттай дауыс беру үшін толтырылған (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер де), соның негізінде хаттама жасалған бюллетеньдер хаттамамен бірге тігіледі және қоғамда сақталады.
      4. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.
      5. Дауыс беру қорытындылары акционерлердің дауыс беру өткізілген жалпы жиналысының барысында жария етіледі.
      6. Акционерлердің жалпы жиналысының дауыс беру қорытындылары немесе сырттай дауыс беру нәтижелері акционерлерге акционерлердің жалпы жиналысы жабылғаннан кейін күнтізбелік он бес күн ішінде оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау немесе әрбір акционерге жазбаша хабарлама жіберу арқылы хабарланады.
      Акционерлерге дауыс беру қорытындылары туралы хабарлау тәртібі қоғамның жарғысымен белгіленеді.
      Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      52-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы

      1. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы жиналыс жабылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жасалып, қол қойылуға тиіс.

      2. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасында:


      1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
      2) акционерлердің жалпы жиналысының өткізілген күні, уақыты және орны;
      3) қоғамның акционерлердің жалпы жиналысындағы ұсынған дауыс беретін акцияларының саны туралы мәліметтер;
      4) акционерлердің жалпы жиналысының кворумы;
      5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
      6) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру тәртібі;
      7) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқасы) және хатшысы;
      8) акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан адамдардың сөйлеген сөздері;
      9) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі дауыс беруге қойылған әрбір мәселе бойынша акционерлердің жалпы дауыс саны;
      10) дауысқа қойылған мәселелер, олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
      11) акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған шешімдер көрсетіледі.
      Жалпы жиналыста қоғамның директорлар кеңесін (директорлар кеңесінің жаңа мүшесін) сайлау туралы мәселе қаралған жағдайда жалпы жиналыстың хаттамасында: директорлар кеңесінің сайланған мүшесі қандай акционердің өкілі болып табылатыны және (немесе) директорлар кеңесінің сайланған мүшелерінің қайсысы тәуелсіз директор болып табылатыны көрсетіледі.

      3. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына:


      1) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқа мүшелері) мен хатшысы;
      2) есеп комиссиясының мүшелері;
      3) қоғамның дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызын иеленетін және акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан акционерлер қол қоюға тиіс.
      Хаттамаға қол қоюға міндетті адамның қол қою мүмкіндігі болмаған жағдайда, өзіне берілген сенімхат негізінде оның өкілі не Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе шартқа сәйкес акционердің атынан сенімхатсыз әрекет етуге немесе оның мүддесін білдіруге құқығы бар адам хаттамаға қол қояды.

      4. Осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың біреуі хаттаманың мазмұнымен келіспеген жағдайда, ол адам бас тарту себебіне жазбаша түсініктеме бере отырып, оған қол қоюдан бас тартуға құқылы, ол хаттамаға қоса тіркелуге тиіс.

      5. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы дауыс беру қорытындылары туралы хаттамамен, жалпы жиналысқа қатысу және дауыс беру құқығына берілген сенімхаттармен, сондай-ақ хаттамаға қол қоюмен және хаттамаға қол қоюдан бас тарту себептерінің жазбаша түсініктемелерімен бірге тігіледі. Аталған құжаттар атқарушы органда сақталуға және танысу үшін акционерлерге кез келген уақытта берілуге тиіс. Акционердің талап етуі бойынша оған акционерлердің жалпы жиналысы хаттамасының көшірмесі беріледі.
      Ескерту. 52-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      53-бап. Директорлар кеңесі

      1. Осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, директорлар кеңесі қоғамның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      2. Егер осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, мынадай мәселелер директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады:


      1) қоғам қызметінің басым бағыттарын және қоғамның даму стратегиясын айқындау немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда қоғамның даму жоспарын бекіту;
      2) акционерлердің жылдық және кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешім қабылдау;
      3) жарияланған акциялардың саны шегiнде акцияларды орналастыру (өткiзу) туралы, оның iшiнде орналастырылатын (өткiзiлетiн) акциялардың саны, оларды орналастыру (өткiзу) тәсiлi мен бағасы туралы шешiм қабылдау;
      4) қоғамның орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау;
      5) қоғамның жылдық қаржы есептілігін алдын ала бекіту;
      5-1) директорлар кеңесінің комитеттері туралы ережелерді бекіту;
      6) алынып тасталды;
      7) қоғамның облигацияларын және туынды бағалы қағаздарын шығару талаптарын айқындау, сондай-ақ оларды шығару туралы шешімдер қабылдау;
      8) атқарушы органның сан құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның басшысын және мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      9) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық айлықақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы және сыйлықақы төлеу талаптарын айқындау;
      10) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін тағайындау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлеріне еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен талаптарын айқындау;
      10-1) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысы мөлшерін және сыйақы шарттарын айқындау;
      11) қаржылық есептіліктің аудиті үшін аудиторлық ұйымның, сондай-ақ қоғамның акцияларын төлеуге берілген не ірі мәміле нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі бағалаушының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау;
      12) (алып тасталды)
      13) қоғамның ішкі қызметін реттейтін құжаттарды (бұған қоғам қызметін ұйымдастыру мақсатында атқарушы орган қабылдайтын құжаттар қосылмайды), оның ішінде аукциондар өткізу және қоғамның бағалы қағаздарына қол қою шарттары мен тәртібін белгілейтін ішкі құжатты бекіту;
      14) қоғамның филиалдары мен өкілдіктерін құру және жабу туралы шешімдер қабылдау және олар туралы ережелерді бекіту;
      15) қоғамның басқа заңды тұлғалардың акцияларының он және одан да көп пайызын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сатып алу (иелігінен шығару) туралы шешімдерін қабылдау;
      15-1) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлесінің) он және одан да көп проценті қоғамға тиесілі заңды тұлға акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылатын қызмет мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;
      16) қоғамның міндеттемелерін оның өзіндік капиталы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын шамаға көбейту;
      17) алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен
      18) қоғам немесе оның қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын қызметі туралы ақпаратты айқындау;
      19) ірі мәмілелер және жасалуына қоғам мүдделі мәмілелер жасасу туралы шешімдер қабылдау;
      20) осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында көзделген, акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатпайтын өзге де мәселелер.

      3. Тiзбесi осы баптың 2-тармағында белгiленген мәселелердi атқарушы органның шешуiне беруге болмайды.

      3-1. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесі құзыретінің ерекшеліктері «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленеді.

      4. Қоғамның жарғысына сәйкес оның атқарушы органының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің шешім қабылдауға, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешімдеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.

      5. Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер вето құқығы белгіленген мәселелер бойынша "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.

      6. Директорлар кеңесі:


      1) мүдделердің ықтимал қақтығысын, оның ішінде қоғам меншігін заңсыз пайдалануды және мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелерді жасасқан кезде асыра пайдалануды лауазымды адамдар мен акционерлер деңгейінде қадағалауға және оларды мүмкіндігінше жоюға;
      2) қоғамдағы корпоративтік басқару практикасының тиімділігін бақылауды жүзеге асыруға тиіс.
      Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19 N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.10.23 N 72-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  2009.02.13. N 135-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.01 N 551-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      53-1-бап. Директорлар кеңесінің комитеттері

      1. Аса маңызды мәселелерді қарау және директорлар кеңесіне ұсынымдар әзірлеу үшін қоғамда директорлар кеңесінің комитеттері құрылады.
      2. Директорлар кеңесінің комитеттері мынадай мәселелерді қарайды:
      1) стратегиялық жоспарлау;
      2) кадрлар және сыйақылар;
      3) ішкі аудит;
      4) әлеуметтік мәселелер;
      5) қоғамның ішкі құжаттарында көзделген өзге де мәселелер.
      Осы тармақта санамаланған мәселелерді қарау директорлар кеңесінің бір немесе бірнеше комитетінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
      3. Директорлар кеңесінің комитеттері директорлар кеңесінің мүшелерінен және нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіптік білімі бар сарапшылардан тұрады.
      Директорлар кеңесінің комитетін директорлар кеңесінің мүшесі басқарады. Тәуелсіз директорлар функцияларына осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) - 4) тармақшаларында көзделген мәселелерді қарау кіретін директорлар кеңесі комитеттерінің басшылары (төрағалары) болып табылады.
      Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесі комитетінің төрағасы бола алмайды.
      4. Директорлар кеңесі комитеттерін қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі, олардың саны, сондай-ақ сандық құрамы қоғамның директорлар кеңесі бекітетін ішкі құжатында белгіленеді.
      Ескерту. 53-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); жаңа редакцияда - 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      54-бап. Директорлар кеңесінің құрамы

      1. Жеке адам ғана директорлар кеңесiнiң мүшесi бола алады.
      Директорлар кеңесінің мүшесі осы Заңға және (немесе) қоғамның жарғысына сәйкес өзіне жүктелген функцияларды орындауды өзге адамдарға беруге құқылы емес.
      2. Директорлар кеңесiнiң мүшелерi:
      1) акционерлер – жеке адамдар;
      2) директорлар кеңесiне акционерлердiң өкiлдерi ретiнде сайлауға ұсынылған (ұсыным берiлген) адамдар;
      3) қоғамның акционері болып табылмайтын және директорлар кеңесiне акционердiң өкiлi ретiнде сайлауға ұсынылмаған (ұсыным берiлмеген) жеке адамдар арасынан сайланады.
      3. Директорлар кеңесінде бір орынға бір кандидат сайлауға түсетін жағдайды қоспағанда, акционерлер директорлар кеңесінің мүшелерін сайлауды дауыс беруге арналған бюллетеньдерді пайдалана отырып, кумулятивтік дауыс беру арқылы жүзеге асырады. Кумулятивтік дауыс беру бюллетенінің мынадай бағандары болуы тиіс:
      1) директорлар кеңесінің мүшелігіне ұсынылған кандидаттардың тізбесі;
      2) акционерге тиесілі дауыстар саны;
      3) акционердің директорлар кеңесінің мүшелігіне ұсынылған кандидатқа берген дауыстарының саны.
      Кумулятивтік дауыс беруге арналған бюллетеньге «қарсы» және «қалыс қалды» деген дауыс беру нұсқаларын енгізуге тыйым салынады.
      Акционер өзіне тиесілі акциялар бойынша дауысты директорлар кеңесінің мүшелігіне бір кандидатқа толығымен беруге немесе оларды бірнеше кандидаттар арасында бөліп беруге құқылы. Ең көп дауыс санын жинаған кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып есептеледі. Егер директорлар кеңесінің мүшелігіне екі және одан көп кандидат тең дауыс санын жинаған болса, бұл кандидаттарға қатысты тең дауыс санын жинаған кандидаттар көрсетілген кумулятивтік дауыс беру бюллетеньдерін акционерлерге ұсыну арқылы қосымша кумулятивтік дауыс беру өткізіледі.
      4. Атқарушы органның басшысынан басқа мүшелерi директорлар кеңесiне сайлана алмайды. Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесiнiң төрағасы болып сайлана алмайды.
      5. Директорлар кеңесi мүшелерiнiң саны кемiнде үш адам болуға тиiс. Қоғамның директорлар кеңесі құрамының кем дегенде отыз пайызы тәуелсіз директорлар болуға тиіс.
      6. Директорлар кеңесiнiң құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында және қоғамның жарғысында белгiленедi.
      7. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы директорлар кеңесінің құрамына тәуелсіз директорды сайлау ерекшеліктері «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
      Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      55-бап. Директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттік


              мерзімі

      1. Директорлар кеңесінің құрамына сайланған адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қайта сайлануына шек қойылмауы мүмкін.


      2. Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін акционерлердің жалпы жиналысы белгілейді.
      Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі акционерлердің жаңа директорлар кеңесін сайлау өткізілетін жалпы жиналысын өткізу кезінде аяқталады.
      3. Акционерлердің жалпы жиналысы директорлар кеңесінің барлық немесе жекелеген мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
      Директорлар кеңесінің мұндай мүшесінің өкілеттіктері акционерлердің жалпы жиналысы оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатылады.
      4. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату директорлар кеңесіне берілген жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады.
      Директорлар кеңесінің мұндай мүшесінің өкілеттігі директорлар кеңесі аталған хабарламаны алған кезден бастап тоқтатылады.
      5. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлау акционерлердің жалпы жиналысында ұсынылған кумулятивтiк дауыс берумен жүзеге асырылады, бұл орайда директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшесiнiң өкілеттігі тұтас алғанда директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімінің өтуімен бір мезгілде аяқталады.
      Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      56-бап. Директорлар кеңесінің төрағасы

      1. Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы оның мүшелері арасынан сайланады.
      Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесі төрағаны кез келген уақытта қайта сайлауға құқылы.
      2. Директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесінің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарын жүргізеді, сондай-ақ қоғам жарғысында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      3. Директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын директорлар кеңесінің шешімі бойынша директорлар кеңесі мүшелерінің бірі жүзеге асырады.

      57-бап. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру

      1. Директорлар кеңесiнiң отырысы оның төрағасының немесе атқарушы органның бастамасы бойынша, не:
      1) директорлар кеңесiнiң кез келген мүшесiнiң;
      2) қоғамның iшкi аудит қызметiнiң;
      3) қоғамға аудиттi жүзеге асыратын аудиторлық ұйымның;
      4) iрi акционердiң талап етуi бойынша шақырылуы мүмкiн.
      2. Директорлар кеңесiнiң отырысын шақыру туралы талап директорлар кеңесiнiң төрағасына директорлар кеңесi отырысының ұсынылатын күн тәртiбi бар тиiстi жазбаша хабар жiберу арқылы қойылады.
      Директорлар кеңесiнiң төрағасы отырысты шақырудан бас тартқан жағдайда, бастамашы аталған талаппен атқарушы органға жүгiнуге құқылы, ол директорлар кеңесiнiң отырысын шақыруға мiндеттi.
      Директорлар кеңесiнiң отырысын директорлар кеңесiнiң төрағасы немесе атқарушы орган, егер қоғам жарғысында өзгеше мерзiм белгiленбесе, шақыру туралы талап келiп түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешiктiрмей шақыруға тиiс.
      Директорлар кеңесiнiң отырысы аталған талапты қойған адамды мiндеттi түрде шақыра отырып өткiзiледi.
      3. Директорлар кеңесiнiң мүшелерiне директорлар кеңесiнiң отырысын өткiзу туралы хабарлама жiберу тәртiбiн директорлар кеңесi айқындайды, ал «алтын акция» иесiне хабарлама жiберу тәртiбi қоғамның жарғысында айқындалады.
      4. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар директорлар кеңесінің мүшелеріне, егер қоғамның жарғысында өзгеше мерзім айқындалмаса, отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік жеті күн бұрын беріледі.
      Ірі мәміле және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәміле жасасу жөнінде шешім қабылдау туралы мәселелер қаралған жағдайда, мәміле туралы ақпаратта мәміленің тараптары, мәміленің орындалу мерзімдері мен талаптары, тартылған адамдардың қатысу үлесінің сипаты мен көлемі туралы мәліметтер, сондай-ақ бағалаушының есебі (осы Заңның 69-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда) қамтылуға тиіс.
      5. Директорлар кеңесiнiң мүшесi өзiнiң директорлар кеңесiнiң отырысына қатыса алмайтыны туралы атқарушы органға алдын ала хабарлауға мiндеттi.
      Ескерту. 57-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      58-бап. Директорлар кеңесінің отырысы

      1. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу үшін кворум қоғамның жарғысында белгіленеді, бірақ ол директорлар кеңесі мүшелері санының жартысынан кем болмауға тиіс. Жария компанияның директорлар кеңесінің отырысына міндетті түрде тәуелсіз директорлардың жалпы санының жартысынан кем емес мөлшерде тәуелсіз директорлар ұсынылуға тиіс.
      Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы саны жарғыда белгіленген кворумға қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшелерін сайлау үшін директорлар кеңесі акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға міндетті. Директорлар кеңесінің қалған мүшелері акционерлердің мұндай кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ғана шешім қабылдауға құқылы.

      2. Директорлар кеңесінің әрбір мүшесінің бір даусы болады.


      Директорлар кеңесінің шешімдері, егер осы Заңда және қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің отырысқа қатысқан мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады.
      Дауыстар саны тең болған кезде директорлар кеңесі төрағасының немесе директорлар кеңесінің отырысында төрағалық етуші адам даусының шешуші дауыс болуы қоғам жарғысында көзделуі мүмкін.

      3. Директорлар кеңесі директорлар кеңесінің мүшелері ғана қатыса алатын өзінің жабық отырысын өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.

      4. Қоғам жарғысында және (немесе) қоғамның iшкi құжаттарында директорлар кеңесiнiң қарауына енгiзiлген мәселелер бойынша директорлар кеңесiнiң сырттай дауыс беру арқылы шешiмдер қабылдау мүмкiндiгi және осындай шешiмдердi қабылдау тәртiбi көзделуi мүмкiн.
      Белгiленген мерзiмде алынған бюллетеньдерде кворум болған ретте шешiм сырттай дауыс беру арқылы қабылданды деп танылады.
      Директорлар кеңесiнiң сырттай отырысының шешiмi жазбаша түрде ресiмделуге және оған директорлар кеңесiнiң хатшысы мен төрағасының қолы қойылуға тиiс.
      Шешiм ресiмделген күннен бастап жиырма күн iшiнде директорлар кеңесiнiң мүшелерiне жiберiлуге тиiс, оған осы шешiмдi қабылдауға негiз болған бюллетеньдердің көшірмелері қоса тiркеледi.

      5. Директорлар кеңесінің қатысу тәртібімен өткен отырысында қабылданған шешімдері хаттамамен ресімделеді, ол отырыс өткен күннен бастап үш күн ішінде жасалып, оған отырыста төрағалық еткен адам мен директорлар кеңесінің хатшысы қол қоюға және онда:


      1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
      2) отырыстың өткізілген күні, уақыты және орны;
      3) отырысқа қатысқан адамдар туралы мәліметтер;
      4) отырыстың күн тәртібі;
      5) дауысқа қойылған мәселелер және директорлар кеңесінің әр мүшесінің директорлар кеңесі отырысының күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетілген осы мәселелер бойынша дауыс берудің қорытындылары;
      6) қабылданған шешімдер;
      7) директорлар кеңесінің шешімі бойынша өзге де мәліметтер болуға тиіс.

      6. Директорлар кеңесі отырыстарының хаттамалары және директорлар кеңесі сырттай дауыс беру арқылы қабылдаған шешімдер қоғамда сақталады.


      Директорлар кеңесінің хатшысы директорлар кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша оған директорлар кеңесі отырысының хаттамасын және сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешімдерді танысу үшін беруге және (немесе) оған хаттама мен шешімдердің қоғамның уәкілетті қызметкері қол қойып және қоғам мөрінің (ол болған кезде) бедерімен куәландырылған үзінді көшірмелерін беруге міндетті.
      7. Директорлар кеңесінің отырысына қатыспаған немесе қоғамның директорлар кеңесінің осы Заңда және қоғамның жарғысында белгіленген тәртіпті бұза отырып қабылдаған шешіміне қарсы дауыс берген қоғамның директорлар кеңесінің мүшесі оған сот тәртібімен дау айтуға құқылы.
      8. Акционер қоғамның директорлар кеңесінің осы Заңның және қоғам жарғысының талаптарын бұза отырып қабылдаған шешіміне, егер аталған шешім акционерлік қоғамның және (немесе) осы акционердің құқығы мен заңды мүдделерін бұзса, сотта дау айтуға құқылы.
      Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19 N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 N 58-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      59-бап. Атқарушы орган

      1. Ағымдағы қызметке атқарушы орган басшылық етеді. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
      Атқарушы орган қоғам қызметінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде және қоғамның жарғысында қоғамның басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған кез келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға құқылы.
      Қоғамның алқалы атқарушы органының шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған атқарушы органның отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қоюға және онда дауысқа қойылған мәселелер, атқарушы органның әр мүшесінің әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетілген, осы мәселелер бойынша дауыс беру қорытындылары қамтылуға тиіс.
      Қоғамның атқарушы органы мүшесінің дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде қоғамның атқарушы органының басқа мүшесіне беруіне жол берілмейді.
      Атқарушы орган акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндетті.
      Атқарушы органның вето құқығы белгіленген мәселелер жөніндегі шешімдері "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
      Егер мәміле жасасу кезінде тараптардың қоғам белгілеген шектеулер туралы білгендігін дәлелдесе, қоғам өзінің атқарушы органы осы шектеулерді бұза отырып жасаған мәміленің жарамды екеніне дауласуға құқылы.

      2. Қоғамның акционерлері және оның акционерлері болып табылмайтын қызметкерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.


      Атқарушы органның мүшесі директорлар кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
      Атқарушы органның басшысы не қоғамның атқарушы органының функциясын жеке дара жүзеге асыратын адам атқарушы орган басшысының не басқа заңды тұлғаның атқарушы органының функциясын жеке дара жүзеге асыратын адамның лауазымын атқаруға құқығы жоқ.
      Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен, қоғамның жарғысымен, сондай-ақ аталған адам мен қоғам арасында жасалатын еңбек шартымен белгіленеді. Қоғам атынан атқарушы органның басшысымен жасалатын жеке еңбек шартына директорлар кеңесінің төрағасы немесе осыған жалпы жиналыс немесе директорлар кеңесі уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен жасалатын еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
      Ескерту. 59-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19 N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.05.15 N 253, 2008.07.05 N 58-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      60-бап. Атқарушы орган басшысының өкілеттігі

      Атқарушы органның басшысы:
      1) акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
      2) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      3) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
      4) қоғам қызметкерлерін (осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады, қоғамның штат кестесіне сәйкес қоғам қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларының және айлықақыларына дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді, атқарушы орган мен қоғамның ішкі аудит қызметінің құрамына кіретін қызметкерлерді қоспағанда, қоғам қызметкерлеріне берілетін сыйлықақы мөлшерін айқындайды;
      5) өзі болмаған жағдайда өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
      6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттік саласын және жауапкершілікті бөледі;
      7) қоғам жарғысында және қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      61-бап. Ішкі аудит қызметі

      1. Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
      Жария компанияда ішкі аудит қызметін құру міндетті болып табылады.
      2. Ішкі аудит қызметінің қызметкерлері директорлар кеңесінің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
      3. Ішкі аудит қызметі тікелей директорлар кеңесіне бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.
      Ескерту. 61-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      62-бап. Қоғамның лауазымды адамдары қызметінің



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет